Әбіл-Серік Әліакбар. Ерекше өлеңнің ерекше сардары

ӘДЕБИЕТ
4541

Қазіргі таңда қазақ оқырмандары мен зерттеушілері арасында дәстүршіл және жаңашыл қазақ поэзиясы тақырыптарына байланысты үлкен бір дискуссия жүріп жатқаны белгілі. Жаңашыл қазақ поэзиясы қандай болу керек? Дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы қай деңгейде? Әрине, бұл сұрақтарда әркімнің өз жауабы бар.  Мәдениет порталы осы бір дускуссия аясында қазіргі қазақ поэзиясының хәл-ақуалын бағамдау және XX ғасырдың соңы мен XXI ғасырдың басында дүниеге келген қазақ ақындарының "түсініксіз" һәм "түсінікті" өлеңдерін талдау, талқылау мақсатында «Папирус» айдарын ашып отыр. «Папирус» айдарында әр аптаның дүйсенбісі бір ғана ақынның өлеңдері жарияланып, аптаның қалған күндері сол жарияланған өлеңге жасалған анализдер мен пікірлер оқырман назарына ұсынылатын болады. 

Алғашқылардың бірі етіп, ақын Тілек Ырысбектің "Қайран қытай кеспесі..." атты топтама өлеңін ұсынған болатынбыз. Енді бүгін сол өлеңдерге жазылған алғашқы талқы мен талдауды ұсынып отырмыз. Мархаббат!  

Әбіл-Серік Әліакбар

Қайыра түлеген қазақ әдебиеті поэзия мен прозада «дәстүр мен жаңашылдық» шеңберінде екі бірдей әрі есік де, әрі соны әдеби бағыттардың соңына түсті. Егер естеріңізде болса, «прозалық поэзия» мен «поэзиялық проза» әлі өз зерттеушісін таба қойған жоқ. Тіпті осы әдеби үрдістің ту басында тұрған Мұхтар Шаханов пен Тыныштықбек Әбдікәкімұлдарының шығармашылықтары да өз бағасын зерттеушілер тарапынан ала қойған жоқ. Осы бағытта филология ғылымдарының докторы Айгүл Үсеннен басқа ізденіп жүрген әдебиеттанушы бүгінгі күні жоққа тән. Сонда «бұл тек әдебиеттанушы Айгүл Үсенге ғана керек пе!?» деген ойға да қалады екенсің?

Тілек Ырысбектің  шығармашылығы оның ішінде «Мәдениет» медиабасылымында жарық көрген «Қайран қытай кеспесі...» топтамасы «прозалық поэзия» мен «поэзиялық прозаның» синтезінен тұратын кесек құбылыс. 

Тілек Ырысбек

Автор өз ұлты үшін жазады. Бұл жайында Гегелден асырып: «...қанша дегенмен көркем туынды өз ішінде тұйықталып, біршама аяқталған дүние болғанымен, шын мәнісінде ондағы нышанат өзі үшін емес, біз үшін, бүткіл бұқара үшін дербестене өмір сүретіне шәк келтірмейміз» деп ой түйген ешкім жоқ (Гегель Г.В.Ф. Эстетика: В 4 т. - Т.1. - С.273-274). Hans-Georg Gadamer «Wahrheit und Methode//Ақиқат пен әдіс» атты еңбегінде өнер туындысының онтологиялық ([< гр. on (ontos) тіршілік + logos сөзі, ілімі]) және герменевтикалық (гр. ερμηνευω, ағыл. hermeneutike [techne] тәпсірлеу [өнері]) мәнін ойын және думан феномендері арқылы ашып көрсетеді (Гадамер Х.-Г. Истина и метод: Основы философской герменевтики//(«Wahrheit und Methode: Grundzüge einer philosophischen Hermeneutik»), / Пер. с нем. – М.: Прогресс, 1988 – С. 145). Өз кезегінде аталған ғалым біз жоғарыда сөз еткен жалпыға ортақтық (интерсубъективтілік) төңірегінде «думан» ұғымына сүйене отырып, көркем шындықтың табиғатын түстеп береді (Гадамер Г.Г. Актуальность прекрасного. – С.309).

