Сомерсет Моэм. Сұлу мен отбасы

ӘДЕБИЕТ
3979

Ағылшын тілінен орысшаға аударған: 

© Виктор ВЕБЕР.

Орыс тілінен қазақшаға аударған: 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

жазушы-драматург, әдебиеттанушы, 

сыншы, аудармашы © Әлібек БАЙБОЛ.

Жауапты редакторы: 

Елдос ТОҚТАРБАЙ, жазушы, әдебиеттанушы, 

алаштанушы-ғалым, 

ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік 

жастар сыйлығының лауреаты, 

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD докторы.

Аудармашыдан бірауыз сөз:

Уильям Сомерсет МОЭМ (1874-1965 ж.) – Англия елінен шыққан атақты драматург, әйгілі жазушы, әдебиет сыншысы, әлем әдебиетінің классигі, «Ламбеттік Лиза», «Қаһарман», «Ай мен бақыр тиын», «Миссис Крэддок», «Театр», «Таң атар алдында», «Каталина», «Жапырақ дірілі», ««Эшенден я Британия агенті», «Әткеншек», «Бірінші жақтан баяндалған алты әңгіме», «Жазмыш ойыншықтары», «Арлы адам», «Леди Фредерик», «Джек Строу», «Миссис Дот», «Пенелопа», «Смит», «Грейс», «Оныншы кісі», «Дворяндық», «Кэролайн», «Коттедждегі махаббат», «Шеңбер», «Мисс Томпсон», «Жаңбыр», «Адал жар», «Шеппи», «Қонақжайдағы джентльмен», «Дон Фернандо», «Жазушы көзқарасы», «Он роман және оның авторлары» атты т.б. романдар, әңгімелер, пьесалар мен жолжазбалардың авторы. 

Жазушының атасы – Роберт Моэм белгілі заңгер-адвокат-тұғын. Ал, қаламгердің үш ағасы да осы жолды таңдаған соң, әулет те С. Моэмды заңгер болады деп есептеген-ді. Алайда, өмір, тағдыр өз дегенін істеді. Жазушы бала кезінде французша сөйлеген, ал ағылшын тілін тек он жасында ғана меңгерген. Автордың бала кезгі кекештігі өмірбақи сақталған-ды. Ол ешкім кедергі келтірмес үшін жазу үстелін қабырғаға қарата тірей қойып, ерте тұрып үш-төрт сағат еңбек етіп, күніне 1000-1500 сөз жазатын болған. Қаламгер Ницца (Франция) қаласының ауруханасында өкпе дерті кесірінен кең дүниені қиып, өмірден озған.

«Сұлу мен отбасы» ағылшын авторының туындысы екенін ескере отыра, миссис, мисс, мистер, леди, джентльмен, сэр, мадам, герцог, граф секілді ұғымдарды дәл сол қалпында қалдырдық. Әйтпесе, не көп – аталған аристократиялық түсініктердің қазақи баламасы көп. Негізінен, комедиядағы бүкіл кейіпкер – өзімшіл, олар біреу үшін я жақыны үшін жаны ашығансып көрінгенімен де әркім өз қамын ойлаған пенделер. Бірақ, сол өзімшілдердің ішіндегі ең өрені, зоры, ішкі есебі бүтін сұлу келіншек, атқаны дарып, айтқаны орындалып жүрген орталық қаһарман – Виктория ханым. Ол әйел әркез өзін отбасы алдында, күйеулері алдында, әлеумет алдында, тіпті ел алдында айтарлықтай құрбандыққа барған жандай көрсеткісі келіп тұрады және бұнысы қанға сіңген әдетке айналған-ды. Оның әр сөзі – «заңмен тең». Ал, өздеріңіз білетіндей Заң жүзеге асуға тиіс. Әсілі, барлық персонаж – сол қағілез қатынның өзімшілдігі жолындағы құрбандардың құрбаны. Соғыс тұсындағы бір отбасының тағдыры, хал-ахуалы – сол уақыттағы ағылшын қоғамына тән ортақ сипат. Бұл нәрсе көркем шығармада да анық көрініс тапқан-ды: авторлық ремарка, диалог, іс-әрекет барысында. Қылаяғы жалшы-қызметшілердің өзі де – такаппар. Дегенмен, Виктория менмендігі мен тұрақсыздығының бәсі жоғары. «Сұлу мен отбасы» – мұңды комедия. Оқып отырып миығыңнан ауыр ғана күрсіне күлесің. Себебі, көсіліп күлуге көркем мәтін ырық бермейді. С. Моэм ағылшын драмаларына тән элементтерді (айталық, «қара комедия» – «черная комедия», нәзік мысқыл, уытты әзіл, т.б.) тамаша қолданған-ды. Осы іспеттес пьесалар кейінгі ситкомдарға негіз болғаны анық. Ал, ары қарата пьеса қалай өрбитінін және немен аяқталатынын білгіңіз келсе, аударманы толық оқып шығыңыз, аса қадірлі оқырман!..

III-бөлімді пьеса

Кейіпкерлер:

Виктория – сұлу, келісті келіншек.

Уильям – оның бірінші күйеуі.

Фредерик – оның екінші күйеуі.

Мистер Лейсестер Пейтон – оның үшінші күйеуі, кәсіпкер.

Мистер А.Б. Рэм – адвокат.

Мисс Монтморенси – үйленбеген кәрі қатын.

Миссис Шаттлуорт – Викторияның анасы.

Мисс Деннис – маникюрші.

Миссис Погсон – жасы ұлғайған, жұмыс іздеп жүрген әйел.

Тейлор – қызметші әйел.

Күтуші әйел.

Кларенс – пошташы бала.

Уақиға 1918-жылдың қараша соңында Викторияның Вестминстердегі үйінде өтеді.

I-бөлім 

Викторияның жатын бөлмесі. Әдемі жапқыш жабылған үп-үлкен төсек. Дәп қасында – опа-далап орныққан дәретхана үстелі. Креслолар, пуфиктер және диван. Қажеттілік туындаса, жатын бөлмені қонақжай қылып өзгертуге болады. Құмыра толы – гүл, қабырғаларда – картина ілулі. Каминде от жанып тұр. Сұлу әйел – Виктория диванда жантайып жатыр. Жиырма бестегі маникюрші – мисс Деннис оның тырнақтарын әрлеп әлек.

МИСС ДЕННИС (ұзақ-сонар әңгімесін тамамдап қалған шағы ұқсайды). Сөйтіп, мен: «Жақсы! Келісем!» – дедім.

ВИКТОРИЯ. Иә, ертелі-кеш бәрі тиянақ табу керек.

МИСС ДЕННИС. Ол маған бес рет сөз салды, бесеуінде де бетін қайтарып тастадым, «жоқ», – дедім. Мына берекесіз тірлік барысында отбасыдағы оң-солды танып, ақыры кезіккен ерге ере кететініңді түсінесің.

ВИКТОРИЯ. О, дұрыс айтасыз. Әйелге көп дүние қатысты. Алғашқы жарым ажал құшты, қара жамылдым, қатты қайғырдым. Мына көкірегім... көркінен айырылды. Біраз уақыт жырықты көйлек кие алмай қиналдым.

МИСС ДЕННИС. Масқара!

ВИКТОРИЯ. Оны шын сүйдім. Бірақ, екінші күйеуімді де жақсы көрем.

МИСС ДЕННИС. Тез бауыр басып қалатын секілдісіз!

ВИКТОРИЯ. Әрине! Екіншімнің де есендігін тілеймін. Біз өшшіл өмірде дәурен шегеміз. Алда-жалда онымен де бір нәрсе боп қалса, амал жоқ, үшінші рет байға тием. Алайда, алғашқы екеуін де естен шығармаймын.

МИСС ДЕННИС (күрсініп). Еһ! Махаббат – жер бетіндегі ең таза ұғым.

ВИКТОРИЯ. Әлбетте, жылға жуық тосуға әзірмін. Өйткені, бірінші күйеуім өлген соң бір жыл күткем.

МИСС ДЕННИС. Иә, әдептен озбаған жөн.

ВИКТОРИЯ. Келген бойда-ақ сақинаңызды байқап қалдым.

МИСС ДЕННИС. Жұмыста сақиналы жүру – міндет емес, бірақ тағулы тұрғаны – мәртебе.

ВИКТОРИЯ. Иә, таныс жайт. Кейде, сақинаны қолқап астына бұрай жасырып: «Міне, бәрі – шешілді!» – дерсің... Ол өте өңді ме?

МИСС ДЕННИС. Тартымды!

ВИКТОРИЯ. Екеуі де ел қызығарлықтай. Меніңше, әйел ажары – тартымды еркек.

МИСС ДЕННИС. Ол – аққұба.

ВИКТОРИЯ. Бұл – талғам мәселесі, алайда ондайларға сеніңкіремеймін. Тұрақсыз дейді ғой. Жолдастарым – кіл қараторы.

МИСС ДЕННИС. Қызыққұмар деп сөкпессіз... қайсысын айрықша сүйдіңіз?

ВИКТОРИЯ. І-і-і... не десем екен.

МИСС ДЕННИС. Мұныңыз долбар ғана сияқты... теория. Меніңше, сіз шет жүрген жанды таңдар едіңіз. Адам табиғаты сондай ғой.

ВИКТОРИЯ. Кіршіксіз еркектің жоқ екені анық. Олар – өзімшіл, қатыгез, ұшқалақ. Еркек деген ел ештеңенің қадір-қасиетін білмейді. Өң мен түс арасындағы беймәлім әлемде өмір сүреді. Фредди – албырт. Бірақ, Билл да сондай еді ғой, марқұм. Екеуі де ессіз сүйді.

МИСС ДЕННИС. Онда көп дүниеге көз жұма қараса да болады екен ғой.

ВИКТОРИЯ. «Мені – түсінбейді!» – деп зарлайтын әйелдерді аса сыйламаймын. Еркек мені түсінбей-ақ қойсын. Тек сүйсе болды!

Тейлор есікті ашып, жатын бөлмеге енеді. Артынша Викторияның анасы, шашын қырау шалған, қара көйлек киген қатын – миссис Шаттлуорт көрінеді.

ТЕЙЛОР. Миссис Шаттлуорт.

ВИКТОРИЯ (сәл-пәл орнынан тұрып). Қымбатты анашым!

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ботам, менің!

ВИКТОРИЯ. Бұл – мисс Деннис. Ол сахарда жетті.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қайырлы таң.

ВИКТОРИЯ. Тепкішекпен терлеп-тепшіп көтерілуге мәжбүрлегенім үшін айып етпеңіз. Көмірді үнемдеу керек. Сол себепті, төменгі қабат – әлі де суық. Қорды толықтырсақ деп едік, бірақ бәрі – бекер.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Құлыншақтар қалай, өсіп жатыр ма?

ВИКТОРИЯ. Фредди тұмауратып қалды, күтуші жатып сауығып алсын деп ұйғарды. Жалпы, жай-күйі жаман емес.

МИСС ДЕННИС. Екеуі де ұл ма, миссис Лаундес?

ВИКТОРИЯ. Иә. Келесіде қызды болам.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Виктория! Фредди, бір айдан соң екіге толады.

ВИКТОРИЯ. Білем. Өзімді кейуанаша сезініп отырмын. Әкесі өлгеннен соң үш ай кейін туды.

МИСС ДЕННИС. Сұмдық! Тырнақты қанық қып бояйын ба?

ВИКТОРИЯ. Жоқ.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Саған қара түс жақсы жарасып еді. Мисс Деннис! Викторияны, сол бір кездері көрмегеніңіз өкінішті-ақ.

ВИКТОРИЯ. Неткен тасжүрек едіңіз, мама!

МИССИС ШАТТЛУРТ. Матильдаға тапсырыспен тіктіртсін дегем.

МИСС ДЕННИС. Фредди, тұңғышыңыз ғой, иә? Әке атын жаңғырту мұратында қойдыңыз ба?

ВИКТОРИЯ. Жоқ, бірінші күйеуім – Уильям. Ол ұлды майор Лаундес құрметіне орай атағысы келген. Түсінесіз бе, майор Лаундес оның досы еді.

МИСС ДЕННИС. О-о-о, түсіндім, түсіндім.

ВИКТОРИЯ. Кейіндері... мен майор Лаундеске ұзатылған соң, тағы да ұл тудым. Оны алғашқы жарымның құрметіне орай атадық.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қарсы болғам. Есімі бастан кешкен бір жайтты еске салмаса деп ем.

ВИКТОРИЯ. Мұныңыз – қате, анашым. Биллды ешқашан ұмытпаймын (мисс Денниске қабырғадағы қос суретті көрсетіп). Көрдіңіз бе, әне... екеуі де қатар тұр.

МИСС ДЕННИС. Бұндайды кейбір еркек жақтырмас та еді.

ВИКТОРИЯ. Фреддидың жалғыз сүйеніші – мен ғана. Сондықтан, ол Франциядағы атаусыз молада жерленген жанды ара-тұра еске алғаныма қарсы болмауы керек.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Алаңдама, алтыным! Бұл нәрсе теріңе қаншалықты теріс екенін естен шығарма (мисс Денниске). Ақкөңіл ғой!

ВИКТОРИЯ. Соғыстан соң бәрі өзгерді. Егер, Фредди қан майданда қаза тауып, тағы да ұзатылсам, оны да ұмытпас едім.

МИСС ДЕННИС. Әзірге осы да жетер, миссис Лаундес. Жұма күні келсем қарсы емессіз бе? (Ол құрал-саймандарын, құтышаларын, флакондарын жинастырып).

ВИКТОРИЯ (тырнақтарына қарап). Жоқ, қарсы емеспін. Ісіңізге тәнтімін. Меніңше, сапалы маникюр адам сабырын күшейтеді. Еркек бұндай қолды құшырлана... өгейсімей өбеді деп ойлаймын.

МИСС ДЕННИС. Маған сөз салған джентльмен, әуелі тырнақтарыма мән бергенін айтты.

ВИКТОРИЯ. Олардың ойын болжау мүмкін емес.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ең алғашқы сезімге сенем. Сондықтан, қыз-қырқынға: «Қонақжайға кірмес бұрын ерінді аямай жымқыру керек. Еркек біткен суланған алқызыл ауызды көргенде-ақ есі кетеді», – деп айтам.

МИСС ДЕННИС. Қалайша ескермегем? Кеңесіңізде кемдік жоқ.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Өміріңіз едәуір өзгергенін байқайсыз.

ВИКТОРИЯ. Мисс Деннис, таяуда ұзатылады, мама! Басы бос емес!

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Еһ, қымбаттым! Өз әйелі өзгеге де ұнауы керек.

ВИКТОРИЯ. Жұмаға шейін аман-сау жүріңіз, мисс Деннис.

МИСС ДЕННИС. Рақмет, миссис Лаундес. Айтпақшы, Парижден теріге арналған жаңа крем алдырттым. Тұп-тура сізге арналғандай.

ВИКТОРИЯ. Жаңа косметикадан қорқам. Терім – нәзік.

МИСС ДЕННИС. Мына крем сізге ғана лайық, миссис Лаундес. Қарапайым теріге қатардағысы да жарайды. Ал, сізге қоректік заттары бар крем қажет.

ВИКТОРИЯ. Удай қымбат қой, бізге үнемдеу керек! Соғыс кезінде осындай құрбандыққа баруға мәжбүрміз.

МИСС ДЕННИС. Жеңілдік жасаймын, миссис Лаундес. Алпыс үштің орнына елу жетіге қия салам... арасы – алты-ақ шиллинг! Әйел бет күтіміне мән бергені жөн.

ВИКТОРИЯ. Мақұл, келесіде ала келерсіз.

МИСС ДЕННИС. Өкінбейсіз! Сау болыңыз, миссис Лаундес (миссис Шаттлуортқа бұрылып). Сау болыңыз, миссис Шаттлуорт (кетеді).

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Дұрыс айтады. Мен әркез қыздарға: «Теріні теріс көрмеңдер! Сонда, есепшоттарың да еселене береді», – деймін.

ВИКТОРИЯ. Блейки ажырасқалы жатыр дейді.

МИССИС ШАТТЛУОРТ (немкетті). Рас па? Неге?

ВИКТОРИЯ. Төрт жыл соғысыпты, енді бейбітшілікті көксейтін ұқсайды.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Өкінішке қарай, осы кезде еркек біткен отбасылық өмірдің не екенін ұмытты. Бір есептен, байқұс Биллдың майданнан оралмағанына қуан.

ВИКТОРИЯ. Бұлай деуге қалай дәтіңіз барады, мама?!

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Фреддиге әскери министрліктен орын тигеніне ризамын. Әйел мен ер арасындағы айырмашылық мынада... ақырғысы отбасы үшін күйіп-піспейді. Оларды төзімділікпен... сый-сияпат, ынталандырумен ғана көндіре аласың. Ит екеш итті де артқы аяғымен жүруге әдеттендіреді ғой. Алайда, ит төрт аяқпен жүргісі бар. Сол секілді еркек те еркіндікті аңсайды. Үйлену – әдет.

ВИКТОРИЯ. Жақсы әдет дер едім.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Әлбетте! Өкініштісі, мына өмірде жаман қылықтан гөрі, жақсысынан арылу оңай.

ВИКТОРИЯ. Фредди, отасқанымызға қуанып жүр.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Сенің орныңда болсам, Лейсестер Пейтонға тұрмысқа шығар ем.

ВИКТОРИЯ. Неге?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қысқа қонышқа әуес екен. Ондайдан оңды дос шығады... нағыз сырлас!

ВИКТОРИЯ. Аяғы тоңған шығар! Сол күйі төсекке жатса, онда бұл – жарамсыз қылық.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Бос сөз. Қысқа қоныш... ұжымшыл, жүйелі адам екендігін аңғартады. Олар бәрі орны-орнында тұрғанын қалайды. Тоқетері, әдеттің адамы ғой. Алты айдан соң Лейсестер Пейтон бойдақ болғандығын да ұмытып кетеді.

ВИКТОРИЯ. Сарбазды сарғая күткен жесірмін. Дәл менің жағдайымда қатардағы біреудің қатыны болу патриотизм емес.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Сендер – қыздар, соғысты мәңгілікке созылардай көресіңдер. Қаһармандыққа еш қарсылығым жоқ. Бірақ, тәуір сұқбаттас бола алудың жөні бөлек.

Қызметші әйел келеді.

ТЕЙЛОР. Сізді мистер Пейтон күтіп тұр.

ВИКТОРИЯ. Кімді айтсаң – сол келеді. Жақсы, шақырыңыз.

ТЕЙЛОР. Мақұл, мадам (кетеді).

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Кезігіп жүргендеріңді білмеппін, Виктория.

ВИКТОРИЯ (ойнақылықпен). Соңғы кездері – өте ілтипатты, қамқоршыл.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Саған көзі түскенін сезіп ем.

ВИКТОРИЯ. Мама, мен Фреддиден басқа ешкімді жақсы көрмейтінімді білесіз ғой. Десек те, арлы-берлі дедектетіп, ұсақ-түйекке жұмсайтын да адам керек қой. Және, ол қалағаныңды тауып әкеледі.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Май?

ВИКТОРИЯ. Бәрін мама, бәрін: май, қант, виски.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ерніңді бір жымқырып ал (Виктория анасының айтқанын айнытпай орындайды). Мүмкіндікті мүлт жібердің.

ВИКТОРИЯ. Ол маған ұсыныс жасаған жоқ қой.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ақымақ болма, қызым. Айтқаныңа көндіре алмадың.

ВИКТОРИЯ. Фреддиды сүйем. Әрі ол кезде карталық жүйе енгізілмеген еді.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Фредди қайда?

ВИКТОРИЯ. Оған өкпелімін, мама. Ланчқа алып барам деп еді, ұшты-күйлі жоқ. Не қоңырау шалмады.

Тейлор мистер Лейсестер Пейтонды ертіп әкеп, таныстырып, өзі кетіп қалады. Пейтон – орташа бойлы, толықша, өмірге де, өзіне де өкпесі жоқ жан. Ол әдемі киінген, ә дегеннен-ақ көзге түсетіні – бай-бақуатты екендігі және ақшасын шашарға жер таппай жүргендігі. Лейсестер Пейтон – жайдары, сыпайы, ақ пейілді кісі.

ТЕЙЛОР. Мистер Пейтон.

ВИКТОРИЯ. Тепкішекпен терлеп-тепшіп көтерілуге мәжбүрлегенім үшін айып етпеңіз. Көмірді үнемдеуім керек. Жатын бөлмеде ғана камин жаға алам.

