ШӨЛДЕН ӨЛГЕН ӨЗЕН

ӘДЕБИЕТ
995

 

 Махмұд Дәруіш – тағдырлы тұлға. Ол – Палестинаның ұлт ақыны, қоғам қайраткері. Жеті жас кезінде оның ешкімге ұқсамайтын қиын өмірі басталды. Аяусыз қырғыншылықтан әкесі қазаға ұшырап, отбасы амалсыз жағдайда Ливанға қоныс аударуға мәжбүр болады. Ол кезең Израиль армиясы зорлықпен Палестинаны басып алып, ақынның туған өңірін быт-шыт етеді. 

Осы бір қатыгез қолдармен жасалған қастандық бала Дәруіштің жүрегіне шемен болып жабысады. Ақын өзімен қоса 400 неше ауылдасының өзгелер қолынан аяусыз азап шеккенін ойлап, соған жауап ретінде алғашқы жүрекжарды өлеңдерін жазады. Сол үшін де ол «қанжарға қауіп төнді» деген секілді тіркестерді ойлы өлеңдеріне қосып, назалы да жаралы жүрегін поэзияның күшімен емдеуге талпынады. Оның алғашқы жыр топтамасы – «Қанатсыз құс» кітап болып шыққанда Махмұт Дәруіш небәрі 19 жаста болатын. Ол ел алдында өз өлеңдерін оқығаны үшін Израиль күштері тарапынан түрмеге жабылады. Осының салдарынан 1970 жылы Палестинадан кетіп, Ресейге барып, Москва университетінде бір жыл білім алады. Кейінгі жылдарғы ақынның өмірі Египеттің Кайро қаласында өтеді.

 Ұлтының тауқыметін сөз ету, азат күнді аңсау, басынан өткен қиын шақтарды жырға айналдыру – оның шығармаларынан көп кездеседі. Көзі тірісінде оның 30 неше жыр жинақ, 8-ден астам прозалық кітаптары жарық көрген. Алғашында дәстүрлі араб өлең үлгісімен поэзияға қадам тастаған ол кейін келе еркін өлең үлгісімен жаза бастайды. Дәруіштің әр өлең жинағындағы рухты жырлар оның атын айналасына мойындатқаны туралы араб әдебиет сыншылары мен өзге елдегі әдебиетші қауым жиі жазып келеді. Бір ойланарлығы – ақын әр кітабының, әрбір жырларының атын өз өмірі мен өзі өмір сүрген дәуірге сәйкес ретінде қойғанға ұқсайды. Айталық, «Қанатсыз құстан» кейін, «Зәйтүн жапырақтары», «Бұл өлең аяқталмаса екен», «Шөлден өлген өзен», «Палестинаны сүюші», «Соңғы кеш», «Палестина жарасының күнделіктері», «Менің сүйіктім оянды», «Мылтық ұңғысындағы жазу», «Күз соңындағы жылы жаңбыр», «Сені сүйемін, сені сүймеймін», «Түсінде ақ лалагүлін көретін солдат», прозадан «Елсіз азаматтың күнделігі», «Отан туралы әңгіме» атты шығармалары оның өмірге құштар, Отанына ғашық жүрегінен, қуатты қаламынан туындады. Ақынның «Шөлден өлген өзен» атты кітабын парақтай отырып, төмендегідей отты жырларға кез болдым. 


Үшінші Забур 

Егер бір күн жер туралы сөз қозғасам,

Бидайдың сабағымен дос болғаным.


Егер бір күн ашу туралы сөз қозғасам,

сұп-сұры шынжырлармен дос болғаным.


Егер бір күн тас туралы сөз қозғасам,

Сыңғырлы бұлақтармен дос болғаным.


Егер бір күн көтеріліс туралы сөз қозғасам,

Онда мен жер сілкінісімен дос болғаным.


Егер де ащы алма туралы сөз қозғасам,

Ендеше оптимисттермен дос болғаным.


Ал бір күн пікірім ауысса бал жайына,

Шыбын-шіркей қаптар-ау жан-жағыма!

Ақын Палестинаның бұрынғы Президенті Арафатпен бірге

Скрипкалар

Скрипкалар – Андалусияға қайырылып бара жатқан сығандарға қосылып жылайды.

Скрипкалар – Андалусиядан айырылып бара жатқан арабтар үшін жылайды.

Скрипкалар – қайта келмес ең соңғы дәуір үшін жылайды.

Скрипкалар – қалпына келген Отан үшін жылайды.

Скрипкалар – сонау қараңғы аулақтағы ормандарды өртейді.

Скрипкалар – көкжиекті қақ тіліп, тамырдағы қанды иіскейді.

Скрипкалар – фантомдарға арналған жылқылар мен сулардың кернеуі,

Скрипкалар – әрі-бері көшіп жүрген жабайы жұпардың өрісі.

Скрипкалар – әйелдің тырнақтарымен азапталған жануар.

Жұғысып қана жылыстап кеткен.  

Скрипкалар – мәрмәрмен симфониялардың қабірін қашаған әскери қосын.

Скрипкалар – жел арқылы бишінің аяғымен теріп алынған жүректердің анархиясы.

Скрипкалар – мамыражай түнде шашыраған жібектің талшықтары.

Скрипкалар – ерте шөлдеуден бас тартқан шараптың әсері.

Скрипкалар – көлеңкем болып ілесіп жүр, менен кек алу үшін. 

Ол менің қарамды өшірмекші, келесі рет мені кезіктірсе. 

Менің скрипкам – Андалусиядан айырылып бара жатқан арабтар үшін жылайды. 

Скрипкалар – Андалусияға қайырылып бара жатқан сығандарға қосылып жылайды.

Қорыта айтқанда, «Шөлден өлген өзен» – Махмұттың араб тілінде жазған соңғы жыр жинағы. Ақын осы жинағын өзі бақилық болардан сегіз ай бұрын ғана кітап етіп баспадан шығарған. Бұл жинақтың араб нұсқасындағы аты «Көбелектің ізі» еді. Бірақ Махмұттың аталған жинағы ағылшын тіліне аударылып басылғанда «Шөлден өлген өзен» деген атпен кітап болып шыққан. «Махмұт отты өлеңдері арқылы өз халқының арманы мен тілегін әлемге паш етті», – деп жазады «Уақыт апталық газеті» кезекті нөмірінде. Махаббат, ғадауат, өмірді сүю, қуғындағы күндері, азапты кешулері, Отанға деген сүйіспеншілік, үміт пен сенім сынды тақырыптарды өзіне жүк еткен бұл кітап ақынның атын, ойлы жырларын әлем оқырмандарына тағы бір қырынан жеткізе білгені даусыз. 

 «Менің мемлекетім маған күннің ұлылығын үйретті» деп өлеңдеткен ол 26 жыл бойы Израиль мемлекеті жағынан қуғында болып, 1996 жылы ғана Отанына оралады. «Оның поэзиясындағы символдар, метафоралар мен өзгеше стильдер оны алдымен араб әлеміне, содан соң бүкіл дүниеге танытты», – деп жазады әдебиет сыншылары. Біздің бұған қосарымыз ол – қарсылық поэзиясын жаһандық кеңістікке көтеруге барын салып, жоғалып бара жатқан Отанын сөздің құдіреті, өлеңнің күші арқылы қорғап қалуға ұмтылыс жасады. Ақын «Шөлден өлген өзен» кітабы арқылы бір халықтың болашағы туралы күрделі ойға батқаны менмұндалайды. М.Дәруіш алыста жүрсе де, анығырақ айтқанда, қуғында жүрсе де, Отанын жырмен әлдиледі, мұңымен ортақтасты. Тағдырдың тарам-тарам жолдарын, тауқыметті өмірдің әр тұсын ашық қабылдап, маңдайына жазылған бақ пен сорды да өлең ете білді. Ол – әр өлеңінің тармағында туған даласының тағдырын сөз етіп, «Бұл өлең аяқталмаса екен» деп тіледі. Себебі, өлең аяқталса, оның аңсарына да, сағынышына да нүкте қойылмақ. 

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

"Қазақ әдебиеті" газеті

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...