Ақиық ақын, қазақ поэзиясының Хантәңірі – Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуына орай Ал...
Қалима Мұқажан. "Темірбектердің жаныма тырнағы батқан...»
Академик Бауыржан Омарұлының «ҚОЖАКЕЕВ ҚҰБЫЛЫСЫ» атты естелігін (менің парақшамда да тұр) оқып шыққан соң ішімдегі біраз шер қозғалды. Әрине, қазақылыққа салсақ, қайтыс болғандар жөнінде жаман сөз айтылмайды. Десек те өмірдің шындығы «айтпасаң, сөздің атасы өлетінін» еске салып отырады.
Бұл ұсынылып отырған естелік менің жарым Қалима Мұқажанның біздің өмірімізге және замандастарымызға қатысты «Дидар-ғанибет. Анфас» (Алматы, «Асыл кітап», 2014) атты эссе-ретросынан қ ы с қ а р т ы л ы п алынды.
Байбота Қошым-Ноғай
...– Екінші курстың соңына қарай аяқ астынан әлдекімнің тапсырмасымен журналистика факультеті студенттерінің күшімен оркестр құру жұмысы ұйымдастырылды. Кімнің жеткізгені белгісіз, «домбыра тарта алады» деп біздің курстан Алма Үмбетова екеуімізді сол тізімге қосып жіберіпті. Тізімде бар екенімізді аудиторияға келіп бір жігіт хабарлағанда екеуіміз бірдей домбыраны онша тарта алмайтынымызды айтып, ат-тонымызды ала қаштық. Бірақ жасалған тізімді деканымыз Темірбек Қожакеев біледі, оның тексеретінін ескерткен соң, амал жоқ, екеуіміз де алғашқы репетицияға қатыстық. Оркестрдің жетекшісі, дирижеріміз – музыка маманы, қай дыбыс артық, кімнің қағысы оркестр әуенін бұзып тұрғанын жазбай танитын маман. Ол ә дегеннен-ақ Құрманғазының «Алатау» күйін оркестрмен шығаруға кірісті. Алғашқы жаттығулардан кейін-ақ дирижер Алма екеуімізді алдыңғы қатарға шақырды. Күйді ары үйретіп, бері үйретіп, жуық арада бұл «талаппен» ештеңе мандыта алмайтынымызды байқаған соң бізді оркестр құрамынан босатты...
Сонымен, репетицияға екі-үш рет қатыспағанымызды біліп қалған декан бізді шабармандарын жіберіп өзіне шақыртып алды да:
– Неге оркестрге қатыспайсыңдар?– деді ежірейіп.
– Бізді дирижердің өзі босатты! Домбыра тарта алмаймыз.
– Жоқ, болмайды! Домбыра тарта алмасаңдар да, оркестрдің арт жағында қара көрсетіп отырасыңдар! Егер айтқанымды істемесеңдер... Серікбаев, сенің артыңа қоңырау байлап жіберемін, сол қоңырау, қайда жүрсең де, маған хабар беріп тұрады. Түсіндің бе?..
Ол сөзінде тұрыпты.
– Енді қайтадан оқуға қабылдамай ма?
– Ректор бір жыл КазГУградқа қара жұмысқа жіберді ғой. Өндірістік мінездеме алып келесің деген. Уақыты келгенде қабылдауға тиіс.
– Ал қабылдамаса ше?
– Оны уақытында көрерміз...
Сол кезде әлдебір себеппен оқудан шығып қалған студенттерді ҚазМУ қалашығының құрылысына арзанқол жұмыс күші ретінде пайдаланып, өндірістік мінездеме алып келген соң оқуға қайта қабылдайтын үрдіс бар екен. Байбота бірақ бұған еш мұңайған жоқ. Мен оның сезімін (проблемаларын) өзіме қабылдай бастаған болуым керек...
* * *
Біздің ендігі бар мақсатымыз Байботаның қайтадан оқуға қабылдануы еді.
ҚазМУ-дың сол кездегі ректоры Өмірбек Жолдасбековтың алдынан өтіп, ол бұдан бір жыл бұрын айтқан уәдесінде тұрмай, меселімізді қайтарған кезде де Байбота сары уайымға салынған жоқ.