ПЕЙТОН (екеуі қол алысып). Көмір тапшы деп неге айтпағансыз? (миссис Шаттлуорттың қолын қыса амандасып). Қайырлы таң!

ВИКТОРИЯ. Көмектесе алар ма едіңіз?

ПЕЙТОН. Сұлу әйелдің өмірі де сұлу болуға тиіс.

ВИКТОРИЯ. Бұл туралы Фреддиге айтқам, істің көзін табар. Қайткенде де, Әскери министрлік қызметшісіне жеңілдік жасалуы қажет қой.

ПЕЙТОН. Қолғабыс қылуға рұқсат еткейсіз. Қолдан келер шаруа.

ВИКТОРИЯ. Сіз сондай ғажап жансыз!

ПЕЙТОН. Қан кешкен қаһармандар майданнан қайтқанда, тылдағыларға ешкім пысқырып та қарамайды.

ВИКТОРИЯ. Тылда еріктен тыс қалдыңыз ғой!

ПЕЙТОН. Ерікті есебінде тіркелгем. Алайда, билік: «Сен – кеме құрастырушысың, сонымен шұғылдан», – деп маңайлатпай қойды. Амалым таусылып, айтқанын орындадым.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ел алдындағы борышты адал өтедіңіз.

ПЕЙТОН. Сонан соң олар үстеме табысқа салықты үдетті. Премьер-министрге: «Бізден көп нәрсе талап етіп отырсыздар», – деп шағымдандым.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ұзынқұлақтан естуімше, еңбек еленіп, жыл соңында есім-сойыңыз марапаткерлер тізіміне енетін ұқсайды.

ПЕЙТОН. Маңызды емес. Ең бастысы – қиын-қыстау заманда бас бұқпай, халыққа жәрдемдесу. Соны сезінген жөн!

ВИКТОРИЯ. Дұрыс айтасыз. Мен де... сезініп тұрмын.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Виктория, тынымсыз қызмет қылды. Бұндай жүктемеге қалай шыдаған, таңғалам.

ВИКТОРИЯ. Жиырма үш қайырымдылық жәрмеңкесіне қатыстым.

ПЕЙТОН. Сонша зорығудың не қажеті бар еді?!

ВИКТОРИЯ. Соғыс басталған жылы асханада жұмыс істедім. Кейін о жерден кетіп қалдым. Өйткені, ешкім ланчқа шақырған жоқ. Ал, госпитальге орналассам деп ем, қабылдамай қойды. Сөйтсем, арнайы дайындығым болмапты-мыс.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Сенен бірінші санаттағы мейірбике шығарына сенем.

ВИКТОРИЯ. Әлгіндей лауазымға таласпаймын, әрине. Сондай жұмыс үшін жаралған әйелдер болады, өзі. Ал, жаралы жанның, қиналған жастың көңілін аулау үшін, көрпе-жастығын реттестіру үшін, гүл әкелу үшін арнайы оқудың қажеті жоқ, тек жанашырлық керек.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Шай ұйымдастыруды қойдың ғой, қымбаттым?!

ВИКТОРИЯ. Иә, уақытша бітімнен соң!

ПЕЙТОН. Зақым алған солдаттарға шай таратушы ма едіңіз?

ВИКТОРИЯ. Иә, әр сейсенбі сайын он екідей кісі шақыратынмын. Әуелгіде, қонақжайда әзірлейтінмін, олар қысыла-қымтырылған соң асүйге ауыстық. Сөйтіп, қызметші де қажет болмай қалды.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қымбаттым, мен кіші Фреддиге барайын. Тұмау-сұмаудан дін аман ба?

ВИКТОРИЯ. Иә, мама, ол сізді қатты көргісі кеп жүр.

Миссис Шаттлуорт есікке бет алады. Лейсестер Пейтон иба тұта орнынан тұрып, ол кеткен соң Виктория отырған диванға жайлап жайғасады.

ПЕЙТОН. Ұлыңызға не боп қалды?

ВИКТОРИЯ. Тамағы қарлығып тұр.

ПЕЙТОН. Ем қонсын!

ВИКТОРИЯ. Кәдімгі тұмау шығар, алайда алаңдамаса ана ана бола ма?!

ПЕЙТОН. Сіз – ғажап шешесіз.

ВИКТОРИЯ. Балаларымды шексіз жақсы көрем.

ПЕЙТОН (сөзін аяқтап). ...және ғажап жарсыз!

ВИКТОРИЯ. Деп ойлайсыз ба?

ПЕЙТОН. Бұл жөнінде жолдасыңыз не дейді?

ВИКТОРИЯ. Басы алтын емес. Қатардағы бай ғой. Санаспаймын!

ПЕЙТОН. О, сабазға қызыға да, қызғана да қараймын.

ВИКТОРИЯ (ұрлана көз тастап). Еркек ұнатарлық әйелмін бе?

ПЕЙТОН. Рұқсат етсеңіз, сіз туралы ойымды ортаға салсам.

ВИКТОРИЯ. Жоқ... әсірелеуге әуессіз! Ел қызығатын екі қасиетімді білем: даңғой, әрі өзімшіл емеспін.

Ішке офицерше киінген, бойы – ұзын еркек – Фредерик енеді. Кеудесінде – орден планкасы тағулы. Ол Лейсестер Пейтонға бас изеп, қол алысып амандасады.

ВИКТОРИЯ. Қайда жүрсің, Фредди?

ФРЕДЕРИК. Клубта.

ВИКТОРИЯ. Ланчқа ертіп барам деп ең ғой.

ФРЕДЕРИК. Рас па? Ұмытып кетіппін. Айып етпе.

ВИКТОРИЯ. Ұмытып кетіппін дейді? Әсілі, көңілді іс тапқан ұқсайсың.

ФРЕДЕРИК. Босаған бойда-ақ келем деп ескерттім емес пе?!

ВИКТОРИЯ. Шаруа килікті ме?

ФРЕДЕРИК. Иә.

ВИКТОРИЯ. Билл әркез уақыт бөлетін.

ФРЕДЕРИК. Мүмкін.

ПЕЙТОН. Мен! Кете берсем! Уақытша бітімнен соң әскерилер қызметі жеңілдеді. Ал, қатардағы жандар қарқынды жұмыс істеуге тиіс.

ФРЕДЕРИК. Жаңа көлік сатып алдыңыз, солай ма?

ПЕЙТОН. Иә, барар жер, басар тау көп...

ФРЕДЕРИК. Менде де солай, бірақ қарапайым солдатпын. Сондықтан, екі аяқтың амандығын тілеймін.

ПЕЙТОН (Викторияның қолын алып). Сау болыңыз.

ВИКТОРИЯ. Сау болыңыз. Іздеп кеп, хал-жағдайымды сұрағаныңызға мың алғыс (Лейсестер Пейтон кетеді). Қонақ келсе неге қоңырайысып қаласың?

ФРЕДЕРИК. Жатын бөлмеңде қабылдауды қашан қоясың?

ВИКТОРИЯ. Қызғанып тұрмысың? Жақындашы, бір сүйіп алайын.

ФРЕДЕРИК (ашуланып). Қызғанып тұрғам жоқ!

ВИКТОРИЯ. Ақымағым-ау! От жағулы жалғыз бөлме – осы, ғой!

ФРЕДЕРИК. Қонақжайға жақсын деп тапсырма бермейсің бе?

ВИКТОРИЯ. Соғыс кезінде көмір тұтынуға шектеу қойылғанын ұмыттың ба, қошақан?! Қонақ бөлмедегі каминды қолданбауымыздың себебін түсіндірейін... бәрі келіп сан рет айтқан патриотизмге саяды.

ФЕДЕРИК. Қарғыс атсын, патриотизмыңды. Үй емес, тоңазытқыш қой.

ВИКТОРИЯ. Сабыр ет, қымбаттым! Екі жыл сыз окопта жатып жаумен алысқан мына сенің, суық бөлмеге бола ашуланғаның қалай? Ызалы сөзіңе мән бермедің, сезем. Қалжыңдасаң да, патриотизмге тіл тигізе көрме.

ФРЕДЕРИК. Неге камин сенің ғана жатын бөлмеңде? Неге бәріне тегіс жылу тарайтын қонақжайда емес? Патриотизм!

ВИКТОРИЯ (бадырая қарап). Қымбаттым! Соны да көп көрдің бе? Өзімшілсің. Соңғы төрт жылдағы бастан кешкен келеңсіз жайтты еске де алғым келмейді. Аяу-рақымға лайықтымын ба, шыныңды айтшы?

ФРЕДЕРИК. Бала қалай?

ВИКТОРИЯ. Ол жаққа кірме демеймін. Осында алаңсыз отыр. Есесіне, еркектерге арналған клуб бар. Сонда барып жылынсаң да болады ғой.

ФРЕДЕРИК. Кешірші! Артық кеттім! Дұрыс айтасың!

ВИКТОРИЯ. Бақытты болғанымды қаламайсың ба?

ФРЕДЕРИК. Қалаймын, қалқатай, қалаймын.

ВИКТОРИЯ. Некелесер алдында: «Соған өмірімді арнаймын!» – дегенсің.

ФРЕДЕРИК (жымиып). О, сөзді қазір де қайталауға дайынмын.

ВИКТОРИЯ. Опасыз қылық істегеніңді мойында.

ФРЕДЕРИК. Оңбағанмын, қымбаттым, оңбағанмын!

ВИКТОРИЯ (жібіп). Өпші, мені. (Фредерик сәл еңкейіп, оны сүйеді). Ал, енді, неліктен ланчқа әкетпегеніңді айт!

ФРЕДЕРИК. Негізі, ұмытқам жоқ. Кедергі келтірді... Мен... мен нәр татпадым! Қазір аспазшыға қоңырау шалып, тамақ дайындасын дейін.

ВИКТОРИЯ. Қошақаным, менің! Аспазшы ақшасын алып, кетіп қалған.

ФРЕДЕРИК. Тағы да ма?

ВИКТОРИЯ. Тағысы, несі? Алғаш рет қой.

ФРЕДЕРИК. Аптаға жуық жұмыс істеді емес пе?!

ВИКТОРИЯ. Неге долданып тұрсың? Бұған қатысты уәжім көп.

ФРЕДЕРИК (ызаланып). Үйге жалшы-малай тұрақтамайтын болды ғой.

ВИКТОРИЯ. Қара, әне, басқаларда да солай.

ФРЕДЕРИК. Күмәнім бар.

ВИКТОРИЯ. Маған дауыс көтерме, Фредерик, өтінем. Ондайға үйренбегем.

ФРЕДЕРИК. Өзім білем.

ВИКТОРИЯ. Уақтылы тамақ ішпегеніңе ашулысың ба? Сені майданда ассыз-ақ тіршілік кешті екен деп жүрмін ғой.

ФРЕДЕРИК. Ойынды оспаққа айналдырмашы, Құдай үшін.

ВИКТОРИЯ. Өзің ғой, бастаған!

ФРЕДЕРИК. Сабыр ет, Виктория, сабыр, сабыр!

ВИКТОРИЯ. Неткен ыза, неткен ызбар! Францияда жар жағалап жүргеніңде алаңдап, таңды ұйқысыз атырғам, енді кеп рақмет орнына ренішіңді құсып отырсың.

ФРЕДЕРИК. О, кезгі уайымды ұмытатын кез келді. Одан бұрын, әскери министрлікте қызмет етіп жүргеніме, міне – бір жыл!

ВИКТОРИЯ. Биллдың қазасы қабырғама қалай батқанын ұмыттың ба?

ФРЕДЕРИК. Жоқ, бірақ ес жиып, етек жаптың деп ойлаймын.

ВИКТОРИЯ. Дәрігер маған ерекше көңіл бөліп тұру қажеттігін айтты. Махаббатың сөнсе де, қылаяғы есіркесең нетті. Бар болғаны – осы! Құдай көріп тұр... аспандағы Айды сұрағам жоқ. Ойыңнан шығу үшін бәрін істеп бақтым. Нағыз сабырдың адамы, мына – мен ғой! Ата жауымның өзі де мені – өзімшіл дей алмас. (Фредерик бір нәрсе айтқысы бар). Қатын қып ал дегем жоқ. Сүйгенсіген кейіп таныттың! Билл... тірі тұрғанда... саған үйленбес те ем. Ең адал досы – сен едің ғой, Фредди. Ол туралы асқан ілтипатпен айтқан соң ғана... саған шын ғашық боп қалдым. (Фредерик тағы да айтқысы бар, алайда оның даусы Викторияның аузынан лек-легімен шыққан сөз-сөйлем астында көміліп жатты). Қателік – менен! Сені қатты жақсы көрдім. Алайда, мазасыз махаббатқа шыдай алмадың. Қадірлі басым қор болды-ау! Айтқаныңа арбалып, соның залалын тарттым, зардап шектім. Билл бүйтіп істемес еді. Ол өзін сүйген іңкәр жүректі алақанына салып аялап, қажетсіз көне қалпақ ұқсатып лақтыра салмас еді. Билл мені шын сүйді. Және де, мәңгі сүйіп өтер еді. Оған менің өтінішім – заңмен тең-тұғын. Билл – қаһарман, қымбат жан-тын. Саған қалайша үйленгем?! Енді, мен – бақытсызбын, бейбақпын! Әттең-ай, әттең! Биллмен қайта қауышсам ғой, о, Тәңірім!

ФРЕДЕРИК. Онда, құттықтаймын! Ол үш минуттан соң келеді.

ВИКТОРИЯ (дір етіп). Не деп тантып тұрсың?

ФРЕДЕРИК. Бір-екі сағат бұрын клубта жүргенімде қоңырау шалған.

ВИКТОРИЯ. Саған не боп тұр, Фредди? Ақылдан алжастың ба?

ФРЕДЕРИК. Жоқ, қызу да емеспін.

ВИКТОРИЯ. Түсінбедім! Кім қоңырау шалды дейсің?

ФРЕДЕРИК. Билл.

ВИКТОРИЯ. Билл? Қай Билл, Құдай сақтасын?

ФРЕДЕРИК. Билл Кардью.

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым... ол... ол өлді емес пе?!

ФРЕДЕРИК. Сөзіне қарасам тірі секілді.

ВИКТОРИЯ. Фредди... Фредди... әзілдеген түрің ғой, иә? Неткен тасжүрек едің!

ФРЕДЕРИК. Қазір көресің (сағатына қарайлап). Шамасы, екі жарым минуттан соң!

ВИКТОРИЯ (бір нәрсе іздеп). Неге кекшілсің, Фредди? Мақұл, ашуландым делік. Қаламаймын, оны. Сені ғана сүйетінімді білесің ғой. Қарғыс атсын, үнемшілдікті. Бөлмеңдегі каминды жағайық. Кешірім сұраймын. Екеуміз татуластық қой, иә?

ФРЕДЕРИК. Әлбетте. Бірақ, Билл екі минуттан кейін келеді.

ВИКТОРИЯ. Айғайлаймын! Өтірік! Фредди, мені рас сүйсең, айтқаным жалған де.

ФРЕДЕРИК. Бұдан ештеңе өзгермес.

ВИКТОРИЯ. Бірақ... Фредди... қымбаттым... тыңдашы... бұл – мүмкін емес нәрсе ғой. Байқұс Билл Ипр түбіндегі шайқаста шейіт болды емес пе?! Жерге құлағанын өз көзіңмен көрдің. Әскери министрлік қаза туралы хабардар етті. Қайғыдан қан жұттым. Мемориалды қызметке де жүгіндік.

ФРЕДЕРИК. Білем ғой, бәрін, білем. Әрине, бұлай боларын ешкім күткен жоқ.

ВИКТОРИЯ. Жынданып кететін шығармын, сабыр, сабыр. Билл емес, басқа біреу телефон шалған-ау!

ФРЕДЕРИК. Өзі сөйтіп айтты.

ВИКТОРИЯ. Дәлелің негізсіз. Кім көп – Кайзер көп. 

ФРЕДЕРИК. Иә, олар жындыханадан телефон соғады. Ал, Билл Харвич теміржол бекетінен хабарласты.

ВИКТОРИЯ. Аттасы-ау!

ФРЕДЕРИК. Қойшы, Виктория! Даусынан таныдым ғой!

ВИКТОРИЯ. Содан?

ФРЕДЕРИК. Содан... «Әзірге, Харвичтемін, Лондонға үштен он үш минут кеткенде жетем. Аманат сөзімді тапсыр», – деді.

ВИКТОРИЯ. Болды ма?

ФРЕДЕРИК. Қысқа қайырғанда – осы.

ВИКТОРИЯ. Құдай үшін! Не айтқанын тағы да қайталашы.

ФРЕДЕРИК. Сен жаққа бармақшы едім. Дәл сол кезде мені телефонға шақыртты. Халықаралық қоңырау. Харвичтен.

ВИКТОРИЯ. Білем. Портты қала ғой.

ФРЕДЕРИК. Біреу: «Бұл – Фредди ме?» – деп сұрағандай болды. Таныс дауыс секілденді. Бірақ, кім екенін түсінбей қалдым. «Иә!» – дедім. «Бұл – Билл ғой. Билл Кардью», – дегендей естілді.

ВИКТОРИЯ. Сәл жылдамырақ айта аласың ба?

ФРЕДЕРИК. «Қалың қалай? Сені өлдіге санап жүрміз ғой», – дедім. «Мен де сөйтіп ойлап едім», – деді, ол. «Амансың ба?» – дедім, мен. «Аманмын!» – деді, ол.

ВИКТОРИЯ. Бір мәнсіз әңгіме ғой, мынауың. Сөзіңде береке жоқ.

ФРЕДЕРИК. Құдай-ау, енді, бір нәрсе деп жауап беруім керек қой.

ВИКТОРИЯ. Бәрін жайып салмадың ба!

ФРЕДЕРИК. Еншіде – үш-ақ минут болды.

ВИКТОРИЯ. Жарайды, жалғастыр.

ФРЕДЕРИК. Ол: «Лондонға келе жатырмын. Үштен он үш кеткенде жетем. Викторияға барып, соны ескерте сал», – деді. «Міндетті түрде айтам», – дедім. «Олай болса, кездескенше!» – деп қоштасты, ол. Мен де: «Кездескенше!» – деп тұтқаны қойдым.

ВИКТОРИЯ. Бұл ланчқа дейінгі уақиға ғой. Неге ертерек ескертпедің?

ФРЕДЕРИК. Аң-таң боп абдырап қалдым. Әуелі, вискиден ұрттап алу керек деп шешдім.

ВИКТОРИЯ. Сонан соң не істедің?

ФРЕДЕРИК. Ойландым. Екі сағат отырып ойландым.

ВИКТОРИЯ. Сөйтіп?

ФРЕДЕРИК. Ештеңе.

ВИКТОРИЯ. Ланчтан бекер бас тарттың!

ФРЕДЕРИК. Ыңғайсыз жағдайға тап болдым.

ВИКТОРИЯ. Сен бе? Онда менікі тіптен қиын екен да.

ФРЕДЕРИК. Билл – жан жолдасым ғой. Әйеліне үйленгенім әдепсіздік-ау!

ВИКТОРИЯ. Әдепсіздік?

ФРЕДЕРИК. Бір жағынан осы оқиғаны орынды дер.

ВИКТОРИЯ. Барлығын сол жерде-ақ айтпадың ба? Басын ашып!

ФРЕДЕРИК. Оңай емес қой. Ыңғайлы сәтті күттім.

ВИКТОРИЯ (ашуланып). Ақылдасуға уақыт аз. Киім алмастырып та үлгермеспін.

ФРЕДЕРИК. Не қажеті бар, оның?

ВИКТОРИЯ. Мен – Биллдың жесірімін. Келгенде қайғырғанымды аңғартып, қара киюім керек. Есіне салдың ба?

ФРЕДЕРИК. Нені?

ВИКТОРИЯ. Албасты басты ма? Екеуміздің үйленгенімізді!

ФРЕДЕРИК. Тіс жармадым.

ВИКТОРИЯ. Ол мені әлі күнге шейін әйелі екен деп жүр ғой.

ФРЕДЕРИК. Әрине.

ВИКТОРИЯ. Ертерек ескертпейсің бе!

ФРЕДЕРИК. Мұндай нәзік мәселені телефон арқылы айтқаным ыңғайсыз болар дедім.

ВИКТОРИЯ. Қайткенде де, біреу бұ хабарды жеткізуге тиіс еді.

ФРЕДЕРИК. Өзіңнен артық ешкім өріп бере алмас.

ВИКТОРИЯ. Мен бе? «Қаспақ жеген құтылып, қазан жалаған тұтылыптының» кері ғой.

