1Біздің ауылдың шетінен алып Шыңғыстау даласы басталады. Шығысында Қытай жазығы, Ресейдің...
Әлібек Байбол. Екеу... (I актылы фарс)
Пьеса Қазақстан Республикасы Авторлар қоғамының қорғауында
Praeambulus
Екеуі қырымен отыр.
Б. Тыныш!
А. Не болды?
Б. Көрермендер бізге қарап тұр.
А. Рас па?
Б. Иә. (Ыңғайсызданып, орнынан тұрады да, қайтадан отырады) Сәлеметсіздерме!
А. О жаққа мән берме.
Б. Шынымды айтсам, қобалжып тұрмын... алақаным терлеп... аяғым дірілдеп дегендей...
А. Өзіңді еркін ұста. Алаңсыз.
Б. Алаңсыз?
А. Иә, алаңсыз. Терең дем ал... иә, осылай.
Б. Уф, жеңілдеп қалған сияқтымын...
А. Ал, мен қобалжығанда темекі шегетін әдетім бар... Рұқсат па?
Б. Хм.
А. Шылым шексем бола ма?
Б. Болады.
А. (Жан-жағына қарайды) Бірақ заң бойынша оны белгіленген жерде ғана шегуге керек. Бүгіннен бастап... Мынау соңғысы...
Б. Оның зиянды екенін менсіз де білесің.
А. (Қорапты ашып көреді) Таусылыпты. Енді не істедім? (Орнынан тұрып авансценаға барады да бір нүктеге ұзақ қарап тұрады. Паузадан соң) Кешіріңіз шылымыңыз бар ма? Жоқ... рахмет, көңіліңізге... сізде ше? Бірақ бар болса да бөліскіңіз келмейтін шығар. Бопты. Сізде ше? Темекі? Ешкімде жоқ.
А. Сенде бар ма?
Б. Хм.
А. Қалжың, қалжың. Қайдан алсам болады екен?!
Б. Дүкеннен.
А. Дүкен қайда?
Б. Осы жолмен тура жүресің де, оңға бұрыласың...
А. Мен барып келейін.
Б. Қайда?
А. Дүкенге.
Б. Қызық екенсің, қазір қойылым басталады.
А. Амалдай тұр.
Б. Жоқ, болмайды, отыр.
А. Тез...
Б. Отыр.
Пауза.
А. Осы пьесаның авторы біздің атымызды кім деп қойғанын білесің бе?
Б. Иә. Сені – А, мені – Б депті ғой.
А. Бері жақындашы. (Сыбырлап) Мен сөзімді ұмытып қалдым.
Б. Қойшы.
А. Иә. (Жымияды) Ары қарай не айтушы ем?
Б. Сондай да есім...
А. А, болды, рахмет. Сондай да есім бола ма екен, тұқы?! (Кекетіп) А! Б! (Тұрады) Ассалаумағалейкүм, менің атым – А, ал мынау менің серігім. Есімі – Б. Бір түрлі естіледі иә? (Отырады)
Б. А мен Б әліпбидің алғашқы екі әрпі. А деген Алла, ал б деген бастау деген сөз.
А. (Сұқ саусағын жоғары көтеріп) О! Әдемі айттың. Аптаның аффоризмі болды, бұл! Спектакль әлі басталған жоқ қой деймін, иә?
Б. (Бүйірінен түртіп) Сен де қызықсың, бастайтын біз емес пе?!
А. Енді, ешкім қол шапалақтамаса, қошемет көрсетпесе қалай бастаймыз, айтшы?!
Пауза.
Б. (Екеуі орындықты сахна ортасына қойып, сахна сыртына барып үстел алып келеді) Олай болса...
А. Біз бастаймыз!
***
Біреу есікті қағады.
Б. Кім екен?
А. (Басын қылтитып) Кірсем бола ма?
Б. Эм-м-м-м-м-м... Сен... сіз... сіз кімсіз?
А. Сәлеметсізбе!
Б. Сәлеметсізбе!
А. Ы-ы-ы... Бір ыңғайсыз жағдай боп тұр... Ұят болса да айтуға мәжбүрмін...
Б. Құлағым сізде.
А. Далада жаңбыр жауып тұр... Сіркіреп...
Б. Білемін. Содан?
А. Тоңып қалдым. Кіріп отыра тұрсам рұқсат па екен?
Б. Так... так...
А. Бұл сіз үшін тосын жайт боп тұрғанын білем...
Б. Әрине!
А. Сағат болса 21.45. Автобус тоқтап қалды.
Б. Метро бар ғой?
А. Ол алыс... барғанша су боламын.
Пауза.
Б. Менде қолшатыр бар. Қазір... қазір... (Еркек күтеді) Осы бір жерде жатыр еді ғой. Қайда құрып кетті?.. қазір, қазір. (Ары-жүреді, бері жүреді) Жоқ, таппадым...
А. Онда отыра тұрайын.
Б. Таксиге ақша берсем қалай болады?
А. А, жо-жоқ, алмаймын. Өмірі адамнан қарызға ақша алып көрмегенмін...
Б. Қызық адам екенсіз, өзіңіз.
А. Айып етпеңіз, біреуден қарыз алу деген мен үшін қиын нәрсе. Одан бұрын әйелзатынан... Тағы, қаланың шетінде тұрамын. О жаққа екінің-бірі алып бармайды. Қорқады. Өлтіріп кете ме, деп.
Б. Бірақ, шынында да. Қазіргі кезде, қауіпті боп кетті ғой... адам да қиын... заманда қиын...
Пауза.
А-а-а... Бұл үйді қалай таптыңыз?
А. Келе жатыр ем...
Б. Иә.
А. Қарсы алдымнан төрт қабатты үй шықты. Подъезд... ашық екен. Ішіне кірдім... Қарасам, осы есік жартылай ғана саңылауланып тұр....
Б. Сіздің алдыңызда ғана інім шығып кетіп еді ғой. Жұмысбасты боп отырып жабуды ұмытып кетіппін.
А. Жаппағаныңыз да дұрыс болған шығар. Осылайша, бір адамға жақсылық жасадыңыз. Жаңбыр тоқтасымен-ақ үйіме тартамын. Сонымен, күте тұрсам бола ма?
Б. Ы-ы-ы... қалай айтсам екен...
А. Жарайды, түсінікті, ренжімеңізші... (Шығып кетеді)
Б орнынан көтеріледі де қайтадан отырады.
Пауза.
А. (Ішке қайта енеді) Далаға шығып көрдім... Тоқтар түрі жоқ. (Түшкіреді) Әне, ауырайын дедім... Тұмаумен. Бұған гайморит қосылса, саудам бітті дей беріңіз... (Тағы түшкіреді. Шашын сілкиді)
Б. Жарайды, қалыңыз. Бірақ тыныш отырыңызшы, Құдай үшін...
А. Жақсы, жақсы. (Түшкіреді)
Б. Дәл есіктің артында сүлгі бар, басыңызды сүртіңіз де аяқ киіміңізді шешіп, ана бір паравойдың жанына қойыңыз... кебе берсін...
