Ақын Ырысбек Дәбейдің 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
2875

Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап келеді. Бұған дейін елге белгілі Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Айнұр Төлеу, Ұларбек Дәлейұлы, Мақпал ЖұмабайТоқтарәлі ТаңжарықҰларбек НұрғалымұлыЫқылас Ожайұлы, Мирас АсанТөлеген МеллатЕрлан ЖүнісЕрғали БақашАсылбек ЖаңбырбайСерікбай Әбілмәжінұлы секілді ақындар өлеңдерін ұсынған болатын. Ақындарға алғысымыз шексіз!
Қадірменді оқырман, бүгінгі ақын - Ырысбек ДәбейМархабат!

Ақын Ырысбек ДәбейЖұмбақтас

Бозамық Айдың сәулесі көгілжім су бетінде сынып,
Айнакөлдің тұңғиығына телмірген Жұмбақтас…
Мұнартқан жағалауда
мүлгіген тыныштығымды бұзған жалғыз мен емес,
Уақыт дауылы ұйтқып соқса да ақын жанарын құрғатпас.

Қатыгездік пен Ұлы мейірімнің мәңгілік су бетіндегі суреті –
Үзілген тамырларым мен жабылған түйсіктеріме бастар жалғыз із…
Мүмкін, тасжүректерге айналып,
тас дәуірлерге аяқ басқанда
Біз тұрған жағалаудан біржола кетіп қалдыңыз.

Дауысым құмығып айқайлағаныма ғасырлар өтсе де,
Арылу қайда?!
уақыт пен замана дуасынан…
«Тассың!», – деп талмаусыраған үнімді жұтып көк иірім шүңеті,
Сұлбамды сіміріп,
Тұман бүркейді шұбатылған…

БАУЫР

Мүжиді үнсіздік ауыр,
Алыстап кетті әлгі дабыр.
Жоғалған жолдардай сен де,
Хабарсыз кеттің ғой, бауыр.

Не өзі өмірдің мәні,
Адамның өзі ме Әмір?
Болымсыз сылтауға сүйеп,
Хабарсыз кеттім бе, бауыр?

Санамда сарғайған ауыл,
Көңілде ұйытқыған дауыл...
Қаңтардың түні де ұзақ,
Хабарсыз кеттің ғой, бауыр.

Жер үсті қаптаған қабір,
Жылжиды бізден де дәуір.
Аумаған өзім ең сен де,
Хабарсыз кеттім бе, бауыр?

Жететін жеріне жеттік,
Біз солай хабарсыз кеттік...
Бір уыс топырақ едік,
Бір уыс топырақ септік. 

ҚАҢҒЫБАС  ЖАРЫҚ

Көзімді сығып күрсінуіме иланды жалған,
Жаңбырын төгіп Жасағанға айтты жалыққанымды.
Қызығы кетіп сайтан сандалған қирандылардан,
Емге іздеп жүрмін іңір боп кеткен жарықтарымды.

Шашылып кеткен шуақтарыма түн келіп тағы,
Аузын ашады арам нәпсісін алдына салып.
Өкініш болды-ау, тірілгеніміз бірге өліп барып,
Жек көрем сені! Тіміскіленген қаңғыбас Жарық...

Терезе сыртындағы Көктем

Бүгінгі – Ояну:
Мың жылғы ұйқыдан тұрғандай зіл батпан!
Алақай!
Көктем тұр –
Терезе сыртында дір қаққан.
Тым жақын арамыз,
Кеңістік қабырғалармен бөлінген,
О, Ұлы Бостандық!
Шексіздік симфониясын тыңдатқан.

Жұқалтаң Әйнек…
Өлім халінен де ауыр сезілген…
Менің сезу түйсігімнің түйісі.
Қол созым жерде
Жұпар Әлемнің —
Раушан гүліне айналған иісі.
Мен – сені сүйемін, Көктем!
Алысқа апара жатқан жолдарды құшып,
Жапыраққа айналар жанымның –
Алпыс екі тамырын иітіп…

Уақыттың ішіндегі уақыт

(Ғ. Боқашқа)

Мешіт мұнарасына көтерілген Ғұлама
(азан әуелеп, ниет қып, қол байланғанша)
басқа бір кеңістікте ғұмыр кешетін
ғажайып Қара Құсқа мініп…
сонша зулаған уақытты сезбей
ессіз мүлгіген жұртқа таң қалар еді,
баяғы Биігінде тұрып.

Бұл бір, – Шығыстың аңызы.
Қол сағатымызға кірпік қақпай қанша үңілсек те,
тілшік көрсете алмайтын шексіз аралық –
уақыт ішіндегі уақыт, ұмытылған…
Байырғы Мұнараның түбінде
табаныма қиыршық тас батып,
үнсіз мүлгимін.
Ескі дуалды бойлап өскен
шырмауық пен өрмекші торлары шытырман…

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

Көшелер кірлеген,
Шаршаған көшелер...
Маңдайдың сорындай ауыр,
Бұтақ та бүрлеген қиялшаң үміттей саусағын созады Сәуір.
Сен мені қай жаққа апара жатырсың, жұтылған соқпақ?
Күңгірт түн ішінен бөрі боп ұлиды...
Жоғалған ауыл.

Түнімен түс көрем...
Түйсігім байланған...
Құм басқан даланың есірік желі,
Біреуге жолықтым,
Дүдәмал тілімде күмілжіп сұрадым сені.
Ұмыт боп барамыз, 
айтпайды олар да тебіреніп екеуіміз жайлы,
Адасқан ақылдың біз емес соңы.

Жаныммен жүдедім мәңгілік махаббатымды санамнан қуып,
Соңымнан ергені – сормаңдай күдік.
Есен бол енді!
Ертеңгі аманатыңды кеудеме сақтап,
Жалғызға айналған жақындарымның соңынан барамын қуып…

Аңсар

Жыр жазып отырам кейде,
Мәңгілік – махаббат жайлы.
Қобыздың тілінде сөйлер,
Көкжал жанарындағы қайғы.

…Құстардың қанаты талған,
Сезеді жазира – мезгіл.
Құмдарға көз жасы тамған,
Жаңбырлы маусымдай кез бұл.

Тозақтың отындай шарпып,
Даланы күйдірер аптап.
Толқында қауырсын қалқып,
Жағаны жайлайды батпақ.

Теңізге көз салып шалқар,
Күтесің телміріп нені?..
Жағалау тұңғиық тартар,
Теңіздің сұп-суық желі...

author

Ырысбек Дәбей

АҚЫН

Жаңалықтар

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы энергетик сусындарға қатысты пәтуа шығарды, деп хабарлайды ma...

Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысында зорлау туралы көрінеу жалған хабарлау оқиғасы анықталды, деп хабарлайды ma...