Рахымжан Отарбаев. Аяқталмаған хикая

ӘДЕБИЕТ
3330

Ертеңгілік терезе желдеткішін ашып, жазу столыма отырдым. Ауа жаңғырып, сәуір самалы бойымды жадыратты. Ойым – біздің елде болған ертедегі бір хикаяны тізбелеу. Сюжеті дайын.

Соғыс кезінде Қошалақта қашқын пайда болыпты. Қалмақ жігіті екен. Кеш түсе ауыл аңдып, ана әйелді ұрлап кетіпті, мына әйелді зорлап кетіпті. Бәрі содан жүкті боп, бала тапты деген өсек желдей есіп тұрыпты. Қиялымда қызықты хикая сәулеленді. Құм жалап отырған жалғыз ауыл... Өңшең жесір келіншек... Он шақты жаутаңкөз жетім бала... Сол некесіз туған көрдемшенің бәрі де Қашқынбаевтар...

Ақ сөйлеу – парыз, бір жағы өсекке ілінген жеңгелерімді ақтап алғым келді. Олардың етегі – ел намысы. Қапияда тап берген қара жүрек қашқынға не қайла қылсын? Ал ине ұстаған ұрғашының бәріне бір-бір баладан құшақтатып кеткен сол сұмпайы ұшты-күйлі жоқ. Көкке ұшқандай. Жерге сіңгендей.

Түр-түсі де есте қалып жарымаған. Әйтеуір ұзын бойлы, суыр тіс, көзі алақандай деседі. Алақаны темірдей қатты. Жапа шеккендердің бар берген куәлігі осы көрінеді. Қашқын қарап жүре ме, колхоздың шетке шыққан тоқты-торпағын да ұрлап сойған шығар. Аштан өле ме? Бір емес, құм етегінен бірнеше үңгір қазып жатақ қып алған-дағы... Үзік-үзік көріністер көз алдымда көлбең қақты. Бірінен бірі асып түсіп, еліктіріп әкетіп барады. Алдымдағы кофені ішуді ұмытып, жалма-жан сөз байлай бастадым...

«...Тезек тере шыққан. Кепкен жапаның қызығына түсіпті. Екі-үш қыр асыпты. Ауылдан ұзап кеткенін жазғы күн жанып-күйіп орнына отырғанда бір-ақ байқады. «Қара қағаздың» қайғысы жетектеп кеткен де. Жалғыз ұлдан айырылғалы ата-енесі де зар төгіп, шөгіп қалған.

– Қарғамнан бір тұяқ қалмады-ау. Шаңырағын жықпас еді, – деп қос мұңлық күңіренгенде бұл қолтығына қапты қыстыра жөнеледі. Дала кезіп, бар шерін желге айтып жеңілдеп қайтады. Күндегісі осы... Қанар қапты бұйым көрмей серпе лақтырып арқасына салған. Шарпып тұрған қайраты бар келіншекке тезек деген не, тәйірі? Тездетіп ауылға беттеген... Жанынан жүгіре қосылған мынауысы кім? Бет-ауызын түгел жүн-жұрқа басып кеткен бе? Албастыдан аумай тұр ғой. Ойбай, көтек, қаштым...»

Осы кезде көрші шешейдің:

– Қыж қайда, ойбай, қыж қайда? – деген әлем-тапырық даусы ойымды үркітіп жіберді. Көптен іргелес отыратын ек. Бала-келіні, саздауға біткен құба талдай боп бойжеткен қызы, екі-үш немересі бар-тын. Қоңыртөбел тірлікпен күн көрген жанұя. Баласы – шетелдік мұнай компаниясының жұмысшысы. Келіні базарда сауда жасайды.

– Білмеймін. Әсемжан түнде өз бөлмесінде жатқан, – дейді жеңгесі дүдамал үнмен.

– Жатса қайда ұшып кетті? Іргеде тұрған қызыл шамаданы да жоқ, ойбай!