А. Рахмет, Сізге!
Б. Мен бір нәрсе жазып отыр едім...
А. Түсіндім, түсіндім. (Тып-тыныш отырады)
Пауза. Тек «шық-шық» деген клавиатура дыбысы ғана естілуде.
Қарныңыз ашқан жоқ па?
Б. Жоқ. Неге сұрадыңыз?
А. (Қарнын ұстап) Жай.
Б. Шкафтың ішінде тамақ бар. Микраволновка, әне...
А. Көрдім.
Пауза.
Б. Маған неге тесіліп қарап отырсыз?
А. Жай.
Б. Телевизор қосып берейін. Еркектер футбол жақсы көреді ғой. (Қосады да даусын бәсеңдетеді)
А. Рахмет!
Пауза. Комментатордың даусы.
Б. Атыңыз кім?
А. А!
Б. Қалай, қалай?
А. А!
Пауза.
А. Сіздікі ше?
Б. Б!
Пауза.
А. (Тосырқап) Әдемі есім екен! Б!
М. Мамандығыңыз қандай?
А. Әзірге уақытша жұмыссызбын!
Б. Бұрын қайда істеп едіңіз?
А. Қаржы министрлігінде!
Б. О!
А. Күзетші боп!
Б. Дұрыс қой, енді... Тірі адам тіршілігін жасайды.
А. Жаңбырды айтамын да... әлі жауып тұр. Жаздың жаңбыры болса бір сәрі, күздің қара суығы араласқан нөсер жаман болады. Мұрттай ұшасың. Ал, сіздің мамандығыңыз қандай?
Б. Мұғалім.
А. Бәсе, жұмсақсыз.
Б. Ашуыма тисе, жаманмын.
А. Мінезім шайпау, шайқаймын деңіз.
Б. Солай десек те болады.
А. А-а-а... Маған география сабағы ұнайтын. Ұстазымыз да сондай мықты кісі еді. О сабақты ұнататын себебім, бала кезден ел, жер аралағанды, жаңа мекенді көруді жаным сүйетін. Неге көңілсізсіз?
Б. ...
А. Сіз жалғыз тұрасыз ба?
Б. Ініммен...
А. М-м-м.
Б. Одан кейін ағаммен...
А. Ағаңыз не істеуші еді?
Б. Спортсмен... Кмс. 13 жыл күреспен айналысқан...
А. А... мен... мен... қайта берсем...
Б. Неге?
А. Жаңбыр тоқтапты...
Б. Қайдағы? Құйып тұр ғой, әне.
А. Сонда да... кетейін...
Б. (Күледі) Бірақ ол қазір қалада емес. Қарағандыға кеткен... жұмыс бабымен. Шошып кеттіңіз ғой?
А. Жоға! Мен де спортпен айналысқанмын.
Б. Қандай?
А. Жүгіру!
Б. (Күледі) Жү-гі-ру?
А. Неге күлдіңіз?
Б. Жоқ, кешіріңіз. Мен кейде... қатты күлсем жылайтын әдетім бар.
А. Қызық екен. Неге?
Б. Өзім де түсінбеймін. Сондайда, есіме қайдағы-жайдағы түседі.
А. Сізге не болды?
Б. Ештеңе.
А. Маған қарамаңызшы.
Б. Ұяламын. (Көзінің жасын сүртіп, бокалға су құяды да ішеді)
А. Сізге мұңайған жараспайды... Күн сияқты жарқырап, күліп жүріңізші... (Қолынан ұстайды)
Б. Есіңіз дұрыс па, өзі?
А. Мен не істедім?
Б. Қолымнан ұстадыңыз...
А. Кешіріңізші. Мен... мен... білмей қалдым... жаман оймен істеген жоқпын.
Б. Кетіңіз. Кетіңіз дедім.
А. Жарайды... бірақ ренжи көрмеңізші. Әти емес...
А кетіп бара жатады.
Б. (Кекетіп) Әти емес... Тоқтаңыз!
А. Ау?
Б. Қалыңыз. Бірақ бұл нәрсе қайталанса... аямаймын.
А. Жақсы.
Б. Мұздаған шығарсыз...
А. Иә. (Қолын ысқылап)
Б. Ана шкафта ағамның киімі бар... Барып ауыстырып келіңіз.
А. Ағаңыз ренжіп, мені қазық қып жерге қағып жүрмесе жарар еді...
Б. Көп сөзді қойыңызшы, болды.
А. (Кетіп бара жатады) Сізде мінез бар екен, иә?
Б. Мінезсіз адам болушы ма еді, айтыңызшы?
А. (Сахна сыртынан) Бірақ сол нәрсені деймін да... орнымен қолдана алсақ қой, шіркін...
Б. Бұл сөздің бір ұшы маған тиіп жатыр.
А. Бұл маған да қатысты.
А келеді. Үстіндегі киім үлкендеу болса керек. Кішкене кең тұр.
Б. Қарныңыз ашқан шығар?
А. (Сымының белін көтеріп қояды) Жоқ.
Б. Өтірік.
А. Жоқ.
Б. Не, жоқ?
А. Айтқаным өтірік емес дегенім ғой.
Б. Түсінікті.
Б дастарқан жаяды. А кітап оқиды.
Б. Қандай кітап?
А. «Әйел мен еркек туралы» деген кітап...
Б. Авторы кім?
А. Берн деген...
Пауза.
Үй өзіңіздікі ме?
Б. Неге сұрадыңыз?
А. Жай.
Б. Жай емес, бұнда бір астар бар...
А. Әр сөзден саясат іздеу де дұрыс емес шығар, қалай ойлайсыз?
Б. Саясаттан аулақпын.
А. Сұрағыма жауап бермесеңіз де болады.
Б. ...
Б А-ға шай бергенде, жігіт оның қолынан қайтадан ұстап алады.
Б. Бұрынғы әдетке қайта бастыңыз ба?
А. М-м-м-м...
Б. Мен сізге не дедім?
А. Қолым тиіп кетті...
Б. Түріңізге қарасам тәрбиелі азамат сияқтысыз.
А. Бірақ алғаш көрген адамды үйге кіргіздіңіз ғой.
Б. Өйткені, жаным ашып кетті. Менде де жүрек, сезім бар.
А. А-а-а... мен иттерді жақсы көремін.
Б. Тақырыптан ауытқымаңыз, мен сізге не дедім?
А. Кешіріңіз.
Пауза.
Б. Есіңізде болсын! Мен пайдаланып тастап кететін... зат емеспін!
А. Ондай арам ойым жоқ.
Б. Еркектерге сенбеймін.
А. Алданып қалғансыз ғой?
Б. Түсінбедім.
А. А, ештеңе. Шайыңыз дәмді екен! Темек шексем бола ма?
Б. Ана жерге барыңызшы... иісінен жүрегім айниды.
А. Жүрегіңіз тек темек иісінен ғана айни ма, әлде...
Пауза.
Б. Не деп тұрсыз?
А. Қалжың, қалжың.
Б. Бала-шағаңыз бар ма?
А. Неге сұрадыңыз?
