Талдыбұлақтан ұшқан тастүлек

ӘДЕБИЕТ
4262

Мөлдір бұлақтай кәусар жырларымен жүректерге ұялаған көрнекті ақын Қастек Баянбай шығармашылығы хақында

Белгілі балалар ақыны, жазушы Қастек Баянбай 1936 жылы 15 қараша күні Алматы облысы Алакөл ауданы Талдыбұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған соң шығармашылық еңбек жолының әр жылдарында Алакөл аудандық, Алматы облыстық газеттерінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасында редакция меңгерушісі, «Жалын» баспасында бас редактор қызметтерін атқарған. Қаламгердің балаларға арналған «Арғымақ» атты алғашқы жыр жинағы «Жазушы» баспасынан жарық көрген. Э.Верхарн, Л.Левчев, С.Михалков, А.Барто, Р.Рождественский, З.Александрова және т.б. бірқатар шетел ақын-жазушыларының кітаптарын қазақ тіліне аударған. Қаламгердің туындылары мектеп оқулықтарына енген. Өлеңдеріне ән жазылып, ертегілері бойынша мультфильм түсірілген.  «Тәтті сабақ» жинағына 1986 жылы I.Жансүгіров атындағы сыйлық берілген. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Сексеннің сеңгіріне шыққан мерейтой иесін құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз. 

Ғаламның құпиясы да, қызығы да қат-қабат-ау. Дүние есігін ашқан пендең көзін сығырайтқан сәттен-ақ сол тылсымның шалқарына шомылып, жұмбақ айдынын жүзіп кетеді. Адам-құдіреттің ғажайыптығы да, міне осында. Көп ретте бұған ешқайсымыз да жіті мән беріп, көңіл көзін қадай бермейміз. Өткен ізіңе үңілген сайын, балдәурен шағыңа оралып, бұлдыр күндер елесін жанарыңа көлбеңдеткен сайын талай сырға қанық боларың және аян. Адам жадының жүйрігін-ай!.. Зейін қойып, зерделемей жатып бәрі-бәрін қаз-қалпында бар айшығымен, бар бояуымен көз алдыңа алып келеді. Тәй-тәй қаз тұрып, шыбықты ат қып мініп шапқылаған алаңсыз жылдар жаңғырығының кескіні санаңда өшпестей мәңгіге қашалған. Әр буынның басынан кешкен жағдайы – бала біткенге ортақ сурет. Кәне, есімізге түсіріп, қоңыраулатып көрейікші:

Мініп алып сабауға,
Асыр салып жүр інім.
Достары тұр маңайда,
Қызық көріп қылығын.

Жақын келген баланы,
Қағып-соғып кетеді.
Арықтардан алдағы,
Қарғып-қарғып өтеді.

Оқыранып қояды,
Шалпылдатып шалшықты.
Байқамаған болады,
Шашыраған балшықты.

Тұра бермей таңырқап,
Мақұл болды білгенім.
Астындағы арғымақ,
«Алып қашып» жүргенін.
Бас-аяғы төрт-ақ шумақ. Қастек ақын есімін асқақтатқан өлең. Қорғасындай шып-шымыр, бала ұғымына лайық түзілген жыр жолдарын тақпақтай жөнелген жеткіншектердің көңіл күйі, бір шөкім бұлтсыз аспандай пәк пейілі сәтті өрнектелген. Құлдыраңдаған тәмпіш танау тентектің шолжың мінезі, сүйкімді қылығы еріксіз мырсылдатқандай. Ойнақы өлең бунақтары сыңғырлап сөйлеп, күмбірлеп күліп тұр. Әрине, бүлдіршіндерді баурап алар, кішкентайлар көңілінен табылар мұндай келісті өлеңді екінің бірі кестелей алмасы айдай анық. Бүкіл ғұмырын балалар әдебиетіне бағыштаған қаламгер Қастек Баянбайдың шығармашылық әлемін жан-жақты тексере барлаған зерттеушінің қырағы қиығы мұны бірден аңғарса керек.

