Сенім болмаса, өмір де мәнсіз (Аңыз)

ӘДЕБИЕТ
8982

Ерте заманда тұманды Альбион елінде дінге сенбейтін, ұрдажық, тентек, іші пысқан жас жігіт, шіркеу алдында тұрған попты, сақалынан ағашқа байлайды да, көзінше шіркеуге от қояды. Көз алдында жердегі құдай үйін өртегеніне қатты өкінген поп, көзінен тарам-тарам жас ағып, Құдайдан бұл жас жігітті "Еш уақытта өлтіре көрме" деп жалынып-жалбарына сұрайды. Поптың мына тілегін құлағына қыстырмаған əлгі жігіт, істерін істеп ол жерден тайып тұрады. 

Арада ондаған жылдар өтеді. Əлгі қояншық бір күні өзіне зер салып қараса...сол баяғы күйінде тұрғанын көріп таң қалады. Мүлде қартаймаған, тіпті беттерінде əжімнің ізі де жоқ. Қатарлары болса, еңкейіп қартаюға айналған. Ал өзі, не отбасы, не тұрақты жері жоқ, қаңғыбас боп ғұмыр сүріп жүре беріпті. Осы ой оған бір сəт келгенмен, артынша ғайып болып, делқұл жындылық өмірін əрі қарай жалғастыра береді. Тағы да арада жүз жылдан астам уақыт өтеді. Өмір сүруден жалыққан жігіт, енді өлмекші болады. Бірақ, өз-өзіне қол сала алмайды. Бір күні отарба шыққанын естіп, соны іздеп шығады. Арқырап түтіні будақтап келе жатқан, алып техниканы көргенде,өлетін болдым деп, қатты қуанғаннан тұра жүгіреді де, поездың астына секіреді. Бірақ, поездың астына түспей, жанына соғылады жа жол жиегіне ұшып түседі. Бүкіл сүйегі күл-талқан болған жігітті, əуелде өлді деп ойлаған дəрігерлер,тамыры соғып жатқанын байқап, ауруханаға апарады.  Құдайдың құдіретімен, бірнеше айда əлгі жігіт дым болмағандай шауып кетеді. Сөйтіп, тағы да сүреңсіз қаңғыбастығына қайта оралып, ондаған жыл өмір сүреді. Бірақ сол баяғы, поп қарғаған күндегідей жап-жас күйі қала береді. 

Тағы бірде, Францияда Наполеонның əскер жинап, соғысқа аттанғалы жатқанын естіп,сол жаққа жол тартады. Әскерге қабылданып, талай соғысқа қатысады. Қанша рет жараланып, өлім халінде жатса да госпиталға барып емделген соң, дым болмағандай, шауып кете береді. Бір деректерде Наполеонның бір полк жасағы түгел қаза болғанда, мылтығына сүйеніп, майдан даласында тұла бойынан қан саулаған жалғыз сарбаздың келе жатқаны туралы жазылған жыр да, салынған көркем сурет те осы мəңгі өлмейтін жас жігіт жайлы екен дейді. 

Наполеонның соғысы біткен соң, мəңгі өлмейтін жігіт енді не істерін білмей басы қатады. Ақыры, баяғы өзі өртеген шіркеуді іздеп Англияға келеді. Арада өткен екі жүз елу жылда, ол шіркеудің орны тегістеліп, қай жер екені де белгісіз боп қалған -ды. Сонда да бар тапқан-таянғанын жұмсап, сол маңайдан шіркеу салуға кіріседі. Ақыры шіркеуін салып, Құдайға сиынып, өзі сонда қызмет ете бастайды. Күндері айға, айлары жылға ұласып, біраз жылдардан соң ол да қартайып, кәдімгі адамдарша көз жұмады...

Мәлік Орақов

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...