Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақ...
«Қарабақтағы» қос шынар (лирикалық әңгіме)
4418
Ол да келеді.
Мен де келемін.
Екеуміз күнде келеміз. Келеміз де әлдеқашан жеке иелігімізге ыңғайлап алған қос шынарды құшақтап, ұзақ тұрамыз. Оның шынары – өте нәзік, биік, тіп-тік. Ал, менің шынарым – ол да биік, тіп-тік, бірақ кедір-бұдырлау, жуандау. Сөйтсе де өзіме барынша қатты ұнайды. Ұнағаны сол – осы шынарға бір күн келмей қалсам, ұйқым да бұзылатындай. Жаным күзденіп, жүзім сұрланып кететіндей.
Оның өз шынарына не деп тіл қатарын білмеймін, ал мен – көңіл сөзін тізбектеп тарқатам. Сырласам. Кеудемдегі әлдебір сартап сауалдарды оған айтамын, ол жауап береді. Әрине, даусы жоқ. Әйтсе де, оның үнін жүрекпен ұғынған ләзім. Ұғынам – ұғып тұрамын.
Қыздың қашаннан бері келіп-кетіп жүргенін тағы да білмеймін, ал өзім – осында орналасқан күні – ақ жол жағалап келе жатып, шынарды бірден жүрегіме жақын санағам. Ұнатқам да, дереу тоқтай қалып, оны құшағыма алғам. Құшағым жете қоймаса да, барынша қапсыра еміреніп тұрып, мейірім қанғанша ажырамағам. Бұл – менің шынарым! Өз сөзім емес, шынардың іштей күбірлеп жеткізгені осылай. «Екеуміз өте жақынбыз-з...»
Қос шынардың арасы тым алыс та емес, тіпті қатар өскен десе де болатындай. Сөйтсе де ана жақта қыз, мына жақта мен – арамыз жер мен көктей. Қыз орамал тартады, орамалының түсі – қан қызыл. Оны да әдемілеп тұрып көз тартардай келістіріп байлаған. Қарай бергің келеді. Бірақ...мен қызға көз сата көңіл құлатар жаста ма екем? Егделікке әлдеқашан қазық байлаған еркекке бүлдіршін қызға соншама сұқтана қарау – жарасар ма! Ә-ә, түсінем, көңіл жас деймісіз? Ол – рас. Көңіл ешқашан қартаймайды, қартайған кезін көргендер бар ма екен? Әй, жоқ шығар!
Шынымды жасырмайын, мен сіздерге бойжеткен туралы айтқым келіп отырған жоқ, ол өз жөнімен, ал мен...
Менің шынарым айтады: «Сен тым жалтақ, ұялшақ, момын, ынжық адам сияқтысың!..»
Мен оған айтам: «Бұлай менің намысыма ине сұға берме, шынар! Жазығым – сені жақсы көріп қалғаным ба?..»
Содан соң шынар үндемей, томсырайып қалған. Әлде маған ренжіді, әлде өз сөзіне өзі ұялды – әйтеуір қайтып бұл жайынан әңгіме тиегі ағытылмаған...
* * *
Күнде келем.
Ол да күнде келеді. Жалғыз келеді. Жалғыз келіп, өз шынарын құшақтап тұрады да, қайтадан жылыстап, жайымен басып, жөнімен кете барады. Мен де сөйтем. Басқа ой өзімде де мүлде жоқ. Қыз туралы еселеп айта беретін себебім – тап сол сәтте көзге ілінер жалғыз қара сол ғана. Одан өзге қыбырлаған ешкім де көрінбейді бұл мезетте. Қай кез дейсіз бе? Тал түс қой. Демалуға келгендердің бәрі де осы кезде түскі асын ішіп алып, тыңқия тойып, енді рахаттана ұйықтауға кірісіп кететін балбыраңқы сәт. Жалпы, мен де солай етуге тиіспін. Өзім де осы санаторияға келген демалушылардың бірімін расында. Әйтсе де... мені өзіне ынтықтыра тарта беретін – ақ шынар! Келіп, жанында тұрып, әбден мауқымды басып болған соң ғана өз бөлмеме ораламын, ұйқыға бас қоям. Аз ұйықтаймын, әрине. Басқа демалушылар түс кезінде екі-үш сағат өлтіре ұйқы соғып алса, мен небәрі – жарты сағат! Соның өзі-ақ жетіп жатыр.
