Басын осы жерден оқи аласыз13 тарауШілденің шіліңгір ыстығы түске таман қазанның астына от...
Қадыр Мырза Әлидің балаларға арналған өлеңдері
106875
МЫСАЛДАР Жираф пен Піл — Ұзын менің бойым да, Ұзын менің мойным да!— Деді Жираф бір Пілге,— Әлі өсу бар ойымда. — Өсіп, досым, бір айда, Маған десең, жет Айға! Бірақ жерге жетпейтін Сол мойыннан не пайда?! Тиыншыл Тиін Қызықтырып көк тиын, Жаз жаңғағын Ақ Тиын Сатып-сатып тауысты, Болды сөйтіп «табысты». Аяз қысқан қыс күні, Сатып ескі-құсқыны, Сол жаңғақты Көп тиын Беріп алды Ақ Тиын. Сақал-мұрт пен Ұстара — Досым, мінің көп тегі, Мақтаса да сені жұрт. Бізсіз күнің жоқ!— деді Ұстараға Сақал-мұрт. Болды сөйтіп масқара, Орынсыз дау бастады. Сақал-мұртты Ұстара Күзеді де тастады. Тышқанбаев Мысық Ұлды болды бір Тышқан, Қуантты бұл пақырды. Той жасап ол, туысқан, Тумаларын шақырды. Шаңын сүртіп ұқыптап, Жалтыратты ол үйді. Келушілер құттықтап, Ортаға алды сәбиді. Не бір жайсаң қасқалар Мақтасты да пысық деп, Пысу үшін басқалар Ат қойды оған Мысық деп! Қанденнің қаһары Күпті болып көп етке, Жата бермей бүк түсіп, Жазығы жоқ Төбетке Үрді Қанден мықтысып: — Аф! Аф!— деді,— Аф!— деді, Қанден бе ол өйтпесе!— Байлаулымын, қап!— деді,— Көрсетер ем, әйтпесе! Бұзау мен Тоқты Бұзауға қарны ашқан соң Тоқты келіп, — Шөбіңнен бір жейтіндей берші!— деді. Ал Бұзау өтірікті соқты келіп, — Сұраған сенен бұрын көрші,— деді. — Япыр-ай, қандай сараң шырақ едің, Бұлай деп ойласамшы!— деді Тоқты,— Әшейін сынайын деп сұрап едім, Берсең де алғым келіп тұрған жоқ-ты! Қанден мен Төбет Қанден айтты Төбетке: — Ұқсамайсың сен итке! Келген жұртқа үрмейсің, Бөгде жанды көрмейсің. Жүрексізсің, қорқақсың, Ебедейсіз, шорқақсың!— Төбет айтты Қанденге: — Бұлай деп сен бәлденбе! Жағыңды бір жаппайсың, Бірақ жанды қаппайсың! Сырыңды жұрт біледі, Сондықтан да күледі. Өтпепті ғой өзіңе Крыловтың сөзі де! Алпауыт пен Қаптесер Кебежеден бал тауып, Ұрлап жатты Алпауыт. Көріп қалды Қаптесер, Кез осы ғой шап десер. — Ортақтастыр олжаңа, Әйтпесе, мен қожаңа!..— Сасып қалған Алпауыт: — Көршім, пайда қал тауып! Мұқтаж асың бал ма еді, Керегіңше ал!—деді. Есеп білмеген Есек — Шығар, қарап тұрғанша, Бір жердегі бір қанша?— Деп Торы Айғыр берді есеп, Шығара алмай тұрды Есек. Ақылдасып, бірлесіп, «Бір жерде бір — бір!»—десіп, Шығарса да есебін, Беделсіз деп, Есегің Сенбей қойды Қойға да, Сенбей қойды Тайға да. — Бес!— деп Аю гүр етті, Есек сорлы дір етті. — Бір жерде бір — бес!— деді, Кейбіреулер өстеді.Әттеген-ай Ойнадым, ойнадым, Ойынға тоймадым. Шегім де бұралды, Сонда үйге оралдым. Мен жоқта үй іші Екі рет шәй ішіп, Тамағын пісіріп, Табаққа түсіріп, Өздері тойыпты, Маған аз қойыпты. Ет екен демедім, Өкпелеп жемедім. Ал апам күлді де, Майлы шек, тілді де Қалдырмай жеп қойды, — Тәтті екен!— деп қойды. Өйтерін білмедім, Өйтерін білгенде Өзім-ақ жейтін ем, — Аз емес!