Роза Мұқанова. Мәңгілік бала бейне

ӘДЕБИЕТ
311212

Меңіреу қалпы, дел-сал болып мүлгіген жым-жырт түнді бетке алып, терең сайға шыққан Ләйлә-қыздың жолында қара жамылған әлде бір бейне қараңдап, сусып барады. «Жапан түзде жүрген неғылған жан?» - дейді қыз-көңіл алабұртып. «Мен адамдар әулетінің рухымын», дейді бейтаныс үрейлі үн сонау алыс бір жақтан дауыс салып. Терең сайға бет алған Ләйлә-қыз бұл сәтте беймезгіл рух тұрмақ, адамзат қасиетінің өзіне де сенуден қалған. Тек қана осындай меңіреу түнді, сол түнмен аймаласып, толыңсып тұратын қияқтай әдемі Айды сырлас еткен. Көкірегін кеулеген мұң-арызын осы арада, терең сайда сыбырлайтын. Дөп-дөңгелек Ай толықсып, сүттей аппақ көркімен қара жамылған Қарауылға сән беретін. Кейде үңіліп қарап қалған кіп-кішкентай Ләйла-қызбен, быт-шыл болып айырылып жатқан Қарауылдың жеріне есіркей қадалатын. Біресе осы түнді де, кішкентай ауылды да менсінбей қиғаштай шалқайып керіліп жатып алатын. Бәлкім, сонда үңірейіп, ойылып жатқан жаралы жерге қарап: «Апыр-ай, сенде шынымен-ақ қасиет қалмаған ба? Тозған шүберектей осынша жырым-жырым болдып, не күн туды? Түн ішінде сайға келіп, жасырынған мынау неғылған жан? Он алтыдағы бойжеткен қыздың кейпі ме? Сорлы-ау мәңгі бақи бала кейіпте қалуыңа не себеп болған, бұл азаптың қай түрі?» - деп бұлардың өздеріне кінә артып тұра ма? Әлде Қарауылдың жеріндегі бар сойқанды сезіп, әлдекімдерге көктен аңырап, қарғыс айта ма, әйтеуір, жанындағы жұқалтаң бұлттарға екі бүйрегін кезек тіреп алып, зарлап тұрғандай көрінеді. Ләйла Айға қараған қалпы, қалғып бара жатыр екен, селт етіп, көзін ашты. Жанарынан үзілген бір тамшы жас дір етіп, иегіне құлады. «О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Мен күнәсіз қыз боламын. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы. Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін. Қарауылдың адамдары мені көрген сайын: «Мұны Алла тағала адамдар тәубасына келсін, қол-аяғының саулығына, он екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан» - дейді. Солай ма, жарық Ай. Мен саған ғана, сенің өзіңе ғана сенемін. Тым болмағанда үмітімді сен ақтарсың. Сонда, бұл жұрт нені айтады? Мен кіммін, осы? Мәңгілік пе? Шынымен-ақ мәңгілік өспей қалған бала кейіп пе?». Ләйлә-қыз сөйлеп отыр. Мылқау Ай дөңгелеп алыстап барады. Ләйләны да, жерді де аймалап барады. «Өз жасыма лайық қыз болғым келеді. Иә... иә... Менің де әп- әдемі, нәп-нәзік қыз болғым ке...л...е...ді...», - Ләйлә, жаңағы өзі жасырынып отырған қап-қараңғы терең сайдан жүгіріп шықты. Жасаурап, үкідей қадалған қыз көзіне сұп-сұлу, аппақ. Ай үрке қашып бара жатқандай көрінді. Сол сегіз жасар мәңгілік бала бейнеде, өспей қатып қалған Ләйлә, тамыры адырайған егде қолдарын сермеп кекке көтерді.

- Е...е...е...ей... Қашпа, менен, қашпа! Бәрібір, сені тауып аламын. Жасқандың ба, сен де менен жиіркенемісің, сен де менен қорқамысың жарық Ай?!

