Биылғы «Жастар жылына» арнап «Мәдениет порталы» жастар арасында республикалы...
Қуандық Шаңғытбаев. Жаңбырдан кейінгі Алматы
3239
Бүгін Дүниежүзілік поэзия күнімен тұспа-тұс келген қазақтың атақты ақыны Қуандық Шаңғытбаевтың туған күні. Қуандық Шаңғытбаев - Қазақстанның халық жазушысы, ақын. Қазақстан Республикасының Халық жазушысы Қуандық Төлегенұлы Шаңғытбаев — зиялы, талғамшыл, талапшыл, зергер лирик ақыны.
"Мәдениет порталы" ақынның туған күніне орай, өлеңдер топтамасын оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
У...ға Нұрданбысың, һұрданбысың, Кер маралдай қаламқас? Күннен туған бiр жанбысың, Айтшы, жаным, қолаң шаш! Дүррi гәуhар екi көзiң Қара жалын шашады: Бейшараңнан кеттi төзiм, Сабыр-тағат қашады. Ет жүрегiм балқыды ғой, Алқындым ғой, қарағым, Балқыдым ғой, таусылып ой, Талмаусырап барамын. Ерiп денем кеттi елжiреп Таң самалы лебiңнен. Қаталады, кептi жүрек, Тамызшы бал ернiңнен. Кеудемдi өртеп кеттi лаулап, Махаббатқа жоқ қой дәт. Тал бойыма ақты саулап Әлемдегi бар ләззат. Мен балқыған қорғасынмын, Сен жалынсың, перiштем. Сенсiз жалқы қорғансызбын, Түсшi төмен пейiштен. Арал қызына Жағаға таста қайықты, Қайтесiң ойнап толқынмен! Қалаға ғана лайықты Ерке наз көрдiм көркiңнен. Толқынмен ойнап жарыспа, Жабыспа бұйра жалына. Алыспа сумен алыста, Келсейшi, қыз-ау, жаныма! Сақылдап күлiп дауылға, Қызықтың сонда несiне? Ерке қыз, ендi дамылда, Асылып менiң төсiме. Төңбекшiп түпсiз тұңғиық Жатыр ғой, ойбай, мұнда да. Бетiне мөлдiр нұр құйып, Толқынын тыйшы бiр ғана. Альбомға Айыпқа, сұлу, бұйырма, Ақынның адал шыны үшiн: Қауышқан қиян қиырда Қайдағы бақтың гүлiсiң? Жатырқап неге жасқандың, Сырың бар нендей жүректе, Жырысың қайсы дастанның, Баян ба атың, Жiбек пе? Алты алып, бестi бермей-ақ, Алаулай алқап, өртедiң. Қойсамшы мұнда келмей-ақ, Дiрiлдеп дене, дертемiн. Аттанып, мiне, барамын, Қарай да қарай артыма. Барамын сорлап, қарағым, Жарлы да мен боп, жалқы да. Алыста қалған асыл-ай, Қоштасу қандай қатал-ақ: Өтедi-ау кейде осылай Жауапсыз жақсы махаббат! Серенада Сәуiргi бақ салқын жұпар шашады, Ырғалады ырада гүл шашағы. Алатаудың ақ шыңдары жарқырап, Айға қарай айқара төс ашады. Жүршi тысқа, бүгiн қандай түн жақсы! Серуен болсын есте қалар бiр жақсы. Алакеуiм алма бақта, аулақта Сен жырлайтын, мен тыңдайтын жыр жақсы. Жүр, барайық, жан сарығын басайық, Жыр болайық, жырға сырды қосайық. Бiзге лайық, ойнап өтсек өмiрден, Бiр болайық, таңды бiрге тосайық. Жас тапсалды: жүректе сәл ызыт бар, Шашта қылау, маңдайда шар сызық бар. Жүршi, жаным! Жалаңқия жыл жүйрiк, Баста қанша тұрар дейсiң қызықтар! * * * Мен қазiр сарша тамызбын, Сен болсаң – майда мамырсың, Арманмын, арзу-арызбын, Көзiмнен оны танырсың. Мен қазiр тымық тамызбын, Сен болсаң – қайнар мамырсың. Жалғанда сенсiз жалғызбын, Саясың маған, сабырсың. Мен қазiр түтек тамызбын, Сен болсаң – жарық мамырсың. Сенсiң ғой маған нағыз Күн, Өтiрiк айтсам, нан ұрсын! Пейзаж Қанатын баяу қағады, Күнгейге тартқан