Қуандық Түменбай. Талтүсте өткен той

ӘДЕБИЕТ
21976

 (Әңгіме)

Қуандық Түменбай

Той дегенің ымырт жабыла басталушы еді, мына тойдың кіріспесі көңіліме ұнап тұрған жоқ. Самаладай боп шам жанып, даңғырап әуен ойнап, мейрамхана алдына келгендер бір-бірімен құшақ айқастырып, беттен сүйіп өбісіп, өліп-тіріліп жатпаушы ма еді. Мына тойхана тым-тырыс, талтүсте бәрі бір-біріне қарап қолдарын көкірегіне қойып, иіліп-бүгіліп, орын-орындарына қонжиып жатыр. Самаладай жанып тұрған шам болмағасын, даңғыр-дұңғыр әуен ойнап, көкіректі бір самал желпіп тұрмағасын кісі көңілі де пәс, оның үстіне сотқа келген адамдардай бар-жоғы оншақты адам, әрі тойханаға кірген бетте сабаққа келген баладай үн-түнсіз өз орындарын тауып, тым-тырс тыныштық орнады. 

Оу, тойдың сәні – күту емес пе? Құданы күту, ол бір сағат кешігіп келіп, қымбат көліктен шіреніп түсіп жатқанда бәрі жапырылып соған қарай жүгірмей ме? Қолтықтап түсіріп ап, қолтықтаған күйі әуелі кіреберістегі жұмсақ диванға жайғастырады, алдына шәй-суын қойып, қалтасынан тарағын алып, шашын қайыра тарап жатқанда той иесі жағдайын сұрап, «Шаршамай жеттіңіз бе?» деп шыр-пыры шығып тұрмай ма? Құда келгенмен той басталмайды. Әңгүдік әуен арқырап, Пугачева «Миллион алых роз-ды» сызылтып айтып, жұрт арлы-берлі тербеліп тұрғанда бір қара «Джип» келіп есік алдына тоқтайды, той иесі құдасын тастай сап солай қарай құстай ұшады. 

Бұл – ең қадірлі адамы – бұрынғы бастығы, қазіргі халық қалаулысы екен. Ол: «Бізде бос уақыт деген болмайды ғой, сұранып әрең шықтым» деп сөйлеп келе жатады. Сонан кейін ғана: «Ал, қадірлі қонақтар, орын-орындарыңызға жайғасыңыздар. Құдалар бірінші үстелге...» деп мойнына көбелек таққан шемішке майға малып алғандай жылпос жігіт сөйлеп қоя береді. Оу, тойдың сәні кешігу емес пе? Әркім өз қадірін осылай арттырмай ма? Сол сәт әлдекімнің көне мейрамхананың қақ маңдайшасындағы тас сағаттың кіршең тіліне көзі түссе, ол әлдеқашан бір орнында тұрып қалыпты. Біреулер білегіндегі дөңгелек сағатқа, енді біреулер қалта телефонына шұқшиса той уақытынан бір жарым сағатты артық көрсетіп тұр екен. Сонда ғана «Оу, отыратын уақыт боп қапты ғой» деп жинала бастар еді. 

Мыналардың тойы мергеннің оғындай дәл тиіп, уақытынан мүлт кетпейді екен. Тіпті, біздегі құрылтайдың өзі протоколдан сәл-пәл ауытқып кетіп, кешігіп басталушы еді. Аудармашының аузын алып, киіктің асығындай шап-шағын құдама қарап: «Ешкімді күтпейсіздер ме?» деп сөз салып едім, «Адамнан адамның артықшылығы жоқ» деп жөпелдеме жауап қайырды. Оны жапонның күйеу баласы – өзімнің төл перзентім тігісін жатқызып аударып берді.