Адамдардың араластық-құраластығының мазмұнын көркемдік, ғылымилық және діндарлық өмір салты танытады. Шын мәнісінде әдеби мәтіннің көркемдігі форма емес, керісінше, эстетикалық қабылдау формасының коммуникативтік мазмұны болып табылады. Сол себепті мәтіннің көркемдігі оны оқып қабылдайтын адамдардың кейбір қауымдастығының көркемдік санасына ортақ болып келеді. Бұл орайда біз шағатай әдеби жәдігерлері жазылған түркі классицизмін және жұрт таныған еуропалық классицизм бойындағы қоғамдық көркем сананың тарихи жай-күйін осы аңыста сөз етеміз де, қазақ әдебиетіне Тілек Ырысбек сынды ақындар арқылы келген қытай, жапон және кәріс әдеби ықпалы жайында ауыз ашпаймыз.

 Қытай суретшісі Цзэн Фаньчжидің картинасы

Қазақстанда тұрып, ата-баба дәстүрінен ажырап орыстың жетегінде кетушілік пен өзге елде өз ата-қонысында тұрса да, тілі мен ділін сақтап, басқа елдің азаматы атанған қаламгерлердің туындылары арасында көркемдік және дүниетанымдық айырым белгілер бар. 

Осы айырым белгі «прозалық поэзия» мен «поэзиялық прозалық» жастар шығармаларындағы авторлық қолданыстардан айқын тыналады. Тегін сақтап, төл туынды әкелу мен тегін сақтамай өгейленген еліктеме шығарма жазу үрдісі жастардың шығармашылық стратегияларының басым бағытына айналып отыр. 

Тілектің «"landzhou" (兰州) кеспеханасындағы оқиға» өлеңіндегі «прозалық поэзия» мен «поэзиялық прозалықтың» тәмсілдік шарпысы:

Біз бүгін тозақ туралы кеспе жеп отырып әңгімелестік,

Қытайдың ашты кеспесі аузымызды ашытсада,

Біз жұмақ туралы да айтуды ұмытқан жоқпыз.

кенет қасымдағы ашты кеспеден мұрны терлеген

пейіштен үмітті,

намазхан жігіттердің қандай бақытты екеннін көрдім де,

мен өзімді сол күні,

қатты аядым.

Қайран қытай кеспесі... деп өмір шындығын айна-қатесіз авторлық образдың кесік жасаушылығымен береді. Иә, бұндай өлеңді қабылдауға Мұхтар Шахановтың шығармашылығына елең етпеген қоғам да, ғылыми орта да дайын емес. 

Көркем туынды өз оқылымы барысында ұлттық тарихи көркемдік сананың өрісін тарылта келе сөз қадірін ұғатын ортадан өз орынын табады, не болмаса, оқылымның ауқымы мүлдем кеңейіп, оқығанның жөні осы дейтіндерің қарасының санын арттырып, біршама ұғынылмаған күйде қала береді. Мысалы, кезінде «Абай жолы» тап осындай күйге ұшырады. Сонымен бірге оқырмандарды да өз құшағына сыйдырады. Ал, бұл енді көптеген саналардың мәдени біртектестігі болып табылады. Адам мен қоғам өміріндегі саналарды жіпсіз байлайтын өнердегі көркем парадигма бір мақсат, бір міндет, әлдебір мүмкіндіктер мен амал-тәсілдер аясына және құндылық бағдарлары, көркемдік үлгілері мен өлшемдері бірлігі төңірегіне өзара мүдделестерді топтастырады. 

Әзірше, біздің әдеби орта да, ғылыми орта да Тілектің: 

«Қабырға сыртынан унитаз сар етті, күннің күркірін,

Дюшан мен Кафканы,

Өмірі көрмеген өзімді және дәл сондай көршімді есіме түсірді,

Мен ештеңе ойлаған жоқпын.

Je ne comprends pas!» сынды өлеңдерін қабылдайтын мүдделес топ жоққа тән. Тек, әзірше...

Қоғамдық санада қылаң беріп, бекем орын тебетін әр жаңа осындай парадигма «әдеби процесс» деп аталатын қатаң дәуірлік тарихи жалғастықпен жүзеге асып отырады. Осыдан келіп туындайтын жаңа ұғым-түсінік аясында бұрынғы жетекші көркем парадигманың тұлғаттық, нышанаттық-тақырыптық, адрестаттың көркемдік амалятының мәртебесі түбегейлі өзгеріске ұшырайды. 

Біз бұны қазақ әдебиетіндегі поэзиядағы постреализмнің күлінің көкке ұшуынан аңғарамыз. Қазір ресейлік сырттан таңылған сан ғасырлық отаршылдық «орыс мәдени әлемінің» және еуромәдениеттің құндылықтарынан арылу негізінде өмірге келіп, өзін танытқан жаңа аралас-құраластық стратегиясы жаңашыл-дәуірлік (инновациялық-стадиалдық) типтегі көркем мәдени парадигманы тарих сахнасына шығарды. Шығыс Түркістандық шайырлар Шығыстық жапон, кәріс және қытай мәдениетінен нәр алған жаңа тұрпаттағы әдеби ағымды өздерімен бірге ұлттық әдебиетімізге үкілеп алып келді. Осы ағымды қабылдауға бірі «орыс әлемімен», енді бірі «еуротектілікпен» уланған әдеби және ғылыми орта дайын болмай шықты. 

