Ерте оянуМен үнемі ерте оянып, кофе жасап, жарықтың қалай пайда болатынын бақылаймын.Тони МоррисонКө...
Клара Қабылғазина. ЖАН АЗАБЫ (хикаят)
Ар намысын сақтап жүрген тұмар қып,
Бұлар ырыс, ошағыңда болар құт.
Арулардың балқытады жан-тәнін,
Аналыққа – деген абзал құмарлық.
Есенқұл.
Сұп-сұр аспан, сұр үйлер. Еңсенi басқан айнала да сұр. Тау жақтан қаптап, ентелей енiп, маңайды көлегейлеп, қараңғылай бара жатқан тұман да сұр. Осы бiр сұр дүниенiң ортасында тұрған Айтолқынға әрлi-берлi, әйтеуiр бiр қарекеттен ерсiлi-қарсылы жүрiп жатқан адамдар да сұр көрiндi.
Поездан түскелi бiрталай уақыт болды, бұны iздеген ешкiм болмады. Құдай қосқан көршiлерiнiң әртiс баласына: “Алдағы айдың жиырма бiрiнде Айтолқын барады, қарсы алып, бiр жұмысқа орналасуына көмектесшi, айналайын, “көршi ақысы – тәңiр ақысы” деген ғой, менен қайтпаса құдайдан қайтар” деп апасы хат та салды, жеделхат та жiберген едi... Қарсы алған ешкім жоқ, сонымен.
Алғаш рет жалғыздықты қатты сезiнiп, айдалада қаңқиып қалғандай болды Айтолқын. Көңiлi құлазып, көзiне жас оралды. Бiр сәт пойызға отырып қайтып та кеткiсi келдi ауылына. Бiрақ, ол жақтан екi қолға iстер iстiң табылмайтындығы, жас көңiлдiң жиi алағызып, әлдененi шөлiркеп аңсайтындығы, тiптi өзi қатарлас жастардың да жоқтығы есiне түсiп ол ойынан лезде қайтты: “Қой, әке-шешесiн кiм жанына таңып жүрер дейсiң... Өз бетiмше өмiр бастап көрейiн. Қайда барсам екен? Не iстесем екен? Күн болса қарайып барады, бүйтiп тұра берсе далада қалуым ықтимал. “Баяғы тыныш қала жоқ қазiр, қала даладан, далаң қаладан озып тұр” дегендi жиi-жиi ел аралап, жер көргендер айтады. Айтқандай, бiр класта бiрге оқыған баяғы Назигүл қайда едi? Осы қалада тұрып, шыт-сәтен шығаратын фабрикада iстейдi демеушi ме едi? Қой, соны табайын”.
– Шыт, сәтен шығаратын фабрикаға қалай баруға болады екен? – дедi қасынан өте берген әдемi қызға.
– Что? Не понимаю...
– Апатай, айтыңызшы, шыт-сәтен шығаратын жерге қалай жетсем екен?– деген қыздың үнiне бұрылған ересек әйел, мың жасағыр, бәрiн ұқтырып, түсiндiрiп бердi. “Мақта-мата комбинаты” деген жазу көзiне түскенде сонша қуанғанында, кластас қызын таба алсашы. Ешкiм бiлмейдi... Әйтеуiр өзiндей бiр иманжүздi жас қыздар табылып: “Бiздiң бөлмеге қонып шық. Комбинатта жұмысшылар жетiспейдi. Айлық аз, тұрақты жұмыс жоқ болған соң көпшiлiгi кетiп қалады. Сондықтан, сенi ертең еш кедергiсiз жұмысқа алады. Бөлмеден орын бередi. Сөйтiп, “алматинка” боласың да шығасың ...” – деп көңiлiн көтерiп тастады олар. Бiр-екi күнде шынымен-ақ жұмысқа қабылданып, көп қыздардың бiразымен танысып, орын алып, еңсенi басқан сұрғылт күндер алыстап, бiртiндеп құлазыған көңiлге шаттықтың, жастықтың әуенi сыналап енiп, үлкен бiр сырлы жырға айналып та бара жатқандай... Елден келген қаражаты таусыла берiп едi, апасы шiркiн, келіп-кеткендерден неше қабат қағазға орап ақша, хат берiп жiберiптi.
Бөлмедегi қыздар бiрнеше жылдан берi жұмыс iстейтiндер екен. Қаланың қыр-сырын бiледi. Таныс жiгiттерi де көп-ақ. Аузын ашса, көкiрек сарайы көрiнiп тұрған, аңқылдақ ауыл қызы сәл қалаша киiнiп шыға келiп едi, тоқтай қарайтын көздер көбейе бастады. Өзiнiң әдемiлiгiне, сұлу тұлғасына өзi де қызығып қарайтын болды Айтолқын. Қаланың боз тұманы мен газ, түтiн аралас ауасы сорып, қара торы қыз бозарып, әсемдене түстi. Терiсi ағарып, бет ұшындағы сәл қызғылт рең айқындалып, сол ақ-қызыл фонда қара қасы мен қайқиған кiрпiктерi реңiн әсемдей түскендей. Өз келбетiне өзi тояттай қарап, айна алдында ұзақ, ұза-а-ақ тұратын болды. Тiптi, кейде қалалық бозбалалардың да көз салатынын байқап қалды. “Қалада тұрақты тұратын, үй-жайы бар бiр жiгiттiң етегiнен ұстасам” деген арман да басынан орын тепкелi бiраз болған. Кейде қиялдап: “күйеуiм табыскер болып, үйде отырып, әй, бiр бес-алты қара домалақты дүниеге келтiрiп, маң-маң басып балапандарын ерткен қаздай болып, жүрер едiм” дейтiн. Он баланы дүниеге әкелiп, өсiрiп, тәрбиелеген анасы: “Алла тағала әйелдi дүниеге жаратқанда ұрпақ өрбiтсiн, бала өсiрсiн, сөйтiп, өмiрдiң қызығын көбейтсiн” деп әкелген. Алла тағаланың бұйрығына қарсы тұруға болмайды... Құдайдың бергенiн дүниеге әкелген жөн. Әр сәбидiң өз несiбесi өзiне. Құдай тағала бiр қозыны артық жаратса, бiр тал шөбiн қоса жаратады дейдi... Сондықтан бағың ашылып, бiр жақсы адам кездесе қалса, соның ұрпағын өсiр, көбейт, шырағым.. .”– деп өмiр-бақи үйреткенiнiң арқасы ма, әлде өзi көп баланың iшiнде өскендiктен бе әйтеуiр, бала жанды едi табиғатында.
Күнi бойы тiк тұрған жұмыстан шаршап, аяғын зорға алып бөлмеге кiргенi сол едi, бөлмелес Нәдия, тағы бiрнеше жiгiттер отыр екен. Жiгiттердiң көздерi сұлу қызға сұқтанып: “Нәдия, мынандай қызбен бiздi неге таныстырмай жүрсiң?, – деп қауқылдасып қалды. Шәй iшiлiп, ән салынып, шарап қызуы бойларын алған жiгiттер ендi бұларды қонаққа шақырды. Барғысы келмеген Айтолқынды зорлап киiндiргендей ғып ертiп шықты олар. Шыға салысымен такси ұстаған топ бiраз уақыт жүрген соң қаланың шетi болуы керек, әлдеқандай көк дарбазаның алдына тоқтап, дабырлай үйге бет алды. Қасында Нәдия болған соң онша көңiлiне қорқыныш келмеген, ешнәрседен қаперсiз ауыл қызы да еркiн. Көңiлдi отырыс, шетiнен өнерлi жiгiттердiң бiрi ән салып, бiрi гитара ойнап, бiрi домбыра тартып, әйтеуiр, қыздардың езулерiн жиғызар емес. Дастархан да жайылып, шарап буы бойын алып, Айтолқын да жатырқап жалт-жалт қарамай, еркiндiкке бой бере бастады. Өз өзiн танымай барады. Не болды маған? – деген сұрақты өзiне қояйын деп ойлайды. Бiрақ, еркi жетер емес. Қасында отырған ересектеу жiгiт құшақтап едi, кет әрi болмады. Япырым-ай, неге басы айналды, неге аяқ-қолы ауырлап, шегелеп тастағандай?.. Екi шекесi солқылдайтын сияқты ма? Көзi бұлдырап барады. Күледi де, көпке дейiн езуiн жия алмай ыржыңдайды. Қасындағылардың шампанға арақ қосып бергенiн, тұңғыш рет мас қалыпқа түскенiн сезбеген еді ол.
Ертеңiне сәске түске жақын оянған Айтолқын “өзiнiң қайда жатқанын, қайда келгенiн, кiмнiң үйi, кiмдермен болды” деген сияқты сұрақтардың ешқайсысына жауап табар емес. Самайлары солқылдап ауырып, қос қолымен басын ұстап, терезеден қарауға тырысып едi, ештеңе көрiнбедi. Тек көк дарбаза таныс көрiндi. Есiне кешегi жiгiттер емiс-емiс түсе бастады. Ия, көк дарбазадан осы үйге кiрген өз аяғымен. Дастарханда тамақ, аздап қана шарап iшiп отырған... Одан басқа мүлде ештеңе есте жоқ... Өзiмен бiр жағдайдың болғаны аян едi. Белi, аяқтары қимылдатпай ауырады. Абыройдан жұрдай болғанын ендi түсiнген қыз жан-дәрмен есiкке ұмтылды. Тарс жабық. Тарсылдата-тарсылдата қолы жара болуға айналды. Бұдан ештеңе шықпасын бiлiп, еңiреген күйi төсекке құлай кеттi.
Күн батуға жақындағанда есiктен кешегi мұртты жiгiт кiрдi: – Ә, ә... красавица, ояндың ба? Көп iшуге болмайды... қыздарға... Iшпегенде қандай екенсiң, көрейiн деп келдiм...
Шапалақпен ұрғысы келiп қолын көтерген қыз қалай ұшып түскенiн байқамады. Үстiне қона кеткен қарулы еркекке қарсыласуға дәрменi жоқтығына, көрген қорлығына ызаланған бойжеткен тек екi көзге ерiк бердi. Ойындағысын жүзеге асырған жiгiт оның қолына киiмдерiн және азын-аулақ ақша берiп: “Осы жерден аялдамадан отырған кез келген автобуспен тұрағыңа жетесiң. Кiнәлi өзiң... iштiң... Өз еркiңе өзiң ие бола алмадың... Жiгiттердiң бәрiн риза еттiң. Соттасам, шарласам деп әуре болмай-ақ қой... Мен сол маңайда қызмет етемiн. Бәрiбiр, ничего не докажешь, – деп шығарып салды. Бет-ауызы домбығып, iсiнген, көзi бұлаудай болған қыз аяғын зорға басып, автобусқа мiндi. Бiр сәт өлгiсi келдi, бiр сәт ол ойынан қорықты. “Балаларым бақытым, бар байлығым” деп санайтын анасы есiне түсiп едi, ұяттан бетi өртендi. Өзiне өзi қол салып елге бiр масқара етсе, қазасымен екi өлтiретiнiн сезiндi де, неде болса көрiп алдым дегендей жатақ табалдырығын батыл аттады.
Бiрер айдан кейiн бойы ауырлап, басы жиi ауыра беретiн болған қыз өзiнiң жүктi болғанын дәрiгерден естiгенде көпке дейiн есiн жия алмады. Күн өткен сайын жүктiлiктiң бiраз қиыншылықтарын көрдi. Жүрек айнып, бас айналып, еш асқа тәбетi тартпай, жұмысын да атқара алмай жүргенде, күндер өте бердi. Бiресе жатақхана, бiресе жұмыста, әйтеуiр, жаны ауырған соң басқа еш жайды ойлауға шамасы келмей жүре берiптi, күндер де сусыған құмдай сырғыды... Әне-мiне дегенше жүктілік демалысын алатын күнi де келдi. Жатақханадағы қыздардың, ондағы қызметкерлердiң сөздерi, өсек-аяңдары құлақ етiн жеп барады. Босанатын күнi таянып қалғанын сезген ол: “Қой, не болса да ауылға барайын, анама жетейiн... Қайтемiн ұят болса... амалым жоқ..” деп жұмыстан бiржола шығып, орнын өткiзiп, вокзалға келгенiне бiр күн болды. Солай жүретiн пойыз жоқ емес, өзi бара алмай, көз алдында анасының бетiн басып ұялғанын, әкесiнiң әншейiнде бетiнен сүйетiн әкесiнiң қарамай, терiс айналғанын, бауырларының үндемей қалғандарын көзiне елестетiп едi, жолына көлденең табылғандай болды. Ендi, қайда барамын? Тақтай орындыққа қақшиып отырғанына екiншi күн. Белi сырқырап, әлсiн-әлсiн iшi қатты бүрiп, ауырып кетедi. Түйiлiп, бүкiл iш-құрылысын әлде бiреу қозғап-қозғап, жұлып-жұлып алып жатқандай... Ыңқылдаған дауысы қанша тiстенгенiмен шығып кете бердi. Айналасында отырғандар, өтiп бара жатқандар жалт қарайды, сөйтедi де кете барады. Кейбiреулерi “жедел жәрдем шақырайын ба?” деп сұрайды. Бұл басын шайқайды. Қасында отырған әйелдiң: “Толғағың басталған ғой, тезiрек ауруханаға жету керек. Үйiң алыста ма едi?– деген сұрағына жауап берместен орнынан тұрып кете барды. Тысқа шығып, ауамен көкiрегiн кере демалып едi, толғақ сәл басылғандай болды. Санасы сан тарапқа жүгiрiп, бiр шешiмге келгендей сыңаймен вокзал маңындағы шағын дүкеннен бiр бөтелке арақ алып, такси жүргiзушiсiне қала сыртына қарай алып баруын өтiндi. Қала шетiне жақындағанда бұзылған ескi үйге көзi түсiп, толғағы жиiлеген соң машинаны тоқтатты да түсiп қалды.