Шүйкедей қара кемпірдің ойбайы ертеңгілік тұнық ауаны тілгілейді. Жем іздеп қыт-қыттаған тауық ауланың түкпіріне тобымен дүркіреп қашады. Өңешін созып мезгілсіз қораз шақырды.

– Не айқай? Жау шапты ма?

Есік алдына шүйкедей қара кемпірдің баласы шыққан екен. Тоңмойындау неме еді, сөзін көрдің бе?

– Жау шаппаса, қыж қайда?

– Әсемжан бір құрбысына қыдырып кеткен шығар. Жұмысы жоқ. Қашанғы қамалып отырады?

– Қайдағы құрбы?! Ол неткен аты жоқ қыдырыс?! – деп қыз шешесі тіпті өршіп кетті. – Байға қашты деуге аузың келіспей тұр ма?

– Қайдағыны айтасыз.

– Қыж баққаннан қарға баққан оңай. Осының боларын білдім ғой, ойбай!

– Ондай ойы жоқ еді.

– Қыжды жеңге бұзады. Жеңгені теңге бұзады. Бар пәленің басы сен. Өз қолыңмен шығарып бергенсің.

– Ене, қойсаңызшы.

– Бәрін өзі өлшеп-пішіп, енді бітеу адамдай тырсиып тұрысын қарашы, тұрысын! Ене демей кет!

– Оңбаған қатын! Сенің тұқымың сондай! Бүйтіп масқара болғанша!.. Қырам да жоям! Мә саған, мә!..

Күйеуінің жуан жұдырығы оңдырмай тисе керек, әйелі ащы дауыс салып солқылдап жылады. Бөлмеге жылдам басып жұбайым енді. Ақшыл өңі сұрланып, түсі қашып кетіпті.

– Неғып отырсың? Ажыратпайсың ба? Ең болмаса барып басу айт. Қырылып өле ме?

– Қыз да қызыл алма сияқты. Піскен кезде үзіп алмасаң, солып қалады.

– Сенің пәлсапаң бітпес.

– .. тұздап қоя алмайсың.

– Сондайың-ай сенің! Көрші хақы бар емес пе?

Амалы құрыған жұбайым алдымдағы ақ қағазға қарап аз тұрды да шыға жөнелді.

Көрші шешей ашу қысқанда қолына таяқ алатын. Алатын да қара жерде қалған өші бардай сабалап отырып сөйлейтін. Тағы да сол дағдысына басыпты.

– Жалғыз ағасын жерге қаратып... Жүзіқараның енді қайтып екі дүнияда бетін көрмеспін. Теріс батамды берем. Аруаққа тапсырам! Батар күнге тапсырам!

...Иә, қашқын қалмақ, иә... Ойымды үзіп алғанымды қарашы.

«...Соңғы жемтігін үңгірде үш күн ұстап, құмары қанып барып босатқан. Алғашқыда мақтадай жұмсақ білегін жастанып жатам ғой деп дәмеленген. Қайдан, сүйегі санап алғандай, қанын ішіне тартқан қарасұр келіншек екен. Сөзге ермей, көмейін ашпай арпалысып бақты. Әлі құрып, амалы таусылып жатып:

Ит жалап кеткен итаяқтай болдым-ау... – дегені. Сөзін қарашы! Шапалай тепкен қос аяғын жыңғылдай айырып, үстіне қайта төнген.

– Дыбысыңды шығарма! Ауылыңа адасып кеттім деп бар, – деген бұл ентігін баса алмай жатып. – Әйтпесе... Мен де қазақпын.

– Қаныңды қазаққа жаққың келген екен, ит қалмақ, – деген келіншек ұзап бара жатып. – Тұра тұр, бәлем!..

Одан бері де тамағынан талшық өтпегелі екі күн ауды. Жалмауыздың жалғыз көзіндей үңгірдің аузына үңіліп қашанғы жатсын? Баспалап аулаққа көз салған. Қыр етегінде жауырға қонған сауысқандай боп ат үстінде бір шал тұр. Алдындағы уақ жандығы жусан мен шағыр қуалап жүгіреді. Тоят алып, тоқ баспаған-ау, шамасы. Тағаты қашып, суыр тісінің суын сорып аз-кем отырды да қонышына сапысын сала берді...»

