Поэзия – адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі. Поэзия - жабырқаған...
Салауат Кәрім. АҚШ поэзиясы мен ақындары
Фото интернеттен
немесе Уолт Уитмен және Американы бір табан жақындатқан Мұқағали ақын
СССР мен АҚШ арасындағы 1962 жылғы Кариб дағдарысы өршіп, жер жүзі жаһандық ядролық жойылудан аман қалғанмен «қырғи қабақ соғыс» ызғары есіп тұрған кез болатын.
Көп жылдарға созылған текетіресті бәсеңдету үшін анда- санда өнер, музыка және әдебиетті араға салып, өзара мәдени қатынастармен алмасып, жылы шырай білдіріп, екі ел үкіметтері мен басшылары «екі ел халқы бейбіт өмір сүргісі келеді» деп тынышталған.
1969 жылы американ ақыны Уолт Уитменнің 150 жылдығы қарсаңында КПСС пен СССР Үкіметі қарсыласы АҚШ-на қатысты осындай ишарат білдіреді, СССР Жазушылар одағына тапсырма беріледі, ал мәскеудегілер Қазақстан Жазушылар одағына таңдауы түседі, содан Мұқағали ақынға тапсырылса керек, мүмкін ақынның өз қалауы болды ма екен. Сол 1969 жылы қазақтың талантты ақын ұлы Мұқағали Мақатаевтың Уолт Уитмен поэзиясын aудaрғaн шaғын жинaғы «Жaзушы» бaспaсынaн жaрық көреді.
Қазақ ақындарының таңдалуы да тектен тек емес, қазақ поэзиясы тарихында көне түрік поэзиясының, халық ауыз әдебиетінің эстетикалық мұраларында, бертін келе Асанқайғы, Қазтуған, Шалкиіз Бұқар жырау ақындардың бірлік, еркіндік, азаттық аңсаған жырларымен, Дулат, Шортанбай, Мұрат, Нарманбет ақындардың колониялық озбырлық, заман, қоғам, адам туралы философиялық және дидактикалық толғауларымен, 19 -ғасырда ағартушы, ақын, философ Абай Құнанбайұлы әлеуметтік, қоғамдық, моралдық –этикалық ағартушылық поэзиясы дәстүрінде қалыптасқан, өткен ХX ғасырдың басында талантты өкілдері қуғын сүргінге ұшырап, екінші жартсында қайта түлеген ұлттық поэзия еді. Қазақ поэзиясы қазақтың ар – ожданы болатын, ұлт болмысының, тарихының, оның жан дүниесі мен қасиет құндылықтар көрінісі, құнарлы қазақ тілі нәрінде жетілген, идеялық көркемдік жағынан еуропалық деңгейдегі, қазақ ақындары орыс, еуропа мен шығыс поэзиясының әжептәуір бөлігін тәржімалаған ұлттық поэзия болатын.
Американың ұлы жыршысы
Уолт Уитмен
Мұқағали Мақатаев: «Иә, Америка — Уитменнің отаны. Ол — Американың ақыны. Өз отанын жан-тәнімен сүйіп, жырлап өткен. Өзінің қарапайым отандастарын ақиқат пен адамгершілікке, адал демократияға үндеген ақын» деп жаса, ал филология ғылымдарының докторы, профессор Әнуар Сауатұлы Тарақов «Уолт Уитмен поэзиясы» мақаласында: «Уитмен жырының тaқырыбы сaн aлуaн. Тaбиғaт тa, мaхaббaт тa, туғaн жерге, елге, сүйіспеншілікте, әлеуметтік, сaяси, aзaмaттық лирикaлaр дa бaр. Сондaй өлеңдердің бірі – «Для тебя, демокрaтия» – «Демокрaтия сен үшін». Мұндa Уолттың aзaмaттық aсқaқ үні aйқын. Адaмзaтқa демокрaтияны қорғaуғa жaр сaлып тұрғaндaй:
Вот я сделaю всю сущу неделимой,
Я создaм сaмый великолепный нaрод из всех озaряемых солнцем.
Я создaм дивные стрaны, влекущие к себе, кaк мaгниты.
Сплоченные любовью товaрищей,
Дерзновенной любовью товaрищей [2, 120]. К. Чуковский
М. Мaқaтaев тәржімaсы:
Көресіңдер, бөлінбейтін етемін мен құрлықты,
Бәрін жинaп, бұрын болып көрмеген, жaсaймын хaлық бір мықты.
