Дүние дөңгелек. Аспан асты кең. Ғарыш шексіз. Онысыз да өмір қымқуыт. Тағдыр тайғанақ. Уақыт өлшеулі...
Өтен Ахмет. Салқынбұлақ (әңгіме)
«Көш түзу болсын» айтуға келгендер, ауылдың игі жақсылары: шаруашылықтың директоры, парторг, ауылдық кеңес төрағасы, гараж бастығы, тағысын тағылар Зейілбектің жолашарға деп арнап сойған семіз марқасының етін жеп, арағын ішіп, дастарқан жиналған соң, бәрі бір кісідей өре түрегеліп кетуге бет бұрды. Шетінен ел көріп, жұрт таныған сұңғыла шіркіндер, кетерлерінде қызмет дәрежесіне қарай кезекпен сөз сөйлеп, Зейілбектің барған жерінде абыройлы болуына тілек білдіріп, пендеге бітер мал мен бақтың бәрін бір соның басына үйіп-төгіп тастады. «Жігерлі» мен «Боқтының» арасы деген не тәйірі, жүз елу-ақ шақырым, осы тұрған тайлы-таяғымызбен тегіс көтеріліп, жол шығарып салуға болар еді, әттең, науқан кезі, бастан асқан жұмыс бар. Жеп отырғаның өкіметтің наны болған соң, тәртібіне бағынбауға лаж жоқ. Мұны айтқан директор Аллаберді қоңқақтау қошқар мұрнының дәл ұшына желімдей жабысып қалған уылжып піскен құйқаның тарыдай қиқымын шертіп түсірді де, қой бастаған серкедей боп кеңсе жақты бетке алды. Одан бұрынырақ қозғалуға батылдары бармай, қорғалақтап тұрған қалған басқалар да бастықтарының соңынан ере жөнелісті. Есік алдында Зейілбек, Тілеубай және Зейілбектің келіншегі Майгүл ғана қалды.
Үшеуі үш жерде тұрып, бір сәт олар әрқайсы өзінше ой кешкендей еді. Зейілбек шыр етіп өмірге алғаш келгенде, кіндік қаны тамып, жұрт қатарлы адам боп өскен туған аулын қимай елжіресе, Тілеубай бір күнде туып, тайдай тебісіп қатар өскен жан аяспас құрдасынан айрылғысы келмей қиналып тұр. Майгүл ғана бір күрсініп алып, аяқ-табақтарды жинастыруға кіріскен. Сосын оларын анадайда жүргелі дайын тұрған машина үстіндегі жүк арасына апарып мұқият қыстырды да:
-Қоштасып, шер тарқатып болсаңдар, жүрмейміз бе?- деді күйеуі Зейілбекке қарап күле сөйлеп.- Жолашар кәдемізді жасадық. Қоштасқысы келгендер келіп қоштасты дегендей.
Майгүл сөзін қоштағандай, «битлз» боламын деп желке шашын қобырата өсіріп жіберген шопыр бала Дәуір, кабина есігін шалқайта ашып жіберіп айқай салды:
-Қашпақ болсаң зымыра деген. Жарық күнді кештетіп алмайық!
Зейілбек пен Тілеубай бір-біріне қарап көз тастасты да, енді қозғалмақ болғанда, кенет Тілеубайдың иегі жылайтын балаша кемсеңдеп, ерні дірілдеп, шегір көзі бақшаңдап шапыраштанды да қалды. Зейілбек құрдасының онысына таңданбақ түгіл, мән де берген жоқ. Шопыр қасындағы кабинадағы бос орынға жайғасып жатқан келіншегі Майгүлдің балғадай аяқ-қолына, үнемі бойынан тоқтығы мен нықтығы білініп тұратын жарау мүсініне сүйсіне қарап жайбарақат тұра берді. Бір уақытта барып Тілеубайдың:
-М-мен, с-сені шшығарып ссалам, - дегіні естілді, кекеші шешіліп, кекешімен бірге ішіндегі қимастық ыстық жалыны қоса шыққандай болды. Сүйтті де қутыңдап алға түсіп жол бастады. Үн-түнсіз оның соңынан ерген Зейілбек, аяқ басқан сайын бір қолындағы қысқа таяғымен жер тіреп, түйе үстіндегі адамдай бойы біресе биіктеп, біресе аласарып шойқаңдап бара жатты. Бұларға машина кабинасынан қарап отырған Майгүл қасындағы шопыр балаға білдірмей мырс етіп күліп жіберді. «Бірі кекеш, бірі ақсақ, жарасуларын шіркіндердің...»
