Белгілі ақын, балалар жазушысы, композитор Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК – 80 жаста Жүзінен Күннің сәул...
Пабло Неруданың өлеңдері
Өлілер
Өлім, қаза...
Қыршын кетті қанша менің достарым,
Осы ма еді бұл жалғаннан тосқаным?
О, тәңірім,
азаппенен өлгендерін көрсеткенше олардың,
жақсы еді ғой жүрегімді
қанжарменен осқаның.
Қайран менің достарым...
Испан халқы ақыным деп еміренген Мигельді,
(жалындаған жүрекпен ол елін, жерін сүйген-ді),
Федерико ер еді ғой, ер еді ғой...
Солардың
көздері мен тілдеріне темір шеге түйрелді.
Қалай ғана соны көріп сыя алармын үйге енді?
Гүл еді ғой екеуі де, құдайым-ай, бүр ашқан,
үзілгенін көріп сонда сорлы халық жыласқан.
Тірі күйде жанған отқа лақтырғанда екеуін
қалай ғана шыдап түрды Жерге түспей бұл аспан?
Иә, иә, қанішерлер сол ерлерді жоқ қылды,
(мен байғұстың жанарымда өшігу мен от тұрды).
Ойыншығы суға кетсе, жылаушы еді сәби де,
ал мыналар асылдарды көрмеді ғой доп құрлы.
Испан жері қан сасыды,
арыстандардың өлігімен шыбындарды жемдедік,
қанға қанмен жауап берер қалған да жоқ елде ерік.
Қанға бөгіп тірі қалған жандары да шарасыз,
өліктердің арасында жүр әйтеуір сенделіп.
Не істеу керек?
О, сол соғыс!
Уақыттың
қан жаудырған кезі еді.
Ол қайғыны бақыт, Күн
өшірмесін сезеді.
Барлық тірлік, бар адам,
сезеді Жер де, жылдар да.
Тек тірлікті қалаған
аспан, гүл де, құмдар да,
Испания...
Сонда мен
келгем алыс жақтардан.
Құшақ ашып қорғап ең,
балапандай бапталған.
Сен бергенсің жаныма
әндей мөлдір арманды,
Мен құлшынып тағы да
ұмтылғанмын таңға алғы,
Мен бақытқа кенелдім,
арнап балаң жырымды,
ән қып өтсём дегенмін
сенің адалдығыңды.
Сенің отты күндерің
алаулаған жалыннан
көз алдымда жүр менің,
кетер де емес жадымнан.
Жаттың шыдап бәріне:
тауың кұлап, гүл сынып.
Жерің жатыр әлі де
көз жасына тұншығып.
Сол бір соғыс...
жететіндей барлығы
секілді еді-ау құрылықта.
Адалдық та, таң нұры,
мейірім де, шындық та.
Нан жоқ еді. Түске енген...
Сосын темір жетпеді.
Сонда адамға күш берген
махаббаттың от демі.
Адамдарда күш қайнап,
ерліктерге ұмтылған,
кектенуден тіс қайрап
жанарда ыза, мұң тұнған.
Махаббат бар, жалын бар,
қару ғана жоқ бірақ.
Бойда қуат, ағын бар,
өршіп жатыр от бірақ.
Не істеу керек мұндайда -
сұрап тұрмын сендерден?
Жауап берер бұл жайға
қайсың барсың, кел бермен!
Не істеу керек,
егерде -
кеудені ыза торласа,
қолда дәрмен болмаса;
жұдырықты түйгенмен,
Жеңіс құсы қонбаса?
Не істеу керек? Не? Не? Не?
Айтыңдаршы, адамдар,
қала, дала, қамал да –
бәрі тұнса ажалға,
бұған қандай амал бар?
Тістену бар, ыза бар,
жүректер бар қан тамған,
армандар бар жалтарған,
жігіттер бар бейне бір
жараланған қарт арлан.
Не істеу керек –
азу тістер қайралып,
қолдар артқа байланып,
шаңдақ жолдың бойында
бұғау түсіп мойынға
қарай да алмай айналып
өңкей маңғаз жігіттер
бара жатса айдалып?
Қор болған жер
Азаптан тұншыққан өлкеге қарашы,
жалғыз үн қатуға келмейді шамасы.
Күл-талқан жартастар...
Бидайдың
орнында қан бөккен даласы.
Мекен-жай еді-ау бұл ақ арман басталған,
бүгінін қарашы қан жутып жас тамған.
Онсыз да жаралы жерімнің төсіне
қорғасын құйып тұр аспаннан.
Тақырлар көл болды көз жастан қақ тұнып,
жер мен көк арасы өксіктен жатты ұлып,
жынданған аналар, о, сұмдық,
сәбиін өздері құздардан лақтырып.
Жол жатыр өлік пен тастарға көміліп,
қайғы мен жанталас, ашу мен долылық...
Қанша өлім, қанша азап Жер үсті,
тағы аң да қашады тастарға соғылып.
О, адам, бір кезде өкініп кеш деме,
жер ғана әжім қып өрнектер кестеге,
бұл қанды ешқашан жуа алмас ештеңе,
теңіз де, уақыт та,
ештеңе-ештеңе!
Ұйқысыз түндер
Сүйікті менің Отаным,
не болар сенің тағдырың,
қандай боп туар алғы күн –
түндерде талай дөңбекшіп,
атқызады оймен таңды ұлың.
Мен соншалық сүйемін
әр тасыңды да, киелім.
Бұрқанып жатқан теңіз бен
тауыңа басымды иемін.
Сенімен бірге гүл аттым,
бақыттан сенсіз жырақпын.
Сонау бір сәби шағымнан
сенімен күліп, жылаппын.
Өзіңді барлық қалпыңмен
қалтқысыз сүйдім, ұнаттым.
Ал бүгін, жаным сезеді,
ой тыным таппай кезеді.
Қателік толы жылдардан
көзді жаңа ашқан кез еді.
Адалдык пенен шындықтың
жетті ғой деп ем кезегі...
Зұлымдық тағы көрінді-ау,
қабырғам соған сөгілді-ау.
Интернационалдық бригаданың
Мадридке келуі
Салқын еді ақ таң да,
Қала шаң мен саз балшыққа батқанда,
Мароккодан келген қорқау қасқырлар
жаппай ұлып жатқанда,
Мадридтің тұрған кезі қақпанда,
Біз ешкімге, ештеңеге сенуден
қалған едік сол көңілсіз шақтарда.
Аждаһаның аузында тұрғанда,
Мұнан асқан қайғы менен мұң бар ма?
Салқын таңда өр Мадрид амалсыз
боз тұманға тұнғанда.
Сонда мынау өз көзіммен көріп ем:
боз тұманның төрінен,
нұр төгіліп өңінен
келе жатты құрыш жандар қарыштап,
құрту үшін қорқауларды жаныштап.
Ол қайғылы кез еді,
Испан жерін сайқал өлім кезеді,
Әйел біткен жалғыздықтан өртеніп,
Кеуделерін нала түндер езеді.
Көшелерде адам қаны жосылып,
Ылай сумен қосылып
Қатып қалған тірі мүсін аналар
сәбиінің өлімінен шошынып.
Жолдастарым, сол шақта
Жүздеріңді көргем мен -
Жанарыңда от, өр кеудең
Кастилия майданына бет алып
бара жаттың. Үміт оты сөнгенмен,
Испан халқы тұрды саған бас иіп,
Бостандығын аңсап кеше көрге енген.
Туған жерді алыс жақта қалдырып,
Ұйқы көрмей жанарларды талдырып,
Винтовкамен от кештің,
Жауыздармен кектестің,
Келбетіңде жеңем деген бар-ды үміт.
Туысқандар,сендердің
өрлігіңді бар әлем
ұқсын биік санамен:
сол ерлігің үміті өшкен жүрекке,
Тұншықтырған шахтыларға-түнекке,
найзағайын тастасын,
Сөйтіп барлық түнектерді таптасын!
Испан жері, бүкіл әлем қашан да
ұмыта алмас сол істі:
жан аямай келіп алыс жат елден
Жараланған бостандықты әперген
жолдастарын құрбандыққа шалдырып.
көкірегін қан қылып,
жау бастаған соғысты
аяқтаған қан кешсе де жеңіспен
өздеріңе барлық әлем борышты.
Өлген солдаттардың аналарына
Өлген жоқ олар:
Үрыстың даласында,
Қантөгіс пен дауылдың арасында
кек тұнып көздерінде,
ойы жоқ өзге мүлде,
төгілген қандар үшін,
қапыда құрбан болған жандар үшін
салды олар қанды ұрысты,
күшінен жау да ығысты.
Айбынды бейнелері
тұр бүгін гүлге оранып,
денесін күнге малып.
Айналасы егінжай жайқалады,
Олар жайлы ұрпақ ән айтады әлі.
Қайғылы аналарым!
Сеніңдер өлгендерге,
Жауыздық төнген жерде
Әділет жеңісі үшін
жандарын пида қылды
боздақтар ар жолында,
Өмірін қиған ұлды.
Күні ертең дабыл үні
Рухымен солардың жаңғырады,
Тұншығады дұшпанның сандырағы.
Жатса да қанға оранып,
Отты қару түскен жоқ қолдарынан,
Ажалдың қорғанынан
ешқашан қорықпады,
кек алмай шегінбеді,
Дұшпанға берілмеді,
Өмірден сол ұққаны.
Аналар!
Көз жастарың оқ болсын
күндіз-түні жауларға атылатын,
жеңістерге шақыратын.
Үміт боп жүректерге,
күш болсын білектерге.
Мен білуші ем сендердің ұлдарыңды -
жігіттерді кіл жалынды.
Найзағай күлкілері
жаңғыртып түн түнегін,
Жалынды жүрекпенен
тотыққан күз желімен
нұр шашып жүздерінен.
Аналар!
Мен де бірге сендермен
Қайғыменен сенделгем,
Ұйқы қашып, ой қажап,
Торын жайып қойды азап.
Бірақ сенем:
бұл қайғының артынан
көз жасынан сейіледі бар тұман —
күн шығады, нұрлы сәуле тарайды.
Біздің арман осы еді ғой талайғы.
Сонда өлілер Жерден тұрар күшке еніп,
Жұдырығын түйген күйі тістеніп,
Нұр сәулеге күлімсіреп қарайды.
Халық армиясы туралы ода
Әлемдегі бар ана,
мектептегі бала да
бір өзіңе бас иеді табынып,
келесің сен халықтардың үміті мен
сенімдерін жамылып,
олар үшін сенсің сенім, ақ үміт.
Ақ бидайлар ырғалып,
Жер-ананың келбеті де нұрланып
тосады ылғи алдыңа
қасиетті ақ сүтін де, нанды да;
жапырақтар сылдырлап,
қара тас та қатып қалған мың жылдап
балқығандай.
Күліп атып таң мына
бір өзіңе нұр шашып тұр. Ендеше
еш уақытта қалғыма!
Туысқандар, бас алға!
Арқалаған елдің, жердің сенімін,
естисің бе қансыраған кек үнін,
көресің бе, қара Жер де тұр жүдеп...
Ұмтылыңдар алға түнді тілгілеп.
Жауынгерлер, қаһарынан қыс тамған,
өткірлігі найза сынды ұшталған,
жалғау үшін тіршіліктің тамырын
сөндірмеуге отты өмірдің жалынын,
Бұлтсыз күнде көк аспанда тосыннан
найзағайдың жарқылынан шошынған.
Адамдарға есі шыққан сенделіп
айбатыңмен дем беріп,
ажалға да тік тұрып,
адалдықтың мықтылығын ұқтырып.
Күші, айбыны - сендерсіңдер халыктың,
алдан туар жарык күн.
Алға, алға ұмтылыңдар, жарандар!
Оқтарыңнан қақырасын
қара түнек қамал да,
жарқылдасын қарулар,
қуаныштың жасын төксін қасіретті арулар;
жауынгерлер,
жанарларын ыза менен мұң шалған,
ұшқыштар мен партизандар
қару найза құрсанған,
халықтың ер ұлдары,
ұмтылыңдар ұрыстарға,
көрсін қорқау сендердегі өр тұлғаны!
Көзің салшы қан сасыған далаға,
шіріп жатқан өліктерге жағада -
сендер үшін мұның бәрі түк емес,
ел кегі үшін үмтыл алға,
былықтарға қарама!
Испания
Мекені алма бақтардың,
ел қорғаған мынау ұлдар - мақтаным.
Дауылдарда, қан төгісте солармен
өміріңді сақтадың.
Сарбаздары халықтың!
Талпынады саған бүкіл тіршілік,
кеше ғана қан жылаған күрсініп,
сенің жүрген іздеріңе гүл шығып,
шала-жансар жүректерде
сенім отын тұтаттың.
Олар тағы бара жатыр
болашаққа құлшынып.
Испания жүрегімде
Сұрайсыңдар аң-таң боп:
«Қайда кетті кешегі ақ гүл аткан жасыл бақ,
Сен сүйетін жаңбыр қайда құйып өтер тасырлап?»
Мен айтайын не болғанын, не болғанын
сендерге -
Өздеріңнен еш сырым жоқ жасырмақ.
...Мадридте тұрушы едім.
Қоңыраулар сылдырлап
жас сезімді қытықтайтын,
сыбырлайтын тұнжыр бақ.
Мұнаралар көп еді онда. Көп еді онда терек те.
Ақын болсаң тауыса алмас ең
сұлулығын бір жырлап.
Менің үйім тұратын-ды гүлдерге ылғи көміліп,
Сонадайдан сұлулықтың гүлзарындай көрініп.
Біздің үйдің ауласында көп ойнайтын балалар,
асыр салып, үндерінен сыңғыр күлкі төгіліп.
Рауль, сен елестетші сол күндердің шаттығын,
Рафаэль, есіңде ғой қақпамызды қақты мұң?
Федерико, мәңгі ұйқыңнан бір оянып еске алшы
шілдедегі жұлмаланған Мадридтің ақ гүлін.
Бәрі мұнда тыныш еді, тыныш еді күнде де:
сап-сары боп бидайлы алқап жайқалатын іргеде;
ескерткіш те
бәз-баяғы қалпында еді томсарған:
тек көшелер тыншымайтын тал түсте де,
түнде де;
Аргульэс базары да бұрынғыша шулы еді;
кейде есетін теңіз беттен
ылғал бүркіп су желі;
адамдар да, Мадрид те өмір деген ағыспен
тіршіліктің қамын ойлап
бара жатқан ілгері,
Соның бәрі быт-шыт болды.
Быт-шыт болды бір таңда:
жер астынан жылан шықты,
баса алмады жұрт алға.
Тірілерді жалмай берді,
жалмай берді қалдырмай,
Оқ пенен от,
Испан жері содан тұнып тұр қанға.
Самолет мінген қарақшылар шырқыратты жат елді.
Сақиналы сұлуларын қызықтауға әкелді.
Қанішерге бата берер молдасы да келіпті,
Ал көшеде сәби қаны ағып жатыр қатерлі.
Қорқау қасқыр.
Одан барлық қасқырлар да қашады,
Арлы адамдар жасқанбайды,
бетке алмайды тасаны.
Испан қаны тасып жатыр
теңіз болып бұрқанып,
Ар, найзаның толқыны әлі-ақ
өздеріңді басады.
