"ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫНЫҢ ҚАСІРЕТІ" деген айдармен Фейсбук желісіне түскен Төреғали Тәшеновтің...
Абзал Мақаш. Түрік бауырларға!
* * *
Жер сілкінді,
қашырды жел сұрқымды…
Ер түркімді жалмады,
көрші ұлтымды.
Аңқасына ажалдың жан тамшылап,
Картасынан кардаштың ел сүртілді.
Жер сілкінді!
Қайғы орнап құрықталмас,
Бұлттан жас тамады,
рухтан жас.
Үсті көңге сіресіп жер бетінің,
Түсті көрге тірідей түрік қандас!
Жүрегіңді тырналап шер шеңгелі,
Жер шеңбері үзілді, жер шеңбері!
Қара шашын жайғанда Қара теңіз,
Қарт Арарат қайғыдан кемсеңдеді.
Хан тағына,
сия алмай халқы аяға,
Баласы өлсе, шеше тез қартаяды, ә?
Өртке салды жат сұғы кеткен өтіп,
Көкке сауды ақ сүтін Алтай ана!
Жаныңды өртеп өксігі өр оғыздың,
Сөгілгені осы ма көбеміздің?
Қалды ма екен көк Тәңір қаһарланып,
Талды ма екен мүйізі көк өгіздің*?
Біздің тілек — тілегі дос кісінің,
Амандығын аңсаған Ашқысының*.
Гүрс еткен тас құласа қарт әжемнің
Тырс етеді бір тасы тәспісінің.
«Жаза көрме бір туған бауырға азап,
Қылмағай», - деп «табиғат тәнін мазақ!»
Дәрмені не? Жаратқан Жалғызының
Дәргейіне жылады қалың қазақ!
Хәлім — күдік менің де,
Жаным тілік,
Тағы ұмтылып көрейік, тағы ұмтылып.
Сынағына тағдырдың сына көрме
Батыр Түрік!
Ер Түрік!
Бауыр Түрік!
Қылдарындай бөлінбес нар қобыздың,
Тамырдағы бұзылмас қан да біздің.
Қос ағайын өтеді тілеулес боп,
Қос мүйізі сынғанша әлгі өгіздің!
_______________
Көк өгіз* — ежелгі таным бойынша жер мен көкті мүйізімен көтеріп тұрушы алып жануар. Көк өгіз шаршап, жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырғанда жер сілкінеді, екі мүйізі сынса ақырзаман болады.
Ашқы* (aşk) — (түрікше) ғашығы, іңкәрі.
08.II.2023 жыл
Мәдениет порталы