Керемет бір ел жaсaймын aрaсынaн қыл өтпес,
Біріккен ниеттестердің, ықылaстың ерлік мекені [3, 10].
Аудaрмaдa «күнмен нұрлaнғaн», «ең тaмaшa» тіркестері орнынa «бір мықты» деп хaлық сөзіне ұтымды aлғaн. «Бірін-бірі мaгниттей тaртaтын» деген бейнелі жолдaрдың орнынa «aрaсынaн қыл өтпес» деген қaзaқы бaлaмaлы тұрaқты тіркеспен берген» - деп жазады.
Уолт Уитмен - америка демократиясының поэтикалық көрінісі, АҚШ поэзиясы негізін қалаушылардың бірі, өлең құрылысын өзгерткен реформатор, адамзат бауырластығы, сүйіспеншілік туралы оның өлеңдері әлеуметтік теңсіздіктер шекарасын қирата бұзды. Оның «Шөп жапырақтары» (ағылш. «Жасыл жапырақтар») құлдық санаға қарсы күрестің, бостандық пен әділдіктің, адам рухы қуаттылығын жырлайтын поэзия. «Шөп жапырақтары» атты басты кітабы демократия идеясы мен оның идеалдарына құрылған, жоғарыда мысал еткен Мұқағали Мақатаев тәржімаларынан көруге болады.
Уолт Уитменнің «Емен көрдім» өлеңін Мұқағали әуенге, ырғақ пен ұйқасқа құрып, еркін құрылысын сақтап жеткізеді:
Луизианда емен көрдім,
Бұтағынан мүк салбырап,
далада тур серіксіз,
Күңіренткен жапырағы сылдырайды еріксіз.
Майсыпайтын бұп-бұжыр, қайсар менен аумайды,
Уа,ғажап!
Жапа-жалғыз қалай өмірін жалғайды?!
Тіпті алаңсыз, жапырағына
жан береді, қаулайды, - өлең жолдары, екі ақын сырларының да, жырларының да ұқсастығын байқатады, мұңды жан сезім, ішкі сыр мен терең ой Мұқағали ақын жанына да, оның шығармашылығына да жақын еді.
Профессор, филология ғылымдарының докторы Әнуар Сауатұлы Тарақов: «Ақынның «Шөп жaпырaқтaры» жинaғы ізгілікті рухтa жaзылғaн, aдaмды, aдaмзaтты сүюдің жaрқын мұрaттaрынa құрылғaн. Уитменнің қaрaпaйым еңбекші хaлықпен етене aрaлaсуы өмірді терең білуіне, әлемді поэтикaлық сезінуіне ықпaл етті. «Шөп жaпырaқтaры» толық мәтінімен 1855 жылы жеке жинaқ болып шықты. Екінші рет 1860 жылы бaсылғaнымен, соғыс қимылдaры бaстaлып кетіп, кітaп тaрaтылмaй, бaспa шығынғa бaтқaн. Ақынның көзі тірісінде кітaп 10 рет қaйтa бaсылып шыққaн. Уитменнің кітaбынa Англиядa дa, АҚШ-тa дa көрнекті әдебиетшілер қарсы дұшпaндық пиғылмен қaрaды. Алғaшқы оңды пікірді «Норт aмерикaн ревью» журнaлы жaзды. Кезінде тaнымaл әдебиетші Эдвaрд Хейя «Уитмен жырлaры өзінің тосындығымен, қaрaпaйымдылығымен және шынaйылығымен ерекшеленеді» деп жaзды. Ағылшын aқыны Д.Г.Россетти Уитменді «Америкaның ұлы жыршысы» деп aтaғaн. «Шөп жaпырaқтaры» әдеттегі нaқылдық түрдегі aрнaу өлеңдермен бaстaлғaн. Уитмен тіпті толығымен көне поэтикaлық жaнрлaрдaн, aтaп aйтқaндa одa, бaллaдaдaн т.б. бaс тaртты.
У.Уитменнің поэзиясы күрделі, өлең өлшемдері өзгеше прозa сөйлеміндегі ұзыннaн ұзaқ бір жолғa жетеді. Оны сол қaлпындa aудaру қиын. Бaсты қиындық түпнұсқa үлгісінде қaлсa, оқырмaндaрдың түсінуіне aуыр тиеді. Мұқағали Мaқaтaев осы қиындыққa өзінше тәржімaлық тәсіл іздедеді» - деп жазады.
