Рухани дүние емес, байлық бәсекеге айналып келеді– Әдебиет жарық дүниенің есігінен сығалаған к...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Ұлан
Ұлан әскери жасағы – еліміздің мақтанышы. Алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтарды алғаш рет қарсы алып, сап түзеп алдынан өтіп, құрмет көрсетіп, халық ілтипатын білдіретін, әрі отанымыздың Қарулы Күштерінің салтанаты қандай екенін көрсететін әскер жасағы. Ұланға қарап еліміздің қауіпсіздігін қорғайтын әскеріміздің қуат-күшін, айбынын байқайды, бағамдайды, бағдарлайды. Ұланның бет-ажарынан қарулы күшіміздің екпінін, серпінін, әр іске сақадай сай екенін танып біледі. Теңіздің дәмі тамшыдан білінеді деген. Ұланға қарап қарулы күшіміздің сыр-сымбатын, сенімділігін, айбынын елестете аларымыз хақ. Ұлан – еліміздің арқасүйер, сенім артар, болашаққа сеніммен қарауға қайрат беріп жігерлендіреді.
Ұлан жасағы туралы айтқанда тарихқа бір сәт көз жіберген жөн ғой деп ойлаймын. Ата-бабамыз ғасырлар бойы аңсаған егемендікті, тәуелсіздікті, елімізде орын алған барақатты қалыпты шетелден келген қонақтардың көзіне адымдата басқан нық қадамымен дәлелдеп, көк туымызды төбесіне көтере ұстап, аршындай басып өтетін өрімдей жас офицерлер сапының қалыптасуы – мемлекеттігіміздің тарихымен тамырлас.
Бабалар аңсаған азаттық таңы арайлап атты. Қыранымыз көкте еркін қалықтап, қанатымыз кеңге жайылғалы да көп уақыт болған жоқ. Бар болғаны – 25 жылдан енді асты. Тарих үшін бұл аз уақыт шығар. Ал біз үшін ширек ғасыр – ауыз толтырып айтарлықтай кезең болды. Осы аз уақыт ішінде қыруар іс тындырдық. Халық өз елінде, өз жерінде еркін жүріп-тұрып, өз ойын, өзіндік талабын ашық айта алатын деңгейге жетті.
Демократиялы қоғам қалыптасты. Болашаққа сеніммен қарайтын дәрежеге көтерілдік. Жаңа Астанамыздың шаңырағын биікке көтердік. Байрағымызды көкте желбіретіп, әр жыл сайын Егемендігіміздің мерейлі тойын атап өтеміз.
Аллаға шүкір, берекелі дастарқанымыз жиылған емес, түбі терең қамбамыздан астық ортайған жоқ. Ел-елде, жер-жерде болып жатқан дүмпулерден, экономикалық дағдарыстардан, саяси кикілжіңдерден, бәле-жаладан дін аманбыз. Асты-үсті қазынаға тұнған туған өлкемізді қадірлеп келеміз. Арманымыз орындалып, ұл-қыздарымыз шетелден білім алып, біліктілігін арттырып бүгінде еліне, жеріне адал қызмет етуде. Елімізде түрлі ғылыми жаңалықтар ашылды. Осының бәрі Елбасымыздың сарабдал саясатының, асқан көрегендігінің арқасы.
Әрбір қадамын, тындырған ісін асқан іждағаттылықпен тереңнен ойлап, тігісін жазып тындыратын Елбасымыз бүгінге дейін халқына адал қызмет етіп келеді. Болашақта да солай болады, іншалла. Сол игі істердің бірі осы – Ұлан жасағы.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң қабылданған тарихи күнді, яғни 1991 жылдың 16 желтоқсанын ешкім ешқашан ұмыта алмайды. Еңсемізді көтеріп, егемендігімізді жариялаған күннен тура үш ай өткенде, яғни 1992 жылғы 16 наурызда Президентіміздің жарлығымен Республикалық Ұланәскери жасағы құрылды. Бастаманы жайдары қарсы алдық. Елбасы балаша қуанды. Мемлекетіміздің аяқты енді басып, қатарға қосылуға ұмтылып келе жатқанына қарамастан осындай ұлы шешімдер уақыт оздырмай қабылданып, игі нәтижесіне жетіп жатты.
Алғашқыда Президенттің күзет қызметі мен Республикалық Ұланды қоса басқарып жүруіме тура келді. Президенттің арнайы Жарлығымен 1997 жылдың наурызынан ҚР Ұлан әскери жасағының қолбасшысы міндетіне басыбайлы орнықтым. Яғни, бұрынғы екі қызметті қатар алып жүргенді қойып, енді тек Гвардия қолбасшысы деген лауазымды иелендім. Ерекше назар аудартарлық жайт - Ұлттық Гвардиямыз жеке ұсыныспен және ТМД елдерінде бірінші болып Қазақстанда құрылды. Осы жағдай көңілімді қуанышқа бөлейді.
Гвардия қолбасшысы ерекше дайындықты қажет ететін аса жауапты міндет болды. Олай деуімнің себебі бұрын елімізде Республикалық Ұлан деген құрылым болмаған. Яғни әлі дәстүрі қалыптаспаған. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Оның әскери жасағы қанша кісі болу керек... кімнен қаржылай көмек алады... мәртебелі құзыры қандай болады... деген сұрақтар төңірегінде алғашқы кезде ешбір ақпарат болмады.
Заңы да жоқ, ережесі жазылмаған. Бұрын Одақта, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде ереже болған емес. Гвардияның ережесін жаңадан жазып, заң қабылдаттық. Бұл жағдай – құдды тәй-тәй басып жүрген сәбидің тұсауын кескенмен бірдей болды. Басталған әрбір іске қуандық. Оны аса ұқыптылықпен тындыруға талпындық.
Гвардиялық құрылымның әліппесі саналатын – жалпы ережесін өзім жаздым. Ережені жазу барысында төзімім мен біліміме арқа сүйеюіме тура келді. Осы әліппені жазу барысында бәрі мен ойлағандай болмады. Біраз уақытты қажет етті, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің әртүрлі әскери ұйымдардың әліппесі саналатын осындай ережелерімен танысуым керек болды. Әр тарауын, тармақшасын, тіпті әр абзацына ерекше назар аудара отырып жаздым.
Кейінше ережені қол астымдағы қызметкерлерге өзім оқып, олардың пікірін сұрап, толықтырып, қайта-қайта редакциялап сан мәрте тексеріп, жүйеге түсіріп, кәдуілгі өркениетті елдердегідей толыққанды ереже дүниеге келді.
Ұлттық Гвардия да бізде бұрын болмаған құрылым. Құрылымның ережесін жазып, офицер әріптестермен талқылап, қайта редакциялап, оны кітапша етіп шығардық. Қызметкерлердің баршасына оқытып үлгердік.
Сол кездің өзінде Ұланның жаңа құрылғанына қарамастан бес орынбасар тағайындалған екен, артығын қысқартуға жіберіп, бас-аяғы екі ғана орынбасар қалдырдық.
