Жақсылық Самитұлы. Әнші қыздың бір құпиясы (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2847
Жақсылық СамитұлыБіз ол екеуізіміз бұрыннан жақсы дос едік. Пәлендей құпия сырымыз болмағанымен, елден бөлектене қалып, көрмәзірет бірдеңелерді оңаша отырып сөйлесуге құштар болатынбыз. Кейде тіпті үйде әңгімелескенге місе тұтпай далада, бақшада немесе ел көп кірмейтін кофеханаларда, сыраханаларда сөйлесуді жақсы көретінбіз. Сөзімізде елден жасырып, қызғана қоярлық та ештеңе жоқ еді. Көбінде өлең жөнінде, шығарма жөнінде сөйлесетінбіз. Ара – тұра, қыз – келіншектер туралы боз балалық жайындағы әңгімелерді де оңаша ғана, ортақ тілмен құпиялап, сөйлесуге бейімделіп, аңсары ауып тұрудың өзі шынайы достарда ғана кезігетін жалпылама бір әдет сияқты.Бұл жолы біз Үрімжіде тағы кездесіп қалдық. Менен гөрі оның уақыты аз, жұмысы да қарбалас еді. Бір жиыннан соң тағы бір жиын араласып, мұрынына су жетпей жүр екен. Бірақ мені көрген соң ол тағы да қышынып, үзіп – жұлып жүріп біраз уақыт та шығарып алды. Кезікпеген бір неше айдан бергі бастан кешкендерімізді ортаға салып, шер құмардан шығып бір жырғап қалдық.

-Кейде адам көңілінде жүрген бір сырын, қуанышын ақтаруға да адам таба алмай ішқұста болып кетеді екен. Айтпайын десең, ішің толып, жүрегің қарадай күпті болып, көңілің алабұртады да тұрады. Айтайын десең, өзіңді түсінетін адам кезіге бермейді. Жақында ауылдарыңа барғанда сенің жоқ болып қалғаныңа қатты өкіндім. Көзіме ешкім көрінбегендей, құлазып көңілсіз қайттым. Дүниеде жалғыздық деген қиын екен. Тіпті анау қызға да бір тілдесе алмай кеттім, – деді ол мұңын шағып.

Бұл оның бір құпиясы еді. Құпия болғанда да үш – ақ адамның арасындағы сыр болатын.

Осыдан бір жыл бұрын біз Пекинге барғанбыз. Сәті түскенде біз екеуіміз тағы бірге барыппыз. Барғанымыз бір жиын. Екеуіміз тағы да бір бөлмеге орналастық.

Бір күні мен сол арада оқып жатқан бір қызға телефон беріп, үйінің берген сәлемдемесін алып қайтуын құлақ қағыс еттім. Түскі демалыс кезінде ол біздің бөлмеге келді.

- Танысасыңдар ма? Пәленпай деген ақын ағаң осы,- дедім қызға алдымен досымның жөнін айтып. Одан соң мына қаздың біздің ауылдас екенін, осында оқып жатқанын, биыл университет бітіргелі жүрген жайын баяндадым.
Бірақ менің бұл таныстыруым күлкілі болып шықты.

- Бұл ағайды мен танимын. Бірақ, бұл кісілер бізді танымайтын болу керек, – деді қыз жерге қарай отырып, сыпайы ғана.
- Жоқ, бұл бикешті мен де танимын, – деді досым, – Алдыңғы жылы ауылдарыңа барғанда бір үйде қонақта бірге болғанбыз.
- Онда мен сендерді бостан – босқа таныстырып отырған болдым ғой, – дедім мен күліп.
- Сол жолы бұл бикеш ән айтқан. Әнді тамаша айтатын қыз екен. Мен де ерекше қызығып тыңдап едім, – деді досым.
- Соңғы сөзіңіз әнтек артықтау болып кетті ғой деймін, ағай, – деді қыз кенеттен өжеттене түсіп, – Ән айтқаным рас. Бірақ, мен ән айтып отырғанда сіз елең етіп те қойған жоқсыз. Басқалармен сөйлесіп отырғансыз. Сонда мен қалай екен, қарадай жәбірленіп, жылағым келіп кетен.

Досым қарқылдап күліп жіберді.

- Олай емес, мен көріністе басқалармен сөйлесіп отырған сияқты болғаныммен, есі дертім сенің әніңде отырған, – деді ақталып.
- Жоқ, оныңызға сенбеймін, – деді қыз басын шайқап, – Сіз әуелі құлақ та қойған жоқсыз.

