Салиқалы ой, салауатты сырға толы туынды

ӘДЕБИЕТ
8281

(Немесе ақын Байыт Қабанұлының жаңа кітабы жайлы тебіреніс)

Қолымда еліне, жеріне, тума халқы қазағына деген ақынның жүрегінен жарып шыққан аумалы да төкпелі, сазды да мәнді, саналы да саралы жырларына толы, сонау Жалғызағаштағы әжесінің сары қаймағы іспетті көңілді баурап, тек ақынның өзі ғана емес әдебиеттің жан күйері болған әрбір  оқырманды да сарыала сағынышқа батыратын “Сары қаймақ сағыныш” атты көлемді де көркем жыр жинағы тұр. Бұл менің соңғы жылдары Моңғолияның  қазақ ақындарының туындыларынан қолыма тиген ең қомақты, сыртына сай іші де көркем туынды. Бұл тамаша жыр шумақтарымен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген, қазіргі Моңғолияның қазақ поэзиясынан өз орнын тапқан, ондаған өлеңдер және прозалық кітаптардың авторы, әулие өлке Дэлүүннің, соның ішінде ақынның өзі айтқандай “Топырағынан Әл Фатиха –дұға естіліп тұратын” қасиетті  Жалғызағаш, Үшқұйғанның тумасы Байыт Қабанұлының соңғы жылдары жазған өлеңдерімен, толғауларының жинағы. Жинақты маған сыйлағаннан кейінгі аз уақытта бірнеше қайталап оқып шықтым. Оқыған сайын ақынның өлең әлеміндегі жүрек үлпілін, ізденісін, өсу жолын, жинақтаған тәжірибесін, шеберлік деңгейін, сөз саптау талғампаздығын аңғардым. Сондықтан кітапқа сын емес, өлең сүйер оқырман тұрғысынан жерлес ақын ініме деген ой-пікірімді білдіруді жөн көрдім. Байыттың өлеңдері жайлы өз ойымды білдіру бірнеше жылдан бері  көкейімде жүрсе де күйбең тірліктің ағысында кейіндеумен бүгінге жеткен. Бірақ “Қайран да менің Қазағым”, “Ұланғайыр ұлы далам ұжданым”, “Мен сендерді жақсы көрем адамдар”, “Көріктім Гөзелім”, “Өрт тіледі көкейім” атты бес бөлімнен тұратын “Сары қаймақ сағыныш” атты жыр кітабы маған еріксіз қалам алдырды...

Байыт ҚабанұлыИә, ақын Байыттың өлеңдерінде тек өзіне ғана тән ерекшелік бар. Ол ағылып жазады, шын жүректен төгіліп жазады, мұңға батып егіліп жазады, тіпті кейде жылап та жазады. Кейде азаматтық үлкен пафоспен асқақтап жырласа, кейде өткір де өктем тілімен басқаны шағып та алады. Кейбір өлеңдерінен көкше таудың жалбызы мен жусанының иісі аңқыса, кейбір өлеңдерінен ермен мен у қорғасынның дәмі сезіледі. Ащысы мен тұщысы бірдей көздің жауын алады десек артық болмайды.  Бірақ бәрінен басым бір күшті сарын бар. Ол қазағым, елім, жерім деп соққан адал жүректің, “аузын ашса жүрегі көрінетін” нағыз есіл ердің өзегін жарып шыққан салиқалы да дуалы сарын. Ол сарын сағыншықа да, өкініш пен ызаға да, терең ой мен сазды әуенге де толы.  Кітаптағы әрбір  өлең, өлең емес-ау өлеңің әрбір  жолы саған еріксіз ой салып, өзіннің нағыз қазақ екеніңді сездіреді, ақын өзінің ұлтым деп, қазағым деп еңіреп туған ер екенін білдіреді. Немістің ұлы ақыны Г.Гейне: “Егер әлемге қандай бір сызат түссе ол ең алдымен ақынның жүрегін тіліп өтеді”,- деген ұлағатты сөзін дәл Байыт ақынға арнап айтқандай сезіледі. Ол тілі мен дінін ұмытып, торғай-тоз болып жүрген, береке-бірлігі азайып, қара басының қамын ойлаған, ертеңі емес тек бүгінін ғана ойлап, мәнсабы мен байлығына мәз болып жүрген топас қазақтар үшін қиналады. Қапаланып ойға батады, қолына қалам алып, сол шерін өлең аркылы төгіп-төгіп жібереді. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше жолдарды мысал ретінде тартайық. Ол:

“...Жаралғанда сен деп тудым

Жаралы елім жазайын деп жараңды.

Желді сөзбен жетіміңді жебейін деп,

жыртылса егер жамайын деп жағаңды.

