Әзиз НесинҚызмет, оны-мұны шаруа қолымды байлап дегендей, мен олардың тойына бара алмадым. Шынымды а...
Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)
Басын осы жерден оқи аласыз
12 тарау
Ғаламның ауруханаға түскеніне бір апта болған. Осы күндері оны орнынан тұрғызбай, тамақты палатасына әкеліп, ем-домды да төсек басында жасап, жан тыныштығын сақтаттырды. Қасында жатқан үш жігіт бұны «ағалап» асты-үстіне түсіп, қолдан келген қызметтерін аяған жоқ. Күтім мен дәрінің арқасында бойына қуат қайта оралып, басын тез көтерді. Бүгін, емдеуші дәрігердің рұқсатымен ол ел қатарлы қалқайып аулаға шықты. Қалта телефоны шыр етті.
- Аға, қайдасыз? Өзіңіз келе аласыз ба?
- Иә, айналайын, бүгін тұруға рұқсат берді. Енді ешкімге жалынбаймын, өз аяғыммен жетем... Қай тұсқа? Иә, түсіндім.
Қырмызы Америкадан келген бетте Ғаламға хабарласып, оның денсаулығының күрт төмендеп кеткенін білген соң, дәрігер сіңлісіне өтініш жасаған-ды. «Бір жақсы құрбымның әкесі еді, өзің қарап берші» деп. Ғалам келген бетте, алғашқы тексеруден өте сала, ем-домы шұғыл басталып кетті. Ол ішінен Қырмызының беделіне сүйсініп, тіліне оралған рахметін жаудыра берген-ді. Артынан емдеуші дәрігер: «Сізден айырылып қала жаздадық!» деп шынын айтқанда өзінің сол тұстағы жағдайын өзгеше елестетті. Сөйтсе, келе сала құдды бауыздап үлгермесе, арам өлетін мал секілді төсекке алып ұрғаны содан екен ғой...
Арухананың сыртындағы тал арасынан бұған тасалай қарап тұрған Қырмызыны көзі шалды. Өткен қыста көрген қыздан мүлдем бөлек көрінді. Ол кезде үстінде қыстық киімі болып, аяғына кигені биік өкше етік еді. Мүмкін содан да Қырмызы сұңғақ бойлы, Ғаламнан зор секілденген шығар. Қазір, гүлді жұқа көйлегі үлбірей желбіреп, денесінің ашаң екенін ағартады. Бәрінен де Қырмызының шаралы жанары төңірегіндегі дүниенің барлығын бүркеп, ұшы-қиыры жоқ өзге бір, бауыры жылы, түндері мамық, жұлдызды әлемге ұқсап кетті. Ғалам өткен қыстағы шарасыз жағдайға қайта ұшырап бара жатқанын сезді. Жақындаған сайын тізеден әл кетіп, өзінің қораш тұрпатына намыстанып, осы жасқа келгенде келемеж қылған құдайға ренжіді. Қырмызының алаулаған екі бетінен, жылы сәуле ұшқындаған көздерінен сескенді. «Бұлай болуы тиіс емес! Бұл бала мені дұрыс танымай, ойынан құрастырған әлдекімді ардақтап жүр».
- Қалыңыз қалай? Палатаңызға баруға сіңлімнен ұялдым. Сосын бұндағылардың көбісі мені таниды. Қақпа алдынан жолы түскен кісілерге пакетімді ұстатып жіберуге мәжбүр болдым. Дәмі қалай бопты? Ұнады ма?
- О не дегеніңіз! Сіздің әкелген тамақты қасымдағылармен бөлісіп іштім. Олар керемет дәмді екен деп саусақтарын әлі сорып жүр. Көп рақмет!
- Жұмыстан қол босамайды. Кешке келе салам да сізге ас әзірлеп, ертеңінде өзіммен бірге ала кетіп, жұмыстағы тоңазытқышқа сап қоям. Ысытып ішіп жүрсіз ғой, иә?
- Әрине, әрине...
- Туыстарыңыздан ешкім келді ме?
- Қызым келіп кетті. Айттым, қарным тоқ, алаңдамай жұмыстарыңды жасай бер деп.
- Қайда істеуші еді?
- Күнделікті нәпақаны дәтке қуат еткен – сол баяғы сауда-саттық қой. Одан басқа істейтін жұмыс қалды ма, өзі?
- Иә. Қара халықтың тұрмысына қарап қабырғам қайысады! Мемлекетіміз – үлкен бір базарға айналып бара жатқандай. Егер сырт елдерді көрмесем, мүмкін олай деп айтпас па едім... Тек, тамақ үшін сенделген жұрт. Өзге ешқандай құндылық қалмаған секілді.
- Баяғыда, бала кезімізде қой құрттап, оны бір жаман табаққа салып жинап, артынан кәрелен құйып улап өлтіретінбіз. Біздің кейпіміз, сол қойды тірідей жеп жатқан құртқа ұқсайтын тәрізді. Өндіріп жатқан түгіміз жоқ. Жердің асты-үстін үңгіп, сорып, кеміріп қана жатырмыз...
- Әжем айтушы еді: «Әр нәрсенің ақыры бар» деп, ақыры оң болсын деңіз... Ту, келе сала көңілсіз әңгімеге түсіп кеттік қой! Қасыңыздағылар жайлы адамдар ма?
- Иә. Біреуі атақты жазушы екен! Жоға, ақын...
- Кім деген?
- Марат па Мұрат па ұмытып қалдым... Тегі, атқа шорқақпын. Менің білетіндерім бұдан қырық жылғы бұрынғы ақын-жазушылар ғой. Әлгінің айтуынша олардың көбісі о дүниеге аттанып кетіпті. Ал, барлары қартайып, кісі танымайтын халде көрінеді.
- Сізге олардың қажеті қанша? Сіз жазушы емессіз...
- Иә, білем... екі арадағы делдалмын...
- Міне, тағы ренжідіңіз... Сізге ешқашан да өзімшілдік танытуға болмайды. Кеуде керу деген – кеуектіктің белгісі. Ал, сізге құдіреттің ауыр аманаты артылған, қысқаша Жаратушы алдында жауаптысыз... Ақын-жазушының да өз миссиясы бар шығар. Бірақ олар, әлі күнге көз алдындағы күйкі тірлікті суреттеуден аса алмай жүрген сияқты. Сондықтан сіз өзіңізді солардың қатарына жатқызғаныңыз дұрыс емес.
Ғалам айтарға уәж таппай қипақтап, төмен қарады. Өзінің қазіргі жағдайы мен түріне қарап, орта таңдау не теңім деген күй кешті. Бұның бір кездері араласқан ақын-жазушылары қарапайым пенделерден өзге, түсінік-танымдары жоғары және ерекше адамдар болып көрінген-ді. Әрине, олардың жазған-сызғандарының барлығын шедевр деп қабылдай беруге де болмас, әйтсе де олар қоғамға қажет дүниелер жасаған сыңайлы. Соған орай лайықты бағасын алып, мәртебеге де ие болды. Демек, олар да арнайы аманатты арқалап, ел санасына шуақ сіңірді емес пе? Неге, Қырмызы бұны олардан қорғаштап әлек. «Сіз жазушы емессіз» деген сайын Ғаламның еңсесі түсіп, өзінің кім екенін айыра алмай, ойы адасып, санасы сарсылады. Шіркін-ай десеңші, осынша жасқа келгенше бір әңгіменің басы, ортасы, аяғын түгендеп жазып шыға алмады ғой. Ішінде бәрі сайрап-ақ тұр. Ал, қағаз бетіне түскенде әлемді дір еткізердей суреттемесі – төгілген сия тәрізді ырық бермей, өз бетінше жайылып, елдің аузынан талай рет шыққан, қан-сөлсіз былжыраққа айналады.