ФРЕДЕРИК. Өз аузыңнан естігені жөн.

ВИКТОРИЯ. Қадірлі Биллымның арқасына қанжар сұға алмаймын.

ФРЕДЕРИК. Аман қалғаны қандай жақсы болған, иә?

ВИКТОРИЯ. Айтарға сөзім жоқ!

ФРЕДЕРИК. Қуанып тұрмын, сен ше?

ВИКТОРИЯ. Мен де шексіз қуаныштымын.

ФРЕДЕРИК. Онда, сен айт, Виктория.

ВИКТОРИЯ (ойланып). Тәуекелге бара алмай тұрғанымды қарашы!

ФРЕДЕРИК (алдап-сулап, қыбын тауып). Қымбаттым, бұндай жауапты істі саған ғана сеніп тапсыра алам. Өйткені, әр бастамаң – баянды.

ВИКТОРИЯ. Былай істелік. Сен оның көзіне тура қарап: «Мынадай жағдай... достым...», – деп әңгімеңді бастап кеп жібересің.

ФРЕДЕРИК (сөзін бөліп). Жоқ, Виктория, жоқ!

ВИКТОРИЯ (долданып). Қарғыс атсын, сені!

ФРЕДЕРИК. Ол – осында.

ВИКТОРИЯ. Бетіме опа-далап жағып та үлгермедім ғой (асыға-үсіге боянып-сыланып).

Сахна сыртынан дауыс естіледі, біреу тепкішекпен көтерілуде: «Сәлем! Сәлем! Сәлем!». Есік айқара ашылып, бөлмеге денесі – мығым, бойы – ұзын, сымбатты, үстіне – алба-жұлба, ескілеу кәстөм киген Билл кіреді.

УИЛЬЯМ. Мінеки, мен де келдім!

ВИКТОРИЯ. Билл!

ФРЕДЕРИК. Тура айтыппын.

ВИКТОРИЯ. Не сенерімді, не сенбесімді білмей тұрмын.

УИЛЬЯМ. Қане, қымбаттым! Құшақташы, жаман байыңды! (қатты құшақтап, сүйіп-сүйіп алады. Сонан соң Фредерикке бұрылып, қолын қыса амандасады). Хал қалай, Фредди?

ФРЕДЕРИК. Тамаша.

УИЛЬЯМ. Таңғалып тұрмысың?

ФРЕДЕРИК. Аздап.

ВИКТОРИЯ. Иә, таңғалып...

УИЛЬЯМ. Келгенің қандай керемет болды, Фредди. Пойызда өзімді бес рет сөктім. Үйге оралғанша Викторияның жанында отыра тұрса дегім кеп еді. Жеткенімше қыздай қысылып, кетіп қала ма деп ойлағам.

ФРЕДЕРИК. Мен бе?

УИЛЬЯМ. Виктория екеумізді оңаша қалдыруды ойлап, үйіңе тарта жөнелесің бе деп жобалағам. Алайда, алғашқы күні сенімен кездеспесем қатты қапа болар ем. Оралғаныма аса қуанышты емес секілдісіңдер ғой? А?

ВИКТОРИЯ. О, не дегенің, Билл. Әрине, қуаныштымыз.

ФРЕДЕРИК. Даусыз!

УИЛЬЯМ. Фреддиге, үйдегілерге ескерте сал дегенім орынды болған шығар?

ВИКТОРИЯ. Иә, қымбаттым.

УИЛЬЯМ. Мағыналы лепес майдай жағып барады.

ФРЕДЕРИК. Бұл – Викторияның ең сүйікті сөзі.

УИЛЬЯМ. Әуелі, сенімен жүздескім келді. Жарым түнде жетуді жарамсыз көрдім.

Фредерик пен Виктория дір етіп, бір-біріне жылдам-жылдам жасқана қарайды.

ВИКТОРИЯ. Дұрыс істепсің.

УИЛЬЯМ. Мынадай сахна! Ақ төсектегі некесіне адал ұйқыдағы ару. Ішке алба-жұлба, көне кәстөм киген еркек кіреді. Зәресі ұшқан сұлудың айнала-маңды жаңғыртқан айғайы. Бұл – мен ғой, күйеуің! Шымылдық!

ВИКТОРИЯ (тақырыпты табанда-ақ өзгертіп). Расында да, кәстөміңнің тоз-тозы шығыпты. Қайдан алдың?

УИЛЬЯМ. Қымқырып-жымқырып та... Киім алмастырайын (есікке бет алып).

ВИКТОРИЯ (асығып). Қайда кеттің?

УИЛЬЯМ. Жатын бөлмеме. Ант етейін, оның бар екенін де ұмытып қалыппын. Сарғыш кәстөм кисем қарсы емессің бе?

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым, киімдеріңді жинастырып тастағам.

УИЛЬЯМ. Жинастырып?

ВИКТОРИЯ. Шабаданға салып, нафталин сеуіп қойғам. Енді, киім-кешекті қағып-сілкіп, бір желдетіп алу керек.

УИЛЬЯМ. Қап!

Миссис Шаттлуорт кіреді. Уильям ол қатын байқамайтын жерде тұрады.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қошақаныңыз тәуір болған-ау?

УИЛЬЯМ. Қазір ғана бала туралы сұрайын дегем.

Миссис Шаттлуорттың шошығаны соншалық, ол орнында тұрып секіріп, Уильямға таңдана қарайды.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Кім, бұл?

УИЛЬЯМ. Сіз қалай ойлайсыз?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Даусы Билл Кардьюдікіне ұқсайды. Сіз кімсіз?

УИЛЬЯМ (оған қарата жүріп). Жүдеп-жадап кеттім. Киімім де ескірген.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Жақындамаңыз, әйтпесе айғайлаймын.

УИЛЬЯМ. Қашып-құтылмассыз. Сізді бір сүйіп алсам деймін.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Тоқтатыңдар, оны! Аулақ жүрсін! Виктория, мынауың кім, тағы?

ФРЕДЕРИК. Миссис Шаттлуорт, бұл – Билл Кардью.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Өлтіріп кетіп еді ғой, көтек.

ФРЕДЕРИК. Ол өзінің өлгені туралы білмейтін сияқты ғой.

УИЛЬЯМ. Шымшып жіберсем қайтеді, а?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қорқынышты түс! Әрине, ол – ажал құшқан. Бұл – соның атын жамылған жалған жан!

УИЛЬЯМ. Сол иықтағы қалымды көрсетейін бе?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Тағы да қайталап айтам, Билл Кардью қаза тапқан! Өлген!

УИЛЬЯМ. Дәлелдеңіз!

МИССИС ШАТТЛУОРТ (зығырданы қайнап). Дәлелдейін бе? Әскери министрлік бізге қаралы хабарды естіртті. Виктория қара жамылды!

УИЛЬЯМ. Оған қара түс керемет жарасады.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Дәл таптыңыз. Матильдаға арнайылап көйлек тіктірттік. Сонан соң мемориалды қызмет шақырттық.

УИЛЬЯМ. Солай ма? Рақмет саған, Виктория.

ФРЕДЕРИК. Ал, достым, үйге қалай жеткендігіңді баян ет.

УИЛЬЯМ. Ауыр жараландым.

ФРЕДЕРИК. Иә, Ипр түбінде. Біреу басың тесілген күйі жерге құлағаныңды көріп, өлді деп жүрген ұқсайды.

УИЛЬЯМ. Қателескен! Жараланған соң жау қолына түстім.

ВИКТОРИЯ. Неге хат жазбадың?

УИЛЬЯМ. Басында мұршам болмады. Госпитальде қанша уақыт жатқаным Жаратушыға ғана аян. Оянсам бәрін ұмытып қалыппын. Ақыл-естен айырылдым.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қызық екен.

УИЛЬЯМ. Оқ дарығаннан кейін тым ашуланшақ боп кеттім. Лагерьге жетер-жетпестен неміс офицерімен бәстесіп, құлақ-шекесінен аямай ұрдым кеп. Аз қалғанда атып та жібере жаздадым. Тоқетері, мен – бейбақты соттап, өмірбақи түрмеде шірітпекші болды, әлгілер... хат-хабар алысуға рұқсат етпейтіндей қылып.

ВИКТОРИЯ. Ақыл-ес орнына келді ме?

УИЛЬЯМ. Иә, ақырындап-ақырындап. Мені сұм ажал жұтты деген жорамалды сездім. Алайда, байланыса алмадым.

ФРЕДЕРИК. Роттердамнан телеграмма салып жіберсең де болар еді ғой.

УИЛЬЯМ. Телеграфтан қайыр жоқ. Маған білгіштер: «Одан бұрын ораласың», – деп айтты.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Мүмкін, мүмкін.

УИЛЬЯМ. Сонымен, міне, көріп тұрғандарыңдай – дін аманмын, әлі қырық, Құдай нәсіп етсе елу жыл заман кешсем деймін.

Тейлор кіреді.

ТЕЙЛОР. Мадам, джентльменнің киімдерін қай жерге қояйын? Ол жоғарыға алып барсын дейді.

УИЛЬЯМ. Ішінде аз-маз, ұсақ-түйек зат қана бар. Менің гардеробыма салыңыз.

ВИКТОРИЯ. Асықпаңыз, Тейлор. Қазір бұ мәселені шешеміз.

ТЕЙЛОР. Жақсы, мадам (кетеді).

УИЛЬЯМ. Гардеробқа не болды?

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым... ортамызға ораласың деп ойламадық.

УИЛЬЯМ. О, жағынан қам жемеңдер. Ажал аузынан аман шыққан мен – пақыр көп дүние де сұрамаймын (төсекке көз тастап). О, Тәңірім! Серіппелі матрац. Бүгін алаңсыз, емін-еркін ұйықтайтын болдым ғой. Рақат-ай!

МИССИС ШАТТЛУОРТ (қатқылдау). Бір нәрсе ойластыру керек.

УИЛЬЯМ. Не дедіңіз?

ВИКТОРИЯ (асыға жауап қатып). Аспазшымыз жоқ, Уильям.

УИЛЬЯМ. Сол да сөз боп па?! Фредди екеуміз-ақ амалдаймыз. Ең үздік тағамым – қуырылған ет.

ФРЕДЕРИК. Ал, мен жұмыртқа асып берейін.

УИЛЬЯМ. Бәрекелді! Демек, аш қалмаймыз. Енді, баланы көрсем деймін.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Ауырыңқырап тұр. Төсекте жатқаны жөн.

УИЛЬЯМ. Онда өзім-ақ халін сұрап барам. Екеуміз әлі таныспадық қой. Есімі кім?

ВИКТОРИЯ (мазасы қашып). Соғысқа аттанбас бұрын атын Фредерик қойыңдар дегенің есіңде емес пе?

УИЛЬЯМ. Иә, бірақ сен үзілді-кесілді келіспей, Ланселот болсын дегенсің.

ВИКТОРИЯ. Қаралы хабардан соң аманатқа қиянат жасағым келмеді. Фредди – кіндік әкесі!

УИЛЬЯМ. Мен жоқта көңіліңді аулаған шығар, иә?

ВИКТОРИЯ. Онымен... жиі... жолығып тұрдым.

УИЛЬЯМ. Фредди – адал жігіт қой... нағыз сеніп тапсыратын серік. 

ФРЕДЕРИК. Ұялтпашы!

ВИКТОРИЯ. Қиын шақта... жанымнан табылды! Дем берді!

УИЛЬЯМ. Нағыз дос деген осындай-ақ болсын!

ФРЕДЕРИК (маңдайы шым-шым терлеп). Мен... мен көмегімді аямадым.

УИЛЬЯМ. Қарапайымдылығыңа тәнтімін!

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қайталап айтам, бір нәрсе ойластыру керек.

УИЛЬЯМ. Шешеңе не көрінген, Виктория?

ФРЕДЕРИК (алдарқатып). Негізі, бүгін аз-маз ұрттасақ жақсы болар еді.

УИЛЬЯМ. Масайғанша ішу керек!

ФРЕДЕРИК. Вискиды әкелді ме екен? Алдыңғы күні тапсырыс бергем.

УИЛЬЯМ. Арақ-шарапқа сен – жауаптысың ба, Фредерик? Бұның қателік қой, Виктория.

ВИКТОРИЯ. Виноға – қырсызбын.

УИЛЬЯМ. Иә, Фредди – нағыз маманы ғой. Соңғы рет екеуміз естен танғанша, атымызды ұмытқанша ішкенбіз.

ФРЕДЕРИК. Қайдағы жоқты айтпа, Билл!

УИЛЬЯМ. Рас-ей! Өтірік деші, ал! Анау бір сүйкімді ару қалай? Екеуің жұптарың жазылмай, кезігіп жүр едіңдер ғой. Е-е-е, достым!

Виктория Фредерикке ызалана көз тастап, атарға оғы болмай бұлданады.

ФРЕДЕРИК (сыр бермей). Кім туралы айтып тұрсың?

УИЛЬЯМ. Қойшы, енді! Виктория отбасылы адам есебінде еркектердің қалай қыдыратынын бізден жақсы біледі. Егер, Виктория болмағанда әлгі қызды сенен тартып алар ем. Өте сұлу! Сұлулығында шек жоқ!

ВИКТОРИЯ (суыққанды). Ол: «Ешбір әйелге көз салғам жоқ», – деген.

УИЛЬЯМ. Бәрі сөйдейді ғой. Фреддидың серілігі туралы айтсам, онда миссис Шаттлуортқа құлағын тарс жабуына тура келеді.

ФРЕДЕРИК. Байқұс, Билл-ау. Ес жиған соң ешқашан болмаған жайтты айта бастадың ба?

УИЛЬЯМ. Әрине, мен өткенді ғана қозғап отырмын. Бірақ, ішім сезеді, қаза түссек қазіргіге де қатысты көп дүние білетін секілдіміз.

ФРЕДЕРИК. Е-е-е, бәрін түсіндім. Ол қалжыңдап тұрмын деп ойлауда.

УИЛЬЯМ (естімегенсіп). Саған кінә артпаймын, достым. «Темірді ыстық кезде соқ» депті ғой. Үш әйелмен қатар жүріп, әрқайсысын нақсүйерім деп сендіргенде саған әрісі тәнті боп, әрісі таңданатынмын.

МИССИС ШАТТЛУОРТ (шешімталдықпен). Егер, үндемесеңдер, онда мен-ақ айтайын.

УИЛЬЯМ (Викторияға миссис Шаттлуортты нұсқап, сыбырлай сөйлеп). Бұ кісіге әуе ескертпесі ерекше әсер еткен-ау!

Дәл осы кезде баланың жылаған даусы естіледі.

ВИКТОРИЯ (мазасызданып). Билли.

УИЛЬЯМ. Жылап жатқан кім? (Есікке жақындап, ақырындап ашады. Баланың даусы күшейе түседі. Күтуші әйелге). Бері әкеліңізші.

Қарапайым сұр көйлек киген күтуші әйел баланы ішке алып кіреді.

ВИКТОРИЯ (торығып). Бір нәрсе істеші, Фредди!

ФРЕДЕРИК. Басыммен жер тірей тұра алам.

УИЛЬЯМ (жайдарыланып). Сау-саламатсың ба? Сау-саламатсың ба? Сау-саламатсың ба?

ФРЕДЕРИК. Шақалаққа өйтіп сөйлемейді.

УИЛЬЯМ. Кәдімгі бала ғой (Күтуші әйелге). Тілі шықпаған ба?

Күтуші әйел. Әзірге жоқ, сэр.

УИЛЬЯМ. Неге баяу дамып жатыр? Өз баламнан бұндайды күтпеп ем.

Күтуші әйел (оған таңдана қарап). Бұл жастағы бала әлі сөйлей алмайды, сэр. Негізі, дамуы қалыпты. Салмағы да қатарластарынан артықтау.

УИЛЬЯМ. Не дейд? Сонда, қанша айлық?

Күтуші әйел. Өткен сейсенбіде төрт айға толды.

УИЛЬЯМ. Мен жоқта құры жүрмепсің ғой, Виктория.

ВИКТОРИЯ. Құдай үшін, бір нәрсе деші, Фредди. Қаққан қазықтай тұра бермей!

МИССИС ШАТТЛУОРТ (Күтуші әйелге). Сіз – боссыз.

Күтуші әйел ернін жымқырып, кетіп бара жатады.

ФРЕДЕРИК. Бастан көп уақиға өтті ғой, Билл-ау! Несін сұрайсың?!

УИЛЬЯМ. Оның – рас.

ФРЕДЕРИК. Қысқасы....

УИЛЬЯМ. Қысқасы, несі?

ФРЕДЕРИК. Сөзді бөлмеуіңді өтінем. Қысқасы, бұл бала – сенікі емес.

УИЛЬЯМ. Өзім де солай ойлап ем. Әкесі кім?

ФРЕДЕРИК. Жалпы... мен.

УИЛЬЯМ. Сен? Үйлендің бе?

ФРЕДЕРИК. Иә. Соғыс кезінде көбісі сөйтті ғой.

УИЛЬЯМ. Неге ескертпегенсің?

ФРЕДЕРИК. Сені үш жыл бұрын өлді деп жүрдік. Қалай айтам?

УИЛЬЯМ (қолын алып). Мынадай сүйінші жаңалықты естіп қатты қуанып отырмын, достым. Қыздардың сен сабазға да құрық салатынын біліп едім ғой, Фредди! «Ештен – кеш жақсы». Кешігіп жеткен құттықтауымды қабыл алғайсың!

ФРЕДЕРИК. Рақмет! Мен... мен... і-і-і... осы үйде тұрам.

УИЛЬЯМ. Рас па? Ғажап қой! Әйеліңмен бірге ме?

ФРЕДЕРИК. Қалай айтсам екен... алайда...

УИЛЬЯМ. Тек жарың жалғыз көзді дей көрме.

ФРЕДЕРИК. Осы үйге тұрақтауымның сырын білмеймісің? Жобамен!

УИЛЬЯМ. Жоқ (бөлмелерді көзбен шолып, назары миссис Шаттлуортқа ауады). Викторияның шешесіне үйленгеннен саумысың?

ФРЕДЕРИК. Жоқ, нақтырақ айтқанда...

УИЛЬЯМ. «Нақтырақ айтқанда» дегенді қалай түсінем?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Мені құрсақты бола алады деп ойлайсыз ба?

УИЛЬЯМ. Таңғалатын ештеңе қалған жоқ, мына заманда.

ФРЕДЕРИК. Сөзімді дұрыс тәпсірлемедің, Билл.

УИЛЬЯМ. Әмпей-жәмпей! Демек... енем екеуің... одан амансыңдар ғой? 

ФРЕДЕРИК. Әрине.

УИЛЬЯМ. Әттең, әттең. Бажа болар ек. Миссис Шаттлуорт та өкінбесі анық.

ВИКТОРИЯ. Анама тіл тигізуші болма, Билл.

УИЛЬЯМ. Егер, Фредди абыройын айрандай төксе... үйленуге тиіс.

ВИКТОРИЯ. Ондай болған жоқ.

УИЛЬЯМ. Сондағы қалыңдығың кім, Фреддижан? Айта қойшы.

ФРЕДЕРИК. Виктория! Виктория!

II-бөлім

Викторияның қонақбөлмесі. Интерьерге қарап шамаласақ, үй иесі шақыртқан дизайнер футуризм ағымына әуес ұқсайды. Каминдегі от өшірулі, барлық терезе – ашық. Шинель киген Фредерик гәзет оқып отыр. Жамылғымен жаураған аяғын орап алған. Миссис Шаттлуорт келеді.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Мен кеттім.

ФРЕДЕРИК. Сонымен?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Немерелерімді қоса әкетем.

ФРЕДЕРИК. Солай ма екен?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Сіркең су көтермей тұр ғой.

ФРЕДЕРИК. Дәл таптың.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Аз уақытта Виктория төменге түседі.

ФРЕДЕРИК. Шын ба?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Кешегі уақиғадан соң жағдайын сұрар ма екен десем.

ФРЕДЕРИК. Қалай болыпты?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Тәуір! Бірақ, қатты күйзелді. Төсекке жайғастырып, жылытқы қойдым.

ФРЕДЕРИК. Шын ба?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Әрине, сөйлеуге шамасы келмеді.

ФРЕДЕРИК. Рас па?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Өзің де түсінген шығарсың. Оған тыныштық қажет.

ФРЕДЕРИК. Сонымен?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Таңертең екеуіңмен сөйлесуге бел буды.

ФРЕДЕРИК. Рас па?

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Егер, басқа айтарың болмаса, онда мен кеттім.

