Араб мемлекеттері лигасының Білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ALECSO) заманауи қазақ әдебиетінің ант...
ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. АҢЫЗ БЕН ТҰЛҒА
АСЫЛДЫҢ НҰРЫ
АНЫҚ АБАЙ
(жазылмақ кітапқа кіріспе, немесе жұмбаққа барлау)
«Сен өзін, танымақшы рухқа теңсің – маған емес».
Гете. «Фауст».
1. АҢЫЗ БЕН ТҰЛҒА
Әркім біледі: тойдың бәрінен де, дүбірі аяулы, «боладысы» қызық. Әлбетте, болғаны одан да ғанибет.
Ең ауыры — тарқағаннан соңғы құлазу...
Той — өтті.
Қалың топтан қарасы оқшау үзіліп, мәреге жете бере, аты жығылған қарғадай ұлан шырқырап жылап, сөреге қарай жаяу ұшты.
Шырқырап жылап...
Бәйгі алмады.
Той — өтті.
Той деп далақтаған даңғаза дала, той деп теңселген меңіреу теңіздер, той, той деп төңкеріліп түсе жаздаған томырық таулар есін жиды, сабасына түсті. Өйткені... тұманды көкжиектен басқа тойлардың қарасы бұлдырады, шаны бұрқырап жаңа қызықтар жақындады. Құлаққа ұрған танадай аз күндік тынымнан кейін дабыра-шу тағы көтерілмек, дүние қайта шайқалмақ.
Атын атап ұрандап шашылып-шабылған қалың ел, байтақ жұртының қым-қиғаш әбігеріне таңырқай қарап отырып, «Моласындай бақсының — жалғыз қалдым, тап шыным» деп түңілген қайран Абай өзінің мүлгіген мәңгі жалғыздығына қайта оралды.
Әйтеуір ел аман, жұрт тыныш. Баяғы қазақ — сол қазақ екен.
Соны көрді...
Той — өтті.
Жүз елудегі Абай тағы да тарихтың еншісіне бұйырды. Бізбен бірге — мұқабасын тағы бір жаңартқан мәңгі екі томдық Абай қалды.
Абайға деген қазақтық мәңгі сағыныш қалды.
Содан соң — аңыз...
Сократ хакім: «Өзіңді таны!» деп еді.
Өзіңді шырамытқан сайын «жұмбақ» Абайдың да дидары айқын тарта беріпті:
достан тартқан қайғың, дұшпаннан көрген азарың Абайда екен;
сүйгеннен тапқан олжаң — жүрегіңнің тәтті лүпілі мен күйіп-жанған жаныңның арман-арызы Абайда екен;
жарық дүние сен келді деп құтты болсын айтқанда да, тірліктің тылсымынан десің қайтып көзің жәудірегенде де жанында Абай болыпты; өлең қусақ та, өмір іздесек те, «халқым» деп қиналып, «ұлтым» деп үздіксек те Абайға қарайлаппыз. Абайша торығып, Абайша күңіреніппіз... Бәрібір, Абай — жұмбақ күйі қалыпты. Абай айтқан сөзді түгел болмаса да, пендешілікпен, денін ұқтық деп санаймыз. Бірақ, сол Сөзді тудырған Тұлғаның өз жұмбағына — Абай өмірінің қасіретті қызығы, қайғылы сұлулығына да бүгінгі қазақтың аңсар, ынтығы артпаса, ортая қойған жоқ. Абай туралы кітаптар жазылды, суреттер салынды, кинофильмдер түсірілді, сахналық қойылымдар жасалды. Қаншама зерттеу, мақала, эсселер жарық көрді. Конференциялар, тойлар өтті. Бірақ, ешқайсысы Абайдың өзін, күнделікті, пәни тірліктегі пенде Абайды түсіндірген жоқ. Барлығындағы дерлік жалпы сарын: «қалың елім, қазағым» деп қамыққан Абай, «мыңмен жалғыз алысқан», әділетке қорған мызғымас қара жартастай монолит Абай, «Өзің жалғыз, надан көп — Ұқтырасың сен не деп» деп күңіренген дана, оқшау Абай... Бірақ, жүрегінде «махаббат ғадауатпен майдандасқан» Абай ұмыт қала берген сияқты. Абайдың өзіне де жұмбақ көп сырдың түйіні дәл осында жатқанын анық біле бермеспіз, бірақ жүрек «сезедүр». Тек, айтуға, жеткізуге тіл қысқа. Өрнектеуге өнер кем. Пәни тұтқыны — тірі адам (мейлі, ол Абай сынды ұлы болсын) жалғыз ғана махаббатпен, я ыңғай ғадауатпен толық болмайды. Тұлға – махаббат, ғадауаты мәңгі шарпысқан бүтіндігімен толық. Жүрегіндегі осы екі стихияның қиян-кескісінен «тұла бойы шіміренген» бүтін Абайдың толық тұлғасы «Абай жолының» өзінде әке мен балаға ыдыраған сияқты. «Абай жолындағы» Құнанбай темпераментінің жарқылын сол романдағы Абайдың бірыңғай жағымды нұрымен жасытып көріңіз: найзағайдың оты иректеген жалпақ жарық соншалық мінсіз емес. Сондай-ақ, жарыққа жасыған өткір жарқыл да — көз қарықтырмас жұмсақ... Әуезов, әрине, өмірдегі нақты Абайды, өмірбаяндық шын Абайды мүсіндеуді мұрат тұтқан жоқ. Бірақ өлеңдегі-өмірдегі бүтін Абайдың, кемеңгер тұлғаның негізгі шындығын ұлы эпопеядағы Абай – Құнанбай бейнелерінің бірлігімен қамтығандай көрінеді. Абай өмірі, Абай тұлғасының ақиқаты мен трагедиясын Әуезовтың шын мәнінде қаншалық терең түсінгеніне ұлы жазушының өз қолымен төрт қайтара жазған Абай өмірбаяны куә (1933, 1940, 1944, 1950 ж.ж.).