Қарғыс
Отаным, саған ант етем:
от жанарыңа қан тұнған,
күл-талқан мынау калпыңнан
арылар бір күн туады,
туады нұр Күн шуағы.
Аштықтан өзек үзілген,
бүгінгі жадау жүзіңнен
кетеді қайғы тұманы,
далаңда бидай тұнады.
Әйтеуір сол күн келеді,
жүрегім соған сенеді.
Ал бүгін қолға балта алып,
ізінен басқан кан тамып
тынышын бұзған жан-жайдың
жексұрындарды қарғаймын!
Шұбырып келіп жат елден
нан мен бақыт орнына
көз жас пен қайғы әкелген
көр соқырларға мың қарғыс!
...Келер-ау бір күн құртар күш...
Мадрид
Шалқайып асқақ тұрушы ең
теңізден шыққан батырдай,
Не болып кеттің бүгін сен?
Танымай қалам апырмай,
Жақын кеп саған үңілсем.
Кезенген қару-жарағын
ермегі болдың жауыздың.
Малынып қанға балағың,
Көзіңнен жасты ағыздың.
Жаралы қалпың қансырап,
Қорғандың таспен, темірмен.
Денеңнен қан, тер тамшылап
Жүгірдің алға шегінбей.
Үнімен асау тасқынның
ұмтылдың алға алқынып,
көшеде зарлы үн, жас, қырғын.
Көзіңде тұрды қан тұнып.
Сатқындар жатқан қақпаның
қираттың бәрін балта алып.
Ешкімді бірақ таппадың,
жоқ болды мұнда жан, халық.
Байқадың таңның атқанын...
Күлкіңнен тұрды қан тамып.
Есімде
Есімде менің бәрі де,
ұмытар емен әлі де.
Күйзелдім сонда қалжырап,
ата алмай тұрды таң жылап.
Қан түкірген Жер, жанның,
күңіреніскен Зарлы үнін...
Ұмытса жұрттар барлығын,
ұмытпаған мен бармын.
Сондағы қан ағылған
тарихқа да жазылған.
Сондағы отты махаббат
жаралған еді жалыннан.
О, мырзалар, сұлулар!
Есімде бәрі мәңгілік.
Сол жылдар кетті зарлы қып.
Қан жылап туған жырымды
шырқаңдар өлмес ән қылып!
Ұрыстан кейінгі дала
Жердің беті күл-талқан:
жаутаңдайды жетімдей ақыл сұрап,
қопарылған егін де жатыр сұлап.
Шала-жансар қаралы Жерге мына
Ай қарайды мүсіркеп, жақынсырап.
Дала қалды жұрдай боп көк түрінен,
қабырғасын қара жер сөкті білем.
Тірілер жүр көміп те үлгере алмай,
өліктердің соншалық көптігінен.
Сынған қару-жарақтар, бас сүйектер.
Үйлер қалды шарпылып өрт тілімен.
Шыққыр көзім, куә бол барлығына:
сақтау үшін мәңгі есте қанды мына,
сезу үшін мәңгілік өлім иісін,
кетпеу үшін жанымның зар, мұңы да.
Сақталады мәңгі есте мұның бәрі,
қанды жол боп қалады жырымдағы,
мән куәмін өйткені барлығына.
Бүкілхалықтық ән
Өзім жайлы
Көрдім мен алғаш өмірден
теңіздің шалқар кеңдігін,
жүзімге тұнған өңір мен
қасірет шеккен ел мұңын.
Бәтеңке жамау жыртылған,
сыз өткен аяқ сыздайды.
Балалық шақты мұң тұнған
еске алсам жаным мұздайды.
Темір жол жаққа баратын
күнбе-күн әкем ертемен.
Ешкім жоқ үйде қалатын,
батамын ойға мен терең.
Сарқырап жарға ұрды ағын,
сол үнді жалғыз тыңдаймын.
Кейде асқақ, кейде мұңды әнін
жаныма құйған сырлы айдын.
Жаз болса күні күйдірген,
егінжай тұнған даласы.
Сол жерді жастай сүйдім мен,
мұхиттың еді жағасы.
Шұрқырап жылқы ойдағы,
қайтатын малдар өрістен.
Кешкісін қозы, қойлары
жамырап у-шу көріскен.
Даланың жолын шаңдатып,
арбалар қайтар егіннен.
Жүзім мен бидай - бар бақыт,
қысы-жаз елге тегін жем.
Сарайға толып жатқаны
бал, шарап, жидек бапталып,
Жаз бойы ел тыным таппады
қыс қамын ойлай сақтанып.
Балалық өтті даланың
қойнында, шағын ауылда.
Онда жұрт тапқан тамағын
қарамай боран, дауылға.
Білмедік шулы қаланы,
ортадан ондай жырақпыз,
Жүрсек те шарлап даланы
қалмадық ойдан жырақ біз.
Махаббат
Махаббат жас шақтағы
күдік пен мұңга толған.
Бір сүйсе асқақтады,
қырандай шыңға қонған.
Түн. Толқын ағылысқан...
Сол көктем нендей бөлек!
Жүрегің алып ұшқан
келе ме, келмей ме деп.
Мазасыз көктеменің
келгенде бал түндері,
Көзден жас төккен едім.
Бұл - қайғы әркімдегі.
Оңаша мұңға батқан
жастықтың көктемдері.
Бұлақтай құздан аққан
қиялдың өткелдері.
Сүйіктім келмегенде
аспанды тұман басып,
жер таппай сенделерге
жан жүрек тұрар жасып.
Дүние дүсірледі
жерге аспан құлағандай.
Қайғыны ішіңдегі
тұрасың шығара алмай.
Қараса ол атыңды айтып,
қонғандай қолға бақыт.
Жүрек ас батырмай түк,
толқисың ойға батып.
Жастықтың армандары
қиялмен қанаттанған.
Бар нәрсе жалғандағы
таңдантып тағатты алған.
Бұл әлем саған ғана
күлімдеп қарайтындай.
Шаттық ән бар арнаға
бүкпесіз тарайтындай.
Қара орман сырын ашып,
сенімен мұңдасқандай.
Ағаштар сыбырласып
сөйлескен құрдастардай.
Дүние барлығын да
бөліскен өзіңменен.
Сырласқан шалғының да
түнімен көз ілмеген.
Назыңды бердің желге,
ең алғаш ұнатқаным!
Сандалып мен жүргенде,
жоламай жырақтадың.
Еліктей дірілдеген
бар бейнең көңілімде,
Жұлдыз ең күлімдеген
аспанның өңірінде.
Дір еткен таңдағы үннен
көктемгі гүл бақша едің.
Сүйгізе алмадым мен,
әлде онда тым жас па едім?!
Үй
Ақ ордам үйім менің
Бөренемен мықындалған.
Сыятындай ішіне бүкіл далам,
әшекейсіз, өрнексіз ағаш үй-ді,
Тиіп кетсең едені сықырлаған.
Бірақ одан еңсесі аласармай,
онысынан ешқашан ұтылмаған.
Алтын үйден не пайда өңгедегі,
аттатпайтын ешқашан төрге мені.
Мені үйреткен өмірдің дауылына
жел аңқыған сол үйдің бөлмелері.
Балғын жырым сол үйден қанаттанып
асуларға талпынып өрмеледі.
Дәл сол үйде ата-анам
отыратын ортаға ап бесігімді,
әнге қосып аялап есімімді.
Көп болатын қонақтар. Аяулы ана,
мазалаған сондағы кеш үнімді?!
Сонда кезім болса ғой ес білетін,
ат дүбірі, дүрсілдер естілетін,
мылтық үні сарт та сұрт, жүгірістер...
кіріп, шығып адамдар кеш жүретін.
Абалайтын күшік ит дымы қалмай,
біздің үйдің сыртында ұры бардай.
Паровозбен кететін алыстарға
қайран әкем түндерде тыным алмай.
Паровоздың дүрсілін сүйетінмін,
келеді әкем - киімі күйе күлгін.
Кетерінде оралып аяғына
алып кет деп мені де жиі өтіндім.
Жұмысшылар келетін жиі бізге,
күлкі, әңгіме толатын үйімізге.
Бөлмеміздің тарлығы, салқындығы,
білінбейтін жүпыны күйіміз де.
Көрген олар өмірдің сан ызғарын,
азап қайғы көзден жас ағызғанын.
Мен солардан түсіндім әр адамда
ел алдында өтейтін парыз барын.
Ерте есейіп ұқтым мен өмір заңын,
мен сондықтан оларға қарыздармын.
Жолдағы достар
Келдім мен астанаға
серік қылып көгілдір арманымды,
тамашалап жағада таңғы ағынды.
Қала жатты оранып боз тұманға.
Елемеді мені ешкім қарға ғұрлы.
Жарқыраған сәнді үйлер мен көрмеген
(мен өйткені жырақтан, елден келгем),
тұншықтырып кеудеңді қысады екен
газдың иісі ұласып бензинменен.
Алғашында мен түкке түсінбедім,
ақ арманға титтей дақ түсірмедім.
Шешек қырған жандардың моласынан
қатты шошып үдеді ішімде мұң.
Елтімедім қаланың гүліне мен,
жыр қумасам қаладан түңілер ем.
Әр кеш сайын жұпыны жатағымда
жыр маржанын теруші ем түніменен.
Мен түсіне бастадым,
өмір деген кімге сор, кімге бақыт,
жеткізбейді алдамшы жүрдек уақыт.
Әр кеш сайын ойлардың толқынында
малтып жүрдім бір шығып, бірде батып.
Мен осылай өмірді бастағанмын,
көңілде арман, биік құз-асқар алдым.
Қиын жолды - жыр жолын қуып бердім
азап көрдім, жанарды жасқа малдым.
Жандар көрдім азаптан құтылмаған,
әділетке тапшы екен бүкіл ғалам.
Дүниеде көп екен адамдар да
жараланып жүректен, тыпырлаған.
Мен солармен достықтан арылмағам,
мұндай достар бұрын-соң табылмаған.
Үйретті олар өмірдің шындығы мен
адалдықтың, достықтың бәрін маған.
Жүректерге мұң құйдым жырларыммен,
алдарынан үміттің шамын жағам.
Олар маған сана мен сезім берді,
қуат берді бойыма жалындаған.
Студент қыз
Жүрегімді әлі тербеткен
алыста қалған кез мүлдем
Махаббат еді ол ержеткен,
сәбилік сәттен бездірген,
ең алғаш маған, саған да
жігіттігімді сездірген.
Аттатқан сәби пәктіктен
ұяттан безген сол түнде.
Құлпырып тұрды бақ біткеп,
құлпырып кетті көркің де.
Төсекке келіп құладым,
не болды - жаным сезбеді.
Есімде жалғыз - жыладың,
сүйіп те жаттың сен мені.
Тәтті нәр алып түнектен,
қанымда бір от лаулады.
Дүрсілдеп соққан жүректер
естіртпеді үнді баудағы.
Махаббат тұрды қалықтап,
қол жеткен талай күрсініп.
Әлемді кезді ол шарықтап,
біткендей өзге тіршілік.
Сезімге батып бал-шырын,
есімнен танып жаттым мен.
Рақат деген (бар сырым)
басталды сол бір ақ түннен.
Саяхатшы
Теңіз кездім, ел кездім жағаларда,
Көзім тіктім көрмеген қалаларға.
Қайда барсам жоқтық пен аштық көрдім,
Болады олар өмірде жала барда.
Енді көрдім коңырқай адамдарды,
Көргені ылғи теңсіздік жаралғалы.
Тас қопарған шаң жұтып шөл далада,
Мұнай іздеп жер бетін тарамдады.
Тұрдым біраз Бирмада ән тынбаған,
Мұнаралар алтынды жарқылдаған.
Тереземнен соғатын самал желге
Кеудемді ашып кештерге салқындағам.
Сан көзімен қадалып қарар аспан,
жұпар менен қоңсы иіс араласқан
түнгі ауада тұрушы ем мен де үңіліп,
бұл иіске үйренген бала жастан.
Тағыда ұқтым мен сорлы қара басып,
жамандық мол тірлікте араны ашық.
Бұл әлемде әділет жауыздықпен
жүреді екен ылғи да жағаласып.
Жырақта
Ұлы Индия!
Жалба-жұлба түріңе қарадым мен,
Мұң естідім сендегі қаралы үннен.
Ұлдарың жүр қарусыз дала кезіп,
Құтыла алмай азаптан бала күннен.
Жылдар-жылдар салыпты шимайларын,
Көкіректер өксиді сыймай жалын.
Бабаларың қалдырған сан мұраны
Қайғы, азапқа мен тұрмын қимай бәрін.
Көшең қандай гүл тұнған жасыл желек,
Тамашалап көруге ғасыр керек.
Дана халқың жүр бүгін жүдеп-жадап,
Жүрген бар ма өмірде асылды елеп.
Сәнді сарай, молалар белестегі,
Аталардың белгісі емес пе еді –
Бірақ осы әшекей, өрнектерден
Жазықсыз қан, өлімдер елестеді,
Елестеді жауыздық арды аттаған,
Бұл жауыздық кімдерді зарлатпаған.
Тірліктегі бар қадір-қасиетті
Сылдырымен ақшаның салмақтаған.
Құдайлар көп. Жұрт одан арылмады,
Тас мүсінге келеді табынғалы.
Сұсты бейне, кекшіл көз қарағанда,
Гүлдер солып кетердей жанындағы.
II
Қарап тұрдым ғасырыма
бос жіберген жауыздықтың жүгенін.
Әлде жаным ашыды ма,
Әлде менің айныды ма жүрегім -
Біле алмадым ол жерін
Мынау менің көргенім:
Сайгон жерін араладым,
Мадрас пен Кандида да болғанмын.
Мұхиттарды жағаладым,
Кездім ішін джунглидей орманның.
Бангкокта таңдандым,
Тас маскалы биші қызды көргенде.
Өзендерден іздеп күндік талғамын,
Мыңдап жүрген қайыршылар сор кеуде.
Өзен ассаң алдыңда
Жер жатады сүйреткендей теріні.
Қара халық зар мұнда
қара нанға. Өшкен елдің сенімі.
Қолбасшы да, мырза да
тұрады аппақ әсемделген сарайда.
Берер екен кім жаза
Бұл өмірге қайғы салған талайға,
Соларда екен жауыздық пен бар былық.
Ал халықты жылатқан
өз байлығын өздеріне зар қылып.
Европалық ақ адам,
мұнай қуған америка байлары
қаңғып келіп қаладан
біреулердің жерін тартып, жайлады.
Соғыс
Ұйқыдағы әйелдей
Маужырап төсегінде,
Жайқалып төсі егінге
Жатқан-ды Испания,
тып-тыныш көше мүлде.
Гүл түнып бақтарында
Алаңсыз төсегінде
Тыныстап жатқанында,
Тасалап бұрыштарды,
Аңдып кеп тыныш маңды,
Тап берді қарақшылар
Кезеніп қылыш қанды.
Ұйқыдан ыршып тұрып
Қапыда түршікті жұрт.
Жау жүрді ажал сеуіп
Халықты тұншықтырып.
Испания!
От кештің дара қалып,
жүректен жараланып
Тұр төніп ажалды түн,
Атпады таң ағарып.