ФРЕДЕРИК. Шын ба?

Миссис Шаттлуорт иығын қиқаң еткізіп, бұрылған қалпы есікке қарай кетіп бара жатады. Дәл осы кезде ішке Тейлор енеді.

ТЕЙЛОР. Мистер Лейсестер Пейтон келді, мадам. Миссис Лаундес, сол кісінің жанында отыра тұрсын деп өтінді. Қазір дәретханадан шығады.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қуана-қуана. Шақырыңыз.

Тейлор кетеді.

ФРЕДЕРИК. Кеттім, мен.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Оған не қажет болды екен?

Фредерик қонақбөлмеден шығады. Бірнеше минуттан соң Тейлор Лейсестер Пейтонмен бірге келеді.

ТЕЙЛОР. Мистер Лейсестер Пейтон (кетеді)!

ПЕЙТОН. Қызыңыз таң атпастан қоңырау шалды. Келмесем болмас деп шештім.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Дұрыс істегенсіз. Сізден басқа оған ешкім көмектесе алмасы анық.

ПЕЙТОН. Иә, тосын жайт.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Әлбетте, Биллдың аяқастынан оралуы оған осыншалықты әсер ететінін ешкім білген емес.

ПЕЙТОН. Байқұс-ау, қатты қапаланған шығар?

Осы сәтте Виктория келеді. Үстінде – көйлек іспеттес тігілген халат, аяғында – шәрке-шоқай. Шашы – ұйпа-тұйпа, бірақ сонда да айрықша ажарлы боп тұр.

ВИКТОРИЯ. Сізді ұзақ күттірмес үшін төменге түстім. Өйтіп қарамаңызшы, өтінем.

ПЕЙТОН. Сізден көз тайтыра алар емеспін!

ВИКТОРИЯ. Татымсыз сөз. Үлкен тұлыптай көрініп тұрғанымды білем. Және менменшіл, даңғой емеспін.

ПЕЙТОН (қолынан ұстап). Жайсыз жағдай. Есіңіз – екеу, түсіңіз – төртеу боп есеңгірепсіз!

ВИКТОРИЯ (теңгедей сыңғыр-сыңғыр еткен күміс күлкісімен айналаны жарық етіп). Сізге әркез арқа сүйей алатынымды сезгем.

ПЕЙТОН. Енді, не ойлағаныңыз бар?

ВИКТОРИЯ. Мұндай кезде қайтпек керектігін білмей қиналдым. Сондықтан сізге қоңырау шалдым. Басқа іс түскенде өзіңізден жәрдем сұрауға дағдыландырдыңыз.

ПЕЙТОН. Иә, менен басқа кім бар еді? Ойланайық, шиетүйінді бірге шешейік.

ВИКТОРИЯ. Ахуал қиын.

ПЕЙТОН. Байсалдылығыңызға бас ием. Сізді... есі кіресілі-шығасылы күйде... талықсыған қалпы көрем бе деп қорыққам.

ВИКТОРИЯ (Пейтонға жылы жымиып). Көмек күттім.

ПЕЙТОН. Пешенеге жазылған ауыр күндер туды.

ВИКТОРИЯ. Қасіреттен жүрегім қарс айырылардай боп тұр. Түсінесіз бе, екеуі де мені ерекше ұнатады.

ПЕЙТОН. Ал, сіз?

ВИКТОРИЯ. Мен бе?.. Жалғыз арман – міндетімді орындау.

ПЕЙТОН. Бүйтпесеңіз Виктория болармысыз! Бөтен жауап күткем де жоқ.

МИССИС ШАТТЛУОРТ. Қымбаттым! Егер, қажетім болмаса, кете берейін. Шаруаларым бар.

ВИКТОРИЯ. Мақұл, анашым.

МИССИС ШАТТЛУОРТ (Пейтонға қолын ұсынып). Оған мейірім шуағын төксеңіз.

ПЕЙТОН. Мейлінше тырысам.

Миссис Шаттлуорт қонақбөлмеден шығады.

ВИКТОРИЯ (еркелеп). Бірден келгеніңіз дұрыс болған. Қолыңыз босамай ма екен деп алаңдап ем.

ПЕЙТОН. «Сөзіңіз – заң» екенін ұмыттыңыз ба?

ВИКТОРИЯ. Сізде одан да шұғыл іс болуы мүмкін еді ғой.

ПЕЙТОН. Аһ, алып бара жатқан жұмыс та жоқ. Тек жуырда қала сыртынан сатып алған үйімді көргім келген.

ВИКТОРИЯ. А-а-а, о, жөнінде айтпадыңыз ғой?

ПЕЙТОН. Ой, ұсақ-түйек қой! Бас-аяғы үш жүз-ақ акрлық саябақ. Үйде жиырма сегіз жатын бөлме бар. Мендей сүрбойдаққа сол да жетер!

ВИКТОРИЯ. Қай жерде?

ПЕЙТОН. Ньюмаркет маңында.

ВИКТОРИЯ. Жанға жайлы мекен. Сол графтық атынан парламент сайлауына неге түспеске?

ПЕЙТОН. Соңғы төрт жыл бедерінде, ел билігіне араласуға шамам болмады.

ВИКТОРИЯ. Иә, қан майданға қатыстыңыз. Енді, соғыс аяқталды. Мемлекетімізге мықты азаматтар қажет.

ПЕЙТОН. Бәлки, жақында өзімді жарқырата көрсететін мүмкіндік туар. Бірақ, төрағалар Палатасында емес.

ВИКТОРИЯ (қуана). Лордтар Палатасында ма?

ПЕЙТОН (қулана жымыңдап). Премьер-министр құпиясын аша алмаймын.

ВИКТОРИЯ. Сізге ақкіс жағалы қызылкүрең мантия жақсы жарасар еді.

ПЕЙТОН (тым сыпайы). Өзім туралы айтып кеттім ғой, енді сіздің жайыңызға көшейік.

ВИКТОРИЯ. Рақаттана тыңдадым. Әр сөзіңіз – мәнді. Әлбетте, әлгі Билл мен Фредди, сөз жоқ, жақсы адамдар, дегенмен сөздік қоры шектеулі. Соғыс уақытында бәрі зеңбірек пен ұшақ туралы айтты, ал қазір...

ПЕЙТОН. Сізді өте тамаша түсініп отырмын, құрметті леди.

ВИКТОРИЯ. Мені неге бұлай атадыңыз?

ПЕЙТОН. Шындығында, қаттыабдырап тұрмын. Енді, сізді миссис Кардью дейін бе, әлде миссис Лаундес дейін бе?

ВИКТОРИЯ. Виктория деп атаңыз!

ПЕЙТОН. Рұқсат етесіз бе?

ВИКТОРИЯ (оған қолын ұмсынып). Қайта қуанам!

ПЕЙТОН (таңдана). Неке жүзігіңіз қайда?

ВИКТОРИЯ. Билл өлді деп жүргенімде, көзіндей сақтап, сақинасын тақтым.

ПЕЙТОН. Екеуін де шешіп тастағансыз ба?

ВИКТОРИЯ. Шатасып қалыппын. Қос күйеулі болсам да, өзімді әлі де қыздай сезінем.

ПЕЙТОН. Іс жүзінде солай-ақ болса игі еді.

ВИКТОРИЯ. Түсінбедім?

ПЕЙТОН. Сезіп тұрған жоқпысыз?

ВИКТОРИЯ (көзін төмен салып). Мен... аңғал... ақымақтау шығармын, бәлкім!

ПЕЙТОН. Өзгемен некелеспей жатып, неге ертерек кезікпедік екен деп налимын.

ВИКТОРИЯ. Сол кезде үйленер ме едіңіз?

ПЕЙТОН. Келісім бермейінше аяғыңызға оралып жатар ем, Виктория!

ВИКТОРИЯ. Ал, қазір басым бос болса ше?

ПЕЙТОН. Өмірлік арманым – осы, ғой!

ВИКТОРИЯ. Бірақ...

ПЕЙТОН. Ал, егер... егер... сондай мүмкіндік туса менімен отасар ма едіңіз?

ВИКТОРИЯ. Неге қысқа қоныш киесіз?

ПЕЙТОН. Әдемі көрінетін секілді.

ВИКТОРИЯ. Аяғыңыз мұздай ма?

ПЕЙТОН. Қан айналымында гәп жоқ... мен... сізді сүйем.

ВИКТОРИЯ (қымсына күліп). Ланчқа шақырсаңыз қалай?

ПЕЙТОН. Мені қашан бақытты етесіз?

ВИКТОРИЯ. Киімімді ауыстырып алайын. Жарты сағаттан соң келіңіз.

ПЕЙТОН. Мақұл!

Екеуі бөлмеден шығады. Уильямның даусы естіледі.

УИЛЬЯМ. Виктория! (ол бос қонақжайға кіріп, жан-жағына қарайды). Кім бар? Фредди!

ФРЕДЕРИК. Келе жатырмын (үстінде – жамылғы, қолында – гәзет).

УИЛЬЯМ. Бәтіңкемді таппай жүрмін.

ФРЕДЕРИК. Бәтіңке? Оны не істемексің?

УИЛЬЯМ. Киюге де. Басқа не үшін дейсің?

ФРЕДЕРИК. Осы бір жерде жатқан. Шетке алып қойғам.

УИЛЬЯМ. Қайда?

ФРЕДЕРИК. Тоқтай тұр, есіме түсіріп алайын.

УИЛЬЯМ. Қайда қойғаныңды білмейсің бе?

ФРЕДЕРИК. Білем ғой, бірақ ұмытып тұрмын.

УИЛЬЯМ. Бол, бол, жеделдет!

ФРЕДЕРИК. Асықтырмашы (ойлана құмыраға қарауда) Көп құмыраның біріне салдым ба екем, а?

УИЛЬЯМ. Бәтіңке тығатын таптырмас орын!

ФРЕДЕРИК. Әлде, көмір жәшігінде ме екен?

УИЛЬЯМ. Онда, айнадай қып жалтыратасың.

ФРЕДЕРИК (көмір жәшігін ақтарып). Мұнда жоқ.

УИЛЬЯМ. Қайда екенін айтшы, Фредди!

ФРЕДЕРИК. Білсем жан-жақты ақтарып-төңкермес ем ғой.

УИЛЬЯМ. Үш секундта таппасаң аяқ-қолыңды шағам.

ФРЕДЕРИК. Жалыңды күдірейтпеші, Билл! Сабыр ет!

УИЛЬЯМ (ызаланып). Бүкіл терезені ашып тастапсың.

ФРЕДЕРИК. Бөлмені жылытайын дегем. Таза ауа денсаулыққа пайдалы.

УИЛЬЯМ. Маған салсаң, бойым жылы жүріп тұншыққаным артық (терезелерді жауып).

ФРЕДЕРИК. Одан үй жылына қоймас. Тексердік қой!

УИЛЬЯМ. Каминды неге жақпасқа?

ФРЕДЕРИК. Бұл – патриотизмге жат қылық. Виктория, жатынбөлмеде отсыз отыра алмас, ал екіншісі балалар бөлмесінде жағулы.

УИЛЬЯМ. Неге?

ФРЕДЕРИК. Олар ваннадан шыққан соң мұздап қалмас үшін.

УИЛЬЯМ (таңдана). Күнде шомылдыра ма?

ФРЕДЕРИК. Әрине.

УИЛЬЯМ. Обал-ай.

ФРЕДЕРИК (оған күдіктене қарап). Кәстөмді қайдан алдың?

УИЛЬЯМ. Викториядан!

ФРЕДЕРИК. Жалғыз кәстөмімді бергені несі? Шектен шықтың!

УИЛЬЯМ. Кешегі комытым ұнамады ғой. Қарасуықта лыпасыз жүре алмайтынымды өзің де білесің ғой.

ФРЕДЕРИК. Ұятың болса, басқасын сұрар ең. Мысалы, мынаны!

УИЛЬЯМ. Жоқ, жоқ. Шынтағы жылтырап кеткен.

ФРЕДЕРИК. Неге сен жаңасын, ал мен ескісін киюім керек?

УИЛЬЯМ. Галстукқа арналған түйреуішті қайдан алдың, кінәмшіл мырза?

ФРЕДЕРИК. Виктория, туған күніме сыйлаған.

УИЛЬЯМ. Біле-білсең, бұл – менікі. Виктория бірінші маған сыйға тартқан. Ілмектер сенде қайдан жүр?

ФРЕДЕРИК. Виктория... Рождествоға сыйлады.

УИЛЬЯМ. Рас па? Саған дейін ол менікі болған. Рождествоға дейді ғой! Иесіне қайтар!

ФРЕДЕРИК. Армандама! Өсиетхатыңа сәйкес бәрін Викторияға тапсырыпсың. Демек, заңи иесі өзі біледі, біреуден ақыл сұрамайды.

УИЛЬЯМ. Сенімен айтысып отыруға құлық жоқ.

ФРЕДЕРИК. Алтын портсигараң бар еді ғой?

УИЛЬЯМ. Әрине. Ол – Викторияның үйлену тойымызға тартқан сыйы. Сен де алдың ба?

ФРЕДЕРИК. Біздің Виктория – үнемшіл қатын екен ғой.

УИЛЬЯМ. Камин жақпасақ сүңгіге айналар түрім бар.

ФРЕДЕРИК. Сіріңкең бар ма?

УИЛЬЯМ. Бар.

Шақпақты шақ еткізіп, от жағады.

ФРЕДЕРИК. Енді, шинельді шеше беруге болады. Виктория ашуланып жүрмесе жарар еді.

УИЛЬЯМ. Өзің жауап бересің.

ФРЕДЕРИК. Бұған еш қатысым жоқ. Үй иесі – өзің!

УИЛЬЯМ. Мен – сыйлы мейманмын.

ФРЕДЕРИК. Е-е-е, жоға, сен келген соң екінші қатарға ысырылдық қой.

УИЛЬЯМ. Аса құрметті достым! Түнде қай жерде ұйықтадым? Қонақбөлмеде! Аты айтып тұрғандай, бар болғаны – қонақпын!

ФРЕДЕРИК. Мен қайда жаттым деп ойлайсың? Осында!

УИЛЬЯМ. Неге? Ұйықтар алдында көргенімде сауығып едің.

ФРЕДЕРИК. Виктория сен оралған соң көрші бөлмеде ұйықтай алмаймыз деді.

УИЛЬЯМ. Диван ыңғайлы ма екен?

ФРЕДЕРИК. Отырып көрсеңші!

УИЛЬЯМ. Айтпақшы, алдыңғы жиһаз қайда?

ФЕДЕРИК. Сен өлген соң... Виктория бәрін өзгертті.

УИЛЬЯМ. Әлі де ұйқылы-ояумын ғой деймін, түсінбей тұрмын. Бұл екі жағдайдың бір-біріне не қатысы бар?

ФРЕДЕРИК. Ескі жиһаз ертедегі жайтты еске түсірді.

УИЛЬЯМ. Ақшасын сен төледің, иә?

ФРЕДЕРИК (паңдана). Иә! «Қайғыңды бөліссең – азаяды» деген. Менің орнымда болсаң, сен де сөйтер ең.

УИЛЬЯМ. Кінә аударудан алыспын.

ФРЕДЕРИК. Еһ, жылаған Викторияны жұбатуға еркек – әзір.

УИЛЬЯМ. Ол мұңайса да, күлсе де сол қалпы – хас сұлу.

ФРЕДЕРИК. Иә.

УИЛЬЯМ. Және, қателеспедім.

ФРЕДЕРИК. Қашан кетейін?

УИЛЬЯМ. Бұндай ой қайдан келді, достым? Жолыңа кесе-көлденең тұрады деймісің? Асқанда бірнеше күн ғана болам.

ФРЕДЕРИК. Өкінішті. Виктория ренжір. Дегенмен, бұл – менің шаруам емес. Оны екеуара шешерсіңдер.

УИЛЬЯМ. Сен мені түсінбедің, Фредди. Еркек пен қатын арасына сына боп қағылғым келмейді.

ФРЕДЕРИК. Не деп көкіп тұрсың?

Үстіне – әдемі көйлек киіп, қолына – бір қорап шоколад ұстаған Виктория кіреді, ішке.

ВИКТОРИЯ. Қайырлы таң (Уильямға жақындап, бетін тосады).

УИЛЬЯМ. Қайырлы таң.

ВИКТОРИЯ. Қайырлы таң (Фредерикке жақындап, өпсін дегендей екінші бетін тосады).

ФРЕДЕРИК. Қайырлы таң.

ВИКТОРИЯ (Уильямға бас изеп). Оған бірінші боп барған себебім, үйде ұзақ болған жоқ.

ФРЕДЕРИК. Және алғашқы жарың ғой.

ВИКТОРИЯ. Бір-біріңнен қызғанғандарыңды қаламаймын. Екеуіңді де ерекше сүйем, тең көрем.

ФРЕДЕРИК. Ол неге жатын бөлмеде, ал мен қонақжайдағы мына диванда жатуым керек?

УИЛЬЯМ. Бифштексты әзірлеуді ойластырайық.

ФРЕДЕРИК. Карточкаң болмаса, аш қаласың.

ВИКТОРИЯ (отты байқап). Каминге от жаққан, кім?

ФРЕДЕРИК. Мына кісі!

УИЛЬЯМ. Сенің рұқсатыңмен ғой.

Виктория орындықты камин алдына сүйреп, соған отырады. Қорапты ашып, конфетті аузына салады.

ВИКТОРИЯ. Көмір таусылып, балаларым пневмонияға шалдықса да бәрібір секілді ғой, сендерге!

УИЛЬЯМ. Ұят болды! Былай таман отырсаң бөлмеге жылу тамаша тарар еді.

ВИКТОРИЯ. Ақыры отты жаққан екенсіңдер, жылынуға қақым бар.

ФРЕДЕРИК. Шоколад жеп отырсың ба, Виктория?

ВИКТОРИЯ. Иә. Бобби Куртис жолдады. Тәтті екен.

ФРЕДЕРИК. Рас па?

ВИКТОРИЯ. Мына заманда сапалы конфет – қат қой.

ФРЕДЕРИК. Дәмін ұмытқалы қашан.

ВИКТОРИЯ (жаңа конфет жейді). Мынада салындысы бар. Менен артылғанын кім жейді?

УИЛЬЯМ (мысқылдап). Біз жақсыға лайықпыз ба?

ВИКТОРИЯ (конфетті тауысып). Дұрыс айтасың. Соғыс кезінде тым кірпияз болудың қажеті жоқ.

УИЛЬЯМ. Сол үшін Фреддиге байға шықтың ба?

ВИКТОРИЯ. Сенің қамыңды ойлаған соң істедім, қымбаттым. Екі көзіңнің бірі емес пе?!

ФРЕДЕРИК. Қаралы хабарды естігендегі Викторияның қайғырғанын көрсең ғой.

УИЛЬЯМ. Нақ сол кезде жұбата алмағаныма налимын.

ВИКТОРИЯ. Фредди, мемориалды қызметті шақыртты. Сөйтіп, күніне екі рет кеп тұрды.

УИЛЬЯМ. Сен... Ол... осында жүрсе бәтіңке табанын үнемдейді деп ойладың ғой?

ВИКТОРИЯ. Бақандай бір жыл күттік.

УИЛЬЯМ. Былғары қымбат кезде ме?

ВИКТОТРИЯ. Сүйеу болар еркек жоқта әйел байқұс әлсіз ғой. Жесір боп жетілмей қалғанымды сен де қаламас ең, білем.

ФРЕДЕРИК. Викторияны қамқорлығыма алсам дедім.

УИЛЬЯМ. Демек, мен үшін екеуің де құрбандыққа бардың ғой?

ФРЕДЕРИК. Онымен не айтпақсың?

УИЛЬЯМ. Сөздеріңді бақсам, сен борышкерлік мақсатпен, ал Виктория арманымды орындау үшін үйленген болып тұр. Яғни, екеуіңді сыйластықтан өзге ештеңе байланыстырып тұрған жоқ.

ВИКТОРИЯ. Билл, қымбаттым! Фредерикті сүйем деп айтып ем ғой. Бір-біріңе деген достық арқасында, ол менің жүрегімді жаулап алды, жалын тұтатты.

ФРЕДЕРИК. Виктория, сені сұмдық жақсы көрді. Бұндай қиын сәтте оны жалғыз қалдырсам өзімді адам емес, айуан сезінер едім.

УИЛЬЯМ. Әлі де бір-біріңе ғашық боп үлгермедіңдер ме?

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым, аяқасты ажалың қос құшақты айқастырды.