Ай барған сайын алыстап, сырғып барады... Мүгедек қызды да жырым-жырым болып айырылған жер бетін де менсінбей, қап-қараңғы түн серігін қолтықтап, толықсып, кергіп барады, ұзап барады. Ләйлә-қыз одан сайын дауыстап, қол бұлғап айғайлап тұр.

- Ертең де қайта оралшы. Ертең де терең сайда кездесейік. Мен сені сонда күтемін. Терең сайдан күтемін жарық Ай! Ең соңғы сөздерді айтқанда иегі кемсеңдеп, жүрегі құрғыр алай-дүлей соғып, езіліп кетті. Бұл жолы Қарауылға бет алған Ләйлә-қызға Шыңғыс тауының еңселі биік шыңы барған сайын шөгіп бара жатқандай көрінді. Бұл жолы қыз түн қойнындағы ербиіп көрінген тау белестерінен бір түрлі сескеніп, үрейленіп келеді. Әлгібір «адам рухымын» дейтін түн иесі де қартайған тау етегінен пана іздеп жүрген қаралы киімділер ме, көзі бұлдырлап кетті. Өзі тұратын Қатира тәтесінің үйіне жақындай бере тынысы тарылып, демі қалтырай шықты. Есіктің тұтқасынан қолын соза беріп, қайта тартып ала қойды. Үй ішіндегі өзіне тосырая қарайтын, ішіп-жеп қадалатын көздерді көргісі келмеді. «Жұрт ұйқыға батқанша отыра тұрсам да болар», - деп есік алдында кідіріп қалды. Сол сәт тосын шыққан дауыстан шошып кетіп, баж ете түсті. Қатира екен.

- Әй, қас қарайса жын қуғандай осы сен қайда кетесің?Не пәлең бар, а?

Ләйлә үнсіз төмен қарады. Ісініп, қызарған жанарын да, әбден сілесі қатып шаршаған күйін де тәтесіне сездіргісі келмеді. «Менің мұңымды бөлісер Қатира ма, онан да үнсіз тұрғанымның өзі жақсы». - дегендей ләм-мим деп тіс жармады.

- Қайда жүрсің деймін мен саған?

Ләйлә тағы да үн қатпады. «Жоқ, жоқ. Терең сайда отыратынымды ешкімге, ешбір жанға айтпаймын. Мен Аймен кездесуге, сонымен сырласуға барамын. Жарық Айдан басқа жанымды түсінер жан таппаған соң терең сайға жүгіремін. Ол сәтте, мені іздемеңдер, менен сұрамаңдар, мені көрмеңдер!»

- Е, енді саған жетпей жүргені меңіреулік пе еді? Оған да жетерсің, меңіреу де атанарсың.

Қыздың көзі жарқ етті. Қатира мырс етіп, айызы қанғандай қыздың аяқ-қолына сұқтана қарады. Ләйлә-қыз мүгедек денесіне сабырлылық жинай алмай, ызаға булығып, қалшылдап барады. Қолы мен аяғына әлдекімнің көзі түсе қалса, қу жанын қоярға жер таба алмай намыстанып, есі шығатын. Мынау шамадан тыс үлкейіп бара жатқан егде қолдар мен жетілмей қалған аяғына ешкімнің көзі түспесе екен, байқамаса екен деп зар қағатын. Ал, Қатира болса әдейі қақшиып, шошына именіп, мұның жанды жеріне тисе түскісі келгендей сұқтана, жиіркене көз тастады. Осындайда Ләйлә-қыздың жаны шырқырап, жасырынар жер таппай алас ұрады.

- Қайда болдың деймін? Мал қораға қайтып, қол жетпей у-шу болып жатқанда, қайда қашып кетесің? Айт деймін енді, ойбай!

Ләйлә көзін жерден алмаған қалпы:

- Адам емеспіз бе? - деп ақырын күбір етті.

Сол-ақ екен Қатира ыршып түсті.

- Сөзді қара! «Адам емеспіз бе», - дейді. Адам сиқы жоқ кейпіңе неге қарамайсың, а?

