..."Химия" тəтейіміз бүгін де көңілсіз келді. Осы пəнді оқи бастағаннан қабағының бір ашыл...
«Қоңыз» хақында немесе еркіндік іздеген жыршы
«Қолына темір киген жасақ оның бетін көздеп, періп қалды. Үшкір темір бетінің шошақ сүйегіне кірш етіп қадалды. Мұрат есінен танып, күрс етіп құлап түсті». Қолымдағы кітаптың осы тұсына келгенде аза бойым қаза болды. Құдай-ау, бұл қай заман? Сталиннің күні батқан еді-ғой, мынау не сұмдық? Бұл біз өмір сүріп жатқан заманның шындығы деуге аузым бармайды. Алайда, шынайы деректерді негізге ала отырып жазылғандығы үшін сендім.
Адам сенгісіз сорақылықтар, біздің осы заманда болып жатқаны, қатты қынжылтты.
Сонымен, кітапты бастан-ақыр ой елегімнен өткіздім. Бұл жазушы Ырысбек Дәбейдің «Қоңыз» романы. Жалпы 10 тараудан тұратын кітаптың көтерген жүгі ауыр. Бұл тақырыпқа қалам тартқан жазушылар да сирек. Оқиғалар еш боямасыз шынайы берілген. Сонысымен нанымды. Шығарманың өзекті ойы Мұрат пен Саламаттың айналасында өрбіп, жанама кейіпкерлер арқылы ашылады. Кітаптың атына арқау болған «қоңыз» бүкіл шығарма барысында, нақтылана түседі. 2-тараудың 3-бөліміндегі «Саламат басын изеп, ала бұлттан анда-санда көрініп, еңкейіп, батуға арқан бойы аралық қалған күнге қарады. Аяқ киіміне кіріп-шыққан зауза қоңыздар тынбайды. Мұрнына газдың сасық иісі келді» – деп келетін абзацтағы зауза қоңыз да, төртінші тараудағы Саламаттың аузынан айтылатын аңыздағы боқ қоңыз да ойды ашу үшін берілген тамаша деталдар. Жазушы әр сөзі үшін, әр ойы үшін жауапты. Сондықтан жайдан-жай айтылатын еш нәрсе жоқ. Жазушы еңбегіндегі көркемдік бояулар Саламаттың бала кезіндегі ақсары қызға айтқан аңызымен ашыла бастайды. «Домалатқан боғы үлкейіп, дәу болғанда, қарным ашқанда жеймін деп жерге көмеді. Бірақ артынан сол боғын қанша іздесе де таппайды екен. Елдің табан ет, маңдай терін жегені үшін өзінің жиған боғы өзіне бұйырмайтын жәндікке айналыпты. Әжем көп айтатын осыны». Осыдан соң автордың не айтқысы келгені өзінен-өзі белгілі бола бастайды.
Оқи отырыңыз: Ақын Ырысбек Дәбейдің 7 өлеңі
Шығарманың қысқаша фабуласы алаңға жиналған мұнайшылардың наразылығынан басталып, Саламат пен Мұраттың өмірі қыстырма суреттеулер арқылы, кей тұста, шегіністі баяндау тәсілі арқылы уақыт кеңістігін ұлғайтып отырады. Одан ары қарай 16-желтоқсандағы атыс көз алдымыздан өтіп жатады. Өткен ғасырдың 30 жылдарындағы қуғын-сүргіннің тап ортасында қалғандай күй кешесің. Жантүршігерлік азаптаулар мен адамгершіліктен жұрдай, өзіміздің пагондыларды көргенде, ел тағдырын табыстап, арқа сүйейтін қорғаушылардың қорқаулығына күңіренесің. Айыптау керек болса, ақ-қарасын айырмайтын құқық қорғаушыларды аядым. Шығарманың соңы Мұрат пен Саламаттың диалогімен аяқтайды.
– Әйтеуір жігіттердің көмегімен Кореяға барып, ем алып келдім. Кепіл де болды, ақшалай да жәрдемдесті. Физикалық, моральдық тұрғыдан зардап шеккен мен ғана емес, Сәке сіз де. Көппіз. Тиісті тұлғалар түбі жауап береді. Біз қылмыскер емеспіз.
– Әне, операторым да келе жатыр, – деп Дарын алаңның қарсы бетін нұсқай сөйледі.