Б. Сіз де маған осындай сұрақ қойдыңыз ғой.
Пауза.
А. Бар.
Б. Олар қайда?
А. Ажырасқанмын.
Б. Неге?
А. Бұл құпия боп қалсыншы.
Б. Бала бар ма?
А. Бар.
Б. Қаншау?
А. Екеу.
Пауза.
Жігітіңіз бар ма?
Б. (Көңілденіп) Е, есіме салғаныңыз, дұрыс болды. Үйіне звандасам ұят болар, иә? Кеш қой, қанша дегенмен. Сағат оннан кетіпті. (Ұялы телефонына звандайды) «Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның ұялы телефоны өшірулі»... (Қобалжығаны байқалады)
А. Қазіргі адамдар тұрақсыз...
Б. Шатағыңыз болмасын.
А. Рас қой.
Дастарқанды жинастыра бастайды. Ыдыс-аяқ сыңғырлап, қасықтар тарсылдап кетеді.
Б. Қайда жүр, ол?
А. А?
Б. Сізге емес.
А. Енді кімге?
Б. Туй, сұрақ қоя бермеңізші, онсызда жыным ұстап тұр.
Ұзақ пауза. Бір-біріне сөйлемейді. Өздерінің тіршілігін сүріп жатыр. Еркек киімдерін іліп, кептіріп, сөмкесінің ішіндегі заттарды аударыстырып жатады. Әйел ыдысты жуып, үйді сыпырады.
А. Сіз...
Б бұрылып қарайды.
Сіз... сүйкімді екенсіз.
Б. Білемін. (Теріс қарайды)
А. Әлі жауып тұр, жарықтық.
Б. Жаңбырға қарасам жылағым келеді... Бала кезім есіме түседі... бір рет әкем анамды қанжоса қылып ұрып, жаңбырдың астында қалдырып кеткен...
А. Жағыңызды таянбаңыз!
Б. Өзім білемін.
А. Содан?
Б. Не содан?
А. Әкеңіз анаңызды ұрды... содан кейін?
Б. Айтпаймын. Не үшін айтуым керек?
А. Хм! Қызық!
Пауза.
А. Жасыңыз қаншада?
Б. Қыздың жасы 18!
А. (Жымиып) Түсінікті!..
Б. Сіз қаншадасыз?
А. Отызда.
Пауза.
Мен сізге ұнаймын ба?
Б. Түсінбедім?
А. Мен деймін...
Б. Иә, сіз?
А. Сізге ұнаймын ба?
Б. Жүзіңіз жылы...
А. Еркек ретінде...
Б. Бұ сұрағыңыз артықтау, енді.
А. Неге?
Б. Айттым ғой, жігітім бар.
А. Қайда ол?
Б. Үйінде.
А. Үйінде ме, әлде басқа жерде ме... біреумен...
Б. Жоқ, үйінде...
А. Күмәнім бар.
Б. (Шыдамсызданып) Ұят болса да звандайын, үйіне.
А. Есіңде болсын! Сен оған өзің бастап звандағаннан бағаң артпайды.
Б. Араласпашы, а. Алло! Сәлеметсізбе! Қалыңыз қалай? Мен ғой Б! Жақсы! Аха. Асқар бар ма екен? Жоқ? Дүкенге кетті?
Пауза.
А. (Мырс етіп) Дүкенге! Хе, ол қандай дүкен екенін білеміз ғой.
Б. Қашан келеді? Белгісіз? Келсе, мен хабарласты деп айтыңызшы. (Телефон тұтқасын орнынан қояды) Қазір, қазір. Қосқан шығар. Ұялы телефонына звандайын! «Абонент байланыс аясынан тыс жерде немесе оның телефоны өшірулі»... Оңбаған! Еркектердің бәрі оңбаған! (Телефонды шетке итереді)
А. Сенің жігітің ғана сондай шығар. Ал біз секілді адал адамдарды о топқа қоса көрме.
Б. Адал?
А. Енді, көңіліміз таза ғой.
Б. Хм! Таза!
Пауза.
А. Екеуіңіз үйленесіздер ме?
Пауза.
Б. Негізі, иә...
Пауза.
Сондай жоспар... бар еді.
А. Неге бар еді?
Б. А-а-а, бар, бар.
А. Сізге не болды?
Б. Ештеңе. (Отырады)
А. Жаңбыр әлі құйып тұр, жарықтық.
Б. Иә. (Күрсініп) Құйып тұр.
А. Егер үйленсеңіз, тойыңызға шақыруға ұмытпаңыз.
Б. А?
А. Егер үйленсеңіз, тойыңызға шақыруға ұмытпаңыз деймін.
Б. Иә, иә. Сіз тізімді бастап тұрсыз ғой.
А. Мен сізге бір нәрсе айтайыншы… ішіме сыймай барады.
Б. Тыңдап тұрмын.
А. Бірақ дұрыс жағынан түсініңіз.
Б. Қолдан келгенше…
А. Мен сізді жақсы көремін.
Б. Немене?
А. Иә.
Б. Қазір мен полиция шақыртамын. Алып кетсін, сізді.
А. Не істедім, мен?
Б. Мен сізді үйге кіргізсем, айтып тұрғаныңыз мынау. Қазір, қазір. Алло! Полиция! Иә! Не болды? Менің үйіме бір жігіт кіріп алып, шықпай отыр.
А. (Мырс етіп) Хм! Бір жігіт!
Б. Мен оны бірінші рет көріп тұрмын. Иә! Мені жақсы көремін дейді.
А. Бұндайды полицияға айтушы ма еді, қызық адам екенсіз, өзіңіз!
Б. Есіміңіз? Есімім – Б. Жо-жоқ арақ ішкен жоқпын. Сап-саумын!.. Жоқ, наша да шеккен адам емеспін. Неге сұрадыңыз? Енді, атым сондай да, енді. Иә, қазақпын! Негізі, мен пьесаның кейіпкерімін. Атымды автор қойған. Драматург! Қандай автор? Қандай драматург? Полицияға емес… қай жерге звандаңыз дейсіз? Мен сізге…
А. Ха! Сол керек, сізге.
Б. Бір нәрсе айтсам ренжімейсіз бе?
А. Жоқ.
Б. Тайып тұрыңызшы, бұ жерден…
А. А?
Б. (Қолымен көрсетіп) Кетіңіз, фшт-фшт.
А. Қалжыңдадым, кешіріңіз.
Б. Кетіңіз дедім.
А. Кешіріңізші.
Б. Кет дегенде ит те кетеді.
А. Бірақ, мен адаммын ғой.
Б. Сіз ба?
А. Иә.
Б. Адам болсаңыз, өзіңіз үшін… Кетіңіз.
А. Жаңбыр әлі жауып тұр.
Б. Енді, қайтейін?!
А. Су боламын ғой.
Б. Басқа-басқа бірақ сізге су тимес.
А. Егер ауырып қалсам, жауап бересіз.
Б. (Итеріп шығарып жібереді) Кетіңіз...