Қатираның ащы тілі сумаңдап, Ләйләның бала жүрегін қып-қызыл қан-жоса етіп тілгілеп, пара-парасын шығарып, түтіп жатыр, түтіп жатыр. Бұрын осындайда жанына тиер сөзді естігенде шыр-пыр болып, зар қағып, жылап еңірейтін қыз, бұл жолы бедірейіп қатқан қалпы, өңі қуарып, Қатирадан көзін алмады. «Сезімсіз, жүрексіз, қатыгез адамның төрт түлігі қашанда сай болады. Табалайсың ғой, табалай бер, табала! Мен осы қасіретті құдайдан сұрап алғанмын! Иә, иә, сеніңше сұрап алған тағдырым осы, осы! Отыңмен кіріп, күліңмен шығып жүрмін емес пе, не жазып едім саған?» Жетілмей қалған сәби бетін жап-жалпақ  алақанымен басып алып, жүресінен отыра кетті. Сол қалпы пысылдап бастап, төзімі таусылып, көз жасына ерік берді. Мұндайда бүкшиіп, босағада жылап отырған Ләйлә-қызға бірде-бір жан: «Әй, мынаған не болды, тиіскен кім?» - деп сұрамайды да. Бәлкім, осылай бейшара күй кешіп, жылап отыруы заңдылық деп ойлай ма? «Ей байғұс, көз жасыңды біз емес, құдай көрсін. Соның ілтипатын күт, пейілін көр!» - дей ме, теріс қарап күбірлеп өте шығатын. Ләйлә мұны да сезетін. Түн ішінде жарқырап, толықсып шығатын мылқау Айды есіне алып, терең сайға қарай жүгіре жөнелгісі келетіні де сондықтан. Терең сайға түскен Ай сәулесі бұрынғысынан да жап-жарық. Жер бетін кезіп, жылжыған қалпы Ләйлә-қызды іздеп жүр. Қарауылдың суынан да, жерінен де, тауынан да сұрап беу-беулеп іздеу салады. «Қайда кеттің?» Неғып бүгін терең сайда жоқсың?» деп ана-дауыс жып-жылы алақанымен қолын жайып, сай ішінде қалықтап жүргендей. Түн жамылған сай іші жап-жарық Ай таң атқандай ағартып барады. «Құлыным-ай» - деген ана-дауыс еміреніп келіп, сай ішін жағалап кетті. Сол-ақ екен тып-тыныш бір әлем орнады да көкірегі қарс айырылып, ана-бейне дауыс салды. «Сен құрсақта жатқанда Дегелең тауының түбінен жер астын дүмпілдетіп, жарылыс болып жатушы еді, сол басылды ма? Іңгәләп, бесікте жатқан сен талай рет сол жарылыстан қорқып, шыр етіп, қолды-аяққа тұрмай безілдеп кетуші едің. Сол әдеттің ес білгенше қалмап еді... Сен Шыңғыс тауының етегінен көтерілген ауадағы қып-қызыл, саңырауқұлақ іспетті лаулап тұрған алауға қызығып, жүгіре жөнелетін едің, қазір ше? «Апа, тау жақтағы әуеде қалықтап тұратын саңырауқұлақ бүгін тағы да түсіме кірді» - дейтін ең. Сонда әжең жарықтық: «О, қарғатайым-ау! Сен де, құдай жеткізсе сол саңырауқұлақ сияқты, жұрттың көзінің жауын алып, лаулап тұратын боласың», - деп мейірленіп, маңдайыңнан сүюші еді. «Қазір қайдасың? Қайда кетіп қалғансың?» Сай ішіндегі дауыс әлсіреп сөніп, Ай көтеріліп, биіктеп бара жатқандай болды. Сол қалпы, терең сайдағы әр тобылғының түбінен Ләйлә-қызды іздеп, кезіп барады. Бірақ бұл жолы Ай бетіне еміреніп қарайтын терең сайдағы қыз бейнесі көрінбеді. Адамдар қара-құрым болып, көп жиналған жерден бойын аулақ салып, көзге түспеуге тырысып жүруші еді. Қатира қояр да қоймай бүған жік-жапар болып, жабысып алды.