«Оқу-тоқу деген керек. Бірақ, өмірдің оқуынан артық ештеңе жоқ. Содан кейін жазу техникасын меңгер де ойыңа келгенді жаза бер». Сонау бір кездегі жанашыр бір жазушы ағасының осы сөзі құлағына ызыңдап қайта келді. Ғалам, «Мартин Иден» романының авторы Джек Лондонды пір тұтатын. Сол құсап, әр жазған сөзін санайтын. Сайын Мұратбектің лирикаға толы әңгімелерін көк дәптерге көшіріп, сөз саптау мәнерін зерттеп көрді. Иә, өз білгенін жасап бақты. Бірақ, жазушы бола алмады. Себебі, бірде бір әңгімесі көркемдік дәрежеге ие болмай, жөнелткен газет-жорналдардан теріс хаттар келіп жатты. Бір кездері кеудесіне нан пісердей болған өжеттік пен сенімділік бірте-бірте өше бастады. Ол кей күндері тапжылмастан он-он бес сағат отырып жазып, стөл басынан қалжырай құлаған кездеріне қайран қалады. Соншама еңбектенгенде жеткен зейнеті қайсы? Еңбегінен бұрын жасы зейнетке ерте жетті. Енді не күтесің? Күтетіндей қаншалықты ертеңің қалды десейші. «Отызында орда шауып, қырқында қамал алмаған» бұл, алпысында қай аламанға шаппақ екен?!
- Мына, ақын жігітте: «қазір, бұрынғыдай әдеби орта жоқ» дейді. Соған қарағанда әдебиеттің дәурені өткен сияқты. Мүмкін осыдан осылай жұрт кітап оқуды да қояр?
- Олай шорт кетуге болмас. Технологиясы қатты дамып кеткен батыс пен Америка кітапқа қайта оралып жатыр. Метрода кітапқа шұқшиған адамдарды жиі көруге болады. Әрине, талғам мен тақырып өзгеруі мүмкін, десек те бұл да позитив.
- Ақын жігіттің айтуынша қазақ әдебиетінде тұтастық жоқ. Бұл да өзге - салалар сияқты жік-жікке бөлініп кетіпті. Жазушының өсіп-өшуі ру, тайпа көсемдерінің қолында іспетті. Менің руымның көсемімен таныстырам деді.
Қырмызы жымиып күлді. Оның Ғаламға жылыұшырай қараған көзқарасында «баламысың!» дегендей уытсыз мысқыл бар еді.
- Сіз, анау өй деді, мынау бүй деді деп, кім көрінгеннің сөзіне құдайдай ұйыйды екенсіз. Сол ақынмен деген кісіңіздің не жазғанын оқып көрсеңіз. Жұмыс бабымен сол сияқтылармен жиі араластым. Бастапқыда мен де ойлайтынмын, ақын-жазушы деген ерекше жаратылған жандар шығар деп. Арасында бар шығар адамдары, тек тым сирек. Бір кездері пір тұтқан дүниені – пендешіліктің табанына тастап, күн көріс құралына айналдырып алған. Ақшаның ұшын көрсе жылмаңдап, ар-намыс, ұят-парыз дегеніңізден жұрдай, кұр көбік болып шыға келеді. Айтпақшы, «мен де жазушымын» деген жоқсыз ба?
- Астапыралла! Айтпаған секілдімін. Бірақ, анау менің сөз саптауыма қарап бірдеңені аңғарған секілденді.
- Ешқашан жазушымын деп ешкімге айтпаңыз. Сіз, расында кішкентай бала сияқтысыз. Біреу мақтаса екен деп емекісіп тұрады екенсіз. Сізге ешкімнің мақтауы қажет емес. Және қаперіңізден шығармаңыз, сіз мақтауға зәру емессіз. Сондықтан жазушымын деп айта көрмеңіз.
- Неге?
- Жазушы – қазіргі біздің қоғамдағы ең сатқын, абыройсыз, жезөкшеден де жаман жеркеніш тудыратын, «халық қалаулысы» деп аталатын депутат мырзаларға ұқсас мансап...
Қырмызы кетіп бара жатқанда, Ғалам қазіргі уақытта қандай кітаптарды жұрт көп оқитынын сұрады. Егер мүмкіндік болса, солардың бір-жарын келесі де ала келуін өтінді. Себебі, Қырмызы өзінің кітапсүйер адам екенін және үйінде өз талғамына орай жинақталған шағын кітапханасы барын бір жолы айтып қалған-ды.
* * *
Ғалам палатасына оралғанда науқастар кешкі асқа жиналып жатыр екен. Қолына қос пакет ұстап кірген ағаларын көрген жігіттер:
- Міне, керемет! Өкіметтің тамағына бармайтын болдық, жеңешемізге мың алғыс! – деп жарыса мәз болды. «Жеңеше» деген сөзді естігенде Ғаламның құлақ түбіне шоқ түскендей лап етіп, соңғы күндері қан-сөлі қашып бозарған әлпеті қызарып сала берді. Оның неліктен қызарғанынан хабары жоқ жігіттер:
- Жеңгеміздің жүзін көріп, ағамызға қуат қайта оралды. Қарашы, тіпті нұрланып тұр! – деп ақын жігіт лепіртіп әкетті. Қолма-қол дастарқан әзірленіп, төртеуі жапатармағай асқа жұмылды. Бұлардың да соңынан кісілері кеп тұрады. Бірақ, дәл осы Ғаламға әкелгендей бірде бірінің әйелі дәм әзірлемеген сынды. Әлде, мына қулар жорта солай деп отыр ма кім білсін. Қайткен күнде де қазы-қарта, қуырдақ, шоқырдың еті мен уылдырығы, қаймақ-май... бұндай мәзірді екінің бірінің қалтасы көтере бермейтіні айдан анық. Таласа-тармаса жеп, соңында қызыл күрең сүт қатқан шаймен тоқ басып, жайбарақат әңгімеге көшеді. Ақын жігіт Ғаламды жағаласа, ана екеуі өздері ортақ әңгіме тауып, бұлардың сөзіне араласа бермеді. Немесе, қип етсе шылым шеккілері келіп, сыртқа шығуға әуес-тін.
Мана, Қырмызыны шығарып салып, келе жатқанда Ғалам біртүрлі ойға қалған-ды. Ол неге жазушылықты сонша сөгіп «мансап» деді. Және ауызға алуға тұрмайтын жеркенішке балады. Сөз арасында ол ақын жігіттен осы туралы саумалдап сұрауды ұйғарды.
- Бауырым, жалпы ақын мен жазушы арасында қандай айырмашылық бар? Екеуі де шығармашылық адамы емес пе?