Сәуір айының басында қажетті құжаттарын алып журналистика факультетінің деканы Темірбек Кожакеевке кірді. Ол болса:
– Сені ешқашан да оқуға қайтып қабылдамаймын, әуре болма,– деп шығарып салды.
Төменгі басшылықтың қиянатын жоғарғы жақ білмейді-ау дейтін аңқау көңіл қай кезде болмасын өмір сүре береді-ау. Жағдайды айтып түсіндірсек, қолғабысы тиер деп ойладық-ау деймін, оқуға қайта қабылдау ретін ректордың өзіне айтып көрейік деп, Талғарда тұратын әпкемізді алдымызға салып, Өмірбек Жолдасбековтың қабылдауында болдық.
Мән-жайға қанғаннан кейін алдына тастаған өтініш пен өндірістік мінездемеге көз жүгіртіп қарап алды да, аса маңызды мәселемен шұғылданып отырған адамдай терең ойға батқан сыңай танытып барып:
– Енді тағы бір ай жұмыс істеп кел,– деді. Кесіп айтты. Өз кезегінде Байбота да қабылдау уақыты жеткенін, деканның «оқуға қабылдамаймын» деп отырғанын айтып үлгерді.
– Неге қабылдамайды? Тағы да бір ай жұмыс істеп кел деп отырмын ғой,– деді. Ары қарай еш әңгіме жоғын аңғарған біз орнымыздан қозғалдық. Әсіресе, апам екеуіміздің ұнжырғамыз түсіп кетті. Жалпы бір нәрсеге қатты сеніп, дәметуге де болмайды екен, ол ойың орындалмай қалса, дүние төңкеріліп кеткендей күйге түсесің. Ал ойға алған мақсатың жүзеге асуы үшін Құдайдан шын тілеп, сол ойыңның орындалуына бар пейіліңмен кірісуің керек екенін сәл кейінірек білдім.
...Осылайша алғашқы талпынысымыз да сәтсіз аяқталғанмен, «Пандора жәшігінің» түбінде қалып кеткен үмітіміз әлі үзілген жоқ-тын.
Бірде университеттің бас корпусы жаққа барған Байботаға бір жігіт (курстасы Әуез Бейсебаев болуы да мүмкін) ректор Өмірбек Жолдасбековтің жақын арада Германияға сапар шегетінін, ал журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеевтің Мәскеуге кеткенінен хабардар етіпті. «Құланның қасынуына шүріппенің басылуы сәйкес келген» оңтайлы сәтті пайдаланып қалуды ойлап, Байбота деканның міндетін уақытша атқарушы журналистика факультетінің деканының орынбасары Марат Барманқұловтың қабылдауына барды. Құжаттарына көз жүгіртіп қарап шыққан ол:
– Қазақ бөліміне сабақ беретін бір оқытушыны алып келе аласың ба?– депті.
«Жүгіріп дәлізге шықсам, бізге сабақ берген Қабижан Құсайынов деген ағайды жолықтырып қалдым. Амандықтан соң:
– Ағай, Барманқұлов қазақ бөлімінің бір оқытушысы келсін деп, шақырып жатыр!– дедім асығып-аптығып.
– Апыр-ай! Не болып қалды екен?!– деп ол кісі бипаздай сөйлеп, деканатқа қарай аяңдады. Соңынан ере кірдім.
– Қабижан Пангереевич, мына студентті танисыз ба?– деп сұрады Барманқұлов оған мені иегімен меңзеп.
– Әрине, бұл біздің ақынымыз ғой, ақын Серікбаев қой! Неге танымайын?!– деп Қабижан ағай менің мерейімді өсіріп тастады.
– Оқудан шығып қалған екен. КазГУградта бір жыл жұмыс істеп, жақсы мінездеме алып келіпті. Қалай ойлайсыз, қайтадан оқуға қабылдауға бола ма?– деп сұрады Мәкең.