- Жүр, Қарауылда той бар. Сонда барайық. Сен сорлы да бір сейіліп қайт.

Ләйлә не айтарын білмей, кезерген жұқалтаң ернін ігістелей берген: «Елдің көзі-ақ... Жұрттың сөзі...» Бұл ойын Қатираға сездіріп, мүсәпір күй танытқысы келмеді. Сылтауратып: «Шаршап отырмын», - деген.

- Қой-ей, жүр енді, жүр! - деп, әйел қызды жұлмалай берді де, көнбейтін болғасын, қолын әр жерден бір сумаңдатып, қытықтай бастады. Қыз қарқылдап кеп, қыстығып күле орнынан көтерілді де, үп-үлкен алақанымен әйелді кеудесінен итеріп қалды. Сол сәт, Қатираның өңі құп-қу болып кетті.

- Бармасаң қой әрі!

- Барамын! - Кенет Ләйлә әлдекімге ерегіскендей, «Барамын» деді.

«Шіркін-ай, шіркін-ай десейші! Менен басқаның бәрі де бақытты, бәрі де көңілді. Бұл дүниенің бар бақыты - он екі мүшеңнің саулығында екен ғой. Көпке қиған бақыттың өзіне зар болған қандай сормаңдай едім». Ләйлә той өтіп жатқан үйдің көңілді адамдарына қызыға қарады. Бұршақ-бүршақ болып төгілген көз жасын өлсін-әлсін ел көзінен жасырып сүрте берді. «Білемін, өспеймін. Құдірет-ау, басқа мазағың жетпегендей, әлі көрсетер қасіретің көп пе? Онан да біржола жоқ етіп неге жібермейсің. Heгe неге? Саған да керегім жоқ па, менің қасиетсіз бейнеме ыржалаңдап күлгің келе ме? Көңіліңе басқа ермек таппай, мәңгі өспейтін қыз тағдырын қызықтайын дедің бе?»

- Ләйлә, Ләйлек! Ақ Ләйлә!

Қыз жып-жылы жігіт даусына елең етті. Қаптаған жұрттың арасынан әлдекім жырылып қолын созып бұған қарай жақындай түсті.  «ОЙ...Й, - деп таңданды қыз. - Құмарды қара, Құмар! Қандай әдемі болып өсіп кеткенсің. Ғажап! Өзіммен бір партада отырған Құмарым ғой, көршім ғой. Құмар... иә, сен мені үнемі «Ләйлек, Ақ Ләйлек дейтінсің. Ләйлек деген құстың аты. Ол сондай нәзік, сүйкімді құс дейтінсің!» Қыз бір түрлі есінен адасқандай есеңгіреп тұрып қалды.

- Таныдың ба? - деді жігіт ақырын жымиып.

- Таныдым. Heгe танымауым керек? Сен сондай өзгеріп, әдемі болып кетіпсің. Бақыттысың гой... Кешір мені, ренжіме...

- Сен де... сен де бақыттысың, Ләйлек. Құмар, қыздың мәңгілік құрысып қатып қалған бала бейнесіне мән бермеді, көрмегенсіді, білмегенсіді. Қыздың онсыз да өзіне қадалған мұңлы жанарына жара салғысы келмеді. Оның ішкі дүниесінің ойсырап тұрғанын да сезбегендей, қыздың кіп-кішкентай иығына қолын салып:

- Ләйлек, жүр билейік. Мен сені биге шақыруға келдім.