– Саламат, саған оқ қай жерден тиіп еді?
– Анау жолдың бойы, – деп Саламат шеттегі жолға қарай адымдай басып, жүре жөнелді.
Міне бұл автордың шешімі. Судың да сұрауы бар демейме халқымыз, осының бәріне жауап беретін күн келеді. Қайратты жігіттердің тәніндегі жара да, жанындағы жара да ауыр. Алайда, жігері жасымаған. Өкініштісі сол, батыр да, қорқау да өз бауырың. Халықты сүйетін бір де бір басшыны байқамадым.
«Арса-арса қу сүйек тақ етіп Мұраттың алдына келіп түсті де, бір-екі ыршып барып тоқтады. Беті былшиған жас жігіт итке сүйек лақтырғандай мазағына мәз болып, ыржалақтай күлді. Өзіне жамырай қараған қалың көптен еш қымсынбай, сүйек салып әкелген целофонын жұмарлай ұстаған күйі ол гүж ете қалды.
– Киіз үйдегілер беріп жіберді сендерге!»
Оқиға осылай шұғыл басталып, оқырманын тартып әкетеді. Тығырыққа тірелген мұнайшылардың қорлануы, басшыларының етін жеп сүйегін беретін әрекеті нанымсыздау болса да, шығарманың ойын ашуда ұтымды болған. Қарапайым оқырманға жұмысшылардың ит тірлігін алғашқы сөйлемдерден-ақ түсінікті жеткізеді. Жазушы мен оқырман арасында байланыс орнайды. Бұл күндерде жазушы мен оқырман арасындағы түсіністік алшақтаған, бұрынғыдай айтып жүретін сүйікті кейіпкерлерімізді жоғалтып алғанбыз. Әсіресе, жазушының қоғамдағы міндеті де естен шығып кеткендей. Тек әдеби ортада талқыланғанымен, жалпы көпшілікке таныс емес. Қайнаған халықтың арасынан шыққан кейіпкерлер арқылы көп мәселе айтылар еді, осы олқылықтың орнын Ырысбек Дәбейдің «қоңызы» толтырып тұр. Бұлар бүгінгі біздің халық. Әр жұмысшының басындағы ауыртпалық және оны елең құрлы көрмейтін үкімет арасындағы конфликттің ең шиеленіскен тұсы шығарманың басындағы алғашқы тараудан белгілі, үйткені бұл 7 ай бойы табандылықпен өз құқықтарын талап еткен ереуілшілер. Олардың тәуелсіздік күні қарсаңындағы науқанға дайындалған үкіметке реніші бірден байқалады. Осы бір күн шығарманың бүкіл желісін көтеріп тұр. Қу ағашын құшақтап, жерге отыра қала қу ағашын домбыра орнына сабалай жөнелетін жыршы бейнесі, тыңдаусыз қалған жетім сөздің қаңғыған образы. Жыраулық поэзияны ұрпаққа қалдырған батыр ақындар бүгін қайда? Ханның қарсы алдында қасқайып отырып, мінін де, сырын да айтатын, елдің ең жақын жоқтаушысы жыршылар болған. Бүгінгі халықтың жыршысы далада, ханның жыршысы қалада. Бұл жыршы бейнесі автордың көркемдік деңгейге көтерген образы. Басқа кейіпкерлер де тірі, өмір сүреді, алайда көркем шығарма тұрғысынан, оларда еш бояу жоқ. Сонда да роман өз діттеген мақсатына жеткен. Соңғы тараудағы Мұраттың қиналған сәтінде түсіне жыршының кіруі дұрыс шешім болған. Себебі, жыршы туралы аңызға бергісіз әңгімелер 2 тарауда айтылады. Оның түсініксіз әрекеттері жылқы пірі Қамбар атамен байланыстырылады. Оған мифтік түс береді, судан шыққан суын айғырының жалына жармасып, теңізге күміп бергенде, сыпырылып түсіп қалады, Сонымен бірге қазақтың жылқы тектес екенін, еркіндікті сүйетін суын айғырымен байланыстырады. 9 - тараудың 4 - бөлімінде « – Сізге оқ тимеп пе еді. Мен сізді өліп қалған екен десем.
– Мені баяғыда да өлтірмекші болған, – деп жымиды жыршы. – Жылқы бағып жүрмін, өлгем жоқ.