- Әдемі сұрақ! Ақын – қыран құс! Жазушы – қанаты бар, бірақ көк жүзінде қалықтап ұша алмайтын... – деп ол теңеуге ештеңе таба алмаған сыңаймен екі қолын ербеңдетіп, төбеге қарады. Ғалам «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей пиғылда:
- Тауық па? – деп аузына сөз салды. Ақын көзі алақ етіп, жерге қайта оралды. Еріндерін шүршитіп, бір зілдей толғаудың түйінін шешкен адамша қабағын да қоса кіржитті
- Тауық дейсіз бе? Иә... пәлсапалық терең мәні бар теңеу екен... Жай ғана тауық емес – өле-өлгенше тірнектеуі түгесілмейтін, өлім деген қорқыныштан да шошымайтын жасампаз, мәңлігіктің кілтін ұстаған тіршілік иесі, ол! Түсінесіз бе? Иә, мен тауықтың жанкешті өмірі туралы поэма жазуым керек... сіз маған керемет ой тастадыңыз!..
Ғалам сауалына жауап ала алмағанын білдіргісі келіп, тамағын қырнап, ақын жігітке аузын ашқанда анау, қос қолын сермеп:
- Кешіріңіз, маған тылсымнан толқып, шумақтар ағыла бастады! Үндемеңіз... Жазуға отырам... – деп төсегінің тұсындағы төмбедегі ноутбугін іске қосты.
Шабыты келіп қалған шығар деген оймен Ғалам енді оның мазасын алғанды жөн санамады. Төсегіне жантайып, бетін қабырғаға бұрып, әлгі сұрақтың жауабын өзі іздемек болды. Бірақ, онысын дәнеңе шықпады. Себебі, Ғалам ол ортаның тыныс-тірлігінен хабарсыз еді. Жазушы десе қазақ әдебиетінен Бейімбет Майлин, өмірден қыршын кеткен Саттар Ерубаев, әлемдік әдебиеттен Гюстав Флобер, Эрнест Хэмингуей, Теодор Драйзер, Джек Лондон тағысын тағы сұрапыл қаламгерлер көз алдына келеді. Қырмызының айтқан сорақы теңеуі бұлардың бірде біреуіне лайық емес. Эмиль Золяның қара су мен қара нанды талшық етіп, бар киімін кепілдікке өткізіп, бір қабат дәке жамылып «арабқа» айналып, жанкештілікпен еңбек етуі арқасында – көзі тірісінде атақ пен байлыққа қол жеткізгені керемет ерлік емес пе? Егер жазушы тағдыры осылай болса, біздің бүгінгі қоғамдағы қаламгерлер неге осындай жанкештілікке барып, соңында өшпес із қалдырмайды...
Осындай ой тұңғиығында жатқанда көзі ілініп кетіпті. Түсіне Эмиль Золя кірді. Қуықтай бөлмеде отыр екен дейді. Бұған арнайы дастархан жайып, қазақы салтпен жілік ұсынады. Апырау, бұл байқұс жоқшылықтан көзі ашылмаған тақыр кедей сияқты еді ғой? Қойдың етін қайдан алды екен? Әлде, жоқ-жітімге құдайы қып кәде тарататын Құрбан айт кезі ме қазір? Еті үлбіреп піскен, бағланның сыбағасы өте дәмді екен! Қарпып жей бастады. Осы тұста Ғаламның тәтті түсін біреу бұзып, түрткілеп оятып жіберді. Жаңағы бағланның дәмі аузында әлі тұр еді. Бұл көргені түс екенін аңғарып, «піскен ет – жақсылыққа, олжаға» деп өзінше іштей жорып та үлгерді.
- Аға, бейуақта ұйықтауға болмайды. Сіздің сауалыңызға жауап тауып қойдым, – деді ақын жігіт. Көзін жыпылықтатып, шала ұйқыдан есін жия алмаған Ғалам бұның не деп тұрғанын түсінбеген адамша аңырая қарады.
- Ақын мен жазушының айырмашылығы неде дейсіз бе? – деп анау өзіне өзі сұрақ қойып барып, – Ақын – сезімнің жыршысы, ол қарапайым нәрседен де керемет көреді. Ал, жазушы – жылнамашы, ол өмірдің көркемдік суретін тасқа қашап салатын мүсінші сияқты. Қалай? Дұрыс теңедім бе, аға?
- Е, қайдан білейін, екеуі де оңай кәсіп емес-ау! Өлеңнің қадірін ұйқастан емес, ойдан іздеу керек сияқты ма?..
- Дұрыс айтасыз!.. Ең маңыздысы сол ойды жеткізе білу ғой. Міне, осы әзірде ғана сіздің тастаған идеяңыздың арқасында көзге қораш, жырға лайық емес, тауық тағдыры туралы поэманың алғашқы нұсқасын бастап кеттім. Бұнда үлкен идея жатыр. Шытырман талас-тартыс пен трагедия орын алады. Шығарма – өмір деген ұғымның пәлсапалық негізін түзуге тырысқан талпыныстан тұрады. Қарап отырсаңыз, бұл дүниеде тектен-тек жаратылған еш нәрсе жоқ. Бәрінің өз орны, өз міндеті бар. Сырттай қарағанда хаос сияқтанған әлем тап-тұйнақтай, рет-ретімен қиюласқан гармонияға бағынады. Әсіресе, ақын заты осы құбылысты аңғара алуы тиіс. Басқаша айтқанда, ақын – гармония танушы...
Ақын жігіт еліре сөйлеп, ойын осылай тиянақтады. Сосын тыңдарманының әсерін білгісі келгендей Ғаламға сұраулы жүзін аударды. Ғалам жалынды тұжырымды тыңдаған сыңай танытқанмен ішінен: «піскен ет – олжаға» деп, манағы түстің әсерінен әлі арыла алмай отырған-ды. Бірдеңе айтпаса, ұят болатындай сезініп:
- Күрделі пайым айттыңыз, мен де қосыламын, – деп құтылғысы келіп еді, анау шаужайына қайта жабысты.
- Оқырман ретінде қазіргі ақын-жазушылардың қайсысын классиктер қатарына қосасыз?
- Шынымды айтсам, соңғы жылдары жаңа кітап оқыған емеспін. Менікі сол қырық жыл бұрынғылар ғой...
- Е, олардың бәрі классикаға айналды ғой! Олардың орны енді сөреде,қазір ешкім оқымайды. Жаңа дәуір, соны леп, жас толқын келді. Ескіше жазу мешелдікпен бірдей. Біле білсеңіз, қазақтың әдеби тілінің өзіне өзгеріс енгізу керек. Ежелгіше суреттеу, баяндау, ой түзу жаңа үрдістен қалуды білдіреді. Кей азаматтар жаңаша әдеби тілдік норма қалыптастырып, бүгінгі заманға сай тілдің бейнелеу өрнегін жасауға кірісіп кетті. Қазақ әдебиеті осындай прогрестік қадамдар арқылы ғана – осы күнге дейін ене алмаған әлемдік әдебиеттің ортасынан ойып тұрып орын алуы тиіс!
- Сонда, осы өзіңіз сөйлеп отырған тіл қолданыстан қала ма?
- Оны уақыт көрсетер. Тек, бұрынғыша жазуға болмайтыны ақиқат!
- Мен ойлаушы едім: шығарма тіні – ой; ал, тіл – оны жеткізетін құрал ғана деп...