Поэзия пырағын құрықтаған Қастек жырлары кезінде әдебиетіміздің үлкен сыншысы Мұхамеджан Қаратаев көңілі­нен шыққаны мәлім. Оған куә атақты әде­биетші-ғалымның төмендегі лебізі: «Қастек ақынның айшықты қолтаңбасы қуан­тар­лық. Балаларға арналған өлеңдерінде ой бар. Бүгінгі естияр ақынның алдағы бел-белестеріне нысаналы дұрыс бағыт ұстап, қал-қадырынша көп ізденіп, көп төселгені байқалады. Сөйтіп, біраз межелерге қол жеткізгені сүйсіндіреді». Ал өлең-жырдың тамаша зергері Әбділда Тәжібаев: «Мен Қастек Баянбаев шығармашылығын бірсыпыра уақыт­тан бері қадағалап оқып жүрмін. Өз мүмкіндігін шебер әрі сәтті үйлестіре біледі. Ол үнемі іздену үстінде, үнемі өсі үстінде» деп жазыпты. Әрі қысқа, әрі нұсқа айтылған пікірлер…

Әлмисақтан сан мәрте қайталанған қағида: Балаларға арнап жазу – қияметтің-қияметі. Жаттандылау көрінетін осынау түйінді пікірдің астары да сан қатпарлы. Ақтарған сайын, аршыған ­сайын кенеусіз қазынаға, сарқылмайтын қайнарға жолығасың. Оның бастысы, кішкентайлар ойы мен түйсігін жан дүниеңмен сезіне білу. Балаша ойнап, балаша ойлау – қолына қалам ұстаған кез келген жанның абыройлы парызы. Осы жауапты міндетті ойдағыдай орындай алғанда ғана діттеген нысанаға қол арта аласың. Әйтпесе, бәрі де құр бекерге кеткені, яғни желге ұшқанмен барабар. Жеткіншектер жүрегіне ұялар жылы сөз оңай тумайды. Елең еткізер ойнақы да, ойлы өлең, тіл ұшына үйіріле кетер шымыр да, жұп-жұмыр тақпақ, ілкі мезетте қилы-қилы құбылыстарды ­бастан кешіргізер таңғажайып ертегілер, қиялыңды ұштар жұмбақтар мен жаңылтпаштар – қиыннан қиыстырар шеберліктің жемісі. Бірер мәрте естігенде, я болмаса оқыған бойда бала жадында ұмытылмастай жатталып қалатын туындылардың ғұмыры қашанда ұзақ. Кішкентайларды күлдіріп отырып ойландыратын, жайраңдатып отырып мұңайысқа түсіретін қарапайым да, жеңіл жыр жолдарынан құрылған екі-үш шумақтың көтерер жүгі зілмауыр. Әрине, қарапайым жазамын деп қарадүрсін қарабайырлыққа ұрынып жататындар да жиі ұшырасады. Ал олардың кардиограммадай сезімтал бала көңілін аудармайтын, селк еткізбес сылдыр сөздері ешқашан есте сақталмасы мәлім.

Қастек аға өнернамасы хақында қалам тербеп отырған кезде менің ойыма осыдан отыз жыл бұрынғы оқиға әлсін-әлсін орала бергені бар. Қанша орағытып, айналсоқтап кеткім келгенімен сана тұзағынан шырмалып шыға алсамшы. Еріксіз сол күйінде жаңғыртуға мәжбүрмін. Тақырып аясына қиысып тұрғандай. Ендеше сіз де назарыңызды аударыңыз, сүйікті оқырман.