Әр жерде бір-бір талдан сакура гүлі қойылған дөңгелек үстел, біздегі баспасөз мәслихатына ұқсайды, айнала отырғандарды сұқ саусағымды шошайтпай ішімнен санап едім, тұп-тура жиырма алты адам, үстелден сәл аулақтау патша тағындай биікте біреу отыр, соны қосқанда жиырма жеті. Сірә, тойдың тізгінін ұстаған асаба болса керек, ілкіде таңқ-таңқ етіп нықтап сөйлеп қоя берді. Біздің ауылдағыдай дыбыс күшейткішті аузына тақап, желдей есіп арлы-берлі жүрмейді, дәл бір құйып қойған тас мүсін секілді. Мен құдамын, мені буырқанған әуеннің астында қолтықтап әкеп той төріне отырғызбады, көптің бірі боп қағажу қалдым. Ұшақпен ұшуға денсаулығы жарамай қалған алыстағы жұбайымды ойлап, қалың ойға шомып үнсіз отырмын.

Алжапқыш жапқан даяшы қыз әркімнің алдына ас мәзірі жазылған жұп-жұқа қағаз таратып қойды. Бізде мұны «меню» дейді. Әркім қалаған тамағының тұсына қаламсабымен белгі қойып, қайтарып беріп жатыр. Менде қаламсап та, ас шіркінге тартып тұрған тәбет те жоқ. Бұлар тойды қыз үйден шығардан бір күн бұрын жасайды екен. Осы елдің күйеуі – қасымда отырған перзентім: «Сазан жейсіз бе, майшабақ жейсіз бе?» дегесін, Сырдарияның тайдай тулаған сазанын жеп өскен басым «Біріншісі дұрыс қой» деп таңдау жасадым. Сазаны да пышақтың қырындай жұп-жұқа, ақ балық секілді өңі оңып кетіпті. Сазанның қабыршағы бүдір-бүдір боп жонданып, ісіп-кеуіп күмпиіп жатушы еді, мейлі, әр жердің суы басқа, бұл жердің сазаны Сырдарияның суын ішті дейсің бе, бұл жердің суы да, тұзы да бөлек қой. 

Алдыма күріш келгенде көңілім орнығып, бір жұтынып қойдым. Күрішті ауылдың баласымыз, мамандығым да агроном-топырақтанушы. Осы ақ күріштің арқасында күріш өсетін Күншығыс елдерін түгел аралап, Қытай мен Оңтүстік Кореяның, Жапония мен Вьетнамның топырағын бастым. Енді Кубаны көрсем деймін. Сол елдің кезіндегі нән басшысы Фидель Кастро біздің Сыр күрішін көріп, таңдайын қағып, басын шайқапты, дейді.  Ол топырақ пен судың таза кезі, қазақы салының басын көтере алмай сабағының иіліп тұрған шағы. Қазір зымыран ұшқан Байқоңыр мен уран мен мұнай атқылаған Құмкөл маңының күрішін көрсе Фидель көкем көз жасын тия алмай еңкілдеп жылар ма еді, біз болсақ, «Уақыт солай ғой» деп асты-үстіне түсіп бәйек болар ма едік.

Күрішті көргенде көңілім көтеріліп қалды, бірақ біздің қазақы салы баданадай-баданадай жұп-жұмыр болушы еді, мынау сидам дәнді көріп тұрып, «Күріші де өздеріне тартқан ба?» деп құдаларымды іштей келеке қылдым. Алдыма қойған ақ тәрелкеде суға қайнаған бір уыс ақ күріш баланың жұдырығындай боп томпиып тұр. Біздің мейрамханада табақ толы иір-шиір қазы-қарта мен мейіз араласып, сәбізі қызарған сарғыш палауды үстелге әкеп қойысымен даяшы құлағыңа аузын тақап: «Сізге бешбармақ па, плов па?» деп сыбырлаушы еді. Бұлар шағын тәрелкенің жанына тұз толы құйтақандай әппақ ыдысты әкеп қойды. «Бұнысы несі?» деп едім. «Бұл –  тұз, әркім тамағына тұзды өзі қосып жейді?» деді қабағыма қарап жалтақтап, ит өлген жерден қыз алып, өрісімді кеңейтіп отырған перзентім. 