Айтпақшы... ақ шынарға барып, қайта оралған кезімде тірліктегі қосарланған жарым, жиырма жылдан бергі отбасылық серігім ұйқылы-ояу қос жанарын еріне ашып, бір қарайды да:
– Қайда жүрсің? – деп, керіле сөйлейді. Сосын тағы да ұйқы әлеміне жол тартып кете барады. Мен оған өз жайымды айтам дегенше кірпіктері айқасып үлгереді. Содан соң сөз айтуды да артық санаймын. Тысырсыз төсекке қисая кетем.
Ұйқы да аса ләзатты сәт, асылы...
* * *
Алыстан қарап, үнсіз ғана тіл қатысушы ек.
Келіп жүрген көп күннің бірінде жайымен тербелген нәзік шынарды құшақтап тұрған қызыл орамалды қыз кенет маған қарай қадам басып, жақындай берген. Онымен жолығармын деп ойласам кәні! Жүрегім, неге екені белгісіз, аяқ астынан дүрсілдеп қоя бергені. Кілт бұрылып, өз жөніммен кетіп қалсам ба деп те ойладым. Күлмеңіз. Мен өзі жас күнімнен ұялшақтау, әсіресе әйел затымен тілдесуге тым тартыншақ мінез еркек едім. Үйленуім де өз алдына бір хикая. Оны ұзартып айтып, сіздердің бастарыңызды ауыртып қайтейін, тоқ етеріне көшсем – үйленген мен емес, әйелімнің өзі. «Мен саған тұрмысқа шығам» деді. Уәж талқыға салынбады, кесімді шешім! Қарсылық білдіру қайда! Үйлендік. Үйлі-баранды болдық. Сосын балалар...
Міне, қан қызыл орамалды қыз маған тіпті жақын келіп қалды. Қос табаным жерге жабысып қалғандай қасарысып, қозғала алмай мен тұрмын. Қос табанды қойшы, тілім таңдайыма жабысып қалды білем.Тап қазір ана бойжеткен маған «сіз кімсіз» десе, қайтара жауап та айтуға дәрменсізбін. Міне, шын сырым, сондай күйдемін.
– Әзербайжансыз ба? – деді. Басымды шайқадым.
– Өзбексіз бе? – деді. Тағы да басымды шайқадым.
– Сонда кімсіз?
Жауап жоқ.
– Қай жақтан келдіңіз?
Осы кезде таңдайым жібіп, тілім еркіндік алғандай. Қайдан келгенімді неге айта алмайды екем. Өз елімді ұмытып қалардай не көрініпті. Неше жерден ынжық, жігерсіз жан десеңіздер де...
– Қазақ елі! – дедім. Даусым қатты шығып кетті білем, бойжеткен селк етті.
– Үніңіз тым ащы екен...
– Жо-жоқ, олай емес.
– Қатты сөйлейсіз...
– Мен... әлденеге қысылып қалсам, осылай қаттырақ сөйлеп қоям. Әйтпесе, даусым жіңішке...
Ол сықылықтап күліп кеп берсін! Күлкісі де өзіне жарасып тұр. Түрі... азиялық қыз. Кім екен? Енді оған сұрақ бергім келді. Бойыма батылдық кіре бастаған.
– Өзбексіз бе?
– Жоқ.
– Ал, онда...
– Мен осы жерденмін. Сіз жаңа айтқан Қазақ деген жер...
– Қазақ-қ! – Таң-тамаша күйге түстім. Қазақтың қызы бұл жақта қайдан жүр? Әлде мен жаңылыс естідім бе? Қайталап сұрайын дедім.