«Абай жолындағы» Абай — Әуезовтың өз Абайы. Ұлы адам, кемеңгер ақын туралы жеке концепциясы.
«Абай жолындағы» Абай — Абай өзі арман еткен идеал. Ақыл, қайрат, білімді теңгеріп ұстаған «толық» Абай.
Пәни дүниеде адамға толық болуды жазбаған. Жетілмекке деген арманымен, ұмтылысымен адам — бағалы. Біздің бағамыз — Абайдың арманын армандаумен.
Абай туралы жазылған, түсірілген, қойылған шығармалардың, Абайға қатысты әңгіме, аңыз, естелік, заттық дүниеліктердің бәрі қай-қайсымыздың да абайтануымызға олжа. Абайды тану — ақиқатты, өзіңді тану. Кең мағынасындағы абайтанудың түпкі бір нысанасы — адамгершілікте Абайға айналу, «толық адамдыққа» жетігу. Бірақ, пенденің өз жүрегінің айнасына шағылып, өз жанының шытырман-шиырын аралап шықпаған жол ешқайда бастамайды. Сондықтан жаңағының бәріне қосымша, адам санасы мен жанының қиырын шарлап, түнегін түкпірлеп, ақиқат мекенін іздеген рухани Асан Қайғының парасат талқысынан өткерген, жүрек таразысында екшеген қазынасын өз бойыңа қалай да бір өлшеп көру — парыз. Онсыз Абай жоқ. «Жүрегіңнің түбіне терең бойла» деп өзі осыған меңзесе керек. Рас, «Фаустағы» Жер Рухы айтатын: «Сен өзің танымақшы рухқа теңсің — маған емес» деп. Біз де Абайға тең бола алмаймыз. Өзіміз таныған жерге дейін ғана «Абаймыз», өзіміздің өлшеулі бойымызға сиған мөлшерлі ғана абайлық рухқа «теңбіз»...
Аталмыш тойға оралайық.
Той – тек тамаша-қызық, ат шабыс, балуан күрес, аста-төк ет пен қымыз, бәйгіге тігілген қымбатты дүниелер ғана емес. Той дегеніміз — таным. Дүниеге көзқарас. Өткенге — баға, келешектен — тілеу. Абай заманынан бері жұтап қалмаса да, көп жүдеген сары сахараның төсін дүбірге бөлеп, қазақ жұртшылығы ең ұлы ақынына, азаматына деген құрметін білдіріп-ақ бақты. Тойға дайындалған бірнеше жыл бойы қазақ аспанында тек Абай рухы қалықтап тұрғандай болды. Той — айна екен. Абай атымен дүбіріміз қанша жерге жетті — ол басқа әңгіме — ең бастысы, осы тойдың алды-соңында Абай айнасында өз бойымызға да бір-бір қаранып алған сияқтымыз. Әр қазақтың жүрек түбінде Абайға деген телегей сағыныш жатады екен — жай күнде ескере бермейтін осы шындықты Тойда сезіндік. Жұқалтаң екі томдық Абайдың айтары әркез жаңа екен, Абайды әркез қайта тану керек екен — Тойда соны ұқтық. Көл-көсір әсер, ұлан-асыр думаннан таза тұнба болып осы сезімдер қалыпты.