«Көзіме шағылысқан сәуледен,

Жанарымды тайдырып ойнаймын деп,

Әлдебір кездескен адамдарым мен киген киімдерімді ұмытыппын.

Тек қана қара қолғабым мен қырау қатқан тікбұрыш терезеге телмірген көздерім әлдебір шимайлардан жоғалған өркениетті іздегенін түсіндім» («Момидзи»).

Бұл өзгерістер бұрынғы отаршылар таңған көркем санадағы құндылық бағдарлары мен көркемдік өлшемдерін ығыстырып, көркем санадағы жаңа шығармашылық сілкініс туғызды. Өнердің бағзытүркілік қайнары еш кедергісіз қоғамдық санада қайыра жаңғырды. Дегенмен көркем мәдениеттегі кезекті парадигма бұрынғы игерілгендерді түбегейлі ығыстырып шығара алмайды. Тек оларды екінші қатарға ысырып, басымдыққа ие болып қала береді. Қанша дегенмен көркем парадагмалар өнер иелерінің өздік бағдарламалары мен жоспарларымен көбіне қабыса бермейтіндігін де есте ұстағанымыз жөн. Қабылдаушы сананың рецептивтік бағдарламасы шығармашылық процесті ұйымдастыруда шешуші рөл атқарады. Өйткені, қаламгер бар болғаны редакторлық өкілеттікке ие мәтінді өмірге әкелудегі бірінші оқырман ғана болып қана табылады.

Осы жолға түренді Бауыржан Қарағызұлы, Тілек Ырысбек сынды қаламгерлер сала білді. Енді тек бізден өздерін ұғынып, әділ бағасын алуды талап етеді. 

Біз сөз еткен көркемдік парадагмаларының мазмұны таңбамен істес болатын өнердің семиотикалық табиғатынның қыр-сырын түстеп танып ал деп қолымызға ұстаудан тұрады.

Сөз өнерін ғылымнан, керексіз дәстүршілдіктен ажыратып, таза дербес шығармашылық өкілінің жеке туындыгерлігі деп тану әр ұлттың «рухани жаңғыру әм ағартушылық дәуірінің» басты ұстанымына айналды. Бұдан қазақ әдебиеті де айналып өткен жоқ. Осы жаңа шынайлықты Абай өз дәуірінде:

Сөз айттым «Әзірет Әлі», «айдаһарсыз», 

Мұнда жоқ «алтын иек, сары-ала қыз». 

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп, 

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз («Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін») деп ашып айтады.

Хакім Абай өз ақын шәкірттері Әріп пен Көкбай тарапынан орын алып келе жатқан шығыстық – «дәстүрлі парадагмаларға» және енді қазақ әдебиетінде Шәкәрім шығармашылығында бой көрсеткен «жаңашыл Батыстық парадагмаларға» өз бағамын жасайды. Және бұлардан бөлек «Жаңа үлгідегі ұлттық әдеби парадагманың» өмірге келгендігін:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін, 

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін. 

Көкірегі сезімді, тілі орамды, 

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін. 

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар, 

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін, - деп қазақ оқырманына мәлім етеді.

Әлемнің бір елінде – ерте, енді бір елінде – кеш өнер туындысының мәтінін ежелден келе жатқан нышанат (объекті) емес, «жаңа реалдылықтың» тұлғаттық (субъектілік) көрініс табуы, фантазм, шығармашылық қиялдың айшықталымы деп танушылық орын ала бастады. Бұдан қазақ әдебиетінің де даму тарихы тыс қалған жоқ. Оған жоғарыда біз мысал ретінде келтірген Хакім Абай өлеңі куә. 

Осы бағытта шығармашылық мехнат кешіп, автор тұлғасы арқылы өзін таба алғандығы Тілек Ырысбектің ұтқандығы. 