Еденді солқылдата басып келе жатқан бұл кім? Е, ауылда тұратын ақсақал екен ғой. Аман-саулық жоқ:

– Тағы жазып жатсың ба? Ішіңе сыймайтын бұл не сөз? – дейді келе қарсы алдыма тізе бүгіп.

– Жай, әншейін.

– Баяғыда «Сөз қуған пәлеге жолығады» деуші еді. Қазір де солар дәуірлеп тұр.

– Аллекем аштан өлмесін деп бес-алты ауыз жел сөз берген де.

– Бәрібір, қаймағы жоқ, қаспағын қырып жүрсіңдер.

– Шаруа айтыңыз. Асығыстау отырмын.

– Шаруа көп. Салмақ сала келдім.

– Қолдан келсе...

– Ауылда сығандар қаптап кеткен. Улап-шулап тобырымен көшіп жүрді.

– Ал?..

– Сұрамайтыны жоқ. Өңшең қайыршы.

– Содан?

– Кетерінде екі қысыр биемді ұрлап кетті. Іздеп қызылөкше боп қыр кездім.

– Өз ұрымыз аз еді. Олар да талайды қан қақсатқан жоқ па?

– Айтпа. Біздікі ұрласа ең болмаса етін базардан табар ек. Мыналар...

– Полицияға хабарладыңыз ба?

– Өй, қой оларды, – деді ақсақал қолын сілтелеп. – Жаңа ғана солардан шықтым. Өзімді тергеп бітті.

– Апыр-ай, ә?

– Үйірін жауға бермейтін жақсы айғырым бар еді, – деді ақсақал енді маңдай терін сүртіп. – Ұрылар құлағының түбінен қайта-қайта мылтық атып саңырау қып тастады. Тас керең.

– Енді?

– Мінезі өзгеріп, мәңгіріп қалды. Кәрі биелерді қуып жүріп шайнайды. Ал байтал көрсе бітті, байбаламыңа қарамай оқыранып ұмтылады... Не кереметі барын...

– Мал да иесіне тартады...

Ақсақал мол денесін түгел селкілдетіп күлді.

– Рас шығар. Ал маған Астанадағы дәу бастықтарға арыз жазып бер.

– Айғырдың үстінен бе?

– Өй! – деп ақсақал шошып кетті. Сосын тентек бураның өркеш жүніндей үрпиген шашыма үрке қарады. – Шырағым-ай, манадан бері саған не айтып отырмын? Сығанның да!

– Сығанның?

– Иә. Олардың айласын қарашы. Қосып жаз. Қасқырдың тісін қағып алады да жіпке моншақ қып тізе қояды екен. Сосын ұрлаған жылқысының мойнына кигізеді. Қасқыр иісін сезген жануар жын қаққандай жүйткіп жоғалады дейді. Әне!

– Ендеше, сыған да бір, иен даланы еркін кезген құйын да бір. Ендігі көз көрмеске өтіп кеткен шығар. Таптыра ма?

– Тух! – деп кейіген ақсақал лып етіп орнынан көтерілді. – Мошқап біттің-ау. Есті дегеннің сиқы сендей болса жарыған екенбіз!

...Иә, қашқын қалмақ, иә...

«...Тоқтының етіне тойып, бетіне қызыл тепкен. Жата-жата бойы құрысты. Астына төсеген құмның қияғы да уатылып, ұнтақ болып қалыпты. Ара-тұра үңгір аузынан құйрығын бұлғаңдатып кесіртке жүгіріп өтеді. Басқа ермек жоқ. Күн де еңкейіп ұясына құламай қойды. Кешегі жорығы... Қалай болып еді өзі?