Сол сәт, жәудіреп қараған Ләйлә-қызды жерден көтеріп алып, маңдайынан сүйді. Қыз жүрегі езіліп кетті. Жігіт, қызды көтерген қалпы, қаптаған көпшіліктің дәл ортасына еніп барады. Екеуі де бүкіл дүниені бір сәт ұмыт еткендей, айналып билеп жүр. Ләйлә-қыз көзін жұмды. Басы айналып кетті ме, әлде ұмыт болған қыз сезім селт етіп, мұның әлсіз денесінің тынышын алды ма, көзін аша алмады. Сол қалпы Құмардың мойнынан қапсыра құшақтап қатып калыпты. Жігіт сәл сыбыр етіп:

- Ләйлек! Ақ Ләйлә, - деді. Қыз есеңгіреп барып көзін ашты.

- Тойға келіп едік. Ауылда ешкім де қалмауға айналған ба, қалай? Сені көріп қуанып кеттім... 

Қыз жүзіне қызғылт рең пайда болды. Бір түрлі қысылып, ұялып түр. Үстіне киген қып-қысқа шыт көйлегінен де, Қатираның қоярда-қоймай мұны бала сияқты етіп, дәл төбесіне қып-қызыл бантик тағып бергеніне де намыстанып, күйіп барады. Бірі балалықтан қол үзіп, бозбаланың күйін кешіп жүр. Бірі, керісінше, болашақтан қол үзіп, мәңгілік, мәңгі бақи өспей, жетілмей мүгедек кейіпте қалған. Әлде тағдыр дегеннің өзі осы ма? Өзіне сөйлеп тұрған жігіттің даусы бұл жолы әсерсіз болды ма, әлде тағы бір сүреңсіз, сұрғылт ойдың шырмауына түсіп кетті ме, әйтеуір, Құмардың бірде-бір сөзіне құлақ аспады. Меңіреу адамша сілейіп қатып қалыпты. Қыз егделеп кеткен қолын жасыра қойды. Ұйқыдан оянғандай есін жиып, жан-жағына қарады. Жалғыз өзі.1

- Құмар, Құмар! Қайдасың?..

Қыз жан-жағына жалтақтай қарады. Ығы-жығы халықтың арасынан жігітті іздеген қыз, аласұрып, адамдарға тіксіне карап:

- Құмар қайда? Қайда жібердіңдер, қайда кетті? Қайда... Қайда?! - деп сұрастыра берген. Өмірінде алғаш рет адамдармен қатарласып, арман дүниесінің жалынын мықтап бір ұстағандай еді, ол да сусып қолынан шығып кетті. Жаңа ғана бар қасірет атаулыдан біржола арылып, әуеде қалықтап жүр еді, топ етіп, қара жерге қайта түсті. Қыз тағы да жанұшыра: «Құмар!» деп дауыстап қалып еді, әлдекімдер мырс-мырс етіп күлгенін, пыш-пыш етіп сөйлегенін сезді. «Азаптан, осы бір азаптан құтқарыңдаршы мені», - деп қыз шыңғырып жібергісі келген. Сонда ғана, сонда ғана әлгі бір мейірімі мол, жап-жарық Айды іздеген. Соған қарай ентелеп ұшып, тобылғысы сірескен терең сайға беттеген. Ләйлә-қыз көкке қадалып, жас іркілген жанарымен жалаңаш Айды аймалап, иегін көтеріп, ғарыштағы жарық Айға бетін тосты. Бұл кезде Қарауыл қаралы күйде еді. Қарттар жағы күңіреінп, таяғына сүйеніп, күрсініп тұрған. Қара жамылған әйелдер бір-бірімен дауыс салып көрісіп, сай-сүйегіңді сырқыратып зарлап жүрген. Бастарын әрең көтеріп: «Айырылдық қой!» - дейді. Болашақтан үміт жоқ бейбақ болдық қой. Ұрпақсыз тұл қалдық қой. Ата-баба жері еді, күлін көкке ұшырды ғой. Әлсіреген әйелдер бірінің иығына бірі басын сүйеп, еңіреп жылаулы. Есі шыққан Ләйлә Қатираны іздеп таба алмады. Қарауылға не болғанын, неге осынша аңырап, зарлап жатқанын ұкпады. Көзі атыздай болып, шарасынан шығып кете жаздап тұр. «Ойпыр-ай, не күн туған? He болған адамдарға?!» Қыздың қол-аяғы қалш-қалш етіп, көзі жұмылып бара жатты. Қарауылдың тұрғындары сол күні қақ айырылып, үңірейіп жатқан жерді көрді. Тартылған су мен тұтылған Айды көрді.

