Өтен Ахмет. Аштықтан кейін (Әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2882

Жазғы емтихан тапсырылды, сонымен екінші курс тәмам. Алда ұзақ каникул. «Маған алаңдамаңдар, Керекудегі Зәкира апамдікінде барам» деп, үйге хат жазып жіберді. 

Ошақ басында жүрелей отырған жас әйел орнынан асықпай көтеріле беріп, бұған көзі түсіп кетті де:

-Аллам-ау, сен Емберген емессің бе? –деді таңырқап.

-Иә, апа, мен ғой, -деді Емберген ыржия күліп, қарсы жүріп.

Апайы аңырай кеп бас салды. Құшағына алып қысып-құшып, екі бетінен алма-кезек шөпілдетіп сүйіп жатыр. Сүйіп жатыр.

-Аллам-ау, бауырымды көзіме аман-есен көрсеткенің үшін мың алғыс саған. Мың алғыс. Бір әулеттің еркек кіндіктіден қалған жалғыз тұяқсың ғой. Күндіз-түні тілеуіңді тілеуші ем, зіңгіттей жігіт бопсың. Аллаға шүкір, мың шүкір. Алматыдан тура осында тарттың ба, осында апам тұратын еді деп келдің бе?

-Иә, апа, жазғы кең уақытта сізді көріп қайтайын деп ұйғардым.

-Айналайын, Аллам талабыңды оңғарсын. Сені, бауырымды көріп, елдегі бүкіл жақын тумаларыммен қауышқандай боп төбем көкке жетіп тұр. Қош келдің, айналайын. Жездең малда, кеш түсе келіп қалар. Оқымысты балдызымды қашан көрем деп армандап жүруші еді, жақсы болды, қуанатын болды.

Қора жақтан қатарласа жарысқан тетелес қос қара домалақ жүгіре жетіп, дәл қастарына келіп тоқтай-тоқтай қалды. Шешемізбен сөйлесіп тұрған бұл бейтаныс кім дегендей, жүздерінде таңырқау бар, Ембергеннен қадалған көздерін алар емес.

-Айтушы ем ғой, Алматыда оқитын студент ағаларың Емберген бар деп, сол ағаларың осы, кәне, сәлем беріңдер.

-Ассалаумалейкум, аға, - деді қос ұлдың жас шамасы алтыларға келіп қалған ересектеуі қолын төсіне қойып, бас иіп, - менің атым Мақсұт.

-Ассаумәкім, - деді жасы төрттердегі екінші ұл. Ағасынан көріп ол да басын иді, - мен Мазғұт.

-Үлкен жігіт болыңдар, - деген Емберген, балалардың өзіне көрсеткен ізетіне ризашылығын білдіріп екеуінің басынан еркелете кезек - кезек сипап қойды.

-Қой, бұл не тұрысымыз, үйге кір, жолда шаршаған шығарсың, қарның да ашқан болар, - деген Зәкира балаларға тапсырма берді: - Жүгіріңдер, ағаларыңа төрге қалыңы мен тазасынан жақсылап көрпеше төсеңдер, құс жастық қойыңдар.

Қос ұл алға түсіп бірін-бірі қуалай шапқыласа жөнелісті.

Зәкира күйеуінің күндегі келетін уақытын шамалайтын болу керек, Сейілхан бағып жүрген малын қоралап, жайғастырып үйге кіргенде, асып жатқан еті де пісіп дайын болып қалған еді. Сейілхан кіріп келгенде, төрде көрпеше үстінде құс жастыққа шынтақтап жатқан Емберген орынан ұшып тұрды. Сейілхан «ау, бұл кім» деп ес жиғанша, ол «жезде» деп еркелей кеп мойынына асылды.

-Өй, Емберген, сенбісің? Қалай өсіп кеткенсің. Тоқташы, түр-түсіңе дұрыстап бір қарап алайын. Бәрекелде, Омар ағамнан айнымай қалыпсың. Тура аузынан түскендейсің. Әне, орнында бар оңалар деген осы. Құдайым саған жұрым берсінші енді. Бәсе, сыртқы есікке тақағаннан-ақ қайнап жатқан жылқы етінің иісі танауымды жарған еді. Кім келді екен, кімнің құрметіне деп ойласам. Бәсе...

Сейілхан келіп үй іші мәре-сәре болды да қалды.

Өмірдің жұмбағы көп. Сол көп жұмбақтың бірі Сейілхан мен Зәкираның басындағы қазіргі жағдайлары еді. Байлардың малын тәркілеп, шаруа қолындағы азын-аулақ жандықты үйіріп ортаға салғанда, оларды қыстан сақтайтын жылы қора, ашыққанда алдына шашатын шөбі мен жемі болмай, қайран малдың қырылғаны қырылып, кейбір қой отарларына, сиыр табындарына, жылқы үйірлеріне жан сақтайтын орын іздеп онда-мұнда босытып айдағанда, Зәкира күйеуі екеуі осы жерге, ішінде азын-аулақ жылқы мен сиыры бар, бір отар қоймен бірге ере келген еді. Содан тұрып, орнығып қалды. Ортасында қума пеш, шағындау, қоржын үйлері бар. Үйелмелі-сүйелмелі екі ұл бала өсіп жатыр. «Бал ұстаған бармағын жалайды» деп, сауыншы болғасын Зәкира ретін тауып сүт, қаймақ, сармай жағын қамдаса, қазақ ет жемесе отыра ала ма, ол жағын Сейілхан жайғастырады екен.