Қаралы тұрсың бүгін,
Жоқ жассыз, мұңсыз күнің.
Үзілді сан бұтағың,
Қайғырды, күрсінді ұлың.
Тілеймін жылап тұрып:
Гүлдесін үміт-құрақ,
Жүгірсін күліп бұлақ.
Махаббат
Испания!
Мен өзіңмен сырласам жылап тұрып:
Тындашы өзің үлыңды құлақ түріп.
Көп нәрсені сіңірдің қаныма сен,
Бердің маған махаббат, тұрақтылық.
Жар сыйладың.
Ол ұқсайды балауса гүлге мүлде!
Аймалайды тынышсыз түндерімде,
Тек сол ғана жанымды жадыратты,
Түнектерден түңіліп жүргенімде.
Тағдыр, сірә, қоспаган бекер бізді,
Қастерлеймін кездескен мекенді ізгі.
Дауылдар мен қан төгіс соғыстар да
ажырата алмады екеумізді.
Кездескенше, сүйіктім, мен сенімен
жалғыздықта мақсатсыз сенделіп ем.
Мен мұнда едім, білмедім күн туарын
қанып ішер бақыттың ернеуінен.
Сонда шалды жүзіңді тұман кайғы
(ұғысқандар қабақтан сыр аңдайды).
Сүйгенінің қайғысын көре тұра
шын сүйген жан қайғырмай тұра алмайды.
Махаббаттың ыстықтау оты Күннен.
Ұмыттырдың, өмірден өкініп ем.
Қарсы шабам қатарға арғымақтай
Қарғып өткен ажалдың көпірінен.
Шолпаным боп кеудемде жарқырадың,
Содан бері жалғыз сен - бар тұрағым.
Күресте де сен жүрдің қатарласып,
өзіңменен шарықтап шалқыды әнім.
Бізде шаттық, қайғы да, кек те бірге.
азапты да мен үшін шекпедің бе!
Әрі шатты, әм мүңды жыр боп қалдың
менің кітаптарымның беттерінде.
Еш нәрсеге мен сенсіз елтідім бе,
сен болмасаң қызықсыз еркін үн де.
Тағдырым боп жолықтың сонау баста,
жалғыздықтың тұманын серпідің де.
Сен болмасаң атпайды таңым күліп,
минут сайын жүресің сағындырып.
Дүниенің жарығын жиып алып,
тұрсың мені нұрыңа малындырып.
Мексика
Өзендердің сағасын,
Теңіздердің жағасын
Мекендеген халықтар не заманнан.
Көкірегін Жердің еміп өтсем деп,
бал ернінен өбсем деп
шымырлатқан денені арман.
Мексика!
Үлесіңе алайда
(Тағдыр деген арманыңа қарай ма)
Тиген екен кең дала шалғай мекен,
Бауыр басып күн қақты аспаныңа,
Мүжілген тастарыңа
Ұя салып қырандар самғайды екен,
Кең жазық аймағыңда,
Егін сап майда құмға,
Өсіріпсің раушан гүлін де сен.
Қос мұхит арасында
Шөлдеген дала суға.
Өмір солай ала ғой, түңілме сен.
О, боз дала, шөлдеген,
махаббаты сөнбеген
Күн нұрынан нәр алып жалындаған.
Баурады елің мені
Кең шалқар жеріңдегі
Үйлеріңде мен талай дамылдағам.
Мексика!
Аймағы үлылардың,
жүректе жыры бардың.
Отаны бұл ақ алмас қылыштардың,
не ғажап аңыздардың,
бәрі үшін қарыздармын.
Ұл-қызыңмен үнсіз-ақ ұғысқанмын
Мейірім мен шуақтан,
Қайсарлық пен қуаттан
Жаратылған келбетің қымбат маған,
Ақ көңіл жандарыңды,
Ақ тымық таңдарыңды
Жүрегімнің үнімен жырлап барам,
Кастилия...
Есімде дауыл күндер,
Дауыл күндер қан төгіс ауыр күндер,
Шықты үлдарың өлімге қарсы аттанып,
Азамат қансыраған
Кеңпейілді далаңда жан сақтадық.
Мексика,
аштың сен құшағыңды
жандарға кұса, мұңды.
Өз ұлыңдай қарсы алдың, күлімдедің.
Саған деген сезімді
жеткізсін жырым менің,
Өлсе менің жырларым
Қөтере алмай тағдырдың жез тырнағын,
Ұмытпағын сені шын сүйгендерді,
ар жолында бастарын игендерді.
Оралу
Отаныма оралдым,
Қарсы алады мені алдан сары далам,
Шөлден, талай азаптан арылмаған.
Қоштасқан кез секілді, сағынышпен
жасын төгеді туған жер тағы маған.
Азап кештім, талпындым саған қарай,
Мен де өзіңді өзіңше сағына алам.
Талай елді армансыз араладым,
Дәл өзіңдей көрдім мен дала барын.
Ол далада арманшыл құстар менен
батыл жандар бар екен, паналадым.
Кен іздейді қопарып қара құмды.
Жатады үнсіз тіл қатпай дала мұңды.
Сонда сені, туған жер, елестеттім,
Елестеттім еңбеккер адамыңды.
Олар менің туысым, қандастарым,
Қол ұстастым солармен, жалғасты әнім.
Әділетке, күреске шақырды ылғи
Сол жандарды мен жазған бар дастаным,
Мен сол үшін қуылдым, жасырындым,
Еркіндікке, шындыққа ғашық ұлмын,
Үнім асқақ. Тұрады ол әшкере қып
Зұлымдығын екі бет ғасырымның.
Қуаныш
Мен жазамын өлеңді
Қарапайым жандарға
Талпынатын арманға
Нан мен судан өзге бір
арманы жоқ жалғанда.
Көңілі аппақ кіршіксіз,
Жаны таза ардан да.
Мен жазамын халық үшін
Оқып бір күн жырымды,
Естиді одан бір үнді.
Не қуантты, жылатты –
ұғады олар сырымды.
Егіншінің көзінен
От ұшады жалындап,
Мұңсыз күнін сагынбақ.
Балықшы да үмітпен
Кетеді алға адымдап.
Айтады олар мен жайлы
Дос екен-ау бізге деп,
Сол жетеді. Ойым жоқ
Басқа бақыт іздемек.
Өлім
Мен талай тірілгенмін
мәңгі екенін паш етіп жұмыр Жердің.
Енді өлемін. Айналам топыраққа,
Естімеймін бірін де дүбірлердің.
Естімеймін күлкісін сүйіктімнің,
Естімеймін ыскырған үнін желдің.
Естімеймін үстінен қабірімнің
толқын ба әлде адам ба - жүгірген кім?
Бай мырзалар өлімнен қашқан, жүдә,
Қара жердің кегінен жасқанды ма.
Жұмақ жасап алуға тірі кезде
бөлісуге тырысады аспанды да.
Мен жұмаққа баруға талпынбадым,
Қара жердей, шүкірлік, бар құндағым.
Енді мейлі енемін құшағына,
Жер үстінде мен талай жарқылдадым.
Мен ажалды кедейше қарсы аламын,
Олар ылғи ұмытып шаршағаыын,
өлім жайлы ойлауға уақыт таппай,
білем бақыт туралы аңсағанын.
Біреулерге жұмақ та жасайды олар
Және соған төгеді қанша қанын.
Бәрі де өтті пәниден, бәрі кетті,
Мықтыға да ажалдың әлі жетті.
Таңдамайды жынысын, бай, жарлыны,
Өлім деген осындай әділетті.
Өмір
Уайым шексін біреулер о дүние туралы,
Ойламаппын мен бірақ ол жайында туғалы.
Өмір деген әдемі соны ғана білем мен,
Жас арудай тартады тірлік шіркін гүл өңмен.
Дүниеде мен ылғи нәзіктікті ұнатам,
Күрсінгенде көңілді гүлге қарап жұбатам.
Алыс елдер, тынбаған қоңыраулар дабылы,
Таң алдында ұрыстар. Аврораның жалыны.
Махаббатым өмірде айнымаған, сөнбеген –
Бәрі мені күтіп түр, алыс жерлер көрмеген.
Өмір деген ұзақ жол, қысы ұзақтау күзінен,
Өмір - алып жартастар
дәу толқындар мүжіген.
Жаңа піскен нан иісі, тербелісі бидайдың,
Соның бәрі өмір ғой. Мен өмірді қимаймын.
Өмір үшін нұр шашқан
сансыз оттар жымыңдап,
Сан тағдырға өмірден жол көрсетіп,
тұр ымдап.
Көр қазып жүр біреулер,
дайындап жүр өлімді,
Құрта алмайды бірақ та жердегі бар өмірді.
Өмір деген мәңгілік, сөнбейді оның шырағы,
Қуаныш пен бақыттың нұрын шашып тұрады.
Өсиет
Жұмысшылар менің кіл жыр етерім,
Жер қопарған, кен қазған.
«Қара аралда» үйімді жағадағы
Мен өлгенде соларға мұра етемін.
Қанын сатқан Чилидің арамдары
Адамдарды қанады, сан алдады,
Қиналғандар демалып жүрсе деймін
Менің салған үйімде аралдағы.
Шаршағандар жамылып кек түнегін
Ұмытса сәл тұрмыстың тепкілерін,
Столымда отырып тамақ ішсе,
Төсегімде ұйқтаса деп тіледім.
Есігі ашық үйімнің, туысқаным,
Кел, ұмыт та азап пен жұмыс барын.
Салған үйім бұл менің өз қолыммен
Кешіп жүріп өмірдің ұрыстарын.
Мен осы үйде жыр жазғам тағы күшпен,
Махаббаттың шырынын қанып ішкем.
Талай ұзақ сапардан, сан елдерден
«Қара аралға» оралғам сағынышпен.
Сен де сағын бұл үйді, сағынасың,
Шын сағынып келмесең арыңа сын.
Айна төсті теңізге қара, сонда
Мазасыздау күйіңнен арыласың.
Екінші өсиет
Мынау кітапханамды қалдырамын,
Құндысы осы мендегі бар мұраның.
Кітаптарды жинадым көп жыл бойы,
Көп сырластым, түндерде қалғымадым.
Ақынына қалдырдым келер күннің
Дүниеде әділет жеңер бір күн.
Алып қолдар жер үстін тазалайды
қоқыстар мен бықсықтан. Сенем, құрбым!
Дозақ өмір бүгінгі қалжыратқан,
Ауыр бейнет халықты кан жылатқан.
Кетер ұшып сағымдай жер бетінен,
Көрер сонда адамдар таңды да атқан.
Сонда ақ бидай алқапта тербеледі,
Жасарады, жайнайды Жер бедері.
Сан ғасырлар төгілген қан мен тердің
Жемісімен қызығын ел көреді.
Сонда өмір арылып бар күнәдан,
Бостандықта армансыз шалқыр адам.
Сонда ғана туады өлмес кітап
Өтіріксіз, тек шындық жарқыраған.
Кітаптардан мен жиған нәр бұлағын
ішсін халық, естісін ардың әнін!
Ақынына келешек ұрпақтардың
Мынау кітапханамды қалдырамын.
***
Мен өлгенде жерлеңдер
«Қара аралда», мүхиттың жағасында
Жер мен су арасына.
Онда толқын тулайды құзға асылып,
Кейде тыныш түскендей сабасына.
Мұхит берген жаныма
мендегі бар қасиет, жақсылықты:
Мөлдірлікті күндердей ақ тымықты.
Көз жетпейтін кеңдікті шет-шегі жоқ,
Кейде жайлы, кейде ерке жас қылықты.
Мұхит берген
Құстарының қанатын жырларыма;
қанық еді толқындар сырларыма.
Мен көңілсіз келгенде жағалары
Жұбататын орап ап құндағына.
Шаттығымды, қайғымды бөлісетін,
Мен жыласам жастарын төгісетін.
«Қара аралға» сапардан оралғанда,
Толқын біткен қуанып көрісетін.
Аймаласын денемді өлгенде мен,
Ағыстармен, сонда мен өрге өрлер ем.
Өлмес толқын денемді орап алып,
Көктемдерге жеткізер мен көрмеген.
Мен өлмеймін
Мен өлмеймін,
Жанартау боп жүрегім атқылайды,
Қаным мөлдір бұлақ боп шапқылайды.
Халқымменен бір жүрсем шаттанамын,
Жауға қарсы найза алып аттанамын.
Жауыздық көп жерде әлі,
Жатыр адал гректер дарға асылып,
Жапон жерін тұр тағы қан жасырып.
Чилидегі басшылар ардан безіп,
Отыр бүгін жазықсыз жандарды езіп.
Мен өлмеймін сондықтан
Әнімменен қаламын, жырымменен.
Жүрегімнің еліме гүлін берем.
Күтіп жүрген адам көп жырларымды,
Күтеді олар сөнбейтін бір жалынды.
Менің партияма
Танымайтын жандарды туысқан қып жібердің,
Қайнар көзін сен бердің қайрат пенен жігердің.
Отанымды қайтардың быт-шыт болған кезімде,
Бостандық деп талпынтқан бөледің бір сезімге.
Мейірім мен махаббат отын жақтың жаныма,
Сен үйреттің ешқашан дақ салмауды арыма.
Жауыздықтың, бірліктің түсіндірдің не екенін,
Адалдық пен адамдық сен көрсеттің мекенін.
Алып келдің сен мені шындық атты аралға,
Халық деген - үйреттің - тірек барын адамда.
Жау болуды үйреттің зұлымдыққа, зорлыққа,
Мақсат үшін күресте болатынын қорлық та.
Жалын бердің сен маған, жанам енді, сөнбеймін.
Бұл өмірде сен барда, мен ешқашан өлмеймін!
Соңғы сөз
Бүл кітап бітеді енді.
Ол басталған ыза мен ел кегінен;
Мұқтаждардың қайырсыз еңбегінен;
Мықтылардың қан толы шеңгелінен;
Бүл жырларым туған-ды,
Өрттей лаулап жалыны алаулаған
Қаһарына шыдамай қарауға адам.
Қалтыраған арында дағы барлар,
еркіндікке шапшыған қамаудағы аң.
Ойламаңдар бұл жырлар
тек ыза мен ашудан туған-ау деп,
Жаздым оны шындықтай шыңнан егеп,
Мұнда күш бар. Кәдімгі Жердің күші,
Кескін бөлек ол күште, тұлға бөлек.
Ол күш менмін.
Қара тасты балқытып гүл еккенмін.
Жайлауында жүрем мен жүректердің.
Менмін жүрек лүпілі, сағынышы
аңсап талып айқасқан білектердің.
Үнді азаматына
Боливия, Перудің
көшесінде талықсыған, азамат,
тағдыр өзі жазалап,
кең даладан орын тимей еріксіз
Америка тауларына паналап,
жүрсің, міне, табаныңды тас тіліп,
жанарыңда кек аралас, жас тұнып.
Тұр одан да, алыбым!
Шуақ күннің жарығын
тағдыр саған түсірмесе, білекпен
серпі мынау дүниенің тұманданған сағымын.
Кеттік алға, ілгері,
біз де алармыз жүлдені!
Талап етем мен сенен:
қашанғы сен үнсіз, мылқау жүресің
қара тастай, не қанатсыз қырандай,
тіл қата алмай, қарсыласып түра алмай,
Кеттік алға!