Өзге әскери құрылымдарға қарағанда Ұланның құрамы, жұмыс ережесі, киімі, қару-жарағы мүлде басқаша болғаны жөн деп шештік. Себебі бұл шетелден келген меймандарға біздің әскери жасағымызды танытатын құрылымдардың бірігейі болып табылады.
Шетелдік мәртебелі меймандарды оркестрмен қарсы алып, әлгі қонақтың алдында сап түзеп өтіп – еліміздің екпіні мен мұздай қаруланған әскерін жұдырықтай тас-түйін етіп, көз алдынан өткеріп шығару – біздің міндетіміз. Бізге қарап шетелдік қонақ тәуелсіз мемлекетіміздің әскери әлеуетін сезінуі керек. Бізге қарап өзінің де, өзгенің де биіктігін біліп, мерейі өсіп, арқаланып шығатындай рух беретін – осы біздің гвардия жасағы болмақ.
Алпауыт мемлекеттердің ұлылары – президенттері, корольдері, императорлары, хандары мен билері елімізге арнайы сапарларымен келіп жатыр. Оларды қарсы алу, шығарып салу дәстүрлі рәсімдері Республикалық Ұланның қатысуынсыз өтпейді. Әсіресе елімізге АҚШ-тың, Қытайдың, Индияның тағы басқа елдердің мәртебелі басшылары келген кезде жалындай лаулаған жас гвардия жасағы лек-легімен төгіліп өтіп, еліміздің туын желбіретіп көтеріп, әнұранын екпіндете шырқағанда – мына сіздердің жасақтарыңыз өзге елге қарағанда тау суындай екпінді, әрі мөлдіреген көркем көрініс береді екен деп таңдай қаға таңқалады келген қонақтар.
Өз басым осындай алғыс сөздердің біразына куә болдым. Бұл әрине көңіліңе қуаныш сыйлайды.
Мұндайда Президентіміздің мәртебесі аспандайды. Өркениетті елдерден ешқандай кемдігіміз жоқ екендігін сезіне түсіп біздер де арқаланып қаламыз. Төбеміз көкке жеткендей болады. Шын мақтанышты сол кезде сезінетін едік. Алдағы уақытта шетелден келген мәртебелі меймандарды ұлықтап өз дәрежесінде ұялмай күтіп алатындай халге жеттік. Сақадай сай киінген, мемлекеттік әнұранды жатқа айтатын, бір кісідей қадам басып, бір кісідей маршқа түсетін темірдей тәртіп орнаттық.
Жас гвардияның жасағын шыңдаған сәтте осы мәселелер ешқашан көкейімнен шыққан емес.
Ұлан – патриоттық сезімге толы ұйым. Өз басым сол жерде қызмет еткен жылдарыма ризамын.
Ұланның бір ерекшелігі – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын, Қарулы Күштеріміздің құрамына кірмейтін арнаулы әскери құрам.
Бұл әскери бөлімге сана-сезімі жоғары, білімі ортадан кем емес, күш-қайраты тасып тұрған жалынды жастар тартылды. Ұландар мемлекетіміздің басшылары мен шетелден келген мамандарды, басқа да құзырлы орындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Аса маңызды объектілерді күзетумен айналысады. Сарбаздарымыздың сақадай сай дайындықта болуы мұндай сәттерде аса маңызды.
Әскери қақтығыс жағдайында Қазақстан Қарулы Күштерімен бірге елдің намысы мен тәуелсіздігін қорғайды.
Ұлан өмірінің тарихи кезеңді күндерінің бірі – Елбасының 1997 жылғы 20 наурызда Республика сайыпқыранына келуі және Жауынгерлік Ту тапсыруы еді. Бұл үлкен оқиға болды. Мемлекет басшысы Ұлан жасағы орналасқан ғимаратты көрді, қару-жарағымен, жаттығу кешенімен, тұрмыстық жайларымен танысты.
Ұланның мұражайын салтанатты түрде ашып құрметті меймандарға арналған кітапқа ізгі тілектерін жазып қалдырды. Жас жауынгерлер өз кезегінде қарап қалған жоқ. Мәртебелі мейманға көрнекті жаттығуларын көрсетіп, жоғары жауынгерлік даярлығын, әлеует-әзірлігін танытты. Еліміздің Бас қолбасшысы Н.Ә.Назарбаев Ұланның жауынгерлік даярлығына жоғары баға беріп, сарбаздарға табысты еңбек тіледі.
Қазақта суымның тұнығы, сүтімнің қаймағы деген сөз бар. Ұлан туралы да осы ойды айтуға болады ғой деймін.
Шынын айту керек, Ұлан бірер айдың ішінде, я болмаса бірер жылда осындай сақадай сай ғажайып қалыпқа түсе қалған жоқ. Үлкен жаттығу мектебінен өтті. Сайыпқырандыққа күн санап шынығуы арқасында жетті.
Ұлан сарбаздарына қатаң талап қоя білуімен қатар – олардың арқасынан қаға білу, маңдайынан сипай білу де үлкен өнер.
Үнемі ұрысу, жеку, бұйыру жас сарбазды жасытып жібереді. Олардың күш-қайраты үлкен мақсатқа жұмсалуға тиіс. Сондықтан жас адамды өйтпепсің, бүйтпепсің деп тұқырта бермей, жақсы сөз айтып, қанаттандырып, жігерін қайрап отырған ләзім.
Ұланның мектебінен өткен сарбаздар қай жерде, қандай қызметте жүрсе-де өзгелерге үлгі-өнеге болады деп сенемін.
Дегенмен Республикалық Ұланға келгенімде байқағаным – сарбаздар арасындағы моральдық-психологиялық ахуалдың, өзара қарым-қатынастың нашарлығын сезіндім. Тәртіп босаңсыған, офицерлер бетімен кеткен. Жүзден астам сарбаз бөлімді тастап қашқан, олардың қайда екені белгісіз. Үйіне де бармаған, Ұланда да жоқ. Ұшты-күйлі жоғалған. Солардың бірнешеуіне іздеу салған екен. Бірақ хабар жоқ.
Келе салысымен осы іспен айналыса бастадым. Ең басты назарды – моральды ахуалды жақсартуға арнадым. Сарбаздар арасында «әлімжеттілік» белең алған екен. Жас сарбаздарды ұрып-соғу, топталып сабау, қинау-қыстау секілді тұрпайы қылықтар әдеттегі көрініске айналған. Бұл жат құбылыстың арты жақсыға апармасын түсіндім. Сөйтіп оның себебін зерттеуге кірістім. Мәселе былай екен: жас сарбаздарды қызмет етуге казармаға алып келеді. Ал казармаға келген соң олар бұрын қызмет еткен «кәрі» (яғни орысша «дед» деп атайды-мыс) Ұландардың қолына түседі. Офицерлер тәртіпті деп таныған сарбазды үйіне өз уақытында қайтарып, тәртіпсіздік, бұзақылық танытқан бес-алты жауынгерді айып есебінде артық екі-үш айға алып қалатын көрінеді, яғни, айыптылар қатарына жатқызылады. Сондағы ойлағандары – тәртіпті күшейту, сабақ беру. Осыған ызаланған, ашулы «кәрі» сарбаздар қол қусырып отыра қоймасы анық.