Үш ғасырлық АҚШ әдебиеті мен поэзиясы
АҚШ көркем әдебиетінің тарихы Еуропа мен Азия елдері әдебиеттерінің тарихына қарағанда едәуір қысқа болғанымен Марк Твен, Джек Лондон, Теодор Дрaйзер, О.Генри, Уильям Фолкнер, Джемс Фенимор Купер, Фрэнсис Скотт Фицджеральд, Рэй Брэдбери, Эрнест Хемингуэй, Маргарет Митчелл, Джером Дэвид Сэлинджер, Джон Стейнбек, Стивен Кинг және тағы басқа АҚШ қаламгерлерінің шығармаларын жер жүзінде жақсы біледі, олар ең басына адамды, оның өмірі мен тағдырын, сезімдері мен толғаныстарын, құқықтары мен бостандықтарын суреттеген көркем әдебиет жасады.
АҚШ әдебиеті идеялық – көркемдік, эстетикалық ерекшелігімен, жанрлық көпқырлығымен әлемдік мәдениет пен әдебиеттің авангардына айналды. Қазір де ХХІ ғасырдың басында әлемнің басқа елдеріне қарағанда әдеби көркем шығармалар көп жазылатын, көп басылып, шығарылатын ел.
Осыдан екі жүз қырық тоғыз жыл бұрын ежелгі тарихи дәстүрлерімен, не ғасырлар жалғасып жатқан мәдени дәстүрлерімен аса мақтана қоймайтын жаңа құрлықтағы «Жас ел», ағылшын құлдығынан он үш колонияның Конституциялық бірігуінен 1776 жылғы 4 шілдеде мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған - Америка Құрама Штаттары әлемдегі ең жоғары дамыған мемлекет, ең алпауыт держава, жер жүзінде демократия идеалдарын жүзеге асырған ел, Америка Құрама Штаттарын «өркендеу мен шексіз мүмкіндіктер мекені» депте атайды.
«Америка Құрама Штаттары» атауы 1776 жылы 2 қаңтарда Джордж Вашингтонның көмекшісі Стивен Мойленнің подполковник Джозеф Ридке жазған хатында тұңғыш рет қолданылды, С.Мойлен Испаниядағы революциялық соғысқа көмектесу мақсатында «Америка Құрама Штаттарының толық және жеткілікті өкілеттіктерін» алып келуге тілек білдірді» делінген. «Америка Құрама Штаттары» атауы Уильямсбергте (Вирджиния штаты) 1776 жылы 6 сәуірде «The Virginia Gazette» газетіндегі мақалада алғаш рет ресми жарияланады. Сондай-ақ Джон Дикинсон 1776 жылғы 17 маусымда дайындаған Конфедерация баптарының екінші нұсқасында (АҚШ-тың алғашқы конституциялық құжаты): «Бұл Конфедерацияның атауы «Америка Құрама Штаттары болады» деп жазылған. 1777 жылдың аяғында мемлекеттерге ратификациялау үшін жіберілген Конфедерация баптарының соңғы редакциясында: «Бұл Конфедерацияның атауы «Америка Құрама Штаттары» деген сөйлем жазылған. 1776 жылы маусымда Томас Джефферсон Тәуелсіздік декларациясының бастапқы жобасында «Америка Құрама Штаттары» деген тіркесті бас әріптермен және қысқартылған түрінде (ағылш. The United States of America, қысқартылған АҚШ. ағылш. USA, U.S.A.) жазды.
Енді АҚШ поэзиясына келсек, XVIII және XIX ғасырдың басында ағылшын және еуропа поэзияларының ықпалынан сытылып шыққан поэзия, нақтырақ айтқанда американ ақындары қазіргі ағылшын тілінің негізі ағылшын – саксон тілінен (ағылшын поэзиясы (өлеңдері) бастапқыда латын тілінде, содан кейін британ тілінде (ескі уэльс және ирланд тілдерінде) жазылған, болжам бойынша, британ тілі - VI ғасырдың басында пайда болған, ал қазіргі ағылшын тілінің негізін қалаған ағылшын-саксон тілінде сақталған өлеңдер VII ғасырға қатысты болуы мүмкін, сондықтанда ағылшын поэзиясының шығуын VII ғасырдың ортасы дейді ғалымдар) бөлек поэтикалық идиомалық ерекшілік жасап, АҚШ поэзиясын жариялады.