Жиiлей түскен толғақ әлсiн-әлсiн бүрiстiрiп, шыдатпай барады. Сәл тыныстатып алады да, тұмса жанды қайтадан өз дегенiне бастайды. Өмiрге деген адамзаттың ынтасын арттырып, қуаныш пен бақытқа бөлейтiн, бал қылығымен базар ететiн сәби де өзiнiң оңайлықпен өмiрге келмейтiнiн тағы да бiр көрсетiп қалғысы келгендей, ана құрсағын аямай тепкiлеп, жарық сәулеге ұмтылған сайын азапты сәттер жанды қинайды. Өмiр мен өлiм арпалысып, күреске түскендей азаптайды. Табиғаттың өзi адам баласын тiрлiкке әкелудi осылай етiп жаратқан соң өмiр жеңерi хақ. Бiрақ азаппен, жан қинаумен, арпалыспен жеңедi, сонысымен өмiр тәттi, сонысымен ардақты.
Төмен түсiп кеткен iшiн қолымен уыстай, көзiнен жасы парлай, ескi бұзылған үйдiң еденiне құлай кеттi. Жарық дүниеге шығар уақыты келген сәби қозғалған сайын жан шыдатпайтын ауру қайталай бердi. Маңдайынан шып-шып аққан тер көзiне ағып, онсыз да жан ауруынан қиналып, жылап жатқан қаракөзге қарай құйылады. “Апатайым-ай , қайттiм, жан шықпақ деген қиын екен-ау” деп те ойлады. Әлден уақытта жанға батқан ауру сәл бәсеңдеп, күшенгiсi келдi. “Бұнысы несi тағы...” деп ойлап, ерiксiз бар даусымен ышқынып қалып едi, шар еткен дауыс естiлiп, қол-аяғын ербеңдетiп сәби де қара жерге түстi. “Ух”, деп күрсiнiп, жаңағы жанын қинаған ащы толғақ басылып, қиналған тән жай тауып, көзiне ұйқы iлiнгендей болды. Жоқ, бұлай жата берген болмас,– деп орнынан тұрмаққа ұмтылып едi, әлдене лық етiп түсе қалды. Баланың жолдасы болады деушi едi ғой... Сол түспей қалып, қайтыс болған келiндерi есiне түсiп, жарық сәуленiң бiр сәтке болса да қымбат екенiн, керек екенiн сезiнiп, сөмкесiнен кiшкентай қайшы алып, сәбидiң кiндiгiн кестi. Ендi қайтпек? Жаңа ғана шырылдап туған сәбидiң үнi өшiп қалғандай... Қанша отырғанын, не ойлағанын өзi де ұқпай манағы алған бөтелкенi ашып, қылқылдатып iше бастады. Алдымен шөлдеп, таңдайы кеуiп тұрғаны басылып, кезерген, кеберсiген ерiндерi қимылға келгендей болды. Артынан бойына жылу жүгiрiп, күзгi суықтан қалтыраған, тер қатқан денесi жiбiп, бiр мезет рахаттанғандай болды. Қайғысын, қасiретiн, iс-әрекетiн ұмытып, көзiн жұмып, едәуiр отырып қалған едi. Есiн баланың дауысынан жиды. Тез арада тастап қашып кетпесе, етегiне жабысып қалмайтындай көрiнген ол асыға жиналып, басы ауған жаққа жүгiре жөнелдi. Түн ортасы ауған кез бе, жоқ ертерек пе пайымдай алмады, әйтеуiр, қала шетiндегi қонақ үйiнiң бiр бөлмесiне орналасып, жатқаны есiнде. Әрi ащы толғақтан кейiн бусанған жас дене, әрi арақ қызуынан болар ауырсынбастан ұзақ ұйықтап оянды. Не iстегенiне есеп берiп, пайымдап едi, өкiрiп тұрып жылағысы келдi. Балажанды емес пе едi, көп балалы болуды армандайтын қыз емес пе едi? Iшiн әлдебiреу осқылап, әлденемен тырналап жатқандай... Көкiрегiн өксiк қысып, өкiнiш оты өртеп бара жатқандай... Барып алып келгiсi келiп те кеттi... Бiрақ, белгiсiз сезiм етегiнен тартып жiбермедi. Жылап-жылап көз жасы да таусылғандай...
Өткен жылы ең алғаш қалаға келгенде осындай күз едi... Бұлт та сұр, қала да сұр, адамдар да сұр, сұрқай... Бәрi сұр... Сол күнгi жалғыздық, ешкiммен де ештеңемен де iсi жоқ қала тіршілігі дәл сол күнгiдей, ештеңеге көңіл бөлмейтін адамдары әрлi-берлi жүрiп жатыр. Ешкiмнiң Айтолқында iсi жоқ, Айтолқынның ешкiмде iсi жоқ. Ендiгi бағыт-бағдарын анықтай алмай отырғанда екiншi күн де шығып, келер таң да атты. Ойлап-ойлап тапқаны: “бiраз күн жұмыс орнына, жатаққа көрiнбей жүре тұрып, сонан соң баланы ауылға тастап келдiм деп” қайта барармын болды.Оған дейін уақытша бір тірлікке орналасып алмақшы.Сөйтiп, қонақ үйде тұрып жатқанына да бiрталай уақыт болып қалған, кешкiсiн теледидар көрiп жатқан едi, “Төтенше хабар беремiз” дегенге елеңдей қалғаны сол теледидарға қол-аяғы ербеңдеген күйi қатып қалған баланың суретi қойылып, iле-шала “қала шетiндегi бұзылған үйден жаңа туған, суықтан өлiп қалған баланың денесi табылды. Күнәhар, қылмыскер ананы iздестiру шаралары жүргiзiлiп жатыр” деген хабар төбесiнен суық су құйып жiбергендей болды. «Тауып алып, енді сотталып жүрмес пе екенмін, ата-анаға қасіретті сонда әкелермін... Бірақ ешқандай мекемеге тіркелмеген мені қайдан табар дейсің» деген оймен сәл тыншыды.
Бәрі де өтпелi ғой...Уақыт жазбайтын жара бар ма? Айтолқын да жаңа жұмысқа орналасып, жаңа адамдармен танысып, қала тiршiлiгiнiң ырду-дырдуымен қайтадан араласып, тiршiлiктiң тұңғиығына сүңгiп кете барды. Бiрақ, сол бiр жағдай түнде түсiне енiп, күндiз көз алдына келiп, жанын жегiдей жейдi. Бiресе есiктен баланың перiштесi ұшып кiрiп келе жатады, бiресе көкiрегiне жармасып, емгiсi келгендей ме, бiресе шыр-шыр етiп қолына жармасқан титтей саусақтарды әрi итерiп жатып, шыңғырып оянады. Ол елеске қосымша “құдай, сол күнәм үшiн жазалады-ау” деген ой қосылып, “бүгiн болмаса ертең , өмiр-бақи жалғыз қаламын-ау” деген күдiк жалғасып, ойлап кетсе жан-дүниесi түршiгедi. Тән азабынан жан азабының қиындығын ендi түсiнiп, ар оты күнде өртеп, соған күнiне бiр жанып, бiр суып өмiр кешкен дегеннен артық азаптың жоқ екенiне көзi жеттi. Адамгершiлiктiң ақ төселген баспалдағымен жүре алмағанына өкiнгенiмен ендi бәрi кеш едi... Ардан аттаудың жүзеге асуы тез де, оны қайтып алудың жүзеге аспайтынын енді сезді. Алайда бәрі де кеш еді.Көзi жұмылғанша көкiрегiн жегiдей жеген жайдан құтыла алмайтынын сезген келiншек бұл өмiрден өзiне орын жоқтығын түсiнгендей ... Өз өзіне қол салмақ болған әрекеттерінен де ештеңе шықпай, ақыры есек тірлікпен күн кеше бастады.
Х х х
Жұмыстан қалжыраған Айтолқын тауық қорадай ғана күркесіне кірген бойда жата кетті. Балтырлары сыздап, табаны ысып, өн бойынан әлсіздік сезілді. Түскі ас кезінде ғана тоқтауға тиісті станоктың қасынан қадам басып тастап кете алмайды. Қапелімде қате кетсе «брак» деп бригадир бәле қылады. Сонымен өз табиғатында ісіне тиянақты, сөзіне берік, айналасына адал Айтолқын күш жігерін жұмысынан аямайды. Сондағы алатыны осы аядай пәтерінде тұруға және аштан өлмеуге жетеді. Киім туралы сөз жоқ. Үсті-басы да тозып жүр. Ауылдан келгелі киім-кешегін жаңартқан емес. Ауыл демекші есіне ауылы түсті. Балық аулаумен шұғылданатын теңіз жағасындағы кішкентай ғана туған жері өзіне алтын бесік болып көрінеді. Әкесі Байзақ байғұс та телмеңдеп өмір бойы жоспарын орындаумен, едел-жедел туған балаларын бағам деп шашы ағарды. Тұңғышы Айтолқын туғанда қуанғаннан теңіз жағалап жүгіре берген екен. Шарық табақтай болып толған ай сәулесін жан-жаққа шашыратпай, тынып, жайбарақат боп демалып жатқан, тұңғиық теңіздің бетіне төгіп тұрыпты. Айнала ақ сәуледен нұрланып, тамаша бір күйге еніпті. Қара мақпал түннің құшағындағы теңіз-жігітті жуасытып, майдай ерітіп, балбыратып қойған айдың жарығы тұла бойы тұңғышының туғанына қуанып, ебіл-себіл боп жүрген адамның жолына жарық түсіріп «қызыңның атын Айтолқын қой...» деп сыбырлапты.
Маңдайынан қақпай адалдыққа, еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеген әкесі қызының мұндай күйге түскенінен бейхабар. «Жоғары оқу орнына түсу қиын екен, түсе алмадым, тағы бір жыл дайындалып, келесі жылы түсермін, өзім сияқты қыздармен бірігіп, жұмысқа тұрдым. Жағдайым жақсы, тек сіздерге көмек бере алмай тұрмын. Ренжімеңіздерші, маған», - деп соңғы жолдарын жазып біткенінде көзінен мөлдір тамшылар да бірін-бірі қуалай, қағазға тырс-тырс тамып жатқан еді.
Асханаға ақша шығармайын деп түсте де құнарсыздау бірдеңені ішіп-жеген Айтолқын енді әлсіздігін сезініп, тамақтануға тырысып, екі жұмыртқаны сәл кеспе қосып қуырып, жеп, әлденіп алды. Тест сұрақтарын алып дайындалмақшы болып еді, бойы дел-сал болып, кейінге тартып, қарағысы келмеді. «Келер жылға дейін бірдеңе қылармын» - деп қайтадан жата кетті. Тағы да ойлар қаумалап, кірпік айқастыруға мұрша бермеуде. Есіне жұмыстас Гүләйдің әңгімесі түсті:
«Мектепте бірге оқыған құрбымның жігітінің досы бар екен... Крутой жігіт... Сонымен танысқанмын. «Мына қызбен таныстырыңдаршы», - деп өзі айтыпты. Сонымен өмір маған тек гүл сыйлауда. Сөмкеме күнде уыстап ақша салып береді. Мынадай шаршататын жұмыста істеп, «сен маған жарамай қаласың» деді. Жақында ақысы жақсы жұмысқа кіргізбекші, пәтер алып бермекші. Жолым болды»,- деп қуанып тұрған-ды.
Айтолқыннан қазір балалық кеткен. Ол неғылған батпан құйрық екенін түсінді. Атты жаратып мінгендей, сөзін қарамайсың ба, «әлсіресең маған жарамай қаласың» деген... Мырс етіп, күлгенін өзі де байқамай қалды. Шетелдік компанияда түсті металлмен жұмыс істейтін жігіттің әрине, қалтасы қалың. «Күні-түні халықтың, елдің байлығы жат жұртқа сатылып, түнімен вагондар ағылып кетіп жатады. Оның қайда кетіп жатқанын ешкім тексермейді де», - деп осы Гүләйдің тәтесі келгенде айтып қалып еді. Соған қарағанда «арам ақша ғой оныкі» деп өзінше жорамалдады.