Құрдастар машина қорабы үстіне бірін-бірі демей тырмыса шығып, жүк арасына жайғасқанша, моторына от беріп, жүруге дайын тұрған машина да қозғалған. Сүйткенше көрші ауладан, қолында үлкен кенеп түйіншегі бар, жүгіре шыққан Ырысты айқайлады. Емшектегі баласы бір қолтығында, соңында аяғы шыққан екі-үш қарадомалақ – бәрі машинаға қарай қолдарын бұлғап, айқайлай жүгіріп келеді.
Артта қалып бара жатқан бұрынғы тату көршісінің төбесі көрінгеннен Майгүл шопырға тоқтай тұр деп белгі беріп, өзі кабина есігін ашып, Ырыстыны сүйсіне жымиып күтіп тұрды.
-Балаларды бекер мазаладың-ау, - деді Ырыстының қолынан қомақты кенеп түйіншекті алып, шопырмен екі арадағы қуысқа жайғастырып жатып.- Ап-ауыр ғой. Ішіне не салып қойғансың, бәтір-ау.
-Туһ, қош деместен тайып барасыңдар ғой тегі. – Ырысты бір қолтығында тырбаңдап жүрген емшектегі баласын жыламасын деп екі аяғына кезек теңселіп, бар денесімен ырғала тербетіп тұр. - Баратын ауылдарың біршама жер. Ананы, - деді шопыр мен Майгүл арасында жатқан түйіншекті иегімен нұсқап,- жолда қаужарсыңдар. Сосын аяғына оратылған қарасирақтарға қарап жекіп тастады:
-Тәйт әрі! Көйлегімнің етегін жыртатын болдыңдар ғой. Кісімен бірауыз сөйлесуге де мұрса бермейсіңдер.
-Ал Майкеш, қош енді,- деді қарасирақтарды ептеп жасқап алған соң,- Барған жерлеріңде баянды болыңдар. Біздерді де ұмытпай әрлі-берлі өткенде соғып кетіп тұрыңдар. Сағынғанда сендерге өзім де барар ем, мына өңкей шуылдақтардан қол босай қояр деймісің.
Ырысты тағы бірдемелерді бастырмалата айтып Майгүлдің қолын қысты да, қайтадан етегіне оратылған балаларының бірін құшақтап, бірін жетектеп, енді бірін алдына сап қақпайлап жолдан былайырақ шегініп тұрды.
-Осы қатындардың-ақ әңгімесі таусылмайды, - деп күңкілдеген шопыр бала Дәуір машинаны орнынан шұғыл қозғап жіберген. Машина қорабы үстіндегілердің бастары бір-біріне соқтығысып қалды. Майгүл маңдайын есік қырына соғып ала жаздады. Бірақ шопыр баланың долығып отырған ыңғайын байқап, жақ ашып ләм демеді. Терезе әйнегінен сыртқа көз жіберіп, тез-тез шегініп артта ағараңдап қалып бара жатқан ауыл үйлеріне біртүрлі қимастықпен мұңая қарап қалды.
Ауыл арасының ой-шұңқырына кібіртіктеген машина қасқа жолға шыққасын жүріс алып, бірқалыпты бүлкілге салды.
Таныс та бейтаныс кер дала, қадір білмес қатыгез олақ қолға түскен жаны нәзік сұлу әйелдей жүдеп-жадап сұлық жатыр. Таз адамның басындағы шашындай сирек, оның өзінде бойы бір қарыс, жарым қарыс бидай сабақтары әр-әр жерден бір қылтияды.