Жұл үнсіздік пердесін,
іштей тынған тірлік қайта келмесін!
Ұмыт сонау соқпақтарды бұрынғы,
шырқа ешкім естімеген жырыңды.
Киін тездеп, өмірменен бір егес,
тағдыр деме,
тағдыр деген түн емес!
Таста, азамат, бар мұңды!
Өздігінен атпақ емес таң нұрлы!
Жазмыш деп жалтаңдама, біз мына -
Сені мен Мен - кәдімгі
қолымызбен, қанымызбен төгілген
жасамақпыз тағдырды.
Өмір деген бір орнында тұрмайды,
Ойлама сен өткен түн мен күн жайлы,
тыныштыққа апаратын жолдар жоқ,
Сілкінбесең, басқа түсер мұң-қайғы
Кедергілер жармасқанда аяғыңа оралып,
Өзіңе өзің қарай берме жалтаңдап,
бұл әлемде саған ғана
түссе-дағы бар салмақ,
күресуден қымсынба да қорланба,
көзіңді сал өмір деген орманға:
Сен баяғы күйде деме дүние –
өзгерді әлем бұл күнде,
сен алғашқы күшіңді жи бойыңа,
тіріл қайта, сілкін де!
Кара жердей мұңға толы жанарың,
селт еткізбей өмірдегі бар ағын,
қаншама жыл жүрсің, досым, тіл қатпай
бітелгендей тамағың...
Қайда сенің о бастағы қайратың,
керек бүгін айбат-үн!
Біз көреміз
Сені ылғи да босағада, есікте,
босағада жаутаң қағу сен үшін
маңдайыңа жазылған бір «несіп» пе?.
Құйып тұрған күзгі қара жаңбыр ма,
түн бе, мейлі — тұрдың есік алдында
бүрсең қағып аштықтан.
Қара бүгін:
Сенен басқа жанның бәрі, бар адам
Жапа шексе жаладан,
кектенеді: талап қоя біледі,
бақыты үшін озбырлыққа тік қарап,
алады оны жағадан.
Бұл жағдайды жұрттың бәрі түсінген.
Тек сен ғана тынып ылғи ішіңнен
Отаның жоқ, елің жоқ,
түнеп шығар жерің жоқ,
Жүрсің жырақ еркіндіктен, бақыттан,
саған келмей өзгеге атқан жақұт-таң.
Ақымағым, жанарыңды аш, қара,
бойыңдағы қайратыңды жасқама!
Жұрттың бәрін жауыз деме, сұм деме! -
Дүниеде адамдар көп жауыздардан басқа да!
Мүмкін, саған түсіндіре алмаспын,
бірақ ұқ сен мынаны:
пистолетті мырзалар да, байлар да
бұл күндері калтырайды, бұғады,
Қорқады олар!
Өздерінен күштілердің бар екенін ұғады.
Сәнді үйлері олардың
сырттай жым-жырт пішінде:
бірак, бірақ қорқыныш пен үрей толы ішінде,
мықты дейтін мырзаларың түнімен
зәресі ұшып сығалайды терезенің бірінен
үйімізді қоршап алған жоқ па деп,
тірі күйде жағар бізді отқа деп,
дөңбекшиді төсегінде ол тағы,
Себебі олар, бейшаралар, қорқады,
Қорқады олар өзіңнен,
саған қылған зұлымдығы естеріне түседі,
түседі де, ас орнына үрей уын ішеді.
О, жарқыным, біледі олар
талай нәрсе өзгергенін өмірде,
алынбаған кек жатқанын көңілде,
біледі олар
азаматы үндінің
басқалармен қатар басып жүргенін,
басқалардай күлгенін,
басқалардай мектепке оның барғанын,
оның-дағы ұмтыларын үстау үшін арманын,
біледі олар
бұл күндері үнділер де, жетім де
күш қылуға бекінген,
Сондықтан да қоркады олар, қорқады
сен жүргенде қара жердін бетінде!
Қашқын
Фрагменттер
VII
Чили, елім менің,
Жасыл жайлау мекен ең.
Көк теңіздің жағасында жайбарақат жатқан бір
Көкірегін жапқан нұр...
Бүгін, міне, қараймын:
ұлылықтың белгісіндей жатыр жалғыз ақ айдын;
Одан басқа қалғаны -
Лас-қоқыс, көшкен елдің жұртындай,
Жоқтық үні тұр тынбай
жүрегінде менің туған елімнің.
Ей, жолаушы,
Вальпараисо қаласына қарашы –
сонда ұғасың наласы мен жарасын.
Азаматы Чилидің,
қатал жердің ұлдары,
өзіне еркін тимей туған құндағы,
дауылдар мен қоқыстарға көміліп
өмір кешіп жүр бәрі.
Вальпараисо,
кедейліктен жараланған сәбиің,
ойрандалған әр үйдің -
бәрін-бәрін көрген сайын соламын,
жүрегімді оқ тескендей боламын.
Мен қайғырам сен үшін,
Халқым үшін, сосын мен
Америка деген мына ел үшін.
Жатыр бәрі сүйегіңді кеміріп,
Құтырған ит секілді олар еліріп.
Туған жерім Чили ару тұлғалы,
Жаралады сені жаттың тырнағы.
Сенің аппақ пәк кеудеңді аяусыз
Қаңғып келген аш төбеттер былғады.
VIII
Вальпараисо, мұхиттың қалыңдығы.
Сүйем сені жаныммен,
Жүрегіммен, мендегі бар жалынмен.
Сені ешкімге бермеймін мен, бермеймін!
Өзім ғана аялаймын, тербеймін.
Саган ешкім көз салуға хақы жоқ.
Сені менен айыратын жан болса,
Мен ешқашан бітіспеймін, кек қылышын сермеймін,
Сені жатқа қор қылмаймын, аяулым,
Соның үшін күресемін, кішірем.
Сенің жаның, сырыңды да - барлығын
тек мен ғана түсінем.
Жағадағы аруым,
бір сен үшін мен дайынмын тірліктің
Қарсы алуға бар азабын, дауылын.
Мен әуелден саған ғана құмар ем,
Сенсіз маған тар секілді бұл әлем.
Теңіз сүйіп тотықтырған жандардың –
бәрін-бәрін шын сүйемін мына мен.
IX
Вальпараисо,
кететіндей сыйып шағын шыныға,
ойыншықтай сүйкімдісің ұлыңа.
Мұз толқыннан егер азап тартпасаң,
ойыншық боп тұрар ең, сен мұныма.
Сүйем сені жүрегіммен, санаммен,
амалым жоқ, сенен кетіп барам мен:
бостандыққа қол жеткен соң, қалайда
ораламын саған мен.
Мен сенімен бостандықтың таңына,
отырасың емін-еркін тағыңа,
аймалайсын, сонда мені от деммен
шаттық құйып жаныма.
Келбетіңе қырмызы
ғашық әр кез Чилидің бар ұл-қызы.
Саған ешбір тең келетін ару жоқ,
Су ханшасы, Антарктика жұлдызы!
Махаббат пен өкініш әні
* * *
Сіздің-үйге мен ылғи жанарымды қададым:
Жүреді онда әндетіп ыдыс-аяқ, табағың.
Немесе тау басынан құлағандай мың бұлақ,
Сенің күлкің соларға қосылады сыңғырап.
Қабырға да ол үйде тіл қатады, мен білсем,
Тіл бітеді тасқа да көктемдей боп сен жүрсең.
Сен жүресің іс тігіп, әндетіп гүл егесің,
Тамақ жасап жүгіріп, кетіп қайта келесің.
Үйден өзің шығып ең, кетті сонда өң менен:
шілдедегі тал түсте боран сездім бөлмеден.
Мынау маңда еш үн жок, тылсым тыныш айнала,
Ерке бұлақ жағамен сырласады жай ғана.
Біз тұратын қаладан жалғыз-ақ үн шығады –
үнің, қалқам, ол сенің —Паблоның құмары.
***
Ұмытпаймын қолдарың
семіп қалған қызғалдақты тірілткен.
Бар табиғат - тау мен теңіз, орманың
Саған қарайды үмітпен.
Мазасыздау жүргенің
туған жерге мейіріммен нәр беріп.
Қалампыр гүл шашып еді бүрлерің,
Жердің беті жүре берді әрленіп.
Сенің қолың тегінде
Қасиетті қара Жерден жасалған,
Жүрегімді жібіткен-ді менің де
қатып қалған қашаннан.
Жаныңда ылғи шалқып жүрсем ән салып
Қолдарың ғой берген маған бал шабыт.
***
Мен сүймеймін және де сүйем, алма көңілге,
Сүю менен сүймеуден тұрады ғой өмір де.
Көлеңкесі бар жердің күнгейі де болады,
Қадірі жоқ оттың да соқпаса егер бораны.
Өмір бойы жалындап сүйіп жүру үшін мен
(сүймей жүрсең аумайсың
тастан соққан мүсіннен),
Махаббатсыз құр оймен баспау үшін еңсені,
Сүйіктім-ау, бір мезгіл сүймей жүрем мен сені.
Сонда менің көңілім тыныштықтан безеді:
ылғи сүйіп жүруден жалығарын сезеді;
Мәңгі сүймей кетудің кайгысынан қорқады,
Сосын тағы сүюге ұмтылады ол тағы.
Сүймей жүрмін десем де,
сүйем, тәтті таңдайлым,
Қайткенде де өзіңді сүймей жүре алмаймын.
***
Көз қуантқан көп жұлдыздың ішінен
Мен таңдадым өзіңді,
Содан бері тек сен болып
дүниені түсінем,
сен деп ілем көзімді.
Сансыз жасыл толқындармен жарысқан
бір денені аңдадым.
Ол дененің толқыннан да
мөлдірлігін алыстан
байқадым да, таңдадым.
Сонсын мынау дүниенің бар нұры
Құйылды да жаныма,
Кездестім мен күліп атқан таңыма!
Сен жолықтың жүрегіне ақынның
жаралғандай ақ күннен.
Қасиетті туған жерден, ақылдым,
өзіңді іздеп таптым мен.
***
Сен күліп ең, жапырақ бүрін жайды.
Ағаш біткен жайраңдап жымыңдайды.
Нұрлы күн де күлімдеп жер аруға
саусағымен сипалап сыбырлайды.
Сен күліп ең, шашырап сыңғыр үнің,
дүниені жаңғыртты бұл қылығың.
Тазарғандай ластан түскі ауа да,
Аспан мен Жер - бәрі де нұрлы бүгін.
Сен түнекті күлкіңмен жарқыратып,
Түндер сонда кетеді жалқын атып.
Жапырақтар самғайды көк аспанға,
Қанатсызға ол деген жарты бақыт.
Сен күлгенде бұлақтар сайдан қарғып,
Күңгірт өмір жөнелер жайраң қағып.
***
Тыныш таптық жүзімді баққа барып,
Сүт сәулелі дүние жатты ағарып,
Тек екеуміз. Рақат күйге ендік-ау,
сандырағы қаланың артта қалып.
Ошағымыз оты өшпей жалындаған,
Шымылдығын түсірді лағыл далам.
Махаббат па елжіреп сүйіспеген,
Оп-оңаша сәттерді сағынбаған?!
Ащы шындық - ғашықтың сыйынары
(шындық жолы әлемде қиын әлі).
Шындықпенен ақ сезім араласып,
Қос бокалға өзен боп құйылады.
Сөйтіп ақыл, махаббат ұласқанда,
Қос қанат боп шырқайды шың аспанға.
Сөйтіп туады сезімнің мөлдірлігі,
Сонда жайнар даланың солғын гүлі.
***
Менің аппақ көңілдім,
Біз өлім мен өмірдің
ортасында арпалысып жүрсек те
жарасымын таптық екі көңілдің.
Бірақ бәрі өзгереді күні ертең:
басқа жігіт басқа қызды құшады,
Біздің мынау қайталанбас түн, еркем,
Көзден бұл-бұл ұшады...
Бірақ, сәулем, қуанам мен:
жарқын күн
бізден соң да тіршілікке шашса нәр.
Біз болмаспыз.
Ал бәрібір бал түннің
ләззатына тамсанады басқалар,
Сонда тағы жаңа өмірлер басталар.
***
Әлемдегі асыл заттың барлығы
Есіміңмен аталады бір сенің:
қымбат тас пен бүршік жайған таң гүлі –
тек өзіңсің. Ауруымның білші емін.
Сенің атың ақ айдын ғой шалқыған
Менің терең жүрегіме құятын.
Сол айдында талай өзім балқығам.
Сонда жүріп бойға қуат жиятын.
Сенің атың сырлы әлемге баратын
жан баспаған құпия бір жолдар ғой.
Кеуде керіп жанға рақат табатын,
Сенің атың хош иісті орман ғой.
Қара көзің қадалсыншы жаныма,
Айдыныңда тұншықтырсаң, сол ғана ем.
Есіміңді қайталаумен тағы да
ұйқылы-ояу мас болайын сонда мен.
***
Адасып қап орманда бір бұтақты сындырдым,
Сыбырлайды ол сонда әуенімен бір мұңның:
әуенінде дауылдың өксігі бар тынбаған,
Найза сүққан жүректің
демі естіліп тұрды одан.
Әлдеқашан ұмытқан бір әнімді сонда мен
жаңа есіме түсіріп,
қайта айтқандай болған ем.
Қараңғы түн жалмаған бір үн келді құлаққа,
Сезіп тұрдым, ол әуен естілгенмен жырақта.
Ұйқылы орман ішінде ұйқылы-ояу қалпымнан
сергіп кеттім сонда мен шошынғандай салқыннан.
Сынған бұтақ әуені қалмай қойды артымнан.
Сонда менің өн бойым әлденеден дір етті,
Бала күнде жоғалтқам туған Жердей тіректі...
Енді, міне, кездейсоқ сынған бұта үнімен
Сол аймақтың жұпары шарпып өтті жүректі.
***
Қайдан уақыт тапсам-ау
сенің алтын шашыңды тойлау үшін,
Санап бәрін жалықпай, ойнау үшін.
Сүйгенінің көзіне ғашық бұл жұрт,
Мені шашың құмар ғып қойғаны шын.
Сенің шашың алтын ба, от-жалын ба,
Орман ба әлде, жол-жосық жоқ па мұнда?
Орман болса, жұрт қорқар. Ал мен бірақ
қақпасын да табамын, соқпағын да.
Ал сен өзің адассаң саспа, жаным,
Тек мені ойла, ұмыт сен басқа барын.
Сені сонша сүйетін мені есіңе ал.
Мені өзіңсіз қаңғыртып тастамағын.
Жердің үсті қайғы, жас, жасқанар үн,
Біреулерде бос күлкі, басқада - мұң.
Міне, осындай қым-қуыт тіршілікте
Мені, жаным, өзіңсіз тастамағын.
***
Кішкентай ақымағым!
Теңдесі жоқ сұлуым, ақыл, арым.
Сенің ернің күздегі қызыл қарбыз,
Қарбыз жеуге өзімді шақырамын.
Кішкентай күнім менің!
Қуанғаным, өкпелеп түңілгенім.
Төсіңдегі екі айға ұмтылам деп
қаншама рет алдыңда дірілдедім.
Мен ешкімге бұлайша жүгінбедім.
Ақымағым!