Содан бергі үш ғасырлық тарихында АҚШ поэзиясы идеялық және формалық ізденістер нәтижесінде реалистік, гуманистік поэтикалық дәстүрлері қалыптасқан, поэтикалық мәтіні, яғни өлең құрылысы еркіндігімен көркейіп нығайған поэзияға айналды.
Америка ақындарына фотоколлаж
Теңіз капитаны, тұңғыш АҚШ газеттерінің редакторы, Филадельфиядағы «Нэшнл газетт» басылымында Джордж Вашингтон саясатын қатал сынап, Джефферсон саясатының жақтаушысы болған ақын Филип Френо АҚШ мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған күндері: «Ұлттық саяси тәуелсіздік пен әдеби тәуелсіздік дегендер мүлдем басқа нәрселер. Біз жеті жыл ішінде біріншісіне қол жеткіздік, ал екіншісіне, жеті ғасыр ішінде жетеміз бе» - деп жазады. Френоның мұндай пессимизіміне негіз бар еді, ескі әлем ықпалынан арылу, ағылшын поэзиясы мен оның дәстүрлерінен шығу, өзіндік американдық поэзияны туғызу оңай емес болатын. «Бұрын-соңды болмаған американдық мәдениетті жасау, сол кездегі қоғам алдында тұрған орасан зор міндет еді, ол мәдениет қандай болу керек, оны алдымен сипаттау, түсіну, олардың негіздерін қалыптастыру және әрі қарайғы жұмыс бағыттарын анықтау әлде қайда қиын еді» - дейді зерттеушілер.
Орыс ақыны Иосиф Бродский «ХХ ғасырда американдық поэзия орыс поэзиясымен бірге әлемдегі ең бай және ең күшті поэзия» деп пікір білдірді және «белгілі себептермен орыс оқырманы одан 1970 жылдардың аяғына дейін қол үзіп қалды» дегенді.
Америка рухы, өзін - өзі танудың үлгісі, әлемдегі өзінің миссиясын түсіну, АҚШ тәуелсіздігі мен бостандығы үшін күресі, мемлекеттік тарихы американ поэзиясынан көрініс тапты.
Ағылшын колониясы кезіндегі АҚШ поэзиясы
XVI ғасырдың аяғында жаңа материктің ашылуымен Британияның Америка құрлығымен қарым- қатынасы күшейте түсті, қоныстанушылар (колонистер) жаңа жерлерде колониялар құрды, ол жерлерде жаңа өмір басталады.
«Алғашқы ағылшын колонияларында жазылған өлеңдерден АҚШ поэзиясы басталды, ағылшындар қоныстанған жерлерде пуритандық ізгілік салты мен дәстүрлеріне жазылған шығармаларда қоныстанушылардың тәуелсіздікке деген ұмтылыстарын көруге болады.
Сол кезде американдық ақындар деп атауға болатын 14 ақынның болғанын, олар Америкаға келіп, жаңа жер туралы өлеңдер жазған. 1616 жылы жарық көрген Капитан Джон Смиттің қаһармандық жауынгерлігін сипаттайтын «Куәлік-өлең» деген шығарма (Barbour, «Шығармалар» баспаханасы) және Уильям Морреллдің «Жаңа Англия туралы» өлеңдерін айтуға болады. Бұл шығармалар жаңа құрлық ауа-райын, алғаш қоныстунушылардың материк табиғатын суреттеген өлеңдері болған, ал Эдвард Тейлор (1645-1729) деген ақын пуритандық ізгіліктер туралы жоғары деңгейдегі метафизикалық (философиялық) стильдегі өлеңдер жазған.
Энн Брэдстрит (1612-1672) ағылшын тілінде діни және саяси тақырыптарға, сондай-ақ отбасы, отбасылық өмір, отбасы махаббаты және әйелдің күйеуіне деген ыстық махаббаты туралы нәзік өлеңдер жазған, 20 - ғасырға дейін ол өлеңдері жарияланбаған, тек өткен ғасырда кеңінен таралды.
1650 жылға дейін Америкада (Ипсвич, Массачусетс немесе Солтүстік Андовер, Массачусетс шаттарында) Жаңа әлемді (Американы) сипаттайтын поэтикалық шығармалар ішінде Энн Брэдстриттің «Оныншы музасы» Лондонда басылып, Америкада таратылды, яғни Америка ашылғаннан бері жаңа жерді игеру ағылшын қоныстанушылары, оның байлығы мен игілігін пайдаланушылармен қатар «Американы суреттеу, оны көркем жазу және кәрі құрлыққа жеткізуде поэзияның өзіндік миссиясы болды» - дейді тарихшы ғалымдар.