Қытай суретшісі Лю Сяодунның картинасы

Туындының жаңа мәртебені иеленушілігі бейклассикалық эстетиканың белгілінің аяқсыздығы, ашықтық, тұтастықтың толымсыз құрылымдығы, қосаравторлық репет сынды көркемдік құрылымды талап етті. Өнер сонымен қатар қабылдаушы санаға әсер етуге біржола бет бұрды. Суреткер шығармашылық акті (харакет) барысында тек қана қиялдағы кейіпкерге ғана емес, шынайы адресатқа белгілі бір тіршілік кешу концепциясын таңып, бөгде "меннің" наным-сеніміне қол сұғып, сыртқы әлемдегі ішкі "меннің" бой көрсету әдісін кеңінен қолданды. Бұл орайда көркем амалят ендігі жерде бөгде санаға бағыт ұстанып, аталған амаляттың харакеті бұрынғыдай қиялдың нышанаты немесе мәтіннің таңбалық материалы емес, керісінше өзін оқып-танитын оқырманға арналады. Посттуындыгерлік парадигманың аясындағы көркем амаляттың тұлғаты – аралас-құраластық жағдаятын ұйымдастырушы (субъект художественной деятельности) болып табылады.

Көркем амаляттың адресаты аралас-құраластық жағдаятын жүзеге асырушы ретінде танылды. "Поэма оқылған шақта ғана дүние есігін ашады" деген пікір осыған қаратыла айтылады (Валери П. Об искусстве. - М., 1993. - С.103). Бұл орайда, әдебиеттанушылардың барлығы автор - оқырман қарым-қатынасынан өрбитін "модернизмнің барша поэтикасы оқырманның белсене араласуына орайластырылып, жазу өнеріне қарағанда бірінші орынға оқу өнері шығарылды" деген ортақ қорытындығы келеді.

Осы оқу өнерін бірінші орынға шығарушылық адресатқа әсер етудің өздік аралас-құраластық стратегияларын өмірге әкелді. Постсимволистік көркемдік парадигмасы өз бойына авангардизм, неопримитивизм, соцреализм және нео/дәстүрилік/традиционизм сынды төрт бірдей субпарадигмаларды сыйдырады.

Барлығы да белгілі бір үлгі мен жүлгеге түскен саналы дәстүршілдіктен бастау алады. Бұл ілкі парадагма жайында ТМД гуманитарлық ғылымында С.Аверинцев көне грек әдеби дәстүрін жалғастырған батыс классицизміне байланысты біршама сөз етті. Араб және парсы әдеби дәстүрі арқау болған көп ғасырлық тарихы бар нормативті сана үстегіміне қатысты отандық ғалымдардың зерттеуі назар аударуға тұрады. Орта Азиялық түркі әдебиеті "саналылыққа дейінгі дәстүршіл фольклор" (дорефлективный традиционализм фольклора) және "ислам эстетикалық" төңкерісінің түрлі түр өзгешелігіне ұшырап, шағатайлық назира дәстүрін өмірге әкелді. Осы дәстүршілдікті Платон мен Аристотел "техне", яғни, кәсіби жазбагерлік амаляты деп атайды.

Жазбагерлік амаляты Тілекте: 

Кенет селк еткен жапырақтан,

Ауа сыртындағы суретке жанарымды сидырып үлгердім.

...

Жапырақ үзілді...

Жапырақ үзіліп жерге түсті... түрінде көрініс табады. Бұл кәсіби жазбагерлік амаялтқа керемет деп те, жілігі татымайды деп те баға беруге болады.

Белгілі бір діни-ділдік ұстанымдағы шеберлік баяғыдан қалыптасқан ережелерге арқа сүйейді. Саналы дәстүри суреткер көзімен зер салар болсақ, сөз зергері дегеніміз – әлдебір бетердербесяттықты (сверхиндивидуалды) міндетті орындаушы шебер. Автор алдын ала белгіленген материалмен жұмыс істеп, өзіне дейін қалыптасқан көркемдік өлшемдерін сақтай отырып, белгілі жанр табиғатына сай шеберлік деңгейі дәрегейіндегі мәтінді өмірге әкеледі. Осылайша әдеби мәтін жанрлық канонның сәтін салған идеалды бетермәтінінің жаңаша қисындағы құрастырылымы болып табылады. Оны қолына алып, зер сала оқитын, әдеби дәстүрмен бек жақсы таныс адресатқа қалғаны жанрлық беделділіктің сақталына отырып, жаңаша айшықталуына өзіндік талдауы мен тәпсірлеуін жасау ғана. Оған не өлең деуге келмейтін, не прозаға сорпасы қосылмайтын «Өзеннен өзенге көз салған Google Maps»:

«Біз кеше су бетіне шағылған шеңбер тербелістерінің көркіне құмартып өзенге үнемі тас лақтырып ойнайтынбыз...