– Оқудан шығып қалғаны несі?– деді Қабижан Пангереевич таңырқай қарап. Бұл жайдан шынында да бейхабар секілді. Аздан соң сабасына түсіп: – Неге болмасын! Әбден болады! Қабылдау керек!– деді нық сеніммен.
Осы бір сөздердің айтылу мәнері әсер етті ме, жоқ әлде өзінің ықыласы түсті ме, білмеймін, Барманқұлов өтініштің бұрышына «қабылдансын» деп (әрине, орыс тілінде) бұрыштама қойды да, құжатты қолыма ұстатты»,– дейді кейін сол бір күндерді есіне алған Байбота.
Біреудің бір-ақ ауыз сөзі, сүйкей салған бір-ақ қолдың адам тағдырын шешетіні-ай, шіркін!
Байбота бұдан кейін әлгі құжаттарды алып ректордың қабылдауына барды. Хатшы қыз ол кісінің жоқ екенін, сапарда жүргенін айтып, қандай шаруамен келгенін білген соң, оған сол кездегі оқу ісі бойынша проректор Яхия Әубәкіровке кіруге кеңес берді.
Проректорға тапсырылған құжаттардың ендігі тағдыры не болатынын тезірек білмек болған оған хатшы қыз енді екі-үш күннен кейін хабарласуын өтінді. Айтылған уақытта барса, оқуға қайта қабылдау жөніндегі бұйрыққа қол қойылған екен, хатшы қыз ендігі жайды деканаттан сұрап білуі керек екенін айтыпты.
Оқуға қайта қабылдау жөнінде бұйрық шыққан. Байботаның сабаққа қай күннен бастап қатысатынын білу үшін екеуіміз университеттің бас корпусына бардық. Аяғыңды бассаң болды, ойбайлап қоя беретін ағаш еденді бажылдатып, деканат есігіне жақындай бергеніміз сол еді, біздің соңымыздан ентелей жеткен дене тұрқы орыстың сайқымазақ актері Леоновты көзге елестететін семізше, тапал бойлы, маңдайының тең жартысын алып жатқан екі көзі атыздай бір кісі қатарласа кетіп, Байбота сәлем беріп үлгергенше болмай, шаңқылдаған дауысымен:
– Серікбаев па? Аулақ! Аулақ!– деді де, домалаңдай қозғалып есіктің ар жағына өтіп жоқ болды. Түкке түсінбеген мен:
– Кім ол?– деп сұрадым.
– Қожакеев деген деканымыз осы кісі,– деді Байбота.
Байботаның ол кісімен ешқандай өштік-қастығы жоқ екенін мен жақсы білемін, бірақ оның қазіргі кейпі маған бітіспес жаулығы бар адамымен қаны қарайып жүздескен қаныпезердей әсер етті. Ұстаздың шәкіртіне осынша жаулықпен қарайтындай қандай себеп болуы мүмкін екеніне мүлдем түсінбедім.
Білгіміз келген сұраққа деканнан алуға тиісті жауапты методистен сұрап біліп, үйге қайттық. Көңілімізге сәл көлеңке, кірбің түскенімен, біз үшін бұл бақытты күн еді. 1976 жылғы сәуірдің 22-сі, бейсенбі болатын. Жолшыбай екеуіміз асханаға кіріп, кілең балықтан жасалған тағам жегенбіз. Бейсенбі ол кезде Алматыдағы дәмханаларда «рыбный день» аталатын...
Ол сабаққа қатысып жүре берді. Соңына деканның адам салып қойғанын жақсы түсінген Байбота өзін өзі қолға алды. Бірақ Темірбек Қожекеев өз сабағында журналдағы алфавит бойынша тізілген студенттерді аты-жөнімен түгелдей келе, тізімнің соңына жаңадан тіркелген бұның фамилиясын да атамай:
– Аталмай қалып қойған ешкім жоқ па?– деп әдейі сұрайтын көрінеді.
– Ағай, мен қалып қойдым, мені атамадыңыз,– деп орнынан түрегелген мұны мүлдем танымайтын тәрізді:
– Ә, сен бе, сен отыра бер!– деп, көрсе де көрмегенсиді екен.