Жұлдыздарды сен бе деп бақыладым.
Толқынды да сен бе деп қуып кетем,
Ұстай алмай сілемді қатырамын.
Ақымағым, ақылдым, құдіретім,
Мен сәбимін алдыңнан жүгіретін.
***
Сені сүймей жүре алман бір күн де есен,
Сенсіз көңіл - күз күні жаңбырлаған.
Қайғым да сен, сүйіктім, күлкім де сен,
Гүл ерніңнің таңбасын қалдыр маған.
Ай сәулесін түсірме, осы ерінмен
қорға мені, көп іздеп жолыққаным!
Егер өксіп оянсам төсегімнен,
Адасып қап түсімде қорыққаным.
***
Сені іздеймін оянып түндерде мен,
Тисе сонда жұп-жұмсақ қолың сенің,
Шаршауменен дел-сал боп жүрген денем
тыңаяды. Сергиді көңіл, сенім.
Түнекте біз, сүйіктім, қыдырамыз.
Бірімізге біріміз тығыламыз.
Сен болжайсың қашан таң ататынын,
Атады ғой... тек ол таң - бүгін аңыз.
***
Мен ойлаймын:
екеумізді махаббатпен табыстырған бұл заман,
әділетті қиянатпен алыстырған бұл заман
кетеді өтіп.
Басқа көктем, басқа дәурен келеді,
басқалар гүл тереді.
Сонда мынау
менменсіген үкіметтің басшылары бүгінгі,
өздерінше данышпансып әккі болған жырынды;
саудаменен өрлегендер жылы үйлі -
бәрі, бәрі құриды.
Біздің мынау кайталанбас түн, еркем,
Көзден бұл-бұл ұшады...
Құриды рас
жауыздықпен ауызданған көзәйнекті құдайлар;
кұдайларды қолдан жасап бұқшаңдаған сығайлар;
қолтығына кітап қысқан солар-сынды
бар ғылымның сандығы;
топастар да көре алмайтын танауынан арғыны;
мақтаншақтар, желөкпелер - барлығы
жаңа дәурен келген кезде -
жас па, мейлі кәрі ме! -
құрып кетер бәрі де.
Сосын мына дүние
әлгілерден тазарған соң ашылады жаңғырып,
Сүйіктім-ау, сен секілді
қыздар жүрер бал қылық.
Қайғы-мұңсыз күн кешеді, жадырайды бұл халық,
бидайлы қыр жайқалады самал желмен ырғалып.
***
Тұла бойым салқындап өлдім дедім,
Сені ойладым сол сәтте жаным ашып.
Сені сүйген, сен сүйген сол күндерім
Кететіндей көрінді бәрі қашып.
Кітаптарым жинаған өмірімде
(олар менде, білесің, көп еді ғой),
Бәрі ұмыт боп сен қалдың көңілімде,
Қос жанарың - жанымның қорегі ғой.
Өйткені бұл махаббат тіршілікте
ең бір мөлдір сезім ғой оты күшті,
Өлім келіп қалғанда, күрсініп те
үлгермейсің. Сол ғана өкінішті.
Айналаңның барлығы тұманданып,
Жалғыз сенің көздерің елестеді.
Өлімнен тек сол жанар шығар да алып,
Басқа ештеңе құтқарар емес мені.
***
Мизамда жолдар жалтылдап,
Шақырып жатыр бізді алға.
Алмасы піскен жалқын бақ
Жақтырмай қарар ызғарға.
Чилидің жері көгілдір,
Көгілдір теңіз, аспан да.
Таппайтын тыным өмір бұл
Сүрініп тағы басты алға.
Әр нәрсе бәрі орнында
Тірлікпен жатыр күйбеңдеп.
Оранып бозғылт торғынға
Толқындар жатыр сүйреңдеп.
Сүйіктім, мына біздер де
жүреміз ылғи жолдарда:
өйткені тірі жүргенде
сыймаймыз ешбір қорғанға.
***
Бір қайғыдан бір қайғыға ұласып,
Тамыр жайып, көз жасына сыр ашып,
Асау жүрек өз-өзінен алқынып
бірі жүрсе, екіншісі тартынып,
Шын махаббат өрлеп алға келеді.
Кейде суға малшынамыз жүзбей біз,
Алда үміт бар, одан күдер үзбейміз.
Мен шіркіннің кей қылығы
саған қайғы болмастай,
Бұл өмірдің көлеңкесі
маған қайғы болмастай,
Екеумізге жаңа мекен іздейміз.
Ол мекенді іздейміз біз сызданған
шөл даладан, қара тасты құздардан.
Жан баспаған, тапталмаған пәк жерге
қолымызбен ұя салу - бізде арман.
Біз сүйіп ек, ұғысып ек тіл қатпай,
Өр сезімді өсектерге былғатпай.
Адамдары әр сөзіңді санаған
Кетпесек бұл есі ауысқан қаладан,
Махаббатты былғаймыз,
ал былғасақ, адамдықтан жұрдаймыз.
***
Сені жалғыз, қалқам-ау, сынар жерім:
жүрген жерім қашанда тұман менің,
Сол тұманды мөп-мөлдір жаныңменен
мәңгі-бақи серпілтіп тұрар ма едің!
Ақ жаныма үңілсең егер менің,
Жоқ күншілдік, көре алмау дегендерің.
Құлай сүйген қалпыңмен тұрсаң мәңгі –
Осы мені, сүйіктім, жеңер жерің.
Сонда сенсің әнім де, гүлдерім де,
Сонда шалқар шабытсың жыр көгінде,
Қажып едім тірліктің тартысынан,
Айықтыршы жанымда жүр де бірге.
Сені жалғыз Күн сүйсін, мен сүйейін,
Ала алмаймын мен тартып таң нұрынан –
Қызғанамын өзгенің барлығынан.
***
Шіркін, байғұс ақындар,
Соңдарынан өсек пен өлім қуған,
Сонда да олар қаймықпай өмір қуған.
Әділетсіз, шындықсыз тіршіліктен
Ерте есейген, жаралап көңілді удан.
Тағдырлары бүлыңғыр тұманданған,
Сеніп кейде жарқ етер бүларда арман.
Түнде ұйқысыз дөңбекшіп тар төсекте,
Қажет болса сескенбей құлар жардан.
Лаққан жұрт ақынды сынар жаншып,
(жала, өсекке сосын ол тұрар малшып).
Ал шошқа өлсе, өкінер ақымақ жұрт,
аяғансып, өтірік жылағансып.
Соның бәрі қасірет шектіреді,
ақын жанын торлайды кек түнегі.
Махаббат
Сен болдың жалғыз тұрағым:
Сен болдың жалғыз шырағым.
Қолым жеткенге сене алмай,
Шаттанғанымнан жыладым.
Көктем де келіп қалыпты-ау,
Орман да гүлін тағыпты-ау.
Қызыға жерге карайды
мәңгі мұз жатқан алып тау.
Балқытты мені от ернің,
Құшағыма алдым, көтердім.
Осынша үлкен бақытты
мен қашан, қалай өтермін?
Тірлікте маған керегі –
тек сені көргім келеді;
ұйқыда жатқан шағыңда
аймалап төнгім келеді;
мәнсіз де қызық сөздермен
күлкіге көмгім келеді.
Махаббат осы, сүйіктім,
Бұл шаққа қанша асықтым
(жанымды қанша жасыттың!)
Бір болған сайын ынтықпын,
Бір болған сайын ғашықпын.
Ұрыссаң кейде наздана,
Алдыңда менмін мәз бала.
Ал үйден менсіз шықсаң сен,
Кешігіп келсең аз ғана,
ренжіп қалам шыныммен,
ақымақ болған түріммен
отырам ауру жандай боп,
ем күтіп сенің үніңнен.
Ашылып қалмай сыр бірден,
Өзге боп бір күн бір күннен,
Қайғыртып, азап шектіріп,
Жылатып сосын күлдірген,
Солмайтын жасыл желекті,
Махаббат деген өмірде
осындай болса керек-ті!
Ханша
Сенен де сұлу арулар бар қаншама,
ұнайтын тіпті баршаға.
Жұрт айтып жүрген тамсана
ақылды да асқақ әйелдер көп-ақ болса да,
теңедім сені ханшаға.
Көшеде жалғыз сылаңдап жалғыз жүр
мейлі,
ешкім де көзге ілмейді.
Көре алмайды олар алтын мен
жақұт тәжіңді,
ханша деп біреу білмейді.
Білмейді
өзің жүрген жер қанша күнгейлі...
Сен кіріп келсең жарқырап,
денемде барлық өзендер тасыр сарқырап.
Дүние сонда шалқиды шатты әуеннен,
көңілден барлық тынышсыздықты тартып ап.
Ол үнді, жаным, екеуміз ғана естиміз,
Қос жүрек сосын алқынад...
***
Маған атқан жүрт оғы жаралайды сені де,
Маған ерген қаңқу сөз —
пасықтардың кегі де!
Ұйқтамайсың күрсініп соның бәрін ойлаудан,
Тіршіліктің заңы ғой, оған, жаным, кейіме.
Жауы арылмас соңынан сұм болайын мен мейлі,
Адалдарға көп жауыз қанды қылыш сермейді.
Махаббатым, мен сенің өңің түгіл түсіңде
қанжарменен жаныңды жаралатқым келмейді.
Менде осылай, сүйіктім,
түсініксіз бір сыр бар.
Келеке етіп қалмайды арт жағымнан
кіл сұмдар.
Құрту үшін мені ылғи өсек айтып былшылдар.
Махаббатым,
бұл маған берген сыйы тағдырдың,
Сыбағасы мүмкін бұл
шындықты айтқан ақ жырдың.
Қанды ауызын қайшылап,
еріп келеді соңымнан,
Көңіл қоймай, елемей,
өзін де әбден дал қылдым.
***
Еске аласың қысқы орманды,
Еске аласың ақ қарды.
Онда талай құстар бар-ды
Мекен еткен қапталды.
Еске аласың қар астында
бүрсеңдеген көктерді.
Қаптапты қу ағаш мұнда
Гүл теретін бөктерді.
Еске аласың қар астында
сен әкелген жас талды.
Еске аласың үнсіз өткен,
Ессіз өткен шақтарды.
Бұл өмірден қол ұстасып
асамыз біз таңдарға.
Қол ұстассақ, толып, тасып
Жетеміз біз арманға.
***
Бүгіннен бастап сен мендіксің, қалқашым.
Ұйқташы, мұң, жұмыс, ой -
бәрі тарқасын.
Түн мейлі түнерсін, маған ол батқан ба,
Жанымда жарқырап сен ұйқтап жатқанда.
Мендегі от құшақ ашылмас басқаға,
Ер маған қымсынбай, сезімді жасқама.
Тұманды түнектен өтеміз қатар біз,
Бар дәмін өмірдің біз бірге татармыз.
Ұйқыда жатсаң да құшасың күлімдеп,
Нәп-нәзік денеңмен дірілдеп,
Айымсың кеудемде орныққан бүгін кеп.
Мен болсам айдында қалықтап барамын,
Кеудемде шымылдық жамылған жанарың.
Сан тағдыр күйзелген,
күрсінген тірлікте
Өзіңсіз жоқпын мен,
Жоқпын мен, қарағым.
***
Неткен ғажап, сүйіктім,
Сені түнде бір төсекте сезінген,
Әр түн сайын бір дене боп көз ілген.
Қатпар-қатпар ойларым мен мұңдарым
Бір секілді өзіңмен.
Түс толқыны, сүйіктім,
Жүрегіңді жетелейді теңізге,
Арман бізде теңізбенен егіз бе?!
Махаббатым, шарқ ұрасың сен ылғи
түсіңде де, өңіңде де мені іздеп.
Екеумізді алғаш өмір бастарда
Махаббаттың дәу толқыны тастарға
лақтырды ғой, бірге жаралансын деп,
Сонсын бірге көтерді ғой аспанға,
бір қайғыға екеуі де күйсін деп,
сүйсе екеуі өліп-өшіп сүйсін деп,
Төзбесе егер осы бастан түйсін деп.
Ал ендеше
махаббаттың күйігінен жасқанба!
***
Уақыт деген аяуды білмейді екен,
Қырау шалып барады самайларды.
Жанымызда жастық шақ жүрмей ме екен,
Мынау әжім жүзіңде қалай қалды?
Алақанды күйдіріп жанады уақыт,
Күйдіріп жүр сенің де қолдарыңды.
Өміріңді келідей барады уатып,
Кінәлаймын осыған сонда кімді!
Ұзақ жолым менің де қысқаруда,
Уақыт, жылдар коймайды жанамалап.
Болмайды екен бүл уақыт күш,
қаруға,
қоя алмаймыз біз оны және қамап.
Уақыт ізі тастың да келбетінде,
Ешбір нәрсе жоқ одан құтылары.
Уақыт деген осылай жер бетінде
Із қалдырмай мәңгіге сыпырады.
* * *
Мен өліп, қалсаң артымда,
Сен өліп, қалсам артыңда,
Анамыз - Жерді сатпаймыз,
Қайғыдан, оттан сақтаймыз
екеуміз басқан қалпында.
Шаң басқан бидай сабағын,
Құтырған желін жағаның,
Сені мен мені, арайлым,
Ықтырып уақыт ақ айдын
Барады сүйреп сан ағын.
Кездескен алғаш беткейде,
Көк шалғын естен кетпей ме?
Махаббат деген сол, жаным,
Онда жоқ қақпа, қорғаның,
Кінәмшіл келер тек кейде.
Махаббат - мәңгі, сеніңдер,
(азабын мейлі шегіңдер).
Ол - өзен. Болмас шет мұнда,
Өзгеріп тұрар тек мұнда
жағалаулар мен еріндер.
***
Сенің жұпар иісіңнен
тұла-бойым исінген.
Ауа мен таң, түндерде
саған ғана сүйсінгем.
Мен жаралсам қайтадан
тек өзіңнен жай табам.
Балтырыңнан өбетін
ақ бидай боп жайқалам.
Жанарыңнан сыр ұқсам –
жанарымнан нұр ұшқан.
Гүл ерніңді тос маған,
мен сүюді ұмытсам.
Жаралы аңдай жүргем мен,
сен кездесіп сергігем.
Жолықтырған өзіңе
Сүйдім мынау Жерді мен.
Мен сені сүйемін
Мен сені аңсап тұрмын
жел адасқан қарағай арасында,
Айды құшқан теңіздің жағасында.
Күн батпайды сен жоқта, таң атпайды,
Сен жоқ жерде тұнбайды дала сырға.
Кешкі шапақ теңізге нұрын жайды,
Кімге айтармын сағыныш, мұңым жайлы,
Қалықтайды төбемде шағалалар,
Түу алыста жұлдыздар жымыңдайды.
Жалғыз кеме жырақта көрінеді,
Сиқыр толқын шулаған төңірегі.
Мен де ойлардың алысып толқынымен
тұрмын жалғыз табылмай көңіл емі.
Аңсап тұрмын мен сені,
Сені бекер көкжиек жасырады,
Жасырғанмен тынбайды ғашық әні.
Сағынышым жарысып толқынменен,
Ай нұрымен қосылып шашылады,
кемеменен самғайды, ал кемелер
жете алмайтын жеріне асығады.
