Пауло Коэльо. Тышқан қақпан және өзгелердің амандығы

ӘДЕБИЕТ
1395

 Бразилия

Пауло Коэльо


Тышқан егіс алаңы қожайынының тышқан қақпан әкелгенін көріп, «көзімді құртатын болды-ау» деп қатты қаймықты.

Ол айнала шақпылап біткен хайуанаттарға: «Тышқан қақпаннан абайлаңдар!», «тышқан қақпаннан абайлаңдар!» деп жар салып шықты. Оның байбаламын естіген шөже:

–  Байқұс тышқаным-ай, қақпан саған қатер төндіргенімен, менімен еш қатысы жоғы белгілі ғой. Түймедейді түйедей қылып далитпай жайыңа жүр!, – деп тыйып тастады. Тышқан шақпылап шошқаға келді. Түскі ұйқысы бұзылған шошқа қатты ренжіді

– Үйге тышқан қақпан құрылды!

– Жанашырлығыңа рахмет, мен де өзіңе тілеулеспін!, – деді ол, – алаңсыз бол, түнімен сен үшін мінәжат оқып шығайын. Қолымнан келері де сол.

Тышқан қай кездегісінен де қатты жалғызсырап, сиырдан қайыр іздеп барды.

– Байқұс тышқаным-ай! Оның менімен не қатысы бар, тышқан қақпанға түсіп өлген сиырды қашан көрген едің?

Тышқан өзін жақтар ешкімнің жоғын байқап, еріксіз егіс қожасының құжырасына қайтып келіп, ініне тығылды. Әлдеқалай оқыс іс туа ма деп қорқып, түн бойы кірпік айқастыра алмады.

Таң саз берген әлетте, тышқанның құлағы әлде не тосын дыбысты шалды. «Қақпан қалайда бірдеңе қапты-ау»  деп түйді ол.
Егіс қожасының әйелі тышқанның өлген-өлмегенін көре қоймақ болып үстіңгі қабаттан төменге түсті. Қараңғыда қақпан құйрығынан қапқан жыланды байқамай қалып, үстінен келіп түсті де, аңдаусызда жылан шағып алды.

Әйелінің бажылдаған ойбайын естіп абың-күбің қимылдаған қожайын тізгін ұшында емханаға жеткізіп, дер кезінде қажетті ем-домын жасатып қайтты. Бірақ, оған әйелдің дене қызуы түсе қоймады. Сорпаның ең жақсы қуаттық тағам екенін ескерген қожайын шөжені тарпа бас салды.

Әйелдің денсаулығы біртіндеп қалпына келе бастады. Ерлі-зайыпты екеуі де осы төңіректегі елге жағымды жандар еді, көрші-қолаңы көңіл сұрап түгел қотарылды. Көршілерге ыстық ықыласты рахметін білдіру үшін қожайын шошқасын алып ұрып сойды да, қызғын мерейлі дастарқан жайды.
Қожайынның әйелі сауықты. Бірақ, емдеу ақысы өте қымбат болғандықтан, қожайын сиырды қасапханаға сатып қарызын өтемеске шарасыз қалып еді.

Осының барлығын көзімен көрген тышқан іштей: «Бәріңе де баяғыда ескерткен едім, барлығың де біреуге келген қатердің енді біреуді де шарпып кетерін түсінген болсаңдар, жағдай мұнан өзгеше болар ма еді, қайтер еді?» деген ой кешті.

Қытай тілінен аударған Әбдіғазы Зақанұлы

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...