Ақын жігіт сенің ойың мен үшін «беш тиын» дегендей елең етпеді. Ол өзінің ой тұңғиығына қайта батып, ноутбугіне шұқшиды. «Тауық» атты поэмасын жалғап кеткен тәрізді.
* * *
Келесі күні кешқұрым, Қырмызы тағы келді. Тағы артынып-тартынып жетіпті. Ғалам қызды көргеніне жан-дүниесі жамырай қуанғанымен, оның қолындағы пакеттерді көргенде қабағы пәс тартты .
- Кешегі тамақты түгесе алған жоқпыз...
- Бұның бәрі тамақ емес, мына пакетте сіз сұраған кітаптар... мынау – үйге, өзіме алған нәрселер. Мына пакет расында тамақ. Бұ жолы дүкеннен ала салдым.
- Соғым бордақылағандай болдыңыз! – деп Ғалам әзілдеді. Әзілі оспадарлау шықты ма Қырмызы жақтырмаған сыңай танытты.
- Сіз, тым тұрпайы сөйлейіз. Сізге бұлай сөйлеу жараспайды. Егер сіздің жазғандарыңызды оқымасам, бұлай демес едім.
Ғалам аяқ-асты шоқ басып кеткендей денесі дір етті. Ауылдағы қаракемпірі жөнді-жөнсіз арпылдап, аузын жауып отырушы еді. Қырмызының мына ескертуін қалай қабылдарын білмеді. Ренжиін десе, қыз бұны кемсітіп, себепсіз қорлап отырмаған сияқты. Кішкене ақылға салып ойланар болса, «Сөз емес сөзді – кісі емес кісі айтады» деген мақалдың істігіне әдемі ілінгендей. Жалпы алғанда, әр адамның іс-әрекеті әлдекімнің көңілінен шығу үшін жасалмауы тиіс қой. Ғалам кейде өзінің сөзі мен ісіне аса мән бере бермейтінін байқады. Тіпті, осы сияқты добал теңеуді аса бір тапқырлыққа балап, тыңдарманын мәз-мәйрам еткізгісі келетін-ді. Бұл жолы оның күткені кері әсер беріп, сөз естіді. Ішіндегі өмір-бақи ерегеспен қалыптасқан егесі бұлқан-талқан болып, бұрынғы әдетінше ертоқымын бауырына алып, тулай жөнелуге шақ қалды.
Қырмызы Ғаламның ішкі дүниесіндегі арпалысты аңғармады ма, әлде, өзінің ескертуін соншалықты маңызды деп санамады ма, әйтеуір пакеттегі бес-алты кітапты кезек-кезек алып, Ғаламға ұсынып, таңдауын сұрады. Ол, Габриэль Гарсиа Маркестің орыс тіліндегі «Сто лет одиночество» және Франц Кафканың «Превращение» хикаятына қалау танытты.
- Ұмытып барады екем... Біздің «шахиня» шешесі туралы кітап шығарғысы келіп жүр. Маған мықты жазушы тауып берші деп өтінген, – деді Қырмызы. Ғалам, бұны маған есіне айтып отыр дегендей қызға таңырқай қарады. Танысқан бір ақынының түрі анау, «Тауық» деген поэма жазып, өз бетінше қуып кетті. Ол туралы Қырмызыға айтуға дәті бармады. «Оларға жоламаңыз, олар сіздің теңіңіз емес!» деген сияқты тағы бірнәрсе айта ма деп жүрексінді. Сосын «шахиня» деп отырғаны кім еді? Осыны білгендей, Қырмызы:
- «Шахиня» деп біздің компания басшысы – Әмина ханымды айтамыз өз арамызда... Оның анасы өте жақсы кісі еді. Тоқсаннан асқанда дүние салды. Осы күзге қарай жылдығын береді. Соған орай кітап шығарғысы келеді.
- Менен не қайыр? Бүгінгі жазушылардың бірін танымаймын... Өзім жазушы емеспін...
- Иә, бұны жазушы емес кісі жазуы тиіс. Сізге тапсырам, – деп Қырмызы Ғаламға шыным осы дегендей, байсалды қарады.
- Апырау, менің қолымнан келмейді ғой бұл!
- Келеді!
- Өмірімде бір бүтін әңгіме жазып көргем жоқ, материал да таныс емес... – деп Ғалам кәдеуілгі жазуға бел буған адамша сөйлеп кеткенін аңғармады.
- Апа туралы өзім айтып берем. Сізге тек менің сөзімді көркемдеп
жазу ғана керек. Ауызшаға алдыма жан салмаймын. Ал, жазуға келгенде шорқақпын, – деп Қырмызы күлді. Оның күлкісі Ғаламның көңілін орнына түсіргендей әсер етті. Бұл шаруа қолынан келетін адамша, ішінен бір әуестік оянып, бұрын байқамаған құлшыныс пайда болды. Мүмкін, бұл – құдайдың берген бір мүмкіндігі мен сынағы шығар? Қырық жыл бойы аңсаған арманың – бастауын осыдан алып жатса, қайтер едің деп сұрады өзінен... Ол, өзін – өзен жағасында өмір-бақи балағын түріп, судан өтуге дәрмені жетпей отырған бейшараға ұқсатты. Сосын мына қыз, менің жанымды алмаса да, осы күнге дейін «әлдилеп» келген жан тыныштығымды торғайдай үркітетін сияқты ма деп Қырмызыға көз қиығын тастады.
- Апаның өмірі туралы туыстарынан сұрап-білу керек шығар?
- Ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Өзгелері түгілі, апа туралы туған қызы да түк білмейді. Ол марқұммен көзі тірісінде өзім көп араластым. Ол кісі: дана, әр сөзі алтындай салмақты, бір ғажап жан болатын. Сондай анадан осындай қыз туды дегенге сенгің келмейді. Апа, өзі де айтып отыратын: «Бар болсын, әйтеуір» деп... Қызы болса, ақша берсем парызым өтелді дейтін секілді. Шүйіркелесіп шешесімен бір сөйлескенін көре алмадым ғой. Апай өз қызынан гөрі мені қатты іш тартатын...
* * *
Қырмызы әр келген сайын апай туралы әңгімесін айтып, Ғаламның мыйына сіңіре берді. Денсаулығы түзеліп, қайтатын уақыт та таяған. Қырмызы, бұл ауруханадан шығатын күннен бір күн бұрын оған бір пакет әкеп берді.
-- Мынаны менің сіңліме рахмет айтуға кіргенде қолына ұстатыңыз.
- Бұл не?
- «Құрғақ қасық ауыз жыртады» демекші, сізге риза болсын. Америкадан ала келген парфюм «Chanel». Бұл біздегі «Француз үйінде» қыруар ақша тұрады, – деді де сол пакеттің ішінен шекесінде LONDON деген жазуы бар ақ телпекті Ғаламға ұсынды. – Айтпақшы, ұмытып барады екем, мына бейсболканы сізге арнап алып едім... Киіп көріңізші.
Ғалам басындағы ескі телпекті жұлып алып, бейсболканы киді. «Қалай?» дегендей Қырмызыға қарады. Қыз, үп-үлкен кісінің балаша қуанғанын көріп, еркісіз сыңғырлай күлді.