Пәтерімізді кеңейтіп Алматының бір бұрышынан, бір тұсына көшіп барғанда құдайы көршіміз иманжүзді шүлдірлеген жастар боп шықты. Тойған қозыдай томпиған қос құлыншағы – бір қыз, бір ұлы бар екен. Үлкендері Динара оқушы. Шамасы екінші, үшінші сыныпта. Ақ шағаладай киініп мектепке бара жатады, я болмаса келе жатады. «Сәлеметсіз бе?..» деп жымыңдап тұрғаны. Ал Мараты әлі мектеп табалдырығын аттамаған ойын баласы. Күнұзақ өзі құралпы қарадомалақтармен аулада алысып-жұлысып жүреді. Міне, қызық! Жалғыз ауыз сөз қазақша қақпайтын әлгілер қыздарын қазақ мектебіне беріпті. О замандағы үрдіс бойынша таңғаларлық жайт. Күндердің бір күні есік тықылдатқан көрші келіншек қысыла-қымтырыла әрең тіл қатқан-ды. «Аға, өзіміз ана тілімізде сөйлей алмайтын болғандықтан қызымызды қазақ сыныбына берген едік. Алыстығына қарамастан қаланың бір шалғайындағы мектепке әкесі екеуміз кезектесіп тасып жүрміз. Оған қиналып та, ренжіп те жүргеніміз жоқ. Басымыздың қататыны – қазақша бір ауыз өлең, тақпақ білмейміз. Анда-санда мұғалімі пәлен тақырыпқа арнап тақпақ, не жұмбақ тауып, жаттап кел дегенде баламызбен бірге қатты қиналамыз. Ұят болса да соны сізге айтып, жағдайымызды түсіндірейін дегенім ғой. Айыпқа бұйырмаңыз. Бүгін Динараға туған жер, туған ел туралы қазақ ақындарының бір өлеңін жаттауды тапсырыпты. Соған көмектесіп жіберіңізші…» Бар гәпке көзім жеткен мен де тартыншақтамай, бейшара хал кешкен бауырларыма шама-шарқымша жәрдемдесіп жүрдім. Бірде Отан жайында, бірде төрт түліктің төлі туралы тақпақтар мен өлеңдерді тауып беремін… Тіпті ертегі, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды түрлі кітаптардан алдын ала аударыстырып іздейтінді әдетке айналдырдым. Әйтеуір, өз ана тілін білуге ынтызар қаршадай өжет қызға қол ұшын созу. Екі ауыз сөздің басын құрап, туған тілінде ойын толық жеткізе алмаған әке-шешесінің ғаріп күйіне жаным ашығандықтан…

Өстіп жүргенде кішкентай Динараның мұғалім апайы өте қиын тапсырма жүктепті. Күнделік-дәптеріне ескертпе ретінде: «Кремль туралы қазақ ақындарының бір өлеңін тауып, жаттап келу керек» деп әдемілеп жазып қойыпты. Әрі оңай, әрі қиын тапсырма. Өйткені, ә дегенде маған Москва, Кремль жайында жазылған дүниелер көп секілді көрінген. Жоқ, олай болмай шықты. Жөні дұрыс бір өлең тапсамшы. Бүкіл қазақ жатқа білетін Жамбыл атамның «Қызыл алаң», ­«Мавзолей» рәуішті әйгілі өлеңдерінің шумақтары тіл ұшына жетіп келе береді. Бірақ таза Кремль жайында емес. Өзіме есімі қанық үлкенді-кішілі біраз ақындардың кітаптарын сапырып, «Балдырған», «Пионер» журналдарын парақтадым. «Айналайын, Динаражан мына біреуін жаттап көр…» Әлсіздеу, қарабайырлау жазылған тақпақ-сымақты ұстата салуға дәтім бармаған. Осылай қиналып отырғанымда балалар басылымының бірінен ақын Қастек Баянбаевтың жеткіншектерге арналған шағын топтамасын ұшыраттым. Апыл-ғұпыл жанар жүгіртіп өттім. Неше күн сарылып іздеген өлеңімнің нақ өзі. Қуанышымда шек жоқ. «Бәрінен бұрын тілін жаңадан сындырып жүрген Динара қуанатын болды-ау!…» Екі-үш мәрте оқығанда-ақ жатталып қалған небәрі он төрт жолдық өлеңді ақ қағазға таспадай тізіп көшіріп, көрші балақайға бердім.

– Мінеки, «Кремль» дейтін өлең. Жақсы екен. Әдемілеп тез жаттап ал.

– Әйтеуір, таптыңыз ғой. Рақмет, сізге!

