Мифтік дәуірде табиғат құбылыстарын түсінуге талпынған адамзат санасы күнтізбе жүйесін дүниеге әкелд...
Серікжан Қажи. Жансүгіровтен жауап алған жендеттің монологы
3906
Рух жырлары (монологтар) Ақылына жау емеспін Абайдың немесе Оразбайдың монологы Қайғы бұлтын жамылғанда мына жұрт, Абай өлді... дейді біреу қуанып. ...Мен жау болсам жау шығармын өзіне, Ал ақылын құрметтегем, құп алып. Абай өлді... не дейді бұл антұрған?! Тексіз екен, садаға кет салтымнан. ...Қайран Абай бетке алыпты келместі, Мені де Ажал неге алмайды алқымнан?! Қайран Абай... түнектейін мына Күн, Тас керең боп қалмағаны-ай құлағым. Дәті қалай жетті айтуға «өлді» деп, Мені, Абайды қорлағаны-ай мынаның?!. Құлапты рас, бәйтерегім, арысым, Қайғы жұтқан қараша жұрт қамы үшін. Бұдан асқан қасірет те болмас та, Қазағымнан ауғаны ма бағы шын. Алты Алаштың Абай-ғой расы, Дес бермеген қара сөздің тұмасы. Пенделікпен қол көтертім «иттерге», Инедейін болмаса да кінәсі. Ит-тірлікте тайталастым жиып кек, Жандайшаптар «жел бітірді» «ұрит-соқ». Айтысқан соң, тартысқан соң Абаймен, Кемелдендім, рухани биіктеп. Орысыңның ұлығы да ығатын, Абай еді ол, жығу емес мұратым. Менің де атым аталады күн ертең, Ғасырлармен сырласқанда ұлы ақын. Құлақ қойсам жырларына, Сөзіне, Түпсіз терең ғажайыпқа кезігем. Асылық па, бақталастым Абаймен, Бата алған соң Құнанбайдың өзінен. Аға сұлтан Пайғамбармен рухтас, (Абайы да әкесімен иықтас). Тура жолға салған мен адасқан, Көз жұмғанша өтерім хақ иіп бас. Тіршілікте алысқам да, табысқам, Бір құдірет қолдады оны ғарыштан. Ұлы Жамбыл Абай жайлы айтыпты: «Ақындардың пайғамбары ол, данышпан». Сол Абайды күллі қазақ таныған, Шырақ алып түстік біздер соңынан. Қадіріне жетпек түгілі, қорладық, Қамшы сілтеп, корін қазып жанынан. Тағы міне, «өлді» дейміз қуанып, Аза тұтып, ағыл-тегіл жылалық... ... Қырық жылқы мен байладым асына, Ол – мәңгілік, шүкіршілік қылалық?! Кездерін-ай мерейімді өсірген, Сонау бір сәт кетпек емес есімнен. «Ақыретте жүздеселік», – деп еді, Кешу айтып, бар кінәмді кешірген. Төс қағысып қоштасқанбыз соңғы рет, Қайғы жұтып, аттанып ем мен жүдеп. Алты Алашқа көңіл айтам Абай боп: «Өңкей білмес ат қояды «өлді» деп»... Темірбек Жүргенов жайлы жыр немесе Қазақстанның Халық артисі Хабиба Елебекованың монологы «Өмір өнерсіз – тұл» Темірбек Жүргенов Қайран Темкем, есіме алсам сені мен, Жанарымнан жас тыйылмай, егілем. Күлімдейсің көңілімнің көгінен, Үн қатасың жүрегімнің төрінен. Ұлы өнерге қадам басқан сәтте алғаш, Мөлдіреген жас кезімде көріп ем. Содан бері желмая уақыт зырқырап, Кейуанамын, көрі таяу өрінен. Қайран Темкем, естілгенде есімің, Мұңға батам өз-өзімнен осы күн. Сол бір жылдар қасіретті уақыт-тын, Жаңа дәуір қаққан кезде есігін. Туа бітті талантыңмен тас жардың, Сырдың ұлы, Сыр тербеткен бесігін. Тарлан едің текті атадан тараған, Жалғасындай сол ұлылар көшінің. Түп-тұқияның әз Жәрімбет тегінен, Әулие екен сауықтырған демімен. Рухымен ұрпақтарын қолдайды, Мәңгілікке бірге жасап елімен. Қара әкеңнің үйір-үйір жылқысы, Бас қойғанда Сырдың суы кеміген. Хат таныдың Тұрмағанбет ақыннан, Жырына жұрт қорғасындай еріген. Білім нәрін жинай бердің азық қып, Осы жолда көрген жоқсың қажып түк. Батыс, Шығыс ілімдерін игердің, Қарекеңнің арманы еді, жарықтық. Некрасов, Крыловты аударып, Шәкірт шақта-ақ көрсеткенсің алыптық. Оятуға қазағыңның санасын, Мақсат қойдың алға Темірқазық қып. Сендің сонша сол қоғамға беріліп, Қазағыңды жарылқайды деп ұғып. Ақырында құрбан етті өзіңді, Ұлтшылдығың оларға жау көрініп. 40-ақ жыл ғұмыр сүрдің небәрі, 40 дейтін жас екен-ғой серілік. (Тәуелсіздік таңын көрдім, мың тәуба, Отырмын сол «кеңестіктен» жерініп). Қайран Темкем, Азаматым, Арысым, Опат болдың қайран қазақ қамы үшін. Қанша құзар биіктерде жүрсең де, Одан биік ұстадың ұлт намысын. «Ұлтым» деумен ұлы мұрат жолында, Жасындайын жарқылдайтын дауысың. «Темір-Нарком» дейтін елің ардақтап, Болашақтың болжайтынсың әрісін. Ұлылығың, ұлт өнерін тірілтің, Алаулаттың әлсіз шоғын үміттің. «Айман-Шолпан» сахнада сән құрса, «Қыз Жібектің» бағы жанды туып күн. Күләш, Шара, Серке, Елубай, Жұматтар, Өнердегі қарлығашы Уықтың, Шаңырағы өзің болдың ордамның, Содан мәңгі еңсесі оның биік тұр. Қайран Темкем, елім деген Едігем, Һас өнердің ұстахана, көрігі ең. Алтын көмбе таланттарды тап басып, Жұрт ішінен тарыдайын теріп ең. «Самародный сол алтындар» оятты, Туған халқын сахнаның төрінен. Ғасыр өтсін, қанша буын алмассын, Мәңгі солай жалғасады Сенімен. Қайран Темкем, аңыз ағам мәңгілік, Мәңгіліктен үн келеді жаңғырып. Мен де бір күн табылармын сол жақтан, Өнерімді, өмірімді қалдырып. Жүсікең де күтіп жатқан болар-ау, Қол ұстасқан жұбайлар ек, сәнді жұп. Рухтарыңа тағзым етем сәт сайын, Кәріліктен жүрмін шаршап-шалдығып. Ақыл-санам таңғы шықтай түп-тұнық, (Ғасыр жасау Аллам берген мықтылық). Сахнада қыран құстай түлеймін, Қара өлеңнің құдіретін ұқтырып. Қайран Темкем, өзің ашқан бұлақ ем, «Анамыз» деп ардақтар жұрт, тік тұрып. Арыстардың арманына біз жеттік, Шүкіршілік! Тәуелсізбіз! Құтты жұрт! Қайран Темкем, оймен шолам өткенді, Көз алдымда көлбеңдейді көп белгі. Бірге жүрген сол бір күндер аяулы, Қуат сыйлап, 100 жасқа да ап келді. Бақыттымын... айта аламын дауыстап, Ұлы өнерім өміріме от берді. Аманатың ұрпағыма аманат: « Өмір шіркін өнерсіз - тұл, шектеулі»... Бір суреттің тарихы жайлы баллада немесе жауап беру «Бұл жерде басқа ешкімді жазаламауларыңызды сұранамын. Мен бәріне өзім жауап беремін» Мамадияр Жақыпов, «Жетісу» газетінің 1985-1987 жылдардағы Бас редакторы Өзге емес, жауап берем мен өзім, Тілімді кес, түрмеңе жап, төземін. Күні кеше «жаңа алаңда» жазықсыз, Жастарыма қаруыңды кезедің, Шындықты іздеп шығып еді, «жау» болды , ... Енді менің келгендей ме, кезегім?!. Желтоқсанда...жас тұнады жанарға, Қанша қыршын тапталды екен табанда?!. Ұл-қызымды иттеріңе талаттың, Тепкілеттің ар-ұятсыз наданға. Сотқа сүйреп, «итжеккенге» айдаттың, ... Сол арсыздық қол салмақ па, маған да?!. Желтоқсанда... сол күндерде ызғарлы, (Көңілдерде мәңгі өшпейтін сыз қалды). Ұл-қыздарым алау болып жылытты, Сақылдаған сары аязда мұз-қарды. Жастарымның жасымады жігері, ... «Иліктірсем» деп тұрсың ба, тұлғамды?!. Желтоқсанда... соқты дауыл, бір ағын, Жаратқаннан сақтай көр деп сұрадым. Қан қасапта иілсе де, сынбаған, Жастарыма тәуба жасап, жыладым, Қызыл-ала қанды көріп, аһ ұрдым, ... Тағдырымның күтем мен де, сынағын?!. Желтоқсанда... әуре-сарсаң мына жұрт, Қас-қағымда ерлік, ездік сыналып. Халқын сүйген қайраткерден, тектіден Іздедіңдер «халық жауын» шығарып. Бір қазақты бір қазаққа куә ғып, ... Енді мені жау дейсің бе, «қуанып»?!... «Халық жауы» ... таңсық емес бұл ұғым, Зар заманда... салды талай «құрығын». Олар Мағжан, Ахмет пен Міржақып, Сәкен, Ильяс ірілері ірінің. Күні кеше ақталды сол арыстар, ... Мен де елімнің ар-намысты ұлымын... «Халық жауы»... Алашым деп аһ ұрған, Туған халқын ел болуға шақырған. Аңсағаны азаттық һәм еркіндік, Теңдік іздеп айдалған һәм атылған. Кең өлкемде көкбөрі – Рухы жортып жүр, ... Жан алсаң да, қамалсам да, бас ұрман... «Халық жауы».... зар заманның «амалы», (Дәл сол кездей бүгін де жұрт қаралы). Желтоқсанда... жарқ етті бір найзағай, Дүр сілкінтті ұйқыдағы сананы. Таяу қалды, Тәуелсіздік таңы атар, ... Мен арыстан, құрсаудағы жаралы... Мағжан сынды кәміл сенем жастарға, (Алаш атын жазады ертең аспанға!!!). Шынымен де бір ғажайып күй кешкем, «Жетісуға» бұл суретті басқанда. Қаймықпастан қасқайып тұр төрт батыр, ...Ертең аңыз, жазылар-ау дастан да... Назар салсаң бейнелерге аңдап бір, Асқақ қарап Рысқұлбеков Қайрат тұр, Қайсарлықты, сезінесің, өрлікті, Атой салған жасын – Намыс, Арды – өткір. Өлімнен де қаймықпайды тік қарап, ... Мені-дағы дәл солардай жан деп біл... Әр заманда бір «сұрқылтай» деген шын, Ал әзірше жауап алар, «төремсің». Ертең тарих төріне енер бұл сурет, Сан ұрпаққа асқақ Рух берер шын. Жастарымнан артық емес «шыбын жан», ... «Бұл майданда бала өлгенше, шал өлсін»... ... Ешкім де емес, «кінәлімін» жеке мен, Қандай жаза арқалатсаң, көтерем. Төрт батырым «Жетісудан» ұрандап, Құлақ түріп қарайтындай жеті әлем. Қарсылығым – қара жүрек қоғамға, ... Перзенттік парызым бұл өтеген. Тайдырарсың қызметтен, мәнсаптан, Айырарсың кәсібімнен нан тапқан. Табылар-ау екі қолға бір күрек, Жайлы орынға жан емеспін Ар сатқан. Тәуелсіздік қарлығашы бұл сурет, ... Сыр шертетін алмағайып сол шақтан... Есіңді жи, бұл бейнеге үңілде, «Қаңғып келген шүрегейге» жүгінбе. Дүние кезек, қатал Уақыт тезге алар, Ертең жауап бересің сен бүгінге. Батыр ұлдар оралады еліне, ... Ақталармыз, Шындық жеңер түбінде... Үрей туралы жыр немесе Жансүгіровтен жауап алған жендеттің монологы Көзімді ілсем қорқынышты түс көрем, Бұрын-соңды мұндай күйге түспегем. Отты жанар қарайды тұрады, Аянышпен, кейде суық сұспенен. Бұл жанарды қайдан көрдім мен оны, Көзді жұмсам каһарланып «төнеді». Ата-анамның жанары емес, ол анық, Есім кірмей жетім қалғам себебі. Бай есігін бағып өстім жалшы боп, Надандықтан тиді басқа қамшы көп. Бай туыстың жанары емес, Өзімен, Тең көретін, қарамайтын малшы деп. Иттігім бе, қас-дұшпаным ол енді, Аллаға шүкір... тфу...еңсем теңелді. Жаңа заман мендейлерді құттыртты, Биіктетті кешегі «қор» төбемді. Ұрандаймын күндіз-түні еліре, «Ащы сумен» шөл басамын көбіне. Қысылмастан кұл боп өткен тегіме, Алшаң басып шығар болдым төріне. «Халық жауы» дей саламын жақпаса, (Алғырлығым – елде «жаулар» қаптаса?!.) Кім болса да жазалаймын аяусыз, Комиссарым «жарайсың» деп мақтаса. Мойнымда жүр қаны, жасы талайдың, Оны бірақ ерлігіме балаймын. ... Әлгі арудың жанары ма кектенген, Еріккенде ермек еткем талай күн... Қайдан көрді зәрлі, уытты көзді бұл, Жұмсам болды өр еңсемді езді кіл. Көкбөрінің жанары ма деп қалам, Есіме алып малшы болған кезді бір?!. ... Таптым, таптым...көзәйнекті сол тұтқын, (Рас, оны бір кездері зор тұттым). Мойындатам «халық жауы» екенін, Адалмын деп ойлайтындай артық тым. Мысқылдайтын секілді ме сөзімен, (Неге екенін алдында пәс сезінем?!.) Қан жоса боп сұлап жатып еденде, Жеп қоярдай ызғар шашар көзімен. «Сынар емес»... қазандайын қайнайды іш, Қалжыраймын, «жұтам» содан мен байғұс. Отыз екі тісін қағып алсам да, Илікпейді неткен төзім, қандай күш. Жансүгіров, дейді есімі – Ілияс, Ақын екен, удай ащы тілі рас. Сыбайласы Сейфуллин де осында, Майлин жатыр бұл қоғаммен ділі қас. Сейфуллинді... естуім бар сұлу деп, Суретін де көргем түскен күлімдеп. НКВД-ім ағызыпты бір көзін, ... Сыңар көзбен жіберердей «тілімдеп!!! Майлин шіркін шексе де азап қаншама, Қасарысты дейді мың сан талса да. Мүсірепов деген біреу айтыпты, «Бейімбет пе, онда мен де... жау сана». Таңғаламын не үшін азап тартуда, (Арманы асқақ осы өлермен қалпында?!.) Ұлтым дейді, Алашым деп аһ ұрар, Атылмақшы... бүгін таңғы салқында... Мына маған Ұлт, Рухың бес тиын, Аманбын ба, кажет те емес ешкімің!.. Іңір түссе ірің жұтам алайда, Отты жанар оралады кешкұрым. Шала ұйқылы, шала маспын күніге, Жұрт жеркеніп қарайтындай түріме. Қорқам осы жанарлардан от шашкан, Зауал болып жетеді-ау деп түбіме...