— дейтін ем! Досым екеуміз Шекіссек те екеуміз Үйге жылап қайтпаймыз. Сөзімізге бекембіз, Апамызға айтпаймыз. Естімесе өздері, Айтып қанша қажеті? Біліп қойса, Біздерді Ойнатпайды бір жеті. Сенбесеңіз (әні бар) Қанкөбелек ойнадық, Қызығына тоймадық. Біз айналдық, Бізбен бір Жатты дала айналып. Екі көзге жас тұнған, Болып кетті тас тұман. Қара жер зыр жүгіріп Қашты аяқтың астынан. Рас біздің сөзіміз, Сөзімізге сеніңіз. Сенбесеңіз, Өзіңіз Шыр айналып көріңіз! Ішік Апаммен келісіп, Алып ек бір ішік. Көкеме ол ұнады, Қиылып сұрады: — Бір киіп көрейін, Бағасын берейін!— Деп алып, бермеді, Қолын бір сермеді. Айтқанға көнбеді, — Бұл саған кең!— деді. Шынына келсеңіз, Кигізіп өлшеңіз. Кең емес ішігім, Мен өзім кішімін! Калошым алды өшін Күнде де, Түнде де Сырғанай, Сырғанай Бердім де, Көрдің бе, Калоштың Мөрі өшті, Ақыры Пақырым Төзімді Өзімді Құлатып Жылатып, Калошым Алды өшін. Асығыста Қыртыс-қыртыс ұйпалақ, Киіп алдым жейдемді. Омырауын сипалап, Таба алмадым түймемді. Бірін таппай түйменің Босқа пісіп-күйіппін. Асығыста жейдемнің Теріс жағын киіппін. Шықсам да Батырлығым ұстады, Шықтым терек басына. Сонау орта тұстағы Жеттім ұя қасына. Тұнық аспан төбемде Тәрізді бір айна алды. Қарап едім төменге, Басым қатты айналды. Мейлі, қалай ұқсаң да, Мұнымды ерлік демеспін. Шығуын бір шықсам да, Түсе алатын емеспін. Сыр Түніменен ауырды Түбі босап тістерім. Тауыстым бар сабырды, Білмеді апам не істерін. Айтып жатты атама «Не болды екен?»—дегенін. Белгісіз-ау апама Тәттіні көп жегенім. Апам неге жылады? Көзім түсті апамның Көзіндегі жасына. «Белгісі ме қапаның?»— Деп келдім мен қасына. Сұрамақпын, білмекпін Жанына не батқанын. Байқамаппын, көрмеппін Пияз турап жатқанын. Кемірген кім, ішкен кім? Қағып шаңды, Кітапшамды Темірменен Кемірген кім? Деп ойласам, Абайласам, Тышекеңнің Тісі екен! Сүтін қойдың Жаңа қойдым, Кең тегештен Кім ішкен? Деп ойласам, Абайласам, Мысекеңнің Ісі екен! Аурудың аты Береке кетіріп, Ауырдым өтірік. Апам да, Атам да, Әкем де, Көкем де — Бәрі де қиналды, Жаныма жиналды. Ұсынып асымды, Ұстады басымды. Халатты дәрігер Келгелі әбігер. Кеудемді тыңдайды, Сұраудан тынбайды: — Ішің бе? — Ішім де! — Тісің бе? — Тісім де! Ауырды бәрі де, Ем болар дәрі не?— Әлде не байқады, Басын ол шайқады. Апам да, Атам да, Әкем де, Көкем де Құлақ сап әр үнге, Зәре жоқ бәріңде. — Ауруы қауіпті, Насырға шауыпты!— Деп еді дәрігер, Боп қалдық әбігер. Апам да, Атам да, Әкем де, Көкем де — Бәрі де торықты, Өзім де қорықтым. Шын ауру шығармын, Деп ойлап жыладым. Көп шыдап тұрмадық, Жамырай сұрадық: — Ем жоқ па емдейтін, Ауру бұл не дейтін?— — Аты оның — еркелік, Солай деп тіркелік!— Қуанып сасқанда Секірдім аспанға. Апам да, Атам да, Әкем де, Көкем де— Бәрі де қуанды, Өзім де қуандым! Тоқымқағар Таң қалдырып мен елді, Тайға мініп жөнелдім. Шапқан сайын елірдім, Шапанымды жел үрді. Желпіл қағып етегім, Қопаң-қопаң етемін. Көзім түк те көрмеді, Қара су боп терледім. Талып қалды тақымым, Қалып қалды тоқымым. Жармасамын жалына, Жұрт күледі халыма. Құрбыларым қарайды, Құламасам жарайды! Дұрыс па, бұрыс па? Сағат бірден асыпты, Апам іске асықты. Бұрын мұндай болмаған, — От жақ!