Олар өздерінше жаңадан келгендерді шыбықпен үйіріп, көкесін танытады екен. Бұл бір жағынан офицерлерге де тиімді. Жастарға ақыл үйретіп, оларды тәртіпке шақырып бастарын қатырмайды. Осыны ойлаған офицерлерге мұндай жағдайда сарбаздар өздерін-өздері тәрбиелеп алатындай көрінеді.
Өзім бұл дәстүрді онша қолдамадым. Мұның арты жақсылыққа апармайтындай көрінді. Жаман айтпай жақсы жоқ, сақтықтан қорлық болмас дегендей, төнуі мүмкін қауіптің алдын алып ондай сарбаздарды дереу үйіне қайтардым.
Әлбетте әскери оқу орындары сарбаздарды әскери тәртіпке шақырып, бір жүйеге келтіріп ұстай алады. Мәселен, осы Астанадағы Жас Ұлан мектебі. Қателеспесем оқушы өзінің саналы өмірінің бір бөлігін сонда өткізеді. Оң, солын Жас Ұланда жүріп танып, өзіндік өмірлік ұстанымдарын қалыптастырады. Бұл жердегі әскери тәртіп білім алушы сарбазды бағындырмай қоймайды. Ал біздің гвардия - ол әскери жасақ.
Оның үстіне біз сот емеспіз, екі жылда жөнді тәрбие алмағандарды екі айда түзеймін деу бос әурешілік. Алда-жалда оқыс оқиға болып қалмасын деп сарбаздармен бірге үйіне бақылаушы ретінде офицер ертіп жіберуді жөн көрдім. Содан бері өңкей жас сарбаздар бірыңғай оқу батальонында қызмет атқарады. Үш ай сол жерде жаттығу жүргізіледі. «Әлімжеттіліктен» құтылудың амалын осылайша жүзеге асырдық.
Айына бір рет: «Сендер қандай офицерді жек көресіңдер?», «Кімді жақтырмайсыңдар?», «Неге?», «Не себепті», деген бес-алты сұрағы бар анкетаны барлық ұландарға таратамыз. Жауапты жасырын түрде беруге болатынын тағы ескертеміз. Егер екі сарбаз бір офицер жөнінде теріс пікірде болса, ол офицермен арнайы жұмыс жүргізіп, анық-қанығына жетуге тырысамыз. Егер әлгі офицердің кінәсі бар екені анықталса офицерді де белгілі бір жазаға тартамыз. Онымен тиісті жеке жұмыс істейміз. Бәрін әділетке сүйене отырып шешуді басты бағыт етіп ұстаймыз.
Одан кейінгі қолға алған істердің бірі – тіл мәселесі болды. Ұсынысым бойынша Ұланда мемлекеттік тілді қолдануды қолға алуды күшейтуге тура келді. Әйтпесе, іс-қағаздарының бәрі орысша болатын. Тіпті команда беру, рапорт берудің өзі орыс тілінде. Осыларды қазақшалау міндеті алдыңғы меже етіп қойылды.
Мамандардан арнайы топ құрдық, әрқайсысы өздеріне жүктелген тапсырманы өте жақсыға орындап шықты. Өз басым едәуір жұмыс тындырдық деп ойлаймын. Әскери сөздер мен терминдерді, команда берудегі, рапорт дайындаудағы арнайы сөздерді қазақшалап Мемтеркомға жібердік.
Барша қазақтың қолына жетімді болып табылатын Республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне жариялап, жұртшылықтың талқысына салдық. Әу баста қарсылық танытқандар табылып жатты. Не терминге көңілі толмай, не дыбысталуы күрделі деп қиындық туғызған азаматтар да кездесті.
Бірақ бастаған істі аяқсыз қалдырмайтын әдетім қазір Ұланның сарбаздары қазақ тілінде сайрап жүр. Қазақша рапорт береді, сәлемдеседі. Оның үстіне ең басты мәселе – іс-қағаздарын түгелдей дерлік мемлекеттік тілге көшірдік. Осылайша әскери жасақ екенімізге қарамастан бар қазақтың жүрегіне жол табуға тырыстық, назарын аударуға күш салдық.
Халықтың жүрегінің кілтін табу, ұлттың жетілуі, өркендеуі – топтың, немесе рудың, я болмаса қауымның игілігі ғана емес. Ол қоғамның игілігі деп білемін.
Сондай бір маңызды парыздардың бірі – мемлекетіміздің басты рәміздері – Ту, Елтаңба, Президенттің Штандартын қорғау.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, әскери бөлімнің туы жоғалып кетсе, ол таратылуға тиісті. Демек Қазақстанның Мемлекеттік Туын қорғау өте қымбат, жауапкершілігі аса ауыр, әрі қасиетті іс. Және әр қазақстандық үшін басты міндет.
Дәл осы жерде айта кететін тарихи өте маңызды бір оқиға бар:
Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. ҚР Президентінің астананы көшіру туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін Алматыда Ақмолаға мемлекеттік органдарды қоныстандыру жұмыстары басталды.
Мен сол жылдың жазында Елбасының бұйрығымен Ақмолаға келдім. Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік Комитетін, Президенттің Күзет қызметін және Республикалық Ұланды орналастыратын ғимараттар алып, дайындық жасадым.
Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылдың 20 қазандағы Жарлығымен Ақмола қаласы (қазіргі Астана) 1997 жылдың 10 желтоқсанынан Қазақстанның астанасы болып жарияланды.
Жарлық шықты, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымына белгіленгені айтылды.
Енді Мемлекетіміздің рәміздерді – Ту мен Елтаңбаны, Президенттің Штандартын жаңа астанаға жеткізу керек еді.
Сол тарихи миссияны орындаған Республикалық Ұланның №1 күзет посты болатын. Мен сол салтанатты ресми шараны тарқатып айтып берейін.
.... Қазақстан Республикасының астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшірілетінін айтып, Президент Әкімшілігіндегі жоспар және арнайы сценариимен танысып Рәміздерді Ақмола қаласына жеткізу – өте жауапты және құрметті миссияны орындау Республикалық Ұланны Қолбасшысы – Сәт Тоқпақбаевқа жүктелетіндігін мәлімдеді.
Тапсырыс бойынша Алматыдағы Президент Резиденциясында Елбасының тікелей басшылығымен Отанымыздың белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен мемлекеттік Рәміздерді Ақмолаға ресми көшіру салтанаты өтті. Халықаралық мемлекеттік қағидалар бойынша Рәміздердің көшірілуі сол қаланың астаналық мәртебесінің ауыстырылуы болып саналады. Алматы қаласы оншақты жылдар бойы Қазақстанның астанасы, Тәуелсіздігіміздің бесігі болған болып келген. Рәміздермен қоштасу – астана мен қоштасу сияқты әсер беріп шараға қатысып тұрған әйелдердің көңілін толқытып, көздеріне жас алдырды.