-Шүкір, қай жерде де ел еңсесі көтеріліп жатқан көрінеді. Өкіметке ризамыз, - деп қоялы Сейілхан.

Ембергеннің екі жағынан келіп, бүйірлерін тақап отыра қалған Мақсұт пен Мазғұттың оқымысты студент ағаларынан білмектері көп екен.

-Алматы үлкен бе? -деп сұрайды Мақсұт.

-Үлкен, -дейді Емберген.

-Керекуден де үлкен бе?

-Әрине. Алматы біздің Қазақстанның басты қаласы ғой, сондықтан ол басқа қалалардан үлкен болуы керек. 

-Біздің елді, осы бәрімізге ақыл айтып, жөн көрсетіп отырған көп оқыған білімді басшылар түгел Алматыда тұрады. Алматы сондықтан басқа қалалардан үлкен әрі сәнді болуы керек, - деп сөз қыстырды Сейілхан, өзінің де қара жаяу еместігін білдіріп.

-Алматыда трамвайға мініп көрдіңіз бе? - деп, сұрағын жалғастырды Мақсұт.- Көшеде адам көп болғанда трамвай оларды басып кетпей ме?

-Трамвай деген, осында пойызды көріп жүрген боларсыңдар, сол сияқты. Пойыз сияқты ол да жүру-тұру ережеге бағынады. Дүниеде жанды дүние болсын, жансыз дүние болсын, барлық әрекеттің есебі бар. Оларды математика және физика ғылымы зерттейді. Осындай ғылымдарды жақсы меңгерген елдер бәрін ойлап тауып жатыр: пойызды, пароходты, самолетті.

-Танктерді де ме?

-Бәрін, -деді Емберген, - мына алдымыздағы ет салынған табақты да, сорпа ішіп отырған кеселерді де солар ойлап тапқан.

-Біздің танк немістікінен күшті дейді, рас па?

-Сен бірге ойнап жүрген баладан қайсың күшті екеніңді қалай білесің?

-Күресіп білемін. Ол жықса, ол күшті. Мен жықсам, мен күшті.

-Танктер де сондай. Қайсысы күшті, екі жақ соғысқанда ғана белгілі болады. 

 -Қой, жетер, соғысы құрысын, соғыспай-ақ қырылғанымыз аз ба, жауап бере берсең бұлардың сұрақтары таусылмайды, - деді Зәкира балаларына қарап қабақ шытып. - Үлкендерді сөйлетпей қойдыңдар ғой. Тойсаңдар, барыңдар. Сыртқа шығып ойнап келіңдер. Қорадағы малды бір шолып қайтсаңдар да болады.

Мақсұт пен Мазғұт шешелеріне томсырая бір-бір қарағандары болмаса, қарсылық білдірген жоқ, үн-түнсіз беттерін сипады да, дастархан басынан тез тұрып, далаға шығып кетті.

Балалардың көлденеңнен қойылған сұрақтары үлкендердің көңіліндегі жасырын қуыстарға бас сұққандай еді. Сейілхан мен Зәкира үшін зұлмат аштықтың елді жайпап өткені күні кеше ғана, өлмей тірі қалып, тіршіліктерін жалғастырып жүргендеріне шүкіршілік етеді; ел ішіндегі кейбір белгілі адамдарға қатысты ұсталыпты, қамауға алыныпты, сотталып кетіпті деген суық хабарларды бұлар да ара-тұра естімей жүрмейді. Алайда «Көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз», естігендері естілген жерде қалады. Кім айтты да демейді, естідім де демейді. Дегенмен астанадан келген оқымысты бауырлары Ембергеннен сыр тартып байқаса да болар еді, бірақ мұндайдың арты әңгімені айтушыға ғана емес, тыңдаушыға да қауіпті, сондықтан ең дұрысы жараның аузын тырнамау ғой деп ой түйген Сейілхан тақырыпты дереу басқа арнаға бұрып, мал басы өсімінің жылдан жылға артып келе жатқанына, өзінің осы совхозда озат бақташы атанып жүргеніне тоқталып өтті. Мал жарықтық, әсіресе, қыста жылы қорасы, алдында жем-шөбі жеткілікті болса, азбай-тозбай тез өседі екен, баяғыдай жұтқа ұшырау деген болмайды екен, деп ұзақ сөзін өзінше әдемілеп бір түйіндеп тастады.

-Ойбой, болды енді, - деді ет желініп, шай ішіліп, кесе-аяқты жинастырып жатқан Зәкира, - жалғыз сен бе озат, мен де озатпын, осындағы дояркалардың алдымын. Өткен бірінші майдың мейрамында мақтау грамота алдым, шекесінде Сталиннің суреті бар. Балалар жыртып тастай ма деп сақтанып, сандыққа салып қойғам.