- Саған да сондай жұмыс тауып берейін бе? – деп Гүләй бірде қулана Айтолқынға қарады. Қабағы дір ете қалғанына қарап, қарсылық білдіріп тұрғанын түсінді. Сөйте тұра әңгімесін жалғастырды.
- Осы Бекаға кездескелі өмірім өзгерді. Несі бар, еш әбестік санамаймын. Жан сақтау үшін көше бойында тұрып, немесе қонақүйлерді жағалап, қыздар күніне бәленбай адам қабылдап, тоз-тоздары шығып жүр ғой... оған қарағанда, өзіме Бекамның кездескеніне, соған қызмет көрсеткеніме дән ризамын. Аллаға алғысым шексіз. Жуырда үй алып берсе, басқа маған ештеңенің қажеті жоқ.
Айтолқын құрбысына ләм деп аузын ашпады. «Дұрыс істеп жүрсің» деген де жоқ, «мұның ұят емес пе, арыңның, болашақ ұрпағының, ата-анаң, туыс, достардың алдына не бетіңмен бармақсың?» да деген жоқ. Тіпті өз жағдайын салыстырып, пәтерақыға берсе тамақсыз қалатын пұлын, «тапқаны танауын сүртуге» де келмей жүргенін салыстырғандай болды. Пәтер дейтін де пәтер емес әйтеуір, далада түнемеудің әрекеті. Жағдай жасалған пәтерлерің оның бірнеше айлығын төлесе жетеді. Онда аш қалады. Сонымен, қожайындардың кезінде кілеті болған ба, бір ауызды бөлмеде сарғаюда. Үлкен екі қабатты үйдің қожайындары жағдайлы, бірнеше үйлерін пәтерге беретін сияқты. «Тетя Шура» бар ма, пәтер ақысын төлеуіміз керек еді» деп тұрған бірнеше қазақты көргені бар Айтолқынның. Ал арзандау күркесі де ақша болып, бұл да тұрып жатыр. Суы да жоқ, қыста «тетя Шурасы» от жағып қояды кей-кезде, кейде Айтолқын өзі жұмыстан келісімен, бір шелек көмірді әкеліп жағады. Өмір осылай өз ығымен өтіп жата берер еді...
Ертеңгілік жұмыс кимін ауыстырып, орнына барғалы жатыр еді Гүләй:
- Бір кешке сені шақырайын деп тұрмын. Бекама айтып едім, дос қызымды ертіп алайыншы деп... Келісті. Ондағы ойым сен де жақсы өмірдің шет жағасын көрсінші дегенім ғой... Қазір екеуміз екі өмірде жүрміз. Жақында бұл күнгі тірліктен мүлде кетемін. Ақсүйектердің тіршілігіне араласамын. Жарайды, оны сен ұқпайсың бәрібір. Барасың ба, жоқ па?!
- Барайын... – деді күмілжіп, әрі ұялы көздерінен сенімсіздік пе, әлде қорқыныш па әйтеуір беймәлім сезім біліне.
- Бір киетін киімің де жоқ қой, ертерек шығып, менің пәтеріме барайық... Алған пәтерімді де көрсетейін. Менің киімдерімнен қалағаныңды кидірейін, жайнатып сұп-сұлу ғып сені алып барайын...
Кешкі жұмыс аяғына дейін Айтолқынның ойына нелер келіп, нелер кетпеді десеңші...
- Ұят-ай біреудің көңілдесі боп, ойыншығына айналып кеткенімді біреу біліп қойсашы?... Не істеймін?! Қайда бара жатқаным белгілі боп тұр ғой... Ата-ананың бетіне қалай қараймын?! Бармайын десем ит тіршіліктің түрі мынау... артыңдағы әке-шешеге көмек керек... «Балаларым көмектесіп жатыр»,- деп мақтанып отыратындарға қызыға да, қызғана да қарайтын ата-анама тіпті болмаса көмек қылайын...
Аузы тынбай өмірінің қызықтарын айтып келе жатқан Гүләй өзінің пәтерінің есігін ашты.
- Кір, жайғас ... Шай ішіп отыратын уақыт жоқ. Дайындалуымыз керек. Бека кешігіп, ілініп-салынып жүргенді ұнатпайды. Айтқан уақытында дайын тұруымыз керек. Мына киімдерді қара, таңда! Ой- бу, сен байғұстың соңғы модыдан хабарың да жоқ еді-ау... Қазір өзім таңдап берейін... «Қасымда жүрген уақытта деревня құсап жүрме!» деп ол мені үлкен сауда үйлерінен, шетелдік мықты дүкендерден киіндіреді.
Аяғыңды бассаң күмп-күмп басылатын қалы кілем төселген, жиһаздың небір тамашасы қойылған пәтерге кіргелі аңырайған Айтолқынның аузына сөз түсер емес. Әйтеуір құрбысының берген киімдерін киіп көріп жатыр... Кейбіреуін тіпті қалай кию керектігін де білмей, сөгіс те естіп қалды. Міне, мынау қатып кетті!», - деді Гүләй – алқызыл түсті, жылтырақтармен әшекейленген костюмді кигізіп тұрып. Айнаға қараған Айтолқын шынында да өзінің сұп-сұлу бойжеткен екенін, сүтке тамған қанның қызылындай боп, реңіне үстіндегі киімнің түсінен бетіне жалқыны тамып, нұрланып кетті.
- Қазір шашыңды жөндеймін асығыс болғанын қарашы, әйтпесе крутой шаштаразға апарар едім...
- Қойшы өре салайық та... Бәрібір ұзын шаштан ештеңе жасай алмайсың...
- Аульный боп тұрсың ұзын шашпен.... Жәрәйды, на первый раз пойдет... Жүр, кеттік, уже сбрасывает...
Ірі банкирдің туған күнінің құрметіне жиналғандар толып жатыр екен. Неше түрлі сәнді киінген, жал-жұлт еткен көздің жауын алатындай жақұттар таққан, жасанған қыздар, сымбатты жігіттер... Басқа бір патшалыққа тап болғандай күйге түскен Айтолқын өзінің ұзын бұрымы үшін, олпы-солпы жүрісі үшін қымсынып тұрды. Ал, Гүләй ысылып қалған екен, мынадай ығай мен сығай жиналған ортада еркін жүр. Сылқылдап күліп, тіпті жүрісін де өзгертіп алған секілді. Екі жағына кезек-кезек мықынын ойнатып, былқ-сылқ етеді. Жүріп ішіп, бір нәрселерді жүре жеп, әңгімелесіп тұрған жұрт. «Япырым-ай осылай түрегеп ішіп, жеп кете бере ме екен?!» Айтолқын өзінің ортасы болмай, Гүләйша айтқанда «цивильныйлардың» арасына үйрене алмай тұр еді, жүгіріп құрбысы келді.
- Келді әне келді! Беканың другы ше, сені таныстырамын деген... қара, есікке қара, именинникпен амандасып тұр.
Айтолқынның көзіне жас та болса қарны шыққан, бұғағы салбыраған орта бойлы жігіт түсті. Менмендеу ме, қалай... Көз қарашықтары ойнақтап, жан-жағына қарап, көзімен топты шалып, өзінен жоғары ма екен, әлде керек адамдары ма екен, екі-үш адамның қолдарын қысып, құшақ айқастырып амандасты да, басқаларын елемеген сыңай танытқан жігіт Гүләйдің Бекасы тұрған топқа қарай жүрді.
- Оу, братан, салам!, - деп Бека қарсы ұмтылды.
- Салам.
- Өзің келмей, ортамыз толмай тұр еді..., - деп Бека күмілжіді.
- Хватит болтать! Жүр!
Тұрғандар ыңғайсыз жағдайға түскендей болды. Бека томпаңдап оның артынан кетті. Айтолқын да: «Япырмай, мынау бір діңкілдеп қалған адам ғой»... деп іштей әбіржіп қалды.Қолдарына арақ-шарап, шырын, сусын сияқтыларды жүре ішіп жүрген топты асаба дастархан басына шақырды.
-Бүгінгі той дастарханының не үшін жайылып отырғаны сіздердің барлықтарыңызға түсінікті. Біз үшін бұл жердегі ең қуанышты жайт осы жерге Рақаңның, яғни Рақым Асановичтің келуі.
Тобыр ду қол шапалақтап, бәрі әлдене лебіз күткендей жаңағы қозы қарын, бұғағы салбыраған ақ құба жігітке күнге қарай күнбағыстың бұрылғанындай жапырыла қалды.
Асаба сөзін жалғастырды.
- Бәрімізге, бүкіл елімізге, шетелдерге танымал қоғам қайраткері Рақаңнан сөз күтеміз.
Орнынан маңғаздана көтерілген жігіт той иесін құттықтаған сыңай танытып, орысша сөйледі. Әлденелерді айтты, Айтолқын онша түсінбеді.- За это поднимем, - деген кезде бәрі жапатармағай орындарынан тұрып «Рақаң дұрыс айтады», «керемет сөз», «тамаша ой», «қандай тост, қандай тостер!» т.б. деген сияқты жанама жарыспа сөздерді үйіп-төгіп жатты. Жағымпаздардың осындайларын-ай, ой, аллай», - деп Айтолқын ішінен ойланып қояды, - әй, мынау мені көзіне іле қоймас...
Қолдарындағы сыңғырлаған бокалдарының шетін Рақаңның бокалымен тиістіріп қалуға тырысып, анталаған ел оны қоршап алды. Қабағын шытып, оны жақтыртпаған мықты қолын «кетіңдер» дегендей сермеп еді, әлігі тобыр тәп-тәртіпті мектеп оқушыларындай тынып, орындарына отырысты.Мықтылар тамаққа қол салып, ауқаттана бастады. Сан түрлі тағамды ұсынып, қайсысын саларын білмей, дәті бармай даяшы тұр. Рақаң әйтеуір ананы- мынаны аузы қомпаңдап, жеп болған соң, той иесіне бірдеңе деді де, орнынан тұрып кетті. Кетуге бет алғаны болу керек, жамағат жапырыла орындарынан тұрып, той иесі қалтаңдап шығарып салды, жанындағы оққағарлары ма, көмекшілері ме ілесе шығарып салып кетті.
Басының терін сүртіп, есін әзер жиып, орнына келіп отырған той иесі жүк түскендей «уһ» деп демалды, оның кеткенінен жеңілдегендей еркін отыруға көшті. Айтолқын көкіректері көкті тіреп тұрған ығай мен сығайлардың да мысын басып кеткен мықтының өзін көзіне ілмегеніне қуанбаса өкінген жоқ. Гүләй да қипақтап:
- Подруга, мен өзім де оны онша танымаушы едім... Бека таныстырайық деген соң... Сені көзіне ілмей кетті-ау... Бірақ мінезі шатақ екен... Өзім де қорқып қалдым..., - деп ақталып жатыр. Өзіне таныс емес ортаға тосырқап, танитындары да болмаған соң бұның да өнбойын көңілсіздік басып, той аяғына дейін әзер шыдады. Гүләй да: «Сені үйіңе қазір апарып тастайды. Үйіме шақыра алмай тұрмын. Ренжімеші... Бека бүгін отбасына бармай, менімен болмақ...», - деді.
- Әрине, әрине, оның не құрбым-ау, үйіме-ақ барамын...
- Кейін көп нәрсеге үйренесің. Қазір маған ренжіме.
- Жақсы, бара бер, ешқандай реніш жоқ. Такси ұстап-ақ қайта беремін.
- Жоқ, тіпті болмаса апарғызып салайын.
Гүләй жүгіріп, Бекасына әлдене деп еді, анау қабағын шытып, жауап берді. Өте беріп, жолақылық пұлын Айтолқынның қолына қыстырып үлгерген Гүләй артына қарауға шамасы келмей, жүгіріп кетті. Жалт-жұлт етіп, зуылдап тұрған көліктеріне отырып жүріп-жүріп кеткен қонақтардың соңында жалғыз өзі қалған Айтолқынның жаны жабырқап, көште қалғандай сезініп, әйтеуір бір машинаны тоқтатып үйіне әзер жетті. Бойын билеген сезімді түсіне алар емес. Анау кеткен топтың өміріне қызыққаны ма, әлде бейтаныс әлем иелерін тосырқады ма, бұл өмірдегі тозаң құрлы тірлігіне намыстанды ма, әйтеуір, булығып, өксіп ұзақ жылады.
Самбырлап сөйлеп, анау үлкен өмірден хабардар етіп тұратын Гүләй құрбысы да құлағына телефон іліп, жұмсақ креслода, жылы жерде отыратын жұмысқа ауысып кеткен. Өзіне орындауға тиісті жұмыстарын жанын сала атқаратын Айтолқынның ештеңемен ісі жоқ. «Жылдың қорытындысы шығарылады, озаттар айтылады, марапаттар болады екен» деген соң фабрика ұжымы үлкен залға жиналуда. Толық сары әйелді жұмысқа орналасарында бір көріп еді, енді міне ұзын стол басында сол және бірнеше ер адам, әйелдер отыр . Кәсіподақ комитетін басқаратын сол әйелдердің бірі екен.