Сценарий бойынша Елтаңбаны Ұланның екі сарбазы Президент Ресзиденциясы залынан алып шығуы керек болатын. Елбасының алдын-ала жасаған Бұйрығынан кейін өзім Рәміздерді тексердім. Елтаңбаны екі жігіт тұрмақ төрт жігіт көтере алмайтындай салмақты екен. Сондықтан, жедел Елтаңбаны жасаған шеберлерді таптырып, ақылдасып бір түнде жасырын түрде Елтаңбаның паралоннан көшірмесін жасатып, Бұйрықты орындауға әзір тұрдық. Қоштасу салтанаты кезінде Ұланның қос сарбазы Елтаңбаны еркін көтеріп халық алдына алып шықты.
Алматыдан Рәміздерді шығарып салғаннан кейін оларды арнаулы рейспен Ақмолаға жеткіздік.
Ертесіне жаңа астана – Ақмола Рәміздерді қабылдап алды. Сол жайында «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Ғалым Қожабектің жазған репортажын назарларыңызға ұсынайын:
Тұңғыш Президенттің сол кездегі ордасынан, яғни, бүгінгі елорда әкімдігі ғимаратынан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бастаған Парламент және Үкімет басшылары, жаңа елорданың тұңғыш әкімі Әділбек Жақсыбеков мінберге көтерілді. Аяз буып тұрғанымен, жандары марқайып тұрған жұрт ду-ду шапалаққа басты. Жүзінен ақжолтай қуаныш, асқақ айбын сезілген Елбасы қалың қауымға қайта-қайта қол бұлғап, қолдаушы жұртына ризашылық көңіл-күйін білдірді. Осы бір сәтте Республикалық ұланның оркестрі асқақ әуенді бастап жіберді. Ер тұлғалы жауынгер көк байрақты желбіретіп шықты. Оның соңынан қос сарбаз Елтаңбаны көтеріп келді. Президент Штандарты да сенімді қолда. Елдіктің осы үш символын ұстаған айбынды сарбаздар алаңның дәл ортасына жетіп тоқтаған сәтте Әнұранымыз жас Астана аспанында асқақтап сала берді. Жүрек тұсына қолын қойып толқыған жұрт, әсем саз тоқтасымен дүркіндетіп қол соқты.
Нұрсұлтан Назарбаев осы бір тарихи сәттің үстінде елжіреп сөйледі. Осы сәттен бастап тәуелсіз Қазақстанның астанасы ресми түрде осы қала болатынын жария етті. Бұл күнді тағатсыз күткен біз болсақ, аяздың қарығанын елемей-ақ қолды соғып жатырмыз. Жаныма ертіп алған кішкентай ұлым да күннің райын елемейтін секілді. Кіп-кішкентай жүрегі туған елінде ақжолтай оқиғаның болып жатқанын сезді ме екен, елден қалмай шапалақтайды.
Осы салтанат барысында есте қалған бір көрініс ақмолалық ақсақалдардың Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлына жаңа астананың символдық кілтін табыс етті. Соғыс пен еңбектің бейнеті мен зейнетін қатар көрген Мұқат Мейірманов пен Нұрғожа Оразов бастаған бір топ қариялар Есіл жағасындағы елордаға айналған қаланың қазығын қаққан Елбасыға ақжолтай батасын берді. Сәтімен, салтымен, салтанатымен жасалған осы шараға шын көңілден риза болып тарастық.
Рәміздерді алып келгенде жергілікті халық, әсіресе, жастар қатты қуанып, ән айтып алдымыздан шықты. Алаңды қақ жарып Ұлан сарбаздары Тәуелсіз Отанымыздың көк Туын желбіретіп өтті. Тудан патриоттық сезімде қуат алған халық толқып тұрды...
Мен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа Бұйрығының орындалғаны туралы рапорт беріп, баяндадым.
Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы, Президенттің Штандарты Ақмолаға әкелінді. Осы күні Елбасы өзінің жаңа астанадағы алғашқы жұмыс күніне кірісті.
Елін, жерін, желбіреген көк Туын қорғау – ол патриоттық сананың биіктігі. Сондықтан ұлттық мүддесін жоғары қоятын азаматтарымыз тұрғанда мемлекетіміздің іргетасы берік болады деп сенемін. Ал өз елінің ұландарына патриоттық сезімді сіңдіретін әуелі, отбасы, ошақ қасы, одан кейін Республикалық Ұлан деп білемін.
Мемлекетіміздің «Республикалық Ұлан туралы» заңында Ұлан еліміздің Қарулы күштер құрамына кірмейді. Тек Президентке бағынатын әскери құрама болып табылады делінген.
Сондықтан, оның басты міндеттері – жоғарыда айтып өткенімдей мемлекеттік дәстүрлі рәсімдерді орындау мен Елбасының және басқа да лауазымды басшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өте маңызды болып табылатын мемлекеттік ғимараттарды күзетумен қатар Президент белгілеген басқа да объектілерді қорғап, күзету. Міне, оның қарулы күштерден толықтай айырмашылығы осында жатса керек.
Жалпы Ұланға кадрлар іріктеліп, таңдалып алынады.
Мамандарды жұмысқа қабылдау тікелей менің қолымнан өтетін. Ең бастысы – денсаулығы мықты, бойы 178 сантиметрден кем болмауы тиіс. Бет-пішіні көрікті, әдемі болғаны дұрыс. Басты талап – Қазақстанның азаматы болғаны жөн.
Бізді Ұлттық Ұлан емес, Республикалық Ұлан деп атайтын. Ұлттық, нәсілдік белгілерін ескермейтін едік. Оған қоса сарбаздардың арасында жиырмадан астам ұлт өкілі ынтымақтаса қызмет атқарып жүрді. Ұланға кездейсоқ адамдар қабылданған емес.
Партия заманында Мәскеу Кремлін күзеткен он мың жауынгер болған екен. Соның бәрі – орыстар болды. Қазақ, өзбек, қырғыз былай тұрсын, тіпті өздерінің славяндық туыстары – украин, белорусь жігіттерін маңайына жуытпаған ғой. Ал бізде олай емес.
Енді сол Гвардиядағы орын алған кей жағдайларға қайта оралайын.
Гвардия – әскери құрылым саналады. Көбісі әлі бұғанасы қатып үлгермеген жастар, сондықтан, үй мәселесі басты күрделі сұрақтардың бірі болды. Жалпы тұрмыс жағдайы қиын болды. Кілең өрімдей жастар.
