Қазақты өресіз деу өрескелдік

ӘДЕБИЕТ
1906

Жаңа жылдың алғашқы күнінде Сөз мырза былай деп төгіліп бергені. Айтты: « Жер бетіндегі қай халықты да зерттеп-бағалауға болатын шығар, бірақ қазақты өз биігінде танып алу қиынның қиыны дей бергейсің! Неге? Өйткені бұл халықтың іші бөлек, сырты бөлек. Бір-бірін мақтай бастаса, аспандағы айға теңеп барып тоқтайды; Бір-бірін сынай бастаса, жерге біржола тығып барып тояттайды. 

Осы күні бұл халықтың қасиеті өзгерген, өресі тым төмендеп кеткен деген кесімді ой кестелепті бір қазақ! Мықтысы мен маңмаңгерін өзі тани алмайды, тек өзгелер бағалаған соң ғана, бас изеп, «солай екен ғой» дейді. Міне, осы тектес мойынға қиып салар «бағалауға» бас шұлғуға бола ма? Күдіктіміз! Ау, жер жүзіндегі қаны таза, ойы тұнық, алғыр да зерек, тапқыр да жаңашыл халық демеуші ме едік әнебір жылдары! Енді не? Бірден төменге құлдилап, өз биігінен өзі қашып, төрдегі басы есікке жеткені ме? Жоқ! Қазақ қазақтың қадір-қасиетін терең танып болған жоқ, сосын да бұндай пікір сыңаржақтық ! Таланты мен қабілетін түгелімен таразыға салып салмақтамай келеді, демек бәрі де ұшқары ой деңгейіндегі әңгіме! 

Өре туралы әңгіме тиегі ағытылса, осынау болмысы бөлек елден оза шауып ала жөнелер халық бар ма екен? Бар болса, көп пе екен? Тек... әлгі бір кемшілігі... Көре алмай, қызғаныштың қызыл итіне міне сап шабатыны болмаса...» 

Әңгіме аяғы сиырқұйымшақтанды. Күбірге ұласты. Сөйтсе де Сөз мырзаның нені меңзеп жатқанын ішімнен ұғып тұрғандаймын. Қандай қабілетті әрі алғыр жұрт бола тұрып, өзді-өзі қалғанда неліктен жақсысын жастық астына тығып, жүйрігін қораға қамап, тұлпарын өзгенің тепкісіне қиып, талантын басқа ұрып, көрінгенге көнбіс мінез көрсетіп, жаттың жылтырағына тамсанып, өз табанында жатқан алтынға мұрын шүйіріп, не өзіне, не өзгеге бұйыртпай, шөре-шөре өмір кешуі қалай осы? 

Әншілері өзара қырғиқабақ! Әртістері мұрын астынан «міңгірлегенді» өнер көреді! Ақын-жазушылары бірін-бірі оқымайды! Сыншылары қазақты қойып, әлемтанушы болғанды мәртебелейді! 

Күні кеше «Мәдениет» деген портал қазіргі роман туралы жап-жақсы әрі өнегелі сауалнама бастаған екен, үн қатар бірі жоқ – бәрі тайлы-таяғымен аузына су ұрттап алғандай. Өре дейміз-ау, өре емес, алдымен ықылас жоқ демейміз бе? Ал, ықылассыздық орын алған жерде, қандай жанашырлық пен үйлесімділік бола қойсын! 

Сөз мырза, сен мені тым тереңге сүйреп кеттің білем осы жолы...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...