Осыдан он бес-жиырма жыл бұрын Зейілбектер жалаңаяқ шапқылап жүріп тығылмақ ойнағанда, тапа талтүстің өзінде кісі кеудесіне жетіп бойлап өскен бидайық пен ақселеудің арасына жасырынған бірін-бірі таппайтын. Шіркін, бала көңіл-ай, сол кезде Зейілбекке айналадағы биік төбелер, өзен-көлдер, тоғайлар, мөлдіреген бұлақтар – ешқашан өзгермейтін мызғымас тылсым дүниедей көрінуші еді-ау. Енді міне, жел өтінде тұрып, күн көзіне оңып кеткен ескі шүберектен да жаман, өңі боп-боз. Қарамаса қатын кетеді дегендей, табиғаты егіншілікке үйлеспейтін қайран жер жыртыла-жыртыла, оған жиі қуаңшылық қосылып азып-тозып кетті. Сонда да жылда жыртып, жылда егін салады.
-Ауылдан рренжіп шыққандай еңсең ттүсіп ке-кетіпті ғой, - деді Тілеубай мұны иықтан жұдырықтап түйіп қалып. - Ссалқын бұ-бұлақтан ссу ішкізіп, ммен ссенің кө-көңіліңді кө-көтерейін. Осыны айтып Тілеубай кабина төбесінен түйгіштеп-түйгіштеп жіберді.
Зейілбек сонда байқады, бұлар «Жігерлінің» шекарасына жетіп қалған екен. Машина үлкен жолдан бұрылып, жидесі араласа өскен шоқ талдың ішіне сұғына барып тоқтады.
Машинадан алдымен түскен Майгүл шоқ талдың етегінде құмырсқаның илеуіндей болып жатқан саз төмпешікке басқалардан сәл бұрынырақ жеткен.
-Ойбой, енді қайттім!- деді ол аяғына шоқ басқандай шошына дауыстап. –Бұлақ көзі бітеліп қалыпты ғой.
-Қойшы әрі, мүмкін емес!- Бар салмағын сау аяғына салып Майгүлдің артынан қойқалаңдаған Зейілбек те анадайдан шыр ете қалды. –Бүкіл осы аймақ түгелімен тандыры қурап кеуіп қалса да, Салқынбұлақ суы ешқашан тартылмайды. Келіп, ол да бұлақ көзіне асыға үңілді. Бұл кезде Тілеубай да жеткен еді. Жағымсыз жылымшы иіс бірден мұрынға ұрды. Бұлақ көзіндегі от орнындай апанда сарқынды су көлкиді. Беті толған шөп-шалам, темекі тұқылы, арақ құтысының түймедей пластмасса тығындары... Бұлақтың апанмен жалғасып еңіске қарай жалғасқан жылғасы бетін құм басып жалаңаштанып жатыр.
Тілеубай үн-түнсіз барып машинадан күрек әкелді де, апанның жылғаға жалғасқан өндіршек тұсынан бастап бұлақ көзін арши бастады.
-Бос әурешілік, - деді шопыр бала Дәуір жақтырмай тыржаңдап, - бұлақ көзінің бітелгені - өлгені.
-Өзің, шырақ, не айтып тұрсың? – Зейілбек оған үлкендік жолмен аздап зекіп, ұрсып тастады.
Шопыр бала Дәуірдің ойы тоқтамай жүре берсек еді. Бірақ ол қазір Зейілбекпен салғыласудың өзіне абырой әпермейтінін түсінді де:
-Қой, моторым май жеп келе жатыр еді,- деп тым рабайсыз ұзын сирақтарын сүйрете басып машинасына қарай кетті.
Жылғаның табаны біраз тереңдетілген соң, іркінді суға жол ашылып, апан лезде тазарып қалды. Бірақ астындағы баттасқан қорыс батпақтан бұлақ көзі біліне қоймады. Тілеубай тал бұтағынан жарты кездей таяқ сындырап алды да, сонымен бұлақ көзін іздеп әрлі-берлі жүгірте бастады. Шыдамы таусылған Майгүл:
-Бұныңнан бәрібір түк шақпайды, - деп жаңағы шопыр бала сөзін қоштағандай еді, Тілеубай жақтырмай:
-Ссалқын бұ-бұлақтың ссуын ішпей кетпейсіңдер, жжібермеймін, - деді, ренжігеннен кекеші күшейіп, булыға әзер сөйледі.
-Жарайды, - деді өзінің ағаттық жасап алғанын сезген Майгүл райын өзгертіп,- мен оған дейін дастарқан жасай берейін.
