Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)

ӘДЕБИЕТ
2813

Басын мына жерден оқи аласыз

6 тарау

Ғалам Қырмызымен қоштасып, мана өзі келген тұсқа бет алды. Қырмызы оның түсін кейін ойлана жорып, мессенджерге жазып жіберетін болып уәде берді. Расында пәлен-түген деп аяқ-асты жори салуға келмейтін бір күрделі түс екен. Ғалам бүгінгі басынан кешкен осы жәттерді ойына қайта алып, сүзгіден өткізгендей әр сәтін ыждағатпен көз алдына тағы да әкелуге тырысты. Жол жиегіне келіп, ағылып жатқан көліктерге ала кетуін сұрап ым көрсетті. Бір-жары тоқтап, бұның барар бағыты мен ұсынған бағасына келіспей кетіп жатты. Сөйтіп тұрғанда бір еңселі, әдемі көлік кеп кілт тоқтады. Қара көзілдірік киген жүргізуші басын терезеден шығарып:

- Ғалеке, келіңіз, апарып тастайын! – деді. Ғалам оның бет-жүзіне бажайлай қарады да:

- Мені қайдан танисыз? – деп отыратын адамға ұқсамай, ошарыла кейін шегінді. 

- Отырсаңыз айтам... Тартып алатын алтыныңыз бар ма еді, сонша үріктіңіз ғой?

- Қайдағы алтын менде... 

- Ондай болса кеттік. Мен де асығыспын, баратын жер көп.Ғалам отқа жүгірген көбелекше қалбаңдап келіп, қымбат көлікке жайғаса салды. Кейінгі кезде оны бір таң сезім иектеп жүрген-ді. Өзіне қатер сияқты көрінген гәптерден бұрын бойы жиырылып, сақтық шарасы қоңыраулататын-ды. Сол қауіпті ескертуге мойынсұнып, аман қалу шарасын іздестіретін-ді. Бұл жолғы қоңырауға ол мән бермеді. «Енді көрмеген нем қалды?» дегендей еті өлгендігі басым, тіпті өз өміріне бір түкіруден тайынбайтын немқұрайлылық қолтығынан демеп жіберді. 

Жүргізуші көзілдірігін шешіп, бұған жымия қарағанда – Ғаламның көзі шарасынан шығып кете жаздады. Ол қырықтар шамасындағы өзін көрді.

- Бұл мүмкін емес?!

- Неге?

- Тоқтат көлігіңді! Түсір мені!..

- Сабыр ет. Қазір бәрін түсінесің...

Жер асты жолға кірген секілді төңірек сәл қарауытты да алдылары қайта жарқырап сала берді. Ғалам жан-жағына таңырқай қарады. Көшенің қос қапталы үйлерден гөрі жасыл желекке мол малынған. Сол ағаштардан сәл-пәл ғана асатын үй шатырлары әр-әр жерден қылаң беріп қалады. Төңірек тамылжыған бір ғажап тұнықтықта дір-дір ететіндей.

- Бұл қай ауыл?

- Бұл ауыл емес, Алматы.

- Таста мені осы арадан! Әйтпесе, полицияға қоңырау шаламын!

- Ренжіме. Сенің қоңырауың ол жаққа жетпейді.

- Бұл не сұмдық? Тапа тал түсте өзімді өзім ұрлау деген!..

- Сені ұрлап бара жатқан жоқпын. Қазір біздің үйге барып отбасыммен танысасың, сосын қалаған жеріңе апарып тастаймын.

- Шаляпина-Правдаға апар...

- Біздің Алматыда ондай көше жоқ.

- Өз Алматыма апар!..

- Мақұл, абыржымашы...

Мөп-мөлдір шыныдан жасалғандай бір қабат қана, орташа көлемді үйдің алдына келіп тоқтады. Ауласы манағыдай жасыл желек жамылған. Не бір, түске ғана кіретін ғажап гүлдер көздің жауын алып, жұпары танауды қытықтайды. Әсіресе, алқызыл раушан гүлдері тым басым екен.Үйдің іші де табиғат аясы іспетті. Қалың жапырағы төбені қалқалай жапқан саялы ағаштың түбінде отырғандай әсер аласың. Едені, биік жайлауда ғана өсетін «аюжүн» атты қайратты шөп секілді өсімдікпен төселіпті. Табаның астында жапырылғанмен қолма-қол қайта түрегеледі. Ғалам бала кезіндегі сол көріністі еске алды. Жұқа киіммен жата кетсең денеңе инеше қадалатын өткір ұшты, қайратты көгал еді. Ол аяғын шешпек болған сыңай танытып, еңкейді де шөптен бір уыс қып жұлып, білдіртпей қалтасына салды...