Теңдік поэзиясы: адам құқықтары мен бостандықтары
Американдық ақындар бұрын да, қазір де жергілікті жер иелеріне қатысты колонизаторлық саясат озбырлыққа, қанаушылыққа және геноцидке құрылғанын, жергілікті мәдениеттің үлкен қабаты жойылып кеткенін жазудан тайсалған емес.
XVIII ғасырда американдық өмір сүру салтына, мәдениетіне сыни қарау тұсында ақын жазушылар жергілікті халыққа жанашырлық танытып, оларды білуге, тануға ұмтылыс көңілін баурап алды. Бұндай тенденция жоғарыда айтқан Филип Френо (1752-1832) өлеңдерінде орын алды, ақын жергілікті адамдардың ішкі жан дүниесін, өмір тіршілігі туралы жазды.
Атлант мұхиты арқылы колонизаторлар қара құлдарды Америка құрылығына өздерімен әкелді. Америка тарихының алғашқы онжылдықтарынан бастап нәсілдік қақтығыстар басталды. XVIII – XX ғасырлардан бастап, Америкада қара нәсілдер мәселесі көркем әдебиетте, поэзияда өзектілігін жоймады, 20 - ғасырда тіпті биік деңгейге көтерілді. Америка құрлығында мұхиттың арғы жағынан ауған африкалық аңыздар, астарлы әңгімелер мен әндер, африка өкілдерінің мазмұнды ауыз әдебиеті құлдарға арналған жатақтарда, содан кейін үлкенді және кішілі қалалардың «түрлі-түсті» маңында жалғасты, жаңа тақырыптар мен бейнелермен байытылды, рухани және көркемдік мәнін жоғалтпады.
Жалпы американдық поэзия тарихында АҚШ –тың бірігей ұлттық құбылыс ретінде қалыптасуына Филлис Уитли өлеңдері туралы айтылады. Жас кезінде Филлисті Африкада құл иеленушілер ұрлап әкетеді, құлдыққа сатады, дегенмен қожайындары Филлистің білім алуына, оның жетілуіне көмектеседі, поэтикалық шығармалары, әсіресе дін және мораль тақырыптарындағы 1773 жылы жарық көрген поэмалар жинағы (Poems on Various Subjects, Religious and Moral) оның бостандыққа жеткізеді.
Американдық ақын Карл Сандберг жергілікті халық фольклорына деген қызығушылығын жасыра алмады, халық поэзиясының үлгілерін жинайды, 1827 жылы «Американдық әндер кітабын» шығарды.
Сондай -ақ Генри Лонгфеллоның құлдар тақырыбына арналған: «Құлдың арманы», «Жебе мен өлең», «Ауыл ұстасы» атты өлеңдері жарық көреді, 1841 жылы лирикалық жинағы жарияланып, оған «Эксельсиор», «Құлдық туралы поэмалар» атты өлеңдерінде ұлттық намыс, мінез бен рух қайсарлығын суреттеумен ерекшеленеді.
Жазушы, ақын, публицист Сұраған Рахметұлы 2012 жылы «Уақыт, тағы да поэзия хақында» мақаласында: «Ал, тағы да Американың бір ұлы ақынын мысалға алайық. Хэнри Уодсуорт Лонгфелло (Henry Wadsworth Longfellow) (1807-1882) Мейн өлкесінде Портландда дүниеге келген. «Мұхиттың арғы жағы» атты тұңғыш жинағы 1831 жылы, соңынан «Түн түрені» (1839) атты жинақтары жарық көрген сәттен кейін атақ-даңқы арта түскен. Америкадағы азамат соғысы жылдарынан сәл бұрын оның «Эвангелин» (1847), «Хиавтата» (1854) туындылары оқиғадан бұрынғы тұрмыс жағдаяттарын кестелейді. Х.У. Лонгфелло ұлы суреткердің бір сәтті одасы – ортағасырлық ағылшын шайыры - әлем поэзиясының марапаты – «Алтын жапырақ тәжіне» ие болған Жеоффрей Чосердің (Chaucer) (1340-1400) туғанына 500 жыл толу құрметіне арналды:
Қарт ақынның үйі тұр
Қалың ағаш – арасы.