ФРЕДЕРИК. Көзге жас үйіріледі екен!

УИЛЬЯМ. Иә, менің де көңілім босап кетті!

ФРЕДЕРИК. Ол сені ұмытқан емес, достым. Солай ма, Виктория?

ВИКТОРИЯ. Иә!

ФРЕДЕРИК. Жүрегіне екінші боп орныққаным анық. Енді. Сен оралған соң... о, жерді босатуға тиіспін.

УИЛЬЯМ. Күмәнім бар. Ең адал әйел де ара-тұра өзгерісті аңсайды.

ФРЕДЕРИК. Жоқ. Жоқ. Виктория саған шын берілген. Сені ғана жақсы көрді. Викторияға деген сезімім өзіне де – мәлім. Сен... мен үшін әлемдегі жалғыз әйелсің. Бірақ, парызымды өтеуге тиіспін. Билл келді. Ал, мен нағыз джентльмен ретінде кетуім керек. Қиын, әрине. Алайда... бақытың жолында құрбандыққа барам. Сенен бас тартам. Қапалансам да, амал нешік?! Сені Биллға аманаттадым. Қош бол, Виктория. Ерніңдегі тәп-тәтті шоколадты сүртіп, мені соңғы рет сүйіп қал.

ВИКТОРИЯ. Фредди, неткен кішіпейіл, елгезек едің!

ФРЕДЕРИК. Қош бол, Виктория. Бар жақсылықты тіледім!

ВИКТОРИЯ. Сені ешқашан ұмытпаймын, Фредди. Қош бол. Тезірек ұзашы... әйтпесе... еңірегеннен... етегім жасқа толады!

Уильям есік аузына тұрып алады. Фредерик жанына барып, қолын созады.

ФРЕДЕРИК. Қош бол, Билл. Дұрыстап қара. Викторияны тек саған ғана қалдыра алам.

УИЛЬЯМ. Әй, қайдам.

ФРЕДЕРИК. Мәңгілікке кетем!

УИЛЬЯМ. Тек мына бәтіңкемен емес.

ФРЕДЕРИК. Қайдағы бәтіңке?

УИЛЬЯМ. Қалжың, достым!

ФРЕДЕРИК. Қалжыңдайтын уақыт тапқан екенсің. Былай тұр.

УИЛЬЯМ. Өлігімді аттап бір-ақ шығасың.

ФРЕДЕРИК. Қажет емес. Онда... осында қалуға мәжбүрмін.

ВИКТОРИЯ. Неге созбақтап кеттің, Билл-ау?

УИЛЬЯМ. Жан қалқам, Виктория! Әскери министрлік мені өлді деді. Сендер мемориалды қызмет үшін қып-қызыл ақша төледіңдер. Үй ішін жаңаладың. Өмірге өкпең жоқ. Бәрін бір-ақ сәтте-ақ өзгерте салатын... өзімшіл емеспін.

ВИКТОРИЯ. Сен – ғажап адамсың, Билл.

УИЛЬЯМ. Виктория, мен – джентльменмін және солдатпын. Тәніме тәп-тәуір кәстөм жапсырды демесең, тірі аруақпын. Елеусіз елеспін. Ендігіде, ештеңеге жарамаспын. Осы күйімде қалам.

ФРЕДЕРИК. Сен оралған соң Викториямен бақытты бола алмаймын.

УИЛЬЯМ. Сөзді доғар! Ол – сендік!

ФРЕДЕРИК. Қадірлі достым, Билл! Мені жете танымайды екенсің. Еріншекпін, менменмін, қызуқандымын, кекшілмін, аты жаман ауру, туберкулез бен сусамырға икемдімін.

УИЛЬЯМ. Байқұс, Фредди, денсаулығыңды күте ғой. Мінсіз адам жоқ қой. Ал, Виктория мінезіңді өзі-ақ түзеп алады.

ФРЕДЕРИК. Егер, оны шын сүйсең мендей дәрменсіз жанға қимас едің.

УИЛЬЯМ. Фредди, жан жолдасым! Жасырып қайтейін, жастық жалынды қан майдан ұрлады. Мына түріммен ұзаққа бармаспын. Нағыз кекшіл, өктем, есерсоқ, әрі суайт екенімді басқа-басқа, бірақ Виктория жақсы біледі.

ВИКТОРИЯ. Екеуіңді де түсінем. Адал, асыл, бекзатсыңдар!

Тейлор келеді.

ТЕЙЛОР. Мадам, сізге Жалдап жұмыс істеу агенттігінен бір әйел келіп тұр (Викторияға тілдей қағазды ұсынады).

ВИКТОРИЯ. Жедел шақырыңыз.

ТЕЙЛОР. Мақұл, мадам (кетеді).

ВИКТОРИЯ. Аспазшы, аспазшы, аспазшы!

ФРЕДЕРИК. Тамаша.

Тейлор ішке миссис Погсонды алып кіріп, есікті жабады. Миссис Погсон – бойы – ұзын, толықтау, адуынды қатын. Тап табыншының әйеліндей киінген.

МИССИС ПОГСОН. Қайырлы таң.

ВИКТОРИЯ. Қайырлы таң.

Миссис Погсон жан-жақты бір шолып, мықты орындық тауып, соған жайлап жайғасады.

МИССИС ПОГСОН. Айтты! Аспазшы іздеп жүр екенсіздер. Бұл аудан ұнай ма екен, о, жағынан хабарсызбын. «Үмітсіз – шайтан» деген. Жолшыбай соға кетейін деп шештім.

ВИКТОРИЯ (жылы сөйлеп). Ұнағанда... қандай!

МИССИС ПОГСОН. Әуе шабуылы кесірінен Лондоннан көшіп кеттім. Қараңғы көше де көңілге жақпайды.

ВИКТОРИЯ. Толық келісем.

МИССИС ПОГСОН. Соғыс аяқталды. Енді, міне, жөнді қызмет іздеп жүрмін. Алдыңғы аспазшыңыз қайда?

ВИКТОРИЯ. Ұзатылды!

МИССИС ПОГСОН. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, бәрінің айтатыны, осы – сөз. Рас та шығар, кім білсін?!

ВИКТОРИЯ. Ол соңғы үш айда бұдан асқан ғажап жерді көрмедім деді.

МИССИС ПОГСОН. Келісім шартты талқыламас бұрын, гараж бар ма екен? Соны анықтап алсақ.

ВИКТОРИЯ. Бар! Бос тұр! Көлікті сатып жібердік.

МИССИС ПОГСОН. М-м-м, ыңғайлы екен. «Форд» айдаймын.

ВИКТОРИЯ. Емін-еркін көлікжайға қоя берсеңіз рұқсат.

МИССИС ПОГСОН. Ер қызметшілеріңіз бар ма?

ВИКТОРИЯ. Жоқ, өкінішке қарай.

МИССИС ПОГСОН. Қап! Оларға бауыр басып қалдым.

ВИКТОРИЯ. Иә, алайда соғыс кезінде...

МИССИС ПОГСОН. Айтпай-ақ қойсаңыз болады. Білем, қиын. Шамалауымша, ыдыс жуатын адам да жоқ ұқсайды.

ВИКТОРИЯ. Қазір... бұл – қат дүние. Қанша жерден ақшаңыз тасып тұрса да, таба алмайсыз.

МИССИС ПОГСОН. Иә, биліктің осы қателігін ешқашан кешпеспін. Бүкіл ыдыс жуушыны жиып ап, әскери зауытқа әкеп тыққаны – орынсыз іс! Жалпы, бұл – сіздің кінәңіз емес. Көп аспазшы солардың жетіспеушілігінен қиналады. Соғыс кезінде құрбандыққа баруға мәжбүрміз.

ВИКТОРИЯ. Неткен патриотизм!

МИССИС ПОГСОН. Ас пісіретін пешті кім жағатынын өздеріңіз шешерсіздер. Мен келгенде дайын тұрсын!

ВИКТОРИЯ. Оһ! Әлбетте! Бірақ, оны қалай істерін білсек қой, шіркін.

МИССИС ПОГСОН. Бұрынғы жұмыс орнында бұған үй иесі жауапты еді.

ВИКТОРИЯ. О, жағын ойламаппын да.

УИЛЬЯМ. Мен болсам келіспес ем.

МИССИС ПОГСОН. Өте сүйкімді джентльмен-тұғын. Құдайдың құтты күні ұйқы құшағындағы маған бір кесе шай мен май жағылған бір тілім нан әкелетін.

ВИКТОРИЯ. Бүкіл жағдайды жасаймыз.

МИССИС ПОГСОН. Қандай ас әзірлеуім керек?

ВИКТОРИЯ. Қарапайым! Одан бұрын, жоғарғы санатты аспазшы екенсіз.

МИССИС ПОГСОН. Таңсық тағамды суқаным сүймейді, әсіресе соғыс уағында. Бұндайда, барға қанағат ету керек.

ВИКТОРИЯ. Алуан-алуан астан аса дәмелі емеспіз. Қолдан келгенді аямайсыз деп сенем. Оның үстіне, ара-тұра ланчқа кететін әдетіміз бар. Түстенетін кезіміз – сағат: кешкі сегіз.

МИССИС ПОГСОН. Қай кезде түстенсеңіздер де ерік – өздеріңізде, бірақ тал түстен соң тағам дайындамайтынымды ескертейін.

ВИКТОРИЯ. Бұл – бізге қолайсыз.

МИССИС ПОГСОН. Қолайлы болмаса, қош болыңыз. Аралайтын үй көп.

ВИКТОРИЯ. Жоқ, жоқ. Күн тәртібін өзгертуге тырысамыз.

МИССИС ПОГСОН. Сонымен, түскі асты сағат бірде әкелем. Ет және сүтті пудинг. Ал, кешқұрым таңнан қалған ет пен тәттіні жейсіздер.

ВИКТОРИЯ. Жақсы. Қанша төлеуім керек?

МИССИС ПОГСОН. Қарыз емессіз! Бар болғаны – аптасына екі-ақ фунт.

ВИКТОРИЯ. Алдында аз ақша шығындаған ек.

МИССИС ПОГСОН. Келіспесеңіз, кете берейін.

ВИКТОРИЯ. Егестен еш пайда жоқ. Соған – лайықтысыз.

МИССИС ПОГСОН. Мақұл!

ВИКТОРИЯ. Жұмысқа қашан кірісе аласыз?

МИССИС ПОГСОН. Басқа үйлерге де соғайын. Жөндісін таппасам қайта келем.

ВИКТОРИЯ. Иә, ораласыз деп ойлаймыз. Күтіміңізге күмән келтірмеңіз.

МИССИС ПОГСОН. Жалпы, көңіл хошын алғы орынға қоятынмын... Жүзіңіз жылы екен.

ВИКТОРИЯ. Рақмет.

МИССИС ПОГСОН. Кешіріңіз! Кетпес бұрын, бір сұрақ қойсам. Үйде неше кісі бар?

ВИКТОРИЯ. Екі бала! Бірақ, қазір бұнда емес.

МИССИС ПОГСОН. Олар кедергі келтірмес. Үйренгем.

ВИКТОРИЯ. Менен бөлек, тағы екі джентльмен бар.

МИССИС ПОГСОН. Біреуіне ғана үйленген шығарсыз?

ВИКТОРИЯ. Түсінбедіңіз! Екеуі де – көңіл қосқан жарларым.

МИССИС ПОГСОН. Екеу? Заң бойынша?

ВИКТОРИЯ. Әрине.

МИССИС ПОГСОН. Ақылға сыймас нәрсе (өршелене сөйлеп). Біреуі отбасылық дос болса, мейлі екен. Шаруасы оңға басқан небір шаңырақты көрдік қой, мұндайға таңданбаймыз. Керісінше, қуанам. Себебі, отанасы байсалды, мейірбан келеді, әр дүниеге орынсыз кіріге бермейді. Отағасы үйде жүрсе тіптен жақсы, сағаттап күтпейсің. Алайда, екі күйеу деген – есерсоқтық. Сіздей келісті келіншекке қос-қостан жар бұйырса, адалдықты ту еткен жұмысшы қатындарға не қалмақ? Жоқ, бұл – әділетсіздік. Өмірбақи Консерваторларға Құдайдай сендім, дауыс жидым, ал енді, уәде берем, Жұмысшылар партиясының жоғын жоқтаймын.

Ол қонақжайдан асыға-үсіге шығып, есікті екілене жабады.

УИЛЬЯМ. Тарс!

ВИКТОРИЯ (ашуланып). Бұған шыдауға болмас. Күйеу қажет, алайда жалғыз-жарым ғана. Екеуге шама да, құлық та жоқ.

ФРЕДЕРИК. Идеям бар! Жеребе тастайық.

ВИКТОРИЯ. Қалай сонда?

ФРЕДЕРИК. Қос қағазға кірес суретін бедерлеп, қалпаққа саламыз. Билл! Екеуміз кезек-кезек суырайық. Кімге кірес шықса, сол – сендік.

ВИКТОРИЯ. Қызық екен. Романтика. Қане, Фредди!

ФРЕДЕРИК. Қазір.

УИЛЬЯМ. Маған бұл ойың мүлде ұнамады. Өйткені... бүгін – жолым болмайтын күн.

Фредерик үстелге жақындап, қағазды екіге дар-дар айырып, Биллиға арқасын бере бір жағына кірес бәдіздейді.

ФРЕДЕРИК. Кімге таза қағаз шықса, сол Викториядан бас тартады.

УИЛЬЯМ. Қайталап айтам! Маған ұнамайды! Күштеп отырсыздар. 

ВИКТОРИЯ. Билл! Келгенің – кеше ғана, ал кеудең болса – көріктей.

ФРЕДЕРИК. Ақырғы қырық жылыңда армансыз үлгересің.

УИЛЬЯМ. Өзді-өзіңе өте сенімдісің ғой, Фредди.

ФРЕДЕРИК. Жеңетін секілдімін. Қайда жасырайын?

ВИКТОРИЯ. Қоқыс қорабына салсаң қайтеді?

ФРЕДЕРИК. Мен әкелем (үстел қасындағы қоқыс қорабын Викторияға ұсынып). Ала ғой! (Уильямға бұрылып). Мына жерде бүктелген қос қағаз жатыр. Кім тазасын суырса – сол мәңгілікке кетеді.

УИЛЬЯМ (Викторияға ызалана сөйлеп). Жақсылап сілкіші!

ВИКТОРИЯ. Мақұл! Қобалжып тұрғанымды қарашы!

ФРЕДЕРИК. Сен баста!

УИЛЬЯМ (жел тұрғандағы жапырақтай дірілдеп). Жоқ! Жоқ!

ФРЕДЕРИК. Қанша дегенмен... Викторияның... тұңғышысың ғой!

ВИКТОРИЯ. Билл, дұрыс айтады. Бағыңды сынап көр!

УИЛЬЯМ. Қара терге түстім.

ВИКТОРИЯ. Жүрек құрғыр – дүрс-дүрс. Мен кімге бұйырар екем?

УИЛЬЯМ (толқып). Майданда жүріп, ажалға қарсы шапқан артық қой.

ФРЕДЕРИК. Қане, достым, қане!

УИЛЬЯМ. Жоқ! Тұтқындағы үш жыл жүйкені жүндей етті.

ВИКТОРИЯ. Мені сүйетініңді білем.

ФРЕДЕРИК. Көзді тарс жұмып, тәуекел ет.

УИЛЬЯМ. Бұйыртқаны! Жолым боп қалар.

Уильям суырған қағазына қарап, оны ашуға жүрегі дауаламайды. Фредерик екіншісін алып, ашып, жүрегін ұстайды.

ФРЕДЕРИК (жаны ауырып). Тазасы! Тазасы! Тазасы!

ВИКТОРИЯ. Асыл басың қор болды-ау, Фредди!

ФРЕДЕРИК (даусы дірілдеп). Жарылқама, мені, Виктория. Қолға қонғалы тұрған құсты ұшырып алдым! Енді... белді бекем буып, мәңгілікке кетуім керек.

ВИКТОРИЯ. Өкініштен өзегім өртенуде! Ара-тұра кеп тұрсаң қайтеді, а?

ФРЕДЕРИК. Жоқ, оған көндіге алмаймын. Сені ешқашан ұмытпаспын, Виктория. Көңілі жақын, жақсы көрген жалғыз әйел боп қаласың, өмірімде!

ВИКТОРИЯ. Енді, ешкімді сүймейсің бе?

ФРЕДЕРИК. Қайтып сүйейін? Көрдей қараңғы түн-түнектен бір нәрсе көруге болар ма екен?

УИЛЬЯМ. Шырақ жақ!

ФРЕДЕРИК. Әзілдеуін қара. Жүрегім – жыртық-жамау. Құрыған адаммын.

УИЛЬЯМ. Жол сілтеген түрім ғой.

ВИКТОРИЯ. Сенікі – ретсіз тірлік, Билл. Фредди, нағыз ақынша ағылды.

ФРЕДЕРИК. Өбуге рұқсат еткейсің, Викторияшым!

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым, менің!

Фредерик оны құшағына қысып, ернінен сүйеді.

ФРЕДЕРИК. Қош бол! Мен түнекке сіңем.

УИЛЬЯМ. Бөгелейін дедің бе?

ФРЕДЕРИК. Жоқ.

УИЛЬЯМ. Дала – жап-жарық қой, әлі.

ФРЕДЕРИК (намысшылдықпен). Жанымның азапталып жатқанын ғана айтқым келген.

УИЛЬЯМ. Кетпес бұрын қағазыңды ашып көрсет.

ФРЕДЕРИК (есікке таяп). Оһ, қинай көрмеші, мені, қинамашы, достым!

УИЛЬЯМ (алдына кесе-көлденең тұрып). Көрсет дедім!

ФРЕДЕРИК (сол қапталынан өткісі кеп). Не істейсің?

УИЛЬЯМ (тосқауылдап). Қызық боп тұр!

ФРЕДЕРИК (басқа жағынан лып етіп өткісі кеп). Қатты қайғырып тұрғанымда... құмарлығыңа құп дейтін осыншама қатыгез деп ойламаппын!

УИЛЬЯМ. Екі бөлігін де естелік есебінде қабырғаға қағып қоямын.

ФРЕДЕРИК. Қайсыбір қағаз жарар. Өзімдікін каминге өртедім.

УИЛЬЯМ. Жә-жә! Тастадым де.

ФРЕДЕРИК. Жетер. Қажығанымды көрмей тұрмысың?

УИЛЬЯМ. Мен де сондай халдемін. Бер, әйтпесе күштеп тартып алам.

ФРЕДЕРИК. Жоғал, әрмен! Аулақ жүр!

УИЛЬЯМ. Бер деген соң, бер!

Уильям Фреддиге мысық табандап жақындап келеді. Ол шегінуге мәжбүр.

ВИКТОРИЯ. Не боп қалды? Ақылдан алжастыңдар ма?

УИЛЬЯМ. Түбі – көрсетерсің!

ФРЕДЕРИК. Ешқашан!

ВИКТОРИЯ. Қағазды неге қайтарғың келмей тұр?

ФРЕДЕРИК. Бермеймін, осымен сөз – тамам.

ВИКТОРИЯ. Айтшы, неге?

ФРЕДЕРИК. Сезімімді аяқасты еттің.

УИЛЬЯМ. Сезіміңді қойшы, мені табанға сап таптадың ғой.

Фредди бірден есікке қарата жүгіреді, Уильям оны шап беріп ұстап алады.

УИЛЬЯМ. Ұсталдың ба, пәлекет?! Енді, қағазды қайтар.

ФРЕДЕРИК. Жоқ!

УИЛЬЯМ (қолын қайырады). Әйтпесе, қолыңды сындырам.

ФРЕДЕРИК (жанына батып). Оһ, сайтан! Доғар, доғар деймін, ауырып кетті!

УИЛЬЯМ. Білем.

ФРЕДЕРИК. Виктория, мынаны көсеумен қақ шекесінен салып қалшы.

УИЛЬЯМ. Ерлер ісіне араласпа!

ФРЕДЕРИК. Қарғыс атқыр, бош! Бопты, міне ал.

Уильям Фреддиды босатқанда, ол қалтасынан тілдей қағазды суырады. Уильям қол созып, алмақ болғанда, Фредерик оны аузына атып жібереді.

УИЛЬЯМ (Фреддидың тамағына жармасады). Аузыңнан шығар, ақымақ (Фредерик еденге түкіріп тастайды). Оңбай кеткір, мақұлық!

ВИКТОРИЯ. Не болды?

УИЛЬЯМ. Міне, қара (қағазды ұсынып)!

