Бала кезінен әдеби лақап есімге Захар Сұрмерген деген атты таңдап алған ол, өмірінің соңғы жағында &...
Қазақы тектің қасқырдай қайсар иесі
(Мұхтар Мағауиннің сексен жасқа толу мерейіне орай)
Болашақ үлкен жазушы жас кезінде ерте өлетін шығармын деп ойлаған, бірақ жыл өткен сайын, сол межесі өзгеріп отырыпты. Ұзақ, ауыр шығармашылық жолына, өзгеше тағдыр-талайына байланысты, кесімді күн артқа шегерілген. Кейін, «Шипалы арасан» хикаятында және бір сұхбаттарында жазылатынындай, бұл кесімді мезгілдің анық алысқа созылғанына өзі де кәміл сенеді. Сенбеске жөні жоқ, алдымен жыраулармен үндескен, азат тірлік ақындарының алдаспан-жырымен суарылған болаттай берік сананы Иесі өзгеше мақсатпен жаратыпты. Қадым замандағы кісі есімдері мен сол замандарға тәуелді күллі жер-су атаулары, оқиғалар көкірегінде бекер қатталып қалмапты. Жыраулардың асқақ рухы одан арғы ғасырларға – ерлік дәуірлеріне ұласуы – «Шыңғыс ханның» соңғы нүктесі қойылуы керек екен. «Шыңғыс хан» шыққаннан кейін Тәңір тағала жер бетіне жібергендегі міндетімді толық орындадым деп ойлаймын», – дейді Мұхаң.
Атасы Абай соңғы уақыттарында дүниеден бойын суытып, өлімге өзі бейіл білдірген ғой. Әлде жаратқанның есебі солай болды ма? Ал, бұл кісінікі – басқаша жағдай. Басқаша да емес, екеуі де бір Құдыреттің ықтиярында сияқты. Осы бүгінге дейін айтылған сөз атаулы ешқайда кеткен жоқ. «Әуелі сөз болған». Сөздер Жоғары Кеңісте өмір сүріп жатыр. «Аруақ», «Рух» деген ұғымдар сонымен мәндес жағдайда тұрса керек. Олардың ешқайда кетпегені қалай шын болса, жай тірлікке ықпалы жүріп жататыны да солай шын. Мұхаңды солар көтерді. Бар сөзін байыптаған оқырман Абай, Шәкерім және жыраулар мен бұрынғы-соңғы ірі тұлғалар туралы пікірлерінен бұны анық аңдай алады. «Аруаққа сенесіз бе?» дегенде, «Өз басым әманда сеніммен қатар, демеуін, жебелеуін айқын сезінемін. Осы орайда Баба Түкті Шашты Әзиз, Абылай хан және Шақантай батырдың әр кезде, әрқилы, нақты белгі бергені бар», – деген еді («ЖАС АЛАШ» оқырмандармен сырттай сұхбат, 8-19.X.2014). Мұхаңның бала кезін еске алып жазған мақаласында Блок Шайкенов: «Сабақтан кейін бір күні ол менімен ілесе шықты, аяғына коньки байлап алыпты. Жел жоқ, тынық еді. Үйінді (қар) үстімен келеміз, ол күш салмай, аяғын тіремей жайбарақат сырғанайды. Бір кез жалт қарап: “Өй, мынаның өзін аруақ итеріп келе ме, әлде арқасынан жел есіп келе ме”, – деп ойладым» (Блок Шайкенов: «Мен жазушы боламын») деген қызық дерек келтіреді. Әрине, біз бұнымен ештеңені дәлелдемекші емеспіз. Кісіге мына дүниеде жасаған қиянаттың мына дүниеде қайтатыны секілді, жақсылықтың және әрбір аруақ пен киені алдыға алып сөйлейтін адал еңбектің өтемі де осы дүниеде орындалмақ.