Абайдың көп сөзі қайта парықталды. Тал жібектей есіліп, тәмам сырмен тамылжыған тәтті әндеріндегі кемеңгердің ынтығы мен құмары, мұңы мен зарығы көкейге енді жетіп, құпиясын жаңа ашқандай ерекше бір толқынысты күй, тебіренген лебізбен қайта шырқалды. Той үстіндегі қуаныш пен реніш, той төңірегіндегі әбігер-сабылыс, тойды қызықтау, тойды пайдалану... Тырақы мақтангөйлік, сорақы атаққұмарлық даңғазасы... Ақ жүрек, адал көңілдердің сүйініш-күйініші... Пайдакеш сумақайлардың, ысқаяқ ылдым-жылдымдардың тиын қуған текірегі... Алыстаған сайын қапысы ұмытылып, жақсысы жарқырай түскен сол тойдың ұлы дүбір салтанаты, қымбат ұлағаты да енді қимас қызық, қымбат естелік болып тарихқа айналды. Абай тойы күндері Қарауылтөбеде көтерілген қалың шаңдай уақыттың қою мұнары бүркеген тірі Абайдың алтын дидарын анық болжағандай-ақ, қанша қазақтың жанары жасаурады екен!
Саналы қазақтың жан-жүрегінде жаңғырған өлмес сөзі, өмірлі әнімен бірге, пәнилік пенде – Абайдан қалған көмескі елес – аңыздар да қайта тіріліп, өткен дәурен, ұлы ғұмырдың күнгірт шындығынан шыжымдап тағы да жаңа сыр шерткендей. Абай туралы сондай аңыз, естелік, әңгімелердің басын құрап, дабыра-даңғазасыз, елеусіз ғана оқырман қолына тиген «Жүрегіңнің түбіне терең бойла», «Абай әзілдері» деп аталатын шағын екі кітапша – ұлы тойдан анық тәбәрік. Осы аңыздарда, байқап қарағанға, Абай сөзімен матасып жатқан сырлар, өлеңдегі Абайдың жұмбағымен ымдасып тұрған құпиялар баршылық.
Ерекше ұлы тұлғалардың, бәрінің болмаса да, көбінің соңында аңыз қалады. Аңыздың түпқазығы — идея. Аңыздың шындығы — арман. Қорқыт, Асан Қайғы туралы аңыздар — өлмес өмір, жерұйық мекен туралы идея, арман. Жиренше, Төле, Қазыбек, Әйтеке — далалық әділеттің, бірліктің, қызыл тіл, қапысыз қисынның қуаты туралы аңыз. Шайтанға жанын сатқан Паганини, пері қызымен әмпей болған Ақан Сері – жеке тұлғаның бойындағы өмір мен өнердің арақатынасы туралы қиял-ғажайыптық пайым. Жамбыл туралы аңыз, естелік, деректерге қарап отырсаңыз, «Жер жүзіне күн болғанды» қақсай беретін марапатшыл саяси шалды емес, алуан қырлы, терең сырлы Тұлғаны көресіз...
Абай туралы аңыздың идеясы — Абай. Абайды тану.
Абай туралы аңыз-естелік-әңгімелер, әлбетте, өмірбаян емес – ұлы пенденің тірліктегі түгел тұлғасы, тұтас дидарының нұры түскен бір кездегі бүтін айнаның уақыт шаңынан әрең жылтырап, әр жерде шашылып жатқан күл-парша сынықтары. Абай өмірінің там-тұм, мәнді фактілері. Бұл деректер шындықпен сәйкесе ме, жоқ па? Гетенің айтуынша, «біздің ғұмырымыздың фактілері шындығынан гөрі мәнділігімен айқындалады». Осы сауалға Пушкин мен Гоголь өмірінің бар-жоқ дерегін жинап, хатқа түсірген В. В. Вересаев жауап берсін: «Многие сведения, приводимые в книге, конечно, недостоверны и носят все признаки слухов и сплетен, легенды. Но ведь живой человек характерен не только подлинными событиями своей жизни,— он не менее характерен и теми легендами, которые вокруг него создаются, теми слухами и сплетнями, к которым он подает повод. Нет дыма без огня, и у каждого огня свой дым. О Диккенсе будет рассказывать не то, что о Бодлере, и пушкинская легенда будет сильно разнится от толстов-ской» («Жизнь Пушкина»).
Пушкин туралы мәліметтердің бәрі жиналған: расы да, өтірігі де. Лермонтов туралы да. Содан келіп олардың кісілік кейіп-келбеті туралы біршама айқын түсінік туды. Әр ұрпақ (оқырман, жазушы, ақын, суретші, мүсінші, киношы т. б.) танымында ұлы адамның адамдық бейнесі қалай бедерленді – бәрі ескерілген. Қысқасы, ұлылардың шығармашылығы ғана емес, жеке тіршілігі де ғылым сарабына түскелі біраз заман.