Түнгі жаға көңілсіз қаңыраған,
Қайғы әкеледі бұл түн де тағы маған.
Сені ешкім де дәл мендей сүйе алмайды,
Тек мен ғана осылай сағына алам.
Алыстасың сен менен, жырақтасың,
Мені еш нәрсе, білесің, жұбатпасын.
Мен сен үшін дайынмын бәріне де,
Адал сүйген адамды жылатпа шын.
Түн. Менің де жанымды түн басады,
Тек жұлдыздар сен болып сырласады.
Мен өзіңді сүйемін, соны біліп
қарағайлар атыңды жырласады.
Мен қайғылы жыр жазамын түнімен
Түн. Үнсізбін. Бір нүктеге үңілем.
Мен бұл түні қайғы тұнған жыр жазамын
түнімен,
Дәл мынадай жолдар туар, мысалы:
«Жұлдыздарға толып кеткен
көк аспанның құшағы».
Не «түн желі тыр жалаңаш
би билейді шарқ ұрып,
сайқалдатып әндетеді біреулерді тәнті ғып».
Мен бұл түні қайғы тұнған жыр жазамын
түнімен...
Кейде ол мені сүйетін-ді.
Мен шын сүйіп жүріп ем.
Дәл осындай түндерде оны қанша құштым,
балқыдым,
Қанша сүйдім...
Білмеппін-ау болатынын арты мұң,
Ол да кейде есі шығып сүйетін-ді.
Ұғам шын.
Мен де солай...
Анау түпсіз қара көзді сүймей қалай шыдарсың.
Ойлаңызшы: бүгін ол жоқ. Жоқ қой, міне, қасымда.
Мәңгілікке жоғалтыппын. Сезбеп едім басында.
Ал онсыз қайғым менің жетеді енді ғасырға.
Ол жоқтағы түн де мына түн емес бір ғасырдай,
қайғылы жыр төгіледі көңілім де ашылмай.
Күйіп-жанып сүйсем де оны мендік ете алмадым.
Жұлдызды түн. Ол басқамен. Мен жырымды арнадым.
Бірақ жаным алай-түлей. Түсінбеймін түкке мен.
Сүйіктімді жоғалтқаным - қайғы ғой бұл күтпеген.
Жанарым тек соны іздейді, сол деп соғады жүрегім.
Бірақ ол жоқ.
Аласүрған жан-күйімнің таба алмадым бір емін.
Жоқ, сүймеймін!
Содан басқа әйел біткен құрып па!
Не жыным бар азап шегіп, басым сұғып былыққа.
Бірақ — оны қаншалыкты сүюші едім, құдай-ай,
Қазір келсе құшар едім не болғанын сұрамай.
Амал қанша, мына түнде
Мен сүйгенге дейінгідей сүйіп жатыр басқа оны,
Өзгелік боп наз күлкісі, бәрі-бәрі... қас, қолы...
Жұлдызды түн. Мен отырмын жанарымда жас толы.
Махаббаттың тәтті шағы қысқа екен ғой, жаңа ұқтым.
Енді мәңгі қайғысына құлаш ұрған ғаріппін.
Кеше ғана екеуміз де табысушы ек құмартып,
қалай ғана жоғалттым мен. Енді амал жоқ бұған түк.
Оның маған соңғы салған қайғысы бұл, ұғындым.
Менің де осы соңы болар оған жазған жырымның.
Өкініш әні
Түндер бойы алдымда сенің бейнең тұрады.
Кезбе өзеннің қашанда шалқар теңіз - тұрағы.
Таң алдында қаңырап жағалаудай бос қалған,
Ұшты менің жанымнан әлдилеген жақсы арман.
Кораблі теңізде қирағандай тағдырым,
Жүрегіме салқын күз жинағандай жаңбырын.
Сен күлгенде төбеңде шағалалар ән салып,
Шығарып сап жүретін, сосын қайта қарсы алып.
Соның бәрін жоқ қылдың, жоқ қылдың сен, айнам-ау,
Жұмақ болған біздерге қайда теңіз, қайда бау?
Оңашада сүйіскен, оңашада балқыған
болды сәттер, айнам-ау, соны аңсаймын, алқынам.
Махаббаттың ең ыстық, ең рақат шақтарын
дауыл күнгі теңіздің толқынындай таптадың.
Барлаушыдай адасқан естен танып қалдым мен,
Қалай болды, жаным-ау, ойнағаның тағдырмен.
Сен жанымда жүргенде, сен күлгенде жарқырап,
Жүргендей ем тағдырдың бермегенін тартып ап.
Сүйіп едім мен сені болмай ешбір менде ерік,
Енді, міне, тынымсыз сені іздеймін сенделіп.
Жалғыздықтың аралын мекендеген мұңды едім,
Сол аралға әкелдің махаббаттың нұрлы елін.
Адалдыққа, сезімге шөлдеп жүрген едім мен,
Бір жан таппай әрқашан баратұғын сеніммен.
Менің дүлей жанымның бабын қалай таба алдың,
Шыр айналған қайық ем, қойнауыңа қамалдым.
Кейде алау ем, қыңыр ем - түсінбейтін жұрт маған,
Кейде жайлы, нәзік ем, жанның бетін жыртпаған.
Соның бәрін түсіндің, түсіндің де қаладың,
барлық мінез-құлқыммен аймалады жанарың.
Түндер қайда, жаным-ау, сәтке кірпік қақпаған,
бір сокпаса қос жүрек титтей тыным таппаған.
Ұмыттың ба сәттерді куә болған күн, аспан,
бірге күлген, өкінген, құшақтасып жыласқан.
Аймаласқан, тоймаған, сыбырласқан үздігіп,
Бүгін жаңбыр, аспанда қаңғырып жүр күзгі бұлт.
Тағдырымның кемесі сеңге соғып қирады,
Құштарлығым, құмарым суға кетті, қинады.
Кете бардың әндетіп толқындардың жалында,
Мен тұншықтым жүзе алмай қарсы қарай ағынға.
Әндеткенде нұр-жүзің тіпті ерекше құлпырды,
Ағыс бірақ қойсын ба — жалмайтындай бұлқынды.
Көзден таса болдың сен, естілмеді күлкің де,
Махаббаттың кемесі быт-шыт болды бір түнде.
Кетер мезгіл болды енді - алда түн бе, түнек пе...
Махаббат жоқ, сенім жоқ өлген мынау жүректе.
Қара құстар шарлайды теңіз үстін шарқ ұрып,
Уақыт жауыз алдайды жанарында қан тұнып.
Таң алдында қаңырап жағалаудай бос қалған,
Жан-дүнием құлазып тұрдым, қайғы тосты алдан.
Кеме қалды теңізде. Біле алмадым басқаны.
Сүлдерімді жағаға толқын айдап тастады.
Мекенім - жер
Өмірге келу
Адам келді өмірге,
Медеу болып үміттенген көңілге.
Табиғатта аз ба өмірге келгендер,
Туғызады, береді сосын өлімге.
Орандым да көрпесіне сенімнің,
Өмір деген сарайға кеп керілдім.
Бұл айтарым емес менің тарихым,
Тарихы бұл менің туған жерімнің.
Ол жер еді жасыл гүлге көмілген,
Жүзім бақтар бұрымдары төгілген.
Ол жүзімнен халық шарап жасайтын.
Арпалысып азаппенен, өліммен.
Парроль - менің туған жерім қыс күні,
Әлі соның көкірегімде ыстығы.
Ол үй де жоқ, көше де жоқ бұл күнде,
бірақ менің көз алдымда түс, түрі.
Кордильер тауларының алабын
сілкіндіріп бір керемет барады үн,
Алай-түлей сілкіністен әп-сәтте
күл-талқаны шықты шағын қаланың.
Тас үйлердің қабырғасы қақырап,
Жер астына батып жатыр шатынап,
Адам біткен жанталасып жүргенде,
Шуылдайды шыбын деген ақымақ.
Тірі қалдық. Аз едік біз бірақ та.
Шыбын үні келеді тек құлаққа.
Қан мен өлім арасында біз қалдық,
Қалды сосын шарап деген бұлақ та.
Иә, иә, шарап қалды далада;
Қан сасыған жағада,
Қаңғыбас күз жүзімдерді толқытып,
Ұсынады үлкенге де, балаға.
Қалай бәрін қатыгез Жер жалмады –
Есімде жоқ. Бірі есімде қалмады.
Есімде тек қара түтін, сонан соң
Анам жатқан молаға жұрт барғаны.
Мен анамның жүзін ешбір көрмеп ем,
Жатыр екен бір топырақ көлденең.
Мен анамды шырыл қагып шақырдым,
Тұрғызбады оны қатал көр деген.
Тіл қатпады, көз алдымда әлі де
(тұрмайды екен өлген жанның бәрі де),
Жапа-жалғыз жата берді, жалғызын
тастады да өмір деген кәріге.
Мен осындай Парроль деген жерденмін,
Есімде жоқ ана сүтін емген күн.
Өлі анадан туып солай шыр етіп
Мен өмірге келгенмін.
Тыныштық тілеймін
Менің мынау шаршап біткен жаныма
Бір тыныштық керек боп тұр тағы да.
Қазір маған керек емес ештеңе,
Тек бес нәрсе сіңіп кеткен қаныма.
Сол бесеуі тірлігімнің тірегі,
Соларменен көңілім де түледі.
Біріншіден, махаббаттың пәктігі,
Сүйіктімнің мен деп соққан жүрегі.
Екіншіден, күздің сұлу шақтары,
Сап-сары ала жапырақтар бақтағы
Жерге кұлап кұшақтасып жатқаны.
Үшіншіден, жапалақтап кар жауып,
Ұзақ түндер әрең-әрең таңға ауып
тұратұғын қыстың долы күндері
Ынтық етіп жүр мені.
Төртіншіден, қажет менің жаныма,
Жайбарақат жаз күні,
Сәрідегі бозторғайдың сазды үні.
Бесіншіден, сенің сұлу көздерің
қадалмаса маған, ешбір төзбедім.
Онсыз маған өмір де жоқ, жыр да жоқ,
Елеңдетпеді бал қылығы өзгенің.
Тек осылар керек маған, достарым,
Басқа ештеңе бұл өмірден тоспадым.
Бұл тірлікте біраз ғұмыр жасадым.
Енді ажал да, білем, құшақ ашарын.
Жүрек шіркін тоқтағысы келмейді,
Бірақ өмір заңына не жасармын.
Тыныштық бер дегеніме, барлығың
өлді екен деп қалмаңыздар дәл бүгін.
Өлгенім жоқ, өлмейтін де шығармын,
Жасай берем, жыр боп өтеді әр күнім.
Менің жаным Жер секілді бір жұмбақ,
Байлығын да жасыратын мың жылдап.
Бірақ бір кез ақтарылар ол байлық,
Бұғып мәңгі жата алмайды сырды ұрлап.
Мен де қазір байлығымды ақтарып,
Тасып жүрмін шаттанып.
Қазіргідей бақытты боп көрмедім,
Сондықтан да келіспейді өлгенім.
Дастарқан
Дастарқанға шақыру-ақ мүң екен:
ұшып тұрды тақта отырған зұлымдар,
Жандарында бір кеш жатқан арулары жымыңдар:
кеуделері тырсиып тұр, дәл арадан аумайды,
Деп түрғандай шаққаныммен шырыным бар –
құныңды ал...
Қаймықпайды, барады еріп (махаббат па, масыл ма!)
кіл қоғамдық, кіл бақытсыз барыстардың қасында.
Ал егінші ен далада (қонуға бұл қалғаны –
ерте тұрып шалғы оратын ісін ойлап таңдағы)
жапа-жалғыз қараңғыда маңдай терін сыпырып,
қатып қалған жалғыз бөлек нанын алып талмады.
Айналасы тұнған бидай кең далада көсілген,
бірақ нан жоқ. Жалғыз түйір.
Сол үмітін өшірген.
Сол түйірді аш таңдайға салды-дағы жұтпады,
Аш көзімен ішіп-жейді бидайды өзі өсірген.
Ақының да тамақ келсе, жыр дәптерін жинайды,
Өңшең таныс балықшыны шақырып ап сыйлайды.
Жас қозының балғын еті тұрақтамай ұртыңа
қылғып кетіп «қинайды».
Ыстық майға шыдай алмай картоп жатыр албырап,
Тыр жалаңаш пияз да жүр быж-тыж болып қалжырап.
Пышақ, қасықтар сыңғырайды тарелкаға шақырып,
Ақын үйі ас ішеді дәл осылай қатырып!
Қонақ барсаң дастарқанда пысынайсың, шаттанбай,
өзіңді онда сезінесің табытта өліп жатқандай.
Жалғыздықта тамақ ішу — у ішкенмен тең екен,
Құзар таудан құлағандай
қашады әбден берекең:
балық ұстар қармақ сынды онда сенің ішкенің,
сен сезесің ол қармақтың, асқазанға түскенін.
Сонсын келіп тырналайды әлгі қармақ ішіңді,
Қуат бермес,
Құртар қайта бойдағы бар күшіңді.
Аштық деген -
жексұрын жау жүрген жері қан, қайғы.
Отсыз бәрін күйдіреді, барлығын да жалмайды.
Қалдырмайды ол ешкімді де жайбарақат қалпында,
ойлатпайды намыс жайлы, ар жайлы...
Ал ендеше дастарқанды жаяйықшы далаға,
Келсін бәрі: аш, арық та, әйел, кәрі, бала да.
Нанды да үйіп тастайықшы, ашыққан жұрт
тойынсын,
Өрік, жүзім - неше түрлі жеміс-жидек қойылсын.
Жетеді орын бәрімізге, қабақты ешкім түймесін.
Дастарқан мол. Бастайықшы әсем ән мен би кешін.
Сұрайтыным - тым болмаса дастарқанның басында
біреулерге алая қарап, біреулерге бас ұрма!
Өлең
Сонау күнде, жас шақта,
Өлең келіп керісті меніменен,
Күш жетпеді - керіспей шегінер ем,
Қайдан келді, білмеймін, өзеннен бе,
Содан бері соңынан сеніп ерем.
Шақырған жок дауыстап,
Үнсіз келді, менен ол сескенбеді,
Жапырақ боп тіл қатты кештердегі.
Шамшырақ боп лаулады. Сыбырлады,
өлең болып теңіздің ескен желі.
Жалғыз жүрсем жанымнан бір қалмады
(жаныма онда түспеген жыр салмағы).
Көрінбеді көзіме, тек білгенім –
бір теңіздің жанымда бұрқанғаны.
Сөйлесуге шамам жоқ.
Не дерімді білмедім, тіл қатпадым.
Біле алмадым мұнда не сыр жатқанын.
Тұл бойым дірілдеп жынданғандай,
араладық екеуміз гүл бақтарын.
Жалғыз қалып сонан соң
мен алғашқы жыр жолын шимайладым,
шимайладым жаныма сыймай жалын.
Ол жолдарда өзімше қоштастым мен
балалық шақ, бал күндер - қимай бәрін.
Көрдім кенет мен сосын
шет-шегі жоқ ап-ашық аспанымды,
жерді көрдім булыққан жасқа мұңды.
Дәл сол күні дүние өзгерді де,
көрдім басқа теңізді, басқа гүлді.
