Ақын Құралай Омардың 7 өлеңі

ӘДЕБИЕТ
5448

Поэзия – адамзат Рухының шынайылық пен шексіздікке ұмсынған қасиетті уілі. Поэзия - жабырқаған жан емі. 
Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кезінде "Мәдениет порталы" кішкене болсын жүректерге жылу сыйлағысы келеді. Осы мақсатпен портал ұжымы қазіргі қазақ поэзиясында өзіндік орыны бар ақындарға сауын айтып, өздерінің көңілінен шығатын 7 өлеңін сұрап, жариялап отырмақ. Бүгінгі ақын - Құралай Омар! Мархабат!

***

Жүрекке нұр сыйлар сезімнің,
Жүріппін арқалап азабын.
Тағдырым қолымда өзімнің,
Барлығын қайтадан жазамын.
Арылу үшін деп күйден мұң,
Қып-қызыл гүл қоям үстелге.
Өмірді бояуды үйрендім
Өзіме ұнайтын түстерге.

***
Жазмышымның қыртыстарын өзім ғана жазамын,
Содан кейін тіршіліктің ұмытамын азабын.
Дәл қазір мен су сияқты мөлдірмін,
Су сияқты тазамын.
Жүрегімді жұбата алмай, мұңмен ғана бөлеппін,
Әр таңымды, әр сәтімді бақытым да демеппін.
Дәл қазір мен
Ауа сынды жеп-жеңілмін,
Ауа сынды бұл әлемге керекпін.

***

Жолайрықта жолықтық, жол екіге бөлінді.
Өзіңізсіз өмірім тым көңілсіз көрінді.

Кезіктіңіз неліктен жүрегімнің сорына?
Шыға алмадым, шырмалып сезімімнің торына.

Сағынышым түндерде жөнеледі хат болып,
Жүдетеді жанымды кеткеніңіз жат болып.

Саусақтарым сүйеді телефонның пернесін,
Қайда жүрсіз, қай жерде, енді оралып келмесім?

Армандарым алыста, жұлдыздан да жоғары,
Белгісіздеу бақыттың қайта айналып соғары.

Балауызын үміттің көз жасыммен сөндірдім,
Хат жазбауға өзімді әрең-әрең көндірдім.

***

Табылмай жанымның тұрағы,
Таусылмай тағдырдың сұрағы,
Жып-жылы сәттерді қия алмай,
Көзіме ыстық жас тұнады.
Мен үнсіз күрсіндім.
Көлеңкем
«Кетпе» деп жолыңа құлады.

Жата қап жылады иегі кемсеңдеп,
Мың мәрте оқталды өзіңе ерсем деп.
Аяққа жығылып, жалынды содан соң
«Қайтадан айналып келсең» деп.

Көрсем деп тағы да...
Өзгерді мекенің.
Қай кезде, қай күні, қалайша жетемін?
Кеткелі күй осы...
Сездің бе,
Құлаған көлеңкем жылаған жүрегім екенін?

***

Өзімнің жолымды қанша рет бөгедім?!
Өзіңді жазғырып, өзімді сөгемін.
Жүректен мөлдіреп үзілген сөздерді
Амалсыз
Төртбұрыш қағазға төгемін.

Алыста армандар, аспанда ақ үміт.
Қиялдың ақ күміс қанатын тағынып,
Ұшуға қорықтың,
Жердегі
Төртбұрыш заңдарға бағынып.

Естілмей құс үні, жаңбыр мен қар әні,
Төртбұрыш телефон жалғамай араны,
Жанымды мұздатып...
Төртбұрыш бөлмеде
Дүние дөңгелеп барады.

***

Жарығыңды, жылуыңды ұсын, Күн!
Тағдыр деген – үзігі екен түсімнің.
Мен өмірге келген жоқпын, расында
Өмір маған келгендігін түсіндім.

Көктем келер, жаз жетеді, күз өтіп,
Қар астында қалтыраймыз сыз өтіп.
Көз ұшында дөңгелейді дүние
Мен өмірді, өмір мені түзетіп.

***

Бір күдікпен алысып,
Бір үмітті үзбейміз.
Бірде көктем жанымыз, бірде солғын күздейміз.
Тұнжыраған сәттерде көктен сұрап медетті,
Жүректегі құдайды неге аспаннан іздейміз?

Құс - қиялмен қалықтап, жұлдыздарға жетемін,
Түс сияқты бұл жалған,
Елес сынды мекенім.
Тым алыстан...
Ғарыштан қол созардай бір күні,
Ұмытамын тәңірдің өз ішімде екенін.

Налимыз да тағдырға, артып кейде мың өкпе,
Адасамыз тұманда,
Тұншығамыз түнекте.
Біз қорқатын тозақ та,
Біз күтетін жұмақ та,
Рақымы мол құдай да
Жырақта емес, жүректе.

Ақын Бақытгүл Бабаштың 7 өлеңі 

author

Құралай Омар

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...