— деді ол маған. Кеуіп жатқан қу қидың Үстіне әкеп су құйдым. Көріп қалып бұл істі, Апам маған ұрысты: — Күлдірген-ау, Күлдірген, Мынауың не бүлдірген?! — Тез жансын деп мұндайда Көмірге су құймай ма?! Мен — балықшы Серік болып Салыққа, Барып едім балыққа. Алабұға, ақ шабақ Берді маған көп сабақ. Қармағыммен ойнады, Жемімді жеп қоймады. Талай-талай қатырды, Міне қалтқы батырды. Жайлап тартып сағаға, Сып еткіздім жағаға. Тағы ұятқа қалдырды — Алып шықтым балдырды. Көлдің ойнап сазаны, Маса да алды мазаны. Шаққан жерін ісірді, Әбігерге түсірді. Түк ұстамай кеш болды, Бар еңбегім еш болды. Жеңіл ғой тек айтуға, Ұялдым құр қайтуға. — Ұстадың ғой өндіріп,— Деп Салықты көндіріп, Бір балыққа салмақты, Ауыстырдым қармақты! Ұқпаймын Қоралар қалады қаңырап, Ертемен қой өріп кетеді. Момақан қозылар маңырап, Үндері көш жерге жетеді. Білмеймін, өздері тоңа ма, Жазда да қалың тон киеді. Мен қалың кимеймін, Сонда да Мені апам «Қозым!»— деп сүйеді. Тоқал ешкі (әні бар) Күнде тәртіп бұзыпты: Кішілерді сүзіпті Миуаны үзіпті, Мүйізіне тізіпті. Міне осындай алыпты Атам көріп қалыпты. Қажыттың деп халықты, Мүйізін қағып алыпты! Қояным Бір қоян асырап келемін, Оған мен көп уақыт бөлемін. Өзі бір сүйкімді, Бар менің Сол үшін шығарған өлеңім. Кісіге қараған кезінде Бір үрей тұрады көзінде. Су жүрек деп оны сөгер ем, Қорқам ғой кейде мен өзім де! Күшігім Өзі адамға үйірсек, Өліп-өшіп ойнайды. Қиқуласып жүгірсек, Қашып жүр деп ойлайды. Қуып жетіп қалғанда Білмейді не істерін. Балтырыңнан алғанда Батырмайды тістерін. Әупілдек Ауыр жүкті батпандай Арқалап бір жатқандай, Әуп! Әуп!— дейтін кешқұрым Әупілдектің ешбірін Көрмегенмін мен бір де, Болса да бұл өңірде. Дауысымен айбынды Жаңғыртатын айдынды. Сондықтан біз әупілдек Ойлаушы едік дәу піл деп. Сөйтсек, өзі құс екен, Даусы ғана күш екен! Ара Қызғалдақтың қасына Қойып едім қондырмай, Бізін сұғып басыма, Шақты ара оңдырмай. Енді тимен оған мен, Ісіп кетті бас, шекем. Балы тәтті болғанмен, Тілі өзінің ащы екен! Қырықаяқ Шым астынан кетпейді, Шымбайына батса да. Суық та оған өтпейді, Сызды жерде жатса да. Жүргенде ұзап кетпейді, Бар ынтасын салса да. Қосаяққа жетпейді, Қырық аяғы болса да! Бүиі Қасына алып мені ағам, Қой бағысып жүр едім. Бүйі көріп даладан Дүрсілдеді-ау жүрегім! Байқап қалдым бір кезде Иіскелеген ісек қойды. Жетіп келіп ілезде Дәу бүйіні жеп қойды! Бұл қалай? Мен де бірі екенмін Қолды-аяққа тұрмастың. Айтуынша әкемнің, Құлыныммен құрдаспын. Желп-желп етіп тұлымым, Бәріне таң қаламын. Ат болды өсіп құлыным, Мен неге әлі баламын?! Қақпанның жыры Мен қақпанмын, қақпанмын, Дұшпанымды тапқанмын. Түлкіні де айлакер Тілерсектен қапқанмын! Мен — айланың басымын, Хайуан ұстау — кәсібім. Аңшылардың