Сондағы балауса жүректің лүпілін көрсеңіз. Лағыл да, кәусар. Иә, баланы қуантқаннан артық бақыт болмайтын шығар, сірә. Бізге осындай мерейлі мезеттер сыйлаған Қастек ағаның тамаша тақпағы менің жадымда әлі қаз-қалпында жаңғырып тұрғандай. Өрісі кең ойлы өлең әсте ұмытылмайды! Бүгін оған көзім анық жеткендей. Жеті асқарға иек артсам да кезінде Динара балақаймен бірге жаттаған сол өлең жолдары көмейіме лықсып тығылғанын қайтерсіз:

Кремль жұлдызы
Жарқырап қарайды.
Сондықтан
Білемін,
Аспаным арайлы.

Жалауын қарашы,
Желпиді жерімді.
Сондықтан
Шамасы,
Отаным көңілді.

Куранты күмбірлеп,
Төрімде соғады.
Қасында тұрмын деп,
Ойлауға болады.

Жоғарыда мегзегендей, кіш­кентайлар қиялын шарықтатып көңілін өсіретін, ойын ұштайтын тәрбиелік мәні зор мұндай жырлар Баянбайдың өлең бағында көп-ақ. Бояу-бедері қою әрі қанық, жүлгелеп жеткізер ойы терең әрі тұнық өміршең өлеңдер мен ертегілердің қай-қайсысы да ойын балаларының айнала-төңірегіне зерделей көз салуына әсер етіп қана қоймай, өздері байқаған құбылыстардың мән-жайын білуге құштар ынта-ықыластарын арттырады. Адамгершілік сезімді аялап, қастерлеуге үйретеді. Үлкендерді сыйлап құрметтеуге, соңынан ілескен ізбасарларға ұдайы қамқор да адал пейіл көрсетуге баулиды. Адамдарды сүюмен бірге, табиғаттың тылсым сырларын жанашырлықпен танып-білуге үндейтін туындылардың салмағы да, маңызы да зор. Әсіресе, жасөспірімдер бойына патриоттық тәрбиені сіңіріп, ізгілік дәнін себуде қаламгерлерге жүктелер міндет айрықша биік. Көзге шұқымай, тәптіштеп бұйырмай, астарлап айтар талап-тілегін шуақты шумақтармен жеткізу, әрине, асқан қабілет пен шеберлікті талап етеді. Бұл ретте біз белгілі ақынның өрімтал өскіндердің талай буыны жаттап ержеткен, ­адастырмас құбыланамасындай бағдарға балаған «Бесік жыры», «Атай неге солақай?», «Ашық күн», «Белгісіз жауынгер», «Орындық», «Қолшатыр көтерген он батыр», «Жақсы мен жаман», «Менің анам», «Әжем туралы әңгіме», «Бір қоржын жаз», т.б. тәрізді хрестоматиялық туындыларын үкілеп атар едік. Сезім пернесін дөп басқан қоңыраулы өлеңдердің сыршыл сыңғыры құлақ түбінде әрдайым жаңғыра берері даусыз.

Әрине, бәрін бірдей шетінен көгендеп тізіп шықпасақ та, балғын оқырмандарын елең еткізген өлеңдерден үкілі үзінділер келтіргенді жөн санадық. «Теңіз дәмі – тамшысынан». Баянбайдың өлең-сандығында көпшілік талғамынан табылған көркем туындылар өте мол. Соның кейбіріне назар аударып көріңізші:

Семсердей сермеліп,
Сынғанмен батырлар.
Гүл болып тербеліп,
От болып лапылдар.
(«Белгісіз жауынгер».)
* * *
Сыртта қыс айтулы,
Күн суық.
Ал мұнда аңқиды,
Иісі алманың.

Басқалар береді.
Жай ғана базарлық.
Ал атам келеді,
Бір қоржын,
Жаз алып.
(«Бір қоржын жаз».)
* * *
Атамның баяғы,
Жаралы аяғы.
Жауынды күндері,
Ауырып қалады.

Таң атса күлімдеп,
Жүрегім дірілдеп,
Атама жүгірем:
– Күн ашық бүгін! – деп.
(«Ашық күн…».)

