Батырхан Сәрсенхан. Гөте туралы

ӘДЕБИЕТ
5082

Иоганн Гөте

Соңғы айларда «ізденіс» атты кемеміздің басын Шығыс мұхитына бұрғамыз. Фирдоуси жағалауынан жүзіп шығып, Низами аралына түсіп, Рудаки, Руми, Аттар түбегіне бой шалдырғалы ми ішінде лава алауы тасқындап, түйсікте жаңа құрлық ашылуда. Әсіресе, кемеміздің басы әйгілі Хафизға келгенде жүрек атқақтап, бір дүлейге тап болғанымыз хақ-ты. 

Хафиз жырларын жай оқып қана қоюды әбестік көріп, жаттауға бейіл бердік. Жүрек кесесіне рахим шарабын құюға асыққан сабаздың ойнақы тілі тіпті керемет. Бала күннен медресе оқып, мұсылмандық ілім-білімнен аздап хабардар болғанның пайдасы тиді. Хакім Абайдың неліктен Шығыс шайырларынан ағынан жарыла медет тілегені белгілі болды. Аз-маз сөз шығаруымыздың негізгі мақсұты бұл емес, алып кемеміздің кенеттен ғажапайып Аралға бұрылуы еді.

Бұл – Гөте аралы. Кәдімгі Еуропаны терең ойымен естанды қылған пайғамбар Гөте. Энгелсше айтсақ «кейде орасан зор ұлы ақын, кейде жұпыны, кейде дүниеге пысқырмайтын, бас имейтін тәкәппар данышпан, кейде сақ, баршаға разы» Иоганн Вольфганг фон Гөте. «Мені патшалықтар мен тақтардың ойрандалуы емес, қарапайым шаруаның құжырасы өртенгені қынжылтады» деп күңіренетін қайран Гөте. 

Әңгімеміз ақынның ислам дініне қатысы хақында болмақ.

Бозбала Гөтенің ерте кезден-ақ шығысты зерттеуге аңсары ауды. Алайда әкесі ұлының заңгер болуын қалайды. Әке тілегіне қарсы келе алмаған  Ол 16 жасында Лейпциг университетінің заң факультетке оқуға барады. Алайда көп ұзамай бойды алған ауруы салдарынан үйіне оралып, оқуын бірнеше жылдан соң Страсбургте тәмамдайды. Осы жылдар ішінде Гөте өзінің Шығысқа әм оның мәдениеті мен дәстүріне қызығушылғын  бір мысқал жоғалтқан емес. 1814-1815 жылдары өзінің «Диванын» жазарда,  арнайы шығыстанушы ғалымдар Паулюс, Лорсбах, Козегартен арқылы араб тілімен терең айналыса бастайды. Ақын адамзатты осы әлемді Жаратушының құлы ретінде санады. Міне осындай айнымас сенімді адам тіршілігінен, исламға мойынсұнудан тапты. Бұл жайлы өзі де әлденеше рет айтқан. «Батыс-шығыс Диванында» жазды. Ерек түйінді өзге тарихи құжаттардан да байқауға болады. 

Шығыс мұнарасын темірқазық ете отырып жазған «Батыс-шығыс Диваны» жайлы өз очерктерінде: «Жалғыз Аллаға деген сенім әрқашан рухты жоғары көтереді», - дейді. Гөте Алланы мойындап, оған мойынсұна отыра: «міне өзім мұсылмандықты танып, Алланың 99 есімін айтып, Алла атымен тасбих тартамын, бұл ұлық ғибадат» - дейді. Бір уақытта Жаратқанның бұлжымас бекіген заңын, оның мінсіз жаратылысын айтады, таңданып табынады, өлшеусіз кеңістігінен тыныштық табады. Мұның бәрінің кездейсоқтық әм жай ғана үйлесім екенін теріске шығарады. «.. Терең сенімді, айрықша белгі мен сабақты адамға Алла береді. Адам өмірдің ерекше сәттерінде берілген күшті олар кездейсоқтық деп атайды, оның мәнісін білмейді. Сезіне алмайды... Бірақ бұл кездейсоқтық емес, Алла өзінің кеңдігін, құдіретін танытушы» - деп ақтарылады 1807 жылы Реймерге жазған хатында. 