Ымырт үйіріле етегін қымтап алған ауылды төңіректеген. Баспалай басып шеткі үйдің ығына арқа сүйеді. Қора жақтан маңқ етіп төбет үрді. Алдына өзімен ала шыққан тоқтының төрт сирағын лақтырған. Мезгілсіз мейманды қайтып мазаламай үні өшті.

Әлден уақытта үйден етегі көлбеңдеп етжеңді бір әйел шыққан. Есік көзіндегі ошаққа беттеді.

– Басымның сіркесін сықтыра қоям деп... Қараң қалғыр, шық түсіп кеткенін қарашы, – деп қарғанып жүріп ошақ аузын бітеді. Қарғанып жүріп тезек үстін жапты. – Ақтөс, кә! Жер жұтты ма мұны?!

Мынау аузында ақ тісі аз сардамбал қатын ғой. Мұны жетектеп кеткенде талайдың тақымын тоздырған немеден не қызық көрер? Төсекке сыймаған бөксесі алақандай апанға сыймас. Үңгірін талқан қып, өзін қарғысқа көміп кетер. Ақыры қазтабандай басып сығырайған жарығы бар ұйқылы-ояу терезеге үңілген. Көрпе үстінде сақалымен ойнап қаннен-қаперсіз бір шал жатыр. Қасындағы бозөкпе бала бір дорба асығын қайта-қайта үйіреді... Жас иіс жоқ үй екен. Көп кешікпей соңғы үмітін сарқып жалп етіп жарық та өшкен...»

– Қыз кезінен қышынған мына Жәнипаның қызы болса бір жөн. Ол да дүбірлетіп той жасап кетті, – дейді көрші шешей сампылдап. – Қанаттыға қақтырмай өсірген қарғам емес пе?

– Ым... – деп екі биесін сығанға алдырған ауыл ақсақалы үнсіз қалады.

– Ағасы кешірімге келгендерді атып өлтірем деп мылтығын оқтап отыр.

– Ым...

– Қайтсін енді? Өзің білесің, байды соғысқа бердік. Осы жалғыздың тілеуін тілеп... Бұл да әкесін көрмей қалды.

– Ым..

– Әкесі майданға алынған соң үш жылдан кейін туса қайдан көрсін? – деймін мен де естілер-естілмес етіп. – Қызық екенсіз сіз де...

Түс ауа тілші қыз есік қақты. Өңірінің үш тиегі салынбаған, шашын жауырынына шашып тастапты.

– Ағай, Алматыдан келдім. «Ана тілі» газетінен, – деді имене басып. Көзі өз-өзінен күліп тұр екен.

– Сұрағың дайын ба, қоя бер.

– «Шетелдік күйеу» деген тақырыпты зерттеп жүр едім.

– Ал?..

– Жақында үлкен айқай көтерілді. Естіген шығарсыз? Біздің елде тұрақтап қалғысы келген шетелдікті «Таныстыру бюросындағылар» бір қазақ қызымен жүздестіреді. Іздегенге – сұраған, екеуі әмпей-жәмпей боп үйленіп тынады.

– Сосын?

– Қазақстанның азаматтығын алған әлгі алаяқ артынша айнып шыққан. Махаббатым сарқылды депті. Бақса, өз елінде қалған бала-шағасы бар екен. Артынан іздеп келіпті.

– Таныс сценарий.

– Ал әлгі қыз еңбегімізге деп жиырма мың долларды санап алған бюродағылармен соттасып жатыр.

– Өзі төлеп пе?

– Білмеймін. Бәрібір ғой. Осыған не айтасыз?

– Түрікмендердің қызын шетелдік алса, үкіметке елу мың доллар қалыңмал төлейді. Әйтпесе, жоқ. Қолынан сипатпайды. Сол сияқты ақалтекесі де, алабайы да ұлттық бренд. Көзтаса етпейді.

– Таңғаларлық.

– Таңдай қақпай-ақ қой. Ал бізде ше? Қымызды неміске бердік. Шұбатты – еврейге, қазы-қартаны – қырғызға... Қызды – қаңғырғанның бәріне... Тағы кімге не керек? Бізде бәрі де бар! Бізде бәрі де жоқ!