Сол кезде маған бір ой келді. Облыс әкімдері, бизнесмендермен сөйлесіп, осы Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы Елбасының арқасы, сіздердің осылай шалқып отырғандарыңыз да осы тәуелсіздіктің арқасы. Ал мына Гвардия Қазақстан болашағының қорғаны дегенді олардың саналарына ұқтыруға ұмтылдым. Оған қоса сарбаздардың жағдайы қиын, тамақ, үй, тұрмыстық қажеттіліктерде де қиындық бастан асып жатқанын жасырмадым. Шамаларыңыз келгенше көмектесіңіздер. Мынадай шотқа қаражат бөліңіздер деп өтініш білдірдім.
Осылайша мемлекеттік қызметте жүргендердің біразы бір миллион, екі миллион, жарты миллион қаражат көлемінде қорға аударып көмектесті. Жекешелендіруге кетіп бара жатқан екі-үш ғимаратты сатып алдым. Біреуінен 192 бөлмелік жатақхана – үй жасадым. Салынған жатақхананы жас отбасына арналған етіп екә пәтерге ортақ асхана, жуынатын бөлмелері әрқайсысына бөлек етіп жасақтадық. Тағы бір ғимараттан 3 бөлмелік бөлмелік 36 пәтер және 4 бөлмелік төрт пәтер салғыздым.Бұл біраз жыртығымызға жамау болды. Сөйтіп мүмкіндігінше бұл мәселені де оңды шешуге талпындық.
Тағы да айта кететін мәселе, мемлекеттік құрылымдармен бірге біз де Ақмолаға көшіп жатқанда Аманқос Әлжанов деген орынбасарым менің үстімнен арыз жазыпты. Оны Президент Қауіпсіздік Кеңестің Хатшысы Оралбай Әбдікәрімов мырзаға тексеру ұйымдастыр деген пәрмен беріпті. Арызбен мені ешкім таныстырмады, сондықтан мәтінін білмедім. Тексеруге 11(он бір) орган жұмылдырылған екен. Солардың өкілдерінің қойған сұрақтары арқылы жалпылама қорытынды жасадым. Түсінгенім: мені үлкен қылмыскер етіп көрсеткісі келген. Құрылысқа келген қаражатты ұрлаған, сол ақшаға Ақмоладан үй сатып алған, моральға жат қылықтар жасаған, ұйымдастыру қабілеті де өте төмен, Гвардия өз міндетін жоғары деңгейде орындай алмай барлық жағдайы төмендеп кетті, т.б. Тексеріп, арыз бойынша ештеңе дәлелденбеді. Тексеру нәтижесінде: өзінің заңға да, моральға да жат қылықтарын маған жапсырғаны дәлелденді. Тексеру қорытындысы бойынша Аманқос Әлжановты Елбасының Жарлығымен әскери қызметтен біржолата босатты. Тағы бір орынбасарым – Болат Тіленбаевқа қатаң сөгіс. Маған да сөгіс жарияланды. Себебін сұрап едім. Елбасы: «Сен адам танымайсың! Өзіңе келетін қауіпті білмейсің! Сол үшін», –деді.
Кеңес одағында Мемлекеттік жабдықтау басқармасы деген орган болған, содан демалу орнын сатып алдық. Әскери қызметкерлердің демалатын жерін сол орынға салдыратын болып шештік. Енді әскери қызметкерлердің өзіндік жеке демалыс орындары болатын болды. Осылай-осылай ақырындап, арбамен қоянға жеттінің кебін киіп, барлығын ретке келтіре бастадық. Ұлттық гвардиядағы әр қызметкер өз жұмысын сүйіп істесе деген ойдың жетегімен жүріп түрлі шараларды атқардық.
Гвардияның базасын, әскерилердің күнделікті тұрмыс-жағдайын осылайша шеше бастадық.
Гвардияға келгенде көңіл аударған тағы бір мәселе – азық-түлік жағы болатын. Сарбаздардың тамағы. Ондағы сержанттардың жағдайы.
Асханалары лас, уақытысында тамақ келмейді. Ал әлгі қойма бастығы деген нән, әбден, жеп, ішіп тойынып алғандар. Олардың барлығын қысқарттық. Тамақтандыру ісін жекеменшік құрылымға беруді ұйғардым,
Осы әрекетіме кейбіреулер қарсы тұрды. Ол қалай? Неге жеке меншікке береміз? Біреулер бүкіл сарбаздар жасағын улап жіберсе не болады, мұндай ешқашан тәжірибемізде болып көрмеген, қайдағыны қайдан шығардыңыздар деген секілді даулы әңгімелер болды. Ол таласты аз десеңіз, кейбір азаматтар осы жағдайды Президентке жеткізіпті.
Елбасы мені өзіне шақырып:
-Мынау не жағдай, - деп сұрады.
- Нұреке, өкінішке қарай асхананың жағдайы мәз емес, өзіңіз де шет-жағасын білесіз. Ал егер асхананы жекеменшік құрылымға берер болсақ біз керісінше ұтамыз. Сарбаздар ас үйінің жай-күйі қазіргіден әлдеқайда жақсарады. Жекеменшік құрылымдар осы жүйемен жұмыс істеп дағдыланған екен. Олар үшін бұл үлкен пайда көзі болады. Пайдасын асыру үшін бар күшін салып жұмыс істейтін болады. Барлығын тендер негізінде өткіземін. Құжаттарының бәрін өзім қадағалаймын, әділетті өтуіне ерекше көңіл бөлемін. Талаптарын өзімізге тиімді болатындай етіп құрастырамын.
Тендерге қатысушылардың міндетіне асханаға жөндеу жүргізу жұмысын жүктеймін. Ол аз десеңіз жекеменшік ұйым ыдыс-аяқтың барлығын бастан-аяқ жаңалайды, ұсақ-түйек дүниені ауыстырып шығады. Оппартаментін ескеруді айтамын. Және ең басты талап ол – тамақтың тиісінше әзірленуі. Күнде жаңа мәзір (меню) болады. Тазалықтың сақталуын талап етемін. Қатаң тексерулер жиі болып тұратынын айтамын.
Тамақ түгел дәрігерлер тексерісінен өтеді. Барлық сұраныстарға сай болады. Этикет жағы да қаралады. Сондықтан менің ойымша, бұл іс керісінше өзінің оң нәтижесін көрсетейін деп тұр. Оған жұрт не үшін дүрлігеді? Неге қарсылық танытқанын түсінбедім.
Кеңес заманында халыққа сенбей шетке біреу шықса – жанына адам қосып жіберетін. Қазір барлығы өзіміздің адамдар емес пе. Жекеменшік құрылымда да қызмет істейтін Қазақстанның адамдары. Олармен міндетті түрде шарт жасасамыз. Олар бұдан ұтылмайды. Оларға әрқайсысына 100 теңгеден он адамға тамақ дайындаған пайдалы ма, әлде әрқайсысына 100 теңгеден мың адамға тамақ дайындаған пайдалы ма? Әрине олар да ұтылмайды. Өз істеріне ықтиятты болады. Жоғары сапалы болады, - дедім.
