Өтен Ахмет. Қыз - құрбан (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
5374

Кісі басы сиятындай ғана терезе ойығынан өңірейіп бейтаныс ер адамның жүзі көрінгені: аққұба, атжақты, үсті дөңестеу болып келген мұрнының желбезегі кеңдеу біткен; насыбай атқан адамша жұқалтаң еріндерін жымқырып-ап тұрғанына қарамастан, аузы үлкен, шықшытты; сирек біткен ұяңдау сарғыш шашын артына қарай жылмита тарап қойыпты; шегір көзінде жылы ұшқын тұтанып бұған күлімсірей тесіле қарап тұр. Бағланның жас адамға тән әсершіл бұла жүрегі дір ете қалды.

         -Айналайын, қарындасам, - деді бейтаныс, бұған әсер еткенін сезіп, жымқырулы еріндері арасынан сыздықтата барынша бипаз сөйлеп, күлімсірей түсіп, - жоғымды кітаптан іздейтін ағаң едім, қамдастырып көрші.

Бағлан жігіт қолынан шифр жазылған қиықша қағазды алып жатып, бейтаныстың жүзіне сәл бөгеліп, көз тоқтата қарап өтті. Еңкейгеннен жігіт иықтары иегіне тие құныстанып тұр екен. «Тар кеуде, үшкір иық, бірақ ұзын бойлы, талдырмаш болар», деп ойлады Бағлан іштей.

Сирек кітаптар қоймасына қарай қозғала берген Бағланның көңілінде бейтаныс жігіттің ерекше біткен кескін-келбеті мөрленіп, құлағында аса жұмсақ бипаз үні тұнып қалғандай еді.

Бағлан сөредегі сыңсыған көп кітаптың ішінен іздегенін тез тапты. Затаевич, «Қазақ халқының 500 күйі». 1925 жылы басылған. Сиректің де сирегі. Барлы-жоғы екі-ақ дана, егіз қозыдай бір-біріне бүйірлерін төсей жұптасып тұр. Біреуін алған. Сыңарынан айырылғанға қамыққандай, сөреде қалған жалғызы қозғалып кетіп, еденге құлап түсе жаздады. Бірақ құламады, сырғып барып бұрышқа кептелді де, бір жамбастап қисайған қалпы сол жерде ілініп тұрып қалды.

Сала-сала бойынша қатталып, текшеленіп қойылған жерлерінен басқа сұрағандары да тез табыла кетті. Кітаптардан шаңның ба, әлде құрт-микроб түспесін деп себілген дәрінің бе, әйтеуір, бір күлімсі жағымсыз иіс сезіледі. Әдетте осы иістен аздап тыжырынып, аузын сумен шайғыштап, қолын да мұқият сабындап жуып әлек-шәлегі шығатыны болушы еді. Бұл жолы Бағлан, неге екені белгісіз, ондай кірпияздық танытпады.

         -Өтінішім тап бұлай сонша тез орындалар деп күтпеп ем, жақсы болды ғой, - деді бейтаныс жігіт қуанып. Кітаптарын алды да, ақырын бұрылып өз жөніне кете барды.

«Қызық-ай, деді Бағлан іштей, күн сайын осында он-сан адам келеді. Бірақ соның қайсысына өстіп көңіл бөліппін. Мына бір ғайыптан пайда бола қалғандай бейтаныс бозаң жігітке жүрегім лүпілдеп, сонша мазам кеткені несі?»

Бейтаныс жігіт алған кітаптарын өткізуге жұрттың ең соңы болып келді.

         -Мен бұларды бір күн түгіл, бір апта оқып тауыса алар түрім жоқ, - деді қаймыжық еріндерін жымқырына сыпайы жымиып, - мүмкін болса, оңайлау жерге бөлек қоймас па екенсіз?

         -Біз-де...

         -Білем ғой, білем. Жақын тартып өзімсініп жатқаным ғой. Артық кетсем, кешіріңіз.