Сол күнгі еңіреген қалың жұрттың дауысы әлдекімдердің құлағына жеткен бе, ақ киім киіп бейтаныс жандар түн ішінде келіп, жетілмей қалған, мәңгілік бала бейне әулетінің бәрін жинап, бітеу қара машинаға тиеп жатты. Ішінен шыққан баласы емес пе, қимастықпен боздаған ата-ана зарлап қала берді. Бұл сәтте Ләйлә терең сайда еді. Оны іздегендер де, іздескендер де таба алмады. Әдеттегідей ел көзінен жасырынып келген Ләйлә-қыз терең сайға жетіп, жарық  Аймен кездескен. Ұзақ үнсіздіктен кейін, балалық бар арман тілегін, Құмарға деген қыз сезімінің бой көтергенін, жасырмай ағынан жарылып түнгі сай ішінде жалғыз өзі күбір-күбір еткен. Сонда Ай жарықтық қыз сезімінің тіршілігіне сүйсініп, дірілдеп, жылап тұрғандай көрінген. Сол түннің суық ызғарын да ұмытып, екі тізесін ебедейсіз өсіп кеткен екі қолымен құшақтап алып Ләйлә ұзақ отырды. Орнынан тұра бере, бұрынғыдай емес денесінің ауырлығын сезді. Бойын күздің қара суығы алып қалды ма, әлде ыстығы көтеріліп тұр ма, егде қолдарының күші қайтып, қайраты таусылып, Қатира үйінің есігін зорға ашты. Әйелдің шатынаған көздері қадалып, мұның онсыз да жаралы жанын онан әрі жаныштап жіберді.

- Айтпады деме, енді кешігеді екенсің, күз болмақ түгілі, қыс болса да үйден қуып шығамын, білдің бе?

Қатира екіленіп алыпты. Қыздың құлағына алыстан талып қасқырдың ұлығаны естілді.

- Қумашы!, - деді жалына қарап иегі дірілдеп, көзі  бозарып кетіпті.

Ләйлә көзін аша алмады. Мұп-мұздай қолымен аяғына әлдене тиіп кетсе болды-ақ, еріндері қыбырлап: «Құмар, Құмармысың... Сен қайдан жүрсің? Мен сені сол күні ұзақ іздедім емес пе. Кел, өткендегідей мені биікке көтеріп, айналып биле. Кел... Құмар!» - деп сандырақтайды. Қыздың ауыр халіне ешкім де алаңдап көңіл бөлмегендіктен, оның не айтып, не сөйлеп жатқаны үйдегілерге беймәлім еді. Тек сол күні түнде дәрігер келіп кеткеннен кейін ғана қыз әлсіреп басын көтерді. Бас жағындағы өзін бағып отырғандарға көз салды. Екеуі де көрші ауданның басшы азаматтары сияқты.

- Өзіңнің көңіліңді де сұрай келдік, - дегендеріне Лөйлә масайрап, өңі қашқан жүзіне қызғылт рең жүгіріп, көзін жерге салды. Осы келіп отырған екеуден қыз жақсылықтың нышанын күтіп, сөздің аяғын бақты.

- Қарағым Ләйлә, сенің де көрген қасіретің аз емес. - Жаңағы сөз бастаған күмілжіп отырып қалды да: - Ертең біздің ауданда қаралы жиын өтпек. Өзің сияқты балаларды өткенде қала жаққа алып кеткен. Содан әлі күнге дейін хабар жоқ. Енді, міне, көзге көрінер өзің қалған екенсің. Ертең өтетін қаралы жиынға өзіңді қолға ұстап көтеріп шықсақ, деген ой келіп еді. Сол-ақ екен, қыздың құлағы шулап, басы айналып кетті.