Бұл тербелістер иірімін елестете отырып кенет Ван Гог картинасына құлаған тастар туралы ойлана бастадым.

Мен сосын Google қаритасынан Шинжияңда қалған туған жерімді іздедім,

ештеңе өзгермеген

құдды мен өліп қалған сияқтымын.

Немесе балалық шағын көктен бақылап

тұрған құдай секілдімін.

Кенет Экран бетінде

Қарита ішіндегі өзен жағасында тұрған балалар маған қарата тас лақтыра бастады.

Ал олар мен едім.

Мен, өзімді сағындым...» Бұлай болатын себебі Тілек не өлеңнің емес, не прозаның емес, «ерекше тілдің» жетегінде кетіп отыр.

Бауыржан Қарағызұлы, Тілек Ырысбек т.б. ерекше тіл немесе қарапайым тілді ерекше қолдану көркемдік әдісін қазақ әдебиетінде қайыра жаңғыртты.

Жұрттың пікірін қаққа жаратын сауал: "көркем туынды құрамына енген сөздік (тілдік) материал туындыдан тыс шақтағы әлеуметтік тіл қатымның құралы болып қала бере ме, әлде жаңа қосымша немеес күрделенген қызметті иелене ме?" болып табылады. Бұл орайда оқырман қабылдаған туынды да әлеуметтік үн қатылым (социальное общение) ретінде ерекше мәртебе иелендігін де естен шығармауымыз керек. Бірақ бір нәрсе айқын туынды құрамына тек автор хош көрген тілдік материал екшеленіп, топтастырылып ерекше тіл ретінде біртұтас бірлік құрылып енеді.

Міне осыдан келіп, "ерекше тіл" немесе "ерекше тілді айырықша қолдану" мәселесі төбе көрсетеді.

Тілдің еркешелігі, атап айтар болсақ, арнайы "арнайы поэтикалық тіл" идеясы антикадан бастау алып, классикалық риторикада қарқынды дамыды. Сөздің ауыспалы мағынасы мен троптар, әдеттан тыс сөздер: неологизмдер, архаизмдер, варваризмдер т.б. және фигуралар өзіне ден қойғызды. Көркем тіл мен күнделікті тіл арасындағы ұқсастық пен айырмашылық лингвистикалық поэтиканың ерекше бөлімі "стилистикада" қарастырылды. Белгілі бір сөздің "поэтикалық" және "бейпоэтикалық" қолданылуының амал-тәсілдеріне зер салынды.

Қытай суретшісі Ю Минчжунның картинасы

Тілек – сонымен – ерекше поэтикалық тілге ие «бейпоэтикалық» ақын. Ешкімге ұқсағысы келмеушілік ақынды соны ізденістердің шытырман соқпағынан түсіріп отыр. Қытай, жапон және кәріс әдеби дәстүрін білмейтіндер, проза мен поэзия араласқан қисса-дастандарымызды оқымаған жан бұл әдеби үрдістен үрке қашады. Әрі осындайда өлең бола ма екен деп данышпандық түйіндеу жасайды. 

Киімім кебінім секілді,

Қайнаған су толы стакан ішіне,

Тым ұзақ тесіле қараймын.

Мен, сосын, жуамын қолымды, күнәмді жуғандай сабынмен, - дейтін ақынның әлеміне бойлау оңай шаруа емес. Тіпті, осындай өлеңді өмірге әкелудің өзі де қиынның қиыны. Бұл ФБ парақшасында «шөп те өлең, шөңге де өлең» дәстүрін ту етіп, жазғандарын күн құрғатпай балапандататын марғасқалар үшін мүлдем қиын.

Осыны білген жас ақындардың белгілі бір бөлігі өзінен бұрынғылардай лирикалық сыршылдыққа емес, поэзиялық ділмарлыққы ден қоя бастады. Нәтижесінде сөздің материалдық ұйымдастырылуының қос формасы (тұрпаты) поэзия мен проза бір туынды бойында жарыса қатар көрініс бере бастады. Бұған дейін гуманитарлық ғылымда «көркем әдебиет тілі» немесе «көркем туынды тілі» жайында пікірталас әлі күнге өрбіп келсе, енді оған «айырықша көркемдік тіл» проблемасы қосылды. 

Айырықша көркемдік тілді ту еткен жаңа толқынның дауылпазы Тілек Ырысбек ерекше поэзияда өзінің өзгеше авторлық тұлға екенін таныта білді. 

Әбіл-Серік Әліакбар, қара тұрандық салыстырмалы әдебиеттану өкілі



author

Әбіл-Серік Әліәкбар

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...