         -Жа-рай-ды, тек уақытында келіп алатын болыңыз.

         -Құлдық, айтқаныңызға. Сізді ұялтпауға уәде берем.

Жігіт риза болған кейіпте рахметін айтып кетіп қалды. Жұрт соңында қалып қоймайыншы деп асыққан Бағлан кітаптарды киім-кешек, тағы сондай ұсақ-түйектер сақтап жүретін шкаф қуысына сүңгітті де, өзін тағатсыздана тосқандарға келіп қосылды.

Бағлан «Арман» кинотеатры сыртындағы сай баурайындағы жекеменшік үйлердің бірінде бөлме жалдап тұратын. Қызметтес құрбыларынан бөлінген соң, ол күндегі үйреншікті жолы, көше асты қуысы арқылы ескерткіш тұрған алаң жаққа өтіп алды. Кешкі апақ-сапақ қарбалас саябырсып, машина легі мен адам қарасы азайған. Көше шамдарының жарығында алаң төріндегі ауқымды ескерткіш онан сайын тұлғаланып, енді болмаса саңқылдатып ғақлия оқып жіберетіндей болып, ту анадайдан тұлғаланып көрінеді. Бағлан асықпай аяңдап келе жатып, өзі тапқан суретке өзі іштей сүйсініп, ақырын жымиып қойды.

         -О, бәлі, сізбен тағы кездестік пе? – Бағлан дәл жанынан шыққан дауысқа жалт қарап, бағанағы бейтаныс жігітті көрді. Ол мұны әй-шәйға қаратпастан: - Ақсақалдың жанынан өтерде, - деді иегімен ескерткішті нұсқап, бастырмалата сөйлеп, - сәл аялдап, аруағына тәу ету бұлжымайтын әдетім. Байқаймын, сіздің де сондайыңыз бар-ау деймін.

Жігіттің еркіндігі мен адамның ішіне кіре сөйлейтін өткірлігі Бағланды өзіне еріксіз тартып, баурап алғандай болды.

         -Адамның қасиет тұтарының болғанына не жетсін,

Қыз лебізі жігітті қанаттандырып жіберді, ол қызына сөйледі:

         -Қасиет... Қандай әдемі сөз. Жер – қасиет, су – қасиет, күн –қасиет. Осылар қалай мәңгілік болса, әрбір менмін дейтін ұлттың өзін-өз ететін басқа да мәңгі тозбас асыл қасиеттері болу керек. Иә, мәселен, сол Абай, Құрманғазы... Батырлар жыры. Осылардың бар екенін білу аз, затын да толық білуге тиіспіз. Қасиет тұтып, қастерлеп жүруге тиістіміз.

Жігіт сөзі Бағланға айтқан сайын ұнап барады. «Бәсе, дейді іштей, тереңнен толғап, алысқа қарайтын, ісімен де, өнерімен де, тіпті жүріс-тұрыс өнегесімен де ел-жұртқа мұрындық болар, халықты халық атандырған алымды азаматтар қай кезде де болған, шүкір, қазір де бар екен ғой».

         -Апырмау, - деді жігіт кенет әлдебір тосын жаңалық ашқандай қуанышты леппен үніне жігер үстеп,- біз өзі сөзіміз бен ықыласымыз өзара жарасатын адамдарға ұқсап кеткен сияқтымыз ғой. – Ол Бағланға тақау келіп, қыз жүзіне тура қарады. – Қалай ойлайсыз, екеуміздің таныс-біліс болғанымыздан тіршілік сәнін кір шала қоймас. Менің атым – Салауат.

Онсыз да енді не болар екен деп іштей елеңдей бастаған Бағлан: «Сырт келбетіне ақылы сай, соның бәрінің шұғылалы шырағындай есімі қандай әдемі еді», деп ойлап, іркілмей ол да өзін таныстырды.