– Осыны заң жүзінде...

– Оны Парламентте «Горе от ума» деген спектакль қойып отырған көкелеріңе айт. Хош бол, қарындас. Жазуым бар еді.

..Иә, қашқын қалмақ, иә...

«...Аты тезек тастап мимырттап келеді екен. Бұл бір бүйірден аңдаусызда ұмтылған. Ер үстінен ауып түскен қыз құшағында тулап жатты...»

Ойым үзіліп, кері жалғанады.

«...Соғыстан жарадар боп қайтқан екі-үш ағамыз қашқын қалмақты іздеп, тапсақ буындырып өлтіреміз десіп Қошалақтың құмын кезген екен. Айдалада аш қасқырлар қамап, колхоздың қыршаңқы атын қамшылай қашып әзер құтылыпты».

«... – Қашқын ит Қошалақтың қатындарына ғана әуес екен. Біз кімнен кембіз? Неге бір соғып кетпейді? – депті дейді іргелес отырған Ашақтың әйелдері жұлынып. Айтты ма, жоқ па, кімнің аузына қақпақ қоярсың».

Жазуым өнбеді. Мазам қашты. Қою кофе ішіп, қою түтінге тұншығып өзегім өртенді. Жалғыздықты күресіп жеңіп алғандай едім, амал не, алдым келім-кетім кісіден босар емес. Қашар жер, тығылар тау жоқ. Міне, тағы да...

– Ойбай, белім, сегізкөзім, жамбасым!

Е, бұл қала шетінде тұратын таныс кемпір ғой. Құлақсіңді мақамы осы. Аттап басқан сайын әлгі үш сүйектің атын атап алмаса көңілі көншімейді. Сөйтіп жүріп жортып кеткенде тірі жанға дес берсейші.

– Келіңіз, төрлетіңіз.

– Ойбай, белім, сегізкөзім, жамбасым... Амансың ба, шырақ? Былтыр шалым қайтқан, оны білесің.

– Иманды болсын.

– Бір ұл, жалғыз қызбен қалдым ғой, білесің.

– Естігем.

– Естісең, ұлым жүріп-жүріп биыл үйленген. Өзі жатқан түйеге міне алмас ынжық. Үйленді деген тек аты, әйелінің қолына кірді.

– Солай ма?

– Солай. Шешемді қолыма алам деп мені де көшірді. Әй, ақымақ басым! Ақыры отырсам – опақ, тұрсам – сопақ болып шықтым.

– Неге?

– Негесі несі? Келін – айғыр, кемпір – саяқ. Соңымнан қалмай қуып жүріп тістейді.

– Сөзбен шығар?

– Сөзбен.

– Өз үйіңіз бар емес пе?

– Оны келіннің інісінің атына аударып беріпті. Енді мені «Қарттар үйіне» өткіземіз деп жанығып жатыр.

– Қиын екен. Қызыңыз қайда?

– Алматыда жұмыста. Саин дегеннің көшесінде сауда жасайды. Табысы жақсы болғанмен мазасыз дейд. Дүкенді күндіз-түні бірдей істетеміз дейд. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан ығы-жығы халық дейд. Ойбай, белім, сегізкөзім, жамбасым!

Амалсыз бас шайқадым. Темекісі түскір таусылып қалған ба?

– Қайт дедім, әкеңнен қалған қара шаңырақ талапайға түсіп жатыр. Соттас аға-жеңгеңмен дедім.

– Дұрыс.

– Алды-артыңа қарама дедім. Не бай жоқ, не бала жоқ, неғып жүрсің дедім. Елге кеп біреудің етегінен ұста. Тесік моншаққа тебен ине табылар дедім. Үнсіз қалды. Балам, бір бет ақ қағазыңды қи маған. Қызыма қатырып тұрып хат жаз. Менің атымнан. Төк зарымды. Оқығанда тура жаны шығып кетсін.

– Желдеп кеткен ешкі де бір, қыз да бір. Менің хатыма қайыру берсе жақсы.