ВИКТОРИЯ (ашып). Сонымен? Кірес көріп тұрмын.

УИЛЬЯМ (наразы). Екеуіне де кірес сызған!

ВИКТОРИЯ. Түсінбедім.

УИЛЬЯМ. Қалай түсінбейсің? Бұл мен таза қағаз суырмас үшін қам қылған.

Виктория Уильямға таңдана көз тастайды. Пауза.

ФРЕДЕРИК. Бұны жай-күйіңді ойлағандықтан істедім, Виктория. Биллге құлай берілгеніңді білем ғой. Сол себепті, көзсіз жеребе – бақытыңа балта шапқанын қаламадым.

ВИКТОРИЯ. Бүйтпесе, Фредди болар ма?! Өзгелер үшін... өзін құрбан етуге әзір есіл ерім-ай.

УИЛЬЯМ (кекетіп). Көңілім елжіреп, көзден жас ыршып шықты ғой.

Тейлор келеді.

ТЕЙЛОР. Сізге айтарым бар, мадам.

ВИКТОРИЯ. Қазір емес.

ТЕЙЛОР. Шұғыл шаруа боп тұр.

ВИКТОРИЯ. Жақсы (есікке бет алып). Менсіз ештеңе шешпеңдер.

Тейлор есікті ашып, Викторияның ізінен еріп отырады.

ФРЕДЕРИК. Қалай байқап қойдың?

УИЛЬЯМ. Сайтани сабырлы жүзіңе қарап.

ФРЕДЕРИК. Бұл – томаға-тұйық торығу еді.

Уильям диванға отырады. Қолы жастық арасына қона кеткенде, қатты затты сезіп қалады. Бетінде – таңданыс табы, әуелі бірінші бәтіңкені, сонан соң екіншісін алып шығады.

УИЛЬЯМ. Бәтіңкем!

ФРЕДЕРИК. Осы бір жерде жатқан шығар деп ем ғой.

УИЛЬЯМ. Тығып қойып, тымпиып отырғанын қарашы.

ФРЕДЕРИК. Өтірік. Кір бәтіңкең кімге керек?

УИЛЬЯМ. Қашады деп жобаладың ғой, иә?

ФРЕДЕРИК. Текке ашуланба. Саған өз пейілімді таңғым келді. Бәлки, қателескен де шығармын. Алайда, арам ойым болған емес.

УИЛЬЯМ. Викториядан бас тартқалы тұрған сен жоқ.

Фредерик оған ойлы көзбен қарап, барын бардай айтуға бел буады.

ФРЕДЕРИК. Билл, достым, мен әйелді сөгетіндер сойынан емеспін.

УИЛЬЯМ. Және, біреудің жамандағанын да жақтырмаймын.

ФРЕДЕРИК. Қатын туралы бар сырды бажаңа шашпағанда, кімге айтам?!

УИЛЬЯМ. Әлбетте.

ФРЕДЕРИК. Виктория жөнінде не ойлайсың?

УИЛЬЯМ. Ол – жалпақ жаһандағы ең жақсы әйел.

ФРЕДЕРИК. О, одан асқан ешкім жоқ.

УИЛЬЯМ. Сұп-сұлу.

ФРЕДЕРИК. М-м-м, көркіне көз сүрінеді.

УИЛЬЯМ. Күн өткен сай ажары артып барады.

ФРЕДЕРИК. Кейде, Виктория: «Өзімшілсің!» – деп жазғырады, ал оның қалауы әдеттегі дүние секілді қабылданатыны несі екен, а?

УИЛЬЯМ. Әр еркелігі – бір-бір еркекке жүк.

ФРЕДЕРИК. Ойымыз ортақ болмаған жағдайда, ол – жеңіп, мен – жеңіліп қалам.

УИЛЬЯМ. Оның жұмысы – жұмыс, ал менікі жұғымсыз нәрседей, тура.

ФРЕДЕРИК. Мен оған сай емес шығармын, Билл? Сен айтқандай, Викториядан асқан әйелді кезіктіру қиын-ау.

УИЛЬЯМ (сөзін бөліп). Бұл – сенің ойың.

ФРЕДЕРИК. Тойып кеттім. Әгәрәки, сені расында да өлтіріп кеткенде, бәрін қара нардай жалғыз өзім көтерер ем. Нағыз джентльмен ұқсап! Сөйтсек, дін аман екенсің! Сондықтан, бұл аманатты саған тапсырам.

УИЛЬЯМ. Қайдам.

ФРЕДЕРИК. Викторияда жалғыз жар болуға тиіс.

УИЛЬЯМ. Өзі таңдасын.

ФРЕДЕРИК. Онда, маған мүмкіндік қалмайды ғой.

УИЛЬЯМ. Көмейің түсінікті болды. Бұл – өз тарапымнан жасалған тамаша ұсыныс. Даладай дарқандық!

ФРЕДЕРИК. Бүйткен дарқандығың құрысын. Өзімді өзгелер жолында құрбан ете алатыным және өте өңді екенім елге мәлім. Виктория мені таңдайтыны анық.

УИЛЬЯМ. Құдай – куә, даңғой емеспін! Бірақ, жұрт мені хас еркектің эталоны, жігіт біткеннің төресі деп мақтаған. Шешендігіммен қоса, сұқбаттасыма қажетті ақпаратты да жеткізе алам.

ФРЕДЕРИК. Жеребе тастаған дұрыс-ау.

УИЛЬЯМ. Тағы да, алдап соқпақсың ғой.

ФРЕДЕРИК. Ой, сен де! Джентльменмен... сөйлесіп отырмын ба десем. Қойшы!

УИЛЬЯМ. Келе жатыр.

Ішке Виктория кіреді. Өте ашулы.

ВИКТОРИЯ. Жалшылар жалт берді, сертінен тайды... Кетіп қалды.

ФРЕДЕРИК. Мүмкін емес!

ВИКТОРИЯ. Олар үшін бәрін істеп бақтым. Ақысын асырып, екі есе төлеп отырдым. Ішерге – тамақтан, киерге – киімнен қысылған емес. Май мен қантты да аяғам жоқ.

ФРЕДЕРИК. Өйткені, ол мінсіз мүсініңе зиян еді ғой, қымбаттым.

ВИКТОРИЯ. Жалшылар мұны білген жоқ. Дүйім британ әскерін шайға қандырдым. Ал, енді, олар... қашып барады.

УИЛЬЯМ. Еһ, жағдай қиын.

ВИКТОРИЯ. Көндіріп көрдім, жалындым, жалбарындым, аяқтарына жығылдым деуге де болады, сөзіме құлақ аспады.

УИЛЬЯМ. Басқалары жеткенше Фредди екеуміз қолғабыс ете тұрайық.

ВИКТОРИЯ. Мына заманда, пэр боп сайланудан, қызметші табу қиын екенін ұмыттың ба? Таң ата құтырған шал-шауқан Паддингтондағы тіркеу Бюросына кезекке тұрады. Мұраты – аспазшыларыммен некелесу. Әйтпесе, оларды байласаң да ұстай алмассың.

УИЛЬЯМ. Таптым, Виктория, таптым! Екеуміздің біреуін таңдауың керек.

ВИКТОРИЯ. Қалай? Екеуіңді де ұнатам ғой. Бірақ, несін таңдайсың?

УИЛЬЯМ. Қателесесің. Фредди сен үшін барлық құрбандыққа барады және өте өңді.

ФРЕДЕРИК. Қателесіп тұрған – өзің, Билл. Туабітті сыпайылық хас ердің эталоны екендігіңді айттыртпай тұр ғой, саған. Сондай-ақ, шешендігің – бір төбе, сұқбаттасыңа қажетті, әрі тың ақпарат та айта аласың.

ВИКТОРИЯ. Ешкімді ренжіткім жоқ.

ФРЕДЕРИК. Кесімді сөзіңді айтпас бұрын... пәк некелерің өтіріктен басталмас үшін ішке бұққан шындықты сыртқа шығарсам деймін, Виктория. Бөлімімде стенографшы әйел бар. Ол – көзі – тұздай, өзі – мұздай, иығына төгілген алтын-жирен шашты. Ал, қалғанын парасат-пайымыңмен парықтарсың.

ВИКТОРИЯ. Сұмдық! Өле-өлгенше адал боп өтем дегенің қайда?

ФРЕДЕРИК. Саған лайық емеспін. Мені ешқашан кешпесің анық.

УИЛЬЯМ. Оңбай кеткір!

ВИКТОРИЯ. Жұмыс жеңілдеді. Қалың қатын толы гареміңдегі қатарда үшінші боп тұрғым жоқ.

УИЛЬЯМ. Қайткенде де, Канада мұндай қатерден ада. Манитобада әйел аз.

ВИКТОРИЯ. Не деп сандырақтап тұрсың?

УИЛЬЯМ. Англияның болашағы – бұлыңғыр. Империяға жұмысшылар қажет екен, еңбектен еш қашпаймын. Бірге жүрсең қуанар ем, Виктория.

ВИКТОРИЯ. Канадаға ма?

УИЛЬЯМ. Ферма сатып ап, соны көркейтем. Ал, сен тамағымды жасап, киімімді жуып отырсаң болды.

Виктория аузын ашқан күйі сөйлеуге шамасы келмейді.

УИЛЬЯМ. Және сиыр сауасың.

ВИКТОРИЯ. Сиырдан қорқам.

УИЛЬЯМ. Ұсынысым ұнамды секілді ғой. Тамаша өмір, таудың етегі. Ерте тұрып, күлімдеген күнге тамсанып, сонан соң пеш жағып, таңғы ас әзірлеп, еден сыпырып, гүрілдеп аққан өзен жағасында киім жуасың. Рақат емес пе?!

ВИКТОРИЯ. Бос уақытта не істейміз?

УИЛЬЯМ. Ілім-білім жиып, энциклопедияларды оқимыз. Сонымен, кімді таңдайсың?

ВИКТОРИЯ. Шынымды айтсам, екеуіңе де көңілім толмай тұр.

ФРЕДЕРИК. Бірақ, сенде екі-ақ күйеу бар ғой.

ВИКТОРИЯ. Тұрмысқа шығарда бәрін құрбан еттім. Сендерге жағу үшін барлығын жасадым. Мендей әйел қай еркектің маңдайына біткен екен, осы? Қайсысы мақтана алады? Енді, өзіме көңіл бөлетін уақыт туды.

УИЛЬЯМ. Толық келісем.

ВИКТОРИЯ. Сұм соғыс аяқталды. Екі әскериге үйленіп, жеңіске бір кісідей-ақ еңбек сіңірдім. Ал, үшінші рет... «роллс-ройсты» таңдаймын.

ФЕДЕРИК. Бізді ғана сүйе ме десем. Үшіншіңді кезіктірдің бе?

Тейлор келеді.

ТЕЙЛОР. Сізді мистер Лейсестер Пейтон көлігінде күтіп отыр.

ВИКТОРИЯ. «Роллс-ройста» ма?

ТЕЙЛОР. Иә, мадам.

ВИКТОРИЯ (жеңіскерше күліп). Қазір... барам деп айт!

ТЕЙЛОР. Мақұл, мадам.

ВИКТОРИЯ. Сау-саламат болыңдар (ұзындау біткен мұрнын көрсетіп, қонақжайдан жүгіре шығып кетеді).

III-бөлім

Асүй. Бір бұрышында – газ плитасы, екінші бұрышында – ыдыс-аяқ жиылған буфет. Түпкі қабырғада есік пен темір торлы терезе бар. Қабырға артында – тепкішек. Терезеден сол тепкішек арқылы адамдардың көтеріліп-түсіп жатқанын көруге болады. Асүй ортасында – үстел. Арғы-бергі жағында орындықтар тұр. Еденге – линолеум төсеулі. Асүй – кең, таза, әрі жап-жарық. Қос аяғын айқастырып, орындықта отырған Уильям кітап оқуда. Ішке Фредерик енеді. Қолында – бір шелек көмір.

ФРЕДЕРИК (шелекті жерге қойып). Масқара ауыр екен. Жоғарыға апарып берші.

УИЛЬЯМ (қуақыланып). Күш – бар, құлық – жоқ.

ФРЕДЕРИК. Өтінбес ем... жаралы қолым мазаламаса.

УИЛЬЯМ (күдіктеніп). Қай қолыңа оқ тиді?

ФРЕДЕРИК. Екеуіне де.

УИЛЬЯМ. Онда, басыңа қойып ал. Денсаулыққа пайдалы дейді ғой.

ФРЕДЕРИК. Тасжүрек!

УИЛЬЯМ. Көмектесер ем ғой, достым-ау. Айып етпеші, дәрігер ауыр көтерме деген. Одан бұрын, бұл – менің міндетім емес. Мен – тамақ әзірлеймін, қалғаны – өзіңе аманат.

ФРЕДЕРИК. Сен бе, тамақ әзірлейтін? Бақсам, кітап оқып отырған сияқтысың. Екі адамның жұмысын бір адам неге істеуі керек, түсінбеймін, осыны?!

УИЛЬЯМ. Қарашы, саған жинақылық жетіспейді. Үйді жинауға көп те уақыт қажет емес. Тек бәрін рет-ретімен орындасаң болды. Жүйе керек!

ФРЕДЕРИК. Бұ жұмысты неге таңдадым екен? Басыма пәле боп жабысты. Сен жеңіліне жүгіретініңді сезіп едім ғой.

УИЛЬЯМ. Шамама қарап шабам. Бір қағидам – осы. Тамақ жасай білу – өнер. Ал, үйді екінің бірі, егіздің сыңары да жинастыра алады.

ФРЕДЕРИК. Тағы да сөйлесең құлақ-шекеңнен ұрам. Бірнеше бәтіңкені қатар тазалап көр.

УИЛЬЯМ. Әдіс-тәсілін меңгермегенсің ғой. Бәтіңкеге түкіріп пе ең?

ФРЕДЕРИК. Жоқ, тек күміс ыдыстарға ғана.

УИЛЬЯМ. Сөзді қой да, кітап оқып болғанымша дастарқан жай.

ФРЕДЕРИК (түнеріп). Ланч па, түскі ас па?

УИЛЬЯМ. Белгісіз, бірақ осында – тамақтанамыз.

ФРЕДЕРИК. Викторияға не дейін?

УИЛЬЯМ. Әңгімелесуге уақытым болмады.

ФРЕДЕРИК. Бүгін сіркесі су көтермей тұр.

УИЛЬЯМ. Неге?

ФРЕДЕРИК. Таңғы ваннасына су жылытып бермеппіз.

УИЛЬЯМ. Рас па?

ФРЕДЕРИК. Білмей қалғанынды қарашы!

УИЛЬЯМ. Суық су – денсаулыққа дәрі. Шымыр болады, шыңдалады.

ФРЕДЕРИК. Мұныңды апаңа айт. Одан да, еріндім десеңші.

УИЛЬЯМ. Өз ісіңді біл, өзгенікіне араласпа.

ФРЕДЕРИК. Әзірге, бір дүниені тындырғаныңды көрмедік қой.

УИЛЬЯМ. Тоқташы, герцог гувернантканы қатындыққа алар ма екен, сол жағы қызық боп тұр. Мына кітапты міндетті түрде оқып шық!

ФРЕДЕРИК. Уақыт жоқ. Жұмысты бастадым ба, адал істеймін.

УИЛЬЯМ. Былдыр-былдыр етеді. Түк естілмейді.

ФРЕДЕРИК. Ланчқа не әзірледің? (Пешке жақындап, қазанның қақпағын ашады). Не, мынау?

УИЛЬЯМ. Картоп. Шанышқыңмен шаншып көрші.

Фредерик шанышқымен бір картопты әзер іліп алады.

ФРЕДЕРИК. Қарғыс атқыр, қабығын аршымапсың ғой.

УИЛЬЯМ. Әлбетте.

ФРЕДЕРИК. Мундир киген картоптан жиренем (қайтадан қазанға лақтыра салады).

УИЛЬЯМ. Есесіне, дәруменге бай.

ФРЕДЕРИК (иіскеп). Бифштекс дайын секілді.

УИЛЬЯМ. Дайын? Ол кемінде он бес минут пісу керек.

ФРЕДЕРИК. Гриль-барда он-ақ минутта әкеледі.

УИЛЬЯМ. Түкіргенім бар. Бір фунт етті ең азы – он бес минут қуыру қажеттігін сен тұрмақ, балаларға шейін біледі.

ФРЕДЕРИК. Қайтем, енді?

УИЛЬЯМ. Үш фунт ет сатып алғам. Қырық бес минуттан соң кел.

ФРЕДЕРИК. Азынаған қарынға азық боларлық деп ойлаймын.

УИЛЬЯМ. Ортасы – әлі шикі.

ФРЕДЕРИК. Үш тілім еттің әрқайсысын ширек сағат қуырар ма ең?

УИЛЬЯМ. Дәл таптың. Үш фунт ет қырық бес минут тұру керек.

ФРЕДЕРИК. Айырмашылық жоқ қой.

УИЛЬЯМ. Мені көндірем деп ойлама. Бір сағатта үш адам он екі миль жүріп өтті, сонда әрқайсысының еншісінде – төрт миль.

ФРЕДЕРИК. Айтпағым да осы еді ғой.

УИЛЬЯМ. Сандырақ!

ФРЕДЕРИК. Жоқ. М-м-м! Шатастырып жібердің. Басынан бастайық.

УИЛЬЯМ. Мына түріммен кітапты тауыса алмаспын.

ФРЕДЕРИК. Өте күрделі мәселе. Қарандаш пен қағаз алып, бәрін түртіп алайын.

УИЛЬЯМ. Одан да, картопты тазала, біреудің ісіне кіріспе.

ФРЕДЕРИК. Бифштексті кім жейді?

УИЛЬЯМ. Аузыңды жаппасаң астан қағыласың.

ФРЕДЕРИК. Солай секілді. Еттің шетін кертіп, үшке бөлсең, үш фунттың мұрты да бұзылмас.

УИЛЬЯМ. Жоқ. Менде үш ет болады, әрқайсысы – үш-үш фунттан.

ФРЕДЕРИК. Ет ет күйінде қалады емес пе?!

УИЛЬЯМ (ашуланып). Керісінше! Ет ерекше болады! Түсінемісің, ерекше!

ФРЕДЕРИК. Сеніңше, жүз фунттық ет ширегін жиырма бес сағат қуыру керек пе?

УИЛЬЯМ. Дәл солай. Мың фунттық етті он күн дайындар ем.

ФРЕДЕРИК. Қанша газ шығындайсың?

УИЛЬЯМ. Мынауыңнан түк өнбес. Қисын алдында дәрменсізсің.

Виктория келеді.

ВИКТОРИЯ. Бұларың жарамас, жігіттер. Қоңырауды он бес минут бойы басып тұрдым. Үйде – екі еркек. Біреуі де белгі берген жоқ, масқара.

УИЛЬЯМ. Айтыстың қызығына кіріп кетіппіз.

ФРЕДЕРИК. Бәрін түсіндірем!

УИЛЬЯМ. Викторияны жайына қалдыр. Аспазшы – мен. Жұмысыма біреудің араласқанын қаламаймын.

ФРЕДЕРИК. Амал қылмасаң, мынауың етті күйдіреді, Виктория.

ВИКТОРИЯ. Маған бәрібір. Бұған көңілім шаппайды.

УИЛЬЯМ. Ланчқа осы ғана ғой!

ВИКТОРИЯ. Ланчқа қалмаймын.

УИЛЬЯМ. Неге?

ВИКТОРИЯ. Өйткені... өйткені, маған мистер Лейсестер Пейтон сөз салды, сөйтіп қалыңдығы болуға келісімімді бердім.

ФРЕДЕРИК. Бақандай екі күйеуің бар ғой.

ВИКТОРИЯ. Егемендік жолында еңбек етіп, азат болуға атсалысасыңдар деп үміттенем.

Есіктің қоңырауы сыңғырлайды.

ФРЕДЕРИК. Кім ол?

ВИКТОРИЯ. Адвокатым.

ФРЕДЕРИК. Сенің бе?

ВИКТОРИЯ. Сағат бірге келсін дегем. Фредди, өтініш, есікті ашшы.

ФРЕДЕРИК. Оған не қажет болды екен?

ВИКТОРИЯ. Ажырасу мәселесімен шұғылданады.

ФРЕДЕРИК. Құры жүрмепсің ғой (кетеді).

УИЛЬЯМ. Оның не қажеті бар еді, Виктория?

ВИКТОРИЯ. Әйел затының қызметшісіз – күні қараң. Бүгін өзім киінуіме тура келді.