– Расымен алыстағы Қазақ еліненсіз бе?
– Жоқ, сіз түсінбей қалдыңыз. Осы әзірбайжан жерінде Қазақ деген шаһар бар, сол жерде туғанмын.
Ұға қойдым. Күні кеше осында келе жатқанда, жол бойы еріксіз көзім түсіп, қайта-қайта ежіктеп оқыған қала аты Сырт жерде қазақ дегенді естісең, көңілін селт ете түсері бар ғой. Сол қазақ деген ауылдан екен ғой бұл қыз да...
– Түсіндім. Әуелден-ақ ойлағам. Тек... алдымен басқа елдерді сұрап алайын деп...
– Неге?
– Сіз де солай бастадыңыз емес пе!
– Мен алдымен осы жердің адамы шығар деп ойладым. Сосын да...
Ол күлді. Мен де күлдім.
Содан соң қыз кілт бұрылып, кетіп бара жатты.
Артынан ұрлана қарап, ұзақ тұрып қалыппын. Көп нәрсені сұрамақ ойым бар еді – ешқайсысына да үлгермедім, әттең...
* * *
Тағы да келді.
Тағы мен де келіп тұрмын. Бұл жолы өз шынарымды аймалап тұра бермей, еркек емеспін бе, оған қарай ақырын аяқ қозғадым. Өзімше батыл шешімге келген түрім. Қан қызыл орамалды қыз мұндай ерлікті күтпегендей, маған үрке қарап, қалт тұрып қалыпты. Не үшін жақындап келем – өзім де білмеймін.
– Сәлеметсіз-з...
– Амансыз ба?
– Сіз осы шынарды өте жақсы көретін сияқтысыз.
– Әрине.
– Көп уақыт болды ма?
– Шынарға ма?
– Жоқ, осында келіп-кетіп жүргеніңізге?
– Жоқ, көп емес. Бір жеті...
– Ал, мен үш-төрт күннен бері айналшықтадым.
– Оны байқадым.
– Шынар өте әсем жаратылыс, ә?
– Жер бетінде шынарға жететін әсем де сұлу ағаш жоқ деп білем. Мен бала күнімнен шынарға ғашықпын.
– Ал, мен... – Өз сөзіме өзім қақалдым. Не айтпақшы ем! Қайдағы шынар, қайдағы сүйіспеншілік! Осы екі – үш күннен бері ғана мына шынарды көріп, есімнен адасқаным болмаса... Осылай ағымнан жарылсам, сұлу қыз мені келекелеп күліп алатын шығар,ә!
– Сөзіңіздің аяғын жұтып қойдыңыз ғой... – деді ол сұлу жанарын ашып-жұмып.
– Жәй... Ештеңе емес.
– Жасырасыз. Сіз де, шамасы, жас кезіңізден осындай сұлу көріністі сүйіп өскенсіз. Тек көңіл аудармағансыз...
– Қайдам...
– Кісі кейде өз бойындағы тұншыққан тұла сезімді байқай бермейді. Тіпті өмір бойы байқамай өтуі де мүмкін...
– ?!.
* * *
Сол түні ұзақ дөңбекшіп, көпке дейін ұйықтай алмадым. Мен де расымен сұлу бітімге о бастан ғашық жан болғанмын ба? Бұл жайынан ешқашан, ешбір жағдайда ойламағаным ба сонда? Ал, енді...қан қызыл орамалды қыз менің қиялымды қалайша оп-оңай астаң-кестең етті екен? Бәлкім, ертең тұра салып, ақ шынар туралы бірдеңе жазсам ше?
Ой қысқан жоқ екен, шабыт қысыпты. Шабыт деген бар, оны қолына қалам ұстайтындар бек түсінеді. Мына жаман пақырларың да шамасына қарамай, әредік қалам ұстап, әлденелерді түртіп әуреленіп жүретін қиялгер-маубас! Соның буы...
Түн ұзап кетті.