Абай туралы да бәрі жиналуға тиіс еді. Шалдардың ру тұрғысынан келетін қыжыртпа, немесе өтірік қосқан әңгімелеріне дейін. Ақынның шын бейнесін елестетуге соның да көп септігі болар еді. Сондай қаңқу әңгімелердің бір-екеуін құлағымыз шалғаны да бар. Бірақ, Абай туралы жақсыдан басқаны естігіміз келмейтін, «күнәсіз» өсекке де қимайтын әдетімізбен ат-тонымызды ала қашып, айтқызбай, есімізге алмай, ұмытыппыз. Сонымыз бекер болған шығар деймін. «Жақсының: аттан жығылғаны да — жақсы». (Міне, осындай эстетика!) Яғни, ардақты мен аяулының соққы, жәбір көрген я сүрінген, шалыс басқан жерлері оның абыройына шіркеу түсіре алмайды. Уақыт өте келе, жалпы ғұмырының контексінде, тіпті, эстетикалық мән-мағына алып, кейінгіге «әдемі» көрінуі де мүмкін. Ұлы адам кешкен өмір бұралаңдары, қайғы-қасірет, жан азабы, жеңістері мен жеңілістері кейінгінің көзінде, өзін өзі өртей ақтарылған жанартаудың қорқынышты, сұрапыл сұлулығын алыстан қызықтағандай эстетикалық көрініс, мағына алады. Кез келген трагедияда, соның ішінде ұлы адам ғұмырының шерлі шежіресінде парасат жете бермейтін тылсымдар бар... Өміршең рухтың теңдессіз әсемдігі бар... Рас, сосын... қираудың алапат сұлулығы бар.
...Өмірбаян шығармашылықты түсіндірмейді. Сол сияқты шығарма да авторын адам ретінде анық таныта алмайды. Өмірдегі тірі ақын (адам) өлеңдегі бейнесіне я ұқсайды, я ұқсамайды (дәлірегі – ұқсайды-ұқсамайды). Ақынның өлеңде өзі туралы айтқан сырларына сене беруге болмайтынын адамзат кешірек аңғарған сияқты. Автор бейнесі, лирикалық кейіпкер (тұлға), ақындық «мен»... дегендер кейінгі, жетілген эстетикалық танымның түсініктері. Өнерпаз өз өнерінің мазмұнымен әруақыт сәйкес келе бермейді. Өнеріне қараңыз, өзіне қараңыз – қилы-қилы қызықты көресіз: өнерінің жанында — ергежейлі, немесе, өнері өзімен салыстырғанда — қораш. Жібек құртын көрген емеспін. Бірақ, анық: жібегінің жанында — құбыжық. Немесе... Әйтеуір, өнер мен өмірдегі теңдестікті, айталық, өмірдегі пенде мен өлеңдегі бейненің мазмұндастығын табу — екіталай. Әрине, өкінішті!
Автор тұлғасының ашылу мүмкіндігі жанрға да байланысты. Бұл тұрғыда, Абайдың өзі айтқан «өсекші» өлеңнің (лириканың) өрісі кең. Ұлы адамның тіршіліктегі тұлғасын өмірдің өзіне тән барша қаталдығымен, шырайсыз сұрқай шындығымен толық қалпына келтіріп көзге елестету мүмкін емес. Өйткені тірліктегі болмыс кейіннен аңыз кейпін алып, бүгінгінің көзі мен өткеннің арасында уақыт мұнары эстетикалық перде болып тартылады. Түпнұсқаға (прототип, ситуация, ой, сезім) көркем бейненің ажарын беретін қасиет — уақыттың құдірет-құзырына тәуелді. Әрине, бұл уақыттың мазмұны автордың дарынына байланысты. Материал (жан, рух, тәжірибесі) саналы-санасыз түрде жиналуы керек, ол сұрыпталуы керек, толығып, көркейіп, өңін өзгертіп, басқа сапаға — эстетикалық болмысқа (өлеңге) айналуы керек. Мұның бәрі — уақыт. Шығармашылық процесс – суреткердің санасында сарғайып, түйсігінде қордаланған уақыттың қозғалысқа түсіп, реттеліп, жаңа формада қайта тірілуі. Тоқтаусыз ағыннан суреткер іркіп қалған сәттер — мәңгіліктен үміткер уақыт.
Гете: «Аялдашы, қас-қағым – Кереметсің сен!» дейді.
