Серік Пірназар. АЛДАУҒА ТОЛЫ АЙНАЛАҢ

ӘДЕБИЕТ
2597

Мен Қадыр Мырзалиевті қазақтың арғы-бергі дүниесіндегі ең мықты ақындарының бірі деп санаймын. Біз оның «Ой орманы», «Бұлбұл бағы», «Дала дидары» деп аталатын алғашқы үш өлеңдер жинағының саясында өсіп, қаламгер болып жетілген едік.

Сол Қадыр ағамның мынадай керемет жыр жолдары бар:
«Мыстанның өзі де алжыған
Мекерлік жасап бір көрмекші.
Бикешті алдайды Дон Жуан,
Бастығын алдайды көмекші.
Өтірік айтып ап алақтар
Өсекші, ұятсыз пәтшағар!
Өз байын алдайды жәлаптар,
Өз халқын алдайды патшалар!
Көрікті, келісті өңірде
Көп нәрсе тұрған жоқ үлесіп,
Осының бәрі тән өмірге
Деп өзін алдайды философ!»

Қадекең осы философиялық өлеңінде біздің де қазіргі көңіл күй ауанымызды дөп басып, айтып кетіпті. Енді айналамызда өріп жүрген алдаулар мен арбауларды осы өмірдің өзіне тән нәрсе көріп, өзімізді өзіміздің жұбатып жүргеніміз рас қой!
Мен бұл әңгімені неге қозғап отырмын?

Расында да айналамыз алдауға толы. Мемлекет деректерінің көбі өтіріктің өзеніне суарылып алынған жалған цифрлар мен алдамшы рапорттардан тұрады. Мұның қаншалықты шындық екенін білу үшін жыл сайын президенттің туған күні мен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында топырлап ашылып жататын зауыттар мен өндіріс орындарының есептерін қайта алып көріңіздер. Бұған тіпті бұдан он жыл алдын қатарға қосылған кәсіпорындарды іздеп, әуреленіп те қажеті жоқ, соңғы төрт-бес жылдың деректері де жетіп жатыр. Қазір сол зауыттардың 10 пайызы жұмыс істеп тұрған болса, біз бұл әңгімені қозғамас та едік.

Негізінде, бұлардың тағдырлары осылай болып жатқанын елбасы білуге тиіс. Егер білмесе, онда ел өмірінен мүлдем хабарсыз болғаны. Алайда, бізде ол кісінің өзіне де жұрт алдында жарқылдап айтылып жататын осы қаптаған рапорттар ғана керек емес пе екен, деген қауіп бар. Әйтпесе, ғұмырлары тым келте қайырылып жататын сол өнеркәсіп орындарының осы кезге дейін бір сұрауы болуы керек еді ғой...

Демек, оған да керегі тек факт ғана.

Егер төмендегілер жоғарыдағыларға жағу, жағыну үшін шындықтың шыбықтай белінен шырқыратып басып, өтірік ақпарат, жалған мәлімет беріп тұрмаса, жақында ғана арнайы жасалған мәлімдемеде атап көрсетілген Қазақстандағы еңбек адамдарының орта айлық жалақысы 169 мың деген далбаса дерек қайдан шыққан? Мұның ақиқатқа айлас емес екенін жұрттың бәрі біледі. Оған көз жеткізу үшін бюджет қызметкерлерінің басым бөлігін құрайтын мұғалімдердің, сосын дәрігерлердің, содан соң мәдениет қызметкерлерінің айлық жалақылары мөлшерін алып қарасақ жетіп жатыр.

Егер төмендегілер жоғарыдағыларға жағу, жағыну үшін шындықтың шыбықтай белінен шырқыратып басып, өтірік ақпарат, жалған мәлімет беріп тұрмаса, жақында мемлекет басшысы мәлімдеген әр отбасына орта есеппен 500 мың теңге жалақы кіреді деген мағлұмат қайдан пайда болған? Мұның тіпті қиуаға қисыны келмейтіні сондай, осы мәлімдеме артынша жұрт аузында үлкен әжуа мен мысқылға айналып кетті.

Міне, қазір осындай өтіріктер мен алдаулардың қалың ортасында өмір сүріп жатырмыз.

Дәл осындай өмірді бұдан екі ғасыр бұрын түбі түркілік Ресей тарихшы-саясаткері Николай Карамзин «Жизнь есть обман – счастлив тот, кто обманывается приятнейшим образом» деп әдемі суреттеп кеткен екен. Ал Қазақстанда өзіне де, басшыға да жағатын жолмен алдау үдерістерін жасап жүргендерден бақытты да бай адамдар жоқ қазір.

Мұндай адамдарды ежелгі Рим ақын-пәлсапашысы Овидий «Способен на любой обман тот, кто привык делать из черного белое и из белого черное» деп суреттеген көрінеді.
Испанның атақты драматург-ақыны Лопе де Веганың мына шумағы да адамды еріксіз ойландыра түсетіні сөзсіз: «Быть легковерным – глупо и опасно,
И легковерье – это путь страданий,
Но видеть без разумных оснований
Кругом обман – не менее ужасно».

Заманында хәкім Абай да осы өтірік пен жалғандықтан қатты жерінген екен. Сондықтан ол өзінің бір өлеңінде:
«Сүйегім жасық, буын бос,
Біраз ғана айлам бар.
Айлам құрсын, білемін –
Болыстықтың жолы тар.
Қайтіп көмек болады,
Антұрған өңкей ұры-қар?!» – деп аһ ұрады.

Ұлы ақын осы толғауының соңғы жағында тағы былай деп күңіренеді:
«Бұрынғыдай дәурен жоқ,
Ұлық жолы тарайды.
Өтірік берген қағаздың
Алды-артына қарайды».

Менің енді бұлардың ешқайсысына қосып-аларым жоқ.

...Абайдың заманынан бері өтірікке өтірік қоспасақ, азайта қоймағанымыз анық. Оның өрісі, әсіресе, тәуелсіздік жылдарында шындап «бостандыққа» шығып алғанға ұқсайды.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...