Байбота өзінің курстасы Ғабиден Құлахметовтің Темірбек Қожакеевтен қорлық көріп жүрген достарын:
«Темірбектей толарсыңдар,
Әлі-ақ декан боларсыңдар,
Әй, менің шөжәләрім,
Әй, менің шөжәләрім,
Шөп-шөп, шөп-шөп, шөжәләрім»,– деп қалжыңдап жұбататынын еске алатын-ды.
Кейіннен Байботаның көңілінде «күлкі сыншысы» Темірбек Қожакеев жөнінде мынадай пікір қалыптасты: «Құдайым-ау, біз кімді ғалым деп айтпадық! Кандидатты (?) да, докторды да... Солардың түкке тұрмайтын көкезу лекцияларына қаншама алтын уақытымызды құрбан қылдық десейші!..
Расында, ғылыми атақты қорғап қажеті қанша? Ғылымда жаңалық ашқан кісі ғалым атануға тиісті емес пе?!.
Ғылыми атақтардың бәрін иеленген «ғалымдарымыздың» бірін қас қағым сәтке қайта тыңдап көрейікші: «Сондай-ақ «Ұлы Октябрь революциясы жеңді, елімізде жаңа қоғам орнады, енді теңдік, бостандық салтанат құратын болды», «Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталды» деген жақсылық хабарлар жеткенде ғасырлап тепкіде келген Россия еңбекшілері мен жеңісті аңсаған жалпы ел екі езуі құлақтарына жетіп, қалпақтарын аспанға атып шаттанды. Қазір біздің көшелерде ерсілі-қарсылы адамдар өтіп жатады. Бәрі де бір-біріне жымың қағады, жүздерінде күлкі ойнайды. Міне, осының бәрі – қуаныш күлкісі» (Қожакеев Т.Қ., «Бүгінгі қазақ сатирасының кейбір мәселелері». Алматы, 1978. 13-бет). Ғылыми еңбектің сиқы бұл! Ал біз бұған мысқылдай күлуге хақылымыз.
Кімнің ғалым, кімнің залым екенін ажырата алмайтын бейшара қазақ, маңдайыңның соры бес елі ғой!».
Неге екенін сұраған емеспін, Байбота сол кездері жазған «Сыр» атты бірнеше бөлімнен тұратын өлеңін жыртып тастады. Жас ақын Есенғали Раушановқа арналған сол өлеңін оның өзіне оқып та берген секілді. Бұл жайтты мен Есенғалидың Байботаға жазған хаттарынан аңғардым. Сол өлеңде оның:
«Күндерде кеше толассыз зыр қағып аққан
Темірбектердің жаныма тырнағы батқан»,– дейтін шындығы шыңғырып тұрған бір жолдары бар болатын...
Темірбек Қожакеевтің тырнағы батқан студенттер Марат Қабанбаев пен Байбота Серікбаев қана емес еді. Олардың қатарында сол кездері мерзімді баспасөз беттерінде аты-жөні белгілі болып қалған Зейнолла Абажанов, Алтай Үсенов, Шаһизада Әбдікәрімов, Мырзабек Бақытов, Құмарбек Қыбыраев, Бөгенбек Аймаханов сияқты жас ақын-жазушылар бар болатын. Бір қызығы, бұлардың ешқайсысы да сабақ үлгеріміне байланысты емес, «моральдік тұрғыдан азғындағаны» үшін оқудан шығарылды. Оларды деканның: «Газет-журналдарға өлеңдері мен әңгімелерін шығарады, қаламақы табады, студенттерді арақпен суарады»,– деп кінәлайтынын да естіп жүрдік.
Алматыға арман жетелеп келіп, оқуға түскеніне қуанып жүргенде кездейсоқ және тұңғыш рет курстасы Құмарбек Қыбыраев екеуі милицияға түсіп қалғаны үшін оқудан шығарылған Мырзабек Бақытов кейін сол күндерін еске алып отырып:
«Бізді ешкім қолдамады,
Ішіміз ашиды әлі...