Ол кісі:
-Өте дұрыс. Тек бақылау қатаң болсын. Солай істе, - деді.
Осылайша әскери өмірдің материалдық деңгейі көтеріле бастады.
Жатпай-тұрмай қаланың сыртынан гвардиялықтар үшін әскери жаттығуға, ату, жүгіруге арналған алаң әзірледік. Гвардияның горнизонында арнайы тир салдық.
Қазақстанда ондай тир ол уақытта болған емес.
Сосын «Көкжал» дейтін бөлім құрдым. Бөлімнің негізгі мақсаты – террорға қарсы әрекеттерді ұйымдастыру болды. Бөлімге адамдар жинай бастаған кезде олардың альпинистік деңгейіне басты назар аудардым, тауда арнайы сынақтан өткіздім. Кейін күрделі жаттығулар жүргізетін болдық. Мәселен, тікұшақпен ұшып бара жатып алтыншы жетінші қабатқа секіріп түсетін қабілетті сарбаздар қатарын арттыруға тырыстым. Ол оң нәтижесін берді. Ондай сарбаздар бірте-бірте көбейе берді. Уақыт өте келе осының барлығымен Елбасын таныстырдым. Президент мұндай жетістіктерге куә болды. Көңілінен шықты, ерекше ұнады. Қажыр-қайратымызды қандай мақсатқа жұмсап жүргенімізді көргенде қатты риза болды. Құдды өз баласының шыққан биігін қуанған әке кейпіне енгендей болды. Елбасының ризалығын байқаған біздер де арқамызды кеңге салып, марқайып қалдық. Алдыға қойған межеміздің дұрыстығына тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Елбасы сарбаздармен, гвардиялықтармен тирде болып, «Көкжалдың» сан түрлі құтқару жаттығуларын, террорға қарсы күрес үлгілерін тамашалады. Бұл 1996 жылдың көктемінде болған еді. Төрт-бес ай ішінде қолға алынған жұмыс іске асты, жемісін берді. Көңілден шығып көзге түсті.
Бұрын мен келгенге дейін гвардиялықтарды кешке қарай Ішкі істер министрлігіндегі тәрізді қалаға патрульдікке алады екен. Сол қалыптасқан дәстүр бойынша бір күні бізге Үкіметтен қоңырау шалынды. Олардың талаптары менің миыма қонбады. Айтқандары:
– Осынша солдатты жіберші, мынаны көтеру керек, ананы апару керек, - болды. Мен үшін бұл ерсі көрінді.
Осындай өрескелдіктердің көбіне қарсы шықтым. Сарбаздар патрульдік қосымша қызметтен мүлде алыстатылды. Енді гвардиялықтарды патрульдікке шақырмайтын болды. Себебі бұл олардың міндеттеріне кірмейді. Патруль ол мүлде басқа нәрсе, ал гвардиялық сарбаздар бұл басқа жүйе. Гвардияның негізгі қызметі анықталып шегеленді. Заңға да енгізілді.
Гвардия қандай объектілерді күзететінін, қандай әскери шеруге қатыса алатынын, бүге-шігесіне дейін нақтылап бекіттік. Қауіпсіздікті қамту, Президенттік оркестр, тағы басқалары құрылды.
Оркестрді тексеріске алсақ тек духовой оркестр ғана бар екен. Жалғыз ғана духовой оркестр деген меніңше өте ұят көрінді. Мұны жандандыру ісін дереу қолға алу керек болды. Осы ой үнемі есімнен шықпай жүрді.
Бір амалын табармын деп жүргенде бүгінгі күні ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, ол кезде жас жігіт – Бекболат Тілеуханов маған келді:
-Президенттік оркестрге қызметке тұрғым келеді, - дейді.
-Сен онда не істемекшісін?
- Өлең айтамын ағай, - деп қояды.
- Ал, онда отыр, айт өлеңіңді.
Кабинетке ортаға отырғызып қойдым. Өлеңін тыңдадым. Даусына тәнті болдым. Керемет айтады екен.
– Мен сені жұмысқа аламын, айналайын. Керек десең әскер қатарына да алайын. Жалақың кішкене көбірек болады. Қысылып-қымтырылмайсың. Бірақ саған қосымша қызмет жүктеледі. Қосымша міндетің – Президенттік әскери оркестрді құруға, құрғанда да көрген адам таңғалатындай етіп, тамсанатындай етіп, барша оркестрге үлгі боларлықтай етіп құруға көмектесесің. Себебі, сен өнер жастарын маған қарағанда жақсы таныйсың, олардың ойын, арманын көріп-біліп жүрсің. Елім деген есіл азаматтарды жина. Таланты талабынан асып тұрған болсын.
Есіңде сақта – бізге атақты өнер адамдары керек емес. Тек жастарды ғана жинау керек. Туғанынан таза талант иелері болсын. Сол жастар осы жерде өссін, өркен жайсын. Саған жеке тапсырмам болсын. Мына біздің фольклор ансамблін, еліміздің ән-күйін жоғары деңгейге көтеру керек. Жас жеткіншектерді жина. Ары кеткенде екінші курста оқитын жастарды осында тартқаның дұрыс болар. Ішіндегі жасы үлкені солар болсын. Бірінші-екінші курс студенттерінен бастап осы оркестрге тарт. Талпынсын, талаптансын, оларға ынталандыру болсын, - деп қатаң тапсырма бердім.
Осы мәселеде Арыстан Мұхамедиұлы есімді азамат көп көмектесті. Қазір ол ҚР Мәдениет және Спорт министрі. Ол кезде Президенттік оркестрді басқарды.
Осылайша оркестрді құрдық.
Мені аға, Ұланның қолбасшысы ретінде ұстаз санаған – соңыма ерген інім Арыстанбек Мұхаммедұлы айтқан пікірін қосып отырмын:
Алғашқы кезде Сәкеңнің тәрбиесінде болдым, өмір тәжірибесінен көп үйрендім.
Сондықтан, өміріме даңғыл жол ашқан, батасын берген, ғажайып бауырмал жан – Сәт аға туралы сыр бөлісуді баяғыдан інілік парызым деп білемін.
Сәт Бесімбайұлы Республикалық Ұланға қолбасшылыққа келгенге дейін Президент оркестрі қатардағы шағын ғана музыкалық ұжым еді. Тікелей Елбасының өзіне бағынышты Ұланға басшы қызметке келген С.Тоқпақбаевқа қойылған басты талап – жас мемлекеттің айбынын асқақтататын әскери жасақты жасандыру және сол қарулы жасақтың рухын өнермен көтеру еді.
