Жолтай Әлмашұлы. Олигарх және олимп (роман-элегия)

ӘДЕБИЕТ
3557

“...Ниетсіз, құлықсыз, құштарлықсыз, қиналыссыз сөздің салмағы жоқ...”

Абыз Ахмет Иассауи

Түркі данасы


“...Иманы кеткеннің, жиғаны кетеді!”

(халық сөзі)


“Жар басындағы жантақты, жанынан кешкен Нар жейді...”

(халық сөзі)

(Жалғасы)


ШЕРҚАЛА ШЕРІ

(екінші желі)


Елмұрат қалай бақилық болды?


1

Кәсіпкер ағатайын – Аспанды Америкаға ұшатын алып лайнерге шығарып салған соң, Ханмұрат дереу ауылға асығып-аптығып оралды да, ең алдымен оқушы баланы іздеген. Бұл – жаз мезгілі. Мектепте сабақ жоқ. Ендеше, ойын баласын қайдан табуы мүмкін? 

Есіне түсті. Баяғы бала кезі... Ауыл сыртында тау беттен ағып келетін бұлақтың суы жиналатын тоспа тоған болушы еді, дереу ойына түсірді де, солай қарай тартып кеп берген. Біледі, тап бүгін бар бала сонда. Енді қайда болуы керек? Балалар үшін суға түсіп, жүзіп жарысудан өткен қандай қызық бар тап осы мезгілде?

Есіл-дерті ендігі жерде тезірек Жанмұратты кездестіріп, өткен күннің әңгімесіне молынан қанығу. Білгісі келетін, білмекке ынтызарлығын оятқан жәйттер өте көп. Түйдек-түйдек. Алғашқы күні оқушы баланы көріп, құшақтасып, кешегі бала досы Елмұраттың соңғы тағдырын естігені болмаса, әрі қарай ештеңе де біліп үлгермеген. Оған уақыт та жетпей жатты. Күнбе-күн не Аспан ағасының, не жазушы Жасханның жағынан аяқ астынан басталып ала жөнелер ойталасына малтып кетіп, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін де аңғара алмай, басы қатқан. Ол екеуінің сөз-пікірлерінің кей тұстарын тіпті ұқпай, ойы шым-шытырыққа ұласып кететін. Жап-жақсы тілдесіп келе жатады да, аяқ астынан шарт-пұрт, текетіреске түседі, бір-бірімен аңдысады. Алғашында Жасханның қисық та қыңыр мінезін мүлде қабылдай алмай, “бұнысы несі” деп, іштей ашу да шақырып алатын. Аз күннен соң оны да түсінуге тиіс екенін аңдап, енді Аспан мен Жасханның қайсысы ұтымды жауап айтып қалады деп, ауыздарын аңдып қалушы еді. Тіпті ең соңында ұрысып-төбелесіп қала ма деп қорқа бастаған-ды. Абырой болғанда, әйтеуір ұрыс-керіске ұласпады, аман-сау қош десті. Сөйтсе де, аэропортта тұрып, соңғы рет тілдескен сәтінде Аспан:

– Мен бәрібір Ойқазанды толық түсіне алмадым! – деген. Түсінбей жүргені не нәрсе? Жазғандарын айта ма? Жоқ, өмірге көзқарасын ба? Әлде... қисық мінезін меңзегені ме?

Кәсіпкер ағасы көкке, биік аспанға көтеріліп, ауаға жұтылып кеткен соң, Шерқалаға қайтып келе жатып та әлдебір түсініксіз ойдың шырмауына шырматылды.

“...Кәсіпкер кім? Жазушы кім? Қайсысының жолы үлкен, бәсі биік? Қайсысы жәутеңкөз жұртына жақынырақ? Қайсысынан пайда көбірек тиеді?..”

Ауылға жақындағанда ойын кілт үзді. Енді бала күнгі досын – Елмұрат жайын есіне түсіріп, әлденені білмекке ынтызарлығы оянып сала берген.

Тоғанға тақап келіп қалғанда, алдынан бақа ерін бір бала жүгіріп шықты да, бұған тесіле қарап, қалт тоқтады. 

– Ағатай, сізге кім керек? 

– Маған ба? Маған... Жанмұрат. 

– Е, ол әне! Тоғанның орта тұсында, жылан балықтай су-су етіп сумаңдап жүзіп жүрген жоқ па!

– Ана бала сол ма? Су түбіне кетіп қалмай ма?

– Қайдан! Жанмұрат суға кетіп қалса, бізге не жорық!

– Ол жүзгіш пе?

– Өзіңіз қарамайсыз ба? Әне, қалай-қалай малтиды, ә? Көрініп тұр ғой тіпті...

– Көріп тұрмын.

Жағаға келіп, жанарын күннен көлегейлеп, ұзақ-қ қараған. Су ішіндегі Жанмұрат та бұны таныса керек, дереу бері қарай асыға жүзіп келе жатты.

– Аға, сіз Америкаға кетпей қалдыңыз ба? – деді денесінен су сорғалата судан шыға бере.

– Әзірге осында қала тұрам. 

– Суға түспейсіз бе?

– Түспеймін.

– Неге?

– Шынымды айтсам, күлмейсің бе? 

– Күлмеймін. Не үшін күлуім керек?

– Мен тек бассейнде жүзіп үйренгенмін. Оның түбі көрініп тұрады, сосын да қорқынышты емес. Мұндай судан сескенемін. Сіңірім тартылып қалса қайтем?

– Қорықпаңыз. Өзім жаныңызда жүрмеймін бе?

– Қажет емес. 

– Еркіңіз білсін.

– Сенімен сөйлессем деп едім. 

– Онда киінейін. Сәл күтіңіз...

– Жарайды. Ана жерде күте тұрамын өзіңді...

2

Көңіл түкпірінде “осыған жауап керек” деп, әр сәт сайын дегбірін алған, кілкілдеген сұрақ көп-ті. Соның жауабын білгенше асығулы еді. Осы бүгін-ақ бұл ауылға “қош” деп, Америкаға қайтып кетуге ыңғайы бар-ды, бірақ іштегі сан сауалдар ақыры бұның еркіне бағынбады. Анықтап-біліп алмайынша, бұл жерден бір қадам аттап бастыр­маған.

Әрине, кәсіпкер ағасына ол жайлы түгел ежіктеп тұрып, талдап-түсіндіріп қалай айтсын!

Бергі жағымен “ата-баба тарихын біле түссем деп едім” деп салмақтап айтса да, өз білмегі одан да басқа, мүлде терең жайларды.

Міне, сосын да ең алдымен асыға іздегені – Жанмұрат.

Оңаша сәтте Ханмұрат баланы сөзге икемдеп, ағасы туралы сұрап, бәрін білуге аса зор ынта байқатқан.

– Елмұрат қалай қайтыс болды? Не себеп?.. – Алғашқы сауалы осылай басталды. 

Баланың маңдайы қыртыстана мұңдана қалып, жанарына жас іркілді. Кемсеңдеді.

– Өткен жылы көк кене шағып, содан көз жұмды. Аз-ақ күннің ішінде...

– Дәрігерлер де құтқара алмады ма?

– Құтқарған жоқ. 

– Еһ, дәрігерлер де... Кене деген не өзі! Құтқарып қалуға қиын ба еді оны.

– Білмедім.

Осыдан соң аз-кем үнсіздік орнады да, Ханмұрат қайта сөз жалғады. 

– Ағаң екеуміз өте тату дос қалпымен өсіп келе жатыр едік, – деді. – Америкаға кетіп бара жатқанымда ол маған “неге Томас әкейге бала болуға келісім бердің” деп, қатты жаны ашып, шынымен қиналған-ды. Сол сәтте бәрінен де тез айнып, сөзімді жұтып, қалып қойсам ба дегем. Бірақ...

– Ауылды қалай қиып кете бардыңыз?

– Америкалық бизнесмен – Томас әкейге “сізге келісім беремін” деп, арымның алдында серт сөзін айтып қойып ем. Енді аяқ астынан айнысам, қазақ деген ел сөз қадірін білмейтін, сөзінде тұра алмайтын, тұрағы жоқ халық па деп ойлар дедім. Оның үстіне... Американы өз көзіммен көріп қайтсам ба деген бала арманым лапылдап тұрғанын да жасырмайын...

– Ол жақ қандай? Әдемі ме? 

– Әрине, Америка қай жағынан алсаң да, әлдеқашан алға озып кеткен ел. Оны, амал жоқ, мойындауға тиіспіз. Шындықтың шын келбеті...

Жанмұрат аяқ астынан ернін жымырып алып, қайсарлана тіл безеді. 

– Көр де тұрыңыз, біз де жақын жылдарда сондай көркем елге айналамыз. Барлық жағынан алға шығамыз...

– Қалай? – деп, Ханмұрат әдейілеп сұрақ берген. Жас досының ішкі ойын тереңірек біліп алмақ.

– Сіз, аға, білесіз бе, біздің халық біраздан бері өзінің бас еркіндігін алған ел. Енді ешкімге де жалтақтамаймыз. Өз заңымыз бар.

– Заң жақсы ғой. Одан басқа не бар?

– Қай ел болмасын, алдымен Заңға бағынуы тиіс. Заңы был­қылдақ мемлекеттің күні жарқырамайды, бұлтты күндей бұлыңғыр. Бізде үміт үлкен...

Ханмұрат одан бетер қызыққан ыңғай байқатып, баланың сөзіне ынтыққан ниетпен:

– Үлкен үміт дедің бе? – деп, әлденеге сенімі жоқ адамдай, сұраулы жүзбен көз тіктеп тұрып қалып еді.

Жас досы жалма-жан ашуға ат ерттеді.

– Бізге, біздің елге неге сенбейсіз? Сіз... сіз Елмұрат мақтаған биіктен көріне алмайтын сияқтысыз. Мен басқаша ойлап едім... – деді бала.

Осылай деді де, мұңдана қалды. 

– Ол үшін, – деді Ханмұрат. – ...бүкіл халық жұмылып, бір кісідей елдіктің күрес жолын бастауы керек қой. Қазақ әлі де сылбыр, самарқау сияқты көрінеді маған. Әлде қателесем бе?

– Әрине, қателесесіз! – деді бала. – Сіз бұл ел туралы өте аз білесіз. Шетте жүрсіз. Қазақ деген барынша қайсар, батыл халық. Ойына алмайды, алған екен, бітірмей басылмасын біле жүріңіз...

– О-о, сенің сөзіңе сенсем, менің қандастарым шынымен-ақ шарболаттай шымыр екен де.

Қайсар бала жұдырығын түйе сөйлеп:

– Әлі де өзіне-өзі келе алмай жатыр дейді үлкендер. Бәрінің де бастауы бар, тек... уақыт керек, – деді.

Оның сөзіне аса ынтыға, тіпті құмарта, қайталап сөйлетпекке құмбыл ниетін жасырмады. 

– Қалай сонда? Бәрінің бастауы бар деп айта ма? Ол қандай бастау?..

– Біздің халық ертеден-ақ сауаты мол, жүрегі таза, жолы ашық ел екен. Арадағы арандатушылар елімізді өз бағытынан айнытпаққа қазын қағып, неше түрлі айлаға салып отырған. Сөйтсе де қазақтың батырлары, билері, парасатты ұлдары... ұмытылған жоқ. Солар салған із, әне, сайрап жатыр...

– Осының бәрін өзің оқып-біліп жүрсің бе, балақай?

– Мұны маған Елмұрат ағам күнде айтатын. Аға сөзін көңіліме сол қалпында көшіріп, өрмектей тоқып алғам. Енді ұмытпаспын да...

Ханмұрат ойға беріле:

– Қайран, Елмұрат! – деп күбірледі. – Ол тек сені емес, мені де қайраушы еді-ау әнебір жылдары. Жас күнінен аса алғыр, қайсар жаратылған ержүректілігіне өзім куә. Әттең, тағдыры осылай тез тұйықталар деп ойлаппын ба?..


3

Ертесіне жылы таң жымиып атып, көкке кербез күн асыға көтеріле берген.

Түн түнегінде әбден адасып, енді ғана сынық сәулені сезініп, жарқырауға бет алған таң шолпаны жарыққа ғашық ен далаға мөлдір нұрын молынан төгіп-төгіп жіберді...

Шынымен де аса сәтті күн бе, болмаса Ханмұраттың ішкі әлемінде жақсы ойлар оянып келе жатты ма – оны анық аңғара алмаған. Әйтеуір, бір білетіні – бала досы Елмұраттан қапыда айырылып қалғанымен, оның ізін басар қайсар ұлдың өсіп келе жатқаны еді. Жанмұраттың әрбір ойлы сөзі жанына жылы шуақ нұрын құя түсіп, түн ұйқысын да бал әлеміне батырып жіберіпті.

Кезекті таңды сергек көңілмен қарсы алғанын бүкіл жан-тәні­мен сезініп еді өзі де.

...Түс ауа Ханмұратты әлі бұғанасы бекімеген бозбала деместен, жазушы ағасы арнайы қонақ етіп, үйіне шақырды. Шай ішіп отырып, әңгіме-дүкен көрігін қыздырып кеп берді. 

– Қазақшаны ұмытып қалған жоқсың ба? – Алғашқы сауалы осы!

– Неге ұмытам. Ол менің ана тілім...

– Поу, азаматым! Әп, бәрекелді! Намыс сөзіңді мына ел ішіндегі шүлдір-шүлдір еткен өңкей ез немелер өз құлағымен естісе ғой, шіркін...

Ханмұрат аң-таң.

– Сонда мұндағылар өз тілінде тілдесуге намыстана ма? Неге?

– Намыстанғаның не, мазақ етіп, содан ләззат алып масайрайтындар көбейіп тұр. Өте қорқынышты заманға кез келдік пе деген үрей кеудемді жиі-жиі тілгілейді...

Бала жігіт жазушы ағасының сөзінен соң тіксініп қалып еді.

– Апырмай, өзінен-өзі үркіп, артынан кері кетіп тұратын ел ел ме? Ұят-ақ екен.

Жазушы ағасы жағын таянып, қалың ойға түсіп кеткендей, аз-кем үнсіз отырды да: 

– Осы күні өліп-талып кітап жазып жүрміз, аз жылдардан соң, түкке қажеті болмай қала ма – жанға қатты батары сол... – деген.

Сөзін бөліп кеткен Ханмұрат:

– Бұлай бетімен кете берсе, ұрпақтан ұрпақ ажырап қалады емес пе? – деген. – Заң қайда қарап отыр?

Іні сөзіне риза пейілмен мейірлене қарап алып:

– Сен... есті азамат боп қалыптасыпсың, інім! – деді ризалығын жасыра алмай. – Өзіңе көз майымды тауысып жазған өз кітаптарымды сыйлаймын. Түгел оқып шық. Жарай ма?..

– Әрине! – деді бозбала. – Оқимын. Оқып шығу міндетім деп санаймын.

Содан соң аз-кем мүдіре түсті де:

– Елмұрат екеуміз мәңгі достықты сақтап қалуға уәделескен едік, әттең... – деп бір мұң ізіне бет бұрған.

Жасхан бұған зер сала қарап отырды да, кезекті сұрақ сөзін ілгектеді.

– Сен оның неден өлгенін білесің бе?

– Білем. Інісі айтты. Көк кене шағып, соның денеге тараған уынан соң...

– Ол ғана емес. 

– Қалайша? Басқа да себебі бар ма? 

– Бар! – деді Жасхан жүдеу жүзін күннен көлегейлеп сөйлеп. – Біздің Шерқалаға да мейірімі жоқ тажалдың суық саусақтарын шеңгелдеп сала бастағалы біраз уақыт...

– Сөзіңізді түсінбей отырмын. 

– Сен қайсыбір күні менен “біз тәрбиеленген балалар үйі неге жабылып қалған?” деп сұрадың. Есіңде шығар...

– Әрине, есімде. Келген күні-ақ асыға жетіп, ішін аралап көрейін десем, аузында дәу қара құлып тұр. Таң қалдым. Бір жағы өкіндім, екінші жағынан қуандым... Неге дейсіз бе? Өйткені, осы күні жетім балалар атымен жоқ екен-ау деп ішім жылып сала берген...

– Ол ойың, әрине, дұрыс! – деді Жасхан. – Қуануың да орынды. Алайда...

– Аға, жасырмаңызшы! Бұл елде не жүріп жатыр өзі?

Аса бір өкінішпен күрсініп алды да, ағасы әңгімені әрі жалғады.

– Өзің Америкаға аттанып кеткеннен кейін көп ұзамай балалар үйі жабылды, – деді – Орнына аурухана орналасты. Қандай аурухана дейсің бе? Өте қауіпті кесел – онкосырқаттарды емдейтін орынға айналған еді... 

– Онкосырқат деген не? Сондай сырқатқа шалдыққандар өте көп пе Шерқалада?

– Көп, – деді Жасхан. – Жылдан жылға көбеймесе, азаяр емес тіпті...

– Не себеп? Себебі зерттелмей ме?

– Ай, шырағым-ай, қазіргі Шерқаланың шерін айта бастасам, өзім де еріксіз ауыр мұң аралына қамалам. Шерқала – шарасыз қала. Бір жағында уран өндірісі, бір жағында ғарыш айлағы... Ауа бұзылды. Табиғат тұншықты. Су уланды. Адамдардың психикасы кінараттанды... Айта берсек, тіл сүрінеді... 

Бозбала жаны сыздағандай күйге түсіп, ерні-ерніне жұқпай, асығыс сөйлеп ала жөнелген.

– Жер бетіндегі ең үлкен байлық – ол адам денсаулығы емес пе? Одан қымбат не бар...

– Солай зорайтып айтамыз. Солай жазамыз. Бірақ өмірде бәрі бізге бағына бере ме?

– Неге? Неге олай?

– Оның, інім, мың-сан себебі бар. Тіпті құрығы ұзын мемлекеттің де шамасы жетпей жататын жағдаяттар кездеседі екен...


* * *

Америкадан келген бозбаламен әңгімелесіп отырып, тағы да көңіл түкпіріндегі бір құпия сырды еріксіз оятып алған. Ол жайынан, әрине, Ханмұрат біле бермейді. Бұл әңгіме әнеукүні Аспан екеуінің арасында, оңаша жерде болып еді. Осыған дейін, анығын айтқанда, кәсіпкерді аса ұната бермей, тіпті кей сөздерінен ілгек іздеп, үнемі шәлкем-шәліс түсіп жататын. Бірақ, сол жолғы әңгіме сара бағытқа бастау тілегендей.

Әуелден-ақ Жасхан қызына сөйлеп, онкологиялық сырқаттың өршуіне тікелей себепкер – экологияның нашарлауы, ғарыш айлағының ауаны бұзуы, т.б. секілді жағдайларды тізбелеп бара жатқан. Аспан ақырын ғана оны тоқтатты. Сосын былай деді:

– Енді ақылға салып қара! – деді. – Әлемде корабль жасап, космосқа ұшу шаруасымен айналысып жатқан ірі-ірі елдер өте көп пе? Әрине, көп. Америкада да солай. Егер Кеңес елі бұл жарыста жеңісті қолдан беріп, қарап отырса, аяғы қайда тірелмек? Бәрі де мемлекетаралық бәсекеден басталып жатыр.

Жасхан тап осы жерде білек түріп алып, кәсіпкермен тіл безескен.

– Мемлекет кім үшін мемлекет? Егер ел мен адам мүддесі аяққа тапталып, жалған намыс үшін тайталас басталып кетсе, оның кімге пайдасы бар? Қажет пе сондай түкке тұрғысыз бәсекелестік?

Кәсіпкер өте сабырлы. Сөздері де нық. Айтары дөп.

– Адам мүддесі мен мемлекет мүддесі ұштасқан жерде ғана алға жылжу кезегі келеді. Бұл – жазылмаған заң...

Сонда да түсінген жоқ. Әйтпесе, шамасы түсінуге талпынбады. Қарсы шықты.

– Кеңес елі қайда, біз қайда! Мына сорлы ел енді өз халқының жағдайын ойламай ма?

– О-о, – деді Аспан. – Тәуелсіздік деген бір-ақ күнде көрпеңді қымтап алып, сен мені, мен сені білмеймін деу емес қой. Қазақ әлі талай уақыт Ресеймен аралас-құраластығын үзе алмайды. Ол мүмкін де емес. 

– Сонда-а... – деп, жазушы мүдіріп қалған. – Сонда сенің айтпағың – әлі де қол-аяғымыз матаулы ма?

– Олай дегем жоқ. Бірақ ойлануға негіз бар...

Сосын... сыртымен айтқысы келмеген ойды ішімен шиырлады: “Мемлекет – қоғамдық қондырғы, ол бірде бар, бірде жоқ. Сосын да қай заман тұсында әр адам өзі үшін, өз бақыты үшін алысып-арпалысуды, жан сала күресуді бірінші кезектегі шаруа деп білген...”


4

Жанына мазасыз бір ой орнап қалған. Ол ойдың оянуына – күні кешегі жазушы ағасының кермек әңгімелері себеп. Жасыратын не бар, әуелгі кезде осы кісіні іштей ұнатпай, сөздеріне де аса мән бермей жүрген-ді. Ал, ана жолғы әңгіме... бұл түйіннің тас-талқанын шығарды. Жасхан – қияли адам емес, құрғақ қиял қуған жанға ұқсамайды. Оның да жүрегі қырық жамау, әр тұсынан жаралы сияқты. Әсіресе, Шерқала тағдырын ойлағанда... жанарына еріксіз жас ұялай қалатындай. Соны байқап үлгерген.

Түні бойы қиял теңізіне батып, қайта-қайта өзі тәрбиеленген “Балалар үйін” ойша көз алдына әкелумен болған.

Бүгін тағы да сол баяғы “Балалар үйіне” жақын келіп, көңілсіз көз тастап, тұрып алған-ды. Ішіне кіре алмаса да, сыртынан бақылап, ұзақ қарады. Әне, ана тұрған терезе ішінде бұның кішкене бөлмесі болушы еді. Темір кереуетті сықырлатып, тәтті ұйқыны соғатын. Ой да жоқ. Арман да жоқ. Күмән да көңіл терезесін мазаламайтын. Сол кезде тыстан ысқырық естілетін. Ысқырық – Елмұраттікі. Дереу терезенің бір жағын ашып жіберіп:

– Бұл сен бе, Елмұрат? – деп айқайлайтын. Досының қолында екі қызыл алма, бұған көрсетіп тұрып:

– Біреуі сенікі! – дегенді аузын толтыра айтушы еді.

– Қазір шығам.

Содан кейін екеуі ауыл сыртындағы Сәмбі тал бағына беттейтін. Жүріп келе жатып, сөйлеп келе жатып, алманы да жеп бітіреді. Енді Елмұрат жан қалтасынан орауы келіскен, көз жауын алатындай екі кәмпит алады. Тіпті жеуге қимайсың.

– Бұның да біреуі сенікі...

Қуанып кетеді. Досының әрдайым осылай өзін ұмытпай, ылғи да есінде ұстап жүргеніне жаны жадырағаны. 

– Елмұрат, сені өте жақсы көремін.

– Мен ше? Мен сені жақсы көрмейді дейсің бе?

– Бәрібір менікі сияқты жақсы көре алармысың?

– Ішкі сезімім сенікінен де күшті. Жалынды.

– Ал, менікі... 

Осылай таласа сөйлесіп барып, әзер тоқтасады. Сондай сәттердің бірінде бұған: 

– Екеуміз мәңгі дос болуға осы Сәмбі тал түбінде серттесейік! – деп салтанатты түрде айтып еді Елмұрат. Сосын ұзақ құшақтасып тұрып алған.

...Осының бәрі де күні кеше ғана сияқты-тын. Ойлап қараса, арада апталар аттапты, айлар адымдапты, жылдар жарысыпты. Енді, міне, өзі де соқталдай жігіт. Өкіл әкесі – Томас үйреткен, бағыттап берген, қиын да тайғақты бизнес жолына түсіп келе жатқан. Бұл бағыттағы ендігі ақылшысы – өзінің туған жерінің перзенті Аспан. 

Аспан демекші... 

Ол Американың Н. провинциясына жол жүріп кеткелі, о тоба десе, бір рет те хабарласқан жоқ. Неге? Әлде бірнеңеге ренжіді ме? Бұның ауылда қала тұрайын деп, соңынан ілеспегеніне қылт ете түсті ме? Мүмкін емес. Аспан, өз ойынша, кең жүректі, қай нәрсеге де байыппен қарайтын, барынша мейірімді адам. Тіпті өкіл әкесі Томас үзілер алдында екеуін жанына шақырып алып, былай дегенін ұмытар ма!

– Аспан, сен мына ұлым Ханмұратқа туған ағасындай бол? Шынайы қамқорлық жасауға уәде бер! Ал, сен, Ханмұрат, осы ағаңа туған інідей қызмет жасап, қызмет қыл! Мен сонда ғана ана дүниеде тып-тыныш ұйықтаймын...

Обалына не керек, содан бері қарай Аспан Ханмұратқа барынша жылы жүзбен қарап, айтқан өтінішін екі етпестен, ылғи да қамқор қолын созумен келеді.

Жас екеніне қарап жатпастан, қазіргі бизнес басында жүрген кісілердің көбісімен қым-қиғаш араласып үлгерген. Ол да әкесі Томастың арқасы-ды. Сонда байқағаны – көп бизнес адамдарының өте сараң, ақшаға тартыншақ, артық тиын жаратуға мүлде жол бермей жататыны. Міне, солармен салыстырғанда Аспан мүлде бөлек. Бұның қолы ашық. Қиналып – қысылған жан көрсе, дереу көмек беруге ынта білдіріп тұрады. Сосын да ағасына деген сыйластығы күн санап, ай санап артып келе жатқан-ды. 

Бір жолы, ол кезде Америкада жүрген кезі болатын, Аспан бұған түсініксіздеу әңгіменің шетін шығара сыр шерткен. Алғашында мұндайды маған неге айтып отыр деп таңдана, тіпті үрке қараған.

– Бизнеске енді-енді кіріскелі жатырсың, – деді ағасы. – Есіңде ұстар бір жайт бар. Кәсіпкерлік жұмыста дос болу деген шартты ұғым. Уақытша ғана. Кезі келгенде екінің бірі жалт беріп, сені шаң қаптырып кететіні ақиқаттың ақиқаты.

– Аға, ондайлармен араласып не керек! – деген Ханмұрат.

– Неге араласпассың! Бизнес-шаруаны жүргізу үшін кейде жауыңмен де ауыз жаласуға мәжбүрлік туады. Амалың жоқ...

– Ал, мен өйте алмаймын. Басымды кесіп алса да...

Ағасы бозбала сөзіне аса мән бермеген сыңаймен үнсіз қалды да, артынша:

– Мен Америкалық Ронни деген өте тәкаппар жігітпен жақсы араластым, ол бірақ біздей пақырды жарты жолда тастады да, кете барды... – деп, іле-шала қарқылдап күліп жіберген.

Бала жігіт аң-таң. Аға мінезін түсінбей, ішкі дүниесі алай-дүлейге ұласып, алақ-жұлақ еткен. Не сұрарын да білмей дағдарған. Күлкі сыры сол күйі көмескі болып қала берді.

...Ағасының сол күнгі күлкісі әлі кезге дейін есіне түссе, денесі дірілдеп қоя беретіні бар.

“Неге күлді?.. Не үшін күлді?..”


5

Түн төсегіне жата бере, қайдағы бірнеңелер есіне түсіп, ұйқысы шайдай ашылып кетеді. Содан соң кірпік айқаспайды. Ойдан соң ой қуалайды. Таусылмас, түгесілмес қалың қиял...

...Оңаша сәттерде, өзі де түсінбейді, қайта-қайта Аспан ағасын ойлай беретін-ді. Америкада жүрген кездерінде жаны сыздап, жүрегі қысылып, әлденеге наразы бола қалса, дереу ағасына хабарласатын. Ол бала жігіттің әр сөзіне мән береді, ықыласпен тыңдайды, кеңесіп сөйлеседі. Міне, сондай аса жағымды әрі көңіл марқайтар сәттерге әбден бой үйретіп алған екен.

Кім біледі, Шерқалада жалғыз қалған осынау санаулы күндер ішінде соны аңсай бастады ма?

Бизнесмен ағасына телефон шалды. Өзін көрмесе де, даусын естіп, екі-үш ауыз лебіз-ойын айтпақшы еді. Бірақ, Аспан көтерді де, қайтадан өшіре салды. 

“...Сөйлесуге мұршасы жетпей жатқаны ма? Неге өшіре салды екен?..”

Ойға батқан. Ой теңізі өзінің тереңіне тарта түскен.

“...Әлде, расымен де ренжіп қалғаны ма? Қалайша көңіліне тидім, а? Бар жазығым – ауылда қала тұрайын дегенім бе? Оның қай жері томпақ екен?..”

Осылай тамырлы қиял жетегінен ұзап кете алмай отырғанда қалта телефонына хабарлама келе қалды. Ашып оқыды. Аспан екен. 

“...Мен жиналыста отыр едім, сөйлесе алмаймын. Кейінірек өзім хабарласам...”

Қуанып кетті. Е, бәсе! Неге ренжи қойсын. Ренжуге себеп бар ма?


* * *

Екі-үш сағаттан соң, Аспан өзі хабарласты. 

– Алло, Ханмұрат, не үшін телефон соқтың?

– Сізді сағына бастадым.

– Е, солай ма? Америкада жүргенде мұндай жүрек түкпірінде сыз секілденіп сарғайып, тұн­шығып тұратын сезім сөзін айтпаушы ең.

– Шын айтам. Сағынышым ояна бастады сізге деген...

– Жарайды. Сендім сөзіңе. Ал, одан басқа не айтпақшы едің? Ауыл... ұнады ма?

– Ұнады! Ұнағанда қандай. Тек...

– Тағы не бар тіліңнің ұшында?

– Шерқаланың шері көбейіп тұр екен, аға...

– Ол қандай шер?

– Сіз білесіз бе, мен тәрбиеленген балалар үйі жабылып, орнына онкосырқаттарды емдейтін аурухана ашуға шешім шығарыпты. Бұл жақта онкологиялық аурулар неге тым көбейіп бара жатыр? Асқындау себебі не? Түсіне алар емеспін...

Аспан сөзін бөлді.

– Ол жайынан өзім де естіп-білдім. Жол бойы мазалағаны да сол ой... Бұл – сұмдық! Менің де жүрегім шаншып, қатты ауырды естіген кезде.

– Сіз білесіз бе? – деді Ханмұрат. – Бала күнгі досым ше? Елмұратты айтамын.

– Әрине, білемін. Екеуің жақсы дос едіңдер.

– Сол досым... өткен жылы дүние салыпты. Ал, қандай сырқаттан көз жұмғанын айтайын ба?

– Не себеп?

– Ол да осы атын атаудың өзі қорқынышты – онкологиялық аурудан бақилық төсегіне таңылыпты. Ешкім ештеңе істей алмаған. Екі көзі жәутеңдеп жатып, үзіле беріпті...

– Пай-пай-ай, жас шыбықтай майысқан, жап-жас кезінде сондай сырқатқа шалдыққаны ма? – деп Аспан аса үлкен өкініш байқатқан.

– Елмұрат үзілер алдында айтыпты. Әттең, Алла-тағала тағы да бес-он жыл ғұмыр бергенде тек осы сырқатты емдеп-жазу жайын зерттеп, бар күш-жігерімді соған арнаған болар едім... депті.

– Ой, айналайын-ай!

Ханмұрат жылап жіберген. Аспан оған жұбату сөзін арнады.

– Қой! Сабыр сақта! Бұның не? – деді.

Інісі қайтадан есін жиып алып, былай деді:

– Үзілер алдында Елмұрат досым тағы да мынаны айтыпты: “Әттең, қазір Ханмұрат жанымда жүргенде, мені мына сырқаттан қайтсе де құтқарып қалар еді”...

Бозбала тағы да өксіді. Тағы да даусы дірілдеп, сөз айта алмай тұтықты. Тұншыға жылады.

Оның аса толқулы сәтін түсінсе де, тоқтату үшін даусын көтере:

– Жігіт емессің бе! Немене, қыз секілденіп... – деген. Ханмұрат қайтадан бойын жинаған. Жинаған да тіл қатқан.

– Аға, осы үшін де сізбен ақылдасқым келіп еді...

– Ал, айт.

– Ауылдағы онкоауруларды емдейтін аурухана қаржы тапшы­лығына тап келіп, аз уақытта мүлде жабылмақшы. Демеп жіберсек қайтеді, а?

Дауыс аз-кем шықпай қалды. Тек демі ғана естіліп тұр.

– Ойланайық! – деді сосын. – Әуелі кеңірек ақылдасып алайық, інім-м... Телефонмен шеше салатын шаруа ма бұл...

Жолтай Әлмашұлы

author

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы

ҒАЛЫМ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...