Жолтай Әлмашұлы. Қызметте де, әдебиетте де көлеңке іздегем жоқ!

ӘДЕБИЕТ
4150

 (Зейнет жасының табалдырығындағы ой - 2) 

Расы сол, рас сөз деп сеніңіз, рас екеніне күмәнданбаңыз, шын жүректің сыры деп қабыл көріңіз – мен қызметтік лауазымда да, әдебиет деген киелі өмірде де өзіме-өзім сенбей, жалтақ мінез байқатып, біреудің қалқасына бой жасырып, көлеңке іздегем жоқ! Неге? Өйткені, «басқаға сенгеннің басы жарық!». Қызмет жайына қайта оралсам – соңғы жиырма жылдан астам уақыт үкіметтегі бір ғана лауазымда ( бөлім меңгерушісінің орынбасары – үкіметтік ресми басылымдардың бас редакторы) отырыппын, неге өспедім, неге жоғарыламадым, неге биіктемедім деп армандамаппын. Қызмет –қайда да қызмет! Оның, біле-білгенге үлкен-кішісі болмайды, тек үлкен қызметті кішірейтіп жіберетіндер, сосын кішкене қызметтің өзін асқақтата алатындар болады – осыған шын көзім жетті! 

Соңғы он-он бес жылда «неге талпынбайсың, неге жоғары жаққа сұранбайсың, оның жолын білесің ғой, сенен де қабілет-қарымы аса қоймағандар барып жатыр ғой» деушілер көп болды – оларға да күліп қана жауап бердім. Қысқасы, өзімді тым жоғары ұстап, паң сезінбеуге тырыстым, бетегеден биік, жусаннан аласа болсам жарады деп ойладым. Осындайда әркез орыс ағайындар айтатын «ну и дурак» деген кекесінді мысқыл да ой түкпірінде тырналап тұрушы еді – ондайға да дес бермедім! 

Қайдан оқығаным есімде жоқ, әйтеуір «қызмет – әлсіздерге ғана қалқан бола алады» деген мәтел есімнен шықпаған. Қызмет биігінде отырғанда – арыстан, ал одан кеткен күні... Арғы жағын өзіңіз шамалай бергейсіз! Қызмет жағдайында маған әредік қатая сөйлегендерге, егер оны еститіндей еш кінам болмаса, қасқайдым! Көргенсіздігім емес шығар! Бағамды білген парықты лауазымды кісілерге барынша басымды идім! Құл болмағаным шығар! 

Қысқасы, қызмет баспалдақтарының маған, ал менің оларға инедейін өкпем болмауы тиіс деп ойлаймын. Өз қалауым еді, сол соқпақпен жүріп отырыппын. Ендігі жан серігімдей болып, жанымнан қалмаған екінші жол – әулие әдебиет! 

Осы Алдиярдың алдында, шамамда, әлі де өтелмеген парызым көп сияқты көрінеді де тұрады. Есеп бергелі отырғам жоқ, сөз ретіне қарай айта кетейін. Жазып бітіргенім бір төбе, жаза алмай келе жатқаным екі төбе! Қай кезде де, қандай жағдайда да алдымен ойлағаным –жақсы шығарма жазу болған-ды. Онсыз әдебиет аулында не мән бар? Сосын да әр кітабым шыға сала жалаулатып, тұсаукесер жасап, қырдым-жойдымға баспадым, оқығысы келетіндер өздері іздеп тауып алар деп тежелдім. Әлде бұным да дұрыс емес пе? Бәлкім, тағы да «ну и дурак» болғаным ба? 

Жоқ, шын әдебиет қай заман, қай кезде де күл-қоқыстың арасында қалып қойған емес, елемесе, көкейінде қызғанышы барлар, өтірік көргісі келмейтіндер, әйтпесе жақсы-жаманды саралай алмастар елемес. Абыз уақыт бұны да өз орнына қояды – мен соған барлық уақытта сеніммен қарап, үмітпен ғұмыр кешіп келеді екем!.. 

Айталық, осыдан он үш жыл бұрын «Күлкі мен көз жасы» деген көлемді романымды аяқтадым, оқыған үлкен-кіші қаламгерлер жақсы екенін айтты, тіпті мемсыйлыққа да қолпаштап ұсындырып жіберді, нәтижесінде «жығылдық»! Сыйлық алмады деді ме, содан былай қарай бірде-бір әдебиетші бұл шығарма турасында ләм демеді – не деуге болады? 

Жә, оны қоя тұралық, соңғы он жыл шамасында қазақ әдебиеті үшін жаңалық па, білмедім, көлемі барынша қысқа үш-төрт роман жазыппыз – әредік сөз арасында аталғаны болмаса, олар жайлы да «тынышпыз»! Тіпті, кейде «осы менің жазғаным түкке алғысыз шығар» деген кермек ойға табан тіреп, әлем әдебиетінде мақталып жүрген француз, жапон және басқа елдердің осындай шағын көлемді романдарын парақтаймын – асып бара жатқанын байқай алмадым. 

Драматургияға да біраз алтын уақытымды бөліп, әрине, қызметтен қол қалт еткенде, тарихи және заманауи пьесалар да жазыппыз. Бірі сәтті, бірі сәтсіздеу шыққан шығар – оны кесіп-пішіп айта алмаймын. Басқасын былай қойып, өткен жылы ғана көп жыл дерек жинап, арам тер болып жазып шыққан тарихи драмамды – Әбу Насыр Әл-Фараби туралы дүниемді екі –үш «мықтының» саралауына ұсынып ем, қабақ түйе «іреп» тастады, іліп алар жерін қалдырмады, ішімді тарттым. 

Содан отырып алып оңаша ойланбаймын ба – неге сонша шүйлікті деп! Сөйтсем, үлкен сүріну емес, аз-кем уақыт бөлсең, кей жерлерін қайта қарасаң, жайнап шыға келмекші екен. Қазақпыз дейміз, бауырмыз дейміз, ай, сол «бауырлықтың» түрі осылай болса, онда бізге ілгерілеу жоқ! 

Еске түседі, марқұм ағамыз Шерхан Мұртаза бір әдеби бәйгені қорытындылап отырып, әлдебір шығармаға жүлде беру керектігін қадап айта келіп, аяғында «кей жерлерінде қарап, ұштап жіберетін тұстары бар» деген-ді. Әуелде онда сыйлықты неге береміз деушілер болса да, артынан ойласақ, бұл қаламгерді қайрау, тағы да еңбек етуге жігерлендіру екен ғой. Сын деген керек зат, өзіміз де кезінде сын жазғанбыз, сосын бір ағамыздың «бүйтіп ақыл айта бергенше, өзің неге жазып көрсетпейсің» деген қатқылдау сөзінен соң үстелге отырып ек! 

Бірақ, біз сынды бұлай айтпадық , жақсысы мен жаманын салмақтай отырып, таразыладық, қаламгердің еңбегі мен талабына құрметпен қарадық – әлде біздікі дұрыс болмады ма? Бастан бір-ақ ұрып, есеңгіретіп тастай беруіміз керек пе еді! Меніңше, біз осындай керкетпе сынның қақпасын айқара ашып тастап, ұлт әдебиетінің обалын арқалай бастадық білем! Осылай жалғаса берсе, алдағы уақытта драма жазатындар мүлде азайып, тіпті жазбай қоюы да бек мүмкін! 

Кез-келген жаңадан жазылған дүниеден «шедевр» іздейміз – қай қаламгердің де бар шығармасы емес, бір шығармасы ғана «шедевр»! Кез-келген мықты деген драматургіңіздің де бар дүниесі «шедевр» болмайды, бірен-сараны ғана...Рас, келісетін бір шындық, жаңа ғасырда аса үздік туындылар өте аз туып жатыр – алайда оның да мың-сан себебі де бар! Қазір қанша талантты болса да, кез-келген қаламгердің қыбын тауып, сен өзіңді қамшылауың керек, жазуға отыруың керек деп «басынан сипаламасаң», онсыз да «қашайын деп тұрған киік»! 

Қаламақысы да, қадірі де қашқан, одан да қиыны - абыройы әлдеқашан «тобыққа» түсіп кеткен жазушылық-драматургтік шаруа кімге қызық? Біз үшін осы күні жас буын қаламгерлерді жаңаша ойлау мен жазуға тәрбиелеу ісі күн тәртібінде мықтап тұр дей бастасақ, тағы да кертартар топ «талант туады, оны қолдан жасай алмайсың» деп кергиді! Жарайды, оны да күттік ендеше! 

Е-е, мен өзі зейнет жасына жете алмай жүр екем де! Бар сыр-ойымды лақылдата төгіп айттым білем! Өз жайыма оралсам, тағы да шегелейін – қызметте болмасын, көркем әдебиетте болмасын, көлеңке іздегем жоқ, жайлы жерге ұмтылғам жоқ, бірақ әнебір жастау кезімізде, ара-тұра болса да «еңбегің бар екен» деп маңдайымнан сыйпайтын мейірім жүректі аңсап күткенім де ақиқат! Қайрау деген, тәйірі, сол болар-ақ! Оның да бағы баяғыдан тая бастапты-ау, қайтейік.

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...