Арандалса алға тартып ағамды,        

Табандаса жаңартпаққа тағаңды.

Жаратылдым жасқа бөлеп жанарды,

Сорғалаттым сортаң-сортаң зар әнді” (“Сен деп тудым”) немесе


У тамызған тіліңен,

Бал тамызған тіліңен,

Қайран да менің Қазағым. 

Кем қалсаң да білімнен,

Айналдым сенің діліңнен

Қайран да менің Қазағым (“Қайран да менің Қазағым”),


 -деп ақтарып тастайды. Бұл Байыт ақынның өзіндік фәлсафасы. Ол басқаларша маймөңкелеп, ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүгісі келмейді. Айтайын дегенін тура айтады. Мына жолдар дәл осының айғағы. 

 “...Өлген соң да бір қажетім бола қалса оу, халқым,

Қарсы емеспін қабырымнан суырып ап жарата бер ісіңе” (“Сен деп тудым”).


“...Қазақ деген ат жамылып булауланып аршаға,

Ас сорпасын сенен ішіп басқа қора бағып

 жүрген “қаншық иттер” қаншама” (”Көшпенді елдің тұмандатып даласын...”).


“...Бақттымын демеймін күннен күнге,

Бара жатыр әлсіреп берік тілім...” (“Шет ел қазақтарының әні”).


“...Жриновский, Борат, Путин...

секілді сұм күшіктерге балағыңды жырттырып,

Балтырыңнан сау тамтық жоқ...

Сол қорылықтан өлмей тірі қалдың ба...” (“Халің қалай... Қазағым”!).


Осындай жолдар тізбегін  көптеп жалғастыруға болады. Ақынның соңғы жинағынан оның өлеңдерінің тақырыбы кеңіп, Сэлэнгэден Үшқұйғанға дейінгі байтақ даласын, көрші ауылдың кішкентай сары қызынан бастап шет елдегі қазақ қыздарының аянышты тағдыры, ауылдас інісінен бастап қазақтың біртуар азаматы Оспан батырға дейін, Сақ пен Ғұннан бастап бүгінгі күннің тірлігіне дейін, апасына деген сағыныштан ағаларға деген ренішіне дейін, ақын досынан Пушкин мен Ли Байға дейін... Иә, ақынның такырыбының бәрін айту мүмкін емес. Себебі ол ұланғайыр мол... 

Ақын Байыттың тағы бір ерекшлігі, яғни өлең жазу шеберлігі кейбір ақындар секілді сиқырлы сөз, соны ұйқас қуалап, көркем тілдің жетегіне ілеспейді. Оның өлеңдерінде қазақтың ауыз әбеиетінің, қоңыр дауыспен коңырлата салатын қара  өлеңнің, өткен дәуірдің ақпа жырауларының сарыны басым. Бірде Қазтуған жырауды, кейде Махамбетті, кейде тіпті “Әуеде ұшып жүрген алып қыран”, “Жылқы ішінде ала жүр ойнақтаған” секілді ауылдың алты ауызын кездестіргендей боласың. Бәрі де қарапайым, Қобда бетінің керейлерінің нағыз  қазақ тілінің, нағыз қазақ өлеңінің ырғағын, нақышын байқайсың. Қысқасы қай өлеңінен болмасын  жайсаң күзеудегі, жасыл жайлаудағы, жанға жайлы қыстаудағы қарапайым қазақ ауылының иісі аңқиды. Қай шумағы болсын еріксіз жетелеп жөнеледі. Сары күздің сарыала жапырақтарының сыбдырын, Бессаланың қойнауынан бет алған ақ бұлақтың сылдырын, қайтқан қаздың қанатында ілесіп бара жатқан  коңыр әуеннің ырғағын, Үшқұйғанның жазығында ағып бара жатқан көкдөненнің тұяғының дүбірін, шар аяқта мөлдіреген сары қымыздың иісін, бозбалаға іңкар болған сары қыздың сырғасының сыңғырын... естисің. Естисің де еріксіз толғанасың. Поэзия әлемінде тамаша бір жылылықта тылсым күн кешесің. Бұл әрине, шалқар шабытпен ақын жүрегінен жарып шыққан сиқырлы шумақтарының құдіреті. Бұл Байыт ақынның тума талантының, он ойланып, мың толғанып жазатын шеберлігінің куәсі. 

Өлең дегеніміз өнер. Ол тамаша теңеу, соны ұйқас, тың сөз тізбегінсіз дүниеге келмейді. Осындай сәтті шумақтар, сезімді селт еткізетін тосын жолдар, тың ұйқастар, айшықты өрнектер ақын жинағында аз емес. 

“Мөп-мөлдір мұң тұндырған жанарлардай,

Мына күз төгіп тұрған арай қандай.