УИЛЬЯМ. Қалай екен?

ВИКТОРИЯ. Қатты қиналдым.

УИЛЬЯМ. Сонда да, тамашасың.

ВИКТОРИЯ. Қолпаш-қошеметіңе зар емеспін, Билл.

УИЛЬЯМ. Неге?

ВИКТОРИЯ. Лейсестер Пейтонның әйеліне бұлай сөйлеу – әдепсіздік.

УИЛЬЯМ. Демек, айтқаныңнан қайтпайсың ғой, иә?

ВИКТОРИЯ. Иә.

УИЛЬЯМ. Онда, бөтен қатынның көңілін тапқандай қылып...

ВИКТОРИЯ (жымиып). Қажет емес!

УИЛЬЯМ. Сендей жамалды жанды өмірі жолықтырмағам.

ВИКТОРИЯ. Құлағымды тарс бітеп алам.

УИЛЬЯМ (қолынан ұстап). Қолыңнан ұстап, жібермей қоямын.

ВИКТОРИЯ. Шыңғырам!

УИЛЬЯМ. Мұршаң келмес, себебі аузыңды көлегейлеймін (сүйеді).

ВИКТОРИЯ. Жарым болғаның қандай өкінішті, Билл. Сенен тәп-тәуір көңілдес шығар еді. Келе жатыр, абайла. Адвокаттың өз күйеуімнің құшағынан көргенін қаламаймын.

УИЛЬЯМ. Оған сұмдық әсер ететін шығар.

Фредерик пен адвокат – мистер Рэм асүйге кіреді. Ол туралы бар айтарымыз – осы.

ВИКТОРИЯ. Қайырлы күн, мистер Рэм. Міне! Қос күйеуім.

МИСТЕР РЭМ. Танысқаныма дән ризамын, мырзалар. Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін қайсысы бірінші, қайсысы екінші екенін сұрауға тиіспін.

ВИКТОРИЯ. Алғашқы жолдасым – майор Кардью, екіншісі – майор Лаундес.

МИСТЕР РЭМ. Екеуі де – майор екен. Таңғаларлық сәйкестік.

УИЛЬЯМ. Мистер Рэм, миссис Лаундес сізге бәрін түсіндірген болар?

МИСТЕР РЭМ. Иә, кеше кең-молынан әңгімелестік.

ФРЕДЕРИК. Бұл миссис Кардью үшін өте жауапты, әрі нәзік мәселе!

МИСТЕР РЭМ (таңғалып). Миссис Кардью? Қандай миссис Кардью?

ФРЕДЕРИК. Міне, миссис Кардью.

МИСТЕР РЭМ.Иә, әрине. Бұ кісіні миссис Лаундес дейін бе, әлде миссис Кардью дейін бе? Алайда, айырмашылық жоқ, өйткені ол екі фамилияны да жақтырмай тұр.

ВИКТОРИЯ. Бұл туралы қазір ғана айтқам.

УИЛЬЯМ. Әлі де есіміз екеу боп отыр!

ФРЕДЕРИК. Иә, жанымызды қоярға жер таппай аласұрып.

МИСТЕР РЭМ. Сізбен де, сізбен де ажыраспақшы. Миссис Кардью-Лаундеске бұлай істеу орынсыз екендігін ескерттім. Себебі, ол кісі заң бойынша біреуіңізге ғана үйленген-ді.

ВИКТОРИЯ. Сонда, екінші байымды есепке алмайсыз ба?

МИСТЕР РЭМ.Білесіз бе, миссис Кардью-Лаундес! Айтпайын деп ем, тілімді қышыттыңыз. Сіз – оның күңісіз.

УИЛЬЯМ. Поһ, тегі! Шығыстың жібек желі соғып кетті ғой.

ВИКТОРИЯ (долданып). Бұнымен не айтпақсыз, мистер?

УИЛЬЯМ. Фатима! Сенің жүзің... толған Айдай. Көзің – киіктікінен де шаралы. Жаныма кеп, лютня әуеніне елітіп, бір билеп берші!

ВИКТОРИЯ. Жетер, Билл. Екеуің де жолдасым екендігін елге дәлелдеу үшін... сенімен де, сенімен де айырылысам.

ФРЕДЕРИК. Осың дұрыс-ау.

МИСТЕР РЭМ. Джентльмендер қарсы емес секілді.

УИЛЬЯМ. Махаббатымды Викторияның бақыты үшін құрбан етем.

МИСТЕР РЭМ.Ізгілікті іс.

ВИКТОРИЯ. Еркектігін еш жоғалтпаған асыл азамат қой.

МИСТЕР РЭМ (Фредерикке). Сіз не дейсіз, майор Кардью?

ФРЕДЕРИК. Лаундес.

МИСТЕР РЭМ. Аһ, кешірім сұраймын. Сонымен, мына ханымды бостан етуге дайынсыз ба?

ФРЕДЕРИК. Дайынмын.

МИСТЕР РЭМ.Ары қарата кеттік. Уақытты үнемдеу үшін сот арқылы ажырасқан абзал. Миссис Кардью-Лаундес рұқсат бергендіктен, басқа адвокатқа барудың қажеті жоқ. Қазір барлығын егжей-тегжейлі түсіндіріп берем.

ВИКТОРИЯ. Мистер Рэм, не айтса да – адалын айтады. Өте сенімді кісі. Ол жүздеген жұптың жүзігін шешкен.

МИСТЕР РЭМ. Иә, жұмыс – шаш етектен. Аласұрған еркек, алданған әйел, «естімеген – елде көп» деген. Ұстанымым – бәрін едел-жедел, әрі ың-шыңсыз тындыру. Осы жемісті жүйе басқалардан басым екендігін айғақтады. Арына – дақ, ұятына – сызат түсірместен үш-төрт күйеу алмастырған әйелдердің де атын атай алам.

УИЛЬЯМ. Шаруабасты кісі секілдісіз.

МИСТЕР РЭМ. Сағатым – санаулы, бос уақытым жоқ, майор.

УИЛЬЯМ. Бақытты отбасылар да бар ғой.

МИСТЕР РЭМ. Меніңше, сіз қателесесіз, майор Кардью.

ВИКТОРИЯ. Пессимист екенсіз, мистер Рэм. Жарларым менімен жаман тұрған жоқ. Бақытты ғұмыр кешті.

МИСТЕР РЭМ. Тақырыптан ауытқып кеттік. Джентльмендерге құлақ қағыс есебінде, елдегі ажырасуға қатысты заңды естеріне салғым кеп тұр. Егер ер ажырасса, әйелінің көзіне шөп салғандығын дәлелдеуі тиіс. Сондай-ақ, ағылшын заңнамасы еркекке көп әйел алуға рұқсат еткен. Бұндай жағдайда әйел ажырасу үшін өзгемен көңілдестігімен қатар, азап шегіп, теперіш көріп, жұбайлық міндетін орындамай жүргенін айғақтауы керек. Сол себепті, әуелі себеп-салдарын анықтап алайық. Қайсысын таңдайсыз, азаптауды ма, әлде міндетті орындамауды ма?

ВИКТОРИЯ. Екіншісін!

УИЛЬЯМ. Әрине. Викториядай періштенің бетіне жел боп тиюдің өзі күнә ғой.

ФРЕДЕРИК. Адам тұрмақ, шыбынға да зияным тиген емес.

МИСТЕР РЭМ. Онда, ерлі-зайыптылар борышына тоқталайық. Орындалуы өте оңай. Миссис Лаундес-Кардью екеуіңізге де «отбасыны сақтап қалғым келеді» деген сыңайдағы хат жазады, ал сіздер бас тартасыздар. Ал, жауабын дәл осы жерде ақылдасайық.

УИЛЬЯМ (таңдана). Қолға тимей жатып па?

МИСТЕР РЭМ. Иә. Ол кісі жазатын және алдағы уақытта сотта оқылуға тиіс хаттың әсерлі шыққаны сонша, ажыраспақ болған еркек соны оқыған бойда-ақ әйелімен қайта қосылған. Зайыбы қатты ашуланды.

УИЛЬЯМ. Көрмеген хатқа жауап жазудан қиын нәрсе жоқ қой.

МИСТЕР РЭМ. Оқыс оқиға болмас үшін алдын ала жауаптарын да дайындап қойғам. Қаламыңыз бар ма?

УИЛЬЯМ. Иә.

МИСТЕР РЭМ (бірі – жазылған, екіншісі – таза қағаз ұсынады). Айтқанымды айнытпай көшіресіздер. Мінеки, қағаз!

УИЛЬЯМ (парақты алып). Қайтарма мекенжайы – «Маджестик» мейманханасы ма?

МИСТЕР РЭМ.Кейін түсінесіздер! Мынау сіздікі – майор! (екіншіпарақты Фредерикке тапсырады).

ФРЕДЕРИК. Бірдей ме?

МИСТЕР РЭМ. Жоқ. Мендегі қос нұсқаны қолданасыздар. Алғашқысы – мұңды, кейісті, ал кейінгісі – өрескел-дөрекі. Таңдау еркі – өздеріңізде.

ВИКТОРИЯ. Екеуі де жанымда жүріп-ақ жаға жыртысудан еш тартынбайды. Әсіресе, Билл.

МИСТЕР РЭМ. Олай болса, анықтадық! Дайынсыз ба, майор Лаундес?

ФРЕДЕРИК (ақ парақ үстіне төніп). Иә.

МИСТЕР РЭМ (айтып жаздыртады). Қымбатты Виктория! Оқып ойға қалдым. Әгәрәки, өткен-кеткенді ұмытып, үзілген үмітті жалғап, бәрін қайта бастайтындай мүмкіндік туса, алдыңа баруға арланбаймын.

УИЛЬЯМ. Расында да, әсерлі екен.

МИСТЕР РЭМ (сөзін жалғап). Өкінішке қарай, қосылғанымызбен де бұрынғы зарлы кезең қайта басталмақ. Өтініш-тілегіңді қабыл алмаймын және қандай жағдайда да саған оралмаймын деп нық шештім. Құрметпен сенің адал... Мына жерге қол қойыңыз. Анықтап жазыңыз.

ВИКТОРИЯ. Өте шынайы хат екен. Сақтап қояйыншы.

МИСТЕР РЭМ.Ендігі кезек – сізде, майор Кардью.

УИЛЬЯМ. Мұқият тыңдап тұрмын.

МИСТЕР РЭМ.Қадірлі Виктория! Хатың жетті. Онда, шаңырақты шайқалтпайық, отбасыны ойрандамайық депсің. Саған үйленгелі бері өмірім өмір емес, өксік, тозаққа айналды. Сені қатындыққа алып қатты қателесіппін. Оңбай жаңылыппын. Ұрыс-керіс пен қып-қызыл қызғаныштан әбден мезі болдым. Бет-жүзіңді көруге құштар емеспін және қорқытып-үркітсең де мені оралады деп ойламай-ақ қой.

УИЛЬЯМ. Өте дөрекі емес пе?

МИСТЕР РЭМ. Сәл жұмсарту үшін: «Сенімді серігің боп қалам» деп аяқтасаңыз айып емес. Қол қойыңыз.

УИЛЬЯМ. Қойдым!

МИСТЕР РЭМ. Сотқа ерлі-зайыпты борышын елемеуге қатысты шағымданып, енді, алты айдан соң ажырасуға байланысты іс қозғай аламыз.

ВИКТОРИЯ. Алты айдан соң! Бойдақтық өмірді қашан кешем?

МИСТЕР РЭМ.Шамамен, бір жыл күтесіз.

ВИКТОРИЯ. Жоқ, бұлай болмас. Тым ұзақ.

МИСТЕР РЭМ (иығын қиқаң еткізіп). Әйтпесе, азаптау актісіне бас ұрайық.

ВИКТОРИЯ. Жарайды, келісем.

ФРЕДЕРИК. Мына пайдасыз кеңес, орынсыз сөз көкейге қонымсыз, Виктория!

ВИКТОРИЯ. Басқа-басқа, бірақ дәл қазір өзімшілдігіңді ауыздықтай тұршы, қымбаттым.

УИЛЬЯМ. Әйелді ұрып-соға алмаймын.

МИСТЕР РЭМ. Қатыгездіктің де адам қызығарлық артықшылығы бар. Қайткенде де, дәлелі ап-айқын көрініп тұрады.

ВИКТОРИЯ. Шешем нені болсын растап береді.

МИСТЕР РЭМ. Жалшылар айғағы – әлдеқайда өтімді. Неліктен екені белгісіз, әйтеуір сот ененің сөзін елемейді. Өте сақ болған жөн. Ертеректе, бір еркек нұсқауыма еріп әйелін әлсіз ғана түртіп қалу керек болатын, бірақ ол тапсырмамды тамаша орындап, ұрған бойда-ақ алынбалы-салынбалы тісін ұшырып жіберген еді. Әлгі қатынның қасында, көңіл қоспақшы боп жүрген джентльмен тұрды. Ол ұшқан тіске қарап, аузына ұшық шығардай жеркенді. Алғашқы пойызға мініп, аулаққа сапар шеккен-ді. Содан кейін жаңағы сормаңдайды ешкім көрмепті.

УИЛЬЯМ. Викторияда ондай тіс жоқ!

МИСТЕР РЭМ. Тағы бірде, джентльменге қамшы ұсынып, жеңіл-желпі салып қал дегем. Ол қызыққа батып, қатынын көк ала қойдай қылған.

ВИКТОРИЯ. Масқара!

МИСТЕР РЭМ. Ең қызығы – әйелі ерінің мойнына асылып, сүйем-күйем дегені. О, қатын полковникке байға шықпақшы болған. Жоспары тас-талқан болған әлгі еркек маған ренжіп, ашуланып, жанжал шығарды. Полиция шақыртып, кеңседен қуып шығуға тура келді.

ВИКТОРИЯ. Жұмысыңыз қауіпті екен, мистер Рэм.

МИСТЕР РЭМ. Сақтандырғаным ғой. Аузым күйген соң айнымас амал ойлап таптым. Үш тәсіл ұсынам. Біріншісі, дастарқан басында... Мырзалар! Мұқият тыңдаңыздар! Сіздер дастарқан басында отырасыздар. Көженің дәмін татып: «О, Құдай! Мынауың жеуге жарамсыз ғой. Дұрыс аспазшыны табуға болмас па еді? » – деп қасықты тәрелке толы тамаққа сүңгіте салу керек. Сонда, сіз – мадам: «Ас әзірлеу кезінде аянып қалғам жоқ», – деп жауап қатасыз. Сол сәтте, даусы жуан джентльмен: «Жасағаныңды өзің же, жарымес», – деп тәрелкені әйеліне атып жібереді. Тәлейлі болсаңыз бұғып қап, тек дастарқан ғана кірлейді.

ВИКТОРИЯ. Келісем.

МИСТЕР РЭМ. Екінші тәсіл! Джентльмен револьверден бүкіл оқты шығарып тастап, есіктің қоңырауын басады. Қызметші айқара ашқанда, ашулы еркек тапаншаны әйелге тақап: «Сен маған өтірік айттың. Енді, өлуге дайындал», – дейді. Сіз – мадам, зереңіз зәр түбіне кетіп, барынша: «Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!» – деп жалбарына айғайлайсыз.

ВИКТОРИЯ. Бұл да ұнап тұр. Тұнған драма.

МИСТЕР РЭМ. Және, ең бастысы – тиімді. Осы оқиғаны қызметші әйел сот залында айтса, жиылған жамағаттың жаны түршігері анық.

ВИКТОРИЯ (репетициялап). Құтқарыңдар! Құтқарыңдар!

МИСТЕР РЭМ. Үшінші тәсілге екі куәгер қажет. Джентльмен әйелді буындырып: «Иманыңды үйіре бер, қатын!» – деуі керек. Із қалатындай қылып қылқындырғаныңыз абзал. Себебі, дәрігер кеп тексеріп, айғақтауы тиіс.

ВИКТОРИЯ. Бұндайды жауыма да тілемес ем.

МИСТЕР РЭМ. Маған сеніңізші, бұл тіс жұлудан қорқынышты емес. Жалғыз-жарым джентльмен Виктория ханымның жанына жақындаса, бәрін рет-ретімен көрсетем. Қарсы емессіз бе, майор Кардью?

УИЛЬЯМ. Жоқ, жоқ.

ВИКТОРИЯ. Абайлашы, Билл.

УИЛЬЯМ. Қос қолдап қылқындыруым керек пе?

МИСТЕР РЭМ. Жоқ, біреуімен ғана.

Уильям Викторияның кеңірдегіне жармасады.

МИСТЕР РЭМ.Бәрекелді! Егер, ақырын қысса, тізесінен бір тебіңіз.

УИЛЬЯМ. Қарымта қайтарам, Виктория!

МИСТЕР РЭМ.Эмоция болмаса, денеде қалай із қалмақ? Сөйлеңіз.

ВИКТОРИЯ. Тұншығып барам.

МИСТЕР РЭМ.Сөйлеңіз, сөйлеңіз.

УИЛЬЯМ. Иманыңды үйіре бер, қатын!

МИСТЕР РЭМ. Ғажап. Тума талант. Нағыз артист. Ажырастық деп есептей беріңіздер.

ВИКТОРИЯ. Әсерлі шықты! Жаным көзіме көрінді ғой.

ФРЕДЕРИК. Енді, менің кезегім.

МИСТЕР РЭМ. Майор Кардью екеуіңіз-ақ жаттыға берсеңіздер болады.

ФРЕДЕРИК. Рақмет.

МИСТЕР РЭМ. Уақыт оздырмай, ағылшын заңнамасындағы өте қарапайым шартқа көшелік. Ерлі-зайыптылар арасындағы адалдықтың бұзылғандығы туралы айтқалы отырмын.

УИЛЬЯМ. Оны өзіміз-ақ шешерміз. Керемет кешкі ас, бұған менің сүйкімділігімді қосып қойыңыз, сөйтіп керекті дәлелді алдыңызға тартам.

МИСТЕР РЭМ. Таңғалып отырмын, ұсынысыңыз – ұнамсыз. Мен әдепсіз қылықты мақұлдайды деп ойлаймысыз?

УИЛЬЯМ. Басқа амал жоқ. «Мұрат – шығынды ақтайды» деген.

МИСТЕР РЭМ. Керісінше. Егер, ұятсыз ойларыңызды доғармасаңыз, онда басқа адвокат іздеуге тура келеді.

ВИКТОРИЯ. Қойсаңшы, Билл! Ыңғайсыз емес пе?!

УИЛЬЯМ. Жұмысты жеделдеткім келді, Виктория. Кешіріңіз, мистер Рэй. Тәжірибеңізге тәу етем.

МИСТЕР РЭМ. Олай болса, мұқият тыңдаңыз! «Маджестик» мейманханасынан бір бөлме жалдаймыз. Хаттарыңыз сол қонақүйдің фирмалық бланкісіне жазылғаны естеріңізде шығар?! Судья мұны міндетті түрде атап өтеді. Межелі күні мекемеге келесіз де, бір ханыммен кезігесіз.

УИЛЬЯМ. Әйел ұсынбақпысыз?

МИСТЕР РЭМ.Әрине.

ФРЕДЕРИК. Кім, ол?

МИСТЕР РЭМ. Атақ-даңқы – мінсіз. Ол маған көп жыл бойы көмектесіп жүр.

УИЛЬЯМ. Өстіп күнелте ме?

МИСТЕР РЭМ.Иә.

ФРЕДЕРИК. Ойпырым-ай!

МИСТЕР РЭМ.Ол кісімен толық келісем. Айтуынша, мына тар шеңберлі мамандық ғасырында бір пенде... ажырасуға себепкер – неке адалдығын бұзатын үшінші тарап қызметіне қызу кірісіп, соны жан-тәнімен, адал атқаруға тиіс екен. Ол ханымнан Лондонның барлық заңи фирмасы көмек сұрайды. Қаржыға қатысты айтайын. Бар болғаны, жиырма гинея ғана төлейсіз.

УИЛЬЯМ. Азырақ шығындасам деймін.

МИСТЕР РЭМ. Ұмытпаңыз, ол – білікті маман.

УИЛЬЯМ. Иә, иә!

МИСТЕР РЭМ. Қысқасы, ханыммен бірге «Маджестик» қонақүйіне қолыстасып барып, майор және миссис Кардью ретінде тіркелесіздер. Сөйтіп, бөлмеге көтеріліп, шампаны бар кешкі асқа тапсырыс бересіз.

УИЛЬЯМ. Маркасын өзім таңдайын!

МИСТЕР РЭМ (кең пейілмен). Қарсылығым жоқ.