Астан аузыма салып едім, тілім су татып қоя берді. «Мынаған тұзды түгел ақтара салсаң да дәмі кірмейтін шығар» десем де, өзіміздің наннан кейінгі киеміз – ақ күрішті аузыма сап малжаңдап шайнай бастадым. Адамзаттың ақылманы – жөйттер де ақ күрішті тек суға қайнатып жейді дегенді естігем, бұл да білместік емес. Тұзданып кеткен жер өнім бермей қалады, демек, бұл да зиянды нәрсе емес. Есіме алыста қалған туған жерім түсті, ауылдастың жүйіткітіп айтатын шымыр сөздерін аңсадым, дарылдап миды ашытса да, жаныңа серік болар әулекі әуені жоқ, қарқылдап күлген күлкісі жоқ мынадай тым-тырыс мекенде отырып туған жерімді сағынып кеттім. Алдыма қойылған асқа қарасам, құйтырқы сөз көңілімді түрткілеп барады. Жетісуға құдалыққа келген Арқаның арғындары алдарына тартқан бас табаққа қарап: «Оу, мынаның қазы-қартасы қайда?» десе, Арқаға қарымта құдалыққа барған жетісулықтар алдына қойған қазы-қартаға қарап: «Оу, мынаның үстіне салған кәртөшкесі қайда?» депті. «Әр жердің салты басқа...». «Жарықтық, ақ күрішке не жетсін!» деп күбірлеп отырып, су татыса да ақ маржанды асап-асап жібердім. 

Мына жерде артық сөз, құйтырқы әңгіме деген атымен жоқ, бәрі де сабақ айтуға дайындалып келген оқушыдай тік отырып, екі таяқшаны саусақтарына қыстырып ап, ақ түйіршек дәнді қара торғайдай шұқып жей бастады. Салт-дәстүрден айнымаған ел ғой, менің алдыма сидам таяқшамен қоса шанышқы, сосын қалайы қасық қойыпты. Ақ күрішті не де болса қалайы қасықпен асап-асап жібердім. Күлгендер күле берсін, түбіміз бір түркілерміз деп жүрген өздері емес пе? «Судьба человека»-дағы тұтқын Андрей Соколов та айғыр стаканға толтырып құйғызып, үш тартқаннан кейін ғана наннан бір иіскеп, немістердің аузын аштырмай ма? Көрсін, қазақтың тұзы жоқ күрішті қалай асап, қалай жейтінін. Андрей Соколов демекші, бұлар үстелге арақ-шарап қоймайды екен. Бала күннен үлкендерге еліктеп «Вермут» ұрттап, студент күннен «Портвеин №12»-нің тығынын тіспен тыңқ еткізіп ашып, «Мәскеудің айрықшасымен» армансыз аузын былғаған социализм ұланының құдамның тойында ащыға аңсары ауып отырғанын қарашы, әрі жол жүріп шаршаған көңілді ащы сумен шайып  тастасам жеңілдеп қалар ма екенмін деп жұтынып қоям.

Бір мезет иіліп келген даяшы қыз алдыма оймақтай рюмке қойды да, иіліп кетіп, қайта иіліп кеп әлгі рюмкеге көзге тамызғандай мөлт-мөлт еткізіп қызыл шарап құйып кетті.

– Бұны сэке дейді, 16 градус, 40 градусты ауылға барғасын ішесіз, - деді осы жердің күйеуі, менің қанымнан бұрқырап шыққан перзентім білгішсініп. 

Біздің ауылда арақ құймаған кездері айтылар «сұрап іштік қой» деген құйтырқы сөз құлағыма күңгірлеп естілсе де, дымымды шығармай отырмын. Ең жаманы, тойда өз тіліңде өрекпіп сөйлей алмау екен, өз тіліңді өзің жүгендегенді Құдай басыңа бермесін, біздің қазақ, әсіресе, қалалы жерде осының бәріне көнген көнбіс халықпыз ғой. Біреуге күлетін сиқымыз жоқ, жиналыс емес, қазақтың тойына қатысқан бір орыс үшін төте аударма жасап тұрған асабаны да көрдік ғой. 

Бір мезет әлгі патша тағында отырған кісі тіл қатты. Сол жағымдағы баламның жан досы аузы-аузына жұқпай төте аударма жасады. Асаба бауыздау құдаға сөз беріпті. Ол екі-ақ ауыз лебіз айтты.

