Қуандық Түменбай. Сырдың сексеуілі

ӘДЕБИЕТ
7921

(Жазушы Серік Байхонов 70 жаста)

Осы мақаланы жазу ойымда жоқ еді, «Қазақ әдебиетінен» Серіктің Ғабиден (Құлахмет) туралы элегиясын оқып, тағат тауып отыра алмадым. Бусанған көңіл, таңғы шықтай таза жасөспірім шақ, мұрт шығар кезде қышыған жеріңді бас бармақпен бір сипап тастаған сиқыры мол сәттерді қалай ұмытарсың. Ғабиден екеуміз құрдаспыз, Серік сәл үлкендеу. Екеуі де айтқыш. Бас қосар қазығымыз - аудандық «Өскен өңір» газетінің редакциясы. Серік жазғандай, 5 мамыр – советтік баспасөз күні - біз үшін айтулы мереке еді. Бала болсақ та штаттан тыс тілшілер санатында қағаз-құрмет алып, Қанапия Дәрібаевтай сардар ақынның алдынан өтеміз. Бұл – біз үшін мәртебе, айлар бойына айтып жүрер аңызға бергісіз мақтан сөз.

 

Серік Ғабиденді он орайтын өзіндік мәнері бар айтқыш. Кезкелген оқиғаны орта тұсынан бастап, финалына жеткенше адамды әрі-сәрі ғып тастайды, жыпылықтаған көзінен жаңсақтық байқалмайды. Оның хоббиі – баскетбол. Ауылдың және ауданның құрамасында ойнайды. Ойынның ақырын Ұлы Жеңісті күткендей күтесің, ол қатысқан жарыстың барысын тек төзімділер ғана тыңдау керек. Ең соңғы... ең соңғы минөтте ғана алыстан серпіле лақтырып гол салып, тең түсіп тұрған команданың мерейі үстем боп медальға ілігеді. Қол шапалақ пен қуаныштан шыққан көз жасында шек жоқ. Бір рет емес, кілең осындай бір- біріне ұқсас қыл үстіндегі спорттық тағдыр. Тыңдаушының да маңдайынан шып-шып тер шығады. Сырықтай ұзын Серіктің баскетболшы екені рас. Егер шындап соңына түссе, Халыықаралық шебер Әлжан Жармұхамедов секілді ұлт намысын қорғаған сайыпқыран болар ма еді. Екеуінің дене бітімі де, дөңгелекті алыстан дәлдейтін мәнері де ұқсайды, тек Жармұхамедов КСРО құрамасында, Байхонов Шиелінің және КазГУ-дің «Университет» командасында ойнады. «Арман-ай, арман!» дейміз де қоямыз. 

Ғабиден Семейдің тумасы, Шиелідегі жездесінің қолында оқып жүр, шығыс пен оңтүстік батыстың қасиетін бойына қатар сіңіріп келе жатқан табиғи талант. Оның да өңі мен түсі «мың бір түн», қиыннан қиылысқан қым-қуыт көрініс. Түсінде тарғыл жолбарысқа мініп ап сабаққа бара жатса, алдынан арқырап арыстан шыға келеді. «Жас өмірім арыстанның аузында кететін болды-ау» деп селт ойланып қалады да, сальто жасап, шыр айналып, арыстанның арқасына топ ете түседі. «Арыстан аң патшасы болғанмен момын екен»,- дейді Ғабаш. Сол күйі бүйірінен түрткілеп, аудандағы ең элиталы оқу орны - № 12 қазақ орта мектебінің ауласына әкеп тастайды. Ал, сенбей көр. Бірінен бірі асып түседі, бірін бірі қайталамайды. Мен ол кезде құйтырқы сөздің құрығын ұстай қоймағам, мен үшін бәрі айнадан көргендей ақиқат. Шыны қайсы, шындыққа жанаспай жатқан жері қайсы, қоп-қою суреттерді қорыта алмай дегбірім кетеді. Қиял-ғажайып ертегілерін көп оқып, фантазия мен логиканың құдығына малып алған аса талантты Ғабиден де елудің шылбырын ұстап тұрып, сол ғажайып әлемге аттанып кетті. 