         -Мен әзірше мына сұлу ғимараттың ішінде тұрып жатырмын, - деді Салауат бұлар өзара аттарын атасып танысқаннан кейін, кешкі аспанға найзадай шаншылған биік «Қазақстан» қонақ үйін көрсетіп.

Жігіттің бұл соңғы сөзі Бағланға ұнамады. Осы қазір ғана оған іш тартып тұрғанын лезде ұмытып, көңіліне күдік қашырды. «Бас сұғар оңаша панасы болса, қыз-желең біткен тегіс мұрны тесілген тайлақтай жетегінде кете беретіндей көретін тым жадағай арзан серісымақ емес пе өзі?». Бір қадам артқа, бір бүйірлеу шегініп, Салауаттан бөлініп кетуді ойлады.

         -Асығып тұрсыз білем, үйіңіз алыс па еді?

         -Жоқ, өзім-ақ, - деді Бағлан.

         -Бәлі, мен бәрібір көпке дейін сенделіп ұйықтай алмайтын ағаңмын. Маған ермек болсын, ал саған көмек болсын, неде болса шығарып салуыма рұқсат ет. Тәуекел де.

Екіойлы Бағлан күмілжіп бірдеңе айтамын дегенше, көкшіл көзі жылтырап келіп қалған таксиді Салауат тоқтатып та үлгерген еді. 

Әне-міне дегенше, жүрдек такси тез зырғып отырып бұрыш-бұрышы жылтырауық тастармен өрнектелген ақ шатырлы үйдің қарсы алдына келіп тоқтады. Салауат қызбен қоштасарда машинадан түскен жоқ, әдемі жымиып:

         -Қайда тұрып жатқаныңды көріп алдым, - деді әзілдеп, - алда-жалда әлдеқалай адасып келіп қалғандай болсақ, есігіңді ашатын шығарсың?

Бағлан жалт бұрылып, жігіт жүзіне шырайлана қарады:

         -Сізден ондайды күтуге болатын секілді. Түн баласында ұйқыдан безіп, сенделіп шығатын көрінесіз.

         -Ағаңды мазақтап қайтесің, Бағлан-ау. Әліме қарамай батпан ой арқалап жүретін өзімнен ғой. Троллейбус айдап, әлде ауылда қой баққаным жөн бе еді. «Сөз өнері дертпен тең» деп Абай айтпақшы, қайтеміз енді, көнбеске лаж жоқ.

Бағлан қош дегендей үнсіз бас изеді де, аласа басқыштан ақырын аттап, ақ шатырлы үйдің үлкен есігіне тақай берген. Артынан қуып жеткен жігіт сөзінің әсерінен бе, кенет бойын бір қызу толқын билеп бара жатқанын сезді. Тоқтағысы келген, бірақ тоқтамады. Қыз алдынан есік ашылғанда, оның әр қимылын бағып қалған Салауат, өз-өзінен мәз бола жымиып, шопырға қарап «кеттік» деп қолын алға қарай сермеп қалды...

Сол күннн бастап байырғы ескі таныстардай аралары жақын тарта бастады. Кітапхана ашылар-ашылмастан елдің алды болып анадайдан жымсия күліп Салауат жетеді. Кешеден қарап оқып тауыса алмаған кітабын алады, жаңасына тапсырыс береді. Содан ұзын залдың оңашалау қалтарыс түкпіріне барып жайғасады да, ұзақ сарғайып отырып қағаз қарайды. Оқиды да жазады. Жазады да оқиды. Бой жазып сергігені былай тұрсын, тамақ ішудің өзін ұмытатындай. Бағланға ол күн санап жағы суалып, арып бара жатқандай болып көрінеді.

Бағлан ақыры шыдамады, жақын кафеден мәнті, екі-үш піскен жұмыртқа сатып әкеп, ток шәйнекке шәй қойды. Салауат кітаптарын тапсыруға келгенде, дәмге шақырды. Екеуден екеу отырып, бір шәйнек шәйді рахаттанып ал кеп іш. Арасында оны-мұныны әңгіме етіп, бұлар өстіп рахаттанып отрғанда, қызметтес құрбылары Күлилә мен Мәмилә бір-бір бас сұғып кеткен-ді. Бірақ олар сол төңіректен онша ұзай қоймапты, шәйға қанған Салауат шығысымен, екеуі қаздай тізіліп қайта жетіп келді. Екеуі де жымың-жымың.

