Аббас Киаростами (пер. عباس کیارستمی; 22 маусым 1940, Тегеран - 4 шілде 2016, Париж) - ирандық кинор...
Сурет те бір қараса – қайғырып, бір қараса – жымиып тұрмаса несі өнер?!
Жәнібек Әлиман:
Мұхтар Әуезов қайбір жылдары көрші республикалардың біріне үлкен мәжіліске барып, баяндама жасағанда, художник сөзін тап осылай баламасынсыз қолданғанын оқығам бір жерден. Өзбектің, яки әлдебір басқа ұлттың өкілі сонда «қазақта художник сөзінің баламасы жоқ па?» деп қағытты ма екен, таң қалды ма екен, ол жағы тағы белгісіз. Мұхаң Қазақстанға, атақты аудармашы Ісләм Жарылғаповқа қоңырау шалса, ол кісі бір күн мұрсат сұрап, ертесіне айтыпты жауабын. «Суреткер!» деп аударыпты. Қалай дөп түскен?! Ең ұлы суреткер Тәңірінің өзі ғой. Сөз иесіне берілген ең үлкен баға – суреткер. Сөз жанды бейнеге айналғанда ғана өнер. Сурет те бір қараса – қайғырып, бір қараса – жымиып тұрмаса несі өнер?! Адам аузынан шыққан үннің өзі ауаға бояу болып сіңетіні айтылып жүр. Сыйқыр ғой. Сурет сырын ашу, сөздің сыйқырын оятудың мәнісі бір-бірінен алшақ кетпесін біледі ел. Соған қарағанда, қолға алынған «Сөз бен сурет» – қулықтың төбел құлынындай келісті-ақ жоба.
Сәтімен аяқталсын!
Күй кешінен репортаж
Оркестрдің концертіне барамын,
Ән сертіне, жан сертіне қанамын…
Он бесінде ыңыранып туған Ай,
Өлмес үнге құлақ түріп, нұрлы арай.
Желмен ескен боз даланың жұпарын
көкірегіме тұтамын.
Бұғауынан босап кетіп қаланың!
Жасаураған жүрегіммен мен осы
Боз дала боп кеткім келіп тұрғаны-ай.
Сөз ғана боп кеткім келіп тұрғаны-ай!
Жұмыр қылыш тұтып алған айнала
Күй деген ол мәңгілік қой қайда да…
Ми деген ол сезім келіп қаппаса
Бозінгенін таппаса
Быламық-ау жай ғана…
Сана жетсе, сезім жетпей серт өлді
Сезім жетсе, сана жетпей өртенді…
Бір ызғырық қарып өтіп желкемді.
Түйсігімнің қопарылып түбінен
Жалт ойнады арғы бетте түнімен
Қапелімде сөнді барып нұрлы ақыл.
Мені бетке ап келе жатты кектеніп,
Арғымағы алп-алп басқан бір батыр
Семсерімен қыл мойнымнан кетті орып.
Тұла бойдан қан емес-ау жас ақты
Жетім жүрек жарыларға шақ қалып...
Орып түскен қылыш үні сондағы
Бассыз жанның долбары...
Қайырылып қарамадым, себебі,
Бассыз кетіп барады екен ол-дағы...
Өкінемін мен қалай?
Жонда қалған мисыз жүрек – мен құсап
Келмеді іздеп сол батырды толған Ай…
Он бесінде күңіренткен жалған-ай…
Арылу...
(С.Сағынтайға)
Жанымды қоятын жер таппай...
Қонатын ел таппай,
Қара түн – қайғыны хат қылып,
Баратын жерімді Хақ біліп...
...Абылды қоятын жер таппай,
Қабылдай қайғыдан күйредік,
Қарғадан үйреніп,
Қарғадай жиреніп,
Көрге әкеп тыққанмен бауырды,
Күнәні жерлеуге шарам жоқ,
Алдайтын күш қайда Тәңірді?..
Ішімнен қайғы жеп,
Жанымды
Ап қашқым келеді басымнан...
Бауырмен қоса өзін жерлеген
Қабылдай қайғылы мен деген
Жасырман...
Ми тергеп,
Сең соғып, күй тербеп,
Бейкүнә Абылдай,
Қанжұтқан қапалы Қабылдай,
Қарғадай ұсқынсыз – өмірдің
Түсінен жазу боп бөліндім
Күшімен Тәңірдің...
Жазудан арылдым,
Жазудан жаңылдым...
Бір таңба басқаннан:
Мақшардан
Аяндай бақсы алған...
Көк қошқар түссе де аспаннан,
Жанымды ап қашты арман...
Өрнек сап, түр салып,
Өзгеше оянған бір шабыт,
Жазылған жаңа хат –
Алла мен жүректің арасы –
Қас-қағым замат-ақ!
