БАТЫРХАН СӘРСЕНХАН. БЕС АРУ (өлеңдер)

ӘДЕБИЕТ
10881



1.Өзін көріксіз санайтын ару туралы


Ешкім де оны есіне алмады,

ешбірі, әсте, білмеді.

алақандай-ақ жасыл арманы,

алақанында бүрледі.

Ай дейтін оны, күн дейтін оны,

көйлегі ұқсас күлгінге.

Айналар ғана тілдейтін оны,

көре алмастық қой, білдің бе?

Тәңірден жалғыз тіледі жылу,

Жылылық - жанға бойсұну.

Айна,айна айтшы, кім еді сұлу,

жүрегі сұлу, қай сұлу?

Сазарып айна тұрып алғаны.

тағаты бейне, таусылды.

даланың оны гүлі қарғады,

түні қарғады маусымның.

жылады ару, жарадар сезім,

жарығы кеміп бойдағы.

көріксізбін деп санады ол өзін,

көріксізбін деп ойлады.

Көлдерді кезді, орманды кезді,

шашылып сәруар бұлағы.

Таң бөзі шығын тұндырған кезде,

Тұлпарға келді, қырағы.

Жаратылыстың жарасымынан,

жанары тапқан үйлесім.

жылқының мөлдір қарашығынан,

өзінің көрді бейнесін.

Тәңірден жалғыз тіледі жылу,

Жылылық - жанға бойсұну.

Қарашық, айтшы, кім еді сұлу,

жүрегі сұлу, қай сұлу?

Сен деді сұлу,

сен деді көркем,

Әдеміліктің тірегі.

әсемдікпенен мен де күнелтем,

күнелтеді әлем жүрегі!

Талмашы жүрек аласұрудан,

дүниенің ашып бар мәнін.

Өзіңді көрші қарашығымнан,

Сезімді көрші, ардағым!.


2. Қауыс кешіндегі ару туралы


 Мен білдім бе, білдім бе, жо, білмедім,
 бұрқан сенім күмәнге көмілгенін.
 алақандай ішіне жүрегіңнің,
 Махаббаты ананың себілгенін,
 іңкәрлігі әкенің бүрлегенін,
 бүршігі оның қисапсыз түрге енерін,
 Мен білдім бе, жылаттым білмегесін,
 алабында жұлдызды гүлдер өсіп,
 Тұрған еді... жәудеріп тұрған еді,
 Түн.Алматы.
 жол алыс шегінерге,
 құламайды деуші едім сенім өрге,
 сөгілмейді деуші едім қабырғасы,
 - Саған, күнім, айтпағым шағымда осы:
 Сезімнен де, ойласаң,
 талығуға болады жалығуға,
 Жек көріп те болады сағынуға,
 бәрі адамның дертінен табылуда.
 ..Суынғанмын, мен сенен, алыстағам,
 азбан жыл ма бөтендік табыстаған?!
 Кешір мені, дін көңлім, өзгеде енді,
 Өзге жүрек.. айта алман сөзбен, енді..
 - дедім де, жүре бердім, жүре бердім,
 сақ құлағым соңыма түре бердім.
 Бұрылғанға соңына гүл өнер ме,
 Жүре бердім жаңылып бір өлеңге.
 Жүрек пе әлде, сағат па кеудемдегі?
 аяңдаршы, сезімсіз шермендені,
 аяңдаршы, сүюден ғапыл қалған,
 көкірегі сөгілген көр кеудені.
 Жас бұлдырай бұзылған бекіністен,
 құмбыл жанар бұлақтап бетім іскен.
 Көктем көшіп келеді, сол арудың,
 бұрымына байланған өкінішпен.. 


3. SILENTIUM. Белгісіз ару туралы


Жым-жырт түн.Әйнек алды,

Отырмын.Ол да отырды.

Әлдене сөйлеп алды,

Шақырды әлдекімді.

- Не мәнді бұл ғұмырда?