Досым таласқан жоқ. Орнынан тұрды да, сумкасын ақтарып, көкшіл тысты естелік естелік дәптерін алып шықты.
- Адамша айтып отырған сөзге сенбеген деген қорлық екен ғой, – деп қойды қалжыңдап, – Сол күні мен қонақ үйге бара салып, “Әнші қызға” деген өлең де жазғамын. Сенбесеңдер міне, сондағы ай – күнімен жазулы тұрмай ма?

Біз екеуіміз де дәптерге үңілдік. Шынында да дәптерде “әнші қызға” деген өлең бар болып шықты. Аяғына: 1985 жыл, тамыздың он төрті деп жазып қойыпты.
Бұл таласта ол жеңген болып шықты. Біз қыз екеуіміз де шегініп орнымызға келіп, үндемей отырып қалдық.

- Ал енді осы өлеңді естиік, оқып жібер, – дедім мен досыма қолқа салып. Досым басқа ақындар сияқты демікпе, желікпелігі жоқ, ұяң да тартыншақ, кішіпейіл жігіт еді.
- Онша жақсы өлең емес, – деді қып – қызыл болып кетіп, – Оқымай – ақ қойсам да болар.
- Оқымайтын өлеңді неге жазасың? – дедім мен бой бермей өркөкіректеп.

Бағанадан анда – санда көзінің астымен қарап қана қойғаны болмаса, үнсіз тұқрып отырып қалған қыз да осы арада мені қолдай кетті.

- Оқыңыз, естиік, – деп күбір етті ақырын ғана. Өзі туралы басқалардың не дейтінін білуге кімде – кім қашаннан құмар ғой. Досым тағы біраз қипыжықтап, дәптерінің басқа беттерін аударыстырып, бір талай отырды да:
- Басқа бір өлең оқып берейін. “тау” деген өлең, – деді дәптер ұстаған қолын жоғары көтере беріп, оқуға дайындала бастады.
- Жо, болмайды. Алдымен жаңағы өлеңді оқы, әйтпесе андағыңды тыңдамаймыз, – дедім тағы кйіп әкетіп.

Қыз үндеген жоқ. Тырнағының көбесін шұқылап отыра берді. Бұл жолы мен жеңдім. Ақын досым “әнші қызға” деген өлеңін оқи жөнелді. Ұзақ өлеңнің есімде қалған шумағы мына екеуі ғана:

Бір бақыт жымың етті бал ашқандай,
Бір сәуле қылаң берді таң атқандай.
Айысты ән, сұлу мүсін, әсем тұлға
Ғажап – ақ бір – біріне жарасқандай.
 
Шіркін – ай, бір арманға жетер ме едім,
Жетпесем оған, өмір бекер дедім.
Мен өлең, сен тәтті бір әуен болып,
Бір көмейде қосылып кетер ме едім.

Досым өлең оқып отырғанда мен ұрланып, қыздың қас – қабағын аңдумен болдым. Ол алғашында болымсыз ғана қыбырлап, бір қозғалып қойды да, ұзын қара кірпіктерін аудара ақынға әнтек телміріп отырып барып, қайтадан жерге қарады. Бетінің үшінде ғана болымсыз қызыл бар, жұқалаң өңді, ақ бөрте қыз еді. Бара–бара тұтас өңіне қызыл бір алау жүгіріп, құлағына дейін қызарып кетті. Басын жерге салған қалпы тырнағын шұқылай, кіп – кішкене қызыл күрең кебісінің екі жұлығын қажастырып отырып қалды. Өлең оқып болған кезде де басын көтерген жоқ.

- Қызық адам екенсіз, – деді бәсең үнмен, жерге қарай, мөлиіп отырған қалпы ұяла жымиып, – Өлең дегенді осындай жаза ма екен? – деді тағы да қып–қызыл болып.
- Немене өлеңім ұнамады ма? – деді нәзік жанды ақын да қыздың сөзіне елең етіп, сенер – сенбесін білмей.
Қыз әнтек ойланып отырды да, қулана жымиыңқырап келіп:
- Жаман өлең екен, – деді де күліп жіберіп, шынтақтай қисайып жата кетті.

Осы кезде сырттан мені біру шақыра қалды да, олар екеуі ғана оңаша қалды. Бірер сағаттан кейін мен қайтып келген кезде олар әлі отыр екен. Мен кіріп келгенде қыз өзінен – өзі ұялып, қып – қызыл болып кетті. Баяғы қалпынша тырнағын шұқылап отырып қалды.

