Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайратке...
Дидар Амантай. Мәңгілікте жалғызбын (эссе)
Мен түнгі Алматы ішімен келе жатырмын. Шамдар сөнген, пәтер терезелері қараңғы, ойымда ештеңе жоқ, жұлдыздардан басқа жанып тұрған бір нәрсе көрмедім.
Шын әңгіме, маған бүкіл жаратылыс қарсы – қисынымыз қиыспайды, көзқарасымыз қайшы, көңіліміз ала, адамзат аялаған дүниетаным қоршаған орта, көрікті табиғатына дәл, сәйкес емес.
Бөтен сағаттың уақыты да бөлек.
Бірақ, бұрын уақыт бір, сағаттар көп еді. Қазір әр сағаттың өз уақыты бар. Ел сағатты жүйрік санайды, керісінше, уақыт ұшқыр, сағат соңынан ілесе алмай, омбы қарды ақсақ ойып, қалбалақтап қалады.
Біз бөлекпіз.
Пенде, тұлға – қайталанбайды. Әрқайсымыз пешенемізге жазылғанын көреміз, басқа салғаны – біздің талайымыз, жеке туамыз, дара өлеміз, екі нүкте арасында жатқан көп нүктелі жол сілемі шексіз, ойда жетпейміз, өмірде қас-қағым – көзді ашып жұмғанша қазған ордың, жас қабірдің басында тұрамыз.
Қойған соң, ұмытамыз. Күллі өмірі, ақ шанқан аспан астындағы қарбалас, аласапыран тыныс-тіршілігі, ағызып келіп, ағызып кетіп жатқан ағыл-тегіл асық күндері, асау түндері, ақ сәуле асыл арманы – ақтық тілегі бір, бәрі, тегіс, түгел – бір қадақ жас топырақ көрге, бір құшақ гүл қойылған жерге, жеңіл кіріп, оңай сыйып, шашылып-төгіліп жатады, қалқиған тұлғасы қабірге айналып сайдың шетінен қарауытады, мазасыз пенде жер бетінен біржола жоғалады, азасы төр жақта, қазасы бер жақта қалады, өзі неткен терең, салса, тола береді, тойымсыз бір дүние, сірә, о дүниеге аттанып, ажалды бұ дүниеге табыстап, бізді жылатып кетеді, соңынан – ажалдың айырым-белгісі мизам-шуақ тәрізді арқан тартып ат-көліктерін тоқтатқандай созылып, жазылып тұрып алады.
Уақыт кідіре ме, жіпті үздіре ме, тез өткені соңынан көрінеді, шаң басылып, қара ұлпа топырақ жерге қонғанда, ауа райы айығып, тұман сейілгенде , біз мезгілдің маусымын аңғарамыз.
Біз өзімізді өзіміз жұбатамыз, өзгелердің ортасында, қамақтамыз, жат қолында жапа шектік, бөтен – жауымыз, басқа – елімізге, жерімізге таласқан – өгей, дұшпан.
Өзімізге ғана өзіміз туыспыз, өзгені қайтеміз, өзімізге ұқсастардан басқаның керегі жоқ. Өзімізге сенеміз, кәміл, берік, екі дүниеде.
Әулетімізді әбігерге салдық, әрбіреуіміз – әуре өмір сүрдік. Еліктемеңіз, өзіңізде бар. Доғарыңыз. Бастауға, қайнарына қайта оралайық.
Бір ғұмырдың екінші бір ғұмырдан еш айырмашылығы жоқ. Қайттық. Ретро емес, өткенге. Бәлкім, Сіз бақытты ғұмыр кешті делік. Ол бейнет көрді. Екеуіңіз де, біріңіз шаттықта, екіңіз мехнатта өмір сүрдіңіз, бірақ, алпыс жаста дүние салдыңыздар.
Өтті – кетті. Сонда, қорытынды не?
Мағына жан-жағына сілтемелер күшімен хабар таратып тұр. Сілтемелер –симулякр, өзінде жоқты өзгеге тасиды, таңба бекітілген түсінікті немесе мәліметті бір жақтан басқа бір жақтарға жеткізеді.
Тіршілік болмыс мағынасында тілде тірлік жасайды. Тіл – көздің көргені, ойдың түйгені.
Метафизикалық елде, аймақта, ерен еңбектің нәтижесі
жоқ. Жолдың азабы мұратсыз. Шығын өтелмейді, қаракет пайдасыз, жұмақ – өтемақы бола алмайды, біріншіден, бар ма, жоқ па, белгісіз, екіншіден, пейішке жібере ме, тамұққа кетесің бе, басқаның қолында.
Мен түнгі Алматы ішімен келе жатырмын. Шамдар сөнген, пәтер терезелері қараңғы, біздің жастық шағымыз тәрізді, көзге түсер сәуле жоқ, жөн сілтер, жоба білер кім табылады, біз қараңғыда келе жаттық, ақыры бақытымызға жолықтық, мақсатымызға маңдайымызбен соғылдық, маңдайымыз жарылды, бақ қонды, құт келді, бекер, келді де кетті, қайда асықтық, қайта адастық, Алматы көшелері жанғанша, екі жастың бірінің таңы атқанша, Батысқа жүрдік, енді Мұқтар Мағауин айтқандай, елге қайтып келе жатырмыз.
Түнде қала кезген – қауіпті нәрсе.
Біз әлі адасып келеміз. Адасып өтетін шығармыз. Ертең адасқанымыз ғана есте қалады.
Түзу жолды көрсетпегендер түздің құмына салды, біз еңсемізді көтеріп, жүзімізді жоғары ұстадық, төменде уақыт, тік жүрдік, кеудеміз шалқақ, аяқ астына көз салған жоқпыз, қарамадық, себебі, біз уақытты жалдап келе жаттық.
Сағатына үңілгендер ұзақ ілбіді, біздің сағат тоқтап қалды, шын мәнісінде, ол мәңгілікті көрсетіп тұр еді.
Дидар Амантай
04.06.2021