Рахымжан Отарбаев әңгімелеріндегі қазақ және жаһандану

ӘДЕБИЕТ
9064

Қоғамдық процестер ауысып, құндылықтар өзгерген 90-жылдарда әдеби өмірдің де қалыптасқан жүйесі бастан-аяқ өзгеріске ұшырағаны белгілі. Қолына қауырсын қалам ұстаған қаламгерін жаңа заман құшақ жайып қарсы алмады. Әдебиет әлемінің құпияға толы есігін ентелей ашқан жас таланттар үшін бұл өтпелі шақ тіпті де оңай тимегені анық.

Сол таланттардың ішінде Рахымжан Отарбаев та бар еді. 

Жазушының кейін баспасөзге берген сұхбатында:

«Шынын айту керек, жалпы, біз жаңа қоғамға дайын емес едік. Қай жағынан алып қарасаңыз да... шығармашылықта да, тұрмыста да абдырап қалдық. Кешегі ұлттық құндылықтар көз алдыңда арзандап жатты. Кешегі жілігі татымайды дегеннің бағасы аспандап жатты. Лай су тұнбай қойды. Кімнің кейіпкер боларын білмедік. Бір қарасаң, бәрі де жақсы секілді. Еркіндік бар, қаламыңа қарауыл қойып, сияңа сырсыз бояуды құйып отырған ешкім жоқ. Бірақ шектен тыс еркіндік – шексіз жалғыздықты сыйлайды екен. Қолына қалам алғандардың бәрі сол жалғыздықтың шыңырауына үңіліп, өзімен өзі болды да, жан-жағыңа қарап, нені жазарын, қалай жазарын білмей аңтарылды», - деп ағынан жарылады. («Қала мен дала», 4.08.2011).

Өлара шақта әдебиетке еніп, өз үнін, өз мінезін қайсарлықпен мойындатқан Рахымжан Отарбаев прозада да, драматургияда да маңдай тері сорғалап жүріп еңбек етті, артында сүйекті дүниелерін қалдырды. 

Кешегі тарихты да, бүгінгі  тағдырлы заманды да тақырып етті.

Барлығының идеясы ортақ – қазақ елінің болашағы, жаңа заман көшіне енді ілесе бастаған қазақтың ел қатарына қосылуы, санасы өсіп, болмысының жаңғыруы.

Ол қазағын жан-тәнімен сүйді. 

Рахаң  – сөздің жілігін шағып, майын ішкен асқан шешен һәм ой бағбаны, жан зерттеушісі, өрнекті сөздің зергері еді. 

Жан шуағы төгіліп тұратын жазушы шығармаларынан басы артық деталь, орнын таппай жетімсіреген сөз таппайсың. 

Кейіпкерлері – жетпіс жыл бодандықта күн кешсе де, отаршыл орыс идеологиясы өз діліне икемдей алмаған, мінез-болмысы мен сөз саптауынан ұлттық ерекшеліктер менмұндалап тұратын,  құбыла соққан замана желі бойынан ұлы рухты жоя алмаған батыс өңірінің қазағы.

Көркіне таңдай қағуға болатын әдемі сөз орамдары, қазақы әзілдер мен сәтті юмор Рахаң шығармаларына тән. 

Рухы бас көтере алмаған қалпы айдалаға маңып бара жатқан жанашыры жоқ аз қазақтың жаһандану өркениетінің қармағына шабақтай ілініп жатқан сәтін астарында ашу-ыза жасырынған күлкі арқылы суреттеп береді. Рахаң юморы мен ащы сатирасының астарында жаңа заман қазағының үлкен трагедиясы жатыр.

Рахымжан Отарбаев прозасының басты тақырыбы – қазақ және жаһандану.

Ол қай жаһандану десеңіз:

Ауыл қазағын тамырынан жұлып алып, урбанизация көшіне ілесуге мәжбүрлеген; «бақыттың кілті – байлықта» деп, ә дегеннен ала қап арқалатып, ақшаның соңына түсірген; «жан тыныштығы – жалғыздықта» деп, ағайыннан ірге ажыратқан жаһандану болатын. 