1813 жылдың күзінде «Батыс-шығыс Диванын» бастамас бұрын, бір неміс солдаты Испаниядан Қасиетті Құранның 114 «Ан-Нас» сүресі жазылған ескі араб қолжазбасын  алып келеді. Кейін өзінің иендік ұстазының жетекшілігімен оны көшіріп алып, сүрені тәпсірлеуге тырысады. Ақын мұны ылғи да өзіне келген Жаратқанның белгісі есебінде санайды. Жаратушыдан жеткен және бір белгісі - 1814 жылы қаңтарда болған оқиға. Ол белгі – ақынның жергілікті орыс армиясында қызмет ететін башқұрт мұсылмандарының намазына баруы еді. Ғибадат Веймардың протестандық гимназиясында өтті. «Саған бұдан бұрын айтпаған пайғамбарлық жөнінінде айтуға тиіспін, бүгін бір оқиға болды, - дейді  1814 жылы 5 қаңтарда Требурге жазған хатында, - бұрын тіпті Пайғамбарларға да айтуға тиым салған дүниелер бүгінде ашықтан ашық болып жатыр. Біздің протестандық гимназияда құдайға құлшылық жасалып, Құран сүрелері оқылады деп бірнеше жыл бұрын кім ойлапты. Бір ғажабы бәрі нақ осылай өтті, біз башқұрттардың ғибадатына қатыстық, олардың молдасын көрдік, кнәздарын театрда қарсы алдық. Маған естелікке садақ пен жебе сыйланды, оны бөлмемнің қабырғасына іліп қойдым. Ал біздің аса діншіл кейбір ханымдарымызға тіпті кітапханадан құранның аудармасына тапсырыс берілді» - дейді.

Жыл өткен сайын Гөтенің Құдайға деген сенімі беки түскенін «Дивандағы» бір өлеңінен аңғаруға болады. «Егер мені Алла құрт қылып жаратса, мен адамзат табалдырығындағы құрт болар едім» - дейді ол өз еңбегінде. Осы іспеттес ойларды ақынның «Эгмонт», «Поэзия және Шындық» сынды өзге де еңбектерінен көруге болады. 

1820 жылы 20 қыркүйекте Цельтеруге жазған хатында өз өмірінен әсерлі мысал келтіреді. Жақын адамы Кристианның өлімінен соң, өзін бақытсыз сезініп, Марианна фон Виллемерге анық үйлену мақсатымен үшінші рет барады. Алайда жолда ойда жоқта күймесі сынады. Мұны жаман ырымға балап, алғашқы тілегінен бас тартады. Хатын аяқтай келе: «Сонымен, біз Исламда қалуға тиіспіз... Бұған басқа алып-қосарым жоқ» -деп қорытындылайды.

Алла адамға Пайғамбар арқылы уахи жібергеніне Гөте ыждахатпен сенім білдірді. 1819 жылы Блюментальге жазған хатында «Ибрахим» сүресінің 4-ші аятын мысалға алып, өзінің Мұхаммед (с.ғ.с.) Алланың елшісі екендігіне көзі жеткенін айтады. Әрі «Батыс-шығыс Диванында»  Пайғамбардың ақыннан айырмашылығын жазып, оның хақ пайғамбарлығын растайды. «Ол ақын емес, Пайғамбар, оның Құраны – адамдардың көңілін көтеру, жалпы ілімін жоғарылату үшін жазылған кітап емес, бұл – ұлы заң» - дейді. 

«Мұхаммед» өлеңінде Пайғамбарымызды рухани күш алған сайын арнасы кеңіп, ақыры алып мұхитқа айналатын бұлаққа – Жаратқанның құдіретін әйгілейтін символға теңейді. 1816 жылы 27 қаңтарда «Жаратылғандардың ұлығы - Мұхаммед (с.ғ.с.)» - деп жазды.

