ӘңгімеТербете ғой! Үмітіңді үзбе, қарғам!, - деп жабдықтаулы бесігін Мәрияның қолына ұстатып жатып ө...
ТАУДАН ЖАРАЛҒАН ТАЛАНТ
Жақында қазақтың талантты жазушыларының бірі, Халықаралық Жамбыл және «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Тұрлыбек Мәмесейіт жоталы жетпіс жасқа толды.
Қаламгер бұл мерейлі жасқа қоржыны толық, қанжығасы майланған аңшыдай жетіп отыр. Қазақтың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиев ағамыздың «Тау баласы тауға қарап өседі» деген әуезді сазымен үйлескен өлеңі бар еді. Біз сөз етіп отырған суреткер – қазақ жеріндегі ең биік нүктенің бірі Хан-Тәңірі баурайында дүниеге келіп, сол тұмса табиғат пен сонда өмір сүрген адамдардың тағдырын шығармасына арқау еткен.
Тұрлыбек ағаның тауға деген құмарлығы ерекше. Оны жазушының барлық туындыларынан аңғарасыз. Әсіресе, «Хан – Тәңірі баурайындағы жалғыз шырша» атты хикаятындағы ойлар мен таудың асқақ бейнесін зерделеген суреттер сіздің де жүрегіңізді толқытады. Бұл хикаятты автобиографиялық дүние деп айтуға болады. Өйткені бұл шығармадағы бас кейіпкер – автордың өзі. Осы хикаятта суреткер: «Тау болмаса, мына дүние не болар еді деп ойлаймын. Тау ғаламның қорғаны ғой. Елдің шетінде, желдің өтінде. Сондықтан да бар қиындықты алдымен тау көреді. Бұлт алдымен тау басына үйіріледі. Тауды көп адам түсінбейді, тілсіз дүлей, қатты деп ойлайды. Олай емес. Тау жұмсақ, мейірімді, «көңілі» нәзік» деп толғайды. Шын мәнінде, біз секілді жазық жерде өскен қыр баласына таудың құпиясы жұмбақ. Ал бірақ осы хикаятты оқығаннан кейін таудың сырын ұққандай болдым.
Жазушы әдебиеттегі шағын жанрға келгенде тайпалған жорға. Оның «Атақоныс», «Түсіме тау кіреді», «Әулиешоқы» «Беторамал», «Тектінің кегі» деген хикаяттарында таулы өңірдің ғажайып табиғаты мен адамдарының қилы тағдыры таңғы шықтай мөлдіреген қалпында ақ параққа тамаша картина болып түсе қалған.
Мәселен, «Жасын түскен маусым» хикаятында 1916 жылғы Қарқара көтерілісі сөз болады. Бұл оқиға туралы Мұхтар Әуезов «Қилы заман» деген роман жазды. Бірақ ол ұлы суреткер басқан ізді қайта шиырламайды. Тақырыпқа өзінше келіп, ой қорытады. Мұнда автор аталған көтерілістің қалай басталғаны, жайбарақат жатқан елдің бүйі тигендей күйге түскені, патшаның жарлығына ел ішіндегі Жәмеңке, Ұзақ секілді батырлардың қарсылығы барынша әсерлі жазылған. Ұзақ батырдың: «Біз патшаға әділ, тәртіпті ұлық деп қарадық. Енді, міне, уәдесін бұзып отыр. Біздің қазақ баласы далада өскен. Соғысқа тұрмақ, жұмысқа да жарамайды. Баласынан безген, туғанынан безген берсе берсін, мен бермеймін» деп ұлықтарға бетің бар, жүзің бар демей кесіп айтқанынан айбынды аталарымыздың ерен ерлігі көркем тілмен бедерлі айшықталған. Автор өзі туған өңірдің тарихын қазыналы қариялардан естіген әңгімелерімен бірге тарихи деректерді дәлдікпен сөйлетеді.
Көркем сөз зергерінің «Аңщының соры» деген хикаяты – оның қолтаңбасын анық бедерлеген туындылардың бірі. Мұнда соғыс жылдарындағы алыс ауылда ғұмыр кешкен Тілеудің басынан кешкен оқиғалар шынайылығымен баурайды. Ақыры, киелі текені атамын деп айдалада жан тәсілім еткен аңшының өлер алдындағы жан дүниесінде болып жатқан бұлқыныстар мен арпалыстарды жай оқи алмайсыз. Шығарма туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Қалижан: «Бұл хикаяттың әдебиетіміздегі алар орны айрықша» деп бағалапты.