         -Ойпырмай, сен өзі сүйкенісетін жігіт таппай қор болып жүр екенсің ғой. – Құрбысының қабақ бермегеніне шамданған Мәмилә иығын қиқаңдатып, екінші қайтып көрместей боп теріс айналды. Кетіп бара жатып та: -Инеліктей қатқан қатпа немеңді асырап-бағып адам қатарына қосып алсаң көрім ғой, - деп күңкілдеп, басылып болар емес.

Жазықсыз жәбірден Бағланның көзі тұманданып, кірпігіне шық тұрғанын байқаған Күлилә:

         -Қайтесің өкпелеп, - деді өзінше жұбатып, - байғұстың кейінгі күйеуі де тастап кетіпті.

         -Өкпе кімге жүреді. Тілінің ащысы жаман.

         -Е, соның дұрыс... Айтпақшы, анауың... былай, сөз айтып емеурін танытқан шығар?

         -Кімді айтасың?.. Қайдағы емеурін?

         -Туһ, өстіп түк білмегенси қалатының-ай!.. Ел үшін туған анау ұзынтұраңды айтамын.

         -Біздікі жәй таныстық-сыйластық қой.

         -Қойшы тіпті. Сен болсаң, қашан ол келгенше, сыртқа қарап телміресің де отырасың. Кездескенде, бір-бірлеріңнен кеткілерің келмей қос көгершіндей айналшықтайсыңдар да қаласыңдар. Жұмыстан кейін шығарып салады. Бізде де көз бар, бәрін көріп жүрміз. Тілеулес жанашыр құрбың болған соң сұраймын да.

Терезе ойық жақтан біреу көлбеңдегендей болды. Екеуара әңгіме үзілді. Келіп тұрған Салауат еді. Күлилә жымыңдап, құрбысын иықтан бір түйіп қалып, жөніне кетті.

Салауат бір жапырақ қағаз ұсынды. Бағлан әдеттегі тапсырыс шығар деп қозғала берді де, әлденеге қайта кідіріп: 

         -Бұл не? – деп сұрады. 

         -Дұрыстап қарасаң етті.

Иә, әдеттегі тапсырыс емес, билет екен. Жалғыз билет.

         -Өзімдікі - өзімде, бұл сенікі, - деді Салауат жымиып,- алдағы жексенбіде қолың бос боларын білемін. Ұлттық этнографиялық ансамбль...

Бағлан алғаш танысқан күннен-ақ Салауаттың соншалықты көп білетін сұңғылалығына бірден-ақ бас иген-ді. Қазақтың арғы-бергі елдік тарихының жай-жапсары дейсіз бе, өнердегі өрісі, шыққан биігі, кімдерден қандай мұра қалған – қайсысына да судай ағып тұр.

Бағланды, әсіресе, жігіттің қанша көп біліп тұрса да, орынсыз мақтанбайтыны, кісімсіп шіренбейтіні, сұлу бикеш, қылықты қыздың алдындағы жігіттіктің жөні осы деп ретсіз жылтыңдап, иіліп-бүгілуді білмейтіні қатты қызықтырды. Оның үстіне Салауат тәкәббар емес, күлгені де, кісіге көрсетер ықыласы да орнымен.