- Жараспаса кимеймін, – деп Ғалам бас киімді шешпек болғанда,
Қырмызы:
- Жарасады! Әдемі киім кімге жараспасын, өңіңізді ашып тұр, –деп шынын айтты. Ғалам расында талайдан бері қуанбаған адам екенін енді аңғарды. Ол, өз табиғатында тек біреуді қуантсам деп жүретін ақкөңіл жанға ұқсайтын-ды. Осы күнге дейін: қанша қытымыр, қиын болса да қосағы саналатын қаракемпірді әр ісімен қуантсам деген пиғылда жүріпті. Соның жағдайы дұрыс болса, бұның да құлағы тыныш делік. Ал, мына телпек Ғаламның көзіне оттай басылды. Өткен қыста, есік алдында қар күреп жүрген бір бейсауат жан тура осы бас киімді бұған тастап кетіп еді ғой... Ол жайлы Қырмызыға айтуға жүрексінді. Және ара-тұра иектеп кететін түсініксіз елестер қайта оралама деп шошыды. Себебі, дәл осы сәттің өзі бұның қиялындағы көркем көрініске айналып кетпесіне кім кепіл?
Ол пакетті жерге түсіріп алатын адамша шоши ұстап, палатасына барғанда да «қолды боп кетпесе игі» деп қасындағылардан қуыстанып, қашан иесіне тапсырғанша әбден әбігері кетті. Расында, адамның көңілі кейде «бір атым насыбайға» байланысты екеніне Ғаламның көзі жетті. Неге десеңіз, Қырмызының сіңлісі бұл кеткеннен кейін, бір-жар күннен соң, қоңырау шалып ризашылығын білдіріп, қыңқыл-сыңқыл үйір бола бастаса, жалтақтамай келіп емделуіне әрдайым жол ашық екенін жеткізді.
* * *
Ауылдың ғұмыры бітпейтін күйкі тірлігі Ғаламды қайта бас салды. Бұл болмаған он шақты күннің ішінде ауланың шөбі аяққа оралып, бақшаны да арамшөп басып кетіпті. Он шақты түп алма бағы да шалғыны жапырылып, қаңғыған иттердің ойнағына айналыпты. Бәрі қаңсып, шөліркеп тұр екен.
Ғалам білек сыбанып кірісіп кетті, Кешке қарай аяғын сүйретіп, үйіне әрең жетті. Қол жұмысынан азғана күн ішінде тосырқап қалған тәрізденді. Әлде, алған дәрі-дәрмектің салдары ма екен, әйтеуір, кешкі тамақты сүлесоқ ішіп, ес-түссіз ұйқыға жығылды. Ертесіне тұла-бойын ауырсынып, әрең түрегелді. Көзінің алды көлкілдеп, ісіп кеткенін айнадан байқады. «Жан тыныштық дегеннің зардабы осы» деп қойды ішінен. Ол өзін-өзі қинап, кері кеткен кегежесін желкеден алып алға итеруге тырысты. Және мына бытқыған, ұсақ-түйек үй шаруасын бір жөнге келтірмей, бұның құйрығын кемпірі жер иіскетпесі кәміл. Ара-тұра Қырмызы қоңырау шалып қояды. Денсаулығын сұраған соң, апай туралы жазбаның жағдайын білгісі келеді. Ғалам қорытып жатырмын деген сылтаумен әр жолы құтылып жүрді. Бірақ, бүйтіп сөзбұйдаға салу – алысқа апармайтынын тағы ойлайды. Жазуға отыруға мұрша да жоқ, ұштығы шығып жылтыңдаған ой да келер емес басына. «Бекер келісім берген екенмін» деп іштей өкініп те алды. Енді өкін, өкін бе бәрібір. Қырмызы қадалған жерінен қан алатын көрінеді. Сосын неге ол қызды айыптауым керек деп таң қалды Ғалам. «Ол мені алдыға итеріп, арманыңа жолық деп жүрген жоқ па? Ал мен ақымақ өз жалтақтығымды содан көргім келеді. Сен, өзіңе іштей – керемет жазушымын деп сенім артасың ғой. Дәлелде соныңды. Қырмызы саған бәрібір жазғызады. Желкелеп тұрып жазғызады!»... Осындай толассыз жігер қайраулардан соң күндердің бір күні – алғашқы сюжеттің бір жібі Ғаламның саусағына ілінгендей болды. Бірақ, қолма-қол отыра қалып жазуға үй шаруасы мүмкіндік берер емес. Күзге қарай малды қолға алу керек. Оны алты ай қыс асырап шығу үшін азығын сайлауың тиіс. Жем-шөпті қамдайтын қауырт кезең келді. Енді біраздан соң, шабындық та ескіріп, шалғыны құрайға айнала бастайды. Жоңышқаның үшінші орылымы да аяқталып қалды. Ғалам осы шаруалармен он шақты күн арпалысып жүріп, ақыры тындырды. Әрине, бәрі ақшаға келіп тіреледі. Тиын-тебенді алдын ала іркіп, өз тамағыңнан бұрын мал азығын қамдай алғанның арқасында – кейін өзің де тоқтықта жүресің. Бұл ауыл жұртының мызғымас қағидасы. Атам қазақ осылай, алдымен мал жағдайын жасап барып, соның арқасында жан тыныштығы да келіп, дәулетіне дәулет жиылған ғой...
Ғалам қаракемпірді қақсатпай, тиісті шаруаны жымдастырып атқарып-ақ жүр. Ол, осы бір мәселені шешіп тастаған соң, алаңсыз жазуға отырсам деп ниеттенген-ді. Тапсырмасы тындырылған соң, жарықтық қаракемпір де желкесінен қыдия қоймас...
Қырмызы жазбаның тағдырын сұрап, уақыт таяп қалғанын ескертумен болды. Оны да әлгі «шахинясы» мазалап жүрген сияқты. Ғаламнан керегі шұбатылған хикаят емес. «Сусыз», нақты баяндау болса болды. Қырмызы алдымен апайдың қызының сыр толғауын жазып шыққан соң, қалған балалары мен туыстарының естелікерін жолдамақ болған-ды.