Күн сәулесі бақшаға төгіледі,
Басқа түсті таулардың төңірегі,
Баурайтындай түндер де еркелетіп,
Жұлдыздар да басқаша көрінеді.
Сонда мені мас қылды,
Көз қысқаны жұлдыздар жымыңдасып,
Өзіме өзім сөйледім сырымды ашып,
Аспан мен Жер - бар әлем секілденді
көкірегімнен шығатын бір үнге асық.
Көкті кездім жұлдызбен араласып,
көңілім жүр сан жаққа ала қашып.
Сонда менің жүрегім бара жатты
ақ дауылмен алысып, жағаласып!
Теңіз
Теңіз керек жаныма
(Бұл құштарлық сіңіп кеткен қаныма),
Ол өйткені үйретеді сырлы сазды әуенге,
Үйретеді тек өзінің қиянатсыз арына.
Мен білмеймін неліктен
Теңіз деген толқындар ма,
өмір ме әлде желіккен?
Түсімде де жүрем ылғи теңіздерде, әйтеуір,
Көк толқынның арасынан жыр маржанын теріп мен.
Өледі адам.
Сосын оны тірі адамдар сыйлайды.
Күл-талқан боп қара тас та қирайды.
Соның бәрін көрсетіп ап касиетті қара Жер
алдымызда елім барын еске салып қинайды.
Бірақ, теңіз,
соның бәрін ұмыттырып сен, міне,
Талпынтасың алға тағы, жадыратқың келді ме?
Сен үйреткен махаббатың жүрегімде жалындап.
Сүйемін мен ауа, құмды, құтырынған желді де.
Түңілгенде кейде мынау өмірден,
Жабырқаңқы көңілмен
жағаңа кеп кеңдігіңе көзім салып тұрамын,
Сезем сонда құштарлық пен өр қайратты өңіңнен.
Сонау көктен жеткенінше асығып,
Жұлдыздар да жымыңдайды толқыныңа шашылып,
Ештеңеден қаймықпайтын ерлігіңе бар әлем
жатар сонда табынып кеп бас ұрып.
Сонда менің жүрегімді тырналаған
бар қайғым
толқыныңмен шайылар.
Енді мұңсыз жандаймын.
Күнде осылай күрсініп кеп,
құдіретті теңізім,
өр үніңнен қуат алып өмірімді жалғаймын.
Шаршау
Шаршап біттім мен жалғыз,
Сен де шарша менімен.
Өмірдегі көп нәрседен жерінем,
Жерінем де мұңды ойларға берілем.
Күздігүні тұншықтырған
ауадан да шаршаймын,
Қеудемді ашып бір рақат демалуды аңсаймын.
Қарашы, әне,
қала үстіне (далаға да жетті ғой...):
осы ауадан лайланды
мөлдіреген қанша айдын...
Сонсоң менің шаршайтыным -
асау теңіз аңқылдамай түнеретін шақтары;
Жер-ананың түсініксіз жұмбақ болып жатқаны,
сонсын мынау тауық біткен
құртып болды жүйкемді -
секелеңдеп нені ойлады, неге тыным таппады?
Жанындағы адамға да көз салмайды ойсыздар,
біздерді олар түр ғой сонда
жалғыз дәнге сатқалы.
Түк емес қой шаршағаным, егерде
балаларды тәрбиелі өсірсем деп жүгірсем;
небір ішті пыстыратын уақ-түйектен түңілсем,
Париж жаққа сайрандауға мүмкіндіктің
жоқтығын
маған айтып қыңқылдасаң маза бермей бүгін сен –
бұл шаршаулар рақат қой. Түсінесің, күнім, сен.
Шындықты бір айтайықшы көз жұмып,
Дәл екеуміз секілді бір ұға ма екен сөзді жұрт,
Біз өмірді біреулердей сарп етпедік, рас қой,
Сервиз жиып, жиһаз жиьш жүйкемізді тоздырып.
Мен көп көрдім көшелерден біреулердің бейнесін:
қолдарына қылыш ұстап қатып қалған емініп,
жауға аттанып кететіндей байталымен тебініп.
Келе-келе ондайларға көз салмайтын болдым мен,
Сол тастарға қарағаннан жерініп.
Егер біздер алда тағы
жердің бетін тас бейнемен қоршай берсек саралап,
Тірі адамдар күнелтеді қай мекенді паналап?
Кейбір тірі адамға да жыным келіп кетеді,
Содан, содан жүрегімді жүрмін ғой мен жаралап.
Сосын, сосын (расында сорлымын-ау осы мен
сен түсінші тым болмаса, жаны бөлек досым ең)
өткендерді еске алудан, ойланудан шаршаймын,
қалжыраймын, төсегімде дымым қүрып көсілем.
Тілейтінім - бұл адамдар келгеннен соң өмірге
жасанды дақ салмаса екен көңілге.
Еш адамға еліктемей, еш адамға ұқсамай
өздерінше өмір сүрсе дүниенің төрінде.
Ей, адамдар, жол беріңдер жаңа туған жандарға,
(бірақ, бірақ пенделерден сүріндіру қалған ба).
Қымтырылмай өмір сүрсін, басқа не бар тірлікте,
тас мүсіндер неге керек, тірі адам бар жалғанда!
Сүйсін олар өздерінше, өздерінше гүлдесін,
Кетсін мейлі дала кезіп, бізше әйтеуір жүрмесін!
Біз ешқашан оқымаған кітапты олар оқысын,
Сәбилерге қойсын мейлі біз таппаған түрлі есім.
Дәл осы ойлар қажытады, біраз шыдап келіп ем.
Мен осындай шаршаулардан бар жаныммен
жерінем.
Екеуміздің ой-жанымыз бөлінбейтін еді ғой,
Тым болмаса сен де бірге шарша, достым, менімен...
Сұрақ
Адам қанша сүреді өмір, білдің бе?
Бір тәулік пе, мың күн бе?
Бір апта ма, әлде тұтас бір ғасыр ма?
Өлу деген оралмау ма шын мүлде?
Осы ойлармен таусылды да шыдамым,
Діндарлардан сұрадым:
мен келгенде сыйынып боп құдайға,
жағып жатты мешіттегі шырағын.
Сұрақтарды жаудырып ем соларға,
сасып қалды. Мұндай ғажап болар ма!
Менен артық білмейді екен ештеңе –
өйткені ылғи әкімдер ғой олар да.
Көп нәрсені дәрігер білер дегесін
алайын деп кеңесін,
қабылдауға келіп жеттім асығыс,
осындайда жоқ нәрсеге сенесің.
Медицина сан ауруды тауыпты,
құртыпты оның көпшілігін, жауыпты.
Бірақ аз-мұз қалғанының өздері
құртылғанның мыңынан да қауіпті.
Мен бұл сөзден соншалықты қорықтым,
Қорықтым да молашыға жолықтым.
Молашылар көміп жатыр әркімді:
құдайынан сұрап алған жалқы ұлды;
әкімдердің ұсқыны жоқ денесін
әлпештейді жақұтқа орап әр түрлі.
Қарап тұрдым бос кездерін бақылап,
Байқадым да сұрақ қойдым батыл-ақ.
«Қойғаны несі қайдағы жоқ сұрақты,
Өртеу керек өзін, неткен ақымақ!
Мұндай сұрақ қойғаннанша, жігітім,
Жайраң қағар күні-түн
бір сұлуды таңдап жүріп алсаңшы,
Сонда өмірге арта түсер үмітің».
Олар солай мазақтады, жерледі,
Мені, тіпті, тыңдағысы келмеді.
Молашылар ең көңілді халық қой,
оларға өмір, өлім бірдей жердегі.
Көңілі жай жүреді олар ән салып,
Көр қазады, арақ ішіп тамсанып.
Ешкімнен де дұрыс жауап таппадым,
Шаршап қайттым сол сапардан қаншалық!
Сүйтіп талай жанға бардым сұрақпен,
Сыр ашыстым теңізбен де бұлақпен.
Содан бері ешбір сұрақ қоймадым,
Әлі ештеңе түсінгем жоқ бірақ мен.
Жалғыздық
Жерді жапқан күздің мүнар түнегі.
Сағат кешкі жеті жарым шамасы.
Біреуді мен күтіп тұрдым: кім еді –
есімде жоқ. Білем - Сена жағасы.
Бір болуға жалықты ма, білмедім,
қашып кетті уақыт деген желаяк.
Кең әлемде жалғыз калды сүлдерім,
келмеді ешкім мені аяп.
Түнгі Париж. Жапырақтар сылдырап,
сұрайтындай: «Кімді күтіп тұрсың сен?»
Мен үнсізбін. Жүрек сыздап тұр бірақ,
бүкіл әлем өртенердей күрсінсем.
Сосын ызың, шулары мол бұл ғалам,
самал жел де тұратұғын бетті өбіп,
көше кезген итке дейін бір маған
қарап қапты жек көріп.
Мен жалғыз ем. Омбы қардан шыға алмай
шырқыраудан әлі кетіп, қалжырап
ен далада жалғыз қалған құландай,
Тұрды жүрек зар жылап.
Жалғыз қалу аянышты қаншама
(мұндай күйді сезбейтіндер батыл-ақ),
маған жаны ашығаннан тамсана
түсті үзіліп жапырақ.
Оған дейін, одан кейін ғұмырда
сондағыдай жалғыз қалып көрмедім,
Соншалықты кімді күттім.
Шынында
есімде де сақталмапты ол менің.
Кімді күттім - ұмытыппын бұл күнде,
көп күтумен күйзелгенім шын бірақ,
ондай сәтті ұмыта алу мүмкін бе –
аласұрған бір күрсініп, бір жылап?!
Баянсыздау жастық шақтың жырындай
өткінші бір сәт болатын ол-дағы,
жылдарға еріп кетті артына бұрылмай.
Бірақ рас сондай сәттің болғаны.
Кеттім сосын
сол есуас бұрыштан,
жылдам басып жүріп келем ілгері.
Қайда барам?
Жетелейді түн мені.
Бірақ өзім түннен қорқам құрысқан.
Қашып келем.
Бәлкім, түнгі түнектен...
Сіздер үшін күлкі, мүмкін, бұл ісім.
Әлі күнге кетпейтұғын жүректен
бір сәт болған.
Ұғыныңдар мұны шын.
Күту
Мен онымен қоштастым.
Келмеске енді белді буып ішімнен.
Бұл ойымды ол білмеді,
таңданғандай пішінмен
қақпа алдында тұрып қалды,
Дәл осылай көп күтерін түсінгем.
Күндер өтті.
Апта да өтті асықпай,
сосын айлар, жас үмітті жасытпай.
Менің ізім әлдеқашан жауынмен
жуылған-ды. Алды ол талай ауыр дем...
Қара тастай керең жылдар басына
құлады да ақ түсірді шашына.
Сосын соғыс қан төгісі басталып,
өліп жатты кәрісі де, жасы да.
Өлмей қалды сол әйел.
Жасыл қойнау көк түтінге оранып,
кеше тұрған биік үйлер жоғалып,
тас мүсіндер - құдайлардың бейнесі,
быт-шыт болды бәрі-бәрі тоналып.
Сонау бір үй, сол бөлме
мен жататын түндерде,
жасыл бақ та оранатын гүлдерге,
темір пеш те біз екеуміз жылынған -
күл боп қалды бір демде.
Қала орнында:
қар обалар көрінбейді түтінмен,
жаулар бәрін өртеп, таптап бітірген.
Қан сасыған қала орнында сол әйел
тірі қалды.
Жүр әлі де күтумен.
Күту деген биік екен ажал атты үкімнен.
Қашу
Ойлап жаттым - түсім бе,
сандырақ па, саумын ба:
кенет жаңбыр ішінде
жаурап жалғыз қалдым да,
сақ-сақ етіп тісім де
айналдым бір мүсінге:
ер қанаты деп білген
жылқы болып кеттім мен.
Кордильер жақтағы
шалғын иісі келгенде
жаным тыншу таппады –
бауыр жазып желгенде
жүйрік жел де менімен
жарысуға батпады.
Тамаша еді бұл қандай,
еркіндікке таңданам!
Күйбеңдермен шырмалмай,
кең далада самғаған.
Бұлақтар да шапқылап
еркелейді сағымға.
Неге керек жат жұмақ
мұндай далаң барында!
Сонда дала, асқақ құз –
барлығын да шарладым.
Елсіз, жалғыз, мақсатсыз
еркіндік боп - арманым.
Ауаны еркін бір жұттым,
жалғыз жүрдім, ішім мұң.
Адамдарсыз тірліктің
мәнсіздігін түсіндім.
Сосын елсіз жақтардан
қайта оралдым күрсініп.
Төгілген тер, аққан қан
баяғы бір тіршілік.
Адам болдым қайта мен
аштық, жоқтық қамаған.
Бақыт жайлы айтар ем,
жұрдай болдым санадан:
жұмыспен бас қатырып
кешке дейін дамылсыз,
үнсіз бейне мақұлық
өмір кешкен жалынсыз.
Ұмыт қылып күлкіні,
бар бейнетті асадым.
...Бәрібір мен бір күні
еркіндікке қашамын!
Партеногенез
Маған ақыл үйретуші мықтылар
күннен-күнге есалаң боп барады,
бірінің де жағдайы жоқ түкті ұғар,
мен де оларды тыңдағаным шамалы.
Олар, міне, жиылып ап барлығы
сайран салып жатыр басқа жақта ана.
Бірі көрмей башпайынан арғыны,
жолдассиды бір-біріне мақтана.
Шеттерінен мықтылары қоғамның,
әсіресе саясатқа жетік тым.
Әр сөзіммен, қадамыммен олардың
жүректерін жаралап-ақ кетіппін.
Әрбір ісім ағартыпты шаштарын,
әжім түсіп қызыл шырай беттерге!
Мезгілімен іше де алмай астарын,
Тіпті бәрі есуас боп кеткен бе?!
Кетсем екен, ал-дал болдым білсеңдер,
жүрсем бе әлде бітелгендей құлағым,
кеңестерін тыңдаған боп жүрсем бе,
«Сандырақ, - деп тура айтсам ба, -
бұларың!»
Ұмыттым ба тәуелсіздік дегенді,
сасып қалам көп сөздердің ішінде.
Білмей тіпті кімге қалай сенерді,
өңім бе бұл әлде көрген түсім бе?
Бір нәрсені істеу үшін түбінде,
нені істемеу қажеттігін білсем-ау.
Досымды іздеп келген бақта іңірде
қайтемін мен бұқпантайлап жүрсе жау.
Бұл өмірде қателесіп көрмесем,
кім сенеді қателестім дегенге?
Осы бастан данышпан боп өрлесем,
күні ертең-ақ ұмытады мені ел де.
Мен сонда да өзгертемін бейнемді:
тұра қалып амандасам бәрімен,
дәл солардай кием дақсыз жейдемді,
үйренемін соның бәрін әлі мен!
Аяғымды қалауымша баспаймын,
басқаларға жағынамын күлімдеп.
Туралықты, бетке айтуды тастаймын,
ондай адам жиі-жиі сүрінбек.
Осылайша байлаймын мен көздерін,
өзімді өзім қайта пішіп тігемін;
ықпалымен аяқ басып өзгенің,
орындаймын тек солардың тілегін.
Сонда менің болмайды ешбір сасарым,
Тұра алады бұл ісіме нанбай кім?!