Концерттен алған көл-көсір мол әсер бар, Салауаттың сұрша өңіне болар-болмас қан қызылы теуіп, театрдан қайтар жолда қызынып ұзақ-ұзақ сөйлеумен болды. Халқымыздың музыка әлеміндегі мұрасы мұхит іспетті шексіз, біз оны игермек түгіл, әлі танып-біліп те болған жоқпыз дейді. Көзіміз жаңа ашылып, танитын шаққа енді жеткенде, өз бойынан өзі түңілген кейбір жетесіздер қай-қайдағы жат біреулердің әулекісіне еліктеп, не ол, не бұл бола алмай лағып жүр дейді. Менің оқып алған арнайы музыкалық сауатым жоқ, бірақ кеудем күмбірлеп көп нәрсені айтады. Соның ықпалымен көз майымды тауыса зерттеп, күл-қоқыстың арасында ұмыт қалған талай жауһар жәдігерлерді аршып алып, ел кәдесіне қайыра ұсынбақпын. Музыкантпыз, профессормыз деп жүрген анау-мынау шарлатандарды жерге қаратып, халқымның шын адал алғысын алмақпын дейді.

«Алдына ұлы мақсат қойып, салиқалы ой арқалап жүру қандай бақыт», деп сүйсінеде Бағлан оған іштей.

Бірі қызынып әңгіме айтып, екіншісі ұйып тыңдап, олар қонақ үйіндегі Салауаттың оңаша бөлмесіне келген еді. Кейінгі күндері екеуінің бірге жүріп, кафеден ауқаттануы немесе Бағлан тұрып жатқан жерге барып шәй іше салулары үйреншікті әдетке айналған-ды. Алайда қонақ үйіндегі Салауаттың оңаша бөлмесіне келулері бұл бірінші рет болатын. Салауат шақырмайтын да, Бағлан жігіттің онысын іштей кісілікке, инабаттылыққа жоритын.

Бөлме түкпірге таман орналасқандықтан, мазасыз көшенің ың-шыңы жетпейтін тыныш жер екен.. Тек терезенің алды да, үстел үсті де ыбырсыған көп кітап. Кереуеттің бас жағындағы кебеже үстінде «Қазақ халқының 500 күйі» оқшау жатыр. Салауат оны біраз күн ұстай тұрайын деп сұрап алған еді.

         -Бағлан, - деді қыз жанарындағы сүйсініс шуағын тап басқан Салауат жүзі күлімдей түсіп, - «Айран сұрай келіп, шелегіңді жасырма» деген ғой, Осы кітапқа аңсарып қатты ауып жүр. Не істейсің?

         -Ал, ала ғой, - деді Бағлан қапелімде аузына онан өзге сөз түспей.

         -Ол үшін жұмыстан шығып қалмайсың ғой, әйтеуір?

         -Біліп қойса, әрине, шығарып жібереді. Мейлі, бір амалын табармын.

         -Бағлан, - деді Салауат қыздың ту сыртынан келіп, бұрқыраған самай шашынан иіскеп,- бұл дүниеде мені сендей түсініп, дәл сендей бүкпесіз таза сыйлап өтетін басқа адамның болмасына көзім анық жетіп жүр. Рахмет.

Салауат түк болмағандай шегініп кетті. Бағлан бойын бір ыстық ағын билеп тұрып қалды. «Салауат ешкімге ұқсамайды, деп сүйсіне түсті іштей, қарабайыр көптің бірі болса, мені құшақтағысы келіп жарбаңдап, сүйгісі келіп өңмеңдеп әлек-шәлегі шықпас па еді. Иә, Салауат десе, Салауат қой өзі нағыз».

         -Сенің бойыңда тәрбиелі қазақ қызына тән нәзіктік, инабаттылық, сыпайылық, ер адамды сыйлай білу сияқты асыл қасиеттерің тұнып тұр. Сен маған соның үшін де шексіз қымбатсың, -деді Салауат бұл жолы қызға қарама қарсы тұрып, көзіне тура қарап.- Сен, сірә, елдік қаймағы әлі бұзылмаған түпкір ауылда, әлде диқан, әлде малшы отбасында өскенсің-ау деймін.

Бағлан үндеген жоқ, жәй жымиды да қойды. «Аудан басында, мұғалім отбасында өстім», деп түсіндіріп жатуды артық санады...