«Дивандағы» бір өлеңінде ақын  христиандық түсінікке ашық қарсылық танытып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) елшілігін оған қарсы дәлел етеді. Өлеңнің жолма-жол аудармасы мынадай:

Пәк (таза) Иисус тек жалғыз Құдайға ғана бағынды,

Иисусты Құдайдай жоғарылатқаны Құдайды қорлағаны.

Бүкіл әлемді мойынұсынуға (құлшылыққа) шақырған,

Мұхаммедтің бізге жеткізген ақиқаты жарқырасын!

Ұлы ақын 70 жасқа толар жылы, Пайғамбарымызға Құран түскен ғажайып түнді ерекше атап өтетіні туралы жазады. «Ешкім бұл ұлы кітаптың әсеріне күмәнданбайды. Ол адам қолымен жасалмаған дүние екенін білгендіктен, оны мойындайды. Бұл кітап мәңгілік күш пен қуаттың қайнар көзі ретінде қала бермек» - дейді. 

1771- 1772 жылдары Құранды зерттеудің айқын нәтижесі саналғана «Батыс-шығыс Диванының» қолжазбалары әлі күнге дейін Веймардағы Гөте мен Шиллердің архивіндегі сақтаулы тұрғаны сөзімізге тұздық болмақ. Және ақын Құранның немісше аудармасын оқығанына Шиллер мен оның әйелі куә болған. 

Гете Құранның Ұлылығы мен сұлулығына, оның терең пәлсапасына таңырқаумен өтті. Дүниенің жаратылысына ерекше көңіл бөлді. Құран аяттарынан жекелей аударма жасады. «Біз Алланың ұлылығын кішкене заттардан да байқауымыз керек» дей келе, «Бақара» сүресінің 26-шы аятында келтірілген масаның тәмсілін мысалға келтіреді. Қасиетті Құранның латынша, ағылшынша, немісше,французша аудармаларынан үнемі кемшіліктер тауып, жаңа аударма іздеуден жалықпай, ілімін қапысыз таныды. «Батыс-шығыс Диванының» бір бөлімінде: 

Құран ғасырдан пайда болды ма?

Оны мен түсінбеймін.

Шынайы мұсылман ретінде,

Құранды кітаптардың кітабы санаймын, - дейді.

Ақын араб тілі оқулықтарын, өлең кітаптарын, Руми, Жәми, Хафиз, Сағди, Аттар қолжазбаларының араб тіліндегі түпнұсқасын, қасиетті Құранның тәпсірлерін, фикх сұрақтарына арналған материалдарды мұқият зерттеумен қатар терең түсіне білді. Зерделей білді. Хафиздің ақындық қуатына басын иді. Таңдай қақты. «Хафизге» атты өлеңінде:

Қайран Хафиз!

қайтіп саған тең келем?

Мынау неткен сандырақ!

Ұшқыр қайық шырқар құстай желменен,

Айдын жарып жарқырап.

..Жайнашы таң, құдіретті пішінде,

Медет берші маған да.

Елестейді жарқын өлке түсімде,

Құмармын сол ғаламға!.. (Қ.Бекқожин аудармасы) - дейді.

Гөте – қаншама жүректің Құдайды тануға деген тілегін оятты. Жолын ашты. Ертедегі мұсылмандардың бай кітапханасы қордаланған Андалусядағы (Испания) көне қолжазбаларын мейлінше пайдалады.

Мұхаммед (с.ғ.с. ) пайғамбардың миссиясын жан жүрегімен түсініп, қал қадірінше жалғай білді. Мұсылмандар арасында Мухаммед Иоганн Гете болып  танылды.  Ал, сом тұлғаға бітпес қазына сыйлаған Шығыс шайырларының мол шәрбаты жайлы әңгімеміз мұнымен бітпек емес. 

author

Батырхан Сәрсенхан

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...