Жалпы көркем әдебиеттің жанрлық талабынан Ғаламның үстірт болса да хабары бар болғанымен оны жүзеге асыру қиямет көрінді. Баяндау желісін қай жақтан берерін білмей, біраз дағдарды. Үшінші жақтан баяндау ұтымды сияқтанғанымен: автордың өзі араласып, ой шашырап кететін тәрізденді. Ал бірінші жақтан, апайдың қызының атынан берсе ші? Расында, анасының жылдығына арналған бұл жазбаны неге туған қызының жан сыры етіп тудырмасқа? Бір өкініштісі және жасандылық секілді көрінетін жайт, қызы өзінің туған шешесі туралы сыр шертпек түгілі – оның бір әңгімесіне құлақ түріп көрмегені! Әмісе, от ала келгендей, атүсті, қашан да уақыты болмай асығатын да жүретін. Келгеннен телефонын құлағынан тастамай, әлдекімге ақыл-кеңес беріп, тағы бірде өзі сұрап, әйтеуір бітпейтін сөзді қара судай сапыратын-ды. Анасы бірдеме айтпақ болып, сөзін бөлуге жүрегі дауаламай бұған жаутаңдайтын да қоятын. Тағы бір келгенде айтармын деп өзін жұбататын. Сөйтіп жүргенде апайға берілген кесікті ғұмыр да сарқылыпты. Енді міне бір-жар айдан соң, жылдығын да өткізбекші. Бұлар, республикадағы танымал азаматтардың қатарындағы отбасы. Бақ-дәулеті тасыған таңдаулы жандар дерсің. Марлен мырза Әмина ханыммен жас қосылған алғашқы жылдары – осы апайдың жақсылығын көп көрді. Бұлар естерін жиып, ел қатарына қосылғанша кішкентай екі қыз осы апайдың бауырында өсті. Кейін, әбден жетілген соң, Марлен мырза енесінің есігін сирек ашып, кеше ғана әже тәрбиесінде болған екі жеткіншек те ауыл тұрмысынан жиіркеніп, кемпірден жаман иіс шығады деген сылтаумен араласты доғарды. Тек, Әмина ханым ғана ел-жұрттан ұялып, сәл де болса құдайдан қорыққанынан болар, қала іргесіндегі ана үйіне аптасына бір қабат соғып кетеді. Бұның жолын анасынан гөрі алты бауыры тағатсыз тосатын-ды. Әр келген сайын артынып-тартынып, сәлем-сауқаты мен азын-аулақ ақшасын да ала келеді. Олардың бірде бірі жұмыс істеп жарылқанып жатқан жоқ. Әпкелері тұрғызған қызметті меңгере алмай немесе еңбектеніп тиын табуға ниеті болмағандықтан ұрыс-керіс шығарып, кетіп тынады. Соңғы кездері Әмина ханымның абыройы да көмектесуден қалды. Себебі, оларды тықпаған тесік, жалынбаған кісісі қалмаған-ды. Алғаш кезде өздері кәсіп жасасын деп қомақты қаражат та берген. Еркегі қатынына, қатыны еркегіне жауып, бір тиынды екеу қып ұқсатқанның орнына бардың басына су құйды. Қалай дегенмен Әмина ханымның заты әйел болғандықтан бәрібір бауырларын қимайды. Қыз бала жанашыр келеді деген рас болар. Ал,Марлен мырза, өз бауырларына төбеден қарап, жолыға қалса бір дастархан басына отыруға намыстанатын. Әрине, қол ұшын беретіні бар. Бірақ, көшедегі кездейсоқ жарлы-жабықайға бақыр тастағандай, жеркенішпен жаны ашитын. Өз туыстарынан жиіркенген ата-аналарын көріп өскен екі қыз да – әке-шеше туыстарын төменгі сатыдағы біреулерге балап, араласпақ түгілі, аттарын атауға танау шүйіретін-ді.
Қырмызы осындай бай-бағланның өмірін суреттеп бергенде Ғаламның төбе шашы тік тұрды. Адам, жетіспеушіліктен өзін кем санап, жақын-туыстарына қол ұшын бере алмай қиналып, жоқшылықтың кесірінен зардап шегеді деп ойлайтын. Сөйтсе, баршылықтың да зардабы одан кем түспейтін тәрізді. Қолдың қысқалығы – сараңдық туғызбай, барыңмен бөлістіріп, жоқ-жітімге мүсіркеу тудырса, аса барлық – төңірекке өті жарыла запран шашып, өзінен өзгені өртеп жіберуден тайынбайтын сынды.
Ғалам, ойы сан-саққа бытырап, кәдеуілгі әуре-сараңға түсті. Ана туралы мына жазба оны қатты қинап, шыға алмас тығырыққа тірегендей болды. Ол Қырмызының әңгімесін бойына сіңіріп, оны апайдың туған қызы Әмина ханымның атынан жеткізуді жөн көрді. Жазушылықтың машақатты еңбегін енді аңғарғандай. Әмина ханымның орбазына кіру оңайға түспеді. Және ондай образдың жоқ екені үңірейіп көрініп тұр. Ғалам, ол апайды өз анасындай елестетіп, сар жапырақ болған сағынышын, кезінде жеткізе алмаған балалық махаббатын қалың нөсерше төкпек болып бел байлады. Аналардың айырмасы жоқтығына кәміл сенді. Өмірінде көрмеген ол апайдың бейнесін өз анасының жүзімен алмастырды. Апайдың есімі Мәрзия еді.
«Мәрзия анамның екі-үш жасында әкесі қайтыс болып, шешесі жесір, өзінен кейінгі сіңлісі екеуі жетім қалады. Қос баланы асырап жеткізу түгілі күнделікті тамағын тауып берудің өзі – ол уақытта үлкен бейнет еді. Осы екі қызы аш-жалаңаш болмасын деп тұрмысқа шығады. Анасы ол кісіге де ұрпақ сыйлайды. Әке бөлек болғанмен бір құрсақтан шыққан бауырлары ғой. Өгей әкелері тым тар, дүниеқоңыздау кісі болған көрінеді. Уақыт зырылдап өтіп жатады. Анам он беске толғанда шешесі айтыпты: «Менің науқасым үдеп барады. Егер көз жұмып жатсам, сен мұнда қалма, ана Жақып деген жігітке күйеуге ти!» деп. Анам болса ол Жақып дегенді өмірінде атүсті бірақ рет көрген екен. Шамасы алдын-ала келісім жасалған сыңайлы, екеуара. Сонымен әжеміз дүние салады да он алтыға қараған Мәрзия анам – сол Жақыпқа тұрмысқа шығады. Соңынан сіңлісін де ерте кетеді. Қытымыр өгей әкенің қолына бір күн сыймайтындарына көзі жетеді. Жақып әкеміздің шешесі: өте таза, кірпияз және бір айтқан сөзінен қайтпайтын бірбеткей адам болған екен. Сонымен қатар ол әжеміздің қолы ісмер, тігін тігудің шебері бопты. Келініне осы өнерін жақсы дарытқан сыңайлы. Мәрзия анам жасы ұлғайған шағында да іс машинасын тастамады. Көбіне қалыңдықтарға жасау жасайтын-ды. Сөз арасында айта кетейін: анамның құмалақ ашып, көріпкелдік секілді тылсым қасиеттері де болды. Ол кісі көрпе қауып отырғанда тігісі кірікпей сусып жатса, «апырай, мына қыздың берекесі ұзаққа созылмайды-ау!» деп өзімен өзі сөйлеп отыратын-ды. Сөйтсе, ақыры әлгі жасау жасалған қыздың күйеуімен дәм-тұздары жараспай, ажырасып кетуші еді. Ал егер тігісі қабысып, жатық түсіп жатса «Бақтары жанып, ұзақ ғұмыр сүреді екен!» деп тамсанатын-ды.