Кие, қасиет туралы ұғымдар дәстүрлі орта мен қазақы тұрмыстан алыстап кеткен адамның санасында әсіресе ескіре бергіш келеді. Тәубесін ұмытқан қоғамда тіпті солай. Бірақ текті сөз, дуалы ауыздан шыққан аталы дұға-тілектердің қуаты күшін жоймақ емес. 2000 жылдары Мұхаң Шыңғысхан және «Мен» романы төңірегіндегі дау-дамайлардың ортасында жалғыз қалды. Біздің зиялылардың, ақсақал жазушылардың бір ауыз жылы лепеске жарамаған бейшара кебін аңғартатын бұл оқиға былапыт ізін салмаған газет-журнал аз-ақ шығар. Жазушының өз сөзімен айтқанда, сол былапыт түгелімен «тасқа басылды». Енді байыптасақ, өстіп тасқа басылып қалғанының өзі – жаңағы қасиетті ұғымдардың, аруақ пен киенің айнымас айғағы екен. Біздің әлеуметтік пікір дұрысталатын бір замандар орнағанда, анау өшпес жазбалар өз иесін іздеп табатын болады. Ал, ақымақ жұрттың сорына, аса интеллектуалды деңгейде жазылған «Мен» романы сол кезде жағылған күйесінен әлі арылмай келеді. Жас жазарманға жазушылықтың машақатты жолынан хабар беретін байып пен сарабдал пікірге толы еңбек өзіне ең зәру оқырмандар жағынан толық оқылмай қалды. Оқып көрмесе де, сондағы кержақ түсінікпен ауырып жүрген шалдар қазір де жоқ емес. Мұхаңның оқырманы бұдан былай тіпті еселене түспек. Ескі жүйенің сыңаржақ аудиториясынан аулақта өскен, еркін ойлы, азат саналы, шындық іздеген ұрпақ түрлі кезеңдерде, тарихи бетбұрыстарда тұрған ұлт тағдыры туралы жазушының аузына Тәңірі салған мақалалар мен баяндарды, роман-хикаяттарды өздері-ақ іздеп табады.
Жазушылық талант сапамен ғана емес, санмен де өлшенуі керек. Ұлы жазушылар аз жазбаған (Бұл жерде шұбыртып тізім жасамай-ақ қояйық, шығыстан батысқа, арабтан орыс-орманға дейінгі өткен-кеткеннің атын жіпке тізіп сөйлеуді біліктілік санайтын, аяғы көктен салбырап түскен әулиелер онсыз да көбейіп кетіпті). Ішкі әлемде тұнып тұрған Рухани Кеңістіктің, шығармашылық қарым-қуаттың қағаз бетіндегі белгісі де осал болмауға тиіс. Егер шын жазушы болса. Ол ішкі әлем жоғарыда біз айтып кеткен «Сөздердің Кеңістігімен» байланысқа, бұрынғы ізгі рухтармен қарым-қатынасқа түсе алған жағдайда, мүлдем басқаша сапада айғақталатыны күмәнсіз. Қаламын әу баста тың тақырыптарға салған жазушының ішкі дайындығы күшті, кермедегі жүйріктей ширығулы күйде болған. Үлкен қайрат пен қажырдың, «суық ақылдың» баулуынан айнымған. Оңай олжаны, атақ-абыройды көздеп, сөздің қасиетін кетірген ортақол жазғыштыққа бұл бейнетқорлықтың еш маңызы жоқ. Білімге құмарлық, ізденгіштік – ең алдымен, бойдағы таланттың айғағы. Өзі де бірде: «Мен талантты болған соң көп оқимын», – дегені бар. Барлық шығармасын қадағалап өскен бізге Мұхаңның жазушылық сырының шет-жағасы аздап айқындалады. Бойды бойкүйездікке жібермеудің, салғырттандырмаудың бір себебі ата тегінде, өскен ортасында жатса, енді бірі – жеке басының қасиетінен. Қазақ бойындағы Абай айтқан мерездерге қарама-қарсы жұмыс жасаған Мұхаңның бағасы, соншалық дарынына қарамай, өмір бойы ізденісте, шығармашылық қызметте жүргенімен биік. Оң жолдағы кісінің еңбегі еш уақытта рәсуа болмайды, өз жемісін береді – Тәңірі оң көзімен қарайды да. Абай даңқын көтерген ар мен ұяттың жығасын қисайтпай, «адалдық үшін алысып», «жайнаған туы жығылмаған» санаулы топтың қатарына ерте қосылған Мұхаңа Алаштың аманаты ата тәлімінен, ана сүтінен ғана емес, құтты топырақтан дарыған. Қасиетті Шыңғыстау әмәнда төтенше мәнге ие рухани құбылыстардың бастауында тұрыпты.