Маған прозашының «Бесік пен несіп» повесі ерекше ұнады. Ұнағаны соншалық, осы көркем дүниені қатарынан екі рет оқыдым. Бұл шығарма өткен ғасырдың 90-шы жылдары жазылса да, дәл бүгінгі күннің бейнесін береді. Ұзақ жыл ауылда қой бағып, озат шопан атанған Бекбосын қария кемпірі өлгеннен кейін қаладағы жалғыз баласының қолына келеді. Баласының жеке пәтері жоқ, қуықтай бір бөлмені жалдап тұрады. Осы жүдеу көріністердің бәрі шалдың жанына ауыр тастай батады. Туған елді, баяғы малы мыңғырып жатқан жайлауды сағынады. Ақыры, ақсақал немересін ертіп ауылға сапар шегеді. Жол үстінде келе жатып өткен өмірін еске түсіреді. Шындығында, қазір шаһардан Бекбосын атаға ұқсайтын қарттарды көптеп кездестіруге болады. Автор осы туындыда халқымыздың қазақылық пен ата-баба дәстүрінен ажырап бара жатқандығын тұспалдап айтып, дабыл қағады. Сонымен қатар адам бойындағы туысқандық, бауырмалдық, сыйластық қасиеттердің өзгергендігін көркемдікпен жеткізеді. Бекбосын қарттың: «Шыр етіп жерге түскен туған топырақ – алтын бесігің қанша аялап, әлпештегенмен – азды-көпті ғұмырында дәм-тұз, несібең қай қиырға жетелеп, қандай қиянға салмайды десеңші?! Оған адам-жазғанның билігі келіп, пенде шіркіннің көзі жете ме?!» деген толғанысы да сізді ойландырмай қоймайды.
Сондай-ақ прозашының ең сүйекті туындысы – екі кітаптан тұратын «Таңжарық» роман-дилогиясы. Бұл шығарма да суреткер Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі, күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлының өмір жолы мен қиын тағдырын сөз еткен. Анығында, біз Таңжарық туралы көп біле бермейміз. Осы романды оқып отырып, ардақты ақынның таланты мен қиын тағдарын көресіз. Дилогияның бірінші кітабында ақынның 1920 жылдары Қазақстанға келіп, Нарынқол өңірінде алғашқылардың бірі болып ашылған қазақ мектебінде оқығанын, сол уақыттағы қазақ ауылдарының тіршілігі мен кеңес өкіметінің орныға бастауы, елде жүргізілген ауқатты адамдарды тәркілеу секілді қым-қуыт оқиғалар бейнеленген. Таңжарықтың сол жылдары Қарқара жәрмеңкесінен Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов секілді асыл азаматтарды көруі де оған шабыт сыйлайды. Таңжарықтың Қойдым ақынмен айтысы да осы суырма салма өнердің үздік үлгілерінің бірі болып саналады. Ал екінші кітапқа өткен ғасырдың 30-40-шы жылдардағы Шыңжандағы қазақтардың өміріндегі аласапыран өзгерістер арқау болады. Таңжарықтың Гоминдаң түрмесінде азапқа толы өмірін қаламгердің тарихи нақты деректермен шынайы өреді. Бұл роман жайында ғалым-сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шериаздан Елеукенов: «Қашанда ақын тағдыры – халық тағдыры. Әрбір өнер иесі өз туған халқының сөзін сөйлеп, мұңын мұңдайды. Таңжарықтың да өмір жолы Шыңжаң қазақтарының қилы замандағы қиын тағдыры деуімізге болады. Осы жолмен жазушы тұтас қазақ елінің тағдырын қоса ойлатады» деп жазады.
Тұрлыбек Мәмесейіт прозамен бірге сын саласында да қалам тербеді. Оның осы бағыттағы «Таным таразысы», «Зерделілік айнасы», «Дидар», «Шерхан Мұртаза» атты әдеби-зерттеу еңбектері жарық көрді.
***
Өзім жазушыны дарынды тұлға Тәкен Әлімқұловқа ұқсатамын. Өмірде дабыра-дақпырттан аулақ жүреді. Таза шығармашылықты бәрінен жоғары қояды. Айтпақшы, қаламгердің Тәкен ағамызға сыртқы келбеті де ұқсайды. Әйтеуір, екі суреткерді байланыстыратын бір жақындық бар. Тұрлыбек аға бір кітабын «Таудан мен жаратылғам» деп атапты. Ақиқаты да осы.
Азамат ЕСЕНЖОЛ