А. Қалайыншы, тыныш отырамын…
Б. Жоқ, сіз тәртіпсіз екенсіз! (Есікті тарс жабады) Уф! Әрең құтылдым ғой, одан.
Ұзақ пауза. Бану барып диванға отыра кетеді. Өлі тыныштық. Дастарқан жаяды. Шам жағады. Жатып, дем ала бергенде есікті біреу қағады.
Кім бұл?
А. Мен ғой.
Б. Мені кім, тағы?
А. Мен ғой А!
Б. Сізбен сөйлескім келмейді, кетіңіз.
А. Кіргізіңізші. Ұзай алмадым… су болдым… Тоңып қалдым. Шын айтамын.
Б. Тоңып қалдым?
А. Иә.
Б. Бұзық болмайсыз ба?
А. Жоқ, Әлемдегі ең тәртіпті адам мен боламын, осыдан қараңыз! (Кіреді) Жығылғанға жұдырық дегендей… (Шашын сілкиді) туфлиімнің түбі түсіп қалды, қараңызшы…
Б. Қытай ғой…
А. Қытай емпес, Италия!
Б. (Мысқылдап) А, Италия екен ғой!
А. (Отырады) О, керемет дастарқай жайып қойыпсыз ғой.
Б. Иә.
А. Біреу келе ме?
Б. Кім керек еді?
А. Жоқ, ешкім... Жігітіңіз ба дегенім ғой.
Б. Бүгін менің туған күнім!
А. О, керемет. Қазір... (Портфелін ашады да ішінен жасанды гүл алып шығады) Мынау сізге!
Б. Рахмет! Әдемі екен.
А. Жолдан тауып алдым.
Б. А?
А. Қалжың!.. Бір жерден оқығаным бар еді. Газеттен ғой деймін. Мұсылманда екі туған болады екен. Біреуі туған кезде, екіншісі бақилық болғанда.
Б. Қызық екен.
А. Жігітіңіз звандап құттықтады ма?
Б. Жоқ.
А. Неге?
Б. Сұрамаңызшы.
А. Онымен қалай таныстыңыз?
Б. Тойда. Біз бір-бірімізді көзбен-ақ ұғыстық.
А. (Кекетіп) Солай ма?!
Б. (Кекетіп) Иә, солай.
А. Тағы?
Б. Не тағы?
А. Қандай, ол?
Б. Ой, сұрамаңызшы дедім ғой. Онсыз да көңіл-күйім жоқ...
А. Мен де оңбаймын, осы. Ренжімеңіз. Отырыңызшы. Сен сізді күтейін.
Б. Қажеті жоқ...
А. Отырыңыз! Салат салып берейін...
Б. Өзім де сала аламын.
А. Отырыңыз дедім. (Су құйып, тамақ салып береді) Жеңіз.
Б. Жоқ, Асқар.
А. Қайдағы Асқар? А, менің атым А!
Б. Мен сізді Асқар десем бола ма?
А. Асқар?
Б. Иә, Асқар!
А. Білмеймін.
Б. А деген ат біртүрлі сияқты.
А. Олай болса, мен сізді Бану дейін.
Б. Бану?
Асқар. Иә.
Бану. Неге Бану? Неге Балжан, неге Баян емес, неге Бақыт емес?
Асқар. Ойыма келген әуелгі сөз осы болды.
Бану. Фамилияң?
Асқар. Серіков!
Пауза.
Бану. Сонымен Еріков мырза...
Асқар. Еріков емес, Серіков!
Бану. Сонымен Еріков мырза, өміріңдегі ең алғашқы махаббатың кім еді?
Асқар. Сен!
Бану. Өтірік.
Асқар. Сөзім расқа шыққан күннің өзінде жігітің бар екен ғой.
Бану. Иә. (Терезеге қарайды)
Асқар. Жарайды, көңіл-күйіңді түсірме. Бүгін саған ренжуге болмайды. Өйткені... Туған күнің! Өлең оқып берейін.
Бану. Жақсы ма?
Асқар. Алдымен оқып берейін, одан кейін барып бағаларсың.
Бану. Ал...
Асқар.
Сәулешім, сонау кеште нұрлы аспанда,
Қос жұлдыз ұғысқанда, ымдасқанда,
Жерде – біз, егіз жүрек жүздеп соқты,
Еріншек аяғымыз бір басқанда.
Ыстық қол, ыстық сезім оятқанда,
Аттаудан жаңылмайтын аяқ бар ма.
Махаббат бойды баурап... тамырларда
Құтырып асау-топыр ой ақты сонда.
Алдымда тұрды сонда бір сын менің,
Сондағы қуанғаным – күрсінгенім.
Түк сезбей жатты жазық, туған дала,
Көтеріп қос жүректің дүрсілдерін.
Сол дүрсіл армандарды іздеткізді,
Сол дүрсіл жазды өткізді, күзді өткізді.
Бозамық шың жамылған ай астында,
Сол дүрсіл туған жерге із боп түсті...
Қосты ғой «сүю» деген күшті бізді,
Бастық біз енді жерге үш түрлі ізді –
Үш өмір көтерілді көкжиектен,
Сәулешім, көрдің бе анау үш жұлдызды?
Рахмет, жазымды өмір күз қылмады,
Сәби ғой бұл тіршілік – біз құндағы...
Көбейсін жер бетінде түскен іздер,
Көбейсін мына аспанның жұлдыздары!
(С) Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.
Асқар. Қалай? Күшті ма?
Бану. Иә. Ұнады. Шынайы екен.
Асқар. Бәрі өмірден алынған ғой.
Пауза.
Асқар. Мен бақыттымын!
Бану. Сен бақыттысың ба?
Асқар. Иә, мен бақыттымын.
Бану. Әркезде ме?
Асқар. Иә, әркезде.
Бану. Не ол?
Асқар. Не?
Бану. Не ол, бақыт деген?
Асқар. Білмеймін...
Бану. Айттың ғой...
Асқар. Нені?
Бану. Айттың ғой деймін?
Асқар. Нені, нені?
Бану. Бақыттымын деп та.
Асқар. Иә, бақыттымын.
Бану. Демек...
Асқар. Демек?
Бану. Демек, бақыттың не екенін білетін болғаның ғой, сонда?
Асқар. Жоқ.
Бану. Жоқ?
Асқар. Жоқ!
Бану. Сонда, бақытты екеніңді қайдан білдің?
Асқар. Сезінемін.
Бану. Сезінемін?
Асқар. Иә.
Бану. Нені?
Асқар. Бақытты екенімді.
Бану. Ал, бақытты болу деген не нәрсе?
Асқар. Бақыт деген ол – махаббат.
Бану. Бақыт деген ол – махаббат?
Асқар. Иә, бақыт деген ол – махаббат.
Б. Қызық екен.
А. Мысалы, сен менің бақытымсың.
Бану. Мен сенің бақытыңмын?
Асқар. Иә, сен менің бақытымсың!
Бану. Оны қалай білдің?
Асқар. Жаныңа жақындағанда... (Көкірегінің тұтасқан тұсын көрсетіп) міне... мына жерім жып-жылы боп кетеді.
Бану. Мына жер ме?