- Құрметті біздің әріптестеріміз! Міне, жыл да аяқталды. Бұрынғы дәстүріміз бойынша жылдық қорытынды шығару сәті келді. Сол үздіктерді жариялап, марапаттау үшін директорымыз, аса қадірлі Жанұзақ Сәндібаевқа сөз беріледі.
- Қымбатты, жігіттер, қыз-келіншектер! Келе жатқан жыл бәріміздің отбасымызға тек жақсылық, табыс әкелсін! Ал, енді марапаттауға көшейік. Сонымен «Ең таңдаулы бригадир» атағы және 1,5 айлық сыйақы Әсем Белгібаеваға. Ду қол шапалақ!
Сахнаға көтерілген әдемі, сылқым келіншектің жүріс-тұрысы, киім киісі фабрика қызметкеріне ұқсамайтындай көрінді Айтолқынға. «Бригадир болса, бір-екі рет болса да көрер едім ғой... Әлде сырттан басқара ма екен?!»
- «Ең үздік жұмысшы» атағы, 1 айлық көлемінде сыйақы және шетелге жолдама Нұрсұлу Әлімоваға.
«Бұл кім болды екен?! Мәссаған, бұл әлігі шетелге жиі кететін қыз ғой... Міне, қызық! Бұл қай уақытта үздік болып үлгерді екен?! Мүмкін, бұлар көптен жұмыс істеп әбден, мақтауға лайық болып алғандар шығар»...
Айтолқын «еңбегіне қарай-өнбегі» дегеннің ескіргенін, қоғамның жең ұшынан жалғасу, тамыр-таныстық жайлап алғаны сияқты дертінен бейхабар еді. Күні бойғы жұмыстан әбден-ақ шаршап қалыпты. Отырған жерінде отыра бергісі келді. Тағы да толып жатқан мақтау қағаздары, алғыс хаттар дегендерді жариялап болған соң бәрі үйді-үйіне тарасты. Қайтуға жиналған Айтолқынды жұмыстас қыз шақырды:
- Айтолқын менің ұялы телефоныма сені шақырып жатыр. Тез кел!.
«Япырым-ай, ол кім болды екен? Ешкім іздемеуші еді ғой...»
- Айка, мен Гүләй ғой, сен ешқайда кетпей, есіктің алдында күт. Мен саған келемін, жақсы жаңалық бар...
«Япырым-ай не жаңалық екен?! Маған бір ақылы жұмыс табылды ма екен? Әлде ауылдан біреуді көрді ме? Не болды екен?»
Сәлден кейін зу етіп жетіп келген Гүләй Айтолқынды әй-шәйға қаратпай, машинаға мінгізіп ала жөнелді.
- Қазір үйге барып айтамын бәрін.
Гүләйдің пәтеріне екінші рет еркін кірген Айтолқын баяғыдай аузын ашып қалған жоқ. Еркінсіп, жұмсақ диванға күмп ете қалды:
- Ал, сөйле!
- Сөйлейін. Қазір сен жуын, менің киімдерімнен тағы да жарасатынын таңдап беремін. Сонан соң тағы бір крутой жігіттің үйіне қонаққа барамыз. Өзіңді дұрыстап ұстап үйрен, қалалық әйелдер сияқты, осынау қала тірлігінің бәрінен хабардар болып көрінуге тырыс.
- Ол қалай?!
- Яғни, мыңқиып отырмай, ширақ бол! Жақындаса мойнына асыла кет. Еркелеп, бұраңдап, сылқылдап күлуге тырыс. Неғұрлым жарқын, сыңғырлап күлсең, соғұрлым еркек майдай ериді. Әне-міне жеріңді ұстаса шоршып түспе, тағы. Әй, осы сенен қорқам...
- Неге?
- Сен байғұс, әне бір оқиға болмағанда... Нағыз нетронутая, монашка – красавицасың ғой... уәде бересің бе, маған?
- Не деп?
- Ойбай-ау, бағанадан бері не айтып тұрмын. Дикая, дикая... Не де болса, ертіп апарамын. Өйткені, обещала сұлу, свежая особаны тауып берем деп. Давай, тез киін.
- Жәрәйды, ал жасандыр!
- Осы бір жаңадан алған көйлегім маған онша жараспайтын сияқты.Ал саған қатып кетеді. Қане,қане маған қарашы... Шынымен-ақ құлпырып тұрсың... Мына Мәкең ұзын шашты сипағанды жақсы көреді дейді, қысқа шаштар қолына толмайтын көрінеді... Значить ұзын шашың пойдет.
- Мәкең кім ол?
- Зачем тебе? Барған соң көрерсің. Енді сәл ерніңді боя, сәл- сәл қызарту керек. Аһа, тамаша! Сенің мына бүртиген ерніңді сүйген де зар, сүймеген де зар шығар-ау! Әй, жігіт болсам өзіңді ешкімге бермес едім...
- Қойшы, мақтай бермей...
- Шын айтам, бір маңдайы жарқыраған еркектің әйелі боларсың-ау. Әдемісің, ақылдысың... Мінезің де жақсы... тек, сәл жолың болмай тұр. Айтпақшы, сыртқы киімің де жұтаң ғой... Менің мына бір құндыз тоным саған қатып кетеді. Мә, ки, тү-у-у, тіфә, тіфә! Жайнап кеттің ғой... Әне бір мықтының қатынының түрін көрсең ғой. Кім еді?! Ой, әлгі министрдің орынбасарының қатыны ше? Божбандай қара, танауы аспанға қарап тұр. Сөйтіп тұрып тонның түр-түрін киіп, бізді көзіне де ілмейді. Құдай соларға бере салған ғой... Ой-бу, уақыт болып қалыпты кеттік , жүр!
Екеуі күтіп тұрған машинаға мінді. «Мәкеңнің үйіне!» - деді шопырға. Жол- жөнекей шашылған әтірдің жағымды иісі көңілді сергітіп, Айтолқынды әлде бір сезім билеп, өмір бойы осылай жүргендей, шалқып, кимнің буы ма, астындағы «жүрдек сылқымның» буы ма әйтеуір масаңданғандай болды. «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» деген – ау! Өзін бір бастықтың әйелі етіп елестетіп, жымиып қояды.
Зуылдаған машина қаланың шет жағындағы үлкен үйге келіп тоқтады. Биік дарбазаның арғы жағындағы үйдің шамдары осы мекеннің салтанатын білдіргендей жарқырап, шақыра түскендей. Есіктің қоңырауын басып еді, өзі ашыла кетті. Ішке кірген Айтолқынды бұйра қара шашты, қалың мұртты жігіт ағасы қарсы алды:
- Оу, амансыңдар ма? Келіңдер, келіңдер... Қонақ бөлмеге өтіңдер?, - шешініңдер...
Үй қызметшісі жүгіріп келіп, қолдарынан киімдерін алып, қонақ бөлмеге бастап барды. Есіктің тұтқасына дейін алтындай жарқырап тұрған, сән-салтанатты үйді бұрын түсінде де көрмеген Айтолқын Гүләйдің қасына отырды. Ол: «Есіңді жи, жинал! Қазір Мәкең келеді», - деді! Ол кісі кіре салысымен құрбысы: - мен қазір келемін, -деді де шығып кетті:
- Ал, қалқам, атың кім?
- Айтолқын.
- Жақсы есім екен. Кел дастарханға, дәм ала отырайық.
- Рахмет.
- Кел, кел... тамақтың алдында аздап шарап ішу пайдалы. Ал, ал, қымсынба...
Гүләйдің «ауылбайская болмай ішіп, жеп отыр» дегені есіме түсіп, шараптан сәл ішті. Сымдай тартылып отырған бойына шарап буы тарап, босаңсиын деді. Әлдебір анекдоттарды айтып еді Мәкең сылқылдап күліп алды. Өз күлкісіне өзі таңқалды. «Қызық, мен тіпті әдемі күлдім-ау!» деп ойлап, енді тіпті еркінсіді. Мәкең белінен құшақтап еді, шошымады. Өзіне қарай тартып еді, бауырына тығыла түсті. Бүкіл үйде, үлкен қонақ бөлмеде екеуі ғана. Шамасы қызметкерлер кетіп қалған, «қазір келем» дегенді Гүләй де жорта айтқан екен.
Сәлден соң жас сұлудың, әрі шараптың буы бойын билеген Мәкең қызды төсек салынған бөлмеге қарай сүйрей жөнелді. Жұмыстан, әрі қарымды еркектің тегеурінінен шаршаған қыздың көзі ұйқыға жұмыла берді. Таңертең оянғанда әбден мауқы басылған Мәкең ұйықтап жатыр екен. Тұрып, жуынатын жерді тауып алып, киініп, сыланды. Өңі бұрынғыдай ақсұр емес, денесіне қан жүгіріп, бетіне қызылшырай пайда болыпты. Өз өзіне сұқтана жымиып, айна алдында біраз тұрды. «Күн болса сенбі, ешқайда асығып тұрғам жоқ және қайда барам? Қаланың қай шетіне келгенімді де білмеймін. Не де болса Мәкеңнің ұйқысын күтейін».
Үлкен үйдің өзі тұрған қабатын аралап көрді. «Үстінде де бар сияқты. Астында да бар екен бөлмелер. Қызық, Мәкең кім екен? Тұрмысына қарағанда байлығы жетеді. Ел басшыларымен түскен суреттеріне қарағанда үлкен қызметкер немесе соның айналасында жүргендердің бірі болуы керек» - деген ой топшысында тұрған ол Мәкеңнің де оянғанын байқап, солай жүрді.
- Ал, сұлуым, қалай ұйықтадың?
- Жақсы.
- Ал, мен өте жақсы сезініп тұрмын.
- Кел, келе ғой... шәй дайындап жібер. Қызметке кетуім керек... Әлгі қызметшілерді де босатып жібере қойып едім.
- Жақсы, жақсы. Тек ас үйді көрсетіп жіберсеңіз...
- Сіз демеші... Сен маған бар жағыңнан ұнап қалдың. Менің көңілдесім болуға әбден жарайсың. Мен өзім қазақы тәрбие алғандарды ұнатамын.
«Көңілдес» деген сөз төбесінен су құйғандай болған Айтолқынның басы айналып, құлап қала жаздады. Дереу есін жиды... Өз аяғыммен, өз еркіммен келдім емес пе? Мұным не? Кәдімгі некелес әйеліндей шәйін дайындап, баптап құйып бола бергенде ол:
- Сені тұрағыңа апарып тастайды. Екінші машинаға мінесің. Тек мен кеткен соң... Міне, ақша! – деді де шығып кетті.
Жасылы бар, көгі бар бірталай ақшаға қарап не қуанарын, не жыларын білмей қалды Айтолқын. Есіктен шыққан оны екінші машина жүргізушісі күтіп тұр екен, дереу үйіне жетті. Киімдерін алмақшы болып, түні қалай өткенін сұрамақ боп Гүләйім де жеткен еді бұл кезде:
- Қалай, подружка? Түнің жақсы өтті ме? Видать, интересно провели... Бетің розовее стало.
- Қойшы, ұялтпай...
- О-о-о, әлі-ақ класный бикеш болып шыға келесің.
- Білмеймін...
- Білетін боласың көп нәрсені. Біздің Бека мен Мәкең аман болсын. Міне, байлық, міне, өмір! Сен екеуміздің өміріміз өмір ме! Одно название. Маған енді ит те, құс та тұратын пәтер ұнамай Бекадан коттедж с охраной сұрап жатырмын.
- Қойшы, ұят емес пе?!
- Ұятты неғыласың... Мұндай сөздер қоғамда архаизм «Қолыңда барда – басып қал» деген принцип қазіргілердің, билік басындағылардың, үкіметтің шет жағын болса да жағалап жүргендердің бәрінің әрекеті осы.
- Сонда қарапайым халықтың қамын кім ойлайды?
- Құдай-ау, неткен наивная! Қоғамға керектер бар, керек еместер бар. Екеуміз соңғысына түсіп кетпеу үшін де еркектерімізден айырылмауымыз керек...
- Сонда не істейміз?
- Соларға мықтап қызмет істеуіміз керек. Яғни, морально, телесно, жандарына шаршап келгенде өзіңнің энергияңнан бөліп беру керек?
- Ол қалай, түсінбедім...
- Что они хотят, безотказно болуың керек... және олардың не істеп, не қойып жүргендерінде шаруаң болмасын. Ештеңе сұрамайсың. Өздері береді, біледі. Самое главное, олармен қарым-қатынасың жөнінде ешкімге тіс жармайсың... Әйтпесе, олардың ашуына тисең, қабырғаға айналасың...
- Онысы несі тағы, қабырғасы несі?
- Көп сұрама дедім ғой мен саған...
