Шынай Рахметұлы. Өлеңінен ат дүбірі естілетін...

ӘДЕБИЕТ
3772

(Ақын Қабдай Мысаханұлы туралы эссе)


Қабдай Мысаханұлы


Осыдан дәл елу жылдың алдында... сол жолғы әдебиет үйірмесі бұрынғы МД театрда, директордың кеңсесінде өтіп еді. Бірнеше ақын өлеңдерін оқығаннан кейін өзгелерге түгел бейтаныс, маған таныс балаң жігіт өлең оқыды. Ұмытпасам:


«Халық ақын дедім е, болдым ақын,

Аға ізін айнымай жол қылатын.

Әділдік пен пәктікті тең ұстаған,

Адам болсам – болғаны, сол мұратым», 


- деп келетін өлеңі болуы керек. Маған таныс дейтінім – бесінші кластан екеуміз парталас болғанбыз. Ол мемлекеттік университетті қоғамтану, тарих мамандығымен бітіріп, аз ғана уақыт халық армиясында офицер болып істеп тұрды да, туған аймағымызға оралып, Алтайда біршама жыл мұғалімдік қызмет атқарып, 1981 жылдан «Жаңа өмір» газетіне шақырылып келіп, әдеби қызметкер, 1990 жылдан жауапты хатшы, 1993 жылдан редакторы болып тағайындалып, сол жылы Қазақстанға қоныс аударып кетті.


"Жаңа өмір" газетінің ұжымы: оңнан солға қарай - Қабдай Мысаханұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Қуандық Шамахайұлы


1966 жылдан бастап «Туған жер топырағында», «Атамекен аспаны», «Айналайын ақылдым» кітаптарын бастырып шығарды. Өлеңдері алты бірдей біріккен жинаққа қамтылып, «Шұғыла», «Яргуй», «Жұлдыз» журналдары мен «Жаңа өмір», «Қазақ әдебиеті», «Шалқар», «Дидар», «Шамшырақ» газеттерінде топ-тобымен жарияланды.


Аудармашылық, журналистік еңбектері бір-бір төбе. Ол «Жаңа өмір» газеті аптасына үш дүркін, алты бет, он мың данамен басылып таралып тұрған кезде ауырды арқалаған қимылы ширақ, әрі байыпты, нағыз газетші еді.


«Тауда туған о баста, тауға құмар,

Тау қадірін жазыққа ауған ұғар.

Тауда не көп?

Мінез көп.

Сол мінездің,

Мына менде байқасаң ауданы бар» 


- деп өзі жырлағандай, Қабдайда өзгенің көңіліне қаяу салмайтын мінездің бәрі бар еді. Жазбасын шапшаң бітіре салып, әңгімеге көшеді. Әңгімесін дәмдеп айтады, күлдіреді. Сау жүріп мастың рөлін келістіріп ойнайды. Өлең-тойда: «Желбір жекен, желіп жүрген жайлауда біз бір көкен-ай», - деп аңыратқанда әртістерің жолда қалады. Оғаш көріністерді әзілмен ғана мұқатып, аяусыз соққы беріп ой тастайды. Бірде Қабаң бір үйге барады. Сол ауылдың тұрмыс-күйін тектеп біліп, малдың жайын сұрап біраз отырып, аялдап қалады. Бұйымтайы біткен соң: «Жарайды, жақсы, аман отырыңыздар» деп аттануға ыңғайланғанда дәулетті үйдің сараң әйелі қатты қысылған сыңаймен: «Апырай, тым болмаса шай да іше алмадыңыз-ау!» дегенде Қабаң жұлып алғандай: «Иә, біз іше алмадық, сіз бере алмадыңыз!», - дегенде әйел аузын алақанымен баса қойыпты.


Ақын кір жуып, кіндік кескен киелі жерін өзінше және келістіре сипаттаған:


«Қызғалдақ өсіп, қызыл гүл жауып етегі,

Сағынған құстар сабырын сарқып жетеді.

Топшылары тоқпақтай қырандардың мекені,

Бұлшық еті білеудей ұландардың мекені,

Желден басқа жетпеген құландардың мекені», - 


десе, енді бірде:


«Қамыс құлақ

Қақпан бел.

Бөкен сауыр,

Ақтаң кер,

Арқанында ширығып, 

Айнала жортып шапқан жер,

Мергені ілбіс атқан жер,

Ата-ана бақыт тапқан жер,

Мыңғырып малы жатқан жер.