тырналар. Жайылып жырақ маңады Аңызды алтын қырда мал. Алкүрең отты шарапқа Толғандай аспан бокалы, Самалды салқын алапқа Жұпарын сеуіп шашады. Жаяу жел таспа өреді Құбақай жолдың шаңынан, Аяңдап қана ереді Аттылы бала соңынан. Қонды күн қоңыр кезеңге Алыста жатқан аласа. Дамылдап алып өзенде, Қайтадан ұшты қараша. Ауылдың оты жамырап, Самсады сосын самала: Түн түсті самсоз салбырап Күздегі дел-сал далаға. Тек қана шопан шалғайда Бейуақыт тыным көрмейді, Басып ап насын таңдайға, Үркерді санап көлбейді. Қыз қуу Төрт өрме қамшы сарт етті, Арғымақ атқып жұлқынды, Жанары қыздың жалт етті, Жарысып желмен ұмтылды. Жігіт те шықты сыдырып, Орамал таңып басына, Жұмылған бейне жұдырық, Жабысып ердің қасына. Топылдап тиген тұяқтан Тозаңы жердің өрілді. Дүйім ел тұрып бұл жақтан Күледі гулеп көңілді. Сырбай-ау, әне, қарап бақ: Қуалай өрлеп даланы, Айтылмай жүрген махаббат Құйын боп ағып барады. Жаңбырдан кейінгі Алматы Алматының өзі, шіркін, тұрған жыр! Төкті-ау бір күн дүркін-дүркін дүр жаңбыр, Көшелерде күміс жалын жалтылдап, Толықсыды қоңыр-шымқай гүл жамбыл. Жаңбыр сосын таусылды да басылды, Сырлы инағаш манар тауға асылды, Қолшатырлар қанаттарын жинады, Торғын аспан мөлдіреп кеп ашылды. Ару қала салқындап тұр жеп-желең, Көшелерге көл орнады көлденең. Көл бетінде ақ торқа бұлт шомылып, Көл түбінде аспан жатыр көлбеген. Осы сәтті күн қимайтын секілді, Әйнектерге қонды нарттай екінді. Жібек жұпар бұрқырайды жан-жақтан, Шалқиды, айхай, самал сүйіп бетімді. Гүлге толы, нұрға толы Алматым, Сен тұрғанда, қайтем аспан жәннатын? Қадіріңді білмейміз ғой кейде біз, Еһ, Алматым, махаббатым, ләззатым! Құлын Өрттей қаулап, нарттай лаулап қыр гулі, Май бұрқырап тұрған кезде қырмызы Мәрмәр тұяқ, меруерт кекіл, қан күрең Құлын келді дүниеге бір күні. Ойнай келді, қунай келді балаша, Тулай келді тіршілікпен таласа. Төбелінен сүйіп алғың келетін, Қолыңды иіскеп, алақаның жаласа. Көрілгенде келте жалын сілкетін, Құйын өтсе, құты қалмай үркетін. Аңқау еді, емшек іздеп, таба алмай, Енесінің төсін түгел түртетін. Аңқау еді, адал еді, ақ еді, Күнә-күпір, пәс-пәледен пәк еді. Атқан таңның, батқан күннің парқына Түсінбей, тек таңырқайтын бала еді. Бұ жалғанда жау бар ғой деп ұқпайтын, Көк талмайтын, кісінейтін, ұйқтайтын. Күн шуақта елтең-селтең жүгіріп, Жаңбыр жауса, енесіне ықтайтын. Ертелі-кеш енесі еді ермегі. Ондай жомарт, мейірбанды көрмеді, Оқта-текте оқыранып бір қойса, Барша бақыт сол болатын жердегі. Тағдыры не? Таңдайында тас тұр ма? Жем боп ертең кетер, мүмкін, қасқырға. Жал-құйрығы оқаланып, ойқастап, Жүрер әлде бір Тахауи астында. Бірақ әлі білмейді ғой түгіңді, Қызық керек оған мына бүгінгі: Сімірді де бір тостаған қымызын, Қызып алып, сәби тағы жүгірді. Шамырқанып тал бойында ат қаны, Шапқылады, байыз-баян таппады... Осы кезде көкек айдың аспанын Көк-ала бас көбік бұлттар қаптады. Көкті лезде қола құйып торлады, Кетті бұрқап бұйра бұлттың орманы. Бұлан-талай бір бұлағай басталды, Ақырғандай мың