Уақыт зулап өте беріпті. Бағлан үйге қайту керегін ойлағанда, сағат түнгі үштен әрі аунап бара жатқан-ды. Елегізіп орнынан тұра берген еді, Салауат:

         -Сен мені толық түсініп болдың емес пе? – деп, бұл күтпеген оқыс сұрақ қойды.

         -Түсінем ғой, әрине, түсінем,- деп, міңгірлеген Бағлан бастапқы орнына сылқ етіп қайыра отыра кетті.

         -Ендеше, бүгін осында қонасың...

Бағлан ертеңіне жұмысқа ақ көйлек киіп келді. Жүзі шуақтанып, кісіге қараған жанарында бір әдемі жұмбақ жарқыл бар. Мәмилә мұны анадайдан көрсе де, көрмеген болып әдейі бұрылып кетті. Күлилә құрбысының нәзік саусақтарын қолына сығымдай ұстап:

         -Қалай, келістіңдер ме? – деп, сұрақты төтесінен бір-ақ қойды.

         -Біздің арамызда ондай сөз жүрген жоқ.

         -Сонда ше?

         -Ғашықтың тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де ішпен біл.

         -Құрбым-ау, бұл он тоғызыншы ғасырда айтылған сөз ғой.

         -Адам – қай ғасырда да адам. Адамға біткен асыл сезім өзгермейді ешқашан. Ол бір өзінің қу басы үшін қызық қуып, пайда іздеп жүрген жәй пенде емес. Ел-жұртының қамын жеуге, жоғын іздеуге туған намысты жігіт.

Күлилә құрбысының жүзіне мынау өзі есі ауысқаннан сау ма дегендей, таңдана аузын ашып бір қарады да, тайып тұрды.

Бұл күні Салауат кітапхана маңайынан көріне қоймады. Ертеңінде де келмеді.

Бұған не боп қалды деп мазасы кеткен Бағлан оны таныс қонақ үйіне өзі іздеп барды. Салауатты ол жерден де таппады, осыдан екі күн бұрын есеп айырысып шығып кетіпті.

Бағлан жұмысқа үшінші күні де ақ көйлегімен келді. Әдеттегісіндей жайдары болып көрінгісі келгенімен, жүрісі сылбыр тартып, жүзі тым пәс еді.

         -Сенің ел үшін туған оқымысты ұзынтұраң көрінбейді ғой? – деді Мәмила жолыққан жерде әлденеге мәз бола қутыңдап.

         -Ақ көйлек кіршең, қалай ұзақ киесің? - деді Күлилә жасы үлкендік жолымен өтірік кейіген болып.

Бағлан қызметтес құрбыларының қағытпасына лә деп жауап қатпады. Сирек кітаптар қоймасына қарай бұрылып кетті. Иін тірескен сөрелердің бір адам әзер сиярлық қуысымен сенделіп келе жатып, кенет біреу төбеден ұрғандай табанда қалшия қалды. Ауық-ауық қарап кетіп жүретін өзіне таныс орнында Затаевичтің «Қазақ халқының 500 күйі» атты сирек кітабының жалғыз данасы, бұрышқа таман бір бүйірлей қисайған қалпында, бұған қарап мұң шаққандай боп жетімсіреп тұр еді.

Қыз жүрегі жарылардай қатты шаншып кетті...


                                      х х х

Салауаттың бүгін достарымен преферанс ойнайтын күні болатын, көршісі Шомбалды шақырып алды. Шомбал – базарда жүк түсіріп, жүк тиеп, арба сүйрейді. Атына заты сай қазанбас, төртбақ келген жұмыр қара жігіт. Өнер адамдарын өлердей жақсы көретін мінезі бар. Сосын да Салауат не айтпасын, оның айтқандарының бәрін әулиенің сөзіндей қабылдап, аузына қарап отыра беруден бір жалықпас еді. Оның тату көршілігін, әсіресе, әдебиет, музыка, театр жайындағы, сондай-ақ, ел тарихына қатысты әңгімелерге өте құштарлығын білетін Салауат өзі тектес бірі ғалым, бірі жазушы өңкей ығай мен сығай достары өстіп бас қосарда, қызмет көрсетсін деп әдейі қалап шақырып алатын.