- Аяғыңды шешпей-ақ қой. Төрлет! Далаға келгендей болдың ба?

- Мынауың, даладан еш айырмасы жоқ қой. 

- Біздің қалауымыз осылай...

- Біздің емес, менің қалауым осылай дегенің жөн болар! Бала кезіндегі есінде қалған сүйікті табиғатын үйге орнатты – деп тосыннан күле сөйлеген, әйел адамның дауысы шықты. Әуезі өте таныс үнді құлағы шалған Ғалам жалт бұрылды. Көз алдында мөлдіреп, жап-жас Қырмызы тұр. Оның қос қапталында анасын құшақтай жабысқан, бір-біріне қалқыңқы ұл мен қызды байқады. Ғаламның көзі қарауытып, теңселіп, екі-үш қадам жердегі қыналы тасқа барып тізе бүкті. 

- Сізге не болды? – деп абыржыған Қырмызы екі баласын тастай бұған ұмтылды. Жүрек тұсын ұстап, көздері бұлдырай қараған егде адамды Қырмызы да шырамытты. Жанары жасқа толып, иегі кемсеңдей: 

- Ғалам, сенбісің? – деді. Ғалам басын изеді. Әйел абдырап, күйеуіне қарады. Ол «ештеңе айтпа, бәрібір түсінбейді» дегендей басын шайқады. Қырмызы Ғаламды қолтығынан демеп тұрғызбақ болып еді:

- Мені қайтесің, ана балаларың шошып кетті, соған бара ғой... – деп әлсіз қарсылық білдірді. Бұларды сырттай бақылап тұрған үй иесі:

- Ғалеке, елді қорқытпаңыз! Алда-жалда болып кетсеңіз кері апару жолын білмеймін, – деп қасына келді. Ғалам оған сүйене түрегеліп: 

- Қой, мені аманымда қайтар, – деді. 

* * *

Көлікке отырған бетте Ғаламның көзі ілініп кеткендей болды. Соңғы кездегі мый ішіндегі не бір арпалыстар әбден титықтатқан тәрізді. Қол жұмысынан гөрі адамның санасы тыным таппаса – сол аса ауыр тиетін тәрізді. Не түс, не өң екені бәймәлім, соңғы жылдардағы кіл шатастан түзілген өмірі мүлдем діңкесін құртқан сынды. 

- Аға, Шаляпина-Правдаға келдік. – деп неше қайталап, «таксист» жігіт бұны бүйірлеп әрең оятты.

- Астапыралла, ұйықтап кеткенмін бе?

- Ұйықтағаныңыз не, отыра сала қорылға бастыңыз!

- Қанша беруші ем?..

- Жеті жүз...

- Қазір... қазір, балам... – деп Ғалам жан қалтасына қолын тықты. Бір уыс шөпті суырып алды да, ақылынан алжасқан адамдай пәңігіріп қалды. Уысындағы ұсақ, көк шөпке қарап мелшиген жолаушыдан шошиын деген «таксист»:

- Ағасы, жолақы төлесей... ақшам жоқ деп неге айтпадыңыз! Осынша жерге тектен-текке табан тоздырмас едім! Шыршаның қылтанағымен есеп айырысқыңыз кеп отыр ма? – деп шыж-быж болды.

- Бұл шыршаның қылтанағы емес – біздің жайлаудың төрінде өсетін «аюжүн» деген қасиетті шөп, – деді Ғалам, дауысы біртүрлі қырылдай шығып.

- Иттің жүні болса да маған бәрібір, жолақыны төлеңіз!..

Ғалам екінші қалтасын ақтарып, бір уыс дудыраған ақша шығарды да анаған ұсынды. Анау арасынан керегін алды. Екінші қолындағы шөптің кейбір талдары саусақ арасынан сусып еденге түсіп жатқан еді. Ғалам соның бірін қалтырмай теріп, жинады да жан қалтасына қайта салды. Жолаушысының мына қылығына таң қалған жүргізуші бірдеңе деуге дәті бармай үнсіз ғана бақылауда. «Ақшадан гөрі шөптің әр талы қымбат неткен адам, бұл?» деді де қойды ішінен... 