Абайдың тірі кезінде-ақ айтыла бастаған әңгімелер де уақыт өте аңызға айналды. Суреткер-уақыт алғашқы нұсқаға ештеңе алып, ештеңе қоспаса да, өткен мен бүгіннің арасында толқығам жүз жылдық жібек сағым, сұлу мұнардан сүзіліп жеткен оқшау тағдырдың үзік-үзік суреттері ендігіге әлдебір өнер туындысының жекелеген фрагменттеріндей көрінетіні қызық. Өз тұлғасынан туған аңыз-әңгімелердің рухани мазмұны өлеңіне көп сарқатыны ғажап. Өлеңдегі рухани Абайдың, анық Абайдың портретіне бедер, ажар қосар тірі деталь, айқын штрихтар — сол аңыз-естеліктерде. Абай шығармашылығы кемеңгердің адамдық, болмыс, кісілік келбетімен тығыз байланысты.
Абай туралы аңыздарға осы тұрғыдан қарадық. Естелік-әңгіме-аңыздардан анық Абайды, өлеңдегі Абайды іздеп көрмек болдық. Не тауып, нені айқындарымызды келешек көрсетер. Әзірге, сырына әркім, әр ұрпақ өз рухани тәжірибесімен, таным-түйсігімен жетуге талап қылатын жұмбақ жан, ұлы тағдырды барлап алдамшы сағымда армансыз адасып, дегбірсіз із шалған көп дәмегөйдің бірі ғана шығармыз — бізге сол да қанағат.
* * *
...Абайдың өмірінен бар білетініңді, өлеңінен бар түйсінгеніңді парықтасаң, анық Абайдың дидарында осы екі әлемнің (өмір — өлең) нұры бірдей тоғысқанын көресіз. Өмірдегі Абайдың адамшылыққа, махаббатқа өлеңдегі Сыңарымен бірге жетілмек ниетін танисыз. Әрине, өлеңдегі Абайдың жетілуіне кедергі жоқ. Өмірдегі Абайдың аяғын тұсаған... Өмір бар. Ұлы адам — тіршілікте пенде. Гулливердің шашындай ергежейлілердің матауына оп-оңай шырматылып, ілігіп-шатысып жататын әлсіз, бірақ жанды жіптер Абайды да тырп еткізбейтін сәттер көп-ақ. Абайдың тірлік шытырманы тұқыртқан алып еңсесін теңдессіз азат өнері ғана тіктеді деп ойлаймын.
Өлеңдегі Абай — өмірдегі Сыңарының тірлікте таппаған сырласы, жаны күңіреніп іздеген досы, Батыс пен Шығысты шарлап, адамшылықтағы темірқазық, бағдар осы-ay деп білген «толық адамы». Сол сырласымен қалтқысыз шер бөліскен, өзінін идеал-сыңарымен тұтасуға асыққан, өмірдің қайшылығы шырмап жеткізбеген арман, мақсұтын өнерге, мәңгілікке аманаттаған кемеңгердің тірліктегі қажыры — Абайды ұлы суреткер ғана емес, ұлы Адам ретінде де мойындатады.
«Толықтыққа» я жетті, я жетпеді — мәселе онда емес.
* * *
Өлеңі мен қара сөздерінде айтқан уағызына, әділет, рақым, жақсылық туралы идеалдарына, жетілген құлықтың бейнесі —«толық адам» шарттарына өмірдегі Абай өзі сай болды ма деген сұрақты тіке қоюда мағына жоқ. Шығармашылық — кемел ой, қуатты қиял, уақыт пен кеңістіктің әдепкі өлшемдерінен тыс еркін әлем. Еркін әлемдегі Абай да – пенделік жаратылысындағы қайшылықтардан, «жақсы өмірін әуре еткен» тіршілік сарсаңынан азат Абай. Өлеңдегі Абай – Абайдың өзі үшін де өмірде жете алмайтын, орта, қоғам барда, жетілмеген адам барда ешқашан жеткізбейтін Идеал. Жаратылысында жұмыр басты Пенде, өнерінің, ақыл-ойының қуатымен өзі нұсқалаған кемелдікке жақындап-ақ баққанын көреміз.
Гоголь Пушкиннің көзі тірісінде (1832 ж.) айтыпты: «Пушкин — төтенше құбылыс, бәлкім орыс рухындағы бірден-бір құбылыс: бұл – жетілу үстіндегі, бәлкім, 200 жылдан кейін келетін орыс адамы» деп. Орыстар бұл (сәуегейлікті қаншалық ақтарын бір құдай біледі. Ал, Абайдың қазақтары турасында пәлен жүз жылдық болжау айтпай-ақ қояйық – адам рухының жетілуіне жылдар, ғасырлар меже бола алмайды. Абай – қазірге дейінгі біз білетін қазақ рухының ең биік көрінісі.