Асқар. Иә, дәл осы жер.
Б. Ал, сен ше?
Бану. Не мен?
Асқар. Бақыттысың ба?
Бану. Мен бе?
Асқар. Иә, сен.
Бану. Иә.
Асқар. Не, иә?
Бану. Мен де бақыттымын.
Асқар. Байқадың ба?
Бану. Нені?
Асқар. Екеуміз сізден бірден сенге көштік қой. Неге?
Бану. Не неге?
Асқар. Неге олай деймін да?
Бану. Бір-бірімізге сен деп сөйлегенімізді айтып тұрсың ба?
Асқар. Иә.
Бану. Бұл автордың қалауы ғой.
Асқар. А-а-а!
Пауза.
Бану. Алматыда адам көп.
Асқар. Көп, көп.
Бану. Бірақ соның ішінен... басқа-басқа емес, екеуміз жолықтық.
Асқар. Бұны тағдыр дейді.
Бану. Біз кездеспей қалуымыз да мүмкін еді...
Асқар. Бірақ кездестік. Қорқамын!
Бану. Неден?
Асқар. Сені жоғалтып аламын ба деп.
Бану. Махаббат деген не?
Асқар. Түсінбедім.
Бану. Махаббат деген не деймін?
Асқар. Білмеймін. Сенің ше, не?
Бану. Сөз.
Асқар. Жай ғана сөз ба?
Бану. Терең мағынасы бар сөз.
Пауза.
Әкең... анаң бар ма?
Асқар. Болған...
Бану. Менде де...
Асқар. Қайтыс болды. Рактан.
Бану. Құдай сақтасын!
Асқар. Қазір бұл жаңалық болмай қалды ғой.
Бану. ...
Асқар. Мен оларды ешқашанда ұмытпаймын. Кеше... түсімде әкемді көріппін. Күліп тұр. Риза, әйтеуір...
Бану. Ол жақсы ғой...
Асқар. Не жақсы?
Бану. Риза боп тұрғаны.
Асқар. А, мүмкін, мүмкін...
Бану. Ал мені ата-анам тастап кеткен.
Асқар. О кез есіңде ме?
Бану. Бірақ нәрсе қалыпты... мезгіл күз болатын. Тоқтамай жаңбыр жауып тұрды... Жылағым келді... бірақ неге екені белгісіз жылай алмадым. Сонда бізді ағамыз бақты...
Асқар. Азамат екен...
Бану. Ол мықты, қайсар ғой.
Асқар. Ал, мен кейде, әке-шешемді қатты сағынамын... есікті айқара ашып, кіріп келетіндей боп тұрады, тура.
Бану. Түсінемін.
Асқар. Нені?
Бану. Тү-сі-не-мін.
Асқар. Нені деймін?
Бану. Қабырғаны қайыстырар қазаны айтамын.
Асқар. Сен оның не екенін білмейсің.
Бану. Білемін.
Асқар. Білмейсің!
Пауза.
Бану. Кенже інім шейіт болған... жол апатынан.
Пауза.
Үш ай бұрын.
Пауза.
Асқар. Кешір...
Бану. Адам баласының қатал екенін көре... біле тұра, оның бір... зәредей болсын жақсылығына сенемін.
Асқар. (Күрсініп) Бір кезде... біз де өмірден өтеміз. Үнсіз ғана... (Банудың қолынан ұстайды) Қолың тастай ғой. (Бану орнынан тұрып кетеді)
Бану. Бір сұрақ қоямын.
Асқар. Қандай?
Бану. Мені сүйемін дедің ғой?
Асқар. Иә...
Бану. Мен қандай түсті ұнатамын?
Асқар. Сен бе?
Бану. Мен!
Асқар. Ойлануға уақыт бер...
Бану. Сенің аңсарың қара түске ауып тұрады екен.
Асқар. Рас.
Бану. Кейде, оң көзің тартады екен...
Асқар. Мынаны қарай гөр...
Бану. Сол аяғыңның нәскиі тесік... Түбі!
Асқар. А-а-а...
Бану. Доп-домалақ...
Асқар. Ешкімге айтпа.
Бану. Оң жақ қалтаң жыртылған...
Асқар. Кеше тіккем...
Бану. Онда бүгін қайта жыртқансың...
Асқар. (Тексереді) Шын ба?
Бану. Өйткені, тырнағың өсіп кеткен...
Асқар. Ол үшін арнайы қайшы керек...
Бану. Желке тұсыңда қал бар.
Асқар. Бар, бар...
Бану. (Саусағымен көрсетіп) Үшеу.
Асқар. Оны қайдан білесің?
Бану. Енді, менің сұрағыма жауап бер.
Асқар. Қандай еді?
Бану. Не?
Асқар. Сұрақ.
Бану. Мен қандай түсті ұнатамын?
Асқар. (Бірден) Көк!..
Бану. Оңбаған!
Асқар. Қой, өйтіп айтпа.
Бану. Маймыл.
Асқар. Не дид?
Бану. Санасыз.
Асқар. Ренжімеші.
Бану. Өтірікші.
Асқар. Қазір тек шындығын айтатын адам бар ма?
Бану. Жатыпішер.
Асқар. Рас, рас.
Бану. Ұятсыз.
Асқар. Қалай жеңілдеп қалдың ба?
Бану. Жоқ.
Асқар. Неге?
Бану. Тағы да айтқым кеп тұр.
Асқар. Аузым қышып тұр де.
Бану. Сен бар ғой...
Асқар. Иә, мен...
Бану. Сен... сен... езсің.
Асқар. Күлші.
Бану. Неге?
Асқар. Сен күлгенде ұртыңның екі жағынан ойық шығады. Саған күліп жүрген жарасады екен.
Бану. Ол ұнай ма саған?
Асқар. Әрине. Қарай бергім келеді… көз алмай…
Бану. (Күледі) Рахмет.
Асқар. Әне. Дәл осы күйіңде қатып қалсаң ғой, шіркін.
Таңертең… түсте… кешке де қараудан жалықпас ем.
Бану. Сөзден қашпа...
Асқар. Ы-ы-ы! Билесек қалай?
Бану. Сөзден... қашпа!
Асқар. Жасыл түсті ұнатасың, сен... жасыл түсті!
Бану. (Қуанып) Билейік!
Асқар. Вальс па?
Бану. Иә.
Екеуі билейді. Асқар Банудың аяғын басып кетеді. Бану орындыққа отырып қалады.
Бану. Аяғым, аяғым. Тура сынған тырнақты басқаның…
Асқар. Кешірші.
Бану. Епсізсің ғой, бір.
Асқар. Сондаймын, енді, қайтесің?!
Бану. Қоқима… қораз!
Пауза.
Сенде бар ғой, кемшілік деген толып жатыр екен.
Асқар. Иә, көп… өте көп.
Бану. Тетекі шегесің.
Асқар. Жақсы ғой, ол! Бар ма?
Бану. Арақ ішетін шығарсың?
Асқар. Кейде ғана.
Бану. Өркөкірексің?
Асқар. Міндетті түрде.
Бану. Өз айтқаныңмен жүресің.