Ғалам жолдың жиегінде есеңгіреген адамша жан-жағына аңыра қарап, біраз тұрды. Қалтасынан шөпті шығарып, танауына тақап, иіскеп көрді. Бір әттегенайы, бұл, төтенше өткір иіс болмаса кейбір жұпарды ажырата алмаушы еді. Осы жолы көгалдың хош иісін анық сезді. Қапталдағы бір дүкенге кіріп, целофан қапшық сұрап алды. Сосын әлгі көгалдың бір талын ысырап етпей, соған мұқият аударды. Қалтасындағы бей-берекет умаждалып жүрген ақшасынан да қымбат, аяулы заттай, оны ішкі төс қалтасына салып, түймеледі. Басы зеңіп, қайда барарын білмей аңырған қалпы, бет ауған жаққа құлдады...

Бір шырылдаған, ызылдаған дауыс оның есін жидырды. Жылтыр тонның қалтасында тулап жатқан ескі «Nokia» екен. Тетігін басып, құлағына тосты.

- Үйіңізге жеттіңіз бе? – деп сұрады, әйел дауысы.

- Бұл кім екен?

- Мен ғой, Қырмызы...

- А-а, кешіріңіз! Жолдамын.

- Күн кешкіріп барады, адасып кетпеңіз. Жиендеріңізге хабарластаңыз ба?

- Қазір қоңырау шаламын. Алаңдағаныңызға көп рақмет!

- Ертең шараңызды жақсы атқаруыңызға тілектеспін!

Ғалам риазышылығын білдіріп үлгіргенше, Қырмызы қатынасты үзіп жіберді. Әлде, өзге бір себеппен үзіліп кетті ме әйтеуір, белгісіздікке душар болған Ғалам, не істерін білмей дал күйге түсті. Сөйтіп тұрғанда телефон қайта шыр етті.

- Ал-лау! – деп қуана құлағына тосты. Ар жақтан ер адам: – Нағашы, Сіз қайдасыз? – деп сұрады. 

- Кеп қалдым.

- Жақсы болды ғой! Хабар-ошарсыз болғаныңызға алаңдап едік. Кешкі асты алдыға алғалы жатырмыз. Ертең қауырт шәруа тосып тұр. Тезірек келіңіз, нағашы.

- Мақұл, қарағым. Міне, келе жатырмын...

Ғалам қас қарайғанда суыт кетіп бара жатқан бір жүргіншіден: – Мынау қай көше? – деп сұрады. Анау естімеген адамша өте шықты. Ғалам, екі қолы ербеңдеп, басы қалтаңдап, жынымен сөйлесіп бара жатқан әлгінің соңынан аңтарыла қарады. «Жын иектеген жалғыз мен емес екенмін ғой», деді ішінен. 

Апырау, баяғыда үйлердің қабырғасына көше аттарын жазып қоюшы еді, заман өзгерді деген осы-ау, бал ашып таба алмайсың. Сөйтіп екіұдай күйде сенделіп келе жатқанда шекесінде әлем-жәлем жарнамасы бар, таныс ғимаратты көзі шалды. Өз үйін көргендей қуанып, жүрісін ширатты.

***

Құран оқылып болған соң, мейрамхана толы ел тамаққа бет бұрды. Осы арада ақыиесі Ғаламға ым тастады. Ғалам шеттеу столда отырған-ды. Микрофонды қолына ұстап, залдың орта тұсына шықты. Ақырын ғана тамағын қырнады да биязы жұмсақ дауыспен: 

- Құрметті жамағат! «Елу жылда ел жаңа» демекші, ата-баба салты да уақыт өте өзгеріске түсіп жатады. Әрине, бұны оң өзгерістердің бірі деп қабыл алғанымыз жөн. Апамыздың рухына арналып құран бағышталды. Иә, күні кеше ғана арамызда жүргендей еді-ау, қарасаңыз, жалған өмірдің бір жылы зу етіп өте шығыпты. Осы орайда апамыздың өкшесін басып келе жатқан сіңілісі – Роза апайға тілек білдіру жолын ұсыналық. 