-Ембергеннің келгені жаңа ғой, кейін көре жатар, кәникүлі ұзақ, уақыты бар, - деді Сейілхан балдызының көзінше әйелінен ескерту алғанына намыстанғандай қатқылдау сөйлеп. - Суреті түгіл, Стекеңнің өзін де көрген шығар балдызжан. Ендігі Алматыға бір келіп кететін жөні бар ғой оның? Әлде, келген жоқ па әлі?

-Әзірге оның Алматыға келуі туралы сөз жоқ. Жалпы, ол кісі кремльден ұзап ешқайда шықпайды екен.

-Осыншама көп халықтың қамын жеу оңай деймісің, ой ойлаудан қолы босамайтын болар. Біздің бір ақынымыз айтыпты ғой, қалай еді, ә, иә, «Күнсіздерге күн болған, жер жүзіне нұр болған» деп. Рас қой, соның арқасында передовик атанып, бізде міне, адам болып қалдық.

-Қой, демалайық, -деді Сейілхан отырған жерінен көтеріле беріп.- Сен таңнан сауынға, мен малға шығамын. Балдызжан да ұзақ жолдан шаршаған шығар. Ұйқысын қандырып, тамаққа күйленіп, тынығып, күш жинап алсын. Шүкір, айналамызда бойжеткен қыздар көп, кәникүлі көңілсіз бола қоймас балдызжанның... Әлгі балалар қайда жүр өзі?

                                      х х х

Апа-жездесі тұрып жатқан фермада бойжеткен қыздар жағы, шынында, бай екен. Көп ұзамай Емберген екі украйн, бір қазақ қызымен танысып алды. Жас-жастың тілегі бір деген, өзара тез тіл табысып кетті. Ауылдың жаны қалың тоғай, бір жағында шағын көл. Биылғыдай Ертіс тасыған жылдары көлге жаңадан су қосылып, шалқып кетеді екен.

 Алматыда, көгілдір көктемнің шуақты күндерінің бірінде, қасынан жайнаңдап өте берген қызыл көйлекті қызға жүрегі бір бүлк етіп, артынан қызыға қарап қалғаны болмаса, әзірге ешбір қызбен танысып, оңаша жолығып сырласып көрген жоқ. Алайда жігіттіктің табиғат берген сиқыры ма, әлде астанадан келген студент бола тұрып, түкпір ауылдағы шөпжелке қыздардың алдында жасқаншақтық жасағанды намыс көрді ме, жаңа таныстары алдында әу дегеннен еркін сөйлеп, еркін қимылдады. Өйтпесіне бәрібір ана екі украйн қызы қоймас та еді. Бірінің аты Зина, піскен бидайдың сабағы түстес толқынды сар шашын тоқпақтай ғып бір бұрым етіп өріп қояды. Күлім көз, күлгенде көз аясы нілге салып алғандай көкшілденіп, жайнап кетеді. Ембергенді өз тілінің ыңғайына қарай Евгений деп өзгертіп ала қойды. Үй сыртынан келіп: «Евгений, пошли гулять, пошли купаться», деп айқайлап шақырып алу оған түк емес. Ондайға мүлде қымсынбайды. Зинаның мұны айқайлап шақырған дауысын ести ме, әлде, осындай сәттің туарын біліп, әдейі аңдып отыра ма, Зина мен Емберген ауладан шыға бергенде, бұларға қапталдан келіп Вера мен қазақ қызы Құралай да қосыла кетеді.

Вера да украйн қызы. Бірақ шашы, қас пен кірпігі, көзі де қара; жүзі де қара торыға келеді, тура қазақ десең кісі сенгендей. Осындай ерекше түр-түс, келбетіне қарай, өзі қызық қисын айтады: орыс патшасы мен батыс елдері көп соғысқан ғой, польша мен украйнаны әрлі-берлі бірде неміс, бірде орыс, арасында француз да килігіп, бұларды табанымен талай таптап өткен; іргемізде қыпшақтар, татарлар тұрған, олар да бізді нешеме ғасыр билеген, айтқанына көндірген. Бағындыру, бағыну бар жерде қан араласпай тұрмайды ғой. Сондықтан кім біледі, менің қанымда сенің сонау түпкі аталарыңның қаны болуы ғажап емес...

Қазақ қызы Құралай шашын қос бұрым етіп өреді. Шашына күміс тиындардан, ішінде жәй темір ақшалар да бар, көлеміне қарай жоғарыдан төмен қарай ізілген шашбау тағады. Құлағында ай мүйізді үлкен алтын сырға, жүргенде шашбауы сылдырап, күн ашықта құлағындағы сырғасы жалт-жұлт етіп, Құралай келе жатыр дегенді айтып тұрғандай болады. Бастары қосылғанда, Ембергенге ауық-ауық көз астымен ұрлана қарап қойып бір шеттеу отырады, көп сөйлемейді. Қазақ қыздарының көбіне тән ұяң мінезділігінен сезімін сыртқа шығаруға жүрексінетін сияқты.

Қалай да өздерінше үлкен бір топ. Күнде кездеспесе де, ауық-ауық бастары бірге қосылып қалады, уақыт қызықты өтеді.