Аяқсыз, басталған…
***
Күздің алғашқы жапырақтары –
Бояу ма екен таусылған сәл шыдамы,
Жерге сіңген ғарыштық тамшыдағы,
Атыраптың сәулелі ағыстары,
Күннің көзі, аспанның жан шуағы,
Көктің тұңғыш баласы көктем нұры,
Тетесі жаз ғашығын өпкен күні,
Алты ай жазғы қайғы бар, қуаныш бар,
Толас таппай ұзаған шуы алысқа...
Қуаныштар шадыман жүр-ау бақта,
Қайғы арқалап кетті екен кім аулаққа?
Соның бәрі ауа боп тұнды ма екен,
Жоқ, жел айдап жыраққа қуды ма екен?
Түні бойы тыншығып – таң нұрымен,
Таң нұрымен жандасып барлығымен
Жапырақта жалғыз шық дір-дір етер:
Тал бойынан өтетін бар қасиет...
Дүниенің қайғысын, қуанышын,
Жапыраққа – қойғандай жанға сүйеп...
Күз салқыны тигенде алғаш рет!
Салқында да ес жоқ-ау сірә, тіпті,
Жапырақты кім сонда жұбатыпты?!
Ауа даусын, суретін өшкіндеген,
Мың бояумен жалғыз сол кескіндеген...
Оны, бірақ мән беріп кім оқыпты?
Алты ай жазда не болды көргің келсе,
Жапырақты – оқи сал уақытты...
Күздің алғашқы жапырақтары!
***
Ол келгенше басталмаған ештеңе...
Оянғанда, күндіз, түнде, кештеде.
Тілсіз әлем тұра берген тұнжырап
Өткен-кеткен түспегендей еске де...
Тар арнада ақындық та тулаған,
Даламда ана батырлық та тумаған.
Қуаныш та шаттық ертіп келмеген
Қасірет те көкіректі улаған...
Іңір солай тұра берген іңір боп,
Жарытып па күйкі тірлік ғұмыр боп?..
Жас баласын жақсылыққа жұмсаған
Қарт анасы күтпегендей күлімдеп...
Бәрі орнында өтіп жатқан – жат, өгей,
Адаспаудың өзі кейде қате ғой?..
Ай да туған, Күн де шыққан ақырын
Суық нұры салқын қабақ әкедей...
Қауырсынды қан нұрына матырып,
Болса да ақын жазбағандай аһ ұрып.
Көгершіндер көңілдерден бұрқырап
Қанатына ұшпағандай хат іліп...
Мейірімге шөлдемеген қаталап –
Ой үнінде тілдеспеген – жат алап...
Алыстаған мен шығармын... сен емес
Сен емессің мисыз жүйрік Махаббат…
***
Жас ағады аулақта...
Абай
Сен мені табалай бер,
Осылай білгенінше шамалайды ел.
Төбеңнен аспан құсап төңкерілсем
Қарамай көр!
Солай ғой – сеңгір өлең,
Қарғам-ай, не тілейсің енді менен...
Әлі күн естігем жоқ жан баласын
Басына аспан құлап өлді деген.
Барлығы үйреншікті, ә?
Күн шыға жердің тәнін сүйген шық та...
Жалғанға ақын көзбен қарашы өзің
Үйден шық та...
Болмаса... қаралай бер,
Кей-кейде сезесің бе, қарамай көр:
Осынау дүниені бауырына ап
Өксиді, елжірейді баладай жел...
Өмір...
Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,
Соғатын күзде, соғатын ерте көктемде ол.
Өмір ғой дейсің өткен күн, келер уақытты
Өмір дегенің – ақылың, ойың жеткен жер...
«Сағындым, жаным» дегенің естен кетпей бір,
Ғашық екенсің сағынышыңнан да көктей біл.
Бабамның кеше далалық миы жеткенге
Оқыған менің қалалық миым жетпей жүр...
Қанымда күллі сағыныш сырлы ән қалқып,
Жанымның одан қалмапты жері саутамтық.
Алысты болжап білетін ақыл-ес бермей,
Кеудеме менің жүрек беріпті тарпаң қып.
Өктемси соқпай өкпеге тиген өкпек жел,
Мазамды ап бітті мезгілсіз келген көктемдер.
Сезесің бе осы шын бақытты емес бәрі бір
Ой-арманына қапысыз жүріп жеткендер...
***
Ақ қанат қар,
Тұлдыр жатқан төсейді баққа мақпал.
Күллі әлемнің күнәсін бүркей салып,
Жұмыр жерге жеткізер Хақтан ақпар.
Сыз жүрегі –
Күзді кері тастауға үздігеді.
Аппақ болып тусақ та,
Тосар алдан
Қарауытқан дүние бізді үнемі...
Кеткен есі,
Риясыздық ақ қарда жоқ демеші.
Сезімдерге тұратын ерік беріп
Күнәһарлау сенен де көктем осы.
Көбелектей,
Жауған қарды көр кәне өлең етпей.
Мені жалған дүние жалықтырды
Сені тағы алмады жер өбектей.
Ақ қанатым,
Менен гөрі сен едің Хаққа жақын.
Дүние – есеп, шешімін таба алмай дал
Өлеңінің ұйқасын тапқан ақын.
madeniportal.kz