Асқар. Әрине.
Бану. Ары қарай айтайын ба?
Асқар. Жалғастыра бер, жақсы бастадың.
Бану. Сендер еркектер…
Асқар. Иә, еркекпіз…
Бану. Сендер өтірікшісіңдер.
Асқар. Мен бәріне бірдей жауап бере алмаймын..
Бану. Сендер өсекшісіңдер.
Асқар. Бұл енді артықтау…
Бану. Сендер қусыңдар…
Асқар. Онда саған тек сондайлар ғана жолыққан ғой. Иә, кемшілігім көп. Өйткені, адаммын...
Бану. А сен адам екенсің ғой?
Асқар. Иә, адаммын.
Бану. Мен білмейтін тағы қандай кемшілігің бар?
Пауза.
Айт, ұялма.
Асқар. Айтпаймын.
Бану. Неге?
Асқар. Сол.
Бану. Білгім кеп тұр.
Асқар. Жоқ.
Бану. Қызқұмарсың ба?
Асқар. Жоқ.
Бану. Құмар ойындар ойнайсың?
Асқар. Ол да емес.
Бану. Ұрлықшысың? (Күледі)
Асқар. Жоқ.
Бану. Енді?..
Асқар. Айтқым келмейді.
Бану. (Теріс қарайды) Жарайды, өз еркің...
Асқар. Ренжіп қалдың ба?
Бану. Жоқ.
Асқар. Шын айт.
Бану. (Даусы қатты шығып кетеді) Жоқ!
Асқар. Фантик жинаймын.
Бану. (Күледі) Фантик?
Асқар. Бұның несі күлкілі?
Бану. Жоқ, жай әншейін. Кешір.
Асқар. (Бануды құшақтап алады) Жігітің саған лайық емес.
Бану. Жібер.
Асқар. Жібермеймін.
Бану. Айқайлаймын, онда.
Асқар. Мархабат!
Бану. Сенен жиіркенемін.
Асқар. Ал, мен болсам жиіркенбеймін. Өйткені, сүйемін.
Бану. Айқайлаймын!
Асқар. Ал!
Бану. Көмектесіңдер.
Асқар. Түнде кім естиді, сені?!
Бану. Көмектесіңдер.
Асқар. Қаттырақ.
Бану. Маньяк... Аң...
Асқар. Оймақтай аузыңнан шыққан әр сөзің майдай жағып барады, тура.
Бану. Санасыз... сауатсыз... байқұс...
Асқар. «Байқұс деген жақсы сөз!» – деуші еді нағашы апам. (Қыз жігітті итеріп жібереді. Жігіт отыра кетеді. Бану теріс қарайды) Әйелдерді түсінбеймін, осы. Сіз түсінесіз бе, аға? Кезінде түсінгенмін? Ал, мен түсінбеймін. Өздері қызық халық. Біресе күледі, біресе жылайды. А, жоқ, жылап отырып күледі, күліп отырып жылайды. Ал, иә дегендері жоқ, жоқ дегендері иә боп шығады. Мен оларды өле-өлгенше түсінбей кететін шығармын, осы. Жарайды... Мен саған шындығымды айтайын...
Бану. (Жалт қарайды) Қандай?
Асқар. Негізі мен көрші тұрамын.
Бану. Иә.
Асқар. Көшіп келгеніме үш ай болды. Бала-шағам да, отбасым да жоқ. Бойдақпын. Күзетші емеспін. Бухгалтермын.
Бану. Мәссаған.
Асқар. Мен бұл үйге бекер келген жоқпын. Саған сырттай ғашық боп жүргендердің бірімін. Үйім әне. Өзімдікі. Сенімен танысудың амалын таппай, ұрымтал сәтті күтіп жүр едім, Құдай тілегімді қабыл етті.
Бану. Сонда, мынаның бәрі өтірік пе?
Асқар. Бәрі емес, енді...
Бану. (Жылағысы келеді) Сонда... сен... сонда бұның бәрі спекталь ма? Театр.
Асқар. Жо-жоқ...
Бану. Мен саған сендім. Ал сен болсаң алдадың...
Асқар. Алдаған жоқпын.
Бану. Алдадың...
Асқар. Сөзімді бөлме. Соңына дейін тыңдап ал.
Бану. Қажеті жоқ. Мен саған жаным ашып үйге кіргізсем...
Асқар. Не істедім, мен?
Бану. Ештеңе... сен сүттен ақ, судан тазасың... сен... сен пәксің. Өтірікші. Сен өтірікшісің. Ал, мен өтірікке тойған адаммын.
Асқар. (Орнынан тұрады) Жарайды, мен өтірікші екенмін, мен жаман адам екенмін. Онда кетейін.
Пауза.
(Даусын естіртіп. Тыныштық) Онда кетейін! Өз еркіммен!
Пауза.
Кетіп бара жатады. Есіктің тарс еткен даусы естіледі.
Бану. Кетті! (Су ішеді. Салат салып жейді. Асқар қайтадан келеді) Бұнда не істеп жүрсің?
Асқар. Құжаттарымды қалдырып кетіппін.
Бану. Қайда?
Асқар. Осы бір жерде.
Бану. Қандай құжаттар, ол?
Асқар. Куәлік. Пасторт. Үйдің кілті.
Бану. Білмеймін, ештеңе білмеймін.
Асқар іздеп жүрген сыңай танытады да үстелдің астына кіреді.
Аяғымды, абайлашы.
Асқар. Иә, иә!
Бану. Таптың ба?
Асқар. Жоқ.
Бану. Шкафтың ішін көрші.
Асқар. Табуға көмектесші.
Бану орнынан тұрып, шкафтың ішін қарап жатқанда Асқар артынан келіп құшақтайды.
Бану. (Шошып) Ай!
Асқар. Мен сені жақсы көремін. Сүйемін. Күйемін. (Үстіндегі кофтаны шешеді)
Бану. Жақындама. Сен қыз зорлайтындардың сойынансың ғой. Көзіңде қан бар.
Асқар. Жоқ олай емес. Үй ыстық. Шын айтамын.
Бану. Жақындама.
Бану. (Шегінеді де сөмкесінен газды пистолет алып шығады)Қозғалма.
Асқар. Е-е-е...
Бану. Орныңнан қозғалсаң атамын.
Асқар. Атпа.
Бану. Қолыңды төбеңе қой да, тізерлеп отыр.
Асқар. Жер шаң.
Бану. Атамын!
Асқар. Атпа, атпа!
Бану. Отыр!
Асқар. Сабыр, сабыр.
Бану. Енді, тақпақ айтып бер.
Асқар. Қандай тақпақ?
Бану. Кәдімгі тақпақ.
Асқар. Айтпаймын. Бүйтіп адамды қорлауға болмайды. Мен саған сайқымақ емеспін. Екеуміздің күшіміз тең емес, сенде қару бар, менде жоқ.
Бану. Айт, тақпақ.
Асқар. Бұл қай мазағың?
Бану. Айт дедім.
Асқар. Жоқ!
Бану тапаншаны маңдайын тақайды.