* * *
Г. Бельгер: «Абай неизмеримо глубже, чем это мы в состоянии пока понять и осмыслить. Как явление, как Личность он даже глубже собственного творчества. Многоранное творчество Гете – тоже еще не весь Гете» («Гете и Абай»),
Екі томдық Абай! 143 томдық Гете (Үлкен Веймар басылымы) түгел бола алмағанда, қолымыздағы жұқалтаң екі кітап Абайдың толық тұлғасынан қанша дерек бере алар? Гетенің өзі де айтыпты ғой: «Вертер, тағы сондайлар өз жанымның ішкі куәлігімен салыстырғанда баланың былдыры ғана сияқты бірдеңе» деп. Жан куәлігінен және бір жұқана бар ма екен деп естелік, аңыздарға үңілесің. Және осы әурешілікті тастағың да келмейді...
Өмірде жоқ мәміле – өнерде бар. Жүректегі махаббат пен ғадауаттың тіршілікте жоқ келісімі өлеңнен табылады.
«Мен ішпеген у бар ма?!» дейді өлеңдегі анық Абай.
Халқының ұстазы, емшісі болған Абай ем болатын дәріні өзі ішкен өлшеусіз мол улардан екшейді. «Тәжірибені», алдымен, өз жүрегіне жасайды. Абайдың әрбір өлеңі — ем болатын у мен балдың мөлшерлі сәйкестігі, махаббат пен ғадауаттың кемеңгер үйлесімі, ең таза, ең биік келісімі. Бал татыған кермек, у татыған тәтті Абай қай жүректің де махаббатына – мәпе, ашуына – басу. Әрбір өлең —«махаббат пен ғадауат майдандасқан» Абай жүрегінің жеңісі, Абай адамгершілігінің салтанаты.
Абай жүрегінің жеңістері – толық екі томдық шежіре!
Кемеңгердің өмірі де өлеңіндегі сияқты жанкешті ерліктерге толы. Өлеңдегі Абайға жеңілірек те болуы. Өйткені өзі жаратқан әлемнен өзіне қандай орын сайласа да, өз ойына қандай өрнек сәйкестесе де — еркі. Ал Абайды қалыптаған сыртқы орта, өмір заңы, оның жеке еркінен тыс қоғамдық жағдаяттар пенде Абайға орынды алдымен өзі белгілеуге, шарттарды өзі таңуға тырысады. Өз әлеміндегі теңдесі жоқ «Мен»—дүниедегі жақсы-жаманды қалт еткізбей таразылайтын, қай-қайсысын да сыбаға-үлессіз қалдырмайтын өнерпаз, мықты Абай – өмірге шыққанда, барша қоғамдық орын-статусымен мұндай құдіретке ие емес. Өмірге шыққан Абай, алдымен, өзінің пенделік жетілмеген құлқымен күресуі керек. Жеңер, жеңілер — оны әлі көреміз. Әйтеуір, кім үшін де оңай талқы емес. Кемеңгерге тіпті қиын — өзіне өнерде құрған қалтқысыз таразысын өмірде кез келген торпақтана басып сындырып кете беруі мүмкін. Сондықтан, өмірде де мықты болған жөн. Абай – өмірде де мықты: би, болыс, абыройлы, атақты, айлалы да ақылды. Бірақ, өмір көркем шығарма емес, өлең емес. Айлаға — айла, ақылға — қулық, қайратқа — томырық қара күш бар, Абыройға — бақталастық, қолда — мал, баста—миға талас қылып, күш сынасқан күндестік бар. Біліктінің сөзіне — қаса наданның дауы бар. Осының бәрімен тіктескен мықты әркез жыға бермейді, өнердегідей жеңімпаз атана бермейді. Өмірдегі Абай — әлсіз. Өнеріндегі дара тұлға — өмірде өзінің «Мендігіне» лайық үлес-сыбаға, орын іздеген үлкенді-кішілі мың-сан пенденің бірі ғана. Сондықтан, адамгершілік тұрғыда өнердегі Абаймен шендескен тұстары — өмірдегі Абайдың да жарқылы көз қарықтырған ең тамаша жеңістері. Жүрегі, ділі аңсаған, білігі, діні қуаттаған аңсар-идеалдарының салтанаты.
Абай туралы аңыздар мен естеліктерді оқып отырсаңыз, кемеңгер ғұмырында мұндай сәттердің аз болмағанын көресіз...
* * *
«Егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін өзгертіп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» – дейді Абай. Өз жаратылысының байлығына, жүрегіндегі жарықтың, жақсылықтың молдығына, рухани және жан қуатының зорлығына сенген тұлғаның сөзі. Мұны қатардағы нәпсінің досы, құмарлықтың құлы айта алмайды. Адамға ұдайы үмітсіз, жеміссіз кекесінмен қарайтын жайдақ скептик айта алмайды. Осы сөзде адамға сенгіш аңғалдық та бар шығар, бірақ сонымен қатар, зор парасат, зор иман да бар – кәміл.