Қағазға жазылған тізім бойынша кісілер кезектесе сөйлеп жатты. Араларында алаш арыстарының ұрпақтары да кездесіп қалады. Залдың кей тұстары өзінше дабырласып та кетті. Әрекідік Ғалам солардың тұстарына барып, сөзге құлақ асуларын ескерткен болып жүр.

Дүниеден өткен адам өте адуынды, өмірдің ащысы мен тұщысын мейілінше татқан, тағдырлы жан еді. Әкесі – Алашорда өкіметінің қайраткері болған. Ол «халық жауы» атанып, жер аударылып, отбасымен елден жырақтатылады. Осы кісінің алты-жеті жасар кезі болуы керек. Бөтен жер, бөгде елдің арасындағы кешкен итғұмырлары көз алдында кешегідей сайрайтын-ды. Ғаламға жырдай қып бәрін айтып та берді. Бұл шамасы келгенше құрап, толыққанды бір мақала етіп жаза да алды. Облыстық газетке апарып тапсырды. Ондағылар: «Қайдағы-жайдағы біреу туралы газеттің бір бетін бере алмаймын. Қысқартыңыз жартысын...» деп талап қойды. Алашорда өкіметінің ірге тасын қалаушылардың бірі болған азаматты – «қайдағы-жайдағы» деуге аузы қалай барады деп, Ғалам облыстық әкімшіліктің саясат бөліміне наразылығын айтуға соқты. 

Сонау бір өткен терең жылдары, қазақтың халық атануына ықпал бастаған ұлт азаттық күрес кезеңінде, екі ордалы тайпа арасында алакөздік туындайды. «Іштен шыққан жау жаман» демекші, сырттан төнген қатерді қоя тұрып, алдымен екі тайпа бір-бірімен соғысады. Әрқайсысы өзінше әділміз деп шешкен сол текетірес әлі күнге естен өшпей, ұрпақтан ұрпаққа сабақтасуда. Қыз алысып, қыз берісіп жатса да – сол бір сүйекке сіңген өшпенділік өшер емес...

Облыс әкімшілігінің жарымынан астам билігі сол тайпа өкілдерінің қолында екен. Ғаламды адамғұрлы көрмеді. Ақыры сол жазбасы – жарымжан мақала болып жарыққа шықты. 

Ғалам жиналған жұртқа осы және апайдың қайраткер әкесі туралы әңгіме шертті. Бетімен кете жаздаған жұрт деректі, дәйекті сөзге құлақ тосып, кейбіреулері тың ақпарат алғандарына ризашылық танытты. Шешіле сөйлеген Ғалам, бойын кернеген қуаттың әсерімен дауысын бір де жәй, бір де үдетіп, тыңдаушыларын баурап алды. Бір кезде ол өмірнамалық баяннан ауытқып, адами құндылықтарды насихаттайтын уағызға түсіп кеткенін аңғарды. Бастарын изеп, құптаушылық танытқан жұрттың сұлбасына қарағанда бұнысы жанды әңгіме тәрізденді. Діни насихат емес, ішкі дүниенің тебіренісі, тылсымның дірілі, Жаратушы мен жаралыс аралығын жалғайтын көпір сынды танымның тұнбасын – алғаш рет ол, жұртқа осылай ұсынды. 

Ғалам аузына нәр татпай, аяғымен тік тұрып қызмет етті. Асқа бөлінген екі-үш сағат та өте шықты. Апайдың басына барып, тағы бір құран бағыштаған соң, кешкі автобусқа отырып еліне ойысты. 

Қаладан шықпас бұрын ол, Қырмызыға қоңырау шалды. Қыздың күмістей сыңғырлаған дауысы естілді. Япырау, өткендегі «шылым шегесің бе дегенім қай сандырағым?» деп Ғалам қайран қалды.

- Иә, асты өткіздік. 

- Риза болды ма?

- Солай сияқты...

- Көңілсіздеусіз ғой?

- Қатты шаршадым!.. Мыйым айналып кеткендей болды... Және бірнәрсені бүлідірген сыңайлымын... Ішім күпті.

- Оғаш сөз айттыңыз ба?

- Сөз емес, елге ұғынықсыз оғаш ой айттым ба деп қалдым...

- Ел ұқпайтын қандай ой болуы мүмкін.?