УИЛЬЯМ. Рақмет.

МИСТЕР РЭМ.Сонан соң карта ойнайсыздар. Мисс Монтморенси – ғажап ойыншы. Ерекше түніңіз елеусіз өте шығады. Ал, ояна салысымен-ақ таңғы асқа түсесіз.

ФРЕДЕРИК. Тамаққа тәбет шаппайды-ау.

МИСТЕР РЭМ. Бренди қосылған содалы сусынмен-ақ шектелгеніңіз жөн. Шот бойынша есептесіп, мисс Монтморенсиды кеңсеге әкеп тастайсыз.

ФРЕДЕРИК. Алдын ала жолықсам қалай?

МИСТЕР РЭМ. Оп-оңай. Мисс Монтморенсиды осында шақыруға бел будым. Ажыраспақ ниеттегі біршама әйел күйеуінің қонақүйде кіммен таңды атырғанын білгісі келеді. Ханым таксиде күтіп отыр! Рұқсат етсеңіз...

ФРЕДЕРИК. Алаңдамаңыз, өзім-ақ ертіп әкелем.

ВИКТОРИЯ. Үйге кіргізуге болады деп есептейсіз бе?

МИСТЕР РЭМ. Мисс Монтморенси – нағыз леди. Әулет атағы дүйім Шропшир графтығына жайылған.

ВИКТОРИЯ. Шақыр, Фредерик. Онымен жүздескім кеп тұр. Аңқау ердің адал жолдан таюы – демде-ақ.

Фредерик кетеді.

УИЛЬЯМ. Жиналған дәлел ажырасуға жетерлік деп ойлайсыз ба?

МИСТЕР РЭМ. Жүз пайыз!

УИЛЬЯМ. Қатардағы сардар екенімді білем. Алайда, ажырасу үшін осыншалықты кедергінің керегі не?

МИСТЕР РЭМ. Кезінде, дәл осы сұрақты өзіме де қойғам. Ақ-қараны ажыратар жұп ажырасам десе, бұл – жеке шаруасы. Арнаулы мекемеге арыз жазып, алты айдан соң бөлек-бөлек кеткенді ақылға қонымды деп есептеймін. Сонда, ешкім өтірік айтып, өмірін үңгіп қазбас еді, шаңырақ та шайқалмас еді. Ұзақ ойланған соң, сауалдың жауабын таптым.

УИЛЬЯМ. Қандай?

МИСТЕР РЭМ. Егер де, заң – ойлы, әрі әділ болса, бағыну – әдетке айналар еді. Десек те, заңға толық бас ию – қоғамға тиімсіз. Сол себепті, ата-бабамыз кісі бұзатын бұлыңғыр, әрі ақылға қонымсыз заң ойлап тапқан.

УИЛЬЯМ. Тұтас әлеуметтің заңға бағынуы неліктен қолайсыз болмақ?

МИСТЕР РЭМ. Әйтпесе, мендей заңгерлер күнін көре алмас еді.

УИЛЬЯМ. Е-е-е... иә, бұған мән бермеппін ғой.

МИСТЕР РЭМ. Сізді көндірдім деп ойлаймын.

УИЛЬЯМ. Толықтай.

Фредерик келеді. Түрі – боп-боз. Жүрісі – сұмдық бір жағдайды бастан өткерген адамның жүрісіне ұқсас.

УИЛЬЯМ. Не боп қалды?

ФРЕДЕРИК. Бренди.

Жарты стақан құйып, қағып салады. Есік сыртынан дауыс естіледі.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Осы жер ме еді?

МИСТЕР РЭМ.Иә, иә, мисс Монтморенси.

Ол ішке енеді. Мисс Монтморенси – үйленбеген кәрі қатын, жасы қаншада екені белгісіз. Ол түкпір-провинциядағы жер иелігінде гувернантка боп қызмет етуі мүмкін. Ибалығында гәп жоқ.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Мынау – асүй ғой?

Уильям оған ұзақ қарап тұрады-дағы, бренди толы бөтелкеге жақындайды. Қолының дірілдегені сонша, бөтелке ауызы стақанды дамылсыз соққылайды.

ВИКТОРИЯ. Үйдегі жалғыз жылы жер – осы.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Француздар айтпақшы, «бақытсыз отбасының белгісі – бетінде!».

МИСТЕР РЭМ. Мисс Монтморенси! Миссис Лаундес... майор Кардью... майор Лаундес.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Танысқаныма қуаныштымын. Қорланған әйел сіз бе (Викторияға бұрыла қарап)?

ВИКТОРИЯ. І-і-і... ы-ы-ы... иә!

МИССИС МОНТМОРЕНСИ. Өкінішті! Өкінішті! Аты өшкір соғыс талай отбасыны ойрандады. Өкінішті! Өкінішті!

ВИКТОРИЯ. Жайғасыңыз.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Рақмет. Қойын дәптерімді алсам қарсы емессіз бе? Дәлдікді ұнатам!

ВИКТОРИЯ. Әрине.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Күнәһар күйеу қайсысы болды екен?

ВИКТОРИЯ. Екеуі де.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Ажырасқан соң екеуінің біреуіне үйленесіз бе?

ВИКТОРИЯ. Жоқ.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Қос джентльменге қарап, біреуі – қазіргі, екіншісі – келешектегі күйеуі ме деп ойлаппын. Мәңгілік үштаған.

УИЛЬЯМ. Менің жағдайымда, үшбұрыштың төртінші бұрышы да бар.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Иә, қызық екен.

МИСТЕР РЭМ. Жұмыс барысында көрмегенді көресіз, мисс Монтморенси.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Бұл жөнінде менен артық кім білер, мистер Рэм?

ВИКТОРИЯ. Мені аса жеңілтек деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Екі күйеуім бар, бірақ кінәлі – мен емес.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Қызық екен. Қайсысымен ажырасқыңыз кеп жүр?

ВИКТОРИЯ. Екеуімен де.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Түсінем. Өкінішті! Өкінішті.

УИЛЬЯМ. Рухты жоғалтпасақ дейміз.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Иә, иә, әркезде...

ФРЕДЕРИК (әңгімеге араласып). Қашан?

ВИКТОРИЯ. Сабыр ет, Фредди.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Қос мырза абыройын қатар төге алмаспын!

МИСТЕР РЭМ. Бұл – сіздей тәжірибелі кісіге сөз боп па?!

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Жоқ, жоқ. Өзімді қадірлеуім керек. Жалғыз – джентльмен әдеттегі жұмыс, екеуі – ойнастық.

МИСТЕР РЭМ. Миссис Лаундес, ажырасу мәселесін жеделдеткісі кеп отыр.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Құрбым – миссис Онслоудың жәрдемі қажет.

ВИКТОРИЯ. Сенуге бола ма?

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Ол – аса сыйлы әйел, дін қызметшісінің жесірі. Екі ұлы – әскерде.

МИСТЕР РЭМ. Мисс Монтморенси! Сізді көндіре алмасақ, онда миссис Онслоу Джевисты қолқалаймыз.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Таудай берікпін, мистер Рэм.

ФРЕДЕРИК. Өз басым, миссис Онслоу Джевисты қолдаймын.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Демек, қақпаныма сіз түстіңіз – майор... Аты-жөніңізді ұмытып тұрғанымды-ай!

УИЛЬЯМ. Кардью.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Картаға қалайсыз?

УИЛЬЯМ. Жаман емес!

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Карта десе делебем қозады. Пикет, экарте, криббидж, баккара, безик. Ойыннан хабары бар джентльменды жолықтырғаным қандай жақсы болған.

УИЛЬЯМ. Әйтпесе, түн ұзаққа созылар еді.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Тек мен үшін емес. Жаңа таныстық жанымды жадыратады. Кейбір мырзалар алты-жеті сағат бойы әңгіме соқсам ренжиді.

УИЛЬЯМ. Сенбеймін!

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Біреуі төсекке тартты, келіспедім.

ВИКТОРИЯ. Әуелі, кешірім сұраймын! Еркектің қандай ел екенін білесіз ғой, сонда ешқайсысы еркінсіген жоқ па?

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Жоқ! Әдепті әйел есірген еркекті демде-ақ тізгіндей алады. Өмірімдегі жалғыз ыңғайсыз жағдай провинцияның адвокаттық кеңсесінен келген мырзамен болды. Бір көргеннен-ақ ұнамады, кешкі ас кезінде сыра ішем дегенде мүлде шошыдым. Сөйтсем, бекер емес екен. Үшінші бөтелкесін тауысқан соң рұқсат сұрамай: «Қазір сізді сүйіп алам!» – демесі бар ма?! Сөзін қалжың секілді қабылдағансып: «Ләззат үшін емес, жұмыс істеу үшін келдік», – дедім. Ол не айтты дейсіз ғой? «Бұл – бірінші мен екіншіні мидай араластыратын сирек кез», – деді. Сасқам жоқ. Жүгендеуді ойладым. Өйткені, әйелмін, әлсізбін. Ол мырс етіп: «Тіптен жақсы!» – деді. Әрине, оны джентльмен деп айтуға ауыз бармас. Не істерімді білмей қалдым. Бір кезде аяқастынан ой келді. Есікке қарай жүгіріп, бөлмемізді күзетіп жүрген жекеменшік детективты шақырдым. Сол мені құтқарып қалды.

МИСТЕР РЭМ. Бұл – өте қауіпті, мисс Монтморенси. Сот ажырасуға үзілді-кесілді рұқсат бермес еді.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Мистер Рэм! Немістер айтпақшы, «қажеттілік заңға бағынбайды».

УИЛЬЯМ. Еркінсуге еш жол жоқ, мисс Монтморенси.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Бірден ескертіп қояйын, шешінбейсіз!

УИЛЬЯМ. Шешінгеніңіз не, қайта үстіме тағы бір кәстөм киіп алсам деймін.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Мен тек «Поммери» ішетінімді ұмытпаңыз, мистер Рэм. Твикенэм ажырасқанда, олар «Поль Роже» шампанын жіберіпті, ал одан ішім өтетінін білесіз ғой. Абырой болғанда, құрметті маркизде дәрі бар екен, әйтпегенде масқара болар ем.

МИСТЕР РЭМ. Алаңдамаңыз мисс Монтморенси! Бұндай екінші рет қайталанбайды.

МИСС МОНТМОРЕНСИ (Уильямға). Біз тамаша түн өткіземіз деп сенем.

УИЛЬЯМ. Рақмет, Сізге!

МИСС МОНТМОРЕНСИ (Фредерикке). Сізге миссис Онслоу Джевис ұнайды деген ойдамын. Нағыз леди. Нағыз керім. Өте әдепті! Күйеуі Клактонда викарий боп қызмет етіп жүргенде, үйінен қонақ үзілмейтін.

ФРЕДЕРИК. Ол кісімен танысу мен үшін абырой.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Алайда, артық сөз айтпаңыз. Қайткенмен де, священниктің қатыны ғой.

ФРЕДЕРИК. О, жағынан қам жемеңіз!

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Сіз де бір бөлмеге жайғассаңыз қайтеді, мистер Рэм?! Бридж ойнар ек. Миссис Онслоу Джевис ойынның қыр-сырын тамаша меңгерген.

МИСТЕР РЭМ. Бүгінге шейін сөзіңізді жерге қалдырып көргем жоқ! Осы кезде доғара тұрсақ! Қазіргі судьялар сауысқандай – сақ, қырандай – қырағы.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Иә, иә, оларды сендіру қиын.

МИСТЕР РЭМ. Таяуда солардың бірі: «Ер мен әйел оңаша бөлмеде жиырма минут отырса, онда ештеңе бүлінбеді деп есептеуге тиіспіз», – деді.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Иә, бриджды қоя тұрып, түнді екеуміз ғана өткізуге мәжбүрміз. Тек уақыттың аяқталар кезін алдын ала ескертсеңіз.

МИСТЕР РЭМ. Әрине! «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегендей, басын ашып, келісіп алдық. Олай болса, миссис Лаундес, біз мисс Монтморенси екеуміз сіздермен қош айтысуға тиіспіз.

ВИКТОРИЯ. Иә, маған бәрі түсінікті.

МИСС МОНТМОРЕНСИ. Сау болыңыз (Уильямға). Сізбен тағы да көрісем ғой.

УИЛЬЯМ. Асыға күтем!

МИСТЕР РЭМ.Сау болыңыз, миссис Лаундес (жасырын есікке қарата жүріп). Біз осы жерден шығайық.

Мисс Монтморенси иіліп сәлем салып, адвокаттың артынан ереді.

УИЛЬЯМ. Ойламаған жерден мынадай оқиғаға кіріктірдің ғой, Виктория.

ВИКТОРИЯ. Қымбаттым, өмірімде бірінші рет өтініш айтып ем, неге сонша наразы екеніңді түсінбей далмын.

УИЛЬЯМ. Мақұл сәулем, сен үшін христиан азапкері ұқсап бәрін арқалауға әзірмін.

ВИКТОРИЯ. Ал, енді қоштасайық.

ФРЕДЕРИК. Қазір ме?

ВИКТОРИЯ. Әдепке сай, мына үйден кетуім керек. Одан бұрын, қызметшісіз – күнім қараң.

УИЛЬЯМ. Ланчқа да бөгелмейсің бе?

ВИКТОРИЯ. Жоқ, рақмет. Анам армансыз тойдырады.

ФРЕДЕРИК. Сол жаққа барасың ба?

ВИКТОРИЯ. Бұндайда, әлсіз әйел қай жерді паналауға тиіс еді?

УИЛЬЯМ. Фредди, бифштекс дайын секілді.

ФРЕДЕРИК. Тағы да, бір жарым сағат пісірер ем.

ВИКТОРИЯ. Қоштасудың қандай қиын екенін білем ғой. Алайда, уақыт созғаннан пайда жоқ.

УИЛЬЯМ. Дұрыс айтасың.

ВИКТОРИЯ. Қош бол, Билл. Бәрін кештім және жақсы дос боп қаламыз деп ойлаймын.

УИЛЬЯМ. Қош бол, Виктория. Ішіп сезім тұр. Мистер Рэмның қызметіне әлі талай рет жүгінесің.

ВИКТОРИЯ. Шаруаң біржақты болған соң, түстенуге кел. Сатылымдағы ең үздік шарап пен сигаралар – Лейсестерде ғана ғой (Уильямға бетін тосады).

УИЛЬЯМ (сүйеді). Қош бол.

ВИКТОРИЯ. Енді, сенің кезегің – Фредди. Ілгек-түйреуішімді қайтара ғой.

ФРЕДЕРИК (галстугінен ілгек-түйреуішті суырып) Мінеки!

ВИКТОРИЯ. Портсигараны да!

ФРЕДЕРИК (қалтасынан шығарып). Ала ғой!

ВИКТОРИЯ. Соғыстан соң алтын күрт қымбаттапты. Үйлену тойымызға орай, портсигараны Лейсестерге сыйлаймын.

УИЛЬЯМ. Бүйтпесең Виктория болармысың!

ВИКТОРИЯ. Еркек деген ел осындай затқа әуес қой. Қош бол, Фредди. Әркезде – жүрегімдесің (Фредерикке екінші бетін тосады).

ФРЕДЕРИК (сүйеді) Сау бол, Виктория.

УИЛЬЯМ. Такси шақырттың ба?

ВИКТОРИЯ. Жоқ, жаяулатып барам (жасырын есіктен шығады).

ФРЕДЕРИК. Ғажап әйел.

УИЛЬЯМ. Оған үйленгеніме еш өкінбеймін. Енді, тамақ ішейік.

ФРЕДЕРИК. Шынымды айтсам, зауқым жоқ.

УИЛЬЯМ. Достым, саған қоштасу қатты әсер еткен ұқсайды ғой?

ФРЕДЕРИК. Бәрі – дұрыс. Бифштекс!

УИЛЬЯМ. Оған уайымдама. Қазір әкелем (пеш жанына жақындап, табадан етті ала алмай қиналады). Шық бері, шық деймін, шық. Қарашы, мұны!

ФРЕДЕРИК. «Баста ми болмаса, екі аяққа зор түседі» деген.

УИЛЬЯМ (табаны дастарқанға қояды). Осы жерден-ақ жей берейікші. Кесейін бе?

ФРЕДЕРИК (орындыққа жайғасып). Әрине.

Уильям пышақпен бифштексты бөлшектеуге кіріседі. Пышақ баспайды. Уильям қаттырақ күш салады. Бифштекс те қарсыласып бағады. Уильям одан сайын күшке ерік береді. Нәтиже – жоқ. Ол күшенгені сонша, әбден қызарып кеткен-ді. Маңдайы шым-шым терлейді. Фредерик досының бұл әрекетіне қызыға қарап тұрады. Ақыры, ашулы Уильям пышақты лақтыра салады.

УИЛЬЯМ (ызаланып). Немене мылқау ұқсап мыңқиып отырсың-ей?

ФРЕДЕРИК. Балталап көрсең қайтеді?

УИЛЬЯМ (қайтадан пышаққа жармасып, бифштекске арыстанша атылады). Менің теориям – дәлелді. Егер, бір фунт етті он бес минут қуырсам, онда үш фунттық етке қырық бес минут шығындаймын.

Терезеден қолында – үлкен, жан-жағы жабық қағаз себеті бар баланың тепкішекпен өрлеп келе жатқаны көрінеді. Ол есікті екілене қағады.

ФРЕДЕРИК (есікке қарата барып, оны ашады). Саған не қажет, балақай?

КЛАРЕНС. Миссис Фредерик Лаундес осында тұра ма?

ФРЕДЕРИК. Жалпы... иә!

КЛАРЕНС (кіреді). «Риц» қонақүйінен!

ФРЕДЕРИК. Бұл не? Үстел үстіне қой.

УИЛЬЯМ (себетке жапсырылған визит карточкасына көзі түседі) «Құрметпен, Лейсестер Пейтон!».

ФРЕДЕРИК (ішін ақтарыстырып). Ланч қой!

КЛАРЕНС. Ханым үйде болмаса, алған жерге апарып тастайын.

УИЛЬЯМ (асығып). Ол – осында. Қазір келеді (басқа бөлмелерге бастайтын есікке жақындап). Виктория! Алтыным! Саған мистер Лейсестер Пейтон «Риц» мейманханасынан деликатестер жолдапты!

ФРЕДЕРИК. Мінеки, жарты крона, балақай!

КЛАРЕНС. Рақмет, сэр (тиынды алады-дағы, кетеді).

ФРЕДЕРИК. Қарсы болмасаң, сен әзірлеген бифштекстен гөрі, мына ланчтан ауыз тисем деймін.

УИЛЬЯМ. Бұлай тек қайырымсыз адам ғана істейді... кел, бірге жейік!

Ол асыға-үсіге қағазды жыртады.

ФРЕДЕРИК. Не бар екен? Тауық?

УИЛЬЯМ. Дәл таптың. Бөтелкені бері әкел (аша бастайды).

ФРЕДЕРИК. Салат. Тамаша. Уылдырық! Жоқ, ақсерке. Ана Лейсестер Пейтон – астың қадірін білетін азамат екен.

УИЛЬЯМ. Мылжыңдай бермей, бәрін дастарқан үстіне қой.

ФРЕДЕРИК. Қазір (барлық затты дастарқан үстіне қояды).

УИЛЬЯМ. Жеңіске үлес қосқан біз емес, жылпос Лейсестер Пейтон секілді сезіледі.

ФРЕДЕРИК. Құлпынай муссы. Виктория үш адам орнына жейді деп ойласа керек.

УИЛЬЯМ. Махаббат – көзсіз ғой, достым.

ФРЕДЕРИК. Құдайға шүкір. Хал-жағдай, көңіл-күй қалай?

УИЛЬЯМ. Күте тұр. Тығынын ағытайын.

ФРЕДЕРИК. Ал, олай болса ас-ауқатқа кірісейік.

УИЛЬЯМ (бөтелкені ашып). Бах! Фужерды әкел.

ФРЕДЕРИК. Мінеки! Қарным ашқаны сонша, қасқырша жалаңдап тұрмын.

УИЛЬЯМ (шампан құйып). Алдыменен, тілек айтайын (фужерды көтеріп). Викторияның үшінші күйеуі үшін!

ФРЕДЕРИК. Оған Жаратушы жар болсын!

УИЛЬЯМ. Тәуелсіздігіміз үшін, азаттығымыз үшін алып қоялық!

Олар шампан ішіп тұрғанда шымылдық ақырындап жабыла бастайды.

Шымылдық


Аударма Қазақстан авторлары қоғамының қорғауында

author

Сомерсет Моэм

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...