1971 жылы екеуі де КазГУ-ге оқуға түсті. Мен жапандағы жалғыз үй боп ауылда қалдым. Серікті сондай сағынамын. Ол жасының үлкендігін көрсетіп, өзімді де, сөзімді де түзеп отыратын. Бірде «Мен де журфакқа барғым келеді, жазушы болсам деймін, бірақ атам агроном боласың деп қоймайды» деп едім, «Сен әуелі журналист болып ал» деп төбемнен тоқ еткізді. Жөн сөз екен. Бізді шыңдап, аяғымыздан тұрғызған сол «Өскен өңір» еді. Қара мақала, суреттеме, очерк, корреспонденция, репортаж жазып, жанрдың иісін иіскеп, рахатқа бататын кез еді сол жылдар. Қазір журналистика жанрлары жоғалып кетті, әкесі босағада, баласы төрде отыр. Әкеңді танымай тегіңді қайдан білесің? Қаптаған қалың эссеге қарап отырып, есің шығады. Журналистиканың атасы – хабар, 100 жол хабармен әлемге әйгілі боласың, тек журналистиканың «жынысын» - еркек-ұрғашысын айырып алу керек. Сонда журналист- жазушының саны азаяр ма еді? Сонда екі жас үлкен Серіктің нағыз үлкендік сөз айтқанын енді байыптап отырмын. Сол ақылман айтқыш Серігім 70-ке келгенде осының бәрі еске түскенін қайтерсің.

Редакцияға бірге баратын Серік жоқ. Бірде оның үйіне, бірде менің үйіме қона жатып, әдебиет пен өнер, спорт әлемін шарлайтынбыз. Енді жалғыз барып, құлазып қайтам. Оның көзін жыпылықтатып отырып айтатын ақиқаты мен аңызы аралас әңгімесін аңсаймын, үлкенді де, кішіні де сендіріп сөйлейтін шешендік қасиетіне таңқалам. 

Жетінші сыныпта жүргенде соқыршек боп ауруханаға түсіп қалдым. Өзіме өзім келгесін қалам-қағаз алдыртып, бес шақырым – «Авангард» совхозындағы Серікке хат жаздым. «Соқыршек боп теміржол ауруханасында жатырмын. Жағдайым жаман емес». Екі күн өтіп, үшінші күні салып ұрып Серік кеп тұр. Торсеткіде бір банкі тауық сорпасы. «Бас дәрігерге кіріп, сөйлесейін»,- дейді бәрін басып-жаншып. «Жоқ, артық ішекті қолы жеңіл оташылар алып тастады. Енді екі күнде шығам»,-дедім. 9-сынып оқушысы, аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі өзін қоғам белсендісі сезініп, «15 жасар капитан» боп жер тарпып тұр. Сол Серікті сағынып, күнде үйге келетін «Лениншіл жас»-қа «Сәлем, саған студент!» деп тақырып қойып, жан-сезімімді жазып жібердім. Оның аудандық газеттің «көркі» екенін, енді студент боп биік баспалдаққа табан тірегенін, біртуар баскетболшы екенін баса айттым. Көп ұзамай «Лениншіл жас»-тың бетінде «Сәлем, саған студент!» жарқ ете қалды. «Мерейім бойымнан да өсіп кетті, сен мені бірінші курста-ақ ел-жұртқа әйгілі қылдың, бір стипендиям түгел жуумен кетті» деп хат жазып жіберіпті.

Серік ерте танылды. «Жалғасым менің – жалғасым» повесін Дулат Исабеков мәшинкеге басылмаған қолжазба күйінде оқып, «Жалын»-ға жариялап жіберді. Бұл өзі автобиографиялық шығарма, балаң жігіттің есею жылдарындағы бұлқынысы мен тормен қоршаулы қоғамға деген көзқарасы. Ақын Серік енді прозашы атанды, студент қауым «Жалғасым менің»-ді іздеп жүріп оқыды. Бір ызың-қиқу бас қосуда «Мен 19 жасымда жазушы атанғанмын» деп Секең сілтеп те жіберді. 

Ол – белсенді қаламгер. Біздің публицистерімізде белсенділік жетіспейді, Серік солардың орнын бір өзі толтырып жүр. Егер күнкөрістің құрсауынан шығып, тікелей соңына түссе, жабайы жылқы мен жабайы есектің тұқымын тапқан нағыз Пржевальский болар ма еді. Заман басқа, жан бағу қиын. Ол жас күнінен жалығып, жабырқау дегенді білмейді, кәсіби саяхатшы атанып жүргені де осы қайтпас қайсарлығынан деп білем. Жапон жұрты алдына мақсат қойса орындамай тынбайды, біздің Серіктің бойында да сол түркі тектес, қысық көз ағайындардың қасиеті бар. Теңіз бен дарияда сал есіп, Сырдария мен Аралда жалғыз өзі жүзіп бара жатқанын көгілдір экраннан көргенде «Мынау қайда барады?» деп сескеніп те қаласың. Оу, Хемингуэй Шалының қасында бала бар еді, мынау Жалғасын қайда тастап кеткен деп сұраулы кейіппен экранға шұқшиясың.