досымын, Қасекеңнің қасымын! Бөпем Бөпеме ызам келеді, Бір жыласа көнбейді. Тек мамасын емеді, Тамақ берсем жемейді. Мен алтыға толғалы Бәрін жақсы дей берем. Тамақ болса болғаны, Тәттіні де жей берем! Арман Жеңешемнің баяғы Жаратпаймын тарлығын. Шкафқа сап қояды Қант-секердің барлығын. Балалық тез өтсе екен, Шығар едім ұшпаққа. Бойым өсіп жетсе екен, Ең болмаса, Шкафқа! Қуын-ай Бар еді досымда Кішкене ала доп, Біздің үй қасына Ойнайтын ала кеп. Сол допты досымнан Қиылып сұрадым. Ол менің қасыма Жақындап бір адым: — Бар ғой доп дүкенде, Сатып ап жаңасын, Маған бер, сөйткенде Мұны сен аласың!— Деп қойды, Көзімше Кепкесін жапырып. Мені бір Өзінше Кетпекші қатырып! Апамның айласы Сезге апам шебер-ді, Сұрады бір уақта: — Жұмсайын Жігерді, Балықкөл жырақ па? — Жақын ғой Балықкөл, Жұмсасаң Жігерді!— Деп едім. — Барып кел!— Деп мені жіберді, Мұзайдын Бар үйдің жанында Мұзайдын тамаша. Ертемен мен онда Ойнадым оңаша. Мұзайдын үстінде Құмарың қанбас-ты. Жалп ете түстім де, Сипадым жанбасты! Торғайды атып Бұл жолы кім қорғайды, Бүгін тағы бүлдірдім. Көздеп атып торғайды, Терезені сындырдым. Тентектердің, сөз десе, Тілі қышып тұрмай ма?! — Терезені көздесең, Тиер,— дейді,— торғайға! Еліктеу Сыйласаңыз адамды, Сыйлаңыздар атамды. Тал шашы жоқ, содан ба, Үлкен ғалым атанды. Сұрамай-ақ жасымды, Көрші менің басымды. Мен де ғалым болсам деп, Алдырып ем шашымды! Ұсыныс Класкомға лайық Бір оқушы табайық, Деп бәріміз жиналдық, Келісе алмай қиналдық. Күләш тұрып Ұмсынды Бірінші боп ұсынды. Жатып тұрып мақтады, Жамандығын таппады. Бірі ұсынды Манапты, Бірі ұсынды Данапты. Едім мен де үмітті, Бірақ мені ұмытты. Бұған өзім төзбедім, — Сөз беріңдер, сөз!— дедім. Бәрі маған қарады, Көздер тесіп барады. Алдым да бір жөтеліп, Даусымды сәл көтеріп: — Достар!— дедім,— Осыған Мен өзімді ұсынам! Бірінші «бестік» Бүгін үлкен қуаныш — Беске бесті қоса алдым. Былай қалып жаман «үш» Бірінші рет «бес» алдым. Жайда бергім келмейтін Күнделікті ұсындым. Оқытушым күлмейтін Күлді, содан қысылдым. Қояры бір «бес» еді, Оқытушым оңдырды: «Екімді» де кешегі Күнделікке қондырды! Диктант Кеше біздер класта Диктант жаздық отырып. Көшірдім мен Күләш тан Бір парақты толтырып. Үзілісте мен іште Асыр салып ойнадым. Құрығанда бір «үшке» Жаздым-ау деп ойладым Сөйтсем, мойны ұп-ұзын «Бір» алыппын, құрысын Дәптер беті қып-қызыл,- Ұялған ғой мен үшін. Менің хатым Ағам менің жырақта — Астанада тұрағы. Жазған хаты бірақта Бес күнде кеп тұрады. Менің жазған хаттарым Көп жүреді тегінде. Менің жазған хаттарым Жетеді оған он күнде. Өйткені олар жазған соң, Бес күн үйде қонады. Ал сонан соң, сонан соң Бес күн жолда болады. Ағамның жауабы Өзімше бір мақтанып, Хат жазғанмын ағама. «Аға, қазір хат танып, Жарып жүрмін бағаға. Сұрақтарға кідірмей Бере аламын жауапты. Диктант болса, мүдірмей Жаза аламын сауатты». Ағам жауап жолдапты, Жетіп келді бес күнде. Оқып шығып ол хатты, Көрсетпедім ешкімге!.. Ағаның «ақылы» Айтайын сыр саған мен: Дойбы ойнап бір ағаммен, Үш-төрт рет қалдырдым, Құмарымды қандырдым. — Жақсы ойнадың, інішек, Біз де бір кез білгіш ек!