Сосын қайта өз әніме басамын,
мен басқаша өмір сүре алмаймын.
Мама
Түн еді. Жел соғып тұр
жанған оттай лапылдап.
Аспан асты шатырлап,
үйлер, тіпті, көпірлер
құлап жатыр жапырлап.
Ұлып тұрды долы жел
қорқыныш. Түн. Біз жаттық
кеудемізге мұң қонып.
Таңмен бірге нұр болып
біздің үйге сен кірдің,
нәзік әуен жыр болып.
Бұйығы едің, нәзік ең,
тыншымаған дауылдың,
басылмаған жауынның
арасынан Күн шығып
кетті бізден ауыр мұң.
Аяулым ең, анажан,
тек мейірім арнаған,
өгей деуге әлі күн
ауызым бір бармаған.
Сенің нәзік денеңнен
мейірімнің желі ескен,
сол аяда мен өскем.
Адалдық пен пәктікті
сенен көрген емес пе ем!
Сен өмірдің өзі едің:
жетімдерге қорынған
күн де болдың, жаз болдың.
Сенің нәзік қолыңнан
су ішсем де мәз болдым,
тағам болдың, нәр болдың,
бөліп бердің бар дәмді
өзің татпай біздерге.
Атырушы едің таңдарды
жаңбыр құйған күздерде.
Талпынбадың ешқашан
бөтен көзге түсуге
басқалардай жарқылдап.
Бірақ сенің ішіңде –
бар-ды сая, салқын бақ.
О, анажан, мен сені
еске қалай алмаймын?!
Сенің махаббатыңмен
жібіген-ді таңдайым.
Жетімдік-у татып ем.
Көйлегімді жамаған,
жуып-шайған кірімді,
жан аямай баладан...
ұмытам ба түріңді.
Адам қылдың тал қармап,
Жеттім жігіттікке мен.
Отырушы ең армандап,
осы сәтті күткен ең:
бір дем алсам дегендей
сосын жұмдың көзіңді...
Ешкім саған теңелмей
есейсем де сонда мен,
жетім сездім өзімді.
Әділетсіздік
Білген адам өзінің кім екенін
сезе алады жанымен басқаны да:
әділетсіз тірліктің жүдетерін,
дақ саларын қасқиған тасқа мына.
Әділет деп шарқ ұрған мына мен де
мөлдір арман күл болып күрсініп ем.
Күліп емде жүректі, жылап емде –
тек, үмітім, жанымда жүрші кілең.
Танытатын адамның адамдығын
бар өмірдің сан түрлі өлшемдері:
аштық, боран... шалғанда жанарды мұң,
сақталды ма бойыңда адалдығың –
адамдықтың өлшемі сол сендегі.
Мен түсіндім:
дүниеқоңыздардың
болады екен өлшемі басқа бірақ:
сатады екен байғүстар доңыз жанын
пайда түссе зәредей - тасқа құлап.
Тіпті басқа шынында өмір деген:
азап шегу аштықтан бас айналып,
боран құшу дірдектеп өрім денең.
(бәрі сенің жүйкеңді қашайды анық).
Өмір деген - қалтырау сот алдында,
не алдында басқа да мықтылардың;
қара жерді еріксіз қопардың ба,
сонда әділет жоқтығын ұқты жаның;
терді төктің еріксіз кара жерге;
шеге қақтың, үй салдың, кен іздедің;
ат жалында ойнадың дала-белде;
толқынымен алыстың теңіздердің;
еркіңнен тыс жасадың мұның бәрін,
бақыт табам деп ұқтың осылардан.
Алға ұмтылдың ұмыт боп жығылғаның,
жұмақ өмір тұрғандай тосып алдан.
Бақыт - елес, шықпайды жұмақ алдан.
Тұрады екен бұл өмір мыналардан:
әділетсіздің заңдарынан;
жазықсыз мерт болғандардың қандарынан;
еркіндік аспанда ғана;
қансыраған жүректер... (басқан ба жара)
адам бейне қара тас
үн шығарар жайы жоқ - өлікпен бірдей;
Мен бәрін де түсіндім.
Бақыт деген жай ғана арман екен,
бүл өмірде бәрі де жалған екен,
менің туған халқымды тұншықтырған
өзіңді ылғи жаныммен қарғап өтем,
Әділетсіздік!
Кітаптар
Күн нұры мен сау тамыр гүлдетеді бұтақты,
махаббат пен ұзақ жол туғызады кітапты.
Егер оның ішінде елдің иісі болмаса,
сұлу қызбен сүйіскен ердің иісі болмаса,
от құшақта балқыған әйел жаны болмаса,
махаббаттың аңқыған әуелгі әні болмаса,
ынтықтық пен аштықтың соқырлығы болмаса,
ыза менен қайраттың оты, нұры болмаса,
естімесең сен одан
дабыл қаққан бір үнді -
ондай кітап ешқашан бола алмайды ғұмырлы.
Өліп-өшкен құмарлық
тіл тапқанын сүйдім мен,
содан ғана өлеңнің асылдарын жидым мен.
От жалынға шарпылған қатыгездеу даланың
тал бойынан қалайда раушан гүлін табамын.
Ғұмырлы өлең жазсам деп
жарқылдайды жанарым,
сондықтал да күн сайын
алға ұмтылып барамын.
***
Жұлдыздардың арасында күні ертең
темір көлік самғайтұғын болады.
Адам деген аспанды да шарлайтұғын болады.
Анау тұрған Айды да олар абыройдан айырар -
оның беті құжынаған аптектерге толады,
бұл адамдар ессіз солай өрмелейді жоғары.
Менің туған жеріме сен қарашы:
жүзім, өрік... албырайды өр теңіздің жағасы.
Көріп пе ең сен Чилидегі қара торы қыздарды,
олар барда сезінбейсің қаңтарда да ызғарлы.
Күннің нұры есік қақса, есік қақса төгіліп,
Бидайлы өлкем құлпырады бұрымдары әріліп,
Менде осындай туған Жер бар,
теңізім бар, бай далам,
Теңіз барда, далам барда, керек емес Ай маған.
Әйелім бар қарақаттай екі көзі жайнаған.
О, ол деген құдірет бір мені жіпсіз байлаған!
Айға ұшуға ерінемін. Айыптай бер сен, мейлі,
өйткені мен Жерді ешқашан ауыстырғым келмейді.
Мысықтың түсі
Неткен ғажап ұйқы еді!
Түк қаперсіз жатыр, міне, керіліп,
(бұл заманда бұлай ұйқтау - серілік)
қан тілеген тырнағы да тыныстап,
көз жұмулы
бар тірлікке карайтұғын жыны ұстап,
әншейінде сонадайдан үрей берер кісіге
қорқынышты емес, тіпті, жолақ-жолақ түсі де,
көре калсаң тайсалатын шегініп.
Сол мысықша мен де бір
ұйқтар ма едім алаңдамай басқаға,
таңдамай-ақ - көгалға да, тасқа да.
Жорықтарда тойғызып ап қарынды
(адам, сен де осылардан ал үлгі),
сосын алсам осылайша дамылды.
Түсімде де жаудай тиіп тышқанға
(байғұстарда қарсыласар күш бар ма!)
Салсам деймін дабылды.
Жатты мысық түс көріп:
сезіп тұрмын, бүлкіл қағып бар дене,
селт еткізіп әлдене,
жартастарға секірердей дірілдеп,
жемтігіне бас салуға басқалардан бұрын кеп,
түсінде бұл -
қарт атасы жолбарыс боп ақырып
жанар тауға жалғыз өзі жатыр екен атылып!
Сезіп тұрмын, айбаттанып алшаңдайды
шынында
жолбарыс боп кеткендей-ақ мақұлық.
Ұйқта, ұйқта, мысығым,
сенен асқан бақытты жоқ, байқағам,
әлсіздерді тырнағымен жайпаған.
Ұйқыдағы маңғаз мына денеңмен,
көңіліңмен асып-тасқан кемерден,
тіпті сұрғылт құйрығыңмен жыландай,
қан тілеген жүрегіңмен тұмардай –
ерлік жайлы ұмытқан бар адамның
кеудесіне жалын берші қайтадан!
Жұтқыншақ
Жүруші едім мен күліп,
жанымнан бір кеткендей-ақ сең жүріп,
астан-кестең бола қалдым, байқасам
өлім маған қарап қапты телміріп.
Еңсе басқан емханада нықталып
жатып алдық, шықпадық.
Неше түрлі аппаратпен денемді
дәрігер күнде қарайды ылғи сұқтанып.
Тамарыма басын сұғып алды да,
саусағымен өңешімді ал бұра!
Қолдарымен шарлап жатыр дамылсыз,
деп кояды «Өлімнен із қалды ма».
Түтін болып ұшқым келді, сонда мен
қанатымды көк аспанда қомдар ем...
Ұстатпас ем еш пендеге, ажалға да,
амал не -
алып жаттым зорға дем.
Қашқым келді өзімнен де, жұрттан да,
жем болғанша өлім деген сырттанға,
Бірақ әл жоқ, талмаусырап жүдедім,
бар күшімді ажал шындай құртқан ба!
Жыным келіп өлімге айттым ашынып:
«Ей, жалмауыз, кеттің неге басынып?
Сенің түпсіз күлқыныңа жем болды
қанша қыршын жас үміт...
қанша керең болсаң да сен, желөкпе,
мына жаймен есептесу керек те:
ойнама сен өмірмен -
тірлік керек адамға да, терекке.
Менің қаңқам неге керек ал саған?
Әлі өмірге тойғаным жоқ, тамсанам.
Тіміскілеп неге жүрсің қасымда,
Бар арманың мен болдым ба аңсаған?
Неге алмайсың азап шеккен сорлыны,
күтіп отыр ол мұны.
Неге, неге жалмамайсың жауызды
жұртқа батқан қорлығы?
Неге алмайсың адалдықтан жұрдайды
өсекшілді жұртқа әкелер мұң-қайғы;
журналисті ұнататын өтірікті қосқанды;
неге алмайсың сатып кеткен достарды -
ойландың ба бұл жайлы?
Не болмаса судьяны әділдіктен тыс қалған;
полиция бастықтарын сұстанған;
қанаушыны неге алмайсың
біздің жерді таптаған,
сөйтіп кекті әперсең ғой дұшпаннан,
басқалардың көрмей былық, қылығын,
маған ғана неге түсті құрығың?
Маған сенің жұмағың да,
дозағың да қажетсіз, -
жерде менің тұғырым!»
Мен осылай елімменен ұстасып,
берілмедім азайса да күш қашып.
Ал дәрігерім тыным көрмей, өкпемді
шарлай берді нық басып:
қолқамды да қопарды,
саусақтары жайлап алды жотамды,
бар денемді түгелімен шарлады -
өлімнен сәл белгі болса,
сылып бәрін алғалы.
Тамағымның бар-жоғын да білмедім.
Аузымды ашып жата бердім, жүрмедім.
Дәрігерім сәтке тыным таппады,
өткізетін жанымда ылғи түндерін.
Титтей тыным көрмеді.
«Мұндайлардың мүмкін бе, - деп, - сөнбегі».
Мен бұл жолы құтылдым бір пәледен -
ажал-сұмның құшағынан
тартып алды ол мені.
Дәрігер сөйтіп бір қиянат істеді.
Армандап ем:
ол дүниенің күштері
күтіп мені отыр ғой деп сарылып,
сауық құрып бірге тамақ ішкелі;
құдай өзі ертіп әкеп кемпірін
мені күтіп отыр-ау деп елтідім.
Тез қоштасып кеткені ме ажалдың,
енді тағы басталды
тауыққа ұқсап селкілім.
Ал, адамдар, келіңдер,
сендерменен барлық қайғым жеңілдер.
Өкініп-ақ жүрмін десем өлмегенім үшін мен
мұным жалған. Сондықтан да
өтіріктің емін бер!
Теңіз жағасындағы кемпірлер
Шәлілерін жамылып
алайын деп кәрі ойлардан арылып,
келіп олар жағасына теңіздің,
отырады сосын үнсіз қамығып,
Отырады жалғыз-жалғыз құнысып,
кеткенін де елемейді күн ысып,
«ештеңе де қызықтырмайды оларды:
үнсіздік те, көшкен бұлт та жылысып,
Теңіз болса толқындарын атқылап
тыншымайды шапқылап.
Мейлі айнала алабұртсын, ән салсын
барлығы да кемпірлерге жат бірақ.
Өңшең ару ақ маңдай
кемеменен жүзіп бара жатқандай
ақ айдынның қиырлары қызықтырмай ешбірін,
кеме үстінде мұңға бәрі батқандай.
Олар үшін не бар мынау өмірде,
медеу болар көңілге?
Түпсіз теңіз, жағалаудың самалы,
сосын-сосын тек өздері жалғыздықтың төрінен
көз салады айдынға,
бәрі бірдей: қуаныш та, қайғың да.
Ей, өмір-ай, құлазыттың көңілді
кәріліктің қара өрмегін жайдың да!
Олар, міне, ашылмастан қабағы
әлсіз басып үйге қайтып барады.
Ал теніздің арсыз, тентек толқыны
секіреді шуға бөлеп жағаны...
Жүректің төрт мезгілі
Күн өткесін біз екеуміз
көрісер ме екенбіз...
Сол сағатқа сағынысып жетерміз...
Таңданамын мына мен;
қалай-қалай құбылады бұл әлем.
Жегім келмей сырт айналдым жүзімнен –
кеше ғана құмар ем.
Күз де келді аптығып,
бар алтынды жапыраққа лақтырып,
байлығынан жұрдай болған адамдай
жалаңаш тұр ағаш біткен сап құрып.
Кім айта алар
кәріліктен әрең-әрең тұрса да
кемпір-жерді өзгерер деп мұншама?!
Жанартаулар көбейіпті,
ал аспан
тұнжырайды бұлт сауытты құрсана.
Қала деген өсіп жатыр ғарыштап,
шеті күнде алыстап.
Көшелер мен көпірлерді көргенде
таңданасың жаға ұстап.
Мен өзіңді көрген сайын шектелмей
құшып сүйем жек көрмей,
Бірақ сенің еріндерің кезерген
алғашқыдан басқалау боп кеткендей.
Мен сүйемін
өзгерістің барлығын;
ертеңгі атар таң нұрын;
қайта жанған алауларды, тастарды;
көктеменің төпеп өтер жаңбырын...
лаулап жанып сөнгендерді, аспанды,
өткен күнді, бүгінгіні, алғыны;
бізді талай таза ауалар емдеді,
қызықтырды жаңа гүлдер белдегі...
Жасай берсін, жасай берсін мәңгілік
өзгерістер жердегі.
Біз өмірде мәңгі емеспіз - бұл заңды.
(Кезімізде гүліміз де ырғалды).
Сөніп-жанып жалғасады тіршілік,
қаламайды мәңгілікке тұрғанды.
Мен өзіңді көрген сайын құшағымды ашамын.
Сен өскенде қуаныштан тасамын,
сонда, сонда мына жұрттың бәріне
күн шуағын шашамын.
Мен гүлдедім, гүл ектім,
алға мені жетелейді бір екпін.
Жырлап өтем, сүйіп өтем қашан да
төрт мезгілін жүректің!
Қазақшаға аударған Фариза Оңғарсынова