Ол – кітап шығарудан кенде емес. «Сал үстіндегі маусым», «Аралға араша», «Арналарға тіл бітсе», «Бетпақдала шөл емес» т.б. шығармаларын Сыр мен Арал жұрты жұтынып отырып оқыды. Оның шығармаларының негізгі діңі – жер кіндігі – Байқоңыр мен Ұлы Жібек жолының бойын жайлап, орыс пен қытайға жалданып күнін көрген елдің тағдыры мен тауқыметі. 

Ол прозаны көсемсөзге айырбастаған жоқ. «Қос шатырлы үй», «Құйылыста», «Жұбату» атты көркем дүниелерімен қаяу көңіл оқырмандарының көкірегіне от тұтатып, бір жағынан, табиғат алдындағы кінәсі мен күнәсін көз алдарына көлденең тартып, мойындарына қылмыс қып қойып берді.

Сонымен, баскетбол добын төбедегі торы салбыраған дөңгелекке дәл түсіріп, шиеленісте Шиелінің мерейін өсіріп, бір ұпаймен аттандап алға шығып, туған жеріне жеңіс әперіп жүрген Серік те жетпіске келді. Жеңіспен келді. Осы айтылған сөздің бәрі оның жеңісі.

Миллион жарымнан аса халқы бар Алматыда көп кездеспейміз. Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып, проза кеңесінде жабық дауыста ұпай жинай алмай «құлап қалғанын» менен көріп жүр. «Кәдірбек Сегізбай, Тұрысбек Сәукетай, Сәуле Досжан өткенде мен неге өтпеймін?!»- деп, сол кеңестің «абыройсыз атқарушысы» - мені күстаналайды. «Сен ашық дауыста мақталып, жабық дауыста датталған жазушысың, майдан даласында майып болған жауынгерсің» десем, «Сен отырған жоқсың ба?» деп, осы бір «бәлелі жерге бармақ тыққанымды» бетіме басады. Оны да түсінуге болады. Хемингуэй айтпақшы, «адам жеңіліске төзу үшін емес, жеңу үшін жаралған» жоқ па? 70-ке келген бала күнгі досыма: «Серік, сыйлық – сен үшін жеңіс емес, сен сал үстінде жалғыз жүзген біртуарсың, ойын бітуге бір-ақ минут қалғанда төбеден төнген дөңгелекке атшаптырымнан допты дәл түсіріп, жанкүйердің шырқыраған жанын жадыратсаң, әдебиетте де сенің мергендігіңе талғампаз оқырманың тәнті дер едім.

Өмір – дөңгелек. Сен дөңгелекті дәлдеген, образ-құралайды дәл тапқан снайпер-суреткерсің. Жер – дөңгелек. Сенің мүлт кетпес қаламың дөңгелек жердің мұңы мен зарын «көсемдердің» көзін шұқып көрсету үшін жаралған. Көсемнің бәрі кінәмшіл. Жұрт сенің сыйлығыңды емес, қаламыңды мойындайды. Өмір ашық дауыс пен жабық дауыстан тұрса, сен қашан да ашық дауыспен алда жүресің. Жабық дауыста қара қазан қақпақпен бүркеулі, жабық есіктің ар жағында не болмайды? Ілгегі ішінен ілулі дарбазаның құпиясын сен білмегенде кім біледі? 

Ел-жұртың куә - сенің қара қазаның қашан да бұрқ-сарқ қайнап жатады. Өйткені, оның тамызығы күшті, жалп-жалп еткен жалпылдақ емес, құмның кәрі сексеуілінің қызуы қара қазанның қақпағын селкілдетпей қоя ма? Сен де біріне-бірін ұрып сындырған Сырдың сірі сексеуілісің. 

Солай, Секе!

Дөңгелекті дәлдей бер!

«Қазақ әдебиеті» газеті,

author

Қуандық Түменбай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...