— Деді ол түйіп қабағын,— Нашар бірақ сабағың! Көп ойнайсың дойбыны, Зияны мол, Қой мұны! «Сүйікті» пән Түртіп қалдым Майқанды, Майқан маған қарады. — Әй, сен осы қай пәнді Сүйесің?— деп сұрадым. — Білгендерге пән-мәннің Барлығы да тәуір-ау!— Деді Майқан,— Ал менің Сүйер «пәнім»— қоңырау! Асып-сасып Бүгін қатты ұйықтаппын, Бір кез шошып ояндым. Сағат сегіз боп қапты, Қар басыпты үй алдын. Татқам да жоқ тамақтан, Асып-сасып киіндім. Кешіктім деп сабақтан, Өз-өзімнен күйіндім. Біраз жер бар мектепке, Біздің одан үй алыс... Аптығыппын мен текке, Жетіп келсем — демалыс! Қыңыр Ақыл әлі қонбаған Сынайын бір інімді. Өкпелер-ау ол маған Айтасың деп мінімді. Одан қыңыр өтіп пе, Дұрысты жөн көрмейді. «Резинка етікке Калош алып бер!»—дейді. Білмейді, білмейді — Бұлт деген не, Бұлт деген?— Деп сұрадым бір күні. — Бұлт деген бе? Бұлт деген Паровоздың түтіні!— Жауабына мәз інім, Білгішін-ай өзінің! Сұрақ Әжем айтты былай деп: — Көршіміздің қандені Біздің үйге ұдай кеп, Ет ұрлап-ақ дәндеді!— Ұқпайды екен дәнеңе, Сұрақ қойды Жүсіпбек: — Қанден деген немене, Өспей қалған күшік пе? Сый Құрап бүгін бастарын, Келіп еді достарым. Жинап алып ұл-қызды, Кірпіштен үй тұрғыздық. Жалған емес, Бұл анық: Қабырғасын сыладық. Терезеге, есікке Қалдырып ек тесік те. Алайда оған сыймадық, Ақ күшікке сыйладық. Ағаның әлдиі (әні бар) «Ақ мамаңа асықпа, Апам малда, қашықта. Ақтылы қой бағып жүр, Алтын жұлдыз тағып жүр. Атам болса пішенде, Айқайлама, күшенбе! Жылай беру күнә ғой, Ал көзіңді жұма ғой! Әлди-әлди, бөпешім, Әлдилейді көкешің?»— Жырлай-жырлай жалықтым, Өзім де ұйықтап қалыппын. Мен жасаған машина Біле-білсең, өнерім Басқалардан асады. Жоқ демесең номері, Жүк машина жасадым. Тормоз, руль — бәрі бар, Түп-түгел төрт дөңгелек. Балдырған бар, кәрі бар Көрді оны ентелеп. Көп көз маған тесіліп, Кірпіктерін қақпайды. Өнерімді көпшілік Керемет деп мақтайды. Бірақ олар абайлап, Кемшілігін көрмейді. Ал машинам жіп байлап Сүйремесе, жүрмейді! Етікші (әні бар) Көрдің, әлде көрмедің, Етікші атам бар менің. Қартпын деп ол айтпайды, Қол қусырып жатпайды. Тук-тук, тук-тук, Қол қусырып жатпайды. Құрып алып малдасын, Жалпақ басты балғасын, Пышағы мен бізін ап, Отырғаны қызық-ақ. Тук-тук, тук-тук, Отырғаны қызық-ақ. Қоңыр күзде, көктемде, Қара жаңбыр төккенде Кетпесін деп сыз өтіп, Тігеді ол бізге етік. Тук-тук, тук-тук, Тігеді ол бізге етік. Шофер Шофер жездем Ғаниды Барлық бала таниды. Сол көшіріп әкелген Тың совхозға бар үйді. Май-май болып білегі, Бізбен ойнап күледі. Машинаның тетігін Бес саусақтай біледі. Іссіз қарап тұрмайды, Машинасын бұрайды. — Балақай, сен қай жаққа Бармақ ең?—деп сұрайды. Сен мұндайда жасыма, «Мен қырманның басына Барам!»