Тілеубай таяқ жүгіртіп те ештеңе өндіре алмаған соң, сыз үстіне екпетінен жата қалып, қолын бұлақ көзі осы-ау деген жерге иықтата тығып жіберген. Сүйтті де «барматуха» шараптан қалған сиымдылығы 750 грамдық дәу қара шөлмекті суырып алды.
-Ммәс са-саған, бе-безгелдек, мына шшіркіннің жүрген жерін қа-қараңыз!- деп, шөлмекті қыл мойнынан бүре қысқан күйі жиіркенішті заттай етіп аулаққа қарай шөкелеп лақтырып жіберді.
-О, пәлекет, - деді Зейілбек те таңданып,- Мұны істеп жүрген қандай ғана қара жүрек болды екен?!
Әрі қарай Телеубайдың жұмысы жеңілденіп кеткен еді. Бұлақ көзі өңеші кеңейтіліп, баттасқан қорысынан аршылған соң, арғы жағы сүт араластырылған судай болып лайланды да, артынша ақырын лықсып аға бастады.
-О, аруақ, көзі ашылды. Ашылды көзі! – деді Тілеубай жас балаша қуанып, секіріп мәз болып. Кекеші де білінбей кетті.
-Рахмет, рахмет, - деп жатыр Зейілбек те досын арқадан қағып, құшақтап.- Еңбек сенікі. Сенің арқаңда Салқынбұлақтан су ішетін болдық. Жүр, енді Майгүлге барайық.
Жасаулы дастарқанды көргенде Тілеубайдың көзі шоқтай жайнады.
-П-пах, п-пах, п-патшалардың асындай ғой мынау, - деп алақанын құшырлана уқалап, дастарқан шетіне тізе бүгіп отыра кетті. Басқалар да жайғасты. Көк шөпке жайылған кенеп бетінде семіз қойдың майлы жамбасы, етті бел омыртқа, бірнеше қалың қабырға, торсық бүйір бауырсақтар, екі-үш бас ащы жуа жатыр. Осылардың әміршісіндей болып дәл ортада ақшиып «Астаналық» тұр.
-Ырыстының жолда қаужарсыңдар дегені еді, - деді Майгүл күлімсіреп.
-Ммаладес, ббіздің бәйбіше,- деп Тілеубай бірден шыныға қол созды.
Бұл кезде мезгіл түс болып қалған. Шақырайып тас төбеге шығып алған күн жарықтық төңіректі бар ыстық лебімен аямай шыжғырып-ақ тұр. Ауа желсіз, тымырсық. Тамырларындағы бар нәрі таусылған өсімдіктер солыңқы, селт етпейді. Дастарқан жайылған шоқ талдың арасы ғана болар-болмас салқын леп үйіріп тұрғандай. Бөтелке аузын ашып, бірақ стакандарға құймай тұрып, Тілеубай:
-Сен рульдесің ғой, - деп дастарқанның дәл орта тұсында шынтақтай жатқан Дәуірге қараған, ол қолды бір-ақ сермеді.
-Еркін далада жүрміз ғой. Өзіміз машинаны ұйықтап отырып та айдай береміз.
Шөлмек үш кісіге тең бөлініп құйылды.
Біраздан кейін қалжасы жұқалау Тілеубай қызыңқырап қалып, әр нәрсенің басын бір шалып бөсе бастады. Әуелі жатып кеп әйелін мақтады:
-Мменің Ыррыстым жақсы ққатын ғой, жжақын-жуық, жжолдас-жораға бірдей ммейірбан. А-ал, сендер бболсаңдар, үйленбе оған деп ббезек ққақтыңдар.
-Екі баласы бар, бұрын тұрмыста болған әйел, қайдан білейік,- деді Майгүл кеш те болса бұрынғы ескі кінәсін жуып-шайғандай болып.
-Сізде осы бала жағы бар-ау деймін.- Шопыр бала Дәуір де қарап отырмай араға сөз қыстырды.
-Қазір жетеу. Ббұйыртса, онға жжеткіземін, - деді Тілеубай ойланбастан.
Дәуір таңдайын қағып, басын шайқады.
-Өйдә! Бәрін қалай асырайсың? Осы күні бір бала, екі баланың өзінен асырауы қиын деп жұрт зар жылайды.
-Ссен бала, ггазет оқымайсың ба, указ шықты ғой. Ссемьяның ққаржысы әр адамға шшаққанда елу сомнан ккем бболса, ққалғанын үкімет ттолтырады.
