Парижде қазақ әдебиетінің қос антологиясын француз тіліне аудару, басып шығару мен тарату жұмыс...
Антон Чехов. Орден (әңгіме)
Әңгіменің түпнұсқасы
Аударған Р.Ахмедов
Әскери прогимназияның мұғалімі, коллежский регистратор Лев Пустяков өзінің досы поручик Леденцовпен көрші тұратын. Жаңа жыл күні таңертең сол көршісіне барды. Дағды бойынша поручикті жаңа жылмен құттықтағаннан кейін:
─ Мынадай бір шаруа болып тұр, Гриша, - деді ол - Өте қарыздар болмасам, мазаламас та едім ғой. Бүгінге ғана маған «Станиславыңды» бере тұршы, қалқам. Спичкин көпестің түскі тамағына барушы ем. Ол итті өзің де білесің ғой, орденді көрсе өледі, мойнында не өңірінде бірдеңе салбырап тұрмаған адамды кісі есебіне алмайды. Оның үстіне байдың екі қызы бар... Настя, білесің ғой, және Зина... Саған досым деп айтып жатқаным ғой... Өзің де түсініп тұрған боларсың, сүйікті досым. Бір жақсылық етіп, орденіңді бере тұршы!
Осының бәрін Пустяков тілі күрмеле, есік жаққа жалтақтай қарап, қысыла тұрып айтты. Поручик әуелі оны сөккенімен, ақыры көнді. Күндізгі сағат екіде Пустяков арбакештің арбасында, ішігінің өңірін сәл қайырып тастап, омырауына қарағыштап, Спичкиннің үйіне қарай келе жатты. Алтынын жалтылдатып, құбылтып, омырауына таққаны біреудің "Станиславы".
"Тіпті, мерейің тасиды екен ғой өзі! - деді ішінен мұғалім, тамағын кенеп қойып. - Сәл-ақ зат, коп болса бес сом тұратын шығар, ал құдіреті қандай зор өзінің!"
Спичкиннің үйіне жеткен соң ішігінің өңірін ашып жіберіп, арбакештің ақысын асықпай төледі. Өз байқауынша, мұның погондарын, түймелерін, "Станиславын" көргенде арбакештің есі шығып кетті. Пустяков кісімси қақырынып, үйге кірді. Алдыңғы бөлмеде ішігін шешіп жатып залға көз тастап еді, ұзын үстелде айнала он бес шақты адам тамақтанып жатыр екен. Солардың өзара сөйлескен дауыстары, ыдыс-аяқтардың сылдыры естіледі. Үй иесінің:
─ Ол кім қоңырау қаққан? - деген дауысы шықты, - Уа, Лев Николаевич! Рахым етіңіз. Сәл кешіктіңіз, дегенмен оқасы жоқ, тамақты енді ғана алдымызға алып жатыр едік.
Пустяков төсін керіп, басын жоғары ұстап, екі қолын уқаластыра, залға кіріп келді. Бірақ кірген бетінде-ақ құты қашты. Үстел жанында, Зинамен қатар француз тілінің мұғалімі Трамблян отыр екен. Французға орденін көрсетсе, толып жатқан қолайсыз сұраулар туып кететінін, өмір бақи масқара болып, абыройы төгілетінін бірден білді. Ең әуелі Пустяковке, орденді жұлып алып, қаша жөнелсем бе екен деген ой келген еді, бірақ орден мықтап-ақ қадалған екен және қашудың да реті жоқ. Сонан ол оң қолымен омырауындағы орденді басты да, бүкшиіп, отырған жұрттың бәріне қолапайсыздау түрде тағзым етіп, ешкімге де қолын берместен, өзі қызметтес француздың таң қарсысындағы бос орындыққа барып отырды.
Спичкин оның қысылып отырған түріне қарап ішіп келген - ау, сірә, деп қойды.
Пустяковтің алдына бір тәрелке сорпа келді. Сонсоң ол қасықты сол қолымен алды да, бірақ сыпайылардың арасында тамақты сол қолмен ішу ерсі екені ойына түсіп, әлгіде ғана тамақтанып келгенін, енді оған зауқы жоқ екенін білдірді.
─ Жаңа ғана ішіп шығып ем... Мерси - с... - деді ол міңгірлеп. - Ағамның үйіне, протоиерей Елеевтікіне сәлем бергелі барып ем... не ет деп... тамаққа қара деп болмағаны.
Қарыны ашып келген Пустяковтің іші иттей ұлып, тұла бойын ашу-ыза кернеді, өйткені сорпаның дәмді иісі мұрынын жарып барады, буға піскен бекіренің де буы бұрқырап тұр. Мұғалім оң қолын босатып алып, орденді сол қолымен басайын деп еді, бірақ ол, тіпті, ыңғайсыз екен.