Қыранға бөрі ілдіріп,

Құрбыға көңіл білдіріп,

Қанатты сөзбен күлдіріп,

Қатарластармен бір жүріп

Той-думан жасап дүрлігіп,

Айқара ашқан түндігін

Шаңырағына күнді іліп

Отаудың таңғы тірлігін, 

Бастадық,

Бақыт бірлігін», - дейді. 


Осындағы «Арқанда ширығып айнала шапқан қамыс құлақ, қақпан бел, бөкен сауыр ақтаң кер аттың» өлеңмен сызған суретіне жан біткендей, көзіңе жылұшырайды.


Малды ауылдың баласы Қабаң мал мінезін жақсы біледі. Бір өлеңінде асау сәурік пен жылқышы Бораш, оның әйелі және үйір басы құла айғыр мен боз байтал уақиғасы туралы қызықты әңгімені отыз неше жол өлеңмен тапқыр жеткізген: Дөнен айғыр тепкен Бораш талып барып есін жияды. Ашулы Бораш оны алып ұрады да, борбайындағы екі безін сылып алады. Сол кездегі ерлі-зайыптылар бейнесін:


«Болып кетті аталық без құрмалық,

Арқан жатты шұбатылып, шырмалып.

Қабағын сап сұрланып,

Жөткірініп қырланып,

Нығыз басып, ырғалып,

Кірді үйіне.

Шәй қамдаған бір қалып,

Жеңгемізге қарай берді ұрланып...» 


- деп бейнелесе, «бәсекелесінің» мысы басылып, көңілі орныққан құла айғырды: «Ақ байталды сауырлап ап, бауырлап ап солай бір, моп-момақан бола қалды молайғыр...», - деп құбылта суреттейді.


«Бір сорлы едім буыны бекімеген,

Таңдайда уыз дәмі жоқ жетімек ем.

Жоқшылықтың уыты бойымды алды,

Пәлекеттің қатайды беті неден?!», -


деп өтпелі кезең салмағын халқымен бірдей қарсы алған ақын осынау нарықтық қатынастың шын келбетін:


«Жан бергендей ақшаға,

Аз жақсы іні, жақсы аға.

Көлемінен қалтаның

Көз салмайды басқаға.

Нысап кетті тіріден,

Сенім беті іріген.

Әке, бала арманы – 

Ұту бірі-бірінен», - деп көрсеткен.


Атамекен – Қазақстанға апыр-топыр басталған көш әркімді толғандырған, әр әуесқойдың қаламын қолға алдырған-ды. Қабаң ол оқиғаны өзінше жырлап, өзінше баға береді:


«Бұдан әрі іс түйіні шешілер,

Әлем танып: - Қазақ тұтас – десін ел!

Қалып жатқан Қобданың қойнында,

Аталардың аруағы кешірер»,


деп көпшілік құптарлық ой айтып, өзі де қоныс аударған еді. 


Қабдай Мысаханұлы балажан ақын. 1986 жылы жарық көрген «Айналайын, ақылдым» кітабы балаларға арналған.


Осы кітабындағы:


«Базар еткен өмірімнің

Ала таңдарын,

Шұғыласы көңілімнің,

Балапандарым.», - 


деп келетін «Біздің календарь» өлеңімен жыл он екі айдың мінезін жеке-жеке айта отырып: «Бос өткізбе сондықтан, әр сағат, әр күніңді», - деп түйіндейді.


...Осыдан елу жылдың алдында ескі театр директорының кеңсесінде өткен үйірмеде бірнеше ақынның таңдайға татымсыз солғындау өлеңін тыңдағаннан кейін бейтаныс, тәпелтек келген балаң жігіт Қабдай:


«Буып ап бір сапарға белді бекем,

Армандай білу де аса ерлік екен.

Шексіз етіп Арманды, керісінше – 

Шектеулі өмір Адамға берді ме екен?», - 


деп өлең оқығанда сөз зергерлері бәрі түгел аңырып қалды. Ойшыл ақын Имашхан ағамыз әзіл-шынын араластырып күле сөйлейтін мінезімен: «Әкең, мынаны қара! Ақын деген – міне осы. Бойы құмандай, осырығы тұмандай ә?!», - дегенде жұрт ду күлген еді.


Рас-ау. Сол шексіз арман, шектеулі ғұмырдың әркімді құтқармайтын қатері өз басына жеткенде:


«Жаутаң-жаутаң көз мынау,

Жыбырлаған бет мынау.

Ауыр науқас қылқындырып,

Ішің жылап, сыртың күліп,

Алдамшы қып елу жасым,

Алқындырып жеттің-ау», - ымен дәлелдепті.


Өміршең өлең өлмейді. Оның иесі де!..


2013 ж. қараша 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...