– Сіз келеді дегенде қорқып жүріп едік, сөйтсек сіздер де өзіміз сияқты халық екенсіздер. Біздің түбіміз бір, сіздер «нан» десеңіздер, біздер «пан» дейміз, сіздер «ошақ» десеңіздер, біздер «ачак» дейміз. Ошағымыздың оты маздай берсін! – деп әрі қысқа, әрі нұсқа сөйледі. 

«Оу, бізде той түгілі жиналыс өткізгенде біраз өрекпіп, асып-төгілуші еді, мыналардың әр сөзін сатып алады екенсің». Әлгі патша тағындағы асаба тағы бір нәрсе деп күбірлеп еді, баламның досы: «Сізге сөз берді, қысқа айтыңыз» дегені көңіліме дік ете қалды. «Сідігіммен жасты баладан қалай сөйлейтінімді сұраймын ба?» Дегенмен, қысқа айттым, ақ күріштей көңіліміз ақ болсын!» деп қайырдым. Бала жөпелдеме аударма жасады. Сонда да айызым қанбай қалды. Ата-бабамның шыққан тегі мен батырлары, қазақтың маңдайына біткен қаймақтарына біраз тоқталуым керек еді. Қақ маңдайшадағы дөңгелек сағат та тық-тық етіп адамды әбіржітіп жіберді, жұрттың бәрі соған телміріп қарап отырғандай көрінді. «Өлгенде көрген бір тойда» көсіліп сілтей алмадым. Бауыздау құдам әудем жерде отырып жұғын жұққан оймақтай рюмкесін көтеріп, «алып қояйық» деген ниетін білдірді, біздің жақта мұндай соғыстыруды «воздушный» дейді. Мен де ишарат жасап, бір ұрттағанда көзге тамызғандай сэке-шараптан жұғын да қалмады. Сағат тілі 2-ге тақағанда бәрі орындарынан өре түрегеліп, жол жүретін адамдай қопаңдай бастады. Қасыма келіп, қолдарын жүректеріне қойып, иіліп-бүгіліп тағзым етті де, мені тастап жүре берді. 

– Бұлар қайда барады?

– Жұмыс уақыты боп қалды ғой. Жұмыстарына барады, - деді баламның досы.

Әлгілер босағада компьютерге үңіліп отырған сүйріктей қызға барып, қолдарына ұстай шыққан ас мәзірі – «меню» қағаздарын көрсетіп, қалталарынан шығарып бір нәрсе беріп жатты. 

– Бұлар неғып тұр?

– Әркім ішіп-жегеніне төлеп кетіп жатыр. Көке, сізге төлетпейміз, қорықпай-ақ қойыңыз, - деді баламның досы тісін ақситып.

«Дұрыс қой, бізде де әркім шамасына қарап конверт береді, той дәстүрі ғой» деп тосын көріністі жуып-шайған болдым. 

Сонымен, той бітті. Біздің ауылда жұрт «той тарқар» деп «Шудың бойында-ны» бар даусымен арқыратып қойып, әркім өзінше қимыл-қозғалысқа салып билеп, азан-қазан боп жататын. Ащы суды көтере алмай қисаңдап, боғауыз айтып тұрғандар болса, інілері сүйемелдеп көлікке салып, үйіне жеткізіп тастайтын. «Тойдың көркі – төбелес» деп бірен-саран жұдырық сілтескендер болса, полисай шақырмай-ақ араздық арағайындықпен шешімін тауып жататын. Бұл жерде құдалар төс түйістіріп, құданы ортаға шақырып, «жынды би» билету болған жоқ, ми ашу музыканың дыбысы шықпады. Дөңгелек сағаттың тілі тұп-тура 2-ге жеткенде дастархан басында құдам екеуміз құлағымыз қалқиып қала бердік. «Мен әлі көрсетемін бұларға тойдың қалай болатынын, сендер де маған құда боп келерсіңдер» деп өзімше өрекпіп отырмын. 