-Қазір алатының айына бір жүз елі сом. Әйелің жұмыс істемейді. Жеті балаңмен тоғыз жансыңдар. Жүз елуді тоғызға бөлейік. – Зейілбек еріндері мен саусақтарын қоса жыбырлатып іштей есеп жүргізе бастады.- Сонда айына әр жан басына үстінде аздаған тиыны бар, он алты сомнан айналады. Ал енді елуді тоғызға көбейтсек, о, онда ақшаның астында қаласыңдар. Айына төрт жүз елу сом!
-Енді қалай,- деді Тілеубай көңілі тасығанда кекеші азаятын әдетімен таза сөйлеп.- Дүниеге бір қозы келсе, бір түп жусан көктейді деген... Бұдан кейін Тілеубау екінші жамбасына ауысып отырып, тілінің кемістігін айтып мұң шаға бастады. Қызметте өспей жүрмін деді. Бәрі сол тілі құрғырдың мүкістігінен. Әйтпесе, Құдайға шүкір, басы ешкімдікінен кем емес. Зейілбек біледі ғой, мектепте мұғалім шығара алмаған есепті шемішкеше шағып тастайтын. Осы күні өсу үшін бас емес, тіл ғой керегі. Топ алдына шығып - ап жоқтан бар жасап, бардан зор жасап сайрай білсең болды. Әттең, тіл жоқ. Қалғаны ғой өстіп бөлімшенің есепшісі деген атпен...
-Мен саған тіл мүкістігін жазатын ем айтайын ба? - деді Зейілбек қуланып.- Құдықтың аузына барып сөйле де, аржақтан шығар жаңғырығын тыңда, оллахи, журналдан оқыдым. Сүйтіп жиі-жиі қайталай берсең, бір кезде өз-өзіңнен бұлбұлдай сайрап кететін көрінесің.
-Мменің ссүйегім ққатайып ққалған, ммаған ем ққонбайды, - деді Тілеубай кәдімгідей балаша налып.
Осы кезде қор ете қалған оғаш дауыс естілген. Ортада көлденең түсіп жатқан шопыр бала Дәуір ұйықтап кеткен екен.
-Ссабазың ррульде отырса да ққайтпайды екен, - деген Тілеубай Майгүл жаққа жұтына көз тастап қойды. Майгүл түсініп:
-Ырыстының маған дегені болар, сендерге бұйырды, - деп қағазында «Шырын» деген жазуы бар шөлмекті еркектердің алдына қарай домалатып жіберді. Қуанып кеткен Тілеубай:
-Майкеш, сен менің неден ккекеш, Зейілбектің неден аақсақ бболғанын білесің бе? - дей беріп, лұқ дегізіп шарап тығынын суырып алды.
-Жоқ, білмеймін, - деді Майгүл.
-Сен қоя тұр. – Зейілбек кекеші ұстап, бет-аузы құбыла бастаған Тілеубайды сөйлетпей тастады. – Майгүлден жасырған сырым еді, өзім айтайын. Ол былай болған, - деп үзілген сөзін жалғады.- Соғыс аяқталатын жыл. Бес-алтылардағы кезіміз. Таң атса, бала біткен үй төбесіне шығып аламыз. Соғыстан қайтқан біреу әкесіне, біреу ағасына жол қарайды. Қарай-қарай бір кезде көз талады, шаршайсың. Баламыз ғой, зерігіп арасында ойын ойнап аламыз. Осындай қыжыл ойын үстінде ғой деймін, мен Тілеубайға: бізге не жоқ, сенің де, менің де әкеміз өлген, қара қағаз алғанбыз, олар енді келмейді, деппін.
-Әәкеміздің ккелмейтінін мен өзім де ббілетінмін, - деді Тілеубай сөзді әрі қарай іліп әкетіп.- Ббірақ мынаның ссөзі ккеудемдегі үүмітімді үзгендей болды да, ызаланып кетіп, иитеріп ққалдым.
-Үй төбесінен құлап, сол жерде естен танып қалыппын, - деген Зейілбек әңгіме желісін өз қолына қайта алды.- Содан бір жамбасымның ұршығы тайып кетіпті... Ол кезде ауылда дәрігер жоқ. Сүйтіп осындай боп қалдым ғой.