– Өзім жазар ем. Көзім әріп көрмейді. Керегімді сипап тауып жүрмін.

– Жарайды. Ертең әзір етемін.

– Сөйт, балам. Ойбай, белім, сегізкөзім, жамбасым!..

– Тыныштық па? Сыртта зыр жүгіріп жүрген кімдер? – дедім кемпірден құтылған соң жұбайыма, көзімді ақ қағаздан әрең ажыратып.

– Қашқан қыздың кешіріміне келгендер, – деді ол күлімсіреген қалпы.

– Қарғыс қайда? Мылтық даусы неғып естілмейді? Оқтап, әзір отыр деген.

– Қайдағы? Алып-ұшып алдарынан шықты. Қыздың барған жері бай көрінеді. Әкесі үлкен құрылыс компаниясының басшысы екен. Келе көрші шешейдің қолына қос алтын білезікті кигізді.

– Қайырымен.

– Құдалармен бірге дастарқандас болсын деп шақырып жатыр. Барайық, көрші хақы. Ұят болар.

– Жазумен отыр де. Өзің қызық көріп қайт.

– Сондайың-ай сенің...

...Иә, қашқын қалмақ, иә...

Қойшы, шаршадым. Неткен беймаза күн еді. Көзім қарауытып, шекем солқылдады. Түн ортасы таяп қалған. Хикаяны аяқтай алар емеспін. Қорғасындай балқыған ойым өзім әзірлеген қалыпқа сыймай бара жатты. Терезе желдеткішін жапқалы көтеріле беріп ем, көрші шешейдің созып салған шыңылтыр даусы құлағыма қадалды:

– Оралыңның барында ойна да күл!..

Ой-буй, шырқатып ән салатындай сізге не көрінген? Әлде алтын білезіктің буы ма шыдатпай бара жатқан? Таңертеңгі жау түсірердей екпін қайда қалды?.. «Сендердің жел көтерген етектеріңді жабамын деп көз майымды тамызып отырысым мынау. Бес күндік бұлағай дәуренде ойнаған да күлген сендердің жүрістерің анау. Жабу астында қалған жауырды сипап жазамын деген жалған намыс немді алған? Менікі не осы?..» Осындай қиналыс сәтте «Қырда қашқын қалмақ жүрді дегендері шіли өтірік. Тіпті елесі де болмаған. Некесіз туған көрдемшенің бәрі – ауданнан келген уәкілдің, шолақ басқарманың, ақсақ қоймашының баласы. Ауыздарынан түскендей айнымай қалған. Қошалақтың құмына тіл бітсе, қаптап кеткен Қашқынбаевтардың кім екенін жайып салар еді-ау. Әттең!.. Ұят қысқанда туған өтірік осыншама өміршең болар ма?» деген ертедегі қаңқу сөз құлағымда қайтадан тірілді.

Рас болмаса қайтсін?!

Орнымнан сілкініп тұрдым. Өсекке семіріп өлмес туынды жазғым келген екен. Алдымдағы жартылай шимайланған қағазды қақ айырдым. Қаламымды лақтырдым. Даусым қатты шығып кетті:

– Елдегі ақсақ-тоқсақтардың сауабын өзіне обал ғып арқалаған қашқын қалмақ, сен бұл өмірде бар ма едің? Құм құрсауындағы біздің ауылға аттап басып па едің? Қысыр төсекте қыңсылап жатқан келіншектерді үңгіріңе алып қашып па едің? Әй, қайдам! Біздің ел ертегіге сенгіш. Сен соның көзге көрінбес ғайып ерен кейіпкеріне айналып кеткенсің-ау, шамасы... Қарап жүрмей күнәкар бола жаздағанымды қарашы.

* * *

Сол күні байтал көрсе байбаламыңа қарамай оқыранып ұмтылатын саңырау айғыр түнімен түсіме кіріп шықты.

Рахымжан Отарбаев 

author

Рахымжан Отарбаев

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...