- Алапат күннің белгісі ретінде, ел басына қатер тұнған күннің белгісі ретінде. Иә... иә, әйтеуір жақсылықтың емес, жамандықтың тек жамандықтың белгісімін. О, құдай...

- Ал, Ләйлә, жолға жиналсақ...

Қыз талықсып барып көзін ашты. Бұл жолы әлгібір ағыл-тегіл болып, жанарына толып кететін жас көрінбеді. Бірақ әлсін-әлсін өкси берді. Жамандықтың белгісі болғым келмейді. Мені аяңдаршы. Мен ел көзіне оғаш, мүгедек болғаныммен, жаксылықты ғана аңсаймын. Мен тек жақсылықты... Отырғандар түнеріп, үнсіз қалды. Қыздың онсыз да үзілгелі тұрған нәзік жанын ешкім түсіне алмады.

- Намысқойын қарай гөр! Жаман неменің! - деп, Қатира күңк-күңк етті. Ләйлә көзін қайта ашып, отырған адамдарға ұзак телміріп жатты. Сосын, оларға сыбырлап:

- Құмар да бола ма? Ол да сол қаралы жиынға қатыса ма? - деді, әрең жұтынып. Отырғандар ешнәрсе түсін-беді. Ләйлә көзін қайта жұмып, ұзақ жатты да, бір уақытта ап-анық етіп:

- Бармаймын, бара алмаймын. Кідірмей жүре беріңіздер, - деді.

- Тұңғышымның да қызығын көруге жеткізді. Осыған да тәуба, осы да жетеді, - деп сампылдаған Қатираның дауысы төсек тартып жатқан Ләйләға ап-анық естілді.  «Өмір қандай арзан. Бір ғана ыстығы басылмаған қуаныш үстінде жаныңды қия салу қиянат емес пе. Өй, байғұс тоқтатсайшы. Тоқтат! - деп, Ләйләнің дауыстағысы келген. Бірақ үні шықпады. Қатира үйіне келген біреуге даурығып, сөйлеп жатса керек.

- Той өткеннен кейін-ақ Қарауылдан кетемін.

«Қасиетті жер еді, қадірден әбден жұрдай болды. «Жақсының арты жын» деуші еді. Шынымен-ақ адам естіп, көз көрмеген қасіреттің бәрі Абай ата басқан топырақтан шығып жатқан жоқ па? Алланың әмірі деген осы да!» деп ойлады Ләйлә-қыз. Төсек тартып жатқан қыз бетіне Ай сәулесі түсті. Қарауылдың барлық терезесінен сығалап, іздеп,тінтіп жүріп, Ләйлә-қызды әрең тауып алған сияқты. Әппақ болып, дөңгеленіп, ерекше бір нұрмен қыз бетіне төніп тұр. Науқас қыз Айға қарап алғаш рет жымиған. Көптен күткен жан ашырын, сырласын терезе сыртынан байқап қалып, қыз-жүрегі елжіреп сала берген. Өз тағдырына, адамдарға деген өкпесі сол күнгі ағыл-тегіл көз жасына айналды. Сол сәт жап-жарық Айдан мәңгілік адасып қалатындай тағатсыздана сүйсініп тағы да қарады.

- Қасірет шеккен жан иесінің жалғыз ғана сырласы өзің екеніңді ұмытпа! - деді.