-Ббіреулер, оойбай, Зейілбектің аяғы ссынды ддегенде, жжүрегім шшошып аузыма ттығылды, - деді Тілеубай. – Жжан ұшыра шшыңғырып жжіберіппін. Ссодан бері мміне, ттіл жоқ...
Күйеуінен аяғың неден ақсақ, досың неге кекеш деп сұрайыншы деген ой Майгүлдің басына кіріп-шыққан да емес. Арақ қызуы ма, қоштасардағы қимастық па, олар жүректегі жан сырларын ақтарып салды. Майгүлдің естімей-ақ қояйыншы деген шындығы еді, «Сойқан соғыс», деп іштей күрсініп біртүрлі ыңғайсызданып қалды ол.
Отырысты бір сәт үнсіздік биледі. Күн нұры қызыл-жасыл құлпырып, жер дүние от болып балқып жатқандай. Тыныштықты кенет отырғандарды айнала соқтығып ұшқан шыбын ызыңы бұзды. Үлкендігі бармақтай қара шыбын безек қағып жүр. Шыдамаған Зейілбек қасында жатқан таяғын ала салып, қасқыр соққандай сермелеп үркітіп тастады.
-Шыбыннан басқа түк қалмаған ба бұл далада, - деп әлдекімге ренжігендей болды.- Бұлбұл сайрамақ түгіл, торғай ұшпайды. Бұрындары осы бұлақтың басында, тоғай ішінде бал аралары құжынай ұшып жүруші еді.
-Сен де төндіртеді екенсің,- деді Майгүл жақтырмай. Қолына арақтан босаған шыныларды тіркей ұстап бұлақ басына қарай жөнеле берді.
Тілеубай өгіздің қаны тақылеттес «Шырын» шарабын стақандарға тағы да бөліп құя бастаған еді, манадан бері қаннен-қаперсіз қорылдап ұйықтап жатқан шопыр бала Дәуір басын жерден жұлып алды.
-Бір таныс иіс мұрын жарып барады ғой.- Тілеубайдың қолындағы бөтелкені көріп, қуана жымиды.- Ә, бәсе, бастаңғы жасап жатыр екенсіңдер ғой.
-Ннеге, өөзіміз де еенді болмағанда ооятқалы жатыр едік, - деді сасып қалған Тілеубай кекеші күшейіп, тұттығыңқырап.
Шараптан кейін әңгімеге Зейілбек шешілді.
-Ех,- деді өз-өзінен ширығып,- естірсіңдер де білерсіңдер,- жаңа жерде жаңа тәртіп орнатуға күш салам. Мен енді бас экономистпін ғой. Бас экономист! – Зейілбек сұқ саусағын шошайтты.- Шотқа қағып, мынауың дұрыс, пайда береді. Ал мынауың теріс, қып-қызыл шығынға батасың, деймін де отырамын. Содан кейін менімен санаспай көрсін.- Арақтың әсерінен сәл жасаураған көзін жиі-жиі жыпылықтата бастады. – Жаңа, жолда «Жігерлінің» егінін көрдің ғой. Егін бе сол. Мазақ.
-Ддұрыс аайтасың, ддосым: - Тілеубай да қарасұр өңі құбылып, қолдарын кезек сермеп қойып, біраз сөздің басын қайырды: Сен маладессің, алғырсың, әлі де өсесің, деді. Тіпті директор болып кетуің де мүмкін деп қойды. Тек өсші. Сен өссең маған да жаман болмас. Өссең, қарамағыңа алып, тәуір жұмыс бересің ғой, деп қиялдады.
-Сөз бар ма,- дейді Зейілбек,- менің өскенім, сенің өскенің. Тек саспа да асықпа, жарай ма. Бұл дүние бізден қашпас. Тізгіндейміз әлі-ақ. Тізгіндейміз... – Зейілбектің көз алды теңіздей толқып бұлдырап тұр. От жаланып шаңытқан аспан, шағын тоғай, анау жүк тиелген машина – бәрі буалдыр тартып теңселіп, тіпті бұлақтан су алып жатқан Майгүл де екеу-үшеу болып көрінеді. Қасындағы Тілеубайға қарап еді, ол иегі кемсеңдеп жылап отыр.
-Өй, саған не болды? – деді оған таңданып.