- Үйреншікті емес, ескерусіз ой құлаққа жат естілердей.

- Сіздің ойыңызша, осы ел өзі ойлай ма? 

- Мәселе сонда ғой. Ойлауға мұршасыз халық пайда болды. Ойда – қышыманы қоздыратын аллерген сынды қауқар да қалмаған сықылды.

- Онда бекер айтқан екенсіз. Сіздің деніңізден күдік алуы да мүмкін.

- Соны да ойладым. Бірақ, төбемнен құйылған сарқыраманың екпініндей ой тасқыны бой бермеді. Сарқылып, дем қайтарғандай сәтте есімді жидым. Ел де не болдымға жолыққандай, есеңгіреген хәлде тынши отыр екен. 

- Солардың арасында өзім де болғанда ғой, шіркін!.. Есіңізде қалғаны болса айтыңызшы.

- Дәл қазір, сонда не айтып, не қойғанымды өзім де білмеймін. Тек, анық білетінім: басым сынып барады, рас, қатты шаршаппын... 

- Жолда ұйықтап тынығарсыз. Аман сау жетіңіз, еліңізге!

- Рақмет! Өзіңіз де аманшылықта болыңыз!..

* * *

Өмір бақи аңсаған бір қыздың бейнесі көз алдынан кетпеуші еді. Өзінің жанын жеген ойларын сонымен бөлісіп, қиял көгінде қол ұстасып жүруді аңсаушы еді. Жастық шағында ара-тұра кездескен, ақылды-ау деген қыздардың өзі бұның әңгімесін аяғына дейін тыңдауға құлықты болмады. Кейбірі өзінің қарапайым жер адамы екенін жасырмай мойындады. Ал кейбірі бұған осқырына қарап, артынан ел арасында ақыл-есі ауған деген қауесет те таратты. Ғаламның өзі іштей таң қалады. Неге сыр бөлісетін адамы қызбала болуы керек деп? Жолдас-жорадан кенде емес. Оларды да көз алдына елестетіп көрді. Солардың біреуімен таң атқанша әңгімелескені бар-тын. Былайғы уақытта да бұлар таң атқанша көше таптаудан жалықпайтын шақта еді. Екеуара ой бөлісу емес, екеуара даумен тынған ол мәслихат. Ғаламның ойын талдағанның орнына ана керсоққан далаға сөйлеп, ештеңемен қиыспайтын дәлелдерді көлденеңдетіп, қысқасы әдейі жынға тиер қылық жасаумен таңды атырды. Ол келесі күні Ғаламды қалай әжуа еткенін елге жайып, ақыл-есі күмән туғызады дегендей басын шұқып ишарат та жасады. Содан бастап Ғалам ішінен тынды. Сау адам ойлауға тиіс емес заттардың бәрін көкірек қуысына тығындай берді. Әрекідік болмаса, әлгі арман қызды да еске сирек алды. Расында бұл – орнынан толқыған сананың құмары секілді сырқат аңсау болып көрінді. Осындай түнектегі жанын үрлеп сөндіре алмайтын бір үміт бәрібір жылытатын тәрізді. Неге десеңіз, сол қыздың күндердің бір күні әйтеуір жолығарына бек күмәнсіз. 

Осы ойы орындалып, міне Қырмызымен кездесіп, әлдебір елес секілді емес – қәдеулгі шынайы тіршілікте жүздесті. Оның қимас жүзін таныды. Манағы елес пен түс тәрізді көріністегі Қырмызы да қатты толғандырды. Яғни Қырмызы мен екеуі басқа бір өмірде бірге екен ғой. Ал, мына өмірде ғұмырының соңында ғана ұшырасты...

Қырмызы бұған сәтті сапар тілеген соң, көңілі орнына келіп, ұйқы баса бастады. Арт жақта әлдекімдер қатты дауыстап сөйлеп жатты. Сірә, ұрттап алғандар болуы керек. Оларға ешкім қой деп те жатқан жоқ. Алдыңғы қатардан жас баланың жылағаны естіледі. Балақай шөлдеді ме екен, әйтеуір мазасызданған. Әрі-сәрі болып келе жатып, көзі де ілінді. Ол түсінде де өңі секілді өмір сүретін. Сондай бір ағыс бұны тағы іліп әкетті.

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...