Әлсіздің жалғыз жұбанышы — әділ Алласы. Астамсығанның жалғыз қаупі – Соның қаһары... Жаны ышқынған Абай: «Өлім барда қорлық жоқ» дейді.
Адам баласы о бастан тең: жаратушысының алдында тең, адамдығы тең. Пәни жалғандағы барша артықшылығыңнан өлім ажыратады, Күллі қорлық, мұқым азабыңнан өлім азат қылады. Өлім – о бастағы Теңдіктің қайта оралуы. Бәрі жалған, тек сол – шын. Туғаннан, жер қойнына енгенше адам баласы анық танитын жалғыз ақиқат — сол. Жаратылысында мықты Абай, зор Абай әлсіз шағында, өмір күресінен қажып, беті қайтқан, тауы шағылған тұста нақ сол айдай анық ақиқатты паналайды. Өлім – Абайға құтқарушы күш ретінде көрінеді. Анық мұсылман, анық ойшылдың мінез, танымы. Алланың ақиқаттың жолындағы, бақида беретін есебіне сенімді адамның ең соңғы әділетке жүгінуі. Пәни жүзінде көкірегі зордың тәубасы кем, қиянаты кемелдің «өлім барда қорлық жоқ» деп айта алмасы анық.
Абай — айтты.
«Моласындай бақсының — Жалғыз қалдым, тап шыным». Абайдың жалғыздығы, шынында да оқшау. Халық қамын толғаған алдыңғы ақын-жырауларға қараңыз. Көптің бірі болып, ары кеткенде, ел тізгінін ұстаған аздың тобында тұрып сөйлейді. Жырау — ханына қарайлап толғайды. «Қара қазан, сары баланың қамы» дегенде Махамбет Исатайды ауызға алмай сөйлемейді. Өз тұсының сара көкірек, сыншыл ой, даңғыл тілі болған Дулат, Шортанбай, Сүйінбай, Мұраттар бұл тұрғыда — сол көптің өз өкілі, өз үні, жалпы қауымның өз көңіл-күйі еді. Ал, Абай қарайлап сөйлейтіндей, Абай сүйеніп арман айтардай ешкім жоқ. Ақылдасар, жөн сұрасар ешкім жоқ. Тізгін-шылбыры өзгенің қолындағы бас еріксіз, бағдарсыз елге, ғылымсыз жұртқа не кеңес айтқан, қай жөнді сілтеген дұрыс?
Ал, ең ақылды қазақ — өзі, ең білімді қазақ — және өзі.
Абайдың жалғыздығы — қорқыныштырақ!
Өзің жалғыз, надан көп
Ұқтырарсың сен не деп...
Адам деген атым бар,
Адам қылмас халқым бар.
Халқым надан болған соң,
Қайда барып оңайын?
Халқының ұлы Абай мен сол халықтың арасында осындай өткелсіз құрдым бар. Бұл — ойшылдың ғана емес (М. Әуезов) күрескердің де жалғыздығы. Жалғыздығы, бірақ, үмітсіздігі емес. Қапаста адасып, тұйықта қарманған Абай ғұмырының мағынасы — үмітсіздің сергелдеңі емес, Жалғыздың қайғылы қажыры болып елес береді. «Үмітті сәуле еткен» Жалғыздықта сұрапыл қуат бар.
* * *
Поэзиядан біреулер «ой» іздейді (пәлсапа!), ақыл іздейді. Мораль іздейді. Әдеби тоғышар үшін өлеңнің эстетикалық әсері «пах, қалай тауып айтқанмен» тәмамдалады. Сосын, іздеген ойымыз —«екі жерде екі — төртті» дәлелдеу үшін дүниенің бар ойшылын, тірісінің құлағын шулатып, өлісінің аруағын күңірентіп айғаққа шақырамыз. Ғылым кандидаттығынан үміткердің аласұрып диссертациясына цитат іздегені сияқты ұлылардың мәтінінен жарым жол.,., жетім шумақтарды жинаймыз, сосын етін жалбыратып, өзін-өзі дәлелдей алмайтын жартыкеш ойларымыздың олқысын тығындаймыз. Көкке бойсұнған бәйтеректің қол жетер етегінен жапырақ үзіп, кедей қисынның жалаңаш жеріне жамау қыламыз... Сөйтіп, бәріміз жабылып, «екі жерде екі — төртті» «дәлелдеп» шығамыз.
Ыңғай жапырақтың өзінен қиюын тауып, іліп-көктеп көйлек тігуге болады, көзді арбаған небір иллюзия, қисындар жасауға болады. Бірақ, жалаң жапырақтың («ойдың») өзі ақиқат бола алмайды: иллюзия қурайды, қисын шіріп, ыдырайды. Өнер заңында, жапырақ — бұтағымен, діңімен, тамырымен, топырағымен ақиқат. Көркем шығарма — жалғыз жапырақ емес, тамыры, діңі тұтас бәйтерек.