Барады кеткен қыздай қаздар қайтып,

Артына қайта айналып қарай да алмай...”(“Аққулар келмей кетіп жүрмеңдерші”).


“...Тағы міне түн болды жағы талып,

Көктен жаңбыр құйып тұр, шабыт ағып.

Рауандап таң қылаң етіп еді,

Бір топ адам жөнелді табыт алып”. (“Жау жауа түс ақ жаңбыр сіркіретіп”).


“...Мөлтек те мөлтек төсеніп жуас жаңбырға,

Мөп-мөлдір әлем мөлдіреп тұрды алдымда.

Уыстап көріп уыз мүсінді

есімнен танып қалдым ба,

Батқандай болдым бақытқа не бір зар мұңға.

Құшақтап сені төсене бердім

Себезгі момын жаңбырға...” (“Үзігін жалғап келтенің...”)

Дәл осындай тамаша теңеулер, нақышын тапқан ұйқастар, соны түйіндерге толы өлеңдер жинақтың сапа дейңгейін көтеріп, оқырманды еріксіз өзіне тартады дегенге шүбә келтіруге болмайды. Бұл ақынның шеберлігінің, ізденісінің, тек талантты қаламгердің қырағылығына тән қасиет.

“Дайын асқа ие көп” деген қазақта ұлағатты сөз бар. Дайын болған қандай да сапалы дүниеден мін табуға болады. Байыт ақынның бізге бергенінен берері көп. Әлі де жақсы жырларымен өлең сүйер қауымды жиі-жиі қуантады дегенге шүбәлануға болмайды. Мұны Байыттың жыр жолында жылдан жылға өсіп, кемелденіп,  салиқалы сырға толы, салауатты ойға толы өлең ұсынатын сақа ақын болғанынан көруге болады. Бірақ алдағы өлеңдері мұнан да сапалы болса деген ізгі ниетпен жинақта аз да болса ауық-ауық кезігіп қалатын кейбір “әттеген-ай”-ларды айта кетуді жөн көрдік. 

Ақынның кейбір өлеңдерінде қарабайырлык, шұбалаңқылық басым. Төгіп жазам деп өлеңнің пішінн (формасын) бұзып, буын ырғағын, дыбыс үндестігін сақтамайтыны өлең сапасына әсерін тигізетіні байқалады. Арзан ұйқастар да молырақ. Кейбір өлеңдерге көркемдік жетіспеумен қатар ой қайталау, сөз қайталау да басымрақ. 

Байыттың өлеңдерін оқыған кезде жиі-жиі таныс шумақтар, таныс ойлар, таныс жолдар кездесе береді. Еріксіз осы өлеңді қашан, қайда оқып едім деген ойға келесіз. Қадыр Мырза Әлінің “таудың ұлы тауға қарап өседі”-сі, Мұқалидың күрең күзі, Тұманбайдың “жазығы бақта саулайды сарыала жапырақтар”-ы, Махамбеттің “мен мен едім, мен едім”-і көз алдыңа келеді. Бұл еліктеушілік. Бұл тек Байытта ғана емес барлық ақынға тән дүние. Әрбір  ақынның өзінің сүйіп оқитын ақындарының тамаша ойы мен сәтті шумақтары еріксіз ойында қалады. Бірақ ақын оны өз өлеңінде қайталап отырғанын шабыты келіп жыр жазған кезде аңғармайды. Осыдан табандай жиырма неше жылдың алдында менің “Ғашык жүрек” (1989) атты жыр жинағым туралы ақын Рысбек Зұрғанбайұлы “Жақсы жырдың шуағы мен күмәні” атты көлемді сын жазып, дәл жоғарғыдай еліктеушілікті мықтап сынағаны бар. Расында Меңдекеш Сатыбалды, Тұманбай Молдағалилердің кебір жолдарын салыстырып көріп, лажсыз мойындағаным бар-ды. Бірақ бұл еліктеу керек деген сөз емес, керісінше еліктеуден аулақ болуды ағалық тұрғыда ескерту болмақ.

Байыт ақын күзге, жапыраққа, жаңбырға, сары, коңыр, күрең, ақ өңге тым құмар. Мұны кітаптың соңғы үш бөлімінен жиі кездестіруге болады. Қайсыбірі өз орнын таппай қалған жағдайлар да баршылық. Сар/ы/ жапырақ, сары қыз, сары қаймақ, сары қымыз, сары алтын, сары қала, сап-сары кеш,  сары дала, сары аяз, сап-сары тағдыр, сап-сары ай, сап-сары айналам, сары шөп, сары бел, сарыала күз, сап-сары күз, сары бал,  сап-сары мұңлы әлем... Бұл тізбекті ары қарай да жалғастыруға болады. Сөз, әсіресе теңеуді қайталауға болады. Оны екінің бірі қолданады. Ең бастысы әрбір  теңеу өз орнын тапса, тек қажетті жерінде ғана қолданса нұр үстіне нұр болары сөссіз. Ақынның кейбір өлеңінде “сары” деген теңеу он шақты рет қайталануы қазіргі жалқау оқырманды онан әрі мезі етуі мүмкін. 