Сұмдар-ай көк жағалы,
Сары ала машиналы!» – деген өлеңін мұңданып қайта-қайта оқитын. Оқуға қайтып қабылданудан әбден үмітін үзген Мырзабек, Құмарбек, Бөгенбектер бірте-бірте мына жалған дүниені де тәркі етіп жүре берді. Ал Шаһизада Әбдікәрімов жиырма жылдан астам уақыт өткен соң ғана қолына көк дипломын алды.
Темірбек Қожакеев өзі оқудан шығаруға ілік таба алмаған студенттерді мемлекеттік емтиханнан сүріндіреді екен. Байботамен бірге оқыған Марат Нұрқалиев, Серік Байхонов, Ермек Әзімбаев, Әуез Бейсебаев т. б. бір топ талантты жігіттер оның қармағынан бәрібір құтыла алмай, университетті курстастарынан бір жыл кешігіп бітірді.
Біз «Қазақ әдебиеті» газетін үздіксіз алып, үй ішімізбен жабылып оқимыз. Газеттің кейінгі жылдардағы бір санынан жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың: «ҚазГУ-де бізбен бірге оқыған қазіргі көрнекті жазушы Смағұл Елубай университеттің қабырға газетіне «Бұралқы» дейтін әңгіме жазып басы бәлеге қалғаны бар. Оған «қаншық иттің образы арқылы совет әйелдерін жамандап отырсың» деген айып тағылып, мәселесі комсомол, партия жиналыстарында қаралған, қауіпсіздік мекемесінің қызметкерлері тергеуге алып біраз әурелеген. Және мұның бәрін ұйымдастырған өзіміздің ұстазымыз, кәдімгідей қаламгер, бүгінгі тілмен айтқанда әдебиеттегі аға буын өкілі еді. Бұл қазіргі жастардың өңі түгілі түсіне де кірмейтін шығар. Ал біз мұндай жағдайлардың талайын көргенбіз»,– деп шындығы жартылай жасырылған «естелігін» оқып («Қазақ әдебиеті», №7. Ақпанның 27-сі, 2009 жыл) қалдым да:
– Байбота, мына кісі қай ұстаздарыңды әңгіме қылып отыр?– деп сұрадым. Газетке көз жүгіртіп шыққан ол:
– Кәдімгі Қожакеев қой,– деді жайбарақат қана. Содан соң аз-кем ойланып алып: – Смағұлдың қайта бағы бар. Ол кезде Қожакеев әлі декан болмаған кез еді,– деді.– Қожакеев біз екінші курс оқып жүрген кезімізде журналистика факультетіне декан болып келді ғой...
Жылға жетпейтін уақыт ішінде «Түркістан» газетінен Құлбек Ергөбектің «Шымыр жаңғақ...» атты естелігін де оқыдым. Бұл да «Темірбек Қожакеев жайында бір үзік сыр» екен. Автор Т.Қожакеевтің қызмет бабын пайдаланып, оқуға бала түсіргенін (екі дерек келтіреді) дәріптеп, тағы сол сияқты естеліктер айта келіп, 2003 жылғы шілденің 20-сы күні күнделік дәптеріне түскен: «Жақында Темкеңмен телефон арқылы сөйлестім. Кәдімгі Темірбек Қожакеев,– деген сықылды ойларын да ұсыныпты.– Барлық жерден шеттетілген, содан да жетім-көңіл болып жүр екен. Телефондағаныма қуанып қалды. Алғысын жаудырып жатыр. Рас шеттетілген. Темағаңның өзінен де бар. Мінезі жайсыз. Жүрген ортасына сыйымсыз. Өзімде кемшілік бар-ау, менікі қате-ау деп сірә да ойламайды. Тек «алға!» Ұстаған жерде тырнағы, тістеген жерде тісі қалады. Бала-шаға, кәрі-құртаң, алыс-жақын деген ұғым жоқ ол кісіде» («Түркістан», №40. Қазанның 8-і, 2009 жыл). Қартайған шағында «барлық жерден шеттетілген», «мінезі жайсыз», «жүрген ортасына сыйымсыз», «өзімде кемшілік бар-ау, менікі қате-ау деп сірә да ойламайтын», «ұстаған жерде тырнағы, тістеген жерде тісі қалатын», «бала-шаға, кәрі-құртаң, алыс-жақын деген ұғымы жоқ» Темірбек Қожакеевті оның емешегі езіліп сағынып отырғанына сенбедім. Мұндай мінездемеден кейін оны «кісі» дегені де көңіліме қонбады.