Жауһар сәні жиі тым,
Аңшы кейпі жарасым.
Дәліз іші – көгілжім,
Сәнді жаздың күніндей.
Шайыр Абыз көңілді
Аңыздың хаһ піріндей.
Қауырсынды қаламы,
Қағазына байланып.
Шабыт шегі жаңалық,
Жата алмады жайланып», - деп Г. Лонгфелло өлеңін өзінің ғажап аудармасымен қоса береді.
АҚШ-тың ең ірі ақындары Г. Лонгфелло, У. Уитмен және Р. Фрост жергілікті халықтың ішкі табиғаты мен салт дәстүрлерін, өмірлік таным түсініктерін, олардың теңдік, бостандық армандарын поэзияға айналдыруға күш салады, бұл американдық идеалдармен ұштасып, АҚШ поэзиясында берік орын алды.
АҚШ ақындарының антологиясы
ХIХ ғасырда АҚШ әдебиеті мен поэзиясының негізін қалаушылардың бірі Эдгар Аллан По өлеңдерінен гөрі бүгінде оның прозасы жиі оқылады, бірақ соған қарамастан оның ақындық қаламынан туған ең танымал «Қарға» өлеңі әлем елдерінің елуге жуық тілдеріне аударылды, оның ішінде орыс тіліне 1894 жылы орыс модернизмі таңында К.Бальмонт пен В.Брюсов аудармаларынан кейінде он шақты рет аударылды, «Қарға» өлеңі орыс поэзиясында еркін өлең қандай болуы мүмкін екенін түсіндіруде маңызды рөль атқарды дейді орыс зерттеушілері. По әдебиетінің ролі екі жақты болды: бір жағынан ол еуропалық романтизмді тоқтатты, екінші жағынан әдебиетке ирония, гротеск пен фантастиканы қосып әдебиетке айналдырды, детективтік сюжеттерді, мистика мен фантастиканы, психологиялық прозаны дамытып, адамның өзін жоғалтуы, адамның өзін- өзі табуы тұрғысындағы жаңа бағыттағы прозалық шығармалар жазды.
Осы кезде 1842 жылы 18 сәуірде Америка ақындарының алғашқы антологиясы жарық көрді, жинақ АҚШ поэзиясының 19 -20- ғасырларда одан әрі қырқынды дамуына ықпал етті. Филадельфия баспагерлері 1842 жылы 18 сәуірде: «Біз ақыры, «Америка ақындары мен поэзиясының» жаңа әдемі кітабын шығардық» деп хабарлайды, антология 476 беттен тұрды, 80-нен астам авторлардың өлеңдерін жинақтады.
АҚШ поэзиясының ерекшеліктері және ХХI ғасыр Нобель
сыйлығының лауреаттары Боб Дилан мен Луиза Глюк
ХХ ғасырдың 10-шы жылдарын АҚШ әдебиетінің тарихшылары «Поэтикалық Ренессанс» кезеңі деп атайды, 1912 жылы Чикагода «Поэтри» журналы шықты, онда дарынды және келешегі бар ақындар жарияланды. Ғасыр басындағы жаңа технологиялық және экономикалық өзгерістер жаңа поэтикалық формаларды қажет етті. АҚШ ақындары бірде поэтикалық дәстүрлерге сүйенсе, енді бірде одан бас тартып, әртүрлі тәсілдер іздеді.
АҚШ поэзиясы өлеңнің өзіне еркіндік берді, құрылысы мен стандарттарынан, стилдік талаптардан өлеңді босатты, өлең жолдарын мағынасыз ұйқастан арылтып еркін поэзия жасады, АҚШ идеялық ойға басымдық берді.