Мұхтар Мағауин туралы жазудан гөрі оны оқуға ұсынудың сауабы әлдеқайда зор. Ол – бақытты жазушы. Барлық сыры жазған-сызған дүниесінде жатыр. Біздегі бірден-бір профессионал жазушы ретінде, аузына келген сөзін іркіп қалмаған. Бәрі ала қағаздың бетінде тұнып тұр. Алда жиырма бес томдығы шығады екен. Сексен деген мерейлі жасына орай. Ғұмыры босқа өтпегенін былай қойғанда, бұл өзі – тарихи шырғалаңдардан сүрінбей бүгінге жеткен қазақ сөз өнерінің жеңісі болмақ. Енді о кісінің алапасы күннен күнге өрлей береді – сөзі халқымен бірге жасайды. Жазушы Дидар Амантай "біз Мағауинмен бір заманда өмір сүру бақытына ие болдық" деп орынды пікір білдіріпті.
Қазақ қаламгерлерінің шынайы ықыласын қозғап отырған Мағауинның сексен жасына мүлдем өзгеше деңгейдегі мақала әзірлеуді ойластырғанбыз. Өзінен асырып айта алмайтынымызды таныған соң, тізгінімізді іріктік. Бес-алты жыл бұрын, университетте жүргенде, «Жалғыз» деген мақала жазған едік. Бізсіз де, талай аруақты ағасының батасын алды, Әуезовтің алдын көрді, Абай, Шәкерімнің шарапатына бөленді, жер бетінде тірі жүрген ізгі ниетті оқырмандарын атамаған күннің өзінде, тілеуін тілеп, рухын жебеп отыратын аталары Бейіште де көп екен. Қазақ «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегенді бекер айтпаған. Мұхаңның шын бақыты сол – өткенге шек келтірмеген, ақты ақ деп, қараны қара деп, бар сөзін жасырмай уағында айта білген. «Өнер адамы Отанын сағынғанда, сағынышынан Жер қозғалады», – дегені бар жаңағы Дидар ағамыздың. Ғажап сөз. Осы сөздің қадырын әбден түйсіндік ғой. Еуропада тұрып жатқан кезінде Мұхаң бірде ел-жұртқа деген ешқандай сағынышы болмағанын айтып қалды – Ел мен Жер өз ішінде жатқанынан шығар. Бірақ, ол сағынса, Жер рас қозғалады. Онсыз да өмір бойы сүйіп келді. Соншалық сағыныш пен махаббатсыз анау шығармалар жазылмас еді. «“Туған жерден топырақ” деген сөз бар. Ол да шарт емес... Күні кеше, әлемдік соғыста бүкіл еуропада мың сан әкеміздің сүйегі қалыпты. Мен солардан артық емеспін... (Егер... Америкада өле қалсам, соншама жерден тасымалдап, мәйітті сарықтырып, ақыр түбінде қараңғы көрде құрт-құмырысқаға жегізбей, сүйегімді өртеп, күлімді Шыңғыстаудың күнгейі – Көпбейіт-Босағаның биігінен желге ұшырыңдар деген аманат артар едім). Ал менің өлмес рухым – қазақтың қасиетін әйгілеп жазған шығармалар – қандай да өкімет пен партияның, олардың жапыр-жұпыр жандайшаптарының еркінен тыс, туған елімнің төрінен орын алары анық» («ЖАС АЛАШ» оқырмандармен сырттай сұхбат, 8-19.X.2014). Барлық сүю жүрекпен, ішкі әлеммен орындалады. Ол үшін ақы тілемейді. Жерге деген махаббат сол жерге биіктен нұр, шапағат болып құйылып жатады. Өлең, сөз болып есіп тұрады. Оның бауырында жату шынында шарт емес. Туған жерді сүюдің бұдан биік үлгісі болмас.
Пірлердің демінен жаралдыңыз, жарылқандыңыз. Сізді қаһарлы заман тезінен қаймықпай, қолыңызды созған ұлы бабаларыңыз өз биігіне көтерді. Енді Шыңғысхан мен Абайға бұйырмаған жасқа келіпсіз. Бұл да өз сөзің – Жамбылдан өтіп, Бұқарға жет, «қамкөңіл жұрттың қобыздай көне киесі! » **.
*, **: «Қазақы тектің қасқырдай қайсар иесі,
Қамкөңіл жұрттың қобыздай көне киесі» – ақын Ұларбек Дәлейұлының «Тарлан» өлеңінен алынған тармақтар.
Тізімбек Анашұлы