-Жәрәйды, қойшы, сенің нұсқауларыңды ұқтым. Мына ақшаны қайда жұмсасам екен?! Үйге беріп жіберсем, қайтеді? Киім алсам ана жақта ата-анам отыр жәудіреп, ішсе асқа, кисе киімге жарымай...
- И-и-и... ауылда отырған олар отыра берсін. Они так привыкли жить... кейінгі ақшаларыңнан бересің. Так что, по нормальней киімдер ал. Мен де беремін но маған қашанғы жүгіріп жүресің? Свое есть свое. Давай кеттік дүкендерге, крутой бутиктер бар, заказбен товар әкелетін... Содан бастау керек. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген Абай атаң. Давай, давай... машина ждет. Өзінің құнды-құнды нұсқаулары бойынша киінген Айтолқынды Гүләй үйіне әкеп салды. «Ұқтың ба, немая, глухая как рыба», деп қадағалады, үнсіз басын изеген Айтолқын күркесіне келіп, алған заттарын қарап, киіп көріп, үлкен айна іздеп үй қожайындарына кірді.
- Ой, батюшки, кого я вижу? Что за красавица? Неужели это наша Айтолкын? – деп тетя Шурасы алдынан шықты.
- Сол... бір ақша алып киінген едім... Үлкен айна керек боп тұрғаны...
- Кел, кел, қара, мына бөлмеге...
- Рахмет...
«Адам көркі шүберек» деген осы екен-ау...» деп ойлады Айтолқын өз келбетіне қарап тұрып. «Әдемі екенмін-ау! Алла, рахмет саған! Көрік бергеніңе де, мың шүкір. Егер қазір келбетім болмаса, Мәкеңмен кездесер ме едім...?! Бірақ Гүләй ше?! Жәй ғана қыз ғой... Әне қалай өмір кешуде!. Соған қарағанда «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген де рас екен-ау! Сонда ол қандай бақ? Бақ деген еңбекпен, адалдықпен, ақиқатпен, біліммен келеді деуші еді ғой...»
Сан түрлі ой жетегінде жүріп жұмысына келген Айтолқын өткен жолғы «Ең озық бригадир» келіншекті көрді. Кәсіпорын бастығының машинасынан түсіп жатыр екен... Құндыз тоны құбылып, біз өкшесін тықылдатып, бөксесін ойнатып, райхан гүлдеріне оранып бара жатқандай, гүл иісі аңқып кетіп бара жатты. Күнде өзінің үстіндегі киімдерінен қорынып, бүгежектей жүретін Айтолқын да өзінің кербез келіншекке ұқсап жүріп бара жатқанын байқамай да қалды. Бойына әлдебір қуат құйылып, әлдебір арман аңсаулар пайда болып, үлкен бір үміт қол бұлғап тұрғандай...
Үйіне келсе ауылдан жедел хат жатыр. Әпкесінің қызы Райгүлден екен. «Поезбен елден шықтым. 13-вагон. Күтіп ал», - депті.
«Мектепте оқитын қызға не болды? Оқуы қайда? Әкелері қайтыс болған соң жағдайлары келмеді ме? Бүкіл туған-туыстардың басын біріктіретін, қолда барын бөліп беретін өз әкесінің жоқтығы біліне бастады ма екен?Әпкемнің қазасы жайлы жедел хатты алып, жылап-еңіреп жұмысымдағы басшыларға барғаным анадай болды. Бөлінгені, жиналғаны мардымды болмай барған жолыма жетсе қайтарыма жетпейтін болғаннан кейін, үсті-басым тозып тұрған соң еліме де бара алмап едім... Сол кезде жолықса ғой Мәкеңдер... Мына қыз неге келе жатыр?. Өзім зорға күнелтіп жүргенімде...»
Райгүлдің әңгімесі:
- Әкемді білесіз ғой... Көп ішетін... ішкен соң міндетті түрде маманы сабайтын. Бес бала, екі ауыз үй. Тамақ ішетін бөлмеге бөлініп ұйықтап жүрдік қой, ішпесе жап-жақсы. Ал, ондай күндер өте сирек болатын. Неше түрлі анайы киноларды көріп алады, орталықтағы туыстары ескі видигін берген... Әрине, бізге «кетіңдер, көрмеңдер» дейді, мамама маза қоймайды. Бізді қуып шығады да түпкі бөлмеде білгенін істейді. Түн ішінде қайда барамыз?! Дауыстары естіледі, үлкеніміз Базар бар еді ғой, сол жымыңдап күліп отырады. Біздер кішкентайлар көп нәрсені түсінбейміз. Тағы бір қатты ішіп келгенінде мамам итеріп қалып, басымен құлап, өліп қалды. Ол жайды естіген шығарсыз, әпке?
- Ия, ия, естігем, қалай қайтыс болғанын...
- Сонымен ауыл-аймақ, туған-туыстар жиналып, әйтеуір, жетісін, қырқын бердік. Мамам ертеңнен күн батқанға дейін майда-шүйде сатып, бізді бағатын еді ғой... Базар мектепті биыл бітіреді ғой... Кішкентайлар өздері отырады үйде ... Мен мектептен келген соң, тамақ пісіріп, үй жинап, соларға қараймын. Мен 9-шы сыныпта оқитын едім...
- Білем ғой...
- Бір күні мектептен келсем ағам үйде екен... Папамның көретін киноларын көріп жатқанын байқап қалдым... Балалардың тамағын құйып беріп, ағамды шақырмақ боп бөлмеге кіргем. Орнынан тұрып есікті жапты да мені жерге алып ұрды. Әбден мамамның жеген таяғынан жүрек шайлыққан басымды қорғай бердім... Сөйтсем, оның ойы басқада екен. Ол болса, мені, туған қарындасын зорлады ғой... Айқайлауға да шамам келмеді.
- «Егер аузыңнан мен туралы сөз шықса - өлтіремін», – деді.Сонымен оның әрекеті әдетке айналды. Кішкентайларды далаға қуып жібереді. Менің көнбегеніме қарамайды. Кинодан көргенінің бәрін маған істейді... Сонымен қашып келген бетім... Әпкетай, қайттым енді, не істеймін?! Мамама «қалаға барып колледжге түсем, саған көмектеспекпін» дедім. Не істеймін, одан да сорақысын көрсем, екі қабат болып қалсам өлгенім жөн ғой... Мектептегі балалардың көпшілігі осындай әрекетте. Қыздардың қалай сақтануы жөнінде лециялар жиі оқылады. Бұрын қыздық ар-ождаңды сақтау жөнінде сөз болушы еді, енді қалай екі қабат болмауды үйретеді. Соған қарағанда ұл-қыздардың көпшілігі таза жүрмейтін сияқты. Соның енді менің басыма келгенін айтсаңшы... Басқа емес, туған бауырымнан мұндай қорлық көргенім үшін ішім удай ашиды.
Бетін тарам-тарам жас жуған әрі сәби жүзді, әрі көпті көрген әйелдей сөйлеп ой толғаған сіңілісін аяған Айтолқынның басына қаны теуіп, жүрегі шанши жөнелді. «Құдайым-ау, бұл не деген сұмдық? «Ел іші алтын бесік» дейтін елдің сиқы осындай болғаны ма? Бала тәрбиесіне бас-көз болатын еркектер мынау, нәпсілеріне ие бола алмай, ойларына келгенін істеп жүрген.Қаршадай сәби қызды зорлаған алпамсадай еркекті кеше де теледидардан көрсетіп жатыр еді... Немерелеріндей қыздарды алып жатқан шалдар анау...Соған қарай жастардың тәрбиесі осылай бұзылған болса, келешектен не қайыр? Енді қайтсем екен? Мына қызды ауылға қайтару обал. Не де болса үйдің қасындағы мектепке бере тұрайын, сонан соң Мәкеңдерді пайдаланып, интернаттардың біріне кіргізермін...Тамақ тауып жерміз, оған да Мәкең көмектесер...», деген сияқты ойлармен ұзақ дөңбекшіген Айтолқынның көзі таңға жуық ілінді.
Ұйқысы қанбай, әрі ауыр ойлардан езілген, жұмыстан шаршаған Айтолқын сұранып, ертерек үйіне келіп демалып жатқан еді, Гүләй жетіп келді.
- Тұр тез, киін! Әдемілен! Мәкең бүгін тағы сенімен болғысы келеді.
- Қойшы, шаршап тұрмын...
- Есің дұрыс па? Қандай болып тұрсаң да Мәкең хочет, значить дайын болуың керек. Ойбай-ау, Мәкеңдерге қолы жетпей жүргендер көп... Сен маған рахмет айтуың керек, әуелі.
- Кеше ғана болдым ғой...
- Яғни, оған әбден ұнағансың, көңілінен шыққансың. Сондықтан, оған қуан, сен.
- Тһуу...
- Мынау қайтеді-ей! Сені тәрбиелеп шашым ағаратын болды ғой...
- Ауылдан бір сіңілім келген болатын... Оны қалай жалғыз тастап кетемін? Қазір көшеге шығып кетіп еді...
- Ничего не знаю. Бол тез, жуын, киін! Машина күтіп тұр.
Дайындалып, сыланып болған Айтолқын есіктен шыға бергенде сіңілісі келіп кірген еді. «Тамағыңды істеп ішіп, алаңдамай ұйықтай бер. Мен кешірек немесе ертең келемін»,- деді де шығып кетті.
Өткен жолғыдай емес Мәкеңнің үйіне Айтолқын еркінсіп кірді. Кең құшағын айқара ашып, есіктен кірген Айтолқынды қапсыра, құмарлана сүйген Мәкең шынында да сағынып қалғандай. Көзінен, ернінен, мойнынан өбіп, ып-ыстық демімен күйдіріп, жандырып барады. Гүләйдің кеңестері есіне түсе қап, бұл да емеурін танытып, сүйіп, былқ-сылқ бола қалды.
- Қандай тәттісің, жаным... Сен сияқты бойжеткенді алғаш рет жолықтырып тұрмын. Не скрываю, талай қыз-келіншектер кездескен. Бірақ, сен сондай ерекшесің. Жұмыстан келген шығарсың... Шәй қоя ғой... Ауқаттанып алайық... Мен де ашпын. Тоңазытқышта қызметкерлер дайындап кеткен тамақтар болуы керек. Соларды жылытып дайындай ғой... Тез жылытатын техникаларды көрсетіп берейін... Міне, мынау...
- Жақсы...
- Мен демала тұрамын. Дайындап шақырарсың...
- Жақсы..., мақұл...
Айтолқын асүйдегі шеті алтындатылған әдемі ыдыстарды, сындырып алмайын дегендей баппен ұстап, дастархан жайып, тоңазытқыштағы уылдырықтың түр-түрін шығарып, қазы-қартасын турап, сәндеп, Гүләйден үйренгендерін істеп, қожайынды шәйға шақырды. Әкесін анасының қалай күтетінін көрген, үй ұстаудың тәлімін алған Айтолқын сәнімен, салтанатымен шәйін құйып, майысып отыр. Мәкеңнің де көңілі толып, талайдан бері орысшалыс, арбаң-қорбаңы басым, салпыетектеу әйелінің сар еткізіп құйып, кесесін тарс еткізіп қоя салатын әдетінен кейін Айтолқынның мына отырысына риза болғандай, кесесін алған сайын, қолын сипай түседі.
Ас ішкен ыдыс-аяқтарын жинап, жуынып-шайынып, жатын бөлмеге кірген Айтолқынды ай сәулесі түсіп, көгілдірленіп тұрған төсекте құшағын айқара ашып, Мәкең күтіп жатқан-ды. Құшағына құлай кеткен жас аруды әбден әурелеп, ұзақ аймалады. Өткендегідей сұлық болмай әрекетімен келіншектің жауап қайтарып жатқаны ұнай түсті. Басынан қуат күшін тез қайтармай, сол сәтті ұзағырақ ұстағысы келгендей өбе берді. Құшақтарын жазбастан екеуі де ұйықтап кетті.
Түн ортасы ма, әлде таңға жақын ба әлдеқайдан естілген жағымсыз дыбыстан оянған Айтолқын түсіне алмай біраз жатты. Біреу ыңырсығандай ма, әлде жылағандай ма, ер адамның зіркілдеген дауыс екпіні құлағына келгендей... Қасында Мәкең де жоқ екен... Япырым-ай, не болды?! Қорыққаннан өн-бойы тоңазып, денесі дірілдеп кетті. Шамды да қайдан жағарын білмей, үн шыққан жақтағы терезеге жүгіріп барды. Ай сәулесі бұлтпен көлегейленіп ештеңе көрінбеді. Біреулер біреуді сабап жатқан сыңайлы... Айғайлап, жылап, жалынып біреу сауға сұрағандай... Далаға барып көрмекші болып есікке жүгіріп барды. Кенет Гүләйдің: «ештеңеде шатағың болмайды. Глухая, немая, поняла?!» дегені есіне түсіп, кері оралды. Кенет, сарай ма, үй ме әлдебір есік ашылып, жарық түсті. Бірнеше адам біреуді сүйретіп алып шықты. Жансыз ба, талып қалған ба сүйретілген адамды қол-аяқтан алып, әлдебір науа тәрізді жерге лақтыра салды. Машинаның жарығын түсіріп, әлгі үш-төрт адам күрекпен әлденені лақтырып, жаңағы адамды көме бастады.
«Құдайым-ау, мынау не сұмдық? Тірідей көміп жатыр ма?! Әлде қинап өлтірді ме екен? Не жазды екен? Құдай-ау, анау қолын қағып, бері келе жатқан Мәкең емес пе?! Алла, сақтай гөр. «Көп нәрсені білігің келіп ұмтылма, әйтпесе қабырғаға айналасың», - деп еді әнеу күні Гүләй. Осы екен ғой, қабырғасы. Ойбай, түк білмегенсіп, көрмегенсіп, ұйықтағансып жатайын. Алла сақтасын! - деп Айтолқын денесінің қалшылдағанын зорға басып, басын бүркей жамылып, жатып қалды. Мәкеңнің келіп жатқанын, сәлден кейін қорылдап ұйқыға кеткенін сезіп жатты. Көпке дейін өзі ұйықтай алмай, күн шыға көзі ілініп кетті. Бас жағындағы қағазға көзі түсті: «Айым, жексенбі ғой ұйықтасын деп оятпай кеттім. Ұйқың қанған соң шықсаң, көлік күтіп тұрады. Мына ұялы телефон сенікі, нөмірің мынау... Мен іздегенде тез келе қоюың үшін... және...»
Айтолқынның көзі бір бума ақшаға түсті. Бұл жолы онша қымсынбай сөмкесіне салды да үйден шықты. Машинаға отыра бере арт жағына көз салып еді, түнгі оқиға болған жерде әлде бір құрылыс жүріп жатыр екен... жүрегі зырқ ете қалды, үндемес шопыр үйіне әкеліп салды.
Түнгі жай көз алдына елестеп, құлағында жалбарынған сарын ызыңдап тұрып алды. «Не болды, кім екен?! Тірідей көмді ме? Не үшін?» деген сұрақтар басын қаумалап, бойын қайтадан қорқыныш билеп, дірілдеп сала берді. «Қой, құрысын, білмей-ақ қояйын.... Тыныштық керек». Дегенмен, былық-шылығы көп адамдарға жолыққанын іші сезді.
Көңілдесінің сыйға тартқан телефоны әдемі әуенді ойнап қоя берді:
- Әлеу, Айка?...
- Ия, Мәке...
- Көңіл күйің қалай, жаным? –
- Жақсы...
- Өте тәтті түн болды... саған деген құмарым басылар емес...
«Япырм-ай, ешқандай оқиға болмағандай сөйлеуін-ай! Әлде мені «біліп қоймады ма екен» деп сынап тұр ма?» деген ойлар орала кеткен Айтолқын жан күйзелісін сездірмеуге тырысты.
- Ия, мен үшін де жақсы түн болды. Шаршап қатты ұйықтап қалыппын.
- Телефоныңа мен ғана қоңырау шалуға тиіспін. Номерді ешкімге берме, жәрәй ма? Көпке таралып кетсе, маза қоймайды... Түсіндің бе?!
- Жәрәйды, солай болсын...
- Бүгін үйіме, бала-шағаға барамын... Ал ертең сені міндетті түрде сағынамын.Дайын жүресің...
- Жақсы.
«Бала-шағасына баратыны дұрыс болды. Әйтпесе, мен ана оқиғаны көргенімді білдіріп қояр ма едім... Кішкене, арнаға түсіп алайын... ұмытуға тырысайын», - деп ойлап, ауылға барып қайтқандардан үй-ішінің амандығын біліп келейін деп кеткен сіңілісіне ас әзірлеп қоймақ болды. Көңілін ауламақ болып, радионы қосып еді, әдемі әуен құйылып тұр екен. Қосылып ән салып, бұрынғыдай не тамақ қыламын дейтін дәрежеден өтіп кеткенін байқады. Тоңазытқышында керектің бәрі тұр екен. Әдемілеп, сәндеп, асықпай тамақ пісірді, көркемдеп дастархан жайды. «Тек мынау еңсені басып тұрған күркеден құтылсам екен... Мәкеңнің уәде берген екі бөлмесі қашан болар екен?!» - деген ой жалт ете қалды. «Бір шаңырағым болса, әйтеуір тыныш өмір сүрер едім... Жасым келгенше Мәкеңе қызмет етіп тұрсам, аштан өліп, көштен қалмаспын».
Тыстан Райгүл кірді. Қасында мектепте бірге оқыған, балалығы бірге өткен әпкесінің құрбысы Риза келе жатыр. Көптен көрмеген баяғы сырласы, мұңдасы Ризаны көріп қуанғаннан Айтолқынның аузына сөз түспей қалды.
- Кел, құшақтайын, неғып сүлкиіп тұрып қалдың? – деген Риза даусынан селт етті.
- Амансың ба, Ризажан?...
- Ия, шүкір. Өзің ше?
- Көрмегелі көп болды-ау...
- Айтпа... Егер мына Райгүл болмаса әлі де көрмес пе едік? Көшеде кездесіп қалып, қой Айтолқынды көрмей кетпеймін, - дедім.
- Жұмыс, жұмыс деп ешқайда мен де шықпаймын.
- Рас, жай-күйіңмен Райгүлдің әңгімесі арқылы таныспын...
Айтолқын секем алып Райгүл Мәкең туралы айтып қойды ма екен деп беті ду ете қалды. «Ешкімге тіс жарма» деп едім ғой қалайша айтып қойды. Мүмкін айтпаған шығар... деген оймен Айтолқын қыздарды дастарханға шақырды. Тәтті – дәмді тағамдарды жей отырып, қыздар ұзақ шәй ішті. Көп тіс жарып, ағытыла қоймаған Айтолқын көбіне Ризаны сөзге тартып отыр:
- Екеуміздің сырымыз да, жырымыз да бірге еді ғой... Ешбір сыр қалдырмай ақтарушы едік қой... Есіңде ме, бала махаббаттарымыз?
- Ия, ия, дәл бүгінгідей өмірді елестетіп пе едік? Армандарымыз асқар таудай еді ғой... өмір деген бағдаршам мүлде басқа арнаға түсіріп жібереді екен... Қалаға аңсарымыз ауып тұрушы еді , мектепті бітіре салысымен Ақтауға кетіп едім ғой... Сол жердегі оқу орындарының ешқайсына түсе алмай, заводта жұмыс істедім. Сол жерде жүріп тұрмысқа шықтым. Ойпыр-ой, кеудесіне нан пісетін, кеудем соқ жігіт болып шықты. «Алғанынша «жаным» дейтін, алып алған соң жанын жейтін» дегеннің өзі болды. Бойдақ кездегі жігітімді үйленген соң тани алмай қалдым. Өз дегенін істеді, менің айтқанымды құлағына да ілмеді, тіпті әдейі, керсінше ғып істейтінін байқадым. Үнемі кемсітіп отыратынды шығарды. Үй болған соң болар, мүмкін үйреніп кетерміз деп ойладым. Бір жылдан соң балалы болдық. Өмір өтіп жатты. Үйсіз, күйсіздік мәселесі де жанды жеп барады. Ұрыс – керісіміз көбейіп кетті, менен де тіл шықты. «Қолыңнан түк келмейтін бейшара болсаң, құр кеудеңді керетін бос кеуде болсаң, бала-шағаңды асырай алатын шамаң болмаса неменеге үйлендің, неғып менің басымды қатырдың? Дәулетті, әулетті біреуді қарастырмай сенен не үміт күтіп шықтым екен? Байғұс, бейшара басым-ай, - деп өкіріп тұрып жыладым. -Осы түрімен еркекпін деп емексітетінін қайтерсің... Ой, сорлы! - дегенім сол еді, құлақ шекеден дың ете қалған жұдырықтан құлап түстім.
«Болды, жетті, енді ажырасамын. Отыр, осылай, байғұс, кеще, сорлы, көргенсіз, анадан тумаған аңсың», - деп тілімді тартпай сөйлеп жатырмын. Бүйірімнен жатқан жерімде бір тепті. Одан сайын аузыма келгенді айтып, зарлай бердім. Есікті тарс еткізіп, шығып кеткен болатын. Мен де жүгіре қоймадым. Сол кеткеннен мол кетті. Әкесінің үйіне барыпты да, асылып қалыпты. Асын өткізгенше отырдым да, сонан кейін баланы жетектеп, үйіме кеттім. «Қайта шапқан жау жаман, қайта келген қыз жаманның» керімен үйіме, ата-анама да сыймағандай күн кештім. Баланы соларға тастадым да, Алматыға тартып отырдым. Орналасқанша, орын тапқанша талай оқиғаны бастан кештім. «Алматы қалталылардың, шенді-шекпенділердің қаласы» дейтіндерге сенбеуші едім... Басқа түскен соң, көрдік қой бәрін... Біреудің танысының үй күтушісі болып жүріп, біраз еңбек сіңіріп, сенімдеріне кірдім. Алып қойған үйлері көп екен, соның бірін маған берді. Тұра бер, бізге адал қызмет ет, ұрлық қылма, міндеттеріңді дұрыс атқар, - деді. Ойбай-ау оларға қызмет етпегенде кімге қызмет етем?! Тағы бір жерде жұмыс істеймін, соның ақшасына ас-ауқат аламын. Сөйтіп жүріп жатырмын... Бірақ... жас адамға еркексіз қиын екен... Беталбаты кімге ұмтыламын? «Кел, бірге өмір сүрейік» немесе тіпті «көңілдесім болшы» деп те ешкім айтпады. Түнімен өзіммен өзім арпалысып, өртеніп шығамын. Ұйқы қашады. Ешкімге керексіз болған жаман екен. Қай еркектің мойнына асыламын? Асылдыра ма? «Күйеуімді неге бағаламадым, неге оны қадірлемедім? Еркектің аты еркек қой, кішкене шыдағанымда бәрі жақсы болып кетер ме, еді... Бала анау не әке жоқ, не шеше жоқ қасында. Мен мынау, әркімнің кір-қоқысын жинап, өмір сүріп жүрмін деп мәзбін. Жападан жалғыз отырмайын деп, пәтерден пәтерге көшіп,мазасы болмай жүрген ағамның баласын кіргізіп алған едім. Кейде аунап, дөңбекшіп, өртеніп жатып, сол бауырымның қойнына да кіріп кете жаздадым. Өзімді өзім әрең тоқтатамын. Шалқасынан ұйықтап жатыр екен. Оған көзім түсіп, жынданып кете жаздадым. Ар-ұят жеңіп, мен жеңілдім. Ертеңгі күні түнде тағы көзім түсті.Нәпсі деген бәле нағыз сайтан екен... Бой алдырып бара жатып, зорға тоқтадым. Қой, бұл бала менің үйімнен кетпесе абыройдан жұрдай болармын, әулетті ойлап отырмын ғой, баяғы. Бұл жақта мені кім біліп жатыр дейсің... әрлі-берлі ойлап, балаға «үйді босат, күйеуге тиемін» дедім. «Әпкетай-ау, енді қайда барамын?» деп жылай-жылай кетті. Міне, құрбым, сенің жан досыңның жағдайы осылай... қол ұшын беріп тұратын, анда-санда болса да кездесіп тұратын біреудің тоқалы болуға қарсы емеспін... Біреуге қажет болу, сүю, күту, соған қызмет қылу да арман екен... Басында Алланың берген бағын қолда ұстап тұра алмай, ұшырып алғаннан артық бақытсыздық жоқ. Оның бәрін енді ұғындық қой... Қанша өмірдің дауылына қарсы жүріп, қаншалықты әрекет етіп бақсаң да, «әйелдің жолы жіңішке» деп бабалар текке айтпаған. Машинаның рөлін ұстап, депутат болам, ел басқарамын деп ұмтылып жатқан әйелдер айналып келгенде, сол ер азаматтардың қолдауымен еркелеп жүргендер екеніне көзім жеткендей... Сондықтан, біздің қазақ әйелдеріне ата-баба дәстүрінен ауытқудың, боразда бұзғанның еш қажеті жоғын түсіндім...
Риза әңгімесінің толқытқаны соншалық қыздардың бәрінің шаралары жасқа толып, жандары жабырқап, біраз үнсіз қалды. Өмір – өзеннің қайда ағызып апарарын, желегі желкілдеген, жанға жайлы алаңға ма, әлде елсіз қайранға шығарып тастай ма деген бір сәттік ой құшағында қалған олар үнсіз отыр. Сәлден соң Риза:
- Қой, қыздар, үйіме қайтайын... Кешке қарай дәулетті екі адамның үйін жинап келуім керек..., - деп үнсіздікті бұзды. Қонақтарын шығарып салған апалы-сіңілілер үн-түнсіз төсектеріне жатты. Көздері ұйқыда болғанымен көңілдері алай-дүлей. Әр қайсысы өздерінің болашағы, бүгінгі күні, ертеңіне әбден бойлап жатқандары аунақшыған сәттерінен білініп тұрды.