"Сезіліп қалар... Ән салғалы тұрған адамдай, қолымды төсіме айқара созғаным болмас.
Құдай-ай, ас тезірек ішіліп бітсе екен! Трактирге барып - ақ тамақтанар ем!" - дейді ішінен.
Жұрт тартылған үшінші табақты қайтарған кезде ол ептеп қана французға көз қиығын тастап қойды. Трамблян да әлденеге қатты қысылып, ол да бұған қарап, ештеңе демей отыр екен. Біріне-бірі қарап алғаннан кейін екеуі бұрынғысынан бетер абыржып, көздерін алдарындағы бос тәрелкелеріне аударды.
─ Байқап қалды, залым! - деді ішінен Пустяков. - Байқап қалғанын түрінен танып отырмын. Бұл өзі өсекші ит еді. Ертең-ақ директорға жеткізеді!Үй иесі мен қонақтар төртінші тартылған табақты да жеп қайтарды, бұйырған ризық болған соң бесіншісін де тауысты...
Сол кезде ұзын бойлы, едірейген танауының ішін жүн басқан орақ мұрынды, жаратылысынан көзі сығырайған біреу орнынан тұрды. Басын бір сипап қойып:
─ Э-а-э... эм... эм... э... мынаны осында отырған ханымдардың гүлдене берулері үшін ішіп қоялық! - деді.
Тамақта отырғандардың барлығы да жапырлай тұрып, бокалдарын көтерді. Даурыға шыққан "ура" үйдің барлық бөлмелеріне жетті. Ханымдар езу тарта күлісіп, бокалдарын соғыстыра бастады. Пустяков та орнынан тұрып, рюмкасын сол қолына алды.
Сол кезде еркектердің бірі:
─ Лев Николаевич! Қиын да болса, мына бокалды Настасья Тимофеевнаға әперіп жіберіңізші. Ішкізбей қоймаңыз өзіне! - деді бокалды ұсынып.
Бұл жолы Пустяков қаншама қысылғанымен он қолын жұмсауға мәжбүр болды. Қызыл таспасы жиырылып қалған "Станиславы" енді ғана жарық көріп, жарқырай қалды. Мұғалімнің жүзі бозарып кетті, басын төмен салбыратқан күйі, француз жаққа тайсала көз тастап еді. Ол бұған: "Ау солай ма еді!" дегендей таңырқай қарап тұр екен. Жымия күліп, жүзінің қысылған түрі тарқап барады екен...
─ Юлий Августович! - деді сол кезде үй иесі француз қарап - Мына бокалды иесіне әперіп жіберіңізші!
Трамблян бокалға оң қолын батылсыздау созған кезде... О, бақыт шіркінді қойсайшы! Пустяковтің көзі фраңцуздың омырауындағы орденді шалып қалды. Оның ордені "Станислав" емес, тіпті Аннаның өзі екен! Демек, француз да жұртты алдап отыр екен ғой! Пустяков қуанғанынан мәз болып күліп жіберді де, орнына шалқая отыра кетті. Енді "Станиславты" жасырудың қажеті болмай қалды! Екеуінің де айыбы бірдей, сондықтан ешкім де бастықтарға жеткізіп, абыройын төкпейді...
Мұғалімнің төсіндегі орденді көріп Спичкин:
─ А-а-а... Ым!.. - дей бергенде Пустяков сөйлеп кетті.
─ И-ә!- деді ол. - Тіпті, ғажап емес пе, Юлий Августович! Мерекелердің алдында марапатқа, тіпті, аз адам ұсынылған екен ғой. Біздегі сонша халықтың ішінен сіз екеуіміз ғана алыппыз! Тіпті, ғажап!
Трамблян басын көңілдене шұлғып, үшінші дәрежелі Анна жарасып қалған сол жақ өңірін ілгері ұмтылдыра түсті.
Астан кейін Пустяков барлық бөлмелерді аралап, бикештерге орденін көрсетті. Қарыны ашып, ішін жылан жалап бара жатса да өзін көңілді, еркін ұстады.
Спичкинмен ордендер жайында әңгімелесіп тұрған Трамблянға күндей қарап қойып: "Әттеген-ай, мұны білгенде "Владимирді" тағып келетін едім ғой. Қап, білмей ұрылып қалғанымды - ай!" - деп өкінді ішінен.
Оны тек осы ой ғана қинады. Ал басқа жағынан ол толық бақытты еді.
1884