Екі – үш күннен кейін үшеуіміз базарға шықтық. Ресторанға кірдік. Менің бір байқағаным әдеттегі кездердегідей емес, досым бұл күні ерекше жомарт еді. Тамақтың неше түрін әкелді. Сыра, сусын дегендерді үстелге толтырып тастады. Ал әлгі бойжеткенім тамақ ішіп отырып та, сусынды жұтып жатып та стаканның үстінен аса қарап, көзінің астымен досыма ұзақ – ұзақ телміріп қалып отырды.

Одан шығып біз магазин араладық. Сол кезде Пекинде жақсы бір галустугтар сатылып жатқан. Аралап жүріп сондай бір галстук сөресінің алдына келіп тұра қалдық.

- Анау галстугті әперіңізші, – дедім мен сатушыға өзім түсін ұнатқан сұрғылт, бөрте галстугті нұсқап. Менің талғамымша мына тұрған галстугтардың ішіндегі ең ұнасымды өңдісі осы секілді болатын. Үшеуіміз оны қолдан – қолға өткізіп көріп жаттық. Осы кезде қыз галстугты қолына алды да екі бүктеп, досымның кеудесіне ұстап көріп тұрып:

- Ағай, мынау сізге керемет жарасады екен. Түу, не деген жақсы болып кеттіңіз. Ана айнаға барыңызшы өзіңіз, сондай тамаша! – деді оны шынтағынан демеп айнаның алдына өзі алып бара жатып. Ол да бүгін ерекше жеңілтек болып кеткен еді.

- Сорлы – ай, мынаны сүйіп қалған – ау, – деп ойладым мен ішімнен, – Бәлкім, әнеугүнгі оқылған лириканың құдіреті болар. Оның үстіне қыз дегеннің өз де лирика ғой. Әрине, нағыз лирика сол. Олардың мөлдіреген көздері де лирика. Сыңғырлаған күлкісі де лирика. Анау талшыбықтай бұралған қыпша белі мен алма мойындары да лирика. Бір ғажабы төрт түлігі сай, тұла бойы лирика бола тұрып, оларға лириканың не қажеті бар екен? 

…Жоқ, шынында олай емес, өздеріндегі қасиеттің бәрі де олар үшін нолге тең. Оларға жігіттердің тұла бойы толған лирика болып көрінер, бәлкім. Домбарауын, тұрпайы, қопал, ора шолақ, батыл жігіт мінезі ғана сол нәзік лирикаға айшықты ажар қоса алады. Махаббаттың бояуы қашан да осы екі түстен құралады. Бірі болмаса бірінің сәні де болмайды.

Бұл арада көп адамдар біле бермейтін тағы бір сиқырлы сыр бар. Қыз жүрегінің қалы өте нәзік екенін елдің бәрі де мөлшерлейді. Бірақ, көзге көрінбейтін, сонша нәзік мыңдаған қылдары, жүздеге пернелері бар екенін түсіне бермейді. Және қыз жүрегінің кілті өрмекшінің торындай осы қалың шытырманның әрі ең нәзік, әрі ең елеусіз біреуінде ғана тұратынын біле алмайды. Мұндайлар сол пернені дәл тауып басып, сол бір ішекті дәл қаға алмайды да, босқа дал болады. Үйткені сол сиқырлы нәзік перне қара күшке де, мансапқа да, атаққа да, бұрқыраған қалың сөзге де дір етпейді. Оңайлықпен үн қоспайды. Білген адамға сол жүректің ең нәзік пернесіне дәл түсетін өте елеусіз де көрнексіз биттей ғана кілт керек. Бәлкім, досымның кешегі өлеңінің қай жерінде екен, кім білсін, сондай бір сиқырлы алтын кілт болса керек. Мұны, әрине, қыз жүрегі ғана сезеді. Бірақ, оны өздері де тілмен айтып бере алмайды…

Осыларды ойлап келе жатып мен өзімнің дәл қазір бұлардың арасында артық бір адам болып қалғанымды сездім. Көңілім де жабырқап енжар тарта бастадым. Тілеуіңді бергір, қалың адам иін тірескен Пекиннің көшесі мұндай да саған ең жақсы көмекші ғой, әлде нелер жөнінде сөйлесіп келе жатқан екеуінің артына іркіле беріп, құмырсқадай құжынаған топтың ішіне кірдім де кеттім. Өздерімен өздері болып келе жатқан олар мені, бәлкім, мен қонақ үйге келіп алғаннан кейін бірақ жоқтаған болса керек.