Ұйқы келмей-ақ қойды...
Әйелім бірнеше рет басын көтеріп қойып:
– Немене, астыңнан су шықты ма? – деді. – Ұйықтамайсың ба! Ертең ертемен анализ тапсыруымыз керек...
* * *
Келесі кездесу сәті.
Бұл жолы ол маған қарай жүрді ме, жоқ мен алдымен қадамдадым ба – білмедім. Әйтеуір оп-оңай табысып, тіл қатысып тұр екенбіз.
– Шынар туралы бірдеңе жазсам ба деген ойға келдім, – дедім аузымнан қағынып. Осыны айтатын жөнім бе еді! Бойжеткен маған жалт қарады. Қап-қара қос жанарында жарқ – жұрқ еткен от пайда болғандай.
– Сіз жазушысыз ба?
– Ептеп...
– Міне, керемет! Көзі тірі жазушыны бірінші рет бетпе-бет көріп тұрмын. Қандай бақыттымын...
– Ой, оның несі қызық! Жазушылық деген – азаптың азабы. Азап зынданына өзіңді-өзің байлап бере салу...
– Олай демеңіз! – деді қыз. – Мұныңыз тым артық... Қаламгер өзінің ғажайып көркем жазбаларымен қауымды, елді, тіпті әлемді тәрбиелейді. Ол деген...жаратушының бере салған жомарт сыйы емес пе!
– Кітапты көп оқисың ба?
– Оқимын. Ең алдымен Әзербайжанның ақын-жазушыларының туындыларын бас алмай оқып шықтым десем, артық емес. Низами, Физули, Вагифов, секілді ірі тұлғалардың ізін жалғаған Гусейн Джавид, Сейд Гусейн,Самед Вургун, Анар, Чингиз Абдуллаев, көп қой олар.
– Осында келгелі көп естіп жүрмін. Сендерде Рухангиз Гасымова деген қабілеті зор қаламгер әйел бар екен, композитор драматург...
– Білем. Тамаша әндері бар.
– Айта аласыз ба?
– Осы жерде ме?
– Әнді кез-келген жерде айта беруге еш кедергі жоқ емес пе!
– Біздің елдің тәртібінде – қыз бала көшеде тұрып айқайлап ән салмайды. Кешірерсіз...
– Ә, түсіндім. Айыпқа бұйырмаңыз. Менің өтінішім расымен ыңғайсыз екен.
Бойжеткен аз-кем үнсіз тұрып қалды. Менің қолқа-өтінішімді орындай алмағанына іштей өкінуі ме, жоқ, басқа бірдеңе ойлады ма – әйтеуір терең ой соқпағында батпақтап тұрғандай.
Екеуміздің ұзақ үнсіз қалғанымызды жақтырмады ма, қос шынар самал желмен ілесе, теңселе қозғалып қоя берген.
«Болды! Жетті! Енді жөндерімен кетуге тиіссіңдер...»
– Ал, жақсы! – дедім қызға.
– Сау болыңыз! – деді ол да. – Тек жалғыз өтінішім бар. Егер шынар туралы жазсаңыз, қос шынарды бір-бірінен бөлмеңізші. Олар қатар өсіп тұр ғой. Қатар құрбыдай ғой...
– Уәде беремін...
Бірақ ішімнен ойладым: «Қатырып жаза алсам жарар еді ғой... Әй, мақтаншақ басым-м...»
* * *
Ертең елге қайтамыз деген күні түс әлетінде тағы да шынар маңынан бой көрсеткем. Өз шынарымды қызықтап тұрып, екінші шынарға қайта-қайта қарағыштадым. Ол жалғызсырап қалыпты. Қан қызыл орамалды қыз бүгін жоқ...Мүлде көрінбеді.
«Қап! Кеше неге ғана тұратын бөлмесін сұрап алмадым екен? Ең болмаса, есік қағып барып, қош айтысар едім... Енді оны да айтпастан, үн-түнсіз кете берем бе?..»