- Жалғыздық мәнді деймін.

- Не құнды, шындығында?

- «б» әрпін белгілеймін.

- Бар ма екен махаббатың?

- Бар еді... бар болатын.

- «ерке» деп аталатын,

- Тек маған алданатын.

қорқатын қара түннен,

көлеңке, өзеннен де.

кей тұста ер атыммен,

Езілген кезеңдерде,

оң бетін шымшып алып,

Шеткері, алыс барып.

Жылайтын үн шығарып,

Мен үшін намыстанып.

Өр еді, ерек еді,

Өткенге оралу – мұң.

Боз кеуде бөленеді,

Деміне сол арудың.

Қайда екен, мен қайдамын,

Отырмын. Ол да отырды.

үп-үнсіз айғайлады,

Шақырды әлдекімді.

..Көңілдің кешкі реңі,

Серпілер емес мүлде.

Келмейді ешкім , енді,

жоқпын да мен ешкімде..


4. Өзгеріс ала келген ару туралы


Кеше, кеше келбетіме толмаушы еді көңілім,

содан бе екен қара қайғы торлаушы еді көңілім.

содан бе екен мәйқорлардың бөліскемін күнәсін,

шау тартты ғой шабан аттай сетінеген сенімім.

Кезіктің сен.

кенелдіріп кипариске, бақ ішін,

үнсіз ғана бақыладың жүрегімнің соғысын,

үнсіз ғана сүйдің сосын кірпігімнің ұшынан,

әлсін, әлсін аймаладың маңдайымның тұсынан,

Қандай көркем,- дедің,- күнім, қойдай қоңыр жанарың,

қандай көркем қалың қасың әсемдіктің орамы.

Мүсініңнен көрінгендей шеберлігі Тәңірдің,

мейір күлкін жұбатардай зар жылаған баланы..

Қалдым үнсіз.

жүрегімде жасыл нұрлар алмасып,

жасыл нұрға жаңа оянған үміттерім жалғасып.

кең жаһанды көрдім сонда, көрдім сонда шын көзбен,

Күн дегенім ханыша екен, сұлу екен мүлде өзге.

Құс дегенім ішімдегі мейірім екен қанатты,

Жел дегенім ішімдегі сенім екен жолақты,

Гүл дегенім мөлдірлігім, мөлдір ойдың кермегі,

Қаған деген  мен екенмін, мен екенмін жердегі!

Әр құрлыққа таралар күн

әр нұрымды жөнелтем,

Семсерменен таранармын түнді оятып таңертең.

Сенің сәру сезіміңді зерттеу үшін манарлы,

Сенің шағыл сеніміңде көктеу үшін, жан еркем!.


5. Айлы түнгі сұлу немесе тылсым кеш туралы


Он жеті ме, он сегіз.. жас шамасы,

пүліш ерні сұлулық астанасы,

қарашығы көз жасы тұнбасындай,

еду-еду  аңыздай ел ішінде,

Бір сұлумен.. (яғни келісімге,)

келе алмастан қажыған қара басы,

Жігіт менмін.

бір түні,

«ла – ла –ласын»,

шырқаған әлгі арудың көрдім өзін.

білмей ме екен сөз баққан ел мінезін?

жарым түнге сіңеді жалғыз өзі,

жас перідей күледі жалғыз өзі.

Қарасаңыз, орманнан адасқандай,

қарасаңыз, орманнан әрі асқандай.

Айкезбелік дейміз бе, жо білмеймін,

мысалы жасынменен жанасқандай,

Бозарып

кенет түннің қос білегі,

үкі даусы жіңішке естіледі.

әлгі ару?

қайда екен,

жоғалды ма,

оралды ма,

білмейді ешкім оны.

..Миуалы кезеңнің баламасы,

бұлттар деймін шырқаған «ла – ла –ласын»,

Тұрдым аунап.

түс екен бәрі мұның,

«Айға қарап ұйықтама» деді анашым..


author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...