2023 жылды қазақтың қас суреткері ОРАЛХАН және Қазақ ТІЛІ жылы!, деп жариялады танымал жазушы Асқар...
ҚазҰУ үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын киелі альма-матер
ҚазҰУ-дың 2009 жылғы түлегі Бектемір Халимбетовпен сұқбат
Журналист: Ассалаумағалейкум! Көңіл-күйіңіз қалай?
Бектемір Халимбетов: Уағалейкумассалам! Жақсымын, рақмет.
Журналист: Сіз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қай жылдар аралығында оқыдыңыз? Жоғарғы оқу орнына түсу қиын болды ма?
Бектемір Халимбетов: Мен бұл оқу орнында 2005-2009 жылдар аралығында оқыдым. Ол кездері гранттардың шыққан алғашқы кезеңі болғандықтан оқуға түсу өте қиын болатын. Бірақ маған және менің сыныптастарыма аса қиын бола қойған жоқ. Себебі біз тереңдетілген сыныпта оқыдық. Математика аптасына 9 рет болатын. Оның ішінде 6 сабақ алгебрадан, 3 сабақ геометриядан. Одан бөлек математика және информатика пәндерінен олимпиадаларға қатысып жүрдік. Осылардың барлығы оқуға түсуіме септігін тигізді.
Журналист: Қай факультетте оқыдыңыз? Бітірген мамандығыңыз қандай?
Бектемір Халимбетов: Мен ҚазҰУ, механика-математика факультетінің «Математика» мамандығында оқыдым. Сол кездері ол факультет Бөгенбай батыр мен Масанчи көшелерінің қиылысында орналасқан болатын.
Журналист: Оқу үлгеріміңіз қандай болды? Жақсы оқыған шығарсыз?
Бектемір Халимбетов: Оқу үлгерімім орта деңгейде болды. Өйткені, мектепте қарапайым математиканы оқып, жоғарғы оқу орнында бірден жоғарғы математиканы үйренгенімізде ортада өтпелі кезең болып, адаптация жүрді. Сол кезеңдерден қиналмай өтуге мұғалімдеріміз көп көмек жасады. Ұстаздарымыз бізді халыққа адал қызмет жасайтын, ұлтжанды адам етіп тәрбиеледі. Олардың ішінде Құлжабай Қасым, Жеңісбай Қуан, Көшербаева Ұлбике және тағы да басқа оқытуышыларымызды айтсақ болады.
Журналист: Магистратура оқыдыңыз ба?
Бектемір Халимбетов: Негізінен, магистратура оқуға деген ынтам ерекше болатын. Бірақ өкінішке орай, магистратура оқымадым. Оған өзіндік себептер ықпал жасады.
Журналист: Жоғарғы оқу орнында оқып жүрген кезіңізде жатақханада тұрдыңыз ба?
Бектемір Халимбетов: Жатақханада мен 1-курсымның екінші кезеңінен бастап тұрдым. Ол факультетіміздің жанында орналасқан №14-жатақхана болатын. Сол жылдары ол жатақханда әртүрлі курстың математиктері мен физиктері болып өмір сүрдік. Ол жерден біз алдағы өмірімізге керекті маңызды сабақтар алдық. Үлкен курстың студенттері кіші курстың студенттеріне көмектесетін. Егер біз сабақтардан бір нәрсені түсінбек, үлкен курстағы аға-әпкелеріміздің көмектеріне жүгінетін едік. Жалпы үлкен мен кіші арасында жүретін үрдіс механика-математика факультетінде ежелден бар. Тағы бір айта кететін жайт, студентттер үйінен біз көптеген өмірлік достар таптық. Осы жақтарынан қарасақ, жатақхана студенттерге арналған үлкен мүмкіндік.
Журналист: Студенттік шәкіртақыны қалай жұмсайтын едіңіз?
Бектемір Халимбетов: Студенттік шәкіртақы 2005 жылдары 6 мың теңге, оқу бітіретін 2009 жылы 9 мың теңге болған еді. Сол кездері ол ақша өте құнды болатын. Біз оны азық-түлікке де, кинотеатрдың билеттеріне де және басқа да керек-жарақтарымыздың барлығына жеткізетін едік.
Журналист: Сіз белсенді студенттердің қатарында болдыңыз ба?
Бектемір Халимбетов: Жоқ. Белсенді студент болған жоқпын. Себебі, оқуымыз өте қиын болатын. Бізге сол оқуымызды бітіріп шығудың өзі үлкен жетістік болды. 2005 жылы мамандығымызға 45 студент болып түстік. Олардың тек 23-і ғана диплом алды. Қалған 22 студент оқудың қиындығына, бір курсқа төмендетілуіне байланысты 2009 жылы диплом ала алған жоқ.
Журналист: Бүгінгі таңда қандай қызмет атқарасыз?
Бектемір Халимбетов: Қазіргі уақытта өзім оқып бітірген математика пәнінің мұғалімі болып, Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Қарғалы №2 арнаулы гимназиясында» оқушыларға сабақ беремін. Еңбек өтілімім 10 жылдай болып қалды. Балаларға бар білгенімді үйретіп, алдағы өмірлеріне бағыт-бағдар беріп, жұмыс жасап келемін. Мамандығым өзіме ұнайды.
Журналист: Сіздің ойыңызша, ҚазҰУ басқа жоғарғы оқу орындарынан несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?
Бектемір Халимбетов: Бұл университетті бітірген түлек - нағыз өз ісінің маманы болып шығады деп айта аламын. Себебі бұл оқу орнында білімге баса назар аударылып, ары қарай қалыптасуға үлкен мүмкіндік бар.
Журналист: Осы университетті бітірген түлек ретінде, қазір осында оқып жатқан жастарға қандай кеңес бересіз?
Бектемір Халимбетов: Басты айтарым, уақытты тиімді пайдалана біліңіздер. Студенттік шақ үлкен мүмкіндіктер кезеңі, ал ҚазҰУ сол мүмкіндіктерді сыйлайтын киелі альма-матер.
Сұқбаттасқан: ҚазҰУ, журналистика факультетінің 2-курс студенті Нұрқанат Атажан