Жат қолына тастамай ілестіре әкелген сіңлісіне бола, Мәрзия анам осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Тегі, еңбекқорлық қасиет қанына тән еді. Қандай бейнет болса да оның бір сәулелі тұсын аңғарып, өзінің де өзгенің де көңілін сергітіп жүретін бір жарқын мінезі бар-тын. Өмірдің тауқыметін арқалап жүріп бойына табиғи қалыптасқан әзілкештік қасиеті де таң қалдыратын. Мүмкін, бәзбіреу осындай күйде жүрсе құдайға налып, күйінер ме еді, ал біздің анамыз сол ауыр хәлді сілкіп тастай алатын ғажап қуатқа ие бопты. Өз басым анамның ақыл-кеңесіне көзі жұмылғанша құлақ асып келдім. Қандай тығырыққа тірелсе де жол тауып кете алатын, қанша ауыр жүк еңсесін басса да әуіп деп тұрып кете алатын ерекше бір қуат-қасиеті бар еді. Кей-кейде жоқтан өзгеге тарығып, төңірегімізді тарылтып кеткенде анамның бой мен көңілді сергітер асыл сөздерін, өмірден туған әзілдерін сағынам. Жылағың кеп отырған жеріңде күле салғаныңды аңғармайсың. Қайран менің кемеңгер анам-ай деп рухына сүйсініп, жоқтығына қамығам, бүгіндері...
Тұрмыста жүрген кезінде бір анадан туған бауырларының бірі келіп, Мәрзия әпкесінің жағдайын біледі. Сонда анау төбе шашы тік тұрып: – Астапыралла, сені күйеуге шығып жарылқанды ма деп жүрсем, мына үйдің жүк таңдамайтын қара өгізіне айналыпсың ғой! Бүйткен тұрмысың құрсын! – деген екен. Расында өзімен ілесе келген сіңлісіне теріс көзқарас тудырмау үшін – анам өз жанын аямаған сынды. Енесі бірбеткей, әділ адам деп жоғарыда атап кеттім. Күннің көзі қырауға ілігіп, суық таяған кезде келінінің жадағай киімін көріп, жан ашырлық білдіреді.
- Мен саған пальто алып бермек боп, ақша үнемдеп едім. Күнде суып барады. Мына қара суықта сенің жұқа киіммен жүргенің де обал және ет жеп қуатты тамақ ішпесе де болмайды. Екіұдай жағдайдамын, қарағым. Сенің келісімің керек. Пальто алам десең ал, ет алып бетімізге қан жүгірсін десең де өзің біл. Таңдау сенде. «Пальтоны қоя тұралық. Бала-шаға, бәріміз де қызылсырап қалдық қой, ет алайық» деп, базарға барып бір қой сатып әкеледі. Келінінің осындай көпшіл шешіміне разы болған енесі – Мәрзия анамды іштей жақсы көріп, білген өнерін бүкпей үйретіп, ұлағатты тәрбиеге тарта түседі.
Анам: «Мен оқымаған қараңғы адаммын» деп, әмісе ескертіп отыратын әдеті бар-тын. Бірақ, оның өмірден түйген мол тәжірибесі, алған өнегесі сол хат танымаған кемшілігін ешқашан да байқатпады. Ол кісінің бойында адами пәлсапа тұнып тұратын. Көңілі қандай ашық-жарқын болса – дастарқаны да әрдайым жаюлы, үлкен-кіші немесе бай-кедей деп ешкімді алалап көрмеген адам еді. Құдай қосқан қосағым Марлен студент кезінде жолдастарымен келіп, анамның кеспе көжесін сүйсіне ішіп, қарындары тойып, мәз болып қайтушы еді. Анамның ерекше бір қасиеті: өз туысы ғана емес, тіпті бөтен біреуді қуантып жібергенін аса бақыт санайтын-ды. Осыған орай бір қызық мінезі де болды. Көңілі ауған адамына сый тартқыш еді. Өзгенің көзіне көріне қоймайтын бір заттарды әлпештеп, шын пейілімен сыйлайтын. Соған өзі мәз болып қуанады. Алған адам да үлкен кісінің мейірбан ниетіне разы болып жататын-ды.
Әкеміз Жақып сауда дүкенінде тауар тасушы болып, қара жұмыс істеді. Анамыз да сол дүкенге еден жуушы болып орналасты. Тағы бір балаға жүкті болып жүргенде – оқыс қыймылдан түсік тастады. Сол кезде енесі де қатты науқастанып жатып қалыпты. Әкеміз: «Мәрзия, сен осыдан осылай жұмыс жасамайсың! Шешеме қара. Сен үшін мен еден жуам. Еңбек өтіліңді жоғалтпай зейнетке қолыңды жеткізем» деп уәде береді. Содан бастап анам енесіне ғана қарайды. Ол жарықтық біраз жыл сал болып жатып қалған екен. Науқас қарау да оңай емес-ау! Жайшылықта мінезі бар адам – жаны қиналып жатқанда қайбір жуаси қалар дейсің. Үлкен кісінің барлық ашынған қылықтарына төзеді. Жақып әкеміз де жуас кісі болмапты. Қиямпұрыстау адам болған көрінеді. Тез ашуланып, тез қайтатын. Анамыз бір ауыз сөз қарсы айтпай, әр дауды үндемей жеңіп, басыпты. Сал боп жатқан енесінің азабына қарап: «Е Аллам, осындай бейнетіңнен сақта, аяғыммен тік жүргенімде алып кет!» деп іштей жалбарынады екен. Расында анам созылған науқасқа душар болмады. Қыңқыл-сыңқылы бір-жар айдың жүзінде түгесіліп, еш мехнатын көрсетпей өмірден қиындықсыз өтті. Анамның момын мінезі, ар жағындағы жарқыраған әппақ пейілі мәңгі есімде қалатынына күмәнсізбін. Өмірінің соңына дейін бірде-бір қабат өмірге налып көрмеген жан. Құдай берген бес-алты баласының тілеуін тілеп, солардың алдында өткенді қалаған асыл жан еді. Бір жолы көрші әйел: «Мәрзия, сендерде кілем бар ма?» деп сұрапты әлденеге. Анам: «Кілемің не, еденге төсер киіздің өзі бірде бар, бірде жоқ...» десе, әлгі әйел: "Сен бағың бар адамсың, осы бес-алты балаң жүз кілемге отырғызады әлі!" деген көрінеді. Расында кейін әкеміздің қара шаңырағының орнына тұрғызып берген үщ қабат үйдің іші-сырты кілемге толып еді. Тіпті, бір бөлмеде жазуы ашылмаған неше кілем қат-қат болып әлі жатыр...
Зәулім үй салып берген соң, амандығын білмек боп бара қалсам – анам еңіреп жылап отыр. Жүрегім зу ете түсті. Бауырларымның бірі жамандыққа ұрынып қалды ма деп. Соңынан жөн сұрасам: «Айналайын қызым-ау. Әкеннің қара шаңырағын неге бұзғыздың? Мына бөтен үйге үйрене алмай қатты қиналып жүрмін! Қораш та болса сол үйдің әр тақтайы мен сылағында әкеңнің қолының табы қалып еді ғой! Берекелесіп сол үйде өсіп-өндік. Қиратып, орнын тып-тыйпыл еткендеріңді көргенде – шалымды тағы жоғалтқандай болдым! Өмірімнің бір кезеңін қолдан өшіргендей сезіндім!» деп кемсеңдегені. Елдің қолы жетпей жүрген дүниеге көзін де жанын да сатпай, арына деген адалдығы қандай мөлдір еді деп таң қалдым, сонда. Қазіргінің адамдары сол ескі тәрбие көріп, жоқшылықтың дәмін татқан жандардың тырнағына да татымайды. Қалтасында бір күн ақша жоқ болса, өмірі күйреп, жарық жалғаннан түңіліп шыға келеді. Шіркін, осы анам сияқты зор тауқыметтен өткен асыл сүйекті, кең жүректі, дарқан пейілді, махаббаттары мұхиттай, ар мен намысы десе – жанын қиюға әзір жандар қайта оралатын күн болар ма деп армандаймын. Анамның ұлағатты тәрбиесін көрген өзімді аса бақытты жанмын деп есептеймін. Осындай анамның болғанына шын жүректен қуанамын!
