Амангелді Кеңшілікұлы. Поэзия сәулесі

ӘДЕБИЕТ
623

Басқа дауа жоқтай, жер басып жүрген пенденің шаттанған шақта өлеңнен қуаныш тауып, қайғырған кезде шерлі жүрегін неге өлеңмен жұбатады? Құдіреті күшті Алла-Тағала жер патшасы – адамды жаратқаннан бері мына жалған дүние мың-сан өзгеріп, уақыт тасқыны талай ғасырды ағызып әкетіп, әлем бірнеше рет жаңарып, бәрін танып-біліп, екі аяқты саналы тіршілік иесінің құдіретіне таң қалуды қойсақ та, өлеңмен сырласқанда әлі ешкім көрмеген ғаламның табалдырығынан аттағандай, жанымыз тыныштық таппай, неге қайта-қайта аласұрады осы? 


Көңіл-күйде тыншу жоқ 

әлденені аңсай ма, жабыға ма, 

өрт кешкендей тынымсыз тарыла ма, 

әлде дауыл тілеген теңіз сынды

 бір бұрқаныс сәттерді сағына ма...

Жүргенім-ай,

жаным бір жай таба алмай,

 жалтаңдаймын көп сырды айта да алмай. 

Мазасыз бір күйдемін. 

Жанымдағы жалын оты шаршатты қайта жанбай.

Кеудеңдегі сағыныштың отын маздатып, көңіл-күйіңді алай-дүлей қылып, гүлдей нәзік сезіміңді желқайықтай шайқап жіберетін бұл нендей құдірет өзі? Уақыттай тынымсыз, дертке дауа іздеген мазасыз жүректің сағынышы ма? Әлде теңіздей толқып, дауыл күнгі дариядай тебіренген Рух жанартауы ма? Жоқ. Бұл – ақындық әлемі сезім мен сағыныштан жаратылған, жанарынан мейірім шуағы төгілген поэзия сәулесі. Бұл – Фариза Оңғарсынова

Өмірдің өзіндей шынайы осы жыр жолдарының ақын жүрегінен туғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, сезімнің дүлей дауылын соқтыратын өлеңді қайта оқығанымда тұла бойымды бір мазасыздық билеп, көңіл-күйімнің астаң-кестеңін шығарды. Әлдебір жайттар санамда қайта тіріліп, жаным тыныштық таппай, қайта-қайта аласұрды. Ақынның ақ берен жырлары жүрегімдегі тынымсыз ойдың шанағын сабалағандай, көңіл қылын шертетін өлеңдермен бірге қуанып, бірге мұңайып, аласапыран сезімнің арбауына түстім. Өмірдің дәл өзіндей қарапайым, өмірдің дәл өзіндей терең, өмірдің дәл өзіндей шынайы, жасандылықтан ада поэзия сәулесінің сиқыры жанымды қайта баурап алды.

Менің ең жек көрерім – жасандылық, 

сүйерім – ащы шындық.

Тұрса-дағы ол көзіме бейуақытта жас алдырып, 

қалдырма тілегімді тасаңда ұмыт. 

Әдемі сөздер айтпа есілдіріп, 

кінәң болса, жүресің несін бүгіп:

 тек шындықпен кел-дағы – кешірім күт! – депті Фариза ақынның өзі де бір жыр-толғауында. Біздіңше, Фариза Оңғарсынованы ақын еткен де, поэзиядағы биік белеске көтерген де – өлеңдегі жасандылықтан бойын аулақ ұстап, арзан жыр жазуға құмартпаған табиғи мінезі. Ақын жырларын оқыған кезде оның жанына тыныштық бермеген мазасыз ойы сізді де бейжай қалдырмай, жүрегіңізге игі сәуле кіргендей әсер аласыз. Фаризаның дүние-сарайынан төгілген жырларды оқып шыққаннан кейін, сол өлеңдердегі сезімдерді өз басыңнан кешкендей, жалған тіршілікке ақындық жанармен мұңая қарайсыз. Фаризаның поэзиясындағы бұл ерекшелігін ең алғаш байқаған жыр сүлейі Әбділдә Тәжібаев «Менің Фариза өлеңдерінен бірінші алған әсерім – өлеңшімен емес, ақынмен кездестім. Кездестім де шексіз қуандым» - деп, оның жырларына тәнті болып ағынан ақтарылыпты. Әрине, жылы лебізін білдірген әдебиетіміздің ақсақалы Әбділдәдан бастап оның өлеңдерінің табиғатын асқан шеберлікпен талдаған ақын Мейірхан Ақдәулетұлының мақалаларынан кейін Фариза Оңғарсынованың поэзиясы жайлы тосын жаңалық ашып, жұртты таң қалдыратын пікір айтамын деуім асылық болар. Дегенмен әр ақынның бір жұмбақ әлем екені рас болса, әдебиетке келген әр ұрпақ та сол ұлы құпияны өз бетінше ашуға тырысады емес пе? Ендеше: 