арыстан тордағы. Ағыл-тегіл кетті от пен дүр ұшып, Құлын қалды лезде ғана бүрісіп. Бір уыс боп енесінің ығында, Дір-дір етіп, зәре-құты тұр ұшып. Кенет аспан шарт сынғандай гүрс етті, Тап алдынан тарғыл түтін бұрқ етті. Селк етті де, тұра қашты құлыншақ, Сорлы бие сол орнында сылқ етті. Өлді ене, кетті сәби серігі! Өтті жаңбыр, тынды дүлей сел үні. Жазығы жоқ, жаны таза жетімнің Өміріне өксік кірді со күні... Өмір оған түгел дарқан, тегін-ді, Сенгіш еді, көрмеп еді өлімді. Жүгіріп кеп енесіне періште, Сора берді дертіп жатқан желінді. Әй, Қуандық, бұ да саған бір ақыл, Бар қызыққа бәйек болмай, тұра тұр, Қарашы әне: аспанда — нұр, жерде — гүл, Болмағандай түкте сұмдық сұрапыл. Кәрі бүркіт Талғардың тарғыл тасына Шалдығып қонды шәу бүркіт. Тұлдырсыз тақыр басына Қараша тұрды қар бүркіп. Қариды төсін қауырсын, Қымтанып желден, қомданса, Долданса тауда дауыл шын, Болады қамсау ол қанша! Күс басқан мүйіз түяғын, Тайғанақ тасқа қадайды. Тарап бір қойып қияғын, Қиырға сосын қарайды. Қарайды селқос, азынап, Қауқар жоқ шәулі шөгелде. Жас дүние жатыр жазылып, Жарқырап жырақ төменде. Ерігіп ерке түлегі, Етекте еркін ұшады, Ауаны жайдай тіледі, Дауылға толып құшағы. Шабыты шалқып, шаңқылдап, Бұлттарға періп кетеді, Жалқындай сосын жарқылдап, Жалтылдап жарып өтеді. Саңқылдап шыққан қатты ұран Кернейді таудың қойынын, Шоңқиып шыңда қарт қыран Шолады бала ойынын. Кеп-кеше ғана қантүбіт Қаперсіз момын баласы Алыстан бүгін аң түріп, Қансүрек бопты, қарашы! Кеп-кеше ғана қанаттап Қияға өзі баулыды... Самғайды енді мазақтап Омалып қалған шәуліні. Салады сүрен қиырдан Таудағы тентек жас құдай. Бұл отыр тайып тұғырдан, Баянсыз бетпақ жастық-ай! Жас кезі қайда, жас кезі? Жаңаның жанса от күші, Қиядан шалып аш көзі, Түйілсе қайта топшысы. Ойламай оңай олжаны, Тәкаппар туған тарланың Тарлаудан тауып құлжаны, Қандамас па еді бармағын? Шалықтар еді-ау шығандап, Мұз қатып балақ, бауырға, Айналып көкті ұрандап Жауында, жойқын дауылда... Баршындап әбден ол енді, Жас келіп, міне, шаршапты. Ілетін түрі жоқ енді Таутеке түгіл, қарсақты. Етекте кенет тірнегі Саңқ етіп, дауыл сұрады, Бүлк етті баршын бүйрегі: – Бітпес, – деп, – таудың қыраны! Бітпейді таудың қыраны Сөнбейді қайсар от қайрат, Жанары жіті, қырағы Түлектер жүрсе көкте ойнап. Үлкенге қуан, Қуандық, Кіші бол, күшің жеткенше: Құрметте сөзін құран ғып, Шәулі боп өзің шөккенше. Сонар Есіктің алды қан сонар. Балалар ойнап шулайды. Сонарда асыр салса олар, Тулайды менде ну қайғы: Балалық бір сәт сағынтып, Әйнектен ұзақ қараймын. Қаптатып бетке қалың түк, Өтіпті-ау күндер талай мың. Япырмау, мен де бір уақыт Шынымен бала болдым ба? Сонарда шана зулатып, Домбығып қолым тоңдым ба? Терезе бетті қариды, Журек те сыздап шанышады. Балалардан өзін таниды Көңілдің балғын бал шағы. Ойынның кезі сап болып, Қартаяр әлі бұлар да, Торлаған ойға тап болып, Жанары толар мұнарға. Бұтақтар сынбай тұр шаққа. Параққа сонар барабар: Келешек алыс ұрпаққа Хат жазып жатыр балалар.