Сосын тағы ойладым.
«Бәлкім, ол біз демалып жатқан «Қарабақ» санаториясында емес шығар, ана тұрған «Шынар» демалыс үйіне орналасқан ба?»
Тағы да ойладым.
«...Бойжеткен бұл жерде демалушы емес, біраздан бері осы өңірдің тұрғыны шығар тіпті...»
Бұрылып, кетіп бара жатырмын.
Қос шынар самал желмен ақырын тербеліп, жапырақтарымен қол бұлғап, мені шығарып салып тұрғандай...
...Арнайы шақырған таксиге отырып, Баку қайдасың деп, енді ғана қозғала берген сәт. Қош, «Қарабақ!..»
Неге екені белгісіз, көлікке отыра бере, басымды бұрып, артта қалып бара жатқан қос шынарға қимастықпен қарағыштай бергем. Бір емес, әлденеше рет... Осы мінезім аса ұнамады ма – әйелім маған қабағын түйе көз тастап:
– Бірдеңе жоғалтып па ең? – деді.
– Жоқ! Жәй, әшейін...
– Ана қос шынарға қимай қарап отырсың ба?
– Оны қайдан біле қойдың?
Енді қабағын жылытып, езуіне мысқылды күлкі үйірген. Мен түкке түсіне алар емеспін.
«Бұл неге күледі?.. Мысқылы иесі? Қай сырымды білетін еді?..»
Ол такси жүргізуші жігітке жайбарақат тіл қата:
– Балам, тым асықпа! Үлгереміз. Біздің самолет кешке ұшады Астанаға, – деді. – Алда уақыт көп...
– Түсіндім. Жай жүрейін...Асыққанды өзім де ұнатпаймын.
Сосын маған қайта қарады. Қарады да:
– Қап, осы сені ме? – деп, күліп жібергені. – Қартаймассың...
– Неге күлесің?
– Соны да түсінбегенің бе?
– Нені?
– Қос шынар! Үйленген, бала-шағалы еркек пен балғын бойжеткен. Екеуі күнде келіп, шынарды құшақтап тұрады...
Мен де енді «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін жасап:
– Мен шынар ағашын бала кезден керемет ұнатам. Ал, сен айтқан қиялилау қызда... шаруам шамалы...Қайтемін оны!.. – дедім. – Керек еді маған...
Енді әйелім сөз кезегін өзі тиектен әкетті.
– Сенің сырың мен үшін бес саусақтай белгілі. Күнде түс әлетінде тысқа шығасың да, сол шынар маңына тартасың. Ал, мен соңыңнан несіне қуалайын. «Қарабақ» санаториясындағы түнгі кезекшілікте жүрген медбике қызбен танысқам, сол сұлуға өтініш айттым. «Сен де шынар жаққа баршы, күйеуімнің қандай көңіл-күйде болатынын біліп алайын» дедім. Қыз келісті. Қалтасына манат салып бердім. Міне, бұның бар құпиясы осы...
Ол соңын тез аяқтап, ұзақ күлді. Рахаттана күлген.
Мен қып-қызыл болып, ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым.
Осы кезде менің иығыма қолын салып тұрды да:
– Дегенде, шалым, әлі де жүрегің таза, ниетің ақ... – дегені.
Оған тіке қарауға бет бар ма!
Бірақ көкірек сарайымда әлдебір затқа деген соншалық ризалық сезім атой салып, бойымды жылытып бара жатқандай.
Кеудемді бәрібір бір кермек ой тілгілеп тұр.
«...Бұл шіркін рас айта ма? Неліктен нәзік бойжеткен осындай ойын ойнады екен? Сонда...оның ақ шынарды мына менше өліп-өшіп жақсы көретіні өтірік болғаны ма? Кімдікі өтірік? Кім мені алдап тұр?..»
...Такси Бакуға қарай құйғытып келе жатыр еді.
Әзербайжан.
«Қарабақ» санаторийі.
сәуір, 2019 жыл.