Өлеңде артық сөз, мағынасы бұлыңғыр сөз тізбегі, логикалық қайшылық боламауға тиіс. Ақынның кейбір өлеңіндегі ой, теңеулерін түсіну қиын. Мұны мысал ретінде алған төмендегі жолдардан байқауға болады. 

“Қараңғыдан қараңғылық таба алмай”, “қара  сәулем, қара  нұрым тұңғиығын көрсете алмай (аңғармай)”, “қап-қара  өлең”, “қап-қараңғы жарық сап”,  “уәжін мына мұңымның”, “коңыр күзде қоңыр жүректің жетеді кімге боздауы”, “қаздар қайтып барады убақ-шубақ, “қаздар қайтып барады сетерлерім”, “қайтқан құс сұңқылдап мұң табыстады”, “күзде соққан жұмсақ жылы қыз-ақ самал..”, “сап-сары күз, сары кала, сап-сары кеш-иі қанған елтірі, “жуас жаңбыр, момын жаңбыр”,  “сортаң да сортаң ән салып көмей таңдайға” т.б. Жоғарыда әдейі айқындаған кейбір жолдар мен теңеулерді өз басым түсіне алмадым. Мүмкін менің тіл байлығым да жетіспеген болар. Сортаң да сортаң ән, қара  сәуле, қара  нұр, қап-қараңғы жарық, жуас жаңбыр, момын жаңбыр, жұмсақ жылы қыз-ақ самал, қоңыр жүрек, убақ-шубақ деген сияқты сөздерді осы жасқа дейін естімегем. Астарлы мағынамен айтылды деп көргеннің өзінде өлең үшін тым әсерлі, орнын тапқан теңеулер емес шығар.

Тағы да бір айта кететін “әттеген-ай” – орынсыз күйзеліп қиналу, егіле күрсіну, немесе таңданып тамсану. Япыр-ай, Ағалар-ай, Бабалар-ай, Қыздар-ай,  Даралар-ай, Даналар-ай, Оу, бауырым, Ей, бауырым, Оо, тағдыр, Ох, дүние, Өмір-ай, Тағдыр-ай, Елім-ай, Халқым-ай, Жұртым-ай, О, жасаған, О бәтшағыр, О дариға, Тағдырым-ай, Оо, сұмырай... деп кете береді. Мені сыншылар күні бүгінге дейін “күйреуіксің, жылауықсың, тамсанып таңдануын көп” деп сынайтынын әлі қойған жоқ. Байыттың күйреуіктігі менен де басымрақ секілді. Бір жағынан айқайға басып, уралап оқырман санасына ой салып, сезімін селк еткізу дүрыс та болар. Бірақ қазір құр айқайды түсіне қоятын оқырман, тіпті өлең оқып лаззат алатын оқырман аз екенін тағы да ескергеніміз жөн.

Жоғарыда айтылған пікірлер (сын емес) бір жағынан ағалық ақыл, келесі жағынан ақын қолынан ылғи да Абай атамыз айтқандай “өлең сөздің патшасы сөз сарасы, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы”-на сай келген сапалы да сәтті туынды ұсына берсе деген ізгі ниеттің нышаны. 

Сайып келгенде танымал да талантты ақын Байыт Қабанұлының “Сары қаймақ сағыныш”-ы қаламгердің шығармашылық шеберлігін жаңа қырынан танытып, мазмұн мен пішін бірлігін нақты ұштастыра білген, салиқалы ойға, салауатты сырға толы, оқырманға берері де айтары да мол шоқтығы биік туынды. Қысқасы соңғы жылдары Моңғолия қазақ ақындарының кітаптары  ішіндегі ең таңдаулысы дегенді ауыз толтыра айтуға болады. Ақын ініміздің жыр жолындағы сапары ылғи да сәтті, жырлары тіл үйіртер тәтті болуын тілейміз. 

Зүлкәпіл Мәулетұлы, ақын,
Монғолия елінің мәдениетіне еңбегін сіңірген қайраткер, 
Моңғолия Мемлекеттік университетінің Журналистика бөлімінің профессоры, 
Тарих ғылымдарының докторы

Улаанбаатар қаласы. Қаңтардың 15-жұлдызы, 2020-жыл. 


author

Байыт Қабанұлы

АҚЫН

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...