Ол үстіртте жайылып жүрген торқа жалды, серке санды үйірге қарап, тамсанып қойды.
– Пах! Не деген асыл текті тұқымдар! Мен бұларды тура жанынан көрем деп ойламаппын.
– Сенің де жылқың бар мұның ішінде, – деп жыршы домбырасын тыңқылдатып, қағып-қағып қойды.»
Бұл Мұраттың түсінде көргені, жылқы мен жыршы еркіндіктің, нағыз тәуелсіздіктің бейнесі. Жыршы «мені баяғыда да өлтірмекші болған» – дейді. Әрине, еркіндігімізді талай мәрте аяққа таптағысы келді-ғой, ол жылқысын бағып жүр, жылқылары шетінен торқа жалды, серке санды сұлу жылқылар. Жылқыны ер қанатына балаған қазақтың Мұрат сияқты қайсар жігітінің де сол үйірде жылқысы болатыны заңдылық. Біздің еркіндігімізді күзететін жыршылардың болғаны, болашағымыздың кепілі. Қазақ пен жылқыны егіз ұғым деп қарасақ, бұғалыққа көнбейтін, жылқы тектес халықтың басынан өткен аумалы-төкпелі заманнан аман жеткені де, сол тектілігінің арқасы. Бұл автордың айтпақшы ойын көркем жеткізудегі тамаша тәсілі.
Екінші тараудағы Саламаттың басынан өткен оқиғалары, ішімдікке салынған ағаларының берекесіз тірліктері, жеңгелерінің жиркенішті іс-әрекеттері, ауыл бейнесін ашса, үшінші тараудағы Мұраттың жағдайы қаладағы өмірдің де мәз емес екенін көрсетеді. 4 - тарауда Мұраттың жары мектептегі мұғалім Дина ұстаздардың әлеуметтік орнын анықтайды. Алтыншы тараудағы Саламаттың әйелі Гүлназдың босануы, тірі туған баланың өмірін сақтай алмаған біліксіз дәрігер мен жағдайсыз аурухананың шынды әлі күнге өзекті. Жетінші тарау әдейі арандатушылық пен жалған ақпарат таратып, өзге жұрттың көзін алдауға арналған зымияндыққа толы. Сегізінші тарау алаңдағы атылған оқтардан зардап шеккен халық пен Саламатты іздеп шыққан оның әйелі Гүлназдың да қатты соққы алып, жазықсыз жапа шеккені, соңында бұл өмірмен қоштасқаны суреттеледі. «Терезе буалдыр тартты. Көз алдында қалбаңдаған бейнелер бірте-бірте бұлыңғырланып, Гүлназ ештеңе көрмей қалды. Ұзаққа созылған ауыр азаптан кейін ол рахат күйге бөленді. Денесі үлпілдектей жеңілдеп, үнемі еңсесін басып тұратын зілдей салмақтан құлантаза арылды. Адымын жеңіл алып, әппақ дүниеге аяқ басты. Артына бұрылып қарағысы да келмеді.» Осындай ауыртпалықты үнсіз арқалап, айналасындағы білімсіздік пен біліксіздіктің кесірінен ерте бақилық болған адамдар қаншама, бұл біздің қоғамның жарасы, жараны жарып, тазалап, емдеу керек. Жазушы жанын мазалаған шиқан, бұл халықтың дерті. Сондықтан, оқырманға тез жол тартып, жадында қалары сөзсіз. Қысқасы, Ырысбек Дәбейдің бұл еңбегі елінің мұңы мен жоғын жоқтаған, дер кезінде жазылған шығарма болды. Қоғамның сырқатына ем іздеп, биліктің менменсіген кеудесіне, халықтың жайын жеткізер көпір болды. Жазушы еңбегінің құндылығы да осында болса керек. Елдің көреген көзіне айналмаса жазушыдан не хайыр? Қарапайым оқырманға түсінікті, өз ортасында өмір сүріп жатқан кейіпкерлеріміздің өмірі жақсарса екен деген тілекпен, еркін қоғамның саналы азаматтарының елдің наласына назар салып, шығар жолды бірге іздейді деп сенім білдірдім. Қыршын кеткен бейкүнә жандардың жаны жәннатта болғай! Әділетсіздікке арашашы, елімен бірге мұңайып, бірге қуанатын жазушылар қауымына сәттілік тіледім.