Президент оркестірі үрмелі аспаптар оркестрінен кеңейіп, өзіндік келбеті бар халық аспаптар, камералық шекті аспаптар, би ансамбльдері, үрмелі аспаптар «Диксиленді», өнердің барлық бағыттарын қамтыған әншілер ұжымы болып құрылғанда Сәт Бесімбайұлы оркестрге елдің ішінен өнерге алғаш қадам басқан талантты жастарды тарта бастады. Осы орайда халқымыздың «Бұлақ көрсең көзің аш» деген қанатты сөзін қағида еткен Сәкең, өмірдің асау айдынына талай өнер саңлақтарын шығарып, жас өнерпаздың желкенінің жығылмауына жәрдем жасады, ұмтылыстарын ынталандырып, бойларына қанат бітірді.
Сол жастар қазір еліміздің өнер сахнасындағы өзгеше бір жұлдыздар легін құрды.
Мәселен, Бекболат Тілеухан ол кезде Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын жаңа ғана тәмамдап жатқан жас әнші еді. Аспирантурадан соң ұстаздық етіп жүрген Бекболаттың ұйымдастырушылық қабілетін ашып берген Сәкең болатын. Әркез кабинетіне шақырып алып кеңесіп, жол нұсқап, істің ыңғайын түсіндіретін.
Бекболаттың сазгерлігіне де Президент оркестірі аз әсерін тигізген жоқ. Өйткені, оркестрдің берекесін арттырып, жарық жұлдызы болған ол өзінің бірқатар туындыларын оркестр қатарында жүріп жазды. Іздену менм үйренуді мақсат еткен және әнші қылқобызбен ән айту жанрын өте биік деңгейге жеткізіп, халық санасынан өше бастаған Доспамбет, Қазтуға сынды жыраулардың толғауларына жаңадан жан бітірді. Сонымен қатар, әріптестері Рүстем Күлшебаев, Оралхан Сәдуақасовтармен бірлесе отырып, халық әндері мен күйлерін жаңа эстрадалық өңдеулермен байытып, бүгінде кең тараған этно-эстрада стилінің негізін қалаушылардың бірі болды.
Айман Мұсақожаеваның басшылығымен бұрыннан келе жатқан үрмелі аспаптар оркестрінің құрамы кеңейіп, казірде әлемнің аты аңызға айналған концерт залдарында жалпақ жаһанға Қазақстанды паш етіп жүрген "Академия солистов" камералық оркестрінің негізі осы оркестрде қаланды. 1996 жылы елорда Астанаға көшкен тұста Айман, шағын ғана Ақмола облыстық музыкалық училищесінің негізінде Музыка академиясын құрып, елдің бас қаласында үлкен музыка ордасын ашты. Өнер үшін өзін аямайтын ол Президент оркестріне жергілікті музыканттардың арасынан конкурс жариялап, іріктеу жұмыстарын жүргізді, көркемдік кеңестің бел ортасында болып, оркестрдің көп көңілінен шығып, кең танымай болуына аянбай еңбек етті.
Қоңыр дауысымен қазақ көременінің жүрегіне әуелден-ақ жол тапқан, бұл күндері Алматы қалалық мәдениет департаментінің жетекшісі Нұрлан Өнербаевтың шығармашылығы да Президент оркестрінде қайталанбас ерекшеліктермен есте қалды.
Оркестрдің сүйемелдеуімен өнері өрге озған таланттардың жеке концерттерін өткізген кезде, көпшілік көрерменмен бірге музыка мерекесінен көңілі толып, мерейі шалқып шығатын коғам кайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев "бұларың бриллиант концерттер" екен деп жоғары баға беруші еді.
Еліміздің және көптеген шет мемлекеттердің сахналарында өнер көрсетіп жүрген танымал әнші Жаннат Бақтаеваның 1997 жылы Президент оркестрінің атынан Глинка атындағы дүниежүзілік вокалистер конкурсына қатысып, бірінші орынға ие болуы, оркестрдің ғана емес, бүкіл қазақ өнерінің жеңісі еді.
Алматы мемлекеттік консерваториясының жас түлектері, кең байтақ қазақ даласының әр өңірінің әншілік онерінен сусындаған Рамазан Стамғазиев, Елмұра Жаңабергенова, Ардақ Балажанова, Айгүл Қосанова, Ардак Исатаева, Клара Түленбаевалар қазір жалпақ қазақ жұртшылығы сүйіп тыңдайтын өнер қайраткерлеріне айналды.
Шетелдіктер келген кезде өз өнерлерімен талай жұртты тандай қақтырған Александр Абылаев жетекшілік еткен Джаз "Биг Бенд" оркестрі де 1996-1997 жылдары құрылды. Бұл оркестрдің сүйемелдеуімен Сәйіл Татубаев әйгілі американдық Мариконаның әндерін тамылжытып орындағанда, алыс Азияда мұндай кереметті көрем деп ойламаған шетелдіктер таң-тамаша қалушы еді.
Қазақ балетінің деңгейін шырқау биікке көтерген, Лейла Әлпиева мен Дмитрий Сушков, сахнаға шыкқан сайын көрерменнің ыстык ықыласына бөленіп жүрген ерлі-зайыпты Ахмедияровтардың "Саз отау" тобы, "Белес" триосы да осы оркестрде жүріп қанаттанды.
Президент оркестрінің жолдауымен Вена каласында Жоғары музыка мектебін тәмамдаған скрипкашы Аида Аюпова, үлкен сахнаға ең алғаш оркестрмен бірге шыққан, қазіргі қазақ эстрадасының жас жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова мен Досымжан Таңатаровты айтуға болады.
Елімізге осыншама жаңа есімдерді сыйлаған Президент оркестрі болса, оның құрылуы мен қалыптасуы барысыңда ордалы ой айтып, келелі кеңес беретін, кеңінен кесімді шешім жасайтын Сәт Бесімбайұлы болатын. Өзі де ізденістен, жаңалықтан шаршамайтын Сәкең концерт залдарында, театрларда өтіп жататын небір әншілер, күйшілер арасындағы байқауларды, жаңа бағыттағы қойылымдарды мүмкіндігінше назарынан тыс қалдырмай, уақыт тауып тамашалап, көріп отыруға тырысатын. Өнердің сыры мен құдіретін бір кісідей білетін ол, әуені әсерлі әндерден гөрі, терең ой мен маңызды мазмұнға құрылған философиялық жүгі мол Клара Түленбаеваның орындауындағы халық әні «Бұл-бұл» мен күміс көмей, жез таңдай әнші Рамазан Стамғазиевтің орындауындағы Жәнібектің «Ойламаңдар жігіттер» толғауын ерекше сүйіп тыңдайтын.
Президент оркестрі Алматыда болған кезде жеке ғимараттың жоқтығы себепті біздер жауынгерлердің казармасына орналасқан едік. Ән жазатын студия, бишілерге жеке би залының қажет екендігін, онсыз сапалы өнер туындысы дүниеге келмейтінін жақсы түсінетін Сәкең оркестрге жеке ғимарат іздеп шарқ ұрды. Сөйтіп жүргенде елдің бас қаласы Астанаға көш түзеді. Сол ұл көштің басында Республикалық Ұланмен қатар Президент оркестрі де келді.