...Алматының майшуақ кәусар көктемі. Жатақхана алдындағы гүлзар жанында тұр екен. Үлбіреген көгілдір нәзік гүлге сүйсініп қарай береді. Иісі қандай, жұлып-ап иіскеп көрсем ше? Қолын созады да, қайта тартып алады. Жұлуға көзі қимай ма, әлде әбестік болады деп тартына ма, қарама-қарсы түйсіктердің арасында қамалғандай... «Что, жалко?». Жалт қарады. Қызыл көйлекті қыз. «Қыдырамайыз ба?». «Мен сізді танымаймын. Атыңызды да білмеймін». «Қыз бен жігіт бір-бірін ұнатып тұрса, ат сұрасып не керегі бар, кейін білісе жатармыз». «Сіз маған ұнайсыз. Ал мен...». «Әрине, сіз де маған ұнайсыз. Сосын келіп тұрмын ғой өзім іздеп». Қызыл көйлекті қыз «қозғал, алға түсіп жол баста» дегендей мұны иығымен жеделдете түйіп-түйіп жібереді...

Көзін ашып алған. Мақсұт иығынан ұстап қатты-қатты жұлқылап жатыр.

-Аға, тұрыңыз? Күн сәске боп қалды. Сыртта сізді Зина тәтей күтіп тұр.

«Бәлі, жаңағы көргенім түсім екен ғой. Қызыл көйлекті қыз дегенім Зина болғаны ма? Сырттан айғайлап шақырушы еді, кісі жұмсап, неғып сыпайы бола қалған», деп ойлаған Емберген бетін қолжуғыштағы салқын сумен шайып, сенектегі үлкен тегеште тұрған дірілдеген қою қатықтан ағаш тостағанға толтыра құйып алып, бір деммен рахаттана сіміріп салды да, сыртқа беттеді.

Зина мұны көрісімен үндеме деп белгі беріп, өзі бес-он қадамдай алға түсіп жол бастады. «Қайда апармақ? Не ойлағаны бар?».

Зина орман ішіне кірерде артына жақсылап бір қарап алды; артта жан жоқ, ешкім ермеген сияқты.

Зина өзі білетін соқпақты және соқпақсыз жолдармен орман ішіне біраз бойлап кірген соң, шырша, қайың, қарағай араласа тығыз өскен оңаша түкпірге келіп тоқтады. Етекте шөп жоқ, бірақ жылда сарғайып төгілетін әртүрлі қылқан жапырақтар қалыңдай-қалыңдай аяқ астында жаңа төселген көрпеше сияқты былқ-былқ етіп жатыр. Қанша аунасаң үстіңе қылау жұқпас. «Отырайық, демалайық», деді Зина. Емберген жаңа байқады, оның қолында түйіншегі бар екен, жайып жіберген. Ішінен жарты бөлке қара нан, аузы қағазбен тығындалған шиша және қаздың қақтап пісірген бүтін саны шықты. Домаланған бір бас жуасы да бар екен.

-Сені оңашалап сыйлағым келді, қарсы болмассың және түсінерсің деп ойлаймын.

-Енді біртүрлі ыңғайсызданып отырғаным рас, - деді Емберген шынын айтып.

-Ештеңе етпейді, қазір-ақ ыңғайсыздықтың пердесін жұлып тастаймыз.

Зина үйден пышақ, стопкалар ала шығыпты. Нанды әдемілеп турап, қаздың санын бұтарлап, жуаны да бірнеше бөліп, бөтелкенің тығынын алып, стөпкелерге мимілдетіп арақ құйды.

-Қолдан қайнатылған самогон. Өте күшті. Байқамасаң, өңешіңді күйдіріп аласың.

-Сыра ішіп көргенім бар еді. Бірақ...

-Ештеңе етпейді. Бәрін де әйтеуір бір күні бастауың керек қой. Құйрығымен жылжып, санын Ембергеннің тізесіне тигізе отырды. Жылжығанда майда сары гүлдері бар жұқа сиса көйлегінің етегі түріліп балтыры жарқырап толайымен ашылып қалды. Алайда бұл жағдайға Зина қымсынбақ түгіл, мән де берген жоқ. 

-Мен бір сөз айтайын, - деді сосын.- Польша басындағы бақытсыздығы болмаса, Европадағы ірі мемлекеттің бірі ғой. Сол елде үй-жайымыз, өзімізге лайықты шаруашылығымыз бартын. Қызыл армия бір күнде басып кіріп, бәрінің быт-шытын шығарды. Әкем большевиктерге бағынбаймын деп, қайда барарын бізге де айтпастан, әйтеуір, қашып жоғалды. Шешем, мен және алты жастағы інім табанда қамқоршымыздан айрылып, жетімсіредік те қалдық. Алайда бізді аяудың орнына сатқын дезертирдің отбасы, бұларға сенуге болмайды деп, бұрын естіп көрмеген Қазақстанға, осында сенің еліңе жер аударды да жіберді. Аядай қызыл вагон, аяқ созып жата алмайсың, ұйқымыз келгенде бір - бірімізге арқамызды сүйеп ептеп қалғыған боламыз. Ауыз су да, тамақ та тапшы, шөл мен аштыққа шыдамай інім сүзекпен ауырып жолда көз жұмды. Пойыз елсіз айдалаға тоқтап, жалғыз менің інім емес, басқа да өлгендер бар екен, жол жиегіндегі құм шағылдың шетін шұңқырлап, бәрін сонда жерлеген болдық. Содан шешеміз екеуміз жолда жылай- жылай осында келіп орналастық қой. Қазір басымызда пана бар, жұмыс бар, тұрмыс түзеліп келеді. Қарын тоқ. –Иегімен алдындағы дастарқанды нұсқады. - Ал, хлопец, дұрыстап таныстық, енді тартып жібермейміз бе?

-Қазақ жігіттерінде қыздың қолын қақпайтын дәстүр бар. Дегенмен не үшін?

-А, бізді құшақ жая қарсы алған қазақтар үшін, сен үшін?

-Қазақтар үшін дегеніңе келісемін. Мені қосқаның артық.

-Бүкіл қазаққа деген ықыласымды сен арқылы көрсеткім келсе ше?

-Сонда қалай?

-Ол былай. –Зина оң жағында отырған Ембергенді ақ білегімен мойнынан орай құшақтады да, есін жиғызбастан ерніне ернін тигізіп құшырлана қатты сүйіп алды.

Ерніне шоқ тигендей болған Ембергеннің бүкіл тұла бойы өкшесіне дейін тыз ете қалды.

-Зина, сен мына түріңмен мені есімнен адастырарсың?

-Қорықпа, үйлен деп айтпаймын. Бәрібір маған үйленбейтініңді білемін ғой. Бірақ сен жақсы жігітсің. Менің өмірімдегі бірінші еркегімнің жақсы адам болғанын қалаймын. Ол сенсің. Қазаққа деген ықыласымды сен арқылы көрсетсем дегенімнің мәнін енді ұққан боларсың?

Ембергенде үн жоқ. Бойындағы жас қаны толаймен бұрқ-сарқ қайнап, кеудесін кернеп, тамағына кеп тіреліп, тілін буып тастаған еді. Борбайының арасы толып, ұйықтап жатқан бір жыртқыш оянып кеткендей ме, қалай? Енді не болар екен?

Зина дастарқандағы стопканың біреуін Ембергеннің қолына ұстатып, біреуін өзі алды.

-Ал кел, ішіп жіберелік.

-Так не пойдет! –Дауысқа қосыла асыға басқан кісі аяғының сыбдыры естілген. Зина мен Ембергеннің ауыздарына апара берген стопкалары орта жолда тоқтап қалды. Келгендер Вера мен Құралай екен. Вера Ембергеннің екінші жақ бүйірінен сүйкене келіп отыра кетті. Құралай дастарқанның қарсы жағынан, аяқтарын әрі жіберіп, жартылай арқасын бере жайғасты.

-Ого, дәл үстінен түсіппіз, -деді Вера бірден бөтелкеге қол созып. –А, стопка екеу-ақ екен. Біз төртеу емес пе едік, мұның не? Жарайды, ас иесі тартына тұрсын. –Зинаның есін жиғызбастан оның қолындағы стопканы өзіне алып алды да, Вера: –Кәне, кеттік, - деді түкке түсінбей аңырып отырған Ембергенге қарап. Өзі бірінші боп қағып салды. Емберген де ішті.

Вера тыжырынған да жоқ, ал Емберген біразға дейін демін ала алмай, көзін жұмып, бет-аузы шалбарланып бүрісіп-тырысты да қалды.

Құралай елгезектік көрсетті, дастарқандағы туралған қаз етінің жұмырлау бір үлкен түйірін алып, Ембергеннің аузына тоса қойды.

-Мынаны тез асап жібер. Жақсы болады.

Емберген айтқанды істеді. Бір түйір майлы ет қарынға түскенде, іштегі өрт сәл басылып, көзіндегі бүршіктенген жас та тыйыла қалды. Демін терең алып, ақыры өзіне-өзі келді.

-Что, первый раз, да? –деген Вера біркелкі аппақ күрек тістерін ақсита сықылықтап қатты күліп жіберді. –Ничего, все начинается с первого раза, дальше пойдет как по маслу. - Ембергенді тастай бере, аяқ астынан бар жоспары бұзылып, ашуланбаса да, әлгіндегі жайдары қалпынан айрылып мазасы кетіп отырған Зинаға қарай бұрылды.

-Ничего, подружка, Евгений наш общий друг, так что не обижайся.-Босаған стопкаларға Зина мен Құралайға деп арақ құйды. - Давайте выпейте лучше. 

Зина үндеместен ішіп қойды. Құралай стопкаға қолын созған да жоқ.

-Мне нельзя, разве не знаешь? –деді ақырын сыпайы жымиып.

-Ах, да, - деді Вера алақанымен өз маңдайын өзі шарт еткізе соғып қалып. - Родители на разрешают. Ладно тогда. Пусть нам будет хуже.

Жаңа ғана ішілген стопка арақтың әсері ме, Зина бұртиғанын қойып, көңілдене бастаған еді, Вера екеуі қатарласа күліп, орман ішін бір жаңғырықтырып алды да: - Шла девчина за водою, - деп, Емберген бұрын естімеген бір әдемі әнді шырқата жөнелісті. Жігіт суға барған қыздың жолын аңдиды, танысқысы келеді. Сірә, көңілі кетіп сүйіп қалған болар. Қыз да оған кет әрі емес, тек жігіттің шын ниетін білмек... Емберген ойланып кетті. Әлгінде, екеуі оңаша отырғанда, Зинаның бұған айтқаны махаббат сияқты емес еді. Оған деген мұндай сезім өзінде де жоқ болатын. Тек жас қаны ысып тасыды. Үстеріне Вера мен Құралай келіп қалмағанда... Осы ойдан тұла бойы біртүрлі суық ұрғандай түршігіп кетті. Бойын буып отырған арақтың буы да өз-өзінен тарқатылып, жоғалып жүре бергені.

-Мына жер қапырық екен, осылай бықсып отыра береміз бе, жүріңдер, көлге шомылып алайық, - деп орнынан тұрған. Қыздар лә деген жоқ, тамақтың қалдығын, тағы сондай кәкір-шүкірді тез жинастырып, жерге көміп, ауылда қат зат болғандықтан, тек арақтан босаған бөтелкені ғана алып, қаздай тізіліп Ембергеннің артынан ере жөнелісті...

Үш бойжеткен, ортасында бір жігіт күнде болмаса да, қыздардың үйдегі, түздегі жұмыстардан қолы босағанда, қаздай тізіліп қыдыруға шығатынын, орман аралайтынын, көлге барып шомылатынын, алысып-жұлысып ойнайтындарын ауыл адамдары көрмейді демісің, әрине көреді. Қосылып ән айтқандарын, неше түрліні сөз қылып, әзілдескендерін естімейді деймісің, әрине естиді. Жастардың кемерінен асып тасқан ашық еркіндіктерін көргендер, естігендер өздерінше ой түймей ме, түйеді, әрине. Әңгімелеріне арқау етпей ме, етеді, әрине. Масқара дейді, елдің көзін бақырайтып қойып дейді. Жарайды, орыстың қыздарына дауа жоқ, олар мұндайды ұят деп санамайды. Ал анау қазақ қызына не жоқ, үйренбесті үйреніп дейді. Әке-шешесі қайда қарап отыр дейді... Әке-шешесі қызын бетімен жіберіп қалай қарап отырсын, қазақ қызына жараспайтын қылыққа қалай төзсін. Әрине, олар мұндайға төзбейді. Жайсыз әңгіме құлақтарына жеткен күні-ақ фермада сүт тасушы боп істейтін Қапыш дейтін арбакеш әкесі Құралайды сылқита сабап тастаған. Көз іскен, бетке дақ түскен Құралай біраз уақыт үйден шыға алмай қалды. Оның жоқтығы қалған үшеудің жанына онша бата қоймады, олар ауық-ауық орманға барып таза ауа жұтып, көлге барып шомылып қайтатын үйреншікті әдеттерінен жаңылған жоқ. Тек Зина бұрынғыдай белсенділік танытпайтын болды, біртүрлі самарқау; аз сөйлейді, көл жиегінде әлденеге мұңайып су бетіне ұзақ қарап жалғыз өзі отырар еді. Бір қызығы, егер Вера Ембергеннің қасына жақындап кетсе болды, ол көлге күмп беріп, алысырақ барып жүзіп, көпке дейін жағаға шықпай қояды. Вераға менен түк шықпады, енді бұл жігітті сен байқап көр дейтіндей. 

Көлге шомылып шыққан Вера үстінен суы сорғалап келген бетінде, басына газеттен қалпақ жасап киіп, жағалаудағы жалғыз ағаштың түбінде көлеңкелеп отырған Ембергеннің тізесіне басын қойып, шалқасынан түсіп жата қалды. Қыздың төс тартқышы жұқа сиса, бұтындағы лыпасы да жұқа сиса, олары су күйінде денемен дене боп жабысып, Ембергеннің көзіне Вера кәдуілгідей тыр жалаңаш жатқан адам сияқты боп елестеп кетті. Емберген ұялып, қарамауға тырысқан. Вера кенет жалбыр кірпіктерін желпілдете беріп көзін ашып алды да, бұған күлімсірей қарап: «Кохаю тобі тілько», деді наздана түсіп. Бірінші рет естіп тұрған жоқ, құлағы үйреніп алған сөз. Бұл жолы да онша мән берген жоқ. «Кохай, кохай», деді де қойды. Ал оның осы «Кохаю тобі тілько» дегенін алғаш естігенде біртүрлі ойланып қалғаны бар, шыны ма, әлде әзілі ме деп. Шыны яки әзілі екенін білудің амалы жоқ емес, бар, оның аты-әрекет. Бірақ Ембергеннің көңілінде ондай ой ниеті жоқ болатын. Оның үстіне мұндайда ойыннан от шығып кететінін білмейтіндей қарабайыр ақымақ біреу емес қой.

Вера басын көтеріп тіктеліп отырды.

-Сендердің кейбір салттарың бізге, европалықтарға, мүлде ұқсамайды екен, - деді сосын.

-Мысалы?

-Қыз-жігіт боп оңаша қыдырмайсыңдар, бірге жүріп сырласпайсыңдар. Бірден үйлене салатын сияқтысыңдар.

-Мұны қайдан шығардың? Жүрмін ғой міне, орталарыңда жалғыз өзім.

-Сенің жөнің бөлек. Сен астанадан келген студентсің. Бұл жердің жігіттеріне ұқсамайсың. –Іштегі ойын қорытқандай сәл үнсіз қалды да:- Оқыған адам болсаң да, бәрібір ұлтыңның салт-дәстүр шеңберінен аттап кете алмайды екенсің, - дегенді үстеді.

Емберген оны әдейі ұқпаған боп:

-Түсінбедім, -дей салған.

-Не түсінбейтіні бар, көремісің, әне,- деді Вера жағадан ұзаңқырап кетіп, көл бетінде шалқалай қалқып жатқан Зинаны иегімен нұсқап, - ренжітіп қойдың. Менің шын айтқан сөзімді әзілге айналдырасың, мән бермейсің.

-Зинаны ренжіткен мен емес, сенсің.

-Жоқ, - деді Вера басын шайқап, - сен оның көңілінен шықпадың. Менің де, - деп үстеді.

Бұлардың өзара әңгімесі әдетте орыс, украйн, поляк тілдерінің қойыртпағынан тұрады. Соны ілік етіп пайдаланып қалудың оңтайлы сәті келгенін түсінген Емберген:

-Қой, болды. Менің орысшамның өзі шала, сендердің украйн, поляк сөзі араласқан тілдеріңді бірден ұға алмайды екем, - деп, отырған жерінен атып тұрды да, сол бетінде жүгіріп барып түс ауа соғатын жазғы самалға беті ақырын шымырлап жатқан айдын төсіне қойды да кетті. Көлге бір сүңгіп шығып, аулағырақта жалғыз жүзіп жүрген Зинаға қарай малти бастады.

Қасынан тұрып өте берген Ембергеннің бура санына, диірмендей ширатылған кетпендей тығыз құйрығына сүйсіне қарап қалған Вера езуінен суын ағыза бір есінеп алып, отырған жерінен еріне көтеріліп, тілерсегі майыса шитаңдап барды да, ол да көлге күмп беріп, әрі қарай құлаштап жүзе жөнелді...

Әдетте кешкі дастархан басында Жездесі Сейілхан жұмыстағы жаңалықтарын айтып, апасы Зәкира елде қалған туысқандарының әртүрлі мінез-қылықтарын еске түсіріп, отбасын көңілдендіруге тырысушы еді. Бүгін ауыздарына су толтырып алғандай, дәм үстінде екеуі де лә деп жақ ашқан жоқ. Әсіресе Зәкира қабағын сұстандырып қатты қатуланып алған, тамақ ішіліп болар-болмастан: «Тойсаңдар барыңдар, далаға ойнап келіңдер», деп Мақсұт пен Мазғұтты әй-шәйға келтірмей сыртқа қуып салды. Дастарқанды да тез жинап ала қойды. Сосын Ембергеннің көзіне көзін тік қадай отырып:

-Алладан бар тілегенім, сенің аман-есен жігіт болғаныңды көру еді. Көрдім. Төбемді көкке жеткіздің, - деп барып, бір тоқтады. Айтпақ ойын ішкі ақыл елегінен өткізгендей боп сәл тыныстап алды. Бірақ келесі сөзін айтуға аузын ашып үлгермеді, одан бұрын Сейілхан сөйлеп кетті:

-Атам қазақта «Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма» деген мәтел бар, білетін шығарсың, қыздың бетімен жүрген жері шатақ, әлмисақтан солай. Сен өзі жастық қызбалықпен бірдеңе бүлдіргендейсің бе, немене? 

Әңгіме төркіні қайда ауарын Емберген әу дегеннен сезген. Бірақ бірден сыр бергісі келмей:

-Мен бірдеңе бүлдіріппін бе? –деді әдейі аңқаусып.

-Соның жайын өз аузыңнан естіп білсек, - деді Зәкира апайы.

-Маған турасын айтыңдаршы, жұмбақтап отырғандарың не нәрсе өзі?

-Ол енді былай ғой. Басында біздің үйдің жүгірмектері, ана сенің кішкентай інілерің, ағам қыздармен орманға кіріп кетті, ағам қыздармен көлге шомылып жүр, ағамыз қыздармен алысып ойнап, астына жығып, үстіне мініп деп бірдеңелерді бықсытқандай еді, жас пен жас кездеседі, әзілдеседі, ойнап-күледі, онда тұрған не бар деп мән бермеген болатынбыз.

-Бастаған екенсің, сөзді ұзартпай, ана Құралай бойжеткеннің сүт тасушы әкесі Қапыштың не дегенін айтпайсың ба әуелі, - деді осы әңгімені өзі бастағанмен тізгіні орта жолда күйеуіне өтіп кетіп, енді оның аузындағы сөзді кері тартып алуға қаймығып отырған Зәкира жолдасын асықтырып.

-Ол енді ащы айтты, сенің балдызың біресе суға апарып, біресе нуға апарып менің аңқау қызымның басын айналдырып жүрген көрінеді, осыдан анығын білейін, егер әурелеген болса, үйленеді, үйленбесе, оңдырмаймын дейді.

Емберген мырс етіп еріксіз күліп жіберді де:

-Қадірлі апатайым, құрметті жездекейім, - деді сәл жымия отырып.-Өздерің де жақсы білесіңдер, орыс деген халықтың мінез-құлқы мүлде өзгеше ғой, сол өзгешелік қыздарында да бар екен. Ашық. Еркін. Әзіл, ойын бар жерде қан қызғанда алысасың да ғой. Бірақ ондай алыс-жұлыс ойын ішінде Құралай болған жоқ еді... Жарайды, аунадым-қунадым, тынықтым, тойдым. Сірә, қайтар уақытым таянған сияқты. Рұқсат болса, мен жиналайын.

-Өй, өзің таза болсаң болды ғой, - деді Зәкира осы әңгімені бекер қозғадық па дегендей қипақтап, - Өкімет араласатын сөз болмай, жәй ауыл ішінің қаңқу сөзі деген не, тәйірі, айтылады, қалады. Әлі де уақытың бар ғой, асықпа, қайтарсың.

-Жоқ, апай, жездекей, уақыт зымырап тез өтеді екен. Семейлетіп Алматыға жеткенше жолға да біраз уақыт кетеді. Кейде орын жетпей жатақханаға талас болып қалады. 

Үйдегілер Ембергеннің уәжіне тоқтады.

Осындай қызу әңгімеден кейін Емберген таза ауа жұтып азырақ бой жазайыншы деп сыртқа шыққан. Кеш түсіп, көз байланып қалыпты. Кейбір үйлердің терезесінен шамы сығырайып, кейбір үйдің алдындағы ошақта жанған оттың алауы қызараңдайды. Бетін орман жақтан келетін шырша иісті ауаға тосып, үйді айнала берген еді, біреу атын атағандай болды, шолпы сыңғыры естілді, сүйткенше ол көлбең етіп қасына келді. Құралай екен.

-Өй, бұның не? 

-Сені енді көрмей қаламын ба деп қорықтым.

         -Онсыз да менің кесірімнен жазықсыз таяқ жепсің. Өле алмай жүрмісің?

         -Жазықтымын. Өйткені сені жақсы көргенім рас. Сондықтан әкемнен таяқ жегеніме өкінбеймін.

         -Өй, сен...

         -Арман қиялың басқа жақта жүргенін, маған үйленбейтініңді білемін.

         -Ендеше өзіңді неге босқа қинайсың? Кет, жолымнан былай.

         -Бір кішкентай өтінішім бар.

         -Тез айт. Әкең көрсе, бұл жолы тура басыңды жарады, білем.

         -Белімнен құшақташы.

         -Өй, сен де бір. - Ашуланып жолынан итеріп тастаса да болар еді, бірақ қыз тілегі, белінен бір құшақтағанда тұрған не бар, оған мәнді болғанмен, бұл үшін жабысып қалатын ештеңесі жоқ қой. - Өй, сен де бір, - деп, жаңағы сөзін тағы бір қайталады да, немқұрайдылау қимылдап Құралайдың беліне қол салған. О, ғажап! Белі сонша нәзік болар ма, қос сүйемнің арасына сиып кеткендей. Қазақ бұраң бел деп, сірә, осы Құралайдай қыздарды айтатын шығар. Жә, жетер. Кідіруге болмайды, қолын дереу тартып ала қойған. Сүйткенше Құралай ұмтыла беріп, томпиған жұп-жұмсақ ыстық ернімен мұның бетінен шөп еткізіп сүйіп алды. Сосын: - Мен бұл керемет сәтті өмір бойы есімде сақтайтын боламын, - деді де, жалт бұрылып, аяғын тез-тез басып, қоюлана түскен қараңғылық көрпесін жамылып ғайыпқа сіңгендей  жоғалып кете барды...

Осы сәт Ембергеннің есіне кенет интернат түсті, оның қара тарыдан қайнатылған ботқасының қатықсыз су дәмі аузына келді, Тышқақ қорада нәжіске былғанып өліп жатқан Мүтәллап досы, оның жиырма адамға арналған ортақ көрге серейіп түскен мүрдесі көз алдынан жай оғындай жалт етті. Ол қандай өмір еді?.. Жаз бойғы каникулда бойжеткен балауса үш қыздың ортасында өткізген бүгінгі бозбалалық бал дәурені ше? Соңғысы өткендегіге мүлде ұқсамайды. Ал осы екі көріністің арасында өткен уақыт өлшемі бар болғаны жеті-ақ жыл. Өмір, сен қандай күрделі едің, деген Емберген орман жақтан аңқылдап есіп тұрған шырша иісті салқын ауаны кеудесін кере құшырлана ұзақ жұтты... 

  Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...