Шомбал келгенде, Салауаттың өңшең ығай мен сығай оқымысты достары да жиналып қалған екен. Шомбалды көргенде, олар бір кісідей дүрлігіп, қуанысып қалды:

         -О-о, закускамызды дайындап, арақ құйып беретін адамымыз келді. Енді не тұрыс, кәне, ортамызды қыздырып жіберелік тездетіп.

         -Ақысыз-пұлсыз қызмет жоқ. Есесіне бұл Шомбал бүгін бізден бұрын өмірі естімеген салиқалы әңгімеге бір тойсын.

Қозы қарын, дембелше келген жігіт қабырғадағы кілем тұсында ілулі тұрған қылышқа көзі түсіп:

         -Әңгімені алдымен үй иесі сен өзің бастасаң қайтеді? - деді Салауатқа кекете сөйлеп. - Бірақ байқаймын, коллекцияңда өзгеріс жоқ екен. Айтпақшы, сен мына жаман орыс қылышты батыр бабам Шілмік ұстаған дедің бе?

         -Иә, құмда отырған нағашым үйінен тауып алдым. Ә, оны қойшы, өтіп кеткен әпсәна ғой. – Салауат жазу үстелінің тартпасын ашып, ішінен сырты полиэтиленмен қапталған бір ескі кітапты алып, басынан асыра жоғары көтерді. – Мынаның қызығын айтсаңдаршы бәрінен де. Коллекцияның өзгергенін осыдан біліңдер.

Қозы қарын дембелше жігіт кітап мұқабасындағы жазуларға көз жүгірте бастады.

         -Затаевич, «Қазақ халқының 500 күйі».

         -Бұл енді бүкіл Қазақстанда менде ғана бар жәдігер. Көшірме емес, оригинал! Сосын тағы біреуі көпшілік ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында тұр.

         -Бұрын екеу болған еді де.

         -Иә.

         -Біреуін сүйтіп сен қағып түсірдің?

         -Иә.

         -Ұрлап алдың ба?

         -Ондайға баратындай мені бір имансыз ақын Бақалшы Насыржанов деймісіңдер?!

         -Сонда қалай енді, қалай түсірдің, әлде көп ақша беріп сатып алдың ба?

         -Махаббат ойынын ойнадым. – Салауат қатты дауыстап рахаттана күліп жіберді. - Жарайды, бәрін басынан бастайын, Ол былай болды...

Салауат майын тамызып айтқан қызықты әңгімесін аяқтағанда, манадан таңдай қағып, сүйсініс білдіріп отырған зиялы қауым бір демде гу ете түсті:

         -Жарайсың!

         -Марғасқасың, нарсың!

         -Сенің қасыңда біз жіп есуге де жарамайды екенбіз, әй, тусаң ту!

         -Өмір солай, адамдар бір-біріне баспалдақ. Биіктегі несібеңе жолыңда тұрған біреуді жазықты-жазықсыз деп ойланбастан, баса-көктеп соның басына шығып, қол созбасаң, жетпейсің.

         -Түпкі мақсат, соның жолына шалынған құрбандықты ақтайды.

Бұлардың дабыр-дұбырынан асып түсіп, кенет бір қорсылдаған ерсі дауыс естілді. Бұл қайдан деп зиялы қауым қапелімде тын бола қалған. Шомбал екен.

         -Қасиетсіздер-ай, өстіп-өстіп өздеріңді де, өзгені де аздырып-адастырып бітіресіңдер ғой. Екіжүзділер-ай! Ант аттаған имансыздар-ай!..

Зиялы достар әлденеден елегізгендей бір-біріне үрпиісе қарап қалды...


author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...