Әсіресе Айтолқын өз жағдайын көп електен өткізді. Шынында да өз жағдайының ескексіз жел айдаған қайық сияқты екенін жанымен түсінді. «Жас кезінде, әдемі, мүсінді күндерінде керек болып, ертеңгісін кір сүртіп тастаған шүберектей лақтырып тастамасына кім кепіл?! Бірақ... не істемек?.. Қолдан келер қайран жоқ. Қайта сол Мәкеңдердің керегіне жарағанына шүкіршілік. Ана Ризалар осындай өмірді армандап отыр емес пе? Сондықтан, қарным тойына бастаған соң, әр-нәрсені ойлап кеттім бе? Басыма бір шаңырақ алып алайын, сонан соң тағысын тағы көрермін».
Жұмыстан шаршап келгенде қатып ұйықтайтын Айтолқынның енді ұйқысыз түндері көбейді. Қажалаған, кемірген ой лектері ілініп бере жатқан көздің шарасын айнадай ашады. Әрі аунап, бері аунап, қап-қара бұлттай салмағы батпан, зілі ауыр ойларды қуып кетіре алмай тағы әуре. Жарқынырақ нәрселерді ойлап, көңіл ауанын аулайын десе оған дәйек болатындай тағы еш нәрсе жоқ. Көбінесе жарқын жайлар ауылға байланысты келеді.
Әкесі Байзақ атасының екінші әйелінен туған екен. «Ойпырым-ай, сол кездегі адамдардың көңілін-ай, парасатын-ай», - деп бастайтын анасы әңгімесін... – Жарықтық атамның бәйбішесі, Алла иманын бұйыртсын, Ақлима өте ақылды болыпты. Өз құрсағынан бала көтере алмапты. Жылдар жылжып өтіп жатыр.Жас болса келіп қалған... Іштегі күйік қалыңдай түскен. Атамыз да махаббатына өте адал,сабаз адам екен, бала таппадың деп кінә артпапты...Содан апамыз шалына әйел айттырып алып бермек боп шешеді. Ауылдағы алыс жамағаттардың бірінің үйінде отырып қалған қызы бар екен. Соны айттырып алып беремін шалыма деп сұрап барады. Аналар қыздарын бермей қуып жібереді. Жігері құм болған апамыздың еңсесі түсіп, бүкіл қайғы-қасіретін есіне алып, жылап келіпті. Ертесіне буынып-түйініп қайта барады:
- Әй, Есіркеп, мен саған жетіскеннен келіп отырған жоқпын. Бір әулет ұрпақсыз өтейін деп отыр, оған мен кінәлімін. Алла сөйтіп қойса не шара?! Құдай әйелді ұрпақ өрбітсін деп жаратқан. Үйде отырып қалған қыз ғой деп келіп отырмын. Шалым қартайып тұрған жоқ, қуат-күші бойында. Ал, мен күн бермейтін, ойындағысы бойында тұрмайтын, желөкпе қатын болсам өз байыма өзім қатын іздеп жүрмес едім. Сондықтан ойлан, ай туғанда қоржыныңды әкеп, алып кетсек...
- Тоқал боп барған соң қызымды тоқпақтап отырсаң, менің де іштей өлгенім. Одан да ақ босағасында отыра бергені жөн шығар?!
- Егер, қызың бала көтеріп, ұрпағымыз көбейіп жатса, мен өзім-ақ бағамын... Күйеуімнің қойнына салып қойып, тілеуін тілеймін.
Сонымен екі жақ келісіп, атамыз тоқал алады. Арада бір жыл өтеді. Тоқал анамыз да құрсақ көтермейді. Сонда бәйбіше апам дұғасын оқып отырып, күндесіне Алладан бала сұрайды екен. Егіліп, жылап отырып сұрайды екен... Алла оның көз жасын көріп, тоқал анамыз, бес бала туыпты. Кәдімгі келінін күткендей бала туысымен бауырына салып, өзі күтіп-бағып, бәйбіше анамыз шалына да, күндесіне де жағдай жасап, емшек сүтімен едел-жедел көтерген бес баланы да өсіріп, ер жеткізген екен. Сол балалардың кішісі ғой Байзақ. Екі енем де байғұстар, Алланың бергенінен бас тартпаңдар, табыңдар деп отырушы еді. Қандай кемеңгер, қандай кең, ақылды парасатты адамдар өмірден өткен десеңші....
Балалардың бәрі үлкен шешелерінің қамқорлығында өседі. Кіші шешелері Алла беріп, ұрпақ жалғастырғаны үшін құрметке бөленіпті. Әйтпесе, бос белбеу, салақтау, бірақ өте жуас әйел болған. Өле-өлгенше бәйбіше шып-шырғасын шығармай, атамыздың шаңырағын шайқалтпай, берекелі, бейбіт отбасы етіп ұстап отырыпты. Сөйтіп зорға көрген балаларын атам да қызық, тәрбиелеуге немесе баласы жоқ туыстарға беріп жібереді екен... Кең даланың дархандығы дарыған үлкендеріміздің үлгісі үгіліп бара жатыр ғой...Сол біздің заманымызға дарыса ғой шіркін!...
Ой, қазақ шіркін дархандығына, даладай кең пейілділігіне қарамастан шамырқанғыш та ғой... Сол анамыз бен атамыз көрші отырған жамағайынның үйіне өкпелеп, бір күнде көшіп кеткен екен басқа ауылға.
Көрші туыстардың ауласының сыртында үлкен өрік ағашы өсіп тұрған екен. Едел-жедел туып, бірінің артынан бірі өсіп келе жатқан, атамның өлгенде талғанда көрген балалары жаңағы өрікке өрмелеп шығып, піскенін жеп жүретін көрінеді. Жамағаттың бәйбішесі бірлі-екілі рет балаларды қуып жібергенін көңілге түйіп, бірақ айтуға ауыздары бармай жүріпті. Сол кілтипанның тетігі бір-ақ күнде шешіліпті. Бір күні ертеңгісін қараса арпылдаған үлкен төбетті әлгі өріктің түбіне байлап қойыпты.
- Менің балаларым жегеннен өрігінің саны кеміп қала ма екен?! Қашанғы жейді дейсің? Біраз күн жеген соң өздері де шығып қалады. Бала емес пе, қорыған сайын ұмтылатын... «Ит қорыған жерге өш» деген емес пе?! Қарашы-ей, мынаны! Ұят-ай! Қайнағасынан ұялмай ма? «Қайнағамның өлгенде, талғанда көрген балаларынан аямай-ақ қояйын» демей ме? Ой, сый білмес, қу мазар құсап отырмасын, балалардың бірін алып тәрбиелеңдер деп айтпақшы боп жүрсем... Ой-бу, қой... сол өрік те дүние болыпты-ау! Аллаһ бермей, үсіп кетсе ше? Онда қайтеді екен?..
Үлкен шешеміз бір күн бойы бұрқылдап жүріп, шалы екеуі, «қой, мынадай түйсіксіздермен қоңсы болмай-ақ қояйық», - деп бір күннің ішінде көрші ауылға көшіпті де кетіпті.Сөйткен бабалардың ұрпақтары сенің әкең,- деп отыратын анасы.
Бір шикі өкпе үшін осындай ерлікке барған, күндесін келініндей күткен аналары жайлы әңгіме есіне түскен сайын Айтолқын өз ісіне опық жейді. Тұла бойы тұңғышын өз қолымен өлтіргендей болады, өлтірген емей немене түсе сап бойында жаны бар нәрестені тастай қашқаны. Енді ол күндер келмеске кетті. «Әгәрәкім сол шақ қайта оралатындай мүмкіндік болса, әттең, бәрін мүлде басқаша бастар едім», - деген ойлар да шарасыздықтан туындаған болатын. Кеудені кернеген өкініш өмір лебі ақыр соңында лықсыған өксікпен шығатын, тұншыға, егіле жылаған соң барып бойы жеңілдейтін. Әрі қарай тіршіліктің қарекеті қайта жалғасады. Өйткені өмір сүру парызы деген үлкен ақиқат алдынан қарсы алатын...
Тарс-тұрс қағылған есіктің екпінінен шағын жер тамның өн бойына діріл жүгірді. Шеті-шегі болмаған ой көшкіні бірінен кейін бірі басып, денесін батпан салмақтан суырып ала алмаған Айтолқын тарсыл естігендей болды. Одан кереуеті діріл қақты. Жер сілкініп тұр ма, әлде түс көріп жатырмын ба деп кеш келген ұйқысын бұза алмай жатыр еді, «Айтолқын» деген қосыла шыққан айқай елең еткізді. Шашы қобырап, ұйқы көйлегі көлеңдеп, жүгіріп барып есік ашты:
- Таң атпастан, дабырлап, не болды, Гүләй-ау?!
- Болды, бұдан ары не болушы еді, болды...
- Айтсаңшы енді, ел аман ба?
- Ой, сен де, елін айтады ғой...
- Енді не болды?!
- Түнде келіп, милиция Мәкеңді тұтқындапты...
- Неге?! Неге?!
- Үкіметтің қаржысын жеген және де кісі өліміне де қатысы бар көрінеді...
- Не дейді?!
Айтолқынның өңі қуарып, жағы сола қалды. Әдемі өңі бір сәтте шарасыздық, бейшаралық халге түсті.
- Енді біздікіне де қауіп төніп тұрған екен... Екеуі сыбайлас емес пе... Әуелі, екеумізді де тексеруі мүмкін...
- Енді қайттік?
- Білмеймін... маған алып берген үйін де тартып алады екен... Далада қалатын болдым... ай-и-и...
Егіле жылаған Гүләйдің дауысы жоқтау айтқандай естілді.
- Болды, қойшы, Гүләй бірдеңе ғып күн көрерміз...
- Сенің бетіңнің әрі бар, жерде қалмай, тағы біреуді тауып аларсың, маған құдай бір мүмкіндік беріп еді. Бетім емес, қылығыма қаратып едім, әйтпесе, қазіргі еркектерге жан-жақты көбелектер керек қой...
Қосыла егіле жылаған егіз сормаңдайлар баяғы қалыптарына түскендеріне, бақ даулеттерінің, ырзықтарының өмірі қысқа болғанына, тағдырдың тәлкегі бұларды әбден мазақ еткеніне налыды. Алайда біреудің бақытын ұрлап, ынтымақтарын ыдыратып, ырзығына ортақ болғанының пәтуасы болмайтынын керсінше жазасы болатынын, бір тәңірге жақпайтынын түсінгендей еді.
Х х х х
Күні бойы шаршағаны аяғына түскендей ілби басып, мойны салбырап, бүкшиіп келе жатқан әйелді «Айтош!» деген дауыс елең еткізді. Сонау жап-жас бойжеткен шағындағы естіген есімі, баяғы сол қоңыр дауыс! «Құдайым – ау, Қайрош қой, мынау». Артына бұрылып, тұра ұмтылды. Жаны жүдеу, көңілі күздей торыққан Айтолқын жүгіріп «Қайрош!» деп ұмтылды, қымсынбастан жігіт құшағына енді. Сол Қайрошы өзі қарамай кеткен Қайрошы... Іштегі мұңын, осы жап-жас қалпында өмірден көрген қорлығын ешкімге айта алмай, ішқұса боп жүрген ол ағыл-тегіл көз жасына ерік берді.
- Не болды. Айтош?! Неге қамықтың, жаным?!, - деп ауылда жүргенде қолынан да ұстатпайтын асау қыздың құшағына құлаған сәтін пайдаланып, жігіт те еркінсіді.
- Ештеңе, ауылды, елді, туыстарды, сендер сияқты достарды сағынып... кешір...
- Үйіңе шығарып салайын. Қайда тұрасың?
- Пәтерде тұрамын...
- Мен де... жүре ғой, апарып салайын.
- Мен өзім-ақ барамын.
- Барасың ғой... дегенмен әңгімелесіп қолыңнан шәй ішіп дегендей...
Жігіттің талабына қайтара алмай, үндемей, көнген сыңай білдірді.
Менің де ауылдан келгеніме 5-6 жыл болып қалды... Пәтер жалдап тұрып жатырмын... Табысым жаман емес. Алған әйелім нашар болып, ажырасып кеттім. Өзіңді бір көрсем деп армандаушы едім... «Өңім бе, түсім бе, Айтош па, емес пе?» деп толғанып, бірақ, әйтеуір бір күш өзім қойған есіміңді ататқызды ғой... Өзің тұрмысқа шықтың ба?
- Мен де ажырастым.., - деді ол басынан өткен келеңсіз жайларды айтып отырғанды жөн көрмей.
- Мен сені әлі сүйемін, Айтош...
- Сол балалық махаббат менің жүрегімде де сақталып қалғандай...