ХХ ғасырда АҚШ поэзиясы одан жаңғыру үрдісі жалғасты. Сол кездегі дәуір басындағы басты әдеби бағыт — имажизм болды. Европа және Америка құрлығын жайлаған имажизм ақындарды әдеттегі, декоративтілік пен риторикадан бас тартуға шақырды. Алайда жүзеге аспады, қайта ақындар жаңашылдықты дәстүрлі және классикалық үлгілермен ұштастырды, әсіресе поэзияның классикалық және дәстүрлі үлгілері соғыс тақырыбындағы реалистік өлеңдерден көрініс тапты. Америка поэзиясында соғыс, оның қайғы қасыреті,соғысқа көзқарас, өмір мен өлімді суреттеу өзекті поэтикалық үрдіске айналды (АҚШ тәуелсіздігіне дейін де, кейін де толассыз соғысып келген ел: ағылшын -американ бірінші және екінші соғыстары, американ –испан соғыстары, американ – мексикан соғыстары, төрт жылға созылған Азаматтық соғыс, Штаттарды Америкаға қосудағы Бразилияға, Мексикаға, Кубаға, Никарагуаға, Филипин аралдарына қарсы соғыстар, Екінші Опиум соғысы (Қытай), бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстар, 20 - ғасырдың екінші жартсындағы соғыстар оның поэзиясында орын алмай қоймады).
АҚШ поэзиясы психологиялық тереңдігімен, есте қаларлық образдық кейіпкерлерімен танылды, оқырманға қызықты әрі түсінікті жазылды. Поэзия әлеуметтік және саяси сынды білдіру құралы, адамға қатысты өзекті мәселелерге араласты, қоғамдық пікірталас тудырды. Бұл американ әдебиеті мен поэзиясын әлемдік мәдениетте ерекше және мағыналы ететін кейбір ерекшеліктері деуге болады.
АҚШ поэзиясы кәсіби кәсіподақтар сияқты: пролетарлар поэзиясы, ковбойлар поэзиясы, байкерлер поэзиясы, чикаголықтар поэзиясы, ағылшын тіліндегі хайкушілер поэзиясы, ирландықтар поэзиясы, Нью- йорк ақындарының поэзиясы, шотландықтар поэзиясы және тағы басқа болып формалды бөлене береді екен, соңғы отыз жылда табиғаттың өзгеруі, адамның табиғат әсерінен жойылу қауіпі, табиғатты қорғау, экологиялық тұрақтылық туралы заманауи поэзияны қалыптастырды, табиғатты сақтау ақындар қауымдасты легінің көшінде АҚШ ақындары тұр.
2016 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығы «Ұлы американдық ән дәстүріне жаңа поэтикалық өрнектер жасағаны үшін («For having created new poetic expressions within the great American song tradition») америкалық автор–орындаушы, ақын, суретші, киноактер, елу жыл рок–музыка әлеміндегі алып тұлғалардың бірі Боб Диланға берілді. Оның «Blowin' In The Wind» және «The Times They Are a-Changin» сияқты наразылық туындылары әлемде азаматтық құқықтар мен соғысқа қарсы қозғалыс әнұранына айналды.
Боб Диланның ХХ ғасырдың екінші жартысындағы музыкалық мәдениетке қосқан үлесі өлшеусіз, тіпті Битлздың (The Beatles) өзі Боб Диланнан қандай да бір жолмен айналып өте алмады деседі, ал екінші жағынан кейбір еуропа сыншылары «құрдымға бара жатқан поэзияны музыкамен реанимациялауға жол ашу еді» дегенді ашық айтты. Қалай десе де Боб Дилан әндері поэзияның жемісі емес деп ешкім айта алмады.
2020 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Луиза Глюк, 1943 жылы дүниеге келген ақын, бүгінде өзінің өте ұзақ өлеңдерімен ерекшеленеді, оның бүкіл ғұмырына әсер еткен, балалық шағындағы психологиялық зақым, бойжеткен қыз шағында, әйел өміріндегі жан жарасына ұласқанын жазған, Глюк көп жылдар өз өмірінің психоанализімен шұғылданған, содан кейін өлең жазуға үйренген, 1968 жылы «Тұңғыш» атты алғашқы өлеңдер кітабын шығарған.
Поэзия қай заманда, қай құрлықта болмасын әрқашанда сөз өнерінің басында тұрды. «Барлық өнерлердегі ішінде поэзия бірінші тұрады» деген Эммануил Кант сипаттамасы АҚШ поэзиясына да тікелей қатысты, американдық ақындар демократия мұраттарының нығаюуына, поэзияның дамуына ықпал етті, қазір де даму үстіндегі поэзия деуге толық негіз бар: Эдгар Аллан По, Генри Лонгфелло, Уолт Уитмен, Филип Френо, Эмили Дикинсон, Роберт Фрост, Т.С. Элиот, Сильвия Плат, Джон Эшбери мен Боб Дилан, Луиза Глюк сияқты ақындар поэзияда өшпес қолтаңба қалдырды.