-Жжалғыз ққалдым, ммүлде жжалғыз ққалдым,- деді Тілеубай өксік қысқан кеудесінен үні әрең деп шығып.
-Мен де жалғызбын, - деді Зейілбек,- бірақ мен жыламаймын. Бер жағымен күшейсе де, көкірегін толтырып лапылдап келіп қалған тегеурінді ыстық лепті тоқтата алмады. Көз шарасы жасқа толып кетті... Иә, екеуі де жалғыз. Алдарында аға, арттарында іні жоқ. Бәрі сол соғыс жалмауыздың кесірінен. Әйтпесе, Зейілбектің қызметі өсіп, жаңа жерге көшіп жатқанда, мұны үлкен қуаныш көріп, жақсылап той жасауға болмас па еді. Бұларда ондай жанашыр жоқ. Екеуі де жалғыз. Құйрық-жалсыз. «Жігерлінің» ұялас жігіттері бұларды қайтсін. Дайын тамақты ішті де кетті. Соған да рахмет. Әйтпесе орта жолға дейін шығарып салса нелері кетуші еді.
Достар өстіп «сен жалғыз, мен жалғыз» десіп, гөй-гөйге басып жатқанда, екі қолында екі шөлмек бұлақ суы Майгүл келді майпаңдап.
-Бәрекелде, мыналарға не боп қалған аяқ астынан? – Майгүл үсті-басын қаққыштап тұрып жатқан Дәуірге қарады.- Мыналарға қой десейші, еркексің ғой.
-Жеңеше, мен ішіп алған адамға сөз шығындамаймын, - деді. Сосын жайбарақат қалпы бұлғалаңдап, бір қолымен ауын шеңгелдей ұстап шоқ талдың сырт жағынан айнала берді...
-Қап, мына қос төбеттің қылығын-ай! - Майгүл қолындағы бөтелкеден Зейілбек пен Тілеубайдың төбелерінен мұздай бұлақ суын құйып-құйып жіберді. –Түк көтере алмайтындарың бар, арақ ішкен не теңдерің... Ана шопыр бала Дәуірге қараңдаршы, қызбақ түгіл, сезген де жоқ... Жалғызбыз дейді-ей. Қайдағы жалғыздық айтып отырғандарың? Балалар ше? Біріңде - бесеу, біріңде – жетеу. Құдайдан қорықсаңдаршы түге...
Салқын су ем болды. Достар естерін тез жинап алды.
-Балалар өзінше, біз өзімізшеміз ғой, - деді алдымен тілге келген Зейілбек ұялған тек тұрмастың керімен. -Олар өзара бірі аға, бірі іні ғой. Ал біз, біз... жалғыздармыз.
-Жжарықтық ссалқынбұлақтың ссуы ма мынау?- Тілеубай Майгүл қолындағы бөтелкені алды.- Бері әкелші, ішейік бір рахаттанып.
Су ішкен соң қос достың бойлары сергіп, көңілдері жайланып қалды. Жарбиып орындарынан тұрды. Түс ауып қалыпты. Көк жүзінде шөкім-шөкім шарбы бұлттар пайда болыпты. Сондай сүйкімді бұлттар. Зейілбек пен Тілеубайға ақ қанат болып байланып, әлдеқайда, көз көрмеген бір алыс қиырға алып ұшып кететіндей... Достар бірін-бірі іштей ұғысып, іштей түсінісіп тұр. Әшейінде ешбір жерде айтылмайтын сөздер айтылды. Ішкендіктің де әсері болған шығар, әйтсе де туған жерге, оның ауасы мен суына деген балалық еркеліктері бәрінен басым еді. Соның әсері еді.
-Енді ссен ккетесің, мен ққаламын, - деді кенет Тілеубай,- Ммен бірақ ссені жоқтатпаймын. Ббұлақ ккөзін аршып ттұрамын.
-Әрлі-берлі жүргенде мен де бұрылмай өтпеспін. Кәусарынан татармын, - деді Зейілбек.
-Ау, манадан бері аунадыңдар, қунадыңдар. Жетер. Енді жүрмейміз бе?- деді Майгүл құрдастарды асықтырып.
-Салқынбұлақтан су іштік, жүрсек жүрейік, - деді Зейілбек...
Өтен Ахмет