Сол күні досым қонақ үйге әбден кешке, мен жатып қалғаннан кейін әрең оралды. Келе сала мені жұлқылап оятып:
- Үй, сен қайда кетіп қалдың? Іздемеген жеріміз жоқ, – деді ренжіген болып.
- Ей, қойшы өзің, ұйықтап жатқан кісіні оятып немене? Мазаны алмасаңшы, – дедім мен оны жақтырмай, тыжырына теріс аунап түсіп. “жаның шықсын, қу суайт, менің жоғалып кеткеніме қуанбасаң, ренжіген жоқ шығарсың” – дедім ішімнен күбірлеп.

Досым менің қыржыңдап, тыжырыңдағаныма қарайтын емес. Лепірген көңілін баса алмай, мені тас қып құшақтай алды да, тікенек сақалдарын батрып бетімнен құшырлана сүйіп – сүйіп алды.

- Мен бүгін қандай бақыттымын, білесің бе?! – деді бетімді жыбырлата сыбырлап.

Иә, адамға осындай қуанған кезінде де ішіндегіні ақтарып алатын бір адамың болғаны қандай ғанибет десеңші…
Оның бағанағы айтып отырған “тілдесе алмай кеттім” деген қызы осы болатын. Ол оқу бітірген соң ауылға оралып, қызмет істеп жүрген.
Бұл арада ескерте кететін бір іс: Досымның бірнеше баланың анасы болса да, әлі өңін бере қоймаған, келбетті де маңызды, жақсы әйелі бар еді де, қыздың да жігітің қайсы десе, мынау дейтіндей жігіті бар болатын. Көп адамдар мұны түсінбейді де ғой. Сенсе де алуан түрлі ат тағып сөгетін де шығар. Бірақ, не болса о  болсын, досым да, қыз да бір – біріне шын ғашық еді.
Мен ауылға қайтып келгеннен кейін, досымның сәлемін жеткізгелі әлгі қызды арнайы іздеп бардым.

- Жақыннан бері көрінбедің ғой, – дедім мен оған әншейін.
- Ауылға барып туыстарымды аралап қайттым.
- Жайша ма?

Ол екі беті болымсыз қызара қалды да, күліп жіберді. Тартыныңқырап барып, жасырмай шынын айтты.

- Сіз әлі білмейсіз бе? Біз той жасағалы жатырмыз емес пе? Танысып келдім, – деді тағы да тырнағын шұқылай отырып.
- Ім, солай де, – дедім мен аузыма басқа сөз түспей. Бұл туралы мұнан ары қозғағамын жоқ. Ана–мына жөнінде әрі–бері әңгімелесіп тұрдық.
- Мен жақында ғана бір жыиынға барып келдім, – дедім оған.
- Ол жақтағылар аман ба екен? Ақын ағайға кезіге алмадыңыз ба? – деді ол сөзінің соңын өтірік күлкіге жастаған болып.
- Қызық адам екен өзі. Көптен бері хат та жазбады ғой, – деп ол маған білдірмеген болып, ақырын күрсініп қойды.
- Әнеугүні осында келіп кетіпті. Саған кезіге алмағанына қатты өкініп қайтыпты, – дедім мен досымның шын ниетімен өкініп отырған сондағы бейнесін көз алдыма келтіре тұрып.
- Қашан? – деді қыз маған жалт қарап. Оның жанарында үріккен еліктің лағының көзіндегі сияқты елең еткен бір бейтаныс сәуле бар еді.
- Он тоғызыншы шілдеде шілде қайттым деді ғой.
- Астағыпыралла, не деген қызық адам? Ол кезде мен осындамын ғой, – деді дегбірсіздене, шапшаң – шапшаң сөйлеп.
- Жұмысы да асығыс болған ұқсайды. Қасындағы адамдары да көп екен. Не бәрі екі–үш–ақ күн тұрыпты, – дедім мен досымның сондағы айтқаны бойынша, оны ақтай, жуып–шайған болып.
- Телефон соқса да болмай ма? Мен өзім–ақ іздеп табатын едім ғой.

Мен үндемедім. Қыз да үндемей терезеден алысқа, анау тау басына қарағандай  мелшиіп бір сәт тұрып қалды. Сонан бір заматта ғана:

Ой, Алла, не деген тас бауыр адам өзі, – деді дауысы дірілдей күрсініп.

Бәлкім, көзінен тамып кеткен бір тамшы жасты өзі де байқамаған болса керек.
author

Жақсылық Сәмитұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...