Заңғар Еркебекұлы. Сәби кештің періште көбелегі

ӘДЕБИЕТ
1369



СЫР 

Шәмші аға, 

Тыңдап жүрміз тамсана, 

Әсем әнің, мәңгі Мұзтау шыңдарынан еседі, 

Жер-дүние керең болып қалса да! 


Арсыз қоғам, 

Арзан әуен, жесір мұң…. 

Есі кеткен, Европамен есірдім. 

Кембағалмыз, 

Кешіргін! 


Есіл ағар, барқыт түнге сыр айтып. 

Қалдаяқов көшесінде Цыған қыз, 

Серендаңды тұр айтып… 

Тас қаланы мұңайтып! 

* * * 

Мың өкініш, бір үміт,

Тастүлектей түледім. 

Көкейіме Күн іліп, 

Қия-құзға түнедім! 


Мейірімді Тәңірден, 

Мекенімді сұрадым. 

Бөлек жортқан Бөріңмен, 

Айлағым бір тұрағым! 


Көк-Бөрілер ұлыған, 

Ай жаңарған оңымда. 

Қатқан қаным жылыған, 

Қара таудың жонында.


Атты міне таң күліп, 

О, туған-жер киелім! 

Қастерлеймін мәңгілік, 

Бабалардың сүйегін! 

* * * 

Жарым ес – ой түбі жұтады, 

Тым суық сүлдерім. 

Қос қолым – тәнімнің бұтағы, 

Мұңмен де, жынмен де біргемін! 


Тағдырдың бітпейтін жарасы, 

Маңдайымға жазылды. 

Құдайдың қырын ба, қарасы?!,

Маңайым азулы. 


Жүрегім тарпиды, о да бір құлыным, 

Кісінер жанымның пырағы. 

Үзліп кетердей жұлыным, 

Солқылдап тұрады. 

Әуен 

Түнгі әуен сыңсиды, 

Бұзады қаланың тынышын. 

Қолымнан уақыт сусиды, 

Күткен сәт құрысын! 


Жел неге көшеден жериді, 

Ал, оған билейді ай көктен. 

Әлде кім, әлде не ериді, 

Қыраукөз әйнектен! 


Көк Тәңір – әуені, 

Көңілдің құсы да шалқыған. 

Өзімді жұбаттым әуелі, 

Ауада қанатсыз қалқыған! 

Бөрілер ұлиды…


Түн, Қала, 

Мүлгіген үнсіздік. 

Мен ғана ояумын.

Жап-жаңа түсімде, 

Ақ-тұман ішінен ояндым…


Тас-қала, 

Шырт ұйқы үстінде. 

Тауларға телміріп қос көзім, 

Жүрегім жылиды!

Ішімде бөлтірік қыңсылап, 

БӨРІЛЕР ҰЛИДЫ…. 


Ай, 

Жұлдыз, 

Көшенің шамдары сөнеді. 

(Пенделер тірілді) 

Ұстаған дүние тізгінін...

Таңсәрі тау-таулап күбірлеп, 

Алтайға сүйеніп мызғыдым!

Сәби кештің періште көбелегі... 

Балалығым, 

Қыр астында алыстааааап барады үнің. 

Ала-құла көңілім алабұртып, 

Ауыр ойлы жүзімен қарады күн!


Тәтті-шағым, 

Жанға пана көрмейтін жат құшағын.

Бура бұлттар маңғанда тау сағалап, 

Бұлдырап кетті сағым! 

Қатпар ойлы, 

Тұманды қалада кір… 


Қаңыраған ішімде қора жатыр! 

Қарт,

Білеуде алдырған бала күнгі, 

Сүгіретім ескіріп бара жатыр...

Қиял ойдың, 

Жаңбыры себеледі. 

Көктем жыры бүр жарып көгереді. 

Шамдарынан ұшып жүр көше жақтың, 

Сәби кештің періште көбелегі! 


Автор туралы:

Заңғар Еркебекұлы 1995ші жылы Моңғолияның Баян-Өлгей, Қызыл-қайың өлкесінде дүниеге келген. 

Халықаралық «Дін және тәуелсіздік» мүшәйрасының жүлдегері. 

Халықаралық «Жыр терме» байқауының 2 дүркін жеңімпазы.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...