Сүйікті тақырыбына айнымас адал, балақұмар, қанағатшыл Қастек ақынның табиғатты, таза жыл маусымдарын тілге тиек еткен циклдарын жан-жақты талдамасақ та, бөлектеп айта кету лазым. Суреткер қолтаңбасын даралар мезгіл жырлары бүлдіршіндердің қағілез санасы мен елгезек ұғымына бейімделіп жазылған қылқалам шеберінің картинасындай әсер етеді. Өлеңмен өрілген сурет дерсіз. Құдды бір себезгілеп өткен ақ жауыннан кейінгі көк күмбезінде керілген түрлі-түсті кемпірқосақтай. Бала жанын әп-сәтте баурап алар, тіліне оп-оңай оралар маржан жырлардың молынан төгілуінің өзіндік сыры бар. Асқаралы биіктерге көтерілсе де төл оқырмандары біле бермейтін Қастек аға өмірбаянына тікелей қатысты қызықты әрі жұмбақ деректің ұшығын шығарайын. Емен-жарқын бір әңгіме үстінде Қасекеңнің өз аузынан естіген едім.

– Менің көңілімдегі әке бейнесі әлі күнге бұлдыр. Есімді білер-білместен соғысқа кетіп, содан оралмады. Асыл атам мен аяулы әжемнің құшағында өстім. Тағдыр тауқыметін белден кештік. Бірақ адам санасы жамандықты ұмытып, тек жақсылықты ғана сақтауға бейім келетін секілді ғой. Уақыт өткен сайын бала кездің кішкене қуанышының өзі үлкейе, үлкен қайғысының өзі кішірейе беретіні содан шығар. – Маған үнемі қатулы көрінетін ағаның жарлауыт қабағы жазылыңқырап, жүзі жайдары шалынған. – Айдынды Алакөлдің іргесінде, таулардың баурайындағы жасыл баққа оранған ауылым Талдыбұлақтың төңірегіндегі бұрқылдай атқылаған тұмаларын неге ұмытайын?! Солардың ішіндегі ең әйгілісі мұздай суы тісіңді сырқыратар Қаратұманың дәл көзінен кей-кейде түсімде етбеттей еңкейген күйі сіміріп жатамын. Балалық шағымның алтын бесігі емес пе. Әлгінде сездірдім. Атам мені жақсы көргенін жасырып кетсе, ақ әжем жалғанға жариялаумен дүниеден өтті. Мектепте оқып жүргенімде суретшілік өнердің соңына біраз түстім. Бұл әрекетіме әжем еш бөгет болған жоқ. Ақын-жазушылардың портреттерінен көшірме жасап, бөлме қабырғаларына қатарластыра тізіп, жапсырып тастайтынмын. Өзімше ұйымдастырған алғашқы авторлық көрмем іспетті. Сүйсінгені ме, әлде сынағаны ма, әлгі суреттерді көрген әжем: «Көздері қандай жаман еді мыналардың» деп теріс айналып кететін…

Осындай «табыстарына» ма­сат­тан­ған әуесқой суретші сегізіншіні тәмамдасымен-ақ тәуекелге бел буып, Алматыдағы атақ-даңқы жер жарған көркемсурет училишесіне тартады. Арнайы әзірліктен өтпеген, бейнелеу өнерінің әліппесінен мақұрым талапкер арманындағы білім ұясына тұяқ іліндіре алмайды. Әйткенмен де табиғатынан намысқой да, қайсар тастүлек қаршадайынан қабырға газеттері мен газет-журналдарға өлеңдер жазып тұратын қабілетін ұштауға біржола бет бұрады. Сөйтіп, сөз өнеріне, яғни көкейіндегі ойларын өлеңмен өрнектеп, қара сөзбен кестелеуге ден қояды. Сондықтан да болса керек, жаны суретші, ойы зергер ақынның жүрек домнасынан балқып шыққан туындылары әсем әдіптелген жаһұт жәдігердей сезіледі. Көзің де, көңілің де тояттайды. Мұның тағы бір құпиясын өз басым атадан дарыған қасиет деп топшылаймын. Қарғадайынан темір созып, ағаш жонған үлкен кісінің қалқасында өскен, қазақтың киелі кәсібіне көзі қанық Қасекең күні бүгінге шейін қаламнан қолы босаған қалт еткен тұста темірден түйін түйіп, ағаштан ою оятын әдетінен айныған емес. Қалалық жағдайда мүмкіндігі шектеулі бұл «хоббиін» ақын ағамыз әсте қоя алмас. Өйткені өлең мен өнер әманда егіз.