Ай да, қыз да бір-бірімен ажыраса алмай, бірін-бірі қимай ұзақ аймаласты. Жарық Ай Ләйлә-қызды қара жерге қимады. Ләйлә да алғаш рет Айды түн қойнына қимаған. Ұзақ кідірістен кейін, екеуінің бір-біріне деген тартылыс сезімі әлсірей берді. Екеуі екі тіршіліктің елшісіндей елеңдеп, алшақтап қашып бара жатты. Жап-жарық Ай қыз бен жерді айналып, алыстап барады. Ләйлө-қыздың жанары Айға қадалған қалпы айрылғысы келмеді. Соншалық қиналып жатып тырысып еді, жігері жететін емес. Бойына біткен күш-қайрат мүлдем азайып барады, бітіп барады. Қыз бетіне түскен Ай сәулесінен самайына қарай құлап, жол салып, дөңгелеп жатқан көз жасы анық көрінеді. Жанарындағы көлкілдеген жастың әсері ме, қыз көзінің сәулесі азайып кеткендей болды. Жанталасып, егде қолдарымен көз жасын сүртіп тастауға тырысып еді,қозғалтпады. Ләйлә-қыз мұңайып жанарын бір жұмып, дем алып тағы ашамын деген, бірақ... Жан тапсырған төсектегі қыз суретін ұзақ аймалаған Ай биіктеп, жылжып кетті. Мәңгілік қоштасып кетті. Екі тіршілік: Бірі - жер баласы, бірі - түн баласы. Қатира тойға дайындалып жүріп, әдеттен тыс ұзарып, сұлап жатқан Ләйләнің қасына ентелеп жетіп барады да, үңіле қарады:

- Ойбай, мына бейбақ өліп қалғаннан сау ма? Құдай-ау, өліп қалыпты. Енді қайттім? Қырсықты неменің дәл той күні өлетінін кім білген. Қатира езінен-өзі сөйлеп, әрлі-бері жүріп, сенделіп қалды.

«Қап, дәл той күні қылжия қалғанын көрмеймісің. Қасиетсіз неме. Той үстінде кімге барып, ат үсті өлімді хабарлайсың. Жатсын енді, менен басқа мұны әзір сезе қойған ешкім жоқ», - деген әйелдің сумақай жүйрік ойы бір сәтте шешім қабылдап, кезеріп жатқан қыз жүзін орамалмен жасырып жаба салған. Сол бойы үйден жүгіріп шыққан Қатира сасып қалды. Алыстан, өзіне таныс зарлы әуен талып естілді. Қара жамылған Қарауылдың топ-топ адамдары аңырап, тағы да керісіп жүр. Айтқан сөздерінен төбе қүйқаң шымырлап, сай-сүйегің сырқырайды.

- Ойпыр-ау, өлтіре ме, қайтеді. Түнде тағы... тағы да... жарылысы болды..

Қатира дір-дір етті. "Әлгінің өліміне сол жарылыстың әсері болмасын..." - деді іштей сыбырлап. Еңіреп жатқан сонау қаралы топты той болатын үйіне жақындатқысы келмеді.

- Аулақ! Аулақ! Тұңғышымның қызығын тойлатуға да мұрша бермедіңдер ме? Өлгенде бір көрген қызығымды қисаңдаршы, тым болмағанда! 

Сосын әлі үйінен шықпаған Ләйләнің сүйегі есіне түскенде әлсіреп, өңі қуарып, бүк түсіп, отыра кетті. Қарауылдың қаралы тобыры осылай қарай бет алыпты, шулап келеді. Қатираның дыбысы шықпады... Біресе алақанын жайып, көптен жәрдем сұрайды. Біресе екі қолын төбесіне қойып, аңырап, босағасына қарай теңселіп құлай береді. Қалықтап жылжыған Ай сәулесі қараңғыда қалып бара жатқан Қатираның жүзіне сонау алыстағы қалпы жіп-жіңішке болып түсті. Өзі шалқайып жатыр. Қатираның көзіне Ай жарылып, екіге бөлінгендей көрінді. - Ойпыр-ай, - деді ол сыбыр-сыбыр етіп: - Ендігі жерде Қарауылдың Айы бұрынғыдай толықсып сән бермейді десеңші. Сүттей аппақ болып, қап-караңғы түннің көзін ашпайды десеңші! Саусақтары дір-дір етіп, кеудесін қысып бара жатқан бешпетінің түймелерін ағыта берді, ағыта берді...

 

author

Роза Мұқанова

ЖАЗУШЫ

ТАНЫМ

Бүгін белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу...

Заң

Астана қаласының тұрғыны әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімованы жалған мәлімет таратты...