— десең болғаны, — Отыр,— дейді,— қасыма! Ешкімнен ол қалмайды, Ешкімді алға салмайды. Қара жолдың үстімен Құйындатып самғайды. Асықпайды, саспайды, Әңгімесін бастайды. Жол бермесе үйрек-қаз, «Пе-пе-еп!»— дейді, Баспайды. Шалшықтан да өтеді, Балшықтан да өтеді. Алыстағы қырманға Ә дегенше жетеді. — Мотор жақсы істейді,— Деп шылымын тістейді.— Ағызып-ақ кеп қалдық, Ал, балақай, түс!— дейді. Менің жездем Ғаниды Барлық бала таниды. Қорыққанда Көргеннен-ақ төбетті, Ала салып күректі, «Бұл ит пе, бұл батыр деп, Бізге келе жатыр!»— деп, Қорыққаннан балалар: Құмар, Қасым, Дана бар, Шығып кетті терекке, Дүрс-дүрс етті жүректер. Деді олар: «Бәйтерек Болмағанда қайтер ек!» Сөйтсе, босқа сасыпты, Ит олардан қашыпты. «Суретші» Бір бала дүкеннен керекті Бояулар, қағаздар алыпты. Бекіре, арыстан, үйректің — Бәрінің суретін салыпты. Білмейді дей ме екен халықты, Қоянды аң депті қауіпті. Аспанға ұшырып балықты, Жүздіріп қойыпты тауықты. Жаңғалақтар Ойнай-ойнай зеріккен Ерік, Берік, Серікпен Ертең ерте оянып, Қармақ алып, тор алып, Балық аулап қайтпақшы Болған еді, айтпақшы... Ертең ерте ертемен Ерік барып Берікке, Берік барып Серікке, Серік барып Ерікке, Кездеспек боп қалайда Келіскен-ді алайда... Алакеуім таң атты, Ауылды әтеш оятты. Ерік барды Берікке, Берік барды Серікке, Серік барды Ерікке, Мұндай қызық көріп пе?! Ерік барса Берік жоқ, Берік барса Серік жоқ, Серік барса Ерік жоқ,— Бірі барса бірі жоқ. Үшеуі де сандалды, Бұл қалай деп таң қалды. Не болғанын сезбеді, Бірін бірі іздеді. Ақырында із кесіп, Талма түсте кездесіп, Тәлтиісіп тұрысты, Таласпауға тырысты. — Ауламай-ақ балықты, Шаңқай түс боп қалыпты,— Деді бірі байыпты,— Осыған кім айыпты?! — Жарар енді, кетейік, Шалқар көлге жетейік! Ақыры олар жол жүріп, Аз ғана емес, мол жүріп, Шыдап ыстық, шөліңе, Жетсе шалқар көліңе. Ұмытыпты қармақты, Тістеді олар бармақты. — Теңдес болар күшіміз, Қайыссымыз кішіміз, Сол әкелсін қармақты!— Деп ұзыны зар қақты. Жатып тұрып таласты, Жастарын кеп санасты. Ерік айтты:— Мен үлкен! Берік айтты:— Мен үлкен! Серік айтты:— Мен үлкен!— Болды сөйтіп бәрі үлкен. — Сонда, достар, қармаққа Көлеңкеміз бармақ па?! — Балық үшін келгенбіз, Қайыссымыз үлкенбіз, Сол әкелсін қармақты!— Деп кішісі зар қақты. Жатып тұрып таласты, Жастарын кеп санасты. Серік айтты:— Мен кіші! Берік айтты:— Мен кіші! Ерік айтты:— Мен кіші!— Білмей қойдым кім кіші. — Сонда, достар, қармаққа Көлеңкеміз бармақ па?!— Бір-бірімен келіспей, Бір-біріне көніспей, Қармақ үшін керекті Үшеуі ақыр бір кетті. Сағат деген үш болды, Жолда жүру күш болды. Әжептәуір жол жүріп, Аз ғана емес, мол жүріп, Алып қармақ-құралды, Тағы үшеуі оралды. Бұл жолы олар «ұқыпты» Жем дегенді ұмытты. Қолдарына қалбыр ап, Иықтары салбырап, Кетті үшеуі жем іздеп, Құйды жаңбыр бір кезде. Суға малып алғандай Болды достар малмамдай. Сөйтіп жүріп кеш болды, Еңбектері еш болды. Жейделері жабысып, Амалдарын тауысып, Үшеуі аштан бұралды, Құралақан оралды!..