Лириканың тікелей мазмұны – көңіл-күй, сезім, жан-дүние сыры. Жалпы, поэзияда жалаңаш ой жоқ. Өлеңдегі жеке ой поэтикалық тұтас контексте қаралуы керек.
Бұл – біздің қазіргі көптеген әдеби, ғылыми, философиялық «талдауларымызға», пілдің сауырын, сирағын, тұмсығын сипалаған «ғалымдыққа» қатысты әңгіме. Өлеңнің тұтас діңінен «жапырақ» жұламыз деп, Абайды кім жасамадық? Абай – діндар, Абай – әулие,. Абай — философ екен. Пәлсапашы академик: «Гегель мен Кантты зерттеп ит болыппыз, өзіміздің Абай тұрғанда» деп салды 150-жылдық тойдың бір жиынында. Абай — жаратылыстану ғылымдарын, соның ішінде физика заңдылықтарын жетік біліпті.., Қазақстанға нарықтық экономика дендеп енген тұста сала құлаш бір мақала шықты — Абай, сөйтсек, нарықтық экономиканың да білгірі көрінеді. Өйткені, «Есек көтін жусақ да мал тауып кел» десе керек, жарықтық, бір сөзінде...
«Күлме, жылама, жек көрме — түсін» – дейді Спиноза. Әулие емес, бірақ әулиенің сөзін айтады, Өлеңдегі Абай осының бәрін тұп-тура керісінше істейді: күледі (ызамен), жылайды, жек көреді — Спинозаға қасарысып «түсінбейді». Абай — әулие емес, Абай философ емес. Абай — ақын. (Жарайды, ойшыл-ақ ақын болсын). Абайда жекелеген философиялық ой, пікір бар. Жүйелі, төлтума философия жоқ. Күлу, жылау, жек көру — жер бетілік ақын үшін дүниені, өмірді тану құралы. Бұл — әрі-беріден соң, дүние құбылыстарының сезімге, көңіл-күйге, жүрек айнасына шағылған дидары, эстетикалық мазмұны. Айталық, Күлембай мен Дүтбай да адамдық-қоғамдық болмыс құбылыстары. «Күлембайға», «Дүтбайға» т. б. өлеңдеріндегі күлкі, мазақ, ыза, сөгіс — сол «құбылыстарға» моралі өз ішіндегі эстетикалық баға. Адам бойындағы, санасы мен жанындағы, мінез бен құлықтағы кембағалдықты эстетикалық мансұқтау.
Күлембай — антигерой: «толық адам» туралы аңсарға қарама-қарсы бейне.
Рас, «Болыс болдым, мінеки — Бар малымды шығындап» деп «сыр» ағытқан күйкі Пысық — Абайдың өзі емес. Кемеңгердің жаза баспас, қалт жібермес қырағы назарына ашылған болыстық болмыс. Абай — Күлембай болып сөйлейді. Бейнелеу принципі тұрғысынан келсек, Т. С. Элиот мұны ақынның «үшінші» даусы дейді...
Рас, Абай өлеңдерінде қайғы мен мұң, қапа мен зар, ашу-ыза, жан азабының табы мол. Бірақ, бұл — қайнаған хаостын, ішкі бір мәмілемен тұныған, суреткерлік зерденің сүзгісінен етіп тазарған сара сезім-күйлердің көрінісі. Өмірдегі тірі эмоциялардың өнер құдіретімен эстетикалық сапаға, көркемдік өріске көшкен рухани ғұмыры.
* * *
Шығармашылығында Абай өз өмірбаяның рухани мазмұнын, өз тұлғасының рухани дидарын сомдады. Ал, сол бейнеге «материал» болған түпнұсқа-ғұмырға үңілсек, адамдық рух пен пенделік болмыс қайшылығының ежелгі трагизмін керер едік. Бұл талқы ойлы, саналының бәріне тән десек те, Ұлының қайғысы – орман өртенгендей, тау төңкерілгендей сұрапыл айдынымен, жантүршігерлік әсемдігімен көз тартады.
Адам мінезі бүгін-ертең түзелмейді. Пенде құлқын өнер де өзгерте алмайды. Абай өнері ашқан қазақ — мәңгілік...
Абай... жеңілді ме?
Білмеймін. Бірақ, қазақ тіріде, өлмейтін сөз — Абайдікі.
Адам бойында мәңгі көктеп-көгере беретін кеміс-кетікке Абайдың мәңгі рухы күледі. Күлкі, қашан да — жеңгендікі.
"Шын жүрек - бір жүрек" кітабынан алынды
Жалғасын оқыңыз 2. МАХАББАТ ПЕН ҒАДАУАТ