Әйелдің өзіне онша кет әрі емес екендігін байқаған еркек өзін еркін ұстап, күлдіргі әңгімелер айта отырды. Өткен- кеткен қызықты оқиғалар, мектептегі өмір, ауылдағы жастар жайлы ұзақ әңгіме -дүкен құрды. Кетуге емеуірін білдірмеген жігіттің көңілін де Айтолқын қимай үндемеді. Ақыры Қайрош қалып қалды. Ертеңгісін ол:
- Айтош, бір-бірімізді білмейтін адамдар емеспіз. Сезімдер өтті бастан. Әлі сөнбеген сияқты. Бірлесіп өмір сүрейік, - деді.Сонымен, Айтолқынның аядай бөлмесінде екеуі бірлескен өмірді бастап кетті.
Арада айлар өтті. Гүләйдің айтуынша оның Бекасы, мұның Мәкесі де ұзақ жылдарға бас бостандықтарынан айырылыпты. Дүние мүліктері тәркіленіпті. Оның ішінде Гүләйға әперген баспана да кетіпті. Сонымен, ол да баяғы «таз қалпына» түсіп, күн көрісі қиындап, екі қолға бір тірлік табылмай қиналыпты. «Жетім бұрышта» жетімсіреп жүрген жерінен біреу паналатып, үйінің бұрышынан орын беріпті. «Ой, дүние-ай, десеңші!» дегенде көкірегі қарс айырыла жаздағанын көргенде Айтолқын да өзінің де біраз көрген қызықтарының ендігі жерде елес болып қалғанын түсінді.
Әрі бала кезден бірге өскен көзтаныс, әрі бала махабаттың куәсі, әрі сезімі әлі күнге өшпеген Қайрошқа деген сенімі нығайып, Айтолқын нәрестелі болуға бел шешкен болатын. Жастықтың қателігінен тастап кетіп, өліміне себепші болған нәресте кеудесінде қасірет болып қатып қалған. Сол шеменді жібіткісі де келді. Сөйткен сәби құрсағында қыбырлап, әне-міне дегенше дүниеге ұмтылғандай.
Тиіп қашып, анда бір, мұнда бір жұмыс істеп, Қайрош та тиын-тебенін алып келеді. «Тұрақты жұмыс табылмай тұр», - дейді. «Ол неге табылмайды, тұрақты неге орналаспайсың?», -деп бұл да сұрамайды. Өзінің азын-аулақ ақысы бар, ілдалдалап күн көріп жатыр.Сырт көркі сұлу Қайрошқа әйелдердің көзі бірден түсетін. Өзінің осы бір ерекшелігін ол да жиі пайдаланатын. Көбінесе бір-екі қайтара қызықтаған соң, жоламай кететін тәсілі дәл осы жолы қармақталды. Кімге айтар оны...
Қармақты Жанат есімді келіншек салды, мықтап қатырды. Оны өзі сезбей де қалды.Жанат осы үлкен қалаға жақын жердегі ауылдың қызы. Жастай жетіліп, жігіттермен ерте араласып жүріп, он жетісінде жүкті болып, тапқан қызы бар. Одан бергі 13-14 жыл уақытта қолына жөндеп еркек ілінбей жүргенде Қайрош кезікті. Көрші атаның баласымен дос жігіт сол ауылға жиі баратын. «Қадалған жерінен қан алатын» бойжеткен қолынан келген әрекетін жасап жүріп, өзінің әрсіздігіне қарамастан сымбатты сылқымды өзіне қаратып алды. Көптен ер құшағын көрмеген келіншек өнерін, білгенін бар жағынан көрсетіп жүріп Қайрош та алыстай алмады. Бірер жылдай салған қармағын тереңдете түскен келіншек өзінің көңілдестен гөрі салмақтырақ тірлік сүргісі келетінін жайлап ескертіп, жігітті құшағына үйретіп алған еді. Сонымен сәрсенбінің сәтінде жүкті екенін мәлім етті. Басы әңкі-тәңкі болған Қайроштың «Егер тастап кетсең, сотқа берем» деген Жанаттың жетегінен шыға алмай жүргеніне де бірталай уақыт болған. Бала махаббаты болған, әне-міне деп күні жетіп отырған Айтолқынды да тастап кете алмай сарсаңнан шаршап жүргенінде қызды болды. Нәрестесіне қуанғаннан Айтолқынның көзіне жас келіп, ендігі өміріндегі бар қуанышы осы болар деген ойларға да кетті. Өйткені, әлденеге алаңдаулы болған Қайроштың мінезі кейінгі кездері ұнамай жүрген. Алайда, «жүкті әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» дегендей еріне мойын бұруға шамасы келмеген. Енді аяқ- қолын бауырына алып, ауруханадан кейін үйіне келіп, көңілі жайланған соң байқағаны Қайроштың сезімінің өзіне суый бастағандай кейпі еді. Бірақ, алаңдауға шама жоқ. Өмірдің есігін ашқан сәбиі Әселдің қамымен таң атып, күн батты. Ақыры Қайрош та Айтолқынға ағынан жарылды. Басына түскен қайғыны айтып, «ойнақтаған от басардың» кебін кигенін жеткізді. Сөйтіп, Жанаттың екі бөлмелі үйіне кіріп алды. «Қалай келсе, солай кетті» ғой деп өзін өзі жұбатқанымен де, Айтолқынның сүйенер, ешкімі болмай көңілі қоңылтақсып, уайымға берілді. Ең қиыны жан бағу жағы болды. Сәл тамаққа аузы ілінетіндей боп қанаты қата бастаса сәбиін үй иесі әйелге ақшасын төлеп, қаратып жұмысқа шығып кетпекші де болды. Қайроштың қауқарсыздығына, опасыздығына, алды-артына қарауға шамасы келмей кеткен қорқақтығына налыды. «Менің сотқа берем» деп қорқытуға ұятымның жетпейтінін біліп тұр-ау... Бұл заман осындайлардың заманы болды-ау...»
Уақыт зымырап өте берді. Күндіз жұмысынан қалжырап, кешкісін баласының тәрбиесі, қамымен жүріп оның төртке келіп қалғанын да байқамапты. Әлдебір тұңғиық ойлардың қажағанына біраз күндер болды: «Бұл не жүрісім?! Басымда баспана да жоқ. Қолтығымнан демер ерім де жоқ. Біріне тартса біріне жетпейтін қаржысы мынау. Сонда бұл неғылған мағынасыз тірлік болды?!» деп ойлады. Сонымен, ауылдағы қарт ананың қолына қайтпақ болып шешті. Жұмыс орнымен есеп айырысып, қызын жетектеп, азын-аулақ киім-кешегін көтеріп кете барды. Қош, армандай болған ақ қала! Бір уақытта таудай талаппен аттап едім босағаңды. Сол сұп-сұр күні келген мені сен де сұрланып қарсы алдың, бауырыңа тартпадың. Ақыры, не көрмедім?! Адам жаны бәрі көтереді екен... «Адамның басы Алланың добы» деген ғой, біраз домалаттың. Енді міне, орын таппай, от таппай, елге ауып бара жатқаным мынау...». Біраз тебіреніс, толғаныстан көзіне жас алған Айтолқын поезға отырды. Алда да жарқырап күтіп тұрған даңғыл жол жоқ сияқты. Мұнарланған боз даланың сағымы қандай жұмбақ болса, ендігі жердегі өмір де сондай мұнарлы болатын.
Ауыл сол баяғы ауыл екен... Жастардың көпшілігі қала жағалап кетіп қалған. Кете алмағандардың жұмыстары жоқ, уақыттарын карта ойнап, арақ ішіп, ара-тұра төбелесіп өткізіп жатқандарынан анасы хабардар етті:
- Өз бауырың, Қанат та солардың қатарында... – Қызмет болмаса да, «мал өсіріп, бағып дәулет жасауға болады ғой» десем тыңдамайды...
- Мен сөйлесіп көрейін...
- Ойбу, ол ешкімді тыңдамайды. Әкең қайтқалы тіптен өзгеріп кетті. «Араққа ақша тап» дейтінді шығарды...
- Менің қызымды бағып берсең, ана киім тігетін шеберханада бір әйел декреттік демалысқа кетеді екен, соған кірсем деп ойлап тұрмын...
- Әрине, аяқ-қолым жүріп тұрғанда бағып беремін ғой...
Осы бір әңгіме-дүкеннен кейін Айтолқын азын-аулақ ақысы бар жұмысқа кіріп, орын тапқанына риза болатын. Кешке-кешке кейде Қанаттың шығаратын шуы болмаса, бір қалыпты өмір басталғандай еді...
Кешегі ішкен ішкіліктің зардабынан басы зеңгіп тұрған Қанат не істерін білмей аласұрды. Бір жарты алып, кешегі достарымен бөліп ішіп алса жаны жадырар еді... Оған, қалтада соқыр тиыны жоқ, санасында тек бас жазу.
- Апа, әй, апа! Қайдасың?,- деп ышқына айқайлады.
- Не болды, қарағым-ау, - деп сүріне, жығыла жүгіріп анасы келді.
- Маған ақша керек...
- Оны қайдан аламын? Жоқ қой...
- Қайдан алсаң, одан ал... тап деген соң тап...
- Әй, қайдан табам, жоқ болса, Зейнетақы бітті ғой. Ешкім қарыз бермейді.
- Өтірік айтасың береді...
- Енді араққа ақша бер деп жүгіремін бе?
- Нанға сұра!
- Бала болмай бақа болғыр сенен-ақ көрдім ғой...
- Не дейсің?!
- Мұндай болғанша өліп неге қалмадың?
- Ә, ә.... мені өлтіргің келіп тұр ма? Одан бұрын мен сені өлтіремін....
Басына қаны теуіп, көзі қарайған Қанат қолына түскен көсеуді ала салып анасының басынан ұрып жіберді. Есінен танып құлап түскен ананы темірмен ұрғылай берді. Өзі өмір берген ұлының қолынан осылай ана өлім құшты.Қорқып тығылып отырған қаршадай Әселді көріп, көңіліне небір ойлар кіріп, еркектік делебесі қозды. Жүрегі әлдебір жамандықты сезіп жылай бастаған қызды, шырқыратып, сүйреп әкеліп, зорлап, аюандық әрекетке барды.. Тән құмарын тарқатып алған соң, талып қалған қызға көңіл бөлместен үйден ақша іздей бастады. Шешесінің әмианын тауып жартыға жетер тиын -тебенді алып, арақ алып келді дүкеннен. Асықпай отырып ішімдікке тойып алған соң, есін жия бастаған қыз көзіне түсті, сәлден кейін қаршадай сәбидің басы оның айқасып кеткен саусақтардың арасынан сылқ ете қалды.Асықпай ауланың ішінен жер қазып, анасы мен жиен қызды көміп, үйге кіріп бөтелкенің қалғанын тауысып тұрған болатын. Аяқтары жүрмей отырған жігіттің көңіл күйін жұмыстан қайтқан әпкесі бұзды:
- Қанат, тағы ішіп отырсың ба?!
- Іштім, ішемін...
- Апам қайда, Әсел қайда?..
Бөлмелерді аралап, шарқ ұрған Айтолқын бір сұмдықтың болғанын сезді:
- Қайда деймін, олар?....
Жауап бергеннің орнына көздері қанталаған бауырының өзіне қарай ұмтылғанын байқады. Қолында пышақ. Жан-дәрмен қашып, есікке жетті. Сол жүгірген бойы, көршінің үйіне жетіп жығылды:
- Аға, тез милиция шақыр. Қанат мас. Үйде анам да, қызым да жоқ. Білмеймін, не болғанын. Бір жамандықты жүрегім сезіп тұр...
Аудан орталығынан келген милиция қызметкерлері Қанаттың мастығынан айыға бастағанын байқап, сұрақ ала бастады. Аз уақыттан кейін ол өзінің істеген қылмысының бәрін жайып салды. Денелер көмілген жерді ашқан кезде әйелдің денесі суымағанын байқаған олар көмілген уақытта оның тірі болғанын анықтады. Келген эксперттер әлденені ұзақ жазып Қанатты түрмеге, қазаны көзімен көріп, есінен танып қалған Айтолқынды ауруханаға аттандырды. Ол ауыр халде жатқанда ел болып, ағайын болып марқұмдарды жер қойнына тапсырды. Сәл сауығып шыққан Айтолқын туған шаңырақтың есігін ашуға жүрегі дауаламай сол күйінше беті ауған жаққа кетіп қалыпты.
- Қайтадан қалаға кетіп қалыпты, - деді біреулер.
- Көрші ауылдағы туыстарына кетіпті, - деді тағы біреулер.
- Бір жерге барып байғұс өліп қалмаса не етті?, - деді әркімдер.
Жаратқан иеміз де біреуге бақ,дәулетті, бар жақсылықты үйіп-төгіп бере салады, ал кейбіреудің сорын бес елі қып, тағдырын тәлкек етіп, допша домалатады. Өмірдің қатыгез толқыны бір тұншықтырып, бір көтеріп алып келе жатқан келіншек қайсарлық көрсетіп, қасқайып тұра алар ма? Тұра алмас па? Бұл тағдырдың эпилогын тек жаратқан Алла ғана біледі...
Клара Қабылғазина