“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”Абыз Ахмет Иассауи...
Қанатбек Солтанов. Ойлануға берілген мүмкіндік...
«Промедление смерти подобно»
І Петр
«Ботаника бағы. Келесі аялдама әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті. Жол жүру ақысын төлеуді ұмытпаңыздар» деген кондуктордың «жарлығын» бұлжытпай орындап барып бос орынға жайғаса кеттім. Анда-санда автобуспен жүргенді де адам сағынады екен. Алматыда бола бермейтін көктайғаққа рақмет, бұл да болса жүйкені жұқартар кептелістен, қаланың қым-қуыт тіршілігінен дем алуға, ойлануға берілген мүмкіндік іспетті. Тек мына бір ту сыртымда отырған екеудің әңгімесі болмаса... Мені әбден мезі қылған тақырыпты езгілеп отыр. О бәрекелді, жақсылықтың нышаны, екеуі әңгімелескен күйі орындарынан тұрып есікке қарай беттеді. Демек ҚазҰУ-дың оқытушылары. Не өшпеген, не өспеген тілдің мұңын мұңдап бара жатқандарына қарағанда, филологтар-ау шамасы. Екеуі түсіп кетті.
Әлгілер қазақ тілінің төбесіне қара бұлтты үйіріп кетіп еді, соны сейілтейін дегендей кондуктордың дауысы қазақша естілді: «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті. Келесі аялдама Марков көшесі. Қарт адамдар мен балалы әйелдерге орын беруді ұмытпаңыздар».
Түһ, қоғамдық көлікте... бұл енді болыңқырамайды... Әлгі екеудің босаған орнына келіп отырған адамды айтамын, телефонынан тележаңалық көріп отыр. Құлағының мүкісі бар ма, дауысын саңқылдатып... Құлаққап деген нәрсенің болатынын біле ме екен ә?! Әйтсе де футбол төңірегінде өрбіген жаңалық еріксіз елең еткізді: «После имевших место на Манежной площади беспорядков Владимир Путин провел встречу в Министерстве спорта с лидерами болельщиков футбольных клубов России». Путиннің дауысы қатқыл естілді: «Если какой-нибудь русский человек находясь вне России пострадает из за своих националистических взглядов, я не дам и десяти копеек за его здоровье. Но точно так же, мы требуем чтобы любой гражданин любой национальности находясь в Москве уважали местные нравы, Законы Российской Федерации». Әрі қарай Ресейдің ауа райы туралы ақпарат кетті.
Егер жас бала болса бұл қылығының әбестік екендігін сездірейін деп бұрылып қарасам, әлгім жерортасынан асқан әйел екен. Аспан түстес оның көздерімен менің көздерім түйісіп қалып еді, мыңболғыр, «прошу прощенье» деп телефонын өшіре қойды.
Кондуктордың дауысы қайта естілді: «Тәуелсіздік алаңы. Келесі аялдама Достық даңғылы».
Автобус ұзағырақ тұрып қалды. Кондуктор әйел алдынан шығып ақ жаулықты әжейді қолтығынан демеп алып кірді. Алдымен кірген немересі «Ажека, иди сюда» деп, әжесінің таяғынан ұстап бос орынға қарай тартқылай жөнелді. Кейуана ентігіп, күбірлеп барады. «Рахмет айналайын! Мың болғыр... Өркенің өссін...» Автобус жүргізушісіне қарап айтып жатыр, оның ұлты орыс екен, ақ бата, ақжарма тілектерді түсінбейді-ау, әттең.
Анам есіме түсіп кетті. Соңғы рет көрген кезім... 1994 жылдың көктемі. Наурыз айы жаңадан басталған. Төртінші курс студентімін. Педагогикалық практикадан Зайсандағы өзім оқыған М.Әуезов мектебінде өтудің сәті түсті. Бұл сегізінші наурызға қарай анама үлкен сыйлық болатын болды деп қуанып жүрмін. Алдын ала айтпай өзімше сюрприз жасамақпын. Қажеттілікті көңіл қалауымен ұштастырып, бір рахаттанып қалатын болдым. «Бір сағыныш алды артыма қаратпай, бет түзедім күншығысқа таң атпай» деп ұшып келемін.
Алайда... Қақпаға жақындай бергеннен-ақ әлдебір түсініксіз сезімге бой алдырдым. Анау текемет жайылып тұрғалы бірнеше күн болған-ау, шамасы, үстін қар басып қалыпты. Мынау сыпыртқы шарбақтың түбінде жатқаны несі-ей? Есіктің алдында жататын анамның калошы көрінбейді. Ішке еніп үлгермедім, жеңгем шығып келеді екен. Бетімнен сүйіп, «Жүр бірден ауруханаға, мамаға барып қайтайық» деді. Үйдің маңайына жақындағаннан басталған қоңылтақсуымның себебін енді түсіндім.
Бардық. Анамның ауру меңдеген түрін көріп, елге қарай елпілдеп келген көңілім құлазып сала берді. Қайраты қашқан қолдарымен саусақтарымды салалады, маңдайымнан иіскеді. Сонда да ешқандай секем алмадым. Үйге қайттық. Үш күннен кейін ауруханадан шығарды. Түн ауа қинала бастады. Ағам шақырып үлгеріпті, жедел жәрдем келді. Анамның көнекөз сырласы көрші апамыз осында екен, мені шақырып алып: «Анаң қиналып жатыр, балам, «қидым, қидым, қидым!» деп үш рет қайталашы» деді. Нені меңзеп тұрғанын сезіп, бойым мұздап сала берді. Қалай қимақпын? Қалай ғана қайтпас сапарға рұқсат бере салмақпын?
Түсіндірді. Көндім. Қорқынышты сөздерді үш рет қайталауға тура келді. Арамыздағы қимастық деп аталатын жіңішке ғана жіпті сөйтіп өз қолыммен қидым да жібердім, анам «аттанып» кете барды.
Осы бір сәт менің ойымнан әлі күнге кетер емес, кетпейтін де шығар...
Кондуктор Достық даңғылына келіп қалғанымызды ескертті.
Мен осы аялдамадан түсіп автобус ауыстырамын. Дайындалайын. Анамды еске алғаннан кейін бе, көңілімді мұң басты. Аналарымыз мәңгілік өмір сүрер ме еді, шіркін. Бірақ, өмірде адам түгілі таулар да, теңіздер де, орман да, қала да мәңгілік емес. Бір замандарда батысынан батқан күн шығысынан шығып келе жататын ұлы мемлекеттер қайда?! Оларды қойшы, көзбен көре алмайтын, қолмен ұстай алмайтын «тіл» атты тылсым құбылыстыңда өз «ажалы» болатынын қай бір ғалым айтып кетіп еді ғой.
29-шы автобус та келді. «Следующая остановка погранучилище, готовимся к выходу» деп бұл автобустың кондукторы орысша айтты.
Мүмкін әлі кеш емес пе еді, ә?.. Бәлкім әлі де болса құтқарып қалуға болар ма еді?! Анамды айтамын.
Солтанов Қанатбек Мұғалұлы Әскери зейнеткер, шекарашы офицер, запастағы полковник. 1969 жылы Зайсан ауданы, Жамбыл ауылында дүниеге келген