Асқар. Аяз ата келіп тұр, бізге сәлем беріп тұр, сақалының ұзын-ай, жұлып алсаң шіркін-ай!
Бану. (Күледі) Керемет!
Асқар. Сотталасың, ұқтың ба?! Нағыз маньяк мен емес, мына сен.
Бану. Неге мені аңдып жүрсің? Шпионсың ба?
Асқар. Жоқ.
Бану. Әлде біреу жіберді ме?
Асқар. Жоқ. Өзім келдім.
Бану. Өзім келдім?
Асқар. Ой, өзім келдім деппін ғой... бірақ иә, дұрыс... Өзім келдім! Сені іздеп. Ешкім жіберген жоқ. Тапаншаңды тасташы. Адам ұқсап сөйлесейік.
Бану. Жоқ!
(Сөзі нық) Асқар!
Асқар. (Жасқанып) И-и-и-ә.
Бану. Мені шынымен де сүйесің бе?
Асқар. Иә. Неге сұрадың?
Бану. Онда сөз бер.
Асқар. Не деп?
Бану. Бүгіннен бастап басқа әйел атаулысына қарамаймын деп.
Асқар. М-м-м...
Бану. (Бұрылайын деп жатқанда) Түсінікті.
Асқар. Бүгіннен бастап қарамаймын!
Бану. Басқаға емес, әйел атаулысына...
Асқар. Бүгіннен бастап басқа әйел атаулысына қараймын!
Бану. Қарамаймын де!
Асқар. Қарамаймын!
Бану. Кімге?
Асқар. Қатындарға!
Бану. Әйелдерге де.
Асқар. Какая разница!
Бану. Толық айт.
Асқар. Бүгіннен бастап басқа әйел атаулысына қарамаймын!
Асқар. Әйел атаулысына қарамаймын.
Бану. Қарасаң?
Асқар. Қарасам... қарасам... ит боп кетейін... аф-аф-аф... мысық боп кетейін... мяу... доңыз боп кетейін...
Бану. (Күледі) Ант ет.
Асқар. (Оң қолын шекесіне қойып) Ант етемін.
Бану. Өтірік. Сенбеймін.
Асқар. Шын.
Бану. Қане, көзіме қарашы.
Асқар. Ал, қарадым.
Бану. Көзің ойнап тұр ғой.
Асқар. Құдай жанарымды сөйтіп жаратса не істеймін, енді?!
Бану. Мені шын сүйесің ғой?
Асқар. Иә!
Банудың телефоны звандайды.
Кім ол?
Бану. ...
Асқар. Кім ол?
Бану. (Даусын басады) Ешкім.
Асқар. Жігітің ғой, иә? Ал, көтер.
Бану. Алло!
Дауыс: Алло! Бұл кім?
Бану. Бану!
Дауыс: Бану деген кім?
Бану. Ал, сен кімсің?
Дауыс: Мен оның үйленгелі жүрген қызымын. Алло! Алло!
Баян телефонды өшіреді.
Бану. Осыны ішім сезіп еді.
Асқар. Айттым сенбедің. Мен сені сүйемін! Сен махаббат не екенін білесің бе? Ей, Махаббат деген бар ғой... Махаббат... ол... Ол бар ғой. Ей, ол... ол... үлкен нәрсе. (Асқардың телефоны шырылдайды) Алло!
Дауыс: Қайдасың, Асқар?
Асқар. Қайдасы, несі?
Дауыс: Мен сені үйіңнің алдында күтіп тұрмын.
Бану. Кім ол?
Асқар. Ешкім!
Бану. Кет, онда.
Асқар. Тыңдашы.
Бану. Кет дедім.
Асқар. Кетпеймін.
Бану. Кет.
Асқар. Онда мен өз-өзіме қол жұмсаймын. (Авансценаға келеді) Терезеден секіріп өлемін.
Бану. Секір.
Асқар. Секіремін.
Бану. Секір. Бол, бол.
Асқар. Итерме.
Бану. Қорқақ.
Асқар. Секіремін... қазір. (Көзін жұмады да тербеліп тұрады) Бір... екі... Пауза.
Екі жарым... екі жарымның жар-ты-сы...
Бану. Секіре ғой, секіре ғой... Ары кетсе аяғың сынар.
Асқар. (Оң көзін ашып) Неге?
Бану. Өйткені, мен бірінші қабатта тұрамын.
Асқар. Бірінші қабатта?!
Бану. Иә!
Асқар. А, иә, иә, ұмытып кетіппін ғой. Олай болса... олай болса... Кетсем кетейін! Бірақ әркім өз затына ие болсын.
Бану. Дұрыс айтасың.
Асқар. Менің дұрыс айтпаған кезім болмаған.
Бану. Солай ма?
Асқар. Солай!
Бану. (Білмегендей кейіп танытып. Портфельді бір құлағынан көтеріп тұрады) Мынау кімдікі болды екен?
Асқар. Менікі, менікі!
Бану. (Лақтырады) Онда бұл – қоқыс!..
Асқар. Лақтырма... онда... онда... (Банудың сөмкесін лақтырады) Онда мынау да қоқыс. Косметика! Ол да керек емес.
Бану. Ей, ол менікі, менікі.
Асқар. (Лақтырады) Кешір... үлгермей қалдың.
Бану. Ал, мен мына аяқ-киімді бірінші рет көріп тұрмын. (Лақтырады)
Асқар. Ол менікі.
Бану. (Лақтырады) Сен де мені кешір.
Асқар. Құдайға сенесің бе, сен өзі?
Бану. Не болды?
Асқар. Сенесің бе, жоқ па?
Бану. Не болды деймін?
Асқар. Сенесің бе?
Бану. Менің жауабымнан не өзгереді?
Асқар. Сен еврейлер ұқсап сұраққа сұрақпен жауап берме, ұқтың ба?.
Бану. Риторикалық сұрақ.
Асқар. Риторикалық па, ритмикалық па...
Бану. Ритмикалық деген атауымен жоқ.
Асқар. Әйтеуір сұрақ. Сен маған жауап бермедің.
Бану. Қолым, қолым...
Асқар. Жауап бер.
Бану. Сенемін, сенемін, ал, не өзгерді?
Асқар. Сенеді екенсің, онда неге сонша қаталсың, неге сонша ызақорсың?
Бану. Білмеймін, жаратылысым сондай. (Асқарды итеріп жібереді) Мынау «Әйел мен еркек туралы» кітап қой.
Асқар. Иә
Бану. Мә, онда.
Асқар. Лақтырма.
Бану. Лақтырамын.
Асқар. Ашуыма тиме. Шын айтамын. Кітапті жерден көтер.
Бану. Өзің көтер.
Асқар. Бану!
Бану. Иә. Асқар.
Асқар. Көтер дедім. Ашуыма тиме.
Бану кітапті жерден көтеріп, Асқарға лақтырады.
Рахмет!
Бану киімдерін жинастыра бастайды.
Қайда?
Пауза.
Қайда кетесің деймін?
Пауза.
Бану!
Бану. Иә.
Асқар. Бері келші.