Мемлекеттік басқару ұжымдарының барлығы көшіп келген тұста жас қалада бөлек жай-күй табудың қиындығына қарамастан, ол кісі Президент оркестріне енші беріп бөлек шығарсам, тіптен, қаржыландыру қоры бөлек болатын жеке әскери құрылым етсем деген ойда жүрді.
Сонымен қатар, әлеуметтік жағдайы түзелмесе әнші мен әртістен сән кететінін жақсы білетін Сәкең біздерге үй-жай алып беру жағына да бел шеше кірісті. Лауазымы мен жоғары шеніне, уақытының тапшылығына қарамастан, оркестр музыканттарын туған күнімен құттықтауды өзінің парызы деп санайтын.
Ұйымдастыру шараларына өзі бас болып, барлығымыздың басымызды қосып, жатақханаға келуші еді. Тіптен Астанаға алғаш келген жылдары, бірінші кезекте өзі үй алмай, күні-түні жауынгерлердің жанында жүретін, қарамағындағы офицерлеріне және талантымен ел-жұртты тәнті еткен Президент оркестрінің әртістеріне баспана алып беруге қолынан келген жәрдемін аяған жоқ.
Көңілі көтеріңкі кейбір кездерде ол қиындығы мен қызығы мол өмір жолынан естеліктер айтатын. Сондай кездері Сәкеңнін көзі қыран бүркіттің жанарындай жайнап, ерекше бір ұшқын ататын. Өмірінің ұзақ мерзімін арнаған қауіпсіздік саласы туралы сөз қозғағанда ол кісі шабыттанып, бейнебір қанат біткендей күй кешетін. Біздер әңгіменің қызығына түсіп, жылы жүз, шырын сөзге енді елтіп отырғанда "басқасы – құпия, әлі айтатын уақыты жеткен жоқ" деп, бір құпия жымиып койып, сөз сарынын басқа арнаға бұратын.
Жұмыстан қолы сәл босағанда ол кісі бір уақ үлкен теннис ойнап бой сергіткенді ұнататын, тән сұлулығының бірден-бір кепілі – спорт десе ішкен асын жерге қоятын. Сол себепті ме, әскери киім керемет жарасып, үнемі сыптай болып жүреді. Біздерге де дененің сымбатына көңіл бөлу қажеттігін баса табыстайтын. Әншінің сыры мен сымбатына әні мен сәні сай болғандығын қалайтын.
Бүгіндері жұртқа кеңінен танымал «Елім менің» әнінің дүниеге келуіне Сәт ағамыздың тікелей қатысы болғандығын біреу білер, біреу білмес. Жыршы, әнші боп қана танылған Бекболаттың бойындағы сазгерлік қабілет бастапқыда ешкімге беймәлім еді. Бірақ соны тануда Елбасы тағы да көрегендік танытты. Адамды аңысынан тап басып танитын Нұрсұлтан Назарбаев "Ел айтатын ән болса екен" деген ниетпен, Президент оркестрінде жұмыс істейтін, жастықтың жалынында жарқырап тұрған Бекболатқа бейресми кездесулердің бірінде "Елім менің" әнінің сөзін ұсыныпты. Мемлекет басшысының бір сөзін жерге қалдырмай, оның тапсырмаларын орындауға аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын Сәкең – Бекболаттың әдемі әуен жазуына қолдан келгенше жағдай жасаумен катар, нәтижесін өз қадағалауына алып, сазгерге күнара телефон шалып, "қамшылап" коятын.
Әнді ең алғаш тыңдаушылардың қатарында болған Сәт Бесімбайұлы бойын шарпыған көңіл толқынын жасыра алмаса керек, осы әнге керемет бейнеклип түсіруді өз қолына алып, нәтижесінде ұлттың рухын оятатын нағыз идеологиялық туынды жасауға бас болды.
Қазіргі кезде "Бізге ұлттык идеология керек пе? Ол қандай болуы керек?" деп жүргендерге "Елім менің" әнін тыңдап, бейнеклипін көрген болсаңыз, ұлттык идеологияның нағыз қайнар көзі сонда жатыр дер едім.
Мұның барлығы Президент оркестрі еңбегінің жемісі, жоғары мәртебелі қонақтардың алдындағы қазақ өнерінің жеңісі екендігін ұғынған сайын қуаныштан жүрегіміз кеудемізге сыймайтын, оркестрдің осындай биік деңгейге жетуіне бірден-бір себепкер Сәт Бесімбайұлының ағалық қамқорлығы мен көптің көкейіндегісін тап басатын көрегендігіне разы болып, іштей мың мәрте алғыс айтатынбыз.
Сәт Тоқпақбаевтың өскелең жас ұрпақтың қолдаушысы әрі корғаны ғана емес, оның болмыс-бітімі парасаттылықтың нағыз үлгісі екендігіне күмән жоқ», - деп аяқтайды өз сөзін інідей болып кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Арыстаннан кейін оркестрді Жасболат Жұмағалиев деген жігіт басқарды. Президент әскерінің өркендеуіне аянбай тер төкті, аянбай еңбек етті, өкінішке қарай өмірден ерте озды, иманды болсын. Артында жас баласы, зайыбы, өзіміздің жез таңдай әншіміз Баян Нұрмышева қалды.
Республикалық Ұлан жанынан құрылған Президенттік оркестр қазір дүниежүзіндегі барлық елдердің гимндерін орындай алатын деңгейге жетті. Соңғы жылдары оркестр еліміздің атаулы бірнеше қалаларында өз өнерін көрсетіп қайтты. АҚШ-та, Малайзияда, Австрияда, Германияда, Кореяда болып өнер көрсеткен кезде – Ұланға таңдай қағып, бас шайқап, көздеріне жас алып, қайран қалғандар көп болды. Алғыстары да алабөтен.
1996 жылы Малайзияның Премьер-министрі ресми сапармен біздің елімізде болғанда Құрметті қарауыл мен оркестрді көріп: «Біз де дәл осындай оркестр құрып, Құрметті қарауыл жасақтасақ, соған үйретуші нұсқаушылар жіберсеңіздер», – деп ниетін білдірген еді. Бұл біздің ұйымдастырушылық жұмысымызға жоғары бағасын берген кейпі болатын.
Кейін бұл мәселе төңірегінде арада дипломатиялық жұмыстар жүріп, өзімді сол елге арнайы шақырды. Келісім бойынша Ұлан оркестрі Малайзияға барып қайтты. Өзара тәжірибе алмастық. Әскердің баруы мен қайту шығынын шақырған елдің өздері көтереді екен. Біздер мұхиттың арғы жағында жатқан үлкен елдің алғысын алып, мәртебеміз өсіп қайтқанға қуандық.
Тәуелсіздіктің арқасында біздің де өзгелерге үлгі, әрі өнеге болып отырғанымызды өзім үлкен мәртебе деп білдім. Бұл жәйітті қай кезде де мақтанышпен еске түсіреміз. Айта жүреміз. Кейінгілерге үлгі болсын дейміз.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев