Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)

ӘДЕБИЕТ
3791

Бірінші бөлім:  Депутаттық сауалдар

2007 жылы желтоқсан айында Елбасы Н. Назарбаевтың атына сауал жасадым. Бұл әрине менің алғашқы, әрі кейінгі кезде жасаған сауалым емес. Арнайы бөліп атайтын себебім – қазіргі күйіп тұрған мәселенің бірі – елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесін көтерген едім. 

Елдің, жұртының алдында кім қызмет жасамай жатыр. Әртүрлі билік басқышында отырған мәртебелі лауазым иелері қолынан келгенше, білімі жеткенше жұртқа қызмет жасап бағады. Ешкімнің аянып жатқан ештеңесі жоқ.

Әйтсе де, осы бір келеңсіз әрі қиын қоғамды іштен ірітетін залалды дертпен күресу мәселесін қозғамайтын кісі кем де кем. Дүниежүзілік өркениетте бұл мәселемен арнайы шұғылданатын институттар бар. Іргесі берік қаланған, демократиялық қоғам орнатқан елдердің өзінде әлсін-әлсін осы жемқорлық дерті жұрт үстінен жарылатын бомба секілді бұрқ ете түседі. 

Бізде экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күресетін арнайы Агенттік (қаржы полициясы) құрылған. Осы агенттіктің жылма-жылғы есебін қарап отырсам 2005 жылғы  624 қылмыстық істі тексеру барысында-ақ прокуратураға жеткізбей үстінен өтектеп жауып жіберген. Бұл дегеніміз – тергеу, тексеру органдарының сүттен ақ, судан таза болмағаны. Яғни, осы жылғы қаралған істің үштен бірін әртүрлі себеп,  айла, шарғы, жауырды жаба тоқу, таныс-білістік арқылы жауып тасталған. Әрине бұл қылмыстық істі азайтпайтын, керісінше, астыртын болса да даңғыл жол аша түсетін жымысқы құбылыстар. 

2006 жылы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Алматы қаласының маңындағы үлкен Алматы, кіші Алматы өзендерінің бойын, Бутаковка, Медеу аңғарын, Алмаарасан шатқалын аралаған кезде көптеген жер телімдерін өз еріктерімен басып алып, арзан бағаға басыбайлы сатып алып, үстіне үлкен-үлкен зәулім үйлер салып жібергенін көріп: «Бұларың не? Халықтың демалатын жерін емденіп алыпсыңдар, қалаға су беретін өзендердің үстіне үй салып жібергенсіздер, мұндай заңсыздыққа жол беруге болмайды. Халықтың игілігін халықтың өзіне қайтару  керек», – деп бұйрық берген болатын. Елбасының осы сөзін көлденең тарта отырып көптеген жер телімдерін арзан бағаға сатып байыған жеке қожалық иелерін сынға алып - осылардың бәрі әрі пәрменді, әрі нақтылай тексеруден өткені жөн екенін айттым. Елбасының жоғарыдағы нұсқауынан кейін Алматы қаласының маңайындағы 1460 заңсыз тұлғалардың іс-әрекеті тіркеліп, тексеруге алынғанын айта кеткен жөн.

Тағы бір айтарлық мәселе дүние жүзіндегі өркениетті елдердің қауіпсіздігіне жауап беретін органдарының бәрі арнайы салынған, өзге мекемелерден аулақ, радио-теле толқындарын бір бағытта ұстайтын тиесілі мекендерге орын тепкен. 

Мысалға – Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі Мәскеу түбіндегі Ясеново, АҚШ-тың орталық барлау басқармасы Вашингтон түбіндегі Лэнгли, Алманияның барлау басқармасы Мюнхен түбіндегі Пуллах деген жерге орналасқан. 

Астана қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Желтоқсан көшесімен Кенесары көшелерінің қиылысында орын тепкен. Өзіндік инфраструктурасы, белгілі тиесілі қауіпсіздік кешендері бар. Енді келіп кейінгі басшылар комитетті сол жағалауға, Сығанақ көшесіндегі министрліктер үйіне көшіруді қолға ала бастапты. Ондағы ойлары бұрынғы кешенді орынды сатып жібермекші. Осы келеңсіз жәйітті білдім-дағы Президенттің атына хат жолдадым. Келтірген уәжім: «Ұлттық қауіпсіздік комитеті өзге кәсіби мекемелермен көршілес болмауы керек, әрі кем дегенде өзге құрылыстан 50 метр алшақ болуға тиіс, сол себепті Ұлттық қауіпсіздік комитетін министрліктер үйіне көшірудің қажеттігі жоқ», - деп жедел хат жолдадым. Осының бәрі ұлтқа, Астананың келешегіне деген жанашырлық еді. 

Бұл хатым да Елбасына қолына тиген секілді. Үлкен жиын үстінде, қасыма тақап келгенде бұрылып: «Хатыңды оқыдым», - деді. Өз басым ол кісінің тектен-тек сөйлемейтінін білемін. Не болар екен деп іштей толқып күтіп жүрдім. Біраз уақыт өткен соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы өз орнында қалады, Сығанақ көшесіндегі көп қабатты министрліктер үйіне қауіпсіздік мәселесін қарайтын мекемелер көшпейтін болды деген хабар алдым. Шүкіршілік, бұл да болса менің дер кезінде дабыл қағып, Елбасына жеткізген уәйімім  – жас мемлекетіміздің іргетасын беріктеуге, қауіпсіздігін нығайтуға қосылған үлес қой деп ойлаймын. 

Түрлі себептерге сүйеніп еліміздің өңір-өңірінен хаттар төгіліп келеді. Барлығына бірден жауап беру, керегінше әділ шешімін табуға жәрдемдесу әрине мүмкін емес. Дегенмен, алдыма келген хаттарды жауапсыз қалдырмаймын. Әлім келгенше егжей-тегжейлі оқып, керек болса зерттеп, зерделеймін. Шамам келсе – өз қолыммен, келмесе өзгенің қолымен дегендей күшімді сарқып, тырысып бағамын. Уақытым тығыз  болса – сол өңірдің, сол саланың азаматтарына табыстаймын. 

Бұл іске облыс, аудан әкімдерін, прокурорларын және басқаларын жұмылдырып жіберемін. Тіпті министрлерге де қолұшын беруді өтініш қылған сәттерім аз болмады. Сұрақтарымның жауапсыз қалған күні есімде жоқ. Дипломаттық қарым-қатынастан, егемен еліміздің заңынан ауытқымайтын әріптестеріміз көмек беруден ешқашан қашқан емес. Әрбір әділет іздеген азаматтың ісіне етене араласып, оң шешімін шығаруға атсалысып отырамыз. 

2008 жылғы 5 маусым күні Қазақстан республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімов мырзаға депутаттық ұсыныс жасадым. Бұл ұсыныстың мәні бір ауыз сөзбен айтқанда Астана қаласының атын Қазақстан республикасының тұңғыш Президентінің есіміне, яғни Нұрсұлтан деген атқа ауыстыру жайы болды. Көп ойланып, толғанып хаттың қысқаша мәтінін келтіре кетуді жөн көрдім.

Ол төмендегіше: 

«Елдің саяси орталығы – Елорда, Алматыдан Ақмолаға көшу жөніндегі Қазақстан халқының тағдырына үлкен ықпал жасайтын – ұлы тарихи шешімді 1995 жылы мемлекетіміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдады. Бүгінгі таңда бұл шешімді дос та, дұшпан да, шетелде де, өз елімізде де дұрыс деп тауып, оның осылай екенін өмірдің өзі растап, дәлелдеп отыр. Ал, ол жылдары егеменді еліміз «тәй-тәйлап» бой көтере бастаған болатын, экономиканың да, халықтың да әлеуметтік тұрмыс-жағдайы мәз емес еді. Менің ойымша сол уақытта бұл шешімге Президенттің өзінен басқа, бірен-саран адам болмаса, ешкім де сенбеді деп ойлаймын. Осындай жағдайда тағдыршешті қадамға баруға кез келген кісінің тәуекелі жетпес еді. Бұған үлкен көрегендік, болжамшылдық, көзсіз ерлік керек болатын. Сонымен қатар, нағыз патроит болуы да шарт, себебі бұл шешім халқымызды және отанымызды алға дамытатын шара еді.

Шешім қабылдағаннан кейін оны орындау басталды. Біз шұбырып кішкентай Ақмолаға көшіп келдік, бұл жерде тұрмысқа керекті жағдайды былай қойғанда мемлекеттік қызметкерлердің өзі жетіспеді емес пе? Осындай жағдайда, өздеріңіз білесіздер, Президент Елорданың әкесі де, прорабы да болды. Әрбір ғимараттың, әрбір үйдің, әрбір көшенің құрылысына, дизайнына ерекше көңіл бөліп, Астананың өте әдемі әсем болуын жіті қадағалауын әлі тоқтатқан емес.

1929-1930 жылдары Америкада үлкен тоқырау болды. Сол уақытта үкімет басына келген Франклин Рузвельт деген кісі денсаулығына қарамастан Американы тоқыраудан алып шықты. Ол: «Бүкіл американың үстінен жол салу керек», - деп айтты. Оның оппоненттері де, басқалары да: «Нан жоқ, қаражат жоқ, жұмыс ауыр, ал сен болсаң жол салайық дейсің, бұл қалай болғаны», - деп шулап кетті. 

Ол Президентке де экономикалық қиын жағдайда жол салғаны несі деп, іштей де, сырттай да қарсы тұрғандар да аз болған емес. Бірақ осы жол құрылысы локомотив сияқты кіші және орта бизнеске жан кіргізіп, экономиканы өркендетіп, біртіндеп Американы алпауыт елге айналдыруға көмектесті.

Біздің еліміздің Президенті де басқа шаралармен қатар, қасиетті Арқа төріне орналасқан Астананы, оның құрылысын үлкен локомотив сияқты пайдаланып, «Қазақстанның ерекше даму жолына», нарықтық экономиканың қарқынды дамуына пайдаланды емес пе!

Еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендігінің, қажырлы еңбегінің, іскер басшылығының, салиқалы ішкі-сыртқы саясатының арқасында әлемдегі жоғары деңгейлі мемлекеттермен терезесі тең тәуелсіз Қазақстан мемлекеті құрылды, оның киелі ордасы болып Астана бекітілді. 

Елбасының осындай Қазақстан халқының алдындағы ұшан теңіз қажырлы еңбегін бағалай келе, отанымыздың саяси ордасы Астананың Қазақстан мен Еуразияның қақ ортасына орналастырғаны, сол ерен еңбектің кішкене сипаты ғана деп, Қазақстан Республикасының астанасын Нұрсұлтан деп атауға ұсыныс жасап отырмын. 

Менің осы үндеуіме белгіленген тәртіппен жазбаша жауап беруіңізді сұраймын». 

Осы депутаттық сауалға өзімнің әріптестерім – 99 Парламент депутаты қол қойды. Сыртта, іссапарда жүрген депутаттар да қол қоямыз деп өздерінің келісімін білдірді. Осы хаттың бір данасы әлі менің мұрағатымда сақтаулы. 

Үлкен болсын, кіші болсын, әрбір адамның еңбегі көзі тірі уағында бағалануы керек секілді. Елбасының жатса да, тұрса да ойлайтыны – қазақтың қамы. Ширек ғасырдан асты елімізді бір атаның баласындай ұйыстырып, өзге жұртқа көзтүрткі қылмай, сүттей ұйытып әлемге танытып келеді. Әрине ол кісінің қоғамдағы орны, қызметі жағынан бізден өте  жоғары тұрады. «Қазақта жай адам патша болмайды» деп айтады. Жоғары жақ қолдағаннан кейін, соған мүмкіншілігі бар, қарым-қабілеті, ақыл-ойы, интеллект, парасаттылығы жететін адам ғана бірінші лидер бола алады. 

Еліміз алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдар біз үшін өте ауыр болды. Одақ тарасымен жер-жерде қылмыс көбейіп, дүкендегі азық-түлік, халық тұтынатын тауар демде ғайып болды. Соған қарамастан Елбасымыз қазақ деген елдің абыройын асқақтатуға қажыр-қайратын сарқа пайдаланды. Қарапайым халықтың жағдайын жақсартты, рухын аспандатты, әлемнің белді-беделді елдерімен тереземізді тең етті. Осының арқасында Еуропадағы Ванкуверден – Владивостокқа дейін созылып жатқан, Еуропаны, солтүстік Американы, оңтүстік кавказды алып жатқан, алпауыт абыройлы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстан бір жыл Төрағалық жасады. 2010 жылдың 1-2 желтоқсанында Астанамызға дүниежүзі мемлекеттерінің басшылары келді. Бұрын қазақ деген ұлтты танымайтын мұхиттың арғы жағындағы халық енді тіпті мәдениетіміз, тарихымыз тұрмақ, дастарханымыздан дәм татты. Елбасының парасаттылығы қазақты әлемге мәшһүр етті. Бүгінде біраз жастар осының бәрі көктен түсті деп ойлайды, бірақ бұл дүниенің барлығы үлкен еңбекпен, Елбасының қажыр-қайратымен келгеніне күмән жоқ. 

Мәселен, Астана қаласын еліміздің ордасы еткен – өзінің баласындай етіп аяқтан тұрғызған Нұрсұлтан Әбішұлы. 

Сол кезде балшығы тізеден асатын, асфальты жоқ, қазіргі әсем ғимараттардың бірі де жоқ, қасқыры ұлып, түлкісі қыңсылап жүретін жерде Астана арқылы бүкіл Қазақстанның экономикасын көтерді. Нәтижесінде аз уақыттың ішінде Сарыарқаның төрінде зәулім ғимараттардан тұратын әсем қала бой көтерді.

Өз басым әлемнің көптеген елдерінде болдым. Мәдениетімен, дәстүрімен, тыныс-тіршілігімен таныстым. Сонда байқағаным –Астанадай әсерлі, әсем қала, қазақ халқындай байсалды, жомарт, дана халықты еш жерден кездестірмедім. 

Елбасы дүниежүзінің белді архитекторларының алдына Астана қаласын салуға арналған тендер ұсынды. Солардың ішінен Жапонияның сәулетшісі Куросава жеңіп алған жобамен осы әсем қаланы салдырды. Елбасы бұл құрылысты өзі қатты қадағалады. Әрбір соғылған кірпішінде Президентіміздің жаны бар десем артық айтпаған болар едім. Елбасының осынша күш-жігерін сарп етіп, елі үшін төккен терін біздер неге бағаламауымыз керек? Қай қала? Қай мемлекет осындай аз уақыттың ішінде салынып бітті. Бір Астананы екінші жерге ауыстыру екінің бірінің қолынан келе беретін шаруа емес. 

Елбасымыздың көзі бар кезде неге атын бермеске. Ол кісі өте қарапайым адам, сондықтан, бұл ұсынысымызға келіспеді. Өзі қарсы болды, әйтпесе халықтың қолдайтындығына сенімдімін. 

Әу баста елордамызды – Астана деп атаған кезде де көпшілік наразылық танытты. Біреуі қолдап, біреуі мұнысы несі деп жатты. Құлаққа түрпідей естілсе де Астана деп атадық. Қазір бәрі үйреніп кетті. Бұл қала бәрінің сүйікті қаласына айналды. 

Депутаттық корпус – халықтың, елдің мүддесін қорғайды. Кей кездері үкімет жіберген заңдардың қандай да бір бөліктерімен келіспей жататын сәттер болады. Халыққа қажеттісін іріктеуге тырысамыз. 

Қоғамда түрлі қылмыстық жағдайлар орын алатыны белгілі. Көбі әділетке жетіп, разы  болып жатса – келесі бір бөлігінің көңілдері қабылдамайды. Әттең. Дұрыс болмады-ау. Неге бұлай? деген сияқты сұрақтарды төндіретін топтар да жетіп артылады. 

         Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовке жолдаған хаттарым мен ұсыныстарым, депутаттық сауалдарым ешқашан жерде қалған емес. 

         Депутат болған жылдары 600-ден аса сауал жасадым. Жеке өзіме 700-ден аса халықтан түрлі арыздар келді. Көбісі әлеуметтік тұрмысқа қатысты немесе бұзылған заң іспетті жағдайлар болғандықтан құқық қорғау органдарына, Бас прокуратураға жолданды. Осы сауалдарымның ішінде бір сауалым жауапсыз қалды. Шешімін таппады, орындалмады. Бұл жағдай төмендегідей даулы мәселе болатын. 2006 жылдан кейін зейнеткерлікке шыққан әскерилердің зейнетақысы алдындағы шыққандардың зейнетақысынан жоғары болып кеткен. Осыны бір-бірімен сәйкестендіру қажет болды. Олардың зейнетақысы кейінгілердікімен бірдей болуы керек деп Үкімет басына хат жолдадым. Осы өтінішім орындалмады. Өйткені ол кезде  елде дағдарыс болып жатқан болатын. 

         Кейбір адамдар балам түрмеге түсті, әділетсіз үкім шығарылды деп арызданады. Барар жері, басар тауы болмаған соң, амалы таусылған соң өзінше елінен көмек сұраған түрі ғой бұл. Бірақ анық-қанығын тексеретін тек құқық қорғау органдары. Бір рет жала жабылған бір азаматты қорғап қалып, алғысын айтқаны да бар, әрине, барлығына бірдей жала жабыла бермейді. 

Қылмыскерлер жасаған қылмысы үшін соттың алдына келеді. Оларға біз еш амал жасай алмаймыз. Өз басым жастарды қолдап, жастардың жолын ашуға барынша тырысқандықтан, осындай болашағына балта шабылғалы тұрған жастарды көргенде бар күшімді салып, көмектесуге тырысамын. Тағы бір мүмкіндікке ие болса деп үміттенемін. Өзіміз де жас болдық, жастық өмірге мас болдық дегендей. Бұл қалай болғаны деп белсене кірісіп кетететініміз де рас. 

         Әу бастан талантты жастардың талабын ашып, алға жетелегенді де жаным сүйеді. Жалпы қазақ өнерге бас иген халық. Өзім де рухани байлығымыздың алтын өзегі болған, халқымыздың ән-күйін ерекше құрметтеймін. Өнер қуған өрендерден жәрдемімді аямаймын. 

Соның бір дәлелі – 2010 жылдың 9 қыркүйегінде Қазақстан театр қайраткерлерінің төрағасы Т.Қ. Жаманқұловтан келіп – Ұйғыр музыкалық театрының белді әртісі – Қаһарман Иминовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беру туралы ұсыныс түсті. Осы ұсыныстың ақ-қарасын анықтағаннан кейін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы, Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссия Төрағасы Қ.Б.Саудабаевқа және Мәдениет министрі М.А. Құл-Мұхамедке Қ.Қожамияров атындағы Респуликалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының белгілі әртісі, сазгер Қаһарман Иминовты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына әбден лайық деген пікірді қолдап, марапаттауларын сұрап Депутаттық сауал жібердім. Менің бұл сауалымды өнер саласындағы жағдайды жақсы білетін депутаттар: Н. Өнербаев, М. Ахмадиев, С.Темірболатов, және М.Тінекеев қолдады. 


Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты

2010 жылғы 24 қыркүйек, № ДЗ-512

2010ж. 09.22.жарияланды

Қазақстан Республикасының

Мемлекеттік хатшысы – Қазақстан Республикасының

Сыртқы істер министрі –

Әдебиет пен өнер саласындағы

Қазақстан Республикасының

Мемлекеттік сыйлығын беру

жөніндегі комиссия төрағасы

Қ.Б.Саудабаевқа

Қазақстан Республикасының

Мәдениет министрі

М.А.Құл-Мухаммедке

Депутаттық сауал

Құрметті Қанат Бекмырзаұлы!

Құрметті Мұхтар Абырарұлы!

Менің атыма Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының Төрағасы Т.Қ.Жаманқұлов мырзадан аталмыш Одақтың атынан Қазақстан Республикалық Ұйғыр музыкалы комедия театрының көп ұлтты Тәуелсіз Қазақстанымыздың өнерін әлемге танытуда өзіндік үлкен үлес қосып келе жатқанын айрықша атап айта келіп, осы театр қабырғасында аттай 40 жыл аянбай еңбек сіңіріп жүрген, өзін әншілік, сазгерлік қырларымен және білімді музыкант ретінде таныта білген театрдың белді артисі Қахарман Иминовке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беру туралы ұсынысын Қазақстан Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қолдауымды сұраған хаты келіп түсті. Бұл құжатта көрсетілгендей Қ.Именовтың кино мен театр сахнасында ойнаған рольдері сыншылар мен көрермендер назарына ілігіп, әр кезде жақсы бағасын алып жатқан. «... Атап айтқанда, «Ғажайып алма», «Анархан», «Лавар», «Сайқымазақ» спектакльдері мен

кинофильмдері қазақстандық жұртшылықтың ғана емес, Орта Азия, Ресей, Венгрия, Румыния, Болгария және Қытай Халық Республикасының көрермендері тарапынан да жоғары бағаға ие болды... Қ.Иминов 1973 жылы құрылған «Яшлық» вокальды аспаптық ансамблін құрушылардың бірі болды. Бірер жылдан соң, халықтың жаппай сүйіспеншілігіне бөленген ансамбль жоғарғы марапатқа ие болды... Қ.Иминовтың шығармашылық ізденістері әлі күнге толастаған емес. Соңғы жылдардан бері, ол «Сада» ансамблінің көркемдік жетекшісі болып келеді. Ол 40-тан астам музыкалық шығармалардың авторы. Оның әндерін сахналарда қазақстандық белгілі әншілер орындап жүр, әр тілдегі танымал әндері «Қас тасы» атты компакт дискісінде жинақталған. Оның «Қаһарман қыз» атты бір актылы ұлттық балеттік туындысы және домбыраға арналған «Арнау» күйі бар...

...Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік Сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевтің орындауында «Жасай бер, Қазақстан» гимні, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Серкебаеваның орындауында «Достық сазы» композициясы және бұдан басқа «Қайран досым», «Астанаға асығамын», «Жүрек назы» әндері, «Астана мен астана ақшамы» саксафонға арналған композициясы орындалып жүр...»

Құрметті Қанат Бекмырзаұлы!

Құрметті Мұхтар Абырарұлы!

Жоғарыда көрсетілген деректер, бұл кісінің Қазақстан мәдениеті мен өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосып, еңбек сіңіріп келе жатқан өнерпаз екендігінің айғағы, сондықтан да Қаһарман Именов «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына әбден лайық деген пікірді толық мақұлдайтын шығарсыздар деп үміттенемін және қолдауларыңызды сұраймын. Тағы бір айта кететін жағдай осы театрдың өнерпаздары соңғы оншақты жылдың ішінде осы аталмыш атақ пен марапатталмағаны өкінішті ақ.

Осы сауал бойынша қабылдаған шешімдеріңізді 2007 жылдың 1 тамызында қабылдаған конституциялық заңның 27-бапына сәйкес жазбаша түрінде хабарлауларыңызды сұраймын.

Қосымша; 2 бетте.

Құрметпен, С.Тоқпақбаев

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты


Осы хатыма орай ұсыныс жасалды деген төмендегідей хат Мәдениет Министрлігінен келді.


2010 жылғы 15 қазан

№ 07-01-04/773-Д

Қазақстан Республикасы 

Парламенті Мәжілісінің

Депутаттары

С. Тоқпақбаевқа

М.Тінікеевке

М.Ахмадиевке

С.Темірболатовқа

Н.Өнербайға

2010жылғы  24қыркүйектегі

№ДЗ-512-ге


Құрметті депутаттар!

Міздердің әдениет министрлігі сіздердің Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының хатына орай Қахарман Иминовты «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ұсынуға қолдау көрсету туралы депутаттық сауалдарыңызды қарады.

Республикалық Ұйғыр музыкалы комедия театрының артисі Қ.Иминовтың Қазақстан өнері саласындағы қырық жылдық жемісті шығармашылық қызметін, сондай-ақ 60 жасқа толу мерейтойын назарға ала отырып, аталған атаққа ұсынуға лайық деген ұйғарым жасалды. Осыған орай, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалар туралы» Заңына сәйкес кандидаттың тиісті наградалық материалдары әзірленіп, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылды.

Министр М. Құл-Мұхаммед


Осы іс шараның арқасында Ұйғыр музыкалық театрының белді әртісі Иминов Қаһарманға «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.


Тағдырым – темірқазығым


Кім біледі, осы естелік ғұмырбаяндық кітапты жазар ма едім, жазбас па едім. Құрбы-құдастарым, артымнан ерген інілерім: «Аға, өмірден көргеніңіз көп жансыз. Басыңыздан көп оқиғалар өтті. Біздер бірін біліп, бірін білмейміз. Келер ұрпақ оқып тәлім аларлық тұшымды дүние жазып қалдырмадыңыз ба? Сіздің өміріңіздегі әрбір оқиға келешек жастар үшін маңызы зор сабақ болар еді» деген соң ғана қолыма жүрексіне қалам алған едім.

Бақытқа ұмтылуға бәріміз ұмтыламыз ғой, әйтсе де сол адам көкірегіне шуақ құятын үлкен ұғымға қалай жетеміз. Ең қызығы осы сауалға жауап беру секілді. 

Менің бүгінгі өмірім адамзат баласы ұмтылатын – 

мақсатқа жету, бақытты болу деген биіктен көрініп отыр.

Хадистерде «ер азаматтың ісін оңғарарда Алла алдымен жақсы жар жолықтырады»,-деген бар екен. Маған жасым ұлғайғанда Сәуле Мағазбекқызын солай кездестірген шығар деп ойлаймын. 

Ол екеуміздің таныстығымыз сонау, 2001жылы мен Қорғаныс министрі болып тұрғанымда басталған. Көмекшім: «Қазақ радиосының журналисі – Сәуле Досжанова деген сізден «Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай сұхбаттассам дейді», - деп рұқсат сұрады. Келістім. Кабинетіме ұзын бойлы, аққұба қызды ертіп келді. Бұрын көрген емеспін. Сұхбатымыз өте қызғылықты болды. Сол бірінші көргенде-ақ мен оны өмір бойы білетіндей әсер еткен болатын. Есімде қатты қалды...

Алты жылдан кейін мені ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттыққа сайландым. Сол жерде Сәуле Мағазбекқызын жолықтырдым. Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметінде істейді екен. Кейіннен күйеуі – Халық жазушысы Дүкенбай Досжанмен таныстым. Отбасында болдым, қарым-қатынасымыз жақсы болды.

Дүкең өмірден озғаннан екі жылдан асқанда 2015 жылы 16-шы желтоқсан күні – Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Сәулеге Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері», - атағын бергенін теледидардан көріп, телефонмен құттықтадым.

2016 жыллдың басында Астанаға арнайы барып жағдайын білдім. Дүкенбай екеуінің қыздары тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болып әрқайсысы өз отбасыларымен Алматыда, Астанада бөлек тұрады екен. Сәуле жекжаттарының студент қызын қолға алып, бірге тұрып жатыпты. 

Мен әйелім қайтыс болғалы 15-жылдан бері Алматыда жалғыз тұрып жатқанмын. Балаларым өз отбасыларымен бөлек тұратын. 

Сәулеге «жасымыз ұлғайғанда бір-бірімізге серік болайық, -деп көңілімді білдіріп, оның келісімімен 2017 жылы заңды түрде некелестік. Екеуміздің өреміз бір-бірімізге сай келеді, жақсы түсінісеміз, ел алдында абыройымыз бар. Ағайын-туыс та, балалар да біздің табысқанымызды қуанышпен қарсы алды.

ххх

Осы кітапты жазу барысында өткенімді көз алдымнан бір сүзіп шықтым. Артыма қарасам, албырттықпен кеткен қателік те бар екен. Жастықпен көзсіз нартәуекелге барған сәттерім де болыпты. Жоғарыда жиі айтып отырдым ғой. Тағы да қайталаймын, өмірде алдымнан үнемі жақсы адамдар кездесті. Жанымда сенімді серіктерім көп болды. Алланың маған берген ғажайып сыйы да осы болар! Бар бақыттың кілті осында ма деп қаламын. Адам жалғыз өзі үлкен шаруалар жасай алмайды. Қай ортада жүрсем де, дәрежесі биік билікте болсам да, бұл ең алдымен Алланың бұйрығы, екіншіден, жақсы адамдардың шарапаты деп білемін. Елдің көз алдында болдым, адалдықты ту еттім. Ешкімнің көз жасына қалмауға тырыстым. Үлкеннен бата, кішіден алғыс алып жүрдім. Осының өзі маған үлкен мәртебе. Бұдан артық мадақты қаламас та едім. 

Шен тағып, шекпен кидік, біраз уақыттар аралығында Елбасы жанында жүрдік. Әкелеріміз: «Патша жай адам емес, патша Тәңірдің өкілі», – дейтін. Міне маған Тәңір біраз жылдар бойына патшаның жанында жүруді, еліме  қызмет етуді нәсіп қылды.  

Елге қызмет жасап, Елбасыға үзеңгілес серік болу, халқымыздың қажетіне жарау– үлкен бақыт деп түсінемін. Бүгінге дейін басыма қонған осы бақыт – мені аттан түсірген емес. Сол үшін де Тәңірге, ата-анама, өзімді тәрбиелеген ортама ризалығым, шүкіршілігім шексіз!

(соңы)

Сәт Тоқпақбаев

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...