Бану. Қолым бос емес.
Асқар. Неге?
Бану. Жолға дайындалып жатырмын.
Асқар. Қандай жол?
Бану. Сондай! Астанаға кетемін.
Асқар. Жұмыспен бе?
Бану. Жоқ, көшіп барамын.
Асқар. Қашан?
Бану. Бүгін! Бір жарым сағаттан кейін пойыз жүреді.
Асқар. Ол туралы айтпап едің ғой?
Бану. Мен саған не үшін есеп беруім керек?! Такси шақыртамын.
Асқар. Тоқташы... рас па?
Бану. Не рас па?
Асқар. Кететінің?
Бану. Рас.
Асқар. Кетпеші! Өтінем... мына үй ше?
Бану. Бұл квартира.
Асқар. Квартира?
Бану. Иә, иесіне звандаймын... ол келеді де есікті құлыптай салады. Болды! Сонда сен... мына пәтерді менің үйім деп ойлап, сол мақсатпен де танысқың келген шығар, а?
Асқар. Жоқ, олай емес.
Бану. Шыныңды айт.
Асқар. Имандай шыным. Нан ұрсын!
Бану. Бәрі түсінікті болды. Алло! Сәлеметсізбе! Тобаяқова 30, пәтер 2. Қайда? Вокзал. Алматы-1. Қанша? 700 теңге. Иә, иә. Жиырма минутта? Жақсы.
Асқар. Маған үй де, дүние де емес, сен ғана керексің. Кетпеші...
Бану. Бәрі өтірік. Китайский лапша. Жоқ, қала алмайды екенмін... біз әлі жолығамыз... деп ойлаймын... жер – домалақ дегендей!
Асқар. (Кетіп бара жатқанда алдына тұрып алады) Тоқта!
Бану. Не айтасың?
Асқар. Мені сені жібермеймін.
Бану. Неге?
Асқар. Сол!
Бану. Олай болса...
Асқар. Тыныш! Естіп тұрсың ба?
Бану. Нені?
Асқар. Ескі алаңнан талып жеткен музыканы...
Бану. Тұршы, былай!
Асқар. Ей, тоқта... Кетпейсің... жібермеймін.
Бану. Жібер, мені.
Асқар. Жібермеймін.
Бану. Жібер.
Асқар. Жі-бер-мей-мін.
Бану. Есікті аш.
Асқар. Ашпаймын.
Бану. Қырсық.
Асқар. Өзің қырсықсың.
Бану. Былайырақ тұр. Немесе қызыңа бар...
Асқар. Ол менің қызым емес.
Бану. Есерсоқ.
Асқар. Не десең, о де, кет-пей-сің... Ұқтың ба?
Бану. Айқайлама.
Асқар. Өзім білемін.
Бану. Әрине, өйткені өзімшілсің. Өзгені ойламайсың. Әйтеуір, өзіңе ғана жайлы болса, өзіңе ғана жақсы болса... басқаны ойлама, сен.
Асқар. Әрине.
Бану. (Кекетіп) Әрине! (Сағатына қарайды) Бол, уақыт жоқ.
Асқар. Кетпейсің дедім, болды!
Бану. Қатты кетпей-ақ қояйық.
Асқар. Қатты кетіп не істемексің?
Бану. Аш, есікті!
Асқар. Жоқ.
Бану. Аш дедім!
Асқар. Болмайды.
Бану. Менің пистолетім қайда екен?
Асқар. Оны лақтырып жібергенмін.
Бану. Сен бар ғой... сен... сен деген... (Шапалақпен тартып жібереді)
Асқар. А, солай ма, мә онда. (Банудың қолындағы киім-кешек, сөмкені лақтырып, шашып тастайды)
Бану екінші бетінен шапалақпен ұрады.
Көкбет.
Бану. Топас.
Асқар. (Шашылып жатқан киімдердің арасынан фотоны көреді) Мынау кім?
Бану. Балам.
Асқар. Балам?
Бану. Иә.
Асқар. Сонда сен...
Бану. Не, айнып қалдың ба? Сендер сондайсыңдар ғой... Жауапкершіліктен қашасыңдар...
Асқар. Жоқ... бүйтіп айтпа.
Бану. Үйленіп, ажырасқанмын. Күйеуім басқа біреумен жүріп кеткен. Сендер тұрақсызсыңдар. Бар ана қызға.
Асқар. Онымен ешқандай байланысым жоқ. Бұрын бірге жұмыс істегенбіз бар еді. Содан бері артымнан қалмайды. 4 ай болды. Құдайдың құтты күні есігімнің алдына келіп сонаша ызыңдайды да, ызыңдайды да тұрады. Кет десем кетпейді.
Бану. Тағы бір өтірігің ба?
Асқар. Рас айтамын.
Бану. Сенбеймін.
Асқар. Бүгін сенің туған күнің екенін бұрыннан білетінмін.
Бану. Қайдан?
Асқар. Ініңмен сұрап алғанмын.
Бану. Інімнен?
Асқар. Иә. Аты Әсет емес пе?
Бану. Иә, Әсет!
Асқар. Екеуміз ақылдасып алғанбыз.
Бану. Ақылдасып?
Асқар. Иә, ол шығып кеткенде, мен ішке енемін. Әсет менімен жездеке деп қалжыңдасады. Мынау саған, Бану! Туған күніңмен! (Алтын алқаны көрсетеді)
Бану. Керек емес... Сонда... сен... бұл...
Асқар. Енді, сендің ба?
Бану. Жоқ... жоқ... бұның бәрі сенің фантазияң. Сандырағың...
Асқар. Қырсық!
Бану. Мен қырсық болсам, сен жындысың.
Асқар. Бәлеқор.
Бану. Салдақы.
Асқар. Болды, болды...
Пауза.
Сенші маған, Бану! Имандай шыным!..
Бану. Жоқ!
Асқар. Онда шығарып салуға рұқсат ет.
Бану. Керек емес!
Асқар. Менде сенен басқа ешкім жоқ. Сен ғана! Кетпеші.
Пауза.
Егер осыдан кетіп қалсаң біз ешқашанда жолықпаймыз...
Пауза.
Қыз кетіп барады.
Бану!
Тоқтап қалады.
Мен сені сүйемін!
Бану. Сен мені толық білмейсің ғой.
Асқар. Сонда да сүйемін!
Бану. Шын ба?
Асқар. (Жанына барады) Шын! Менің әйелім болшы!..
Ұзақ пауза. Бану жылайды. Екеуінің ұялы телефоны кезек-кезек шырылдайды. Одан кейін даладан сигнал берген көлік дыбысы естіледі.
Асқар. Жаңбыр да тоқтады. Жылама. Сен жылауға лайық емессің. Әйел әркез күліп жүруі керек. Әлгі кітапті сен үшін оқыдым. Сен үшін... Толығымен болмаса да... әйелзатын тану үшін...
Асқар Бануды сүйеді, құшақтайды. Қыз бұлқынады. Бірақ Асқар оны жібермейді. Асқар шымылдықты жап дегендей белгі береді.
ШЫМЫЛДЫҚ.