Балалар жанына үңілген жазушылардың дені ертек жанрында бақ сынап, өз таланттарын екшеп салмақтаған. Бірақ маңдай тердің ұдайы жеміс бермесі айғақты жайт. Жеткіншектердің жұдырықтай жүрегін желпитін әдемі де, әсерлі ертегінің тым сирек туатыны, міне осыдан. Аңызға бергісіз жақсы ертегіге зәрулік әлі де жалғасуда.Мұны жасырып, бүге алмаймыз. Осы орайда Қастек Баянбай қаламынан шыққан ертегілер назар аударарлық. Оқиға желісін нанымды өрбітіп, негізгі кейіпкерін тосын да, төтен жағдайларға түсіріп, қиын-қыстау сәттерде сынайтын ертегілері елең еткізеді. «Кірпі қалай ауырды?», «Акула мен Аққайраң», «Қоңыраулы қасқыр», «Үш тышқанның ұрлығы», «Жалмауыз жайын», «Ұмытшақ ұлу мен қайсар құмырсқа», «Өжет көжек», т.б. секілді ертектер төселген қаламның қарымы мен нақышты машығын айқын танытады. Шырайлы штрихтарға, қызықты детальдарға құрылған ойлы дүниелердің көбі көздеген нысанасына дәл тиіп жатқаны қуантады. Тәрбиелік мәні ерек бұл ертектерді балабақша ботақандарының аузынан естіп, бастауыш сынып оқулықтарынан оқып, мультфильмдерден тамашалап жүруіміз тегін емес шығар. Ненің қажет, ненің керек екенін қай кезде де рухани өресі биік қауымның талғамы таразылаған ғой. Ендеше, ғажайып туындыларымен «Балалар бағбаны» атанған ақын ағаның маңдайы ерекше жарқырап көрінсе керек.

Бұл ойымызды әр жылдары республикалық газет-журналдарда жарық көрген қаламдас әріптестердің көрнекті ақын Қастек Баянбай хақында шертілген сыр-лебіздері толықтыра түсетіні даусыз. Балалар әдебиетінің сардары Мұзафар Әлімбаев «Қаламын қадірлеуге мәттахам Қастектің ойлары өрнекті, сөздері тұщымды. Үлкен-кішіні бірдей баурап алады. Сөз қадірін жетік түсінеді. Тілінің мөлдірлігі ерекше ұнайды» деп қуана жазады. Сондай-ақ, Қадыр Мырзалиев, Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбаев, Әли Ысқабай, т.б. сөз танитын қаламгерлер жылы пікірлер айтқан…

Бірде шаттандырып, бірде үрейлендіріп, енді бірде ішек-сілеңді қатырып күлдіретін ертегілердің кейіпкері әрқилы қылықтарымен есте қалады. Сырқатына шипа іздеп орман кезген кірпі, араны ашылған қомағай қасқыр мен жалмауыз ала жайынның бастан кешкендері, алты құлаш акула мен оның қамқоршысы жарты құлаш аққайраңның достығы, жұмыртқа ұрлап күн көрген әккі тышқандардың әрекеттері балалар көңілінде ұзақ сақталып қалатын қызықты да тұщымды туындылар. Олардан ұзақ үзінділер келтірмей, ақынның жаңылтпаштары мен жұмбақтарының екі-үшеуін назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім:

Араның тісі қыши ма?
Баланың қолы қыши ма?
Ара тісі қышымаса,
Балаларды шағар ма.
Бала қолы қышымаса,
Ойыншығын шағар ма.
* * *
Кетпеннің басын басса,
Тиеді сабы басқа.
Ал егер сабын басса,
Тие ме басы басқа?
* * *
Шыңдары шырқау
Көшіп жүр бір тау.
(Түйе.)
Бөлменің көзі,
Көрмейді өзі.
(Терезе.)
Сақталады алты ай жаз,
Сандығымда сары аяз.
(Тоңазытқыш.)

Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері, отызға тарта кітаптың авторы Қастек Баянбайдың шығармашылық әлеміне тереңірек зер салған әркім-ақ, оның кең тынысты лирик екеніне көз жеткізері сөзсіз. Дәуір демін, уақыт үнін, тіршілік тынысын өзек еткен өршіл өлеңдері мен тереңнен толғаған тебіреністері қилы-қилы күй кешкізеді. Тым әріге бармай-ақ ақынның соңғы жылдар бедерінде жазған «Балқыған мыс табақтай тамыз айы», «Бауыржанның сәйгүліктері», «Біз қартайдық» тақылеттес топтамалары тегеурінді қаламгердің әлі де бәз-баяғы тұғырынан дабылды үн қататынын анық естір еді. Осыдан ондаған жыл бұрын қылпылдаған қылыш жасында жүрек лүпілін төмендегіше жеткізген:

Талай рет жаншылып денем менің,
Әлі есімде құлдырап жөнелгенім.
Өмірдегі ең қатты құлағаным –
Пенделікке дейін мен төмендедім.

Қайта тұрдым,
Шашылып жоғалмадым,
Қолтығымнан демеді мені арманым.
Өмірдегі ең биік шырқағаным –
Адамдыққа дейін мен жоғарыладым.

Лапылдаған алау жырдың жалын лебі ақын жанын мазаландырады, тебіреніске түсіреді:

Сүйе алмасам ештеңені, ешкімді,
Жүрегімнің онда соқпай қалғаны.

Бәрі-бәрі есте. Санада таңбаланған жақсы жыр жылдардың қанатына ілесіп, келешекке самғап бара жатқандай. Ой тұңғиығына сүңгіген, сұлу сөздің маржан мәйегін терген ақынның байсал шағындағы қанат қағысы да серпінді:

Шашымыз боз,
Бірақ әлі балаңбыз,
Айналаға іңкәр көзбен қараймыз.
Айлы кешті аппақ сүтке теңесек,
Сары күзді сары алтынға балаймыз.

Жыр әлдилеген ояу жүрек жақсылықты дәріптегіш. Өмірде, қоғамда ұшырасып жататын оғаш әрекеттерді әшкерелейді. Бетің бар, жүзің бар деместен қасқайып қарап тұрып отты өлеңімен қанын сорғалата тілгілейді. Заман ыңғайына қарай құбылып, уақыт ығына орай жығылар түлкібұлаңдар мен жағымпаз ­жылпостарды, өтіріктің сорпасын сапырған өсекшілер мен уәдесінен безген екіжүзділерді, еңбексіз тапқан арам пұлдарының бағасын аспандатып бағалап жүрген екі асар алаяқтардың мағынасыз істеріне көзжұмбайлық жасай алмайды. Еріксіз қаламға жүгінеді. Кешегі кеңестік пиғылмен сусындаған, атақ-даңқ үшін абыройы мен адамдығын сатып түрлі жылтырақ пен марапат куәлік қағазын жинаған, пасық пысықтықпен біреудің еншілі үлесін аузынан жырып, тартып алып омырауына қадағандардың қылықтарын өлтіре сынайды. Қайтсін, ақында ақиқат сөзден басқа қару жоқ қой. Төмендегі жыр жолдарын бірігіп оқиықшы:

Күнде білек сыбанып,
Күресумен өтті өмір.
Қалта толы куәлік,
Кеуде толы көк темір.

Қағаз қалды бұрқырап,
Терідей ит сүйреткен.
Көп темірден жылтырақ,
Қайырлы екен бір кетпен.

Өмірдің ащы шындығын Қастек ақын осылайша өлеңмен әшкерелей түйіндейді. Мұндай семсер шумақтарды көптеп кездестіруге болады.

Туған жердің сарқылмайтын қайнарынан қанып ішкен ақын-жүрек қанаты талмас жұлдызды жырлар ұшыра бергей! Талдыбұлақтың тастүлек жыр сұңқарына жеткізер тілегіміз де осы

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

3 - Қараша, 2016 ж

author

Жанат Елшібеков

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...

Өнер

Қазақстанның тұңғыш Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына 120 жыл толуына орайластырылған мере...