* * *
Осылайша ол бесінші курсты да тамамдады. Осынша азаппен алған дипломының кейін қызығын да көрмеді. Тек «Жалын» баспасына жұмысқа тұрған кезде ғана диплом көшірмесін талап етті. Сол жолы ол дипломын жоғалтып алған-ды. Кейінгі жұмыс орындары тіпті оның дипломы бар ма, жоқ па деп сұраған да емес. Тек жұмыс стажына қарап қызметке қабылдай берді. 2004 жылы «Жазушы» баспасында жұмыс істеп жүрген кезінде ғана жаңадан келген менеджер дипломының түпнұсқасын талап етті. Көшірмесін алуға қажетті барлық қағаздарды өзім жиыстырдым. ҚазҰМУ-да оқып жүрген Қызғалдаққа: «Сол жерде жүрсің ғой, анықтаманы ала салшы»,– деген едік, архивтен алынған сол құжатты алып келген ол:
– Папа, сізді оқудан «за аморальное поведениеңіз» үшін шығарған екен ғой?!– деп таң қалысын жасыра алмады.
– Ол кездегі қоғамда коммунистік мораль үстемдік ететін. Мүмкін мен сол моральді мойындамаған шығармын, қызым,– деп күлді Байбота.
* * *
Ол кездегі жоғарғы оқу орындары кадрларды жан-жаққа бөлу мәселесін алдын ала жүргізетін. Оқу жылы аяқталмай тұрып, қыс кезінде болуы керек, журналистика факультетінде сондай жиналыс өтті. Байбота өзіне бұйырғаны Жезқазған облысы болғанын үйге айтып келді. «Кешкі бөлімнің 3-курсында әйелім оқиды»,– деп ескерткен екен, факультет деканы Темірбек Қожакеев:
– Оқи берсін, ал сен бара бер!– деп қолын бір сілтепті. Осы жағдайдан кейін менен де маза кетті. Сол кезде Оқу министрлігі Коммунистік проспектісі бойындағы (қазіргі Абылайхан даңғылы) биік үйде орналасқан еді, сонда барып басқа қаладағы жоғары оқу орындарының сырттай бөліміне қалай ауысуға болатынын сұрастырдым. Бұл өзі тіпті мүмкін емес жағдай екен. Кейін білдік, біздің жағдайымызда оны басқа қалаға жіберу былай тұрсын, тіпті оған еркін диплом берілуі керек болып шықты. Оқу біткен кезде де әлгі шешім өзгеріссіз қалды да, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі А.П.Плотников қол қойған (орыс тілінде жазылған) бір жапырақ жолдама Байботаның қолына тиді.
Біздің жағдайымызда оған сөзсіз «открепление» алуға болады! Осы ойын жүзеге асыру үшін ол 1978 жылғы қаңтардың 13-і күні менің оқитын жерімнен «университетте оқиды» деген анықтама, баламыздың туу туралы куәлігінің көшірмесін, неке куәлігінің көшірмесін алып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетіне барды. Комитет төрағасының орынбасары В.Е.Скоробогатов оның қолындағы құжаттарға қарай отырып, «Кім бұндай бассыздықты істеп жүрген? Ұятсыз!» деп бұрқылдай жүріп, «отбасы жағдайына байланысты жұмысқа тұруға еркін құқық берілді» деген анықтаманы қолына ұстатты.
Қойшы, әйтеуір, В.Е.Скоробогатовтың қолынан алынған отбасы жағдайына байланысты жұмысқа тұруға берілген еркін құқық Байбота енді кез келген жерге жұмысқа орналасады деген сөз емес еді..