Тойхана алдына шыққанда бір нәрсеге таңырқап, жаным жадырап, көңілім аттай шапты. «Оу, мен бұларға міндет артатын кіммін сонша? Құда атын жамылып, құрлық асып келген қаймана қазақпын. Бәрі бірінен кейін бірі келіп, иіліп-бүгіліп қоштасып кетіп жатыр. Сыйлағаны ғой. Иілмесе қайтер едім?» 

Талтүсте өткен той осылай аяқталды. Құдам қолтығымнан демеп, там төбесіне еккен күрішін көрсетпекке үйіне қарай алып жүрді. «Қайран жерім, ені мен көлденеңі жоқ бос жатқан біздің жерімізді көргенде мыналардың жүрегі жарылып кетпес пе екен? Қайран, қара жерім-ай, қадіріңді енді білдім ғой» деп кеудем атой сап қоя берді. «Өздері баспана ғып отырған тоқал тамның төбесін егістікке айналдырған жанкешті адамдар, сірә, жаман құда-жекжат бола қоймас» деп құдамның қолтығына кіре түстім. Топырақ сіңіп, шаң жұтқан даланың көнбісі емеспін бе, талтүсте қаңырап бос қалған тойханаға бұрылып бір қарадым. Тамағым құрғап, көңілім ащы мен тұщыны қоса тілеп тұрғанын қарашы.

Кісі бойынан төмен сірестіріп соққан тоқал тамның төбесінде сабағы сарғыш тарта бастаған қалың күріш жайқалып тұр. Кең далада атызды адымдап жүріп кетпен сілтеген менің көзіме мына көрініс тым қораш көрінді. «Бұны қалай суғарып, қалай орақ салар екен? Енді соны бір көрсем ғой». «Көре-көре көсем боласың» деген өзіміздің өрнекті мәтел де кеудемде тепсініп қалды. «Еліме көсем боп қайтатын болдым. Ортаға бір бөтелкені тігінен қойып, дос-жолдасқа көргенімді неше күн жырлар екенмін. Сонда... талтүсте тойға бардық деп қалай айтам...?» Астыңғы қабатта құда күтеміз деп  қара-құра күйбеңдеп,  төбесінде сап-сары боп күріш жайқалып тұрған тоқал там көңілімді құлазытып жіберді. «Тезірек қайтып, дарылдап сөйлеп, у-шу боп жүрген ауылдастарымды көрсем екен. Бұлардың күрішінде де күрмек болар ма екен? Неге болмасын,- дедім там төбесіндегі тұрып қалған көлшіктей төртбұрыш егістікке қарап. 

– Десе де, тірліктері тап-тұйнақтай ғой, бұларың күрмектің бас алуына да мүмкіндік те бермейтін шығар. Бірақ, адамзат жүрген жерде бәрі болмай ма? Қайдам, «күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген мәтел тек біздің ауылда айтылатын сияқты деп өз ойыммен өзім арпалысып келе жатқанда «әпшу» деп түшкіріп жібердім. Күріштің ұшып келген тозаңы ма, тамағыма қылау тұрып қалғандай жөткіріне бердім. Ащы мен тұщыны қоса тілеп тұрғанымды өзім ғана білем, басқалардың ісі жоқ. «Оу, той тарқар деген болмай ма? Тойға талтүсте барып, талтүсте қайттым десем, дос-дұшпан не дер екен? Мейлі, көк бөтелкені еңкейтіп құйғаннан кейін ауылдастың бәрі таласып-тармасып, жақсы тілек айтып шыға келеді». Көңілім күндей жадырап қоя берді. 

– Жақында егінге орақ саламыз, - деді құдам тамның төбесіне күн сала қарап.

– Қолмен орасыңдар ма? – дегенде қасымдағы тілмаш бала тырқылдап күліп жіберді. – Бізде алғашқы орақты «алтын күз» дейді.

Балаға аларып бір қарадым, бұл алғашқы сөзімді аудармай-ақ қой деген белгім еді.

Бір нәрсем қалып қойғандай тойхана жаққа жалтақтап, тағы бір мойын бұрдым. Талтүсте ашылып-жабылған есікке қарай бергім келеді.

Мәдениет порталы

author

Қуандық Түменбай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...