Ана бір жылдары осы жаңа үйді тұрғызған соң, оны анамның атына аудармақ болып, құжаттарын реттедік. Бір мекемеге өзі барып қол қоюға тиіс болды. Анам өмірінде заң орындары адамдарымен ұшырасып көрмеген жан еді. Сөз арасында айта кетейін. Бауырымның біреуін іздеп учаскелік инспектор анамның үйіне келеді.
- Мұхит деген жігіт осы үйде тұра ма? – деп милиционер сұраса, анам қызыл қалпақтыны көріп шошып кеткендіктен, өз баласынан өзі ат тонын ала қашып: – Ондай адам бұл үйде тұрмайды! – депті. Сонда милиционер: – Қап, ауруханаға түсіп қалған жігіт осы үйдің әдірісін беріп еді... – деп қатты қынжылады. Сонда барып анам: – Ойбай-ау, оған не боп қалыпты?! – деп ауруханаға қарай тұра жүгірген екен...
Содан әлгі шақырған мекемеге барып қол қояды. Не бір сұрақтарға жауап береді.
- Осындай үй тұғызуға қаржыны қайдан алдыңыз?
- Қарағым, шалым көзі тірісінде біраз тиын-тебен үнемдеген, сосын өзімнің пенсиямды қостым... Балаларым көмектесті... – десе, сондағы отырған жастар апаның сөзін қызық көріп: – Апа, шалыңыз қайтыс болған ба? – деп сұрайды.
- Иә қарағым, қайтыс болды. Оны қайтейін деп едіңдер?
- Керемет пысық апа екенсіз, тағы бір шалға тиіп алмадыңыз ба!?
- Әй балам, сол шалдың қайда жүргенін білсең, айтшы! Тисем, тиіп-ақ алайын! – деп әлгі қуақы жастарды қыран-топан күлкіге батырады. Сол кезде анамыз жетпістен асқан шағы еді. Жүрген жері осындай әзіл мен күлкі, үлкен-кішімен де тіл табысып кете алатын көпшіл кісі болған. Анам сол жорығы туралы әмісе айтып отыратын: «Мені прөкөрөр тергеді ғой! Бәрін күлдіріп, аман-есен шығып кеттім!» деп...
Анам отыз-қырық мыңның төңірегіндегі зейнетақысын миллион доллардан да артық бағалаушы еді. «Шалымның жасап берген өмірлік азығы!» деп әр теңгесін қадірлеп ұстап, орын-орнына ғана жұмсайтын. Біздің берген ақшамызға ондай көзқарас білдірмейтін. Әлденеге тістеп алатындай ұстауға қорқатын. Әкемізді қанша қыңыр мінезді дегенмен, анам: «Жақыптың осы жасағаны – оның барлық кем-кетігін шуып-шәйіп алатын кемеңгерлік іс болды!» дегені мені қатты ойға қалтырып еді. Бір-біріне деген қамқорлықтарына сүйсінесің! «Мәрзия, мен барда ештеңеден тарықпассың. Ал мен кеткен соң ана алты балаңның қолына қарайсың. Сонда айтып отырарсың: «Менің Жақыбымның жасап берген пенсиясы!» деп. Іштен шыққан балаң ештеңесін аямас, бірақ өз тиының қалтаңда болса, жаның да жүдемес. Құдай масылдықтан сақтасын!» деген ақсақалының зерек сөзін сан қайталаушы еді, қайран анамыз...
Мәрзия анамыздың өзі де қызық мінезді адам болды. Бұрын пельмен деп аузымыз үйреніп кеткен тұшпараны бүктеп отырғанда оны бір-біріне иін тірестіре шүпірлетіп тізгенді жақсы көретін. Онысын өзінше былай деп түсіндіреді.
- Осылай жиі сүйкендіре тізсең – қайтыс болғаныңда кісі қалың боп, көп жиналады.
- Ой мама-ай, қайдағыны шығарасыз-ау! – деп күлетінмін. Расында, сол айтқаны дәл келді. Өзі дүние салғанда – соңғы сапарға аттандыруға қайысқан қалың жұрт жиналды. Мен үйдің жоғарғы тұсынан қарап тұрып, анамның сол сәуегейлігіне қатты таң қалдым. Сол иін тірескен жамиғат – қаз-қатар шүпірлей тізілген, тұшпараға ұқсап кетіп еді.
Анам туған ауылына жиі барып тұратын-ды. Кіндік қаны тамған топырақтың иісін қатты аңсаушы еді. Сондағы қалған жекжаттарының үйінде айлап жатып, бала шағын қайта көргендей болып, түлеп оралатын-ды. Жасы ұлғайған шақта аяғының қан-тамырлары кеңейіп, ісініп, жүріп-тұруына қиындық туғызды. Тіпті, жатса да аяқтарым қақсап барады деп қиналушы еді. Құдайдың көмегімен құралған дәулетіміздің арқасында жер-жүзінің қай емшісіне қаралам десе де жағдай жасар едік. Қаралды да емделді де. Бәрібір, сол туған жерін, кішкентай қара ауылын аңсайтын: «Кіндік қаным тамған ауылыма бір барып келсем, құлан-таза айығып кетер едім» деп.
Анам сонау алысқа кеткен өткенін күні кешегідей әлсін-әлсін еске алатын: «Жарықтық енем айтып отырушы еді, Мәрзия: «Көңіл жүйрік пе көк дөнен жүйрік пе?» деп. «Көк дөнен шығар?» деп жорта айтсам енем кәдімгідей қабақ шытып: «Осы саған не өнеге беріп жатырмын, ә?! Ертең менің немерелеріме не үйрете аласың, мына түріңмен!» деп ренжитін. Қазіргінің келіндерін бас сап жамандау салтқа айналды. Өз басым ондай пікірден аулақпын. Құр ақыл – құрғақ қасық секілді ауыз жыртып, көңіл бұзар. Онанда ісіңмен көрсет. Өз тағдырыма разымын. Ұл-қыздарым мен немере-шөберелерімнің алдында жүріп кету ғана ендігі арманым. Ананың жалғыз ғана тілегі бар, ол – ұрпағының саулығы»...
Ғалам осы жазбаны бірнеше мәрте қарап, қате-пәтесін түзеген соң, электронка арқылы Қырмызыға салып жіберді. Екі-үш күн хабар болмады. Ғалам жаны шығып кетердей тықыршыды. Нәсілі, Қырмызының көңілінен шықпаған шығар деп шешті. Бұл жазбаны жазып отырғанда өзінің теңіздей толқып, неше қабат көзіне жас толып, тіпті кей жерлерінде кемсеңдеп жылағаны есіне түсті. Осынша ынты-шынтысымен беріліп жазған дүниесі ешкімнің назарын селт еткізе алмаса, онда Ғаламның бойында ешқандай құдіреттің болмағаны да?..
Заман Төлеуов