Әлем деген немене?

 Қанды қанмен қайтарған қылыш кегі, 

қайғы оранып біреудің мұң ішкені, 

ғашықтардың бақыттан мас болғаны,

анасы мен сәбидің күліскені.

 Әлем – дауыл, ақ жаңбыр, 

асау өзен, туған жердің көгорай пүліш белі,

 жүрегі алау жандардың ұлы істері.

 Әлем деген – Аспан, Жер, Күн мен түндер, 

сан тағдырлы өмірдің тыныс-демі,


 - деп, ғаламның күрделі табиғатын бір кішкентай өлеңнің қауызына сыйғызып жіберген ақын әлемін тануға біздің де құлшынымыздың пайда болуы заңды құбылыс. Фариза апамыздың өлеңдерін қайта оқып шыққан соң, алған әсеріміз туралы оқырманмен ой бөлісу үшін қаламның құдіретіне жүгінуге асыққан себебіміз де сондықтан. 

 Поэзия туындыларын тілге тиек еткенде ақынның өлең жазу шеберлігін, сөз байлығын дүрбімен шолып, сәтті жазылған әдемі жолдарын тауып алып, тізбектеп кететін әдетіміз бар. Немесе мынау ақынның – махаббат, ал мынаусы – табиғат, ал мына біреуі – қоғамдық лирикасы деп дестелеп, бөліп-бөліп тастаймыз. Сосын көңілімізден шыққан жыр жолдарын аузымыздың суы құрығанша мақтаймыз да, өлеңнің табиғилығы, шынайылығы туралы айтуды қағаберісте ұмыт қалдырамыз. Шындығында өлеңнің табиғилығы дегеніміз не осы? Орыс сыншысы Аполлон Григорьев «Өнердегі шынайылық пен табиғилық туралы» атты мақаласында біреудің басындағы қайғысын өз жүрегінің сүзгісінен өткізе білетін адамнан ғана шынайы суреткер шыға алатынын жазыпты. Расында да Шекспирдің Гамлет секілді, өгей әкесін өлтіргісі келмегені, Толстойдың Анна Каренина сияқты поездың астына түсіп өлуге ұмтылмағаны немесе Әуезовтың дәл Абай секілді ғашық болмағаны айдан анық. Әйтсе де біз осы суреткерлердің шығармаларын оқығанымызда Гамлет сияқты жанымыз тыныштық таппай, Анна Каренина секілді толқып, Абаймен бірге жүрегіміз аласұрады. Шынайы суреткер мұндай сезімдерді басынан кешпесе де, біреудің басындағы қасіретті өзінікіндей етіп, нанымды, әрі әсерлі етіп жеткізе алады. Батыстың ұлы ақыны, әрі әдебиет сыншысы Томас Элиот та «Поэзия құдіреті» атты кітабында өлең жазатын кезде нағыз ақынның актерлер секілді өзі сомдайтын образдың табиғатына еніп кетуі тиіс екенін жазыпты. Сыншының айтуынша, ақын өзінің «менінен» аулақ тұрып, басқа біреудің басындағы жан қайғысын терең сезініп, сол адам секілді толғана білгенде ғана нағыз өнер туындысын дүниеге әкеле алады. Қазақ поэзиясының мэтрі Фариза Оңғарсынованың жырларын оқырмандардың ерекше сүйіп оқитынының басты себебі де – ақынның оқырмандарының сезімін алдамайтын адалдығында, өзі сомдайтын образға жан-тәнімен еніп, оның қуанышы мен қайғысын, бақыты мен қасіретін мейілінше шынайы жеткізе білетін табиғи шеберлігінде. Ақын қуанса, шын шаттанып, қайғырса, жүрегіңді езіп жіберетін қасіретімен жыр пернесін дәл басады. 

Мен сені қызғанамын. 

Жалт етіп қарағанына емес қыз баланың 

(мен ешқашан қызғанбан қызға, жаным,

 олар менің қашан да ақ тілеушім ғой

 – байбалам сап несіне сызданамын. 

Көкірегіңде мен тұрып, шамаң жетсе, 

Басқа жұртқа мейлің сен жүз қарағын!) 


Мен сені қызғанамын, 

бәз біреулер өктемсіп басынғанда 

(өктемсушілер көбейді – ғасырдан ба...), 

доспын дейтін жігіттер бірге отырып, 

сенен сырын қулықпен жасырғанда.

 Осылардың бәрі оқ боп қадалады 

сені нәзік сүйетін ғашық жанға. 


Шыншыл, әрі сыршыл, ғажайып жыр! Ақынның жүрегінен ақтарылған ғашықтық сезімінде иненің жасуындай да жалғандық пен жасандылық жоқ. Әділін айтыңызшы, қыз махаббатының адалдығын дәлелдеу үшін жан-тәнімен сүйетін ғашық жанын көлденең көк аттылардың өктемсіп басынғанына, алаяқ жігіттердің ортасында қалғанына назалануынан артық қандай дәлел керек. Бұл өлеңде сүйемін-күйемін деп өтірік көлгірсіп, ант ұрып, аласұру да, жан-тәнімен ғашық болған сезіміне махаббат дәмету де жоқ. Өлеңді шынайы етіп тұрған да ешқандай боямасы жоқ осы бір табиғи мөлдірлік. Шын ғашық болған ақынның ғана жүрегінде туатын пәк сезім бұл. Құлақ түріп көріңізші: 

Мен сені қызғанамын,

 қадіріңді біреулер білмегенде, 

сені сырттай көре алмай күндегенде. 

Өзің жайлы орынсыз мысқыл айтса, 

қаным қайнап кетеді бұл денемде... 


Әрине, Фариза Оңғарсыноваға шейін де әдебиетімізде өз өлеңдеріне махаббат тақырыбын арқау еткен ақын әйелдер аз болған жоқ. Біз қазақ поэзиясының алтын қазынасы болып табылатын ол өлеңдердегі шынайылық пен табиғилықты жоққа шығара алмаймыз. Алайда Фариза Оңғарсынова әйел сезімін мүлде басқаша кестелеп, махаббат тақырыбын жырлауда тыңнан түрен салған - алғашқы қазақ ақыны. Фаризаның өлеңдері әйел жүрегінің тылсым түпкірінде бұғып жататын талай сырдың бет-пердесін жұлып тастап, оның нәзік сезімін көз алдымызға ешқандай қоспасы жоқ табиғи қалпында елестетті. Фариза өлеңдері арқылы қазақ поэзиясына әйелдің тәтті қылығындай бір ерке шуақ келді. 

Бірімізден-біріміз

 құтылмаймыз қашсақ та қай далаға: 

бізден басқа тірлік жоқ айналада! 

Маған айтқан сөзіңді басқаға айтып, 

өтірік аймалама!

 Біз бәрібір о бастан матаулымыз тағдырдың арқанымен,

 бір-ақ сермеп қырқуға бата алып ем:

қансыратты, не пайда, үзілмеді – сен менің жалқы әнім ең.

 Осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде «Әйелдер поэзиясы бар ма?» деген тақырыпта пікірталас өрбіп, жұрттың көбісі поэзия біреу-ақ, оны әйелдердікі немесе еркектердікі деп бөлуге болмайды деген байламға тоқтаған еді. Алайда, қарапайым оқырман ретінде осы байламның дұрыстығына менің үлкен күмәным бар. Біздің білуімізде бәрібір мына дүниеде тек нәзік жандар ғана сезетін және әйелдің аузымен ғана айтылатын шындықтар болуға тиіс. Сөзімізге сенбесеңіз, әлем әдебиетінің ғажайып ақын қыздары Эмили Диконсон, Анна Ахматова, Марина Цветаеваның өлеңдерін қайтадан бір оқып, ой елегінен өткізіп көріңізші. Бұл ақындардың өлеңдеріндегі әйел табиғатына ғана тән нәзіктік пен сезімталдықты аңғармау мүмкін емес. Мұны айтып отырған себебіміз, Фариза поэзиясы да ең алдымен бізге тек әйел баласына ғана тән тазалық пен іңкәрлікті мейілінше табиғи, мейілінше шынайы жеткізе ала білуімен қымбат. 

Мен сонда жылап қалғам,

 Сен сезбедің. Кетті ұшып жыраққа арман. 

Мұның бәрі неліктен?

 Білесің сен 

– өзіңді ұнатқаннан; 

сосын, сосын жүргеннен ұмыта алмай

 алып-ұшып жеткенде жырақтардан,

 кездеріңді алдымда құлап-талған,

 өліп-өшіп өртенген кезеңдерің

 сосын... түк болмағандай безергенің 

– осыларға түсінбей мұң ақтарғам, 

басым қатып шешілмес сұрақтардан.

 Сезіміңнің мұншалық жалғандығы, 

сен үшін бір сәт екен арман құны. 

... Мен сонда жылап қалғам өзіңді жек көргеннен 

және де ... ұнатқаннан. 

Келісерсіз, осы өлең жолдарын ер азамат жазса, тым ерсі көрінер еді. Алайда, әйел адамның осылайша толғанып, жан сырын бұлай ақтаруы, өте шынайы әрі табиғи емес пе? Махаббаттың нәзік пернесін мұндай сезімталдықпен басу әйел баласының табиғатына ғана жарасады. Күні кеше ғана сүйемін-күйемін деп ант-су ішіп, енді бүгін түк болмағандай теріс айналып кеткен жігітке назаланып, «жек көргеннен және де ... ұнатқаннан» қапаланған лирикалық қаһарманның жан дүниесіндегі арпалыста бейкүнә сәбидің көз жасындай тазалық бар. Ұлы Өнер Құдай табиғаттас құдірет болғандықтан, ең алдымен, ақын – сезім перзенті. Фариза өлеңдері де бізге ең алдымен әйелдік сезімді жырлаған құдіреттілігімен қымбат. Оқырманын бей-жай қалдырмайтын шынайы сезімімен. Жүрегіңе сағыныш ұялататын мөлдір сезімімен. Жаныңа тыныштық бермейтін алапат сезімімен. Кейде сол сезім құдіреті сізді аялы алақынына салып әлдилесе, кейде ыстық отқа тастай салады. Жалған пәлсапалау, ойдан сюжет құру Фариза табиғатына жат «қасиет». Ақын жанына жақын тақырыптарды сезім сүзгісінен өткізіп барып жырлайды. Сезім сәулесіне шомылған Фариза жырларының мейілінше шынайы, мейілінше табиғи шығатындығының жұмбағы да осында жатыр. Сенбейсіз бе, онда ақын жырларына кезек берелік: 

Менде бір тебіреніс бар (кейде өзім де түсінбеймін)

 дауыл күнгі дарияның күшіндей бір. 

...Өзім сонда тұтас бір ғасырдаймын, 

жүргендеймін жарқылдап қасында Айдың.

 Марғау, бейжай дүниені сілкіндіріп, 

бір таң қалмай мен, сірә, басылмаймын... 


Ақын Фариза Оңғарсынова берген уәдесінде тұрды. Дүниені таң қалдырып ақын болып өмірге келді, оқырман сезімін поэзия сәулесінің алтын шуағына шомылдырып, мына бес күндік жалғаннан ақын болып өтті....

author

Фариза Оңғарсынова

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...