Егер кейіпкері қалаға келіп, алаяққа алданып, жезөкшеге айналып жатса, оған қазақы риясыз тазалығы кінәлі. 

Мұнай-байлығын шетелдік инвесторлар иемденіп кетіп жатса, баладай аңқаулығы, қарымы жоқ ашықауыздығы кінәлі.

Өтпелі кезең шындығы боямасыз суреттелген шығармаларының өткір  идеясы оқырманға ой салады, жан жарасын ашып, бейғамдықты түртіп оятады.

Жазушы кешегі кеңестік жүйеден ірге ажырата сала, еркінен тыс постмодернистік өркениеттің құтырған қара дауылына тап болған қазақтың бір тұзақтан босап, екінші бір тұзаққа түскен халін ашып көрсетеді. Ұлттық  болмысын сақтап қалу жолында алда әлі талай сынақтың күтіп тұрғанын ымдайды.


«Американың ұлттық байлығы»: Қапар неге жылады?

Дүниенің ана шетіндегі Америка кенет барлық құдірет-күшін айдалада аң аулап күн көрген Қапарға бағыттап, кенеттен байғұстың есін алғаны несі?

Вертолеттің даусын естігендей болғанда: «біткен жерім осы», - деп ойлайды.

Көзінен екі тамшы жас езіліп түседі. 

Вертолетпен келіп ұстап әкететіндей, Американың Қапарда не өші кетіп еді?

Рахымжан Отарбаевтың «Американың ұлттық байлығы» әңгімесінің локациясы – тұмса табиғат құшағы, шексіз дала. 

Мұндай тазалықты еуропа модернистерінің өзі аңсап, «тасбақаның қабы» деп ат қойған сәулетті тас үйлерден «безініп», қанша жұлқынса да қол жеткізе алмаған. Адамзат рухына төнген қауіп көріп, Ги де Мопассан Парижді тастап қашқанымен, Эйфель мұнарасы өз құрылысын тоқтатқан жоқ қой, қайта бұл күні атақ-дабысы дүниенің төрт бұрышына түгел жеткен.  Индустриализмді интеллектуалды технология алмастырған мына ғасыр қыбыр еткен тіршілік иесінің қадамын қалт жібермей қадағалай алатын мүмкіншілігі бары рас. 

Егер дәл осы нәрсе қарапайым сана иесінің үрейін ұшырып, жанынан бездірсе, шыныда да, астарында үлкен қауіптің жатқаны жалған болмас. 

Қапардың әкесі – даладағы аңды қорасындағы малдай көріп, желдей еркін ғұмыр кешкен табиғаттың төл перзенті еді. Қарапайым ғана тұрмыс-тіршілігі бар шағын отбасының өмірге көңілі толық-тын: «Осы заманда қай қазақ қазан қақпағын булап, жас етті күн сайын жеп отыр ғой дейсің? Ырысы алысқа шашыраған мына біз шығармыз», - деп, қайта «қуаты жоқ көк қыртылдақ, қызыл шылқылдақпен күнелтіп, тісінің суын сорып, шықылықтап» отырған ойдағы елге жаны ашып отыратын.  

«Қасқырдың бөлтірігін алмас бұрын арланы мен қаншығын құрт. Әйтпесе, аяқ жетер жердегі малшыларды ұлардай шулатып бітеді...», - деуі, әкесінің  табиғат мектебінен өткен, дала философиясын меңгерген толық адам екенін дәлелдейтіндей.

Даланың бөлінбес бір бөлшегі – табиғатпен тел жаратылған аңшы шал өркениеттен өмірі ештеме дәметпеген. 

Бірақ бір аңшы дала безді екен деп, үкімет оны тізімнен сызып тастасын ба, жалғыз ұлы Қапар әскер қатарына шақырту алып, екі жыл борышын өтеп қайтқан.

Кейіпкер әрекетін күлкімен көміп отыруды ұнататын Рахаң үйіне келген соң, әскер киімін төрт-бес ай шешпей жүріп алған Қапар бейнесін юмор арқылы керемет ашып береді: қылшылдаған жас жігіт бойындағы аңғалдық, аңқаулық оның барлық әрекетінен анық көрінген.

Әке-шешесі әлдеқашан дүниеден озып, ендігі үйлі, балалы-шағалы болып отырса да, сол аңғалдығы бойынан қалмағаны білінеді. 

Радиодан немесе ел аузынан естіген әңгімелері болмаса, алыс түкпірдегі Қапар әлемінің үлкен дүниемен әкетіп бара жатқан байланысы да жоқ. 

Сондықтан, мына дүние өзгерсе өзгеріп жатқан шығар, бірақ Қапар тіршілігінің өткен ғасырдан көп өзгере қойғаны шамалы, пеш жанында тұрған пілте шам соның куәсі.

Пілте шамды тұтатқан кезде «көлеңке ыдырап, үйдің төрт бұрышына тығылды», - деген көркем тіркес әңгіме басындағы табиғат пен адам идилиясына көп ұзамай бір кеселдің келетінінен хабар беретіндей.

Жаңағы көлеңке кенет үйдің төрт бұрышынан Қапардың өзіне лап қойып, ішіне кіріп алатын қорқыныш-үрейдің метафорасы сияқты.

Сонымен , Қапардың тып-тыныш тірлігі неліктен кенет алақұйын болды?

Енді соған келейік.

Әке мылтығына ие болып қалған Қапар бір жолы аңда жүріп, тайынша қамаған шиебөрілерді көрген. Атып алған бір-екеуінің терісі әйелі мен балдызына жаға болып, сонымен ол оқиға тәмам болғандай еді. Артынан білгендей, шиебөрі деген – «Американың ұлттық байлығы» екен, оны Қапар қайдан біліпті?

Әлқисса, мәселе мәнін ашпас бұрын мұндағы бір ерекшелікті ескере кетейік.

«Табиғат – ой-сана полигоны» деген модернист  Уго Перси табиғаттың да өзіндік интеллектісі болатынын айтады. Кірге батқан мына дүниеден бойын ала қашқан модернистер тазалықты тек табиғаттан тапты. 

Уго Перси табиғат интеллектісі туралы шабыттана жазады, сонымен бірге, оның ойынша, табиғат энергиясының да жасандылықтан ада, керемет эмоциялар тудыра алатын ғажайыбы бар екенін жоққа шығармайды.

Философтың бұл тұжырымы көшпенді ұрпағына жат емес, қайта етене жақын.

Рахаң кейіпкерлерінің бойынан көрінетін кіршіксіз тазалық бастауында да көк пен жер арасындағы қиырсыз маң дала жатыр. 

Қапар әйелінің алыс ағайыны болып келетін Жетес қанша жерден білімге құштар, талабы таудай болса да, оның да ой-санасының негізі – табиғат, өзі өскен шетсіз-шексіз маңқиған дала. Сондықтан өркениет жақтан келіп жататын ақпаратты ол өзінше қабылдайды я түсінбеген жерлерін ой-қиялымен дамытып, өзінше қорытынды жасап алатыны тағы бар. 

Осы Жетестің «білімділігіне» тәнті емес жан баласы жоқ. «Заржақ неменің білмейтін сұмдығы жер астында» деп, таңдай қағысады.

Қайта құру кезінде «Қайта құру жасасын! Горбачев жасасын!», - деп ала қырды ат терлетіп шауып, жұрттың зықысын алып жүретін Жетестің әпенді әрекетін автор: «Мал баққан момын жұрт тап бір «Жасамасын!» деп қарсыласып жатқандай», - деп, оның әуре-сарсаң күйін күлкімен қағытады.

Жетес образы күлкі-әжуамен жедел динамикада дамиды.

«Раиса өзіміздің қыз ғой, татар ғой. Байына билік бермеді. Күйеу бала ынжық екен. Арандап қалды...» - деп, жиынды жерде желдей есіп отыратын да Жетес.

Елциннің «ішкені ұнамайды, бетіммен жер басып біттім», - деп жүріп, бір күні ол да орнынан кеткенде, аңқау жұрт құдды мұқым Президентті Жетес орнынан алып тастап жүргендей көреді.

Қапарға: «Шибөріні атқаның – қылмыс, ол – Американың ұлттық байлығы», - деп, көңіліне қорқыныш шоғын салған да осы Жетес.

Оның айтуынша, жер бетінен тұқымы құри бастаған шибөріні көбейту үшін Америка арнайы Азия мен Африкаға жіберген екен. 

Әлемде болып жатқан алашапқынның бәрін осы шибөрінің айналасына әкеліп тоғыстырған Жетес фантазиясы таң қалдырмай һәм езу тарттырмай қоймайды. 

Онда дәлел де, дәйек те бар: «Осыдан он жыл бұрын осы жерден қарсақ, түлкіден өзге мақұлық көріп пе ең, айтшы? Ендеше, үйір-үйір боп шәуілдеген қалпы аспаннан түсе қалмаған шығар?», - десе, оған аңқау Қапар имандай сенеді.

Америка, Еуропаның дамыған елдері экология проблемасын жолға қойғаны, көпшілігінің аң терісінен тон киюден бас тартып жатқаны рас, алайда, Жетес  мұны өз фантазиясына икемдеп, ойша иін қандырып алған. 

«Сонда ол жазғандардың шибөріден басқа байлығы құрып қалып па?» - деп шошыған Қапарға: «Олар тіпті шырылдаған шегірткені де ұлттық байлық көреді. Ілеуде біреу құндыз бөрік киіп, түлкі жаға салып, тайраңдап жүргендерді көрсе бітті, табан астында сотқа сүйрейді», - деп, қара аспанды төндіре түседі. Жетесті тыңдай берсең, Африка тайпаларының көсемі қолына кісен салынып жатқаны да, Саддам Хуссейн билігіның құлағаны да, бәрі  шибөріге тигені үшін Американың тарттырған жазасы.

«Қалың жыныс ішінде, әр шоқалдың түбінде өріп жүрген мақұлықтың есебін айдалада отырып қайдан білген?», - десе: «Космостан! Сенің башпайыңды қимылдатқаныңа дейін космостан көріп тұр!» - деп өзеурейді. 

«Жалғыз вертолетпен келеді де, «давай, Қапар, киін! Шибөрінің шын иесі кім екенін білмей жүр екенсің, Қарабаевіш. Ток беретін столға таңайық. Тірідей үйтіліп қал!» - дейтінін қайтерсің.

Жазушы үрей, қорқыныштың көңілдегі балалауын, кейіпкердің психологиялық күйзелісін дамыта, шебер суреттейді. 

Қалада жүрген балдызының шибөрі жағасын шетелдіктер көріп қоймады ма екен деп бір қуыстанса,шибөріні атардың алдында мақұлықтың өзіне именбей қараған қарасын да, тері алатын агенттің шибөрі терісін алмай қашқақтауының себебін де Жетестің айтқандарымен байланыстырады. 

Ақыры, жоқ вертолеттің даусын ести бастауы психологиялық күйзелістің әбден асқынған тұсы – оқиғаның шарықтау шегіне жеткен жері.

Көзінен екі тамшының езіліп түсетіні де осы кез. 

«Аллам-ау, шәуілдеген жаман шибөрі Американың ұлттық байлығы болсын. Мен сонда Қазақстанның кімімін? Өкпесіне тебер өгейімін бе? Бұ дүниеде жиғаным, о дүниеде иманым бұйырмай кететіндей, сұрауым жоқ па? Оң қол қиянатқа жүгірсе, сол қол арашаға ұмтылмас па? Бұл ел ме? Әлде ашық-тесік жатқан малқора ма?» - деген аңшының ақырғы монологынан қазіргі қоғамның бір үлкен трагедиясы айнадағыдай көрініс беретіндей. 

Рахымжан Отарбаевтың бұл әңгімесі – ел санасын улайтын ашық-шашық ақпараттар мен нәпсі қоздырғыш, қылмысқа итергіш бейнежазбалардың әлеуметтік желілерде жүйесіз таратылуының соңы ұлт психологиясына қалай әсер етіп жатқандығын дәл айқындап беріп